Зерттеудің мақсат-міндеттері: Жұмбақтың алғашқы үлгілерінде ертедегі адамдардың тұрмыс тіршілігіне, еңбек-кәсіп ету жайларына байланысты туып кейіннен халық өмірімен біте қайнасқан, талай ғасырмен бірге жасасқан, өзінің қалыптасу және даму процесінде жаңа мазмұн, жаңа тақырып алып отырған. Ауыз әдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда, жұмбақ – өсу, ұлғаю үстінде болған, әрі тарихи дәуірлер туғызған жаңалықтарды бойына жинай келген. Қай кезде болса да, жұмбақты еңбекші халық оралымды ұшқыр сөз, өткірлік, тапқырлық ретінде қолданған. Мұнымен қатар, жұмбақтың білім берерлік, білмегенді білуге ұмтылдырарлық қасиеті барлығын халық жақсы түсінген. Сондықтан да жұмбақ халықтың күнделікті өмірінен ерекше орын алған.
Жұмбақ айту – әр халықтың әріден келе жатқан дәстүрінің бірі. М.Әуезов өзінің жұмбаққа қатысты еңбегінде, қазақтың ертедегі әдет-ғұрып салтында жұмбақтың ерекше орын алғандығын айта келіп, былай деген: «Кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан туады. Әңгімелі әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған». Бұл – тарихи шындыққа негізделген пікір.
Біздің негізгі мақсатымыз жұмбақтардың поэтикасын ашу болса, онда оның нақты табиғи болмысы жұмбақтың жасалу ерекшелігіне байланысты болмақ. Қазақтың көптеген ертегілеріне мазмұн болған да немесе ондағы көп әңгімелердің түйінін шешетін де жұмбақ болғанын білеміз. Бұған «Қарттың ұлына айтқан өсиеті», «Қарт пен тапқыр жігіт», «Аяз бидің ертегілері» дәлел. Сондай-ақ, ерте заманда күйеу таңдаған қыздар: «Жұмбағымды шешкен жігітке ғана тием» - деп, жұмбақты өнер салыстыру, жігіттің ақыл-ойын сынау ретінде қолданған. Бертін келе жұмбақ ақындар айтысынан орын алған. Айтысқа түскен ақындар бір-бірінің ақындық өнерін байқаумен қатар. білім көлемдерін де сынасқан, ол үшін бір-біріне жұмбақ берісіп, өнер салыстырған. Ал енді кейбір елдерде жұмбақ әңгімелі жырлар тууына себепкер болған. Мәселен, ескі грек жұртының Эдип патша жайындағы трагедиялы әңгімесі жұмбақтан (сфинкстің «Таңертең төрт аяқты, түсте екі аяқты, кешке үш аяқты болатын не?) деген жұмбағынан басталып, көп жағдайларды суреттеген.
Міне мұның бәрі ауыз әдебиетінде жұмбақтардың мәні зор болғандығын көрсетеді. Осы тұрғыдан жұмбақтардың зерттелу тарихына үңіле отырып, оның тақырыптық бөлінуі, ауыз әдебиетінің басқа да жанрларымен арақатынасы және көркемдік сыр-сипаттарын ашу жұмыстың басты міндеті болмақ.