2.2 Жұмбақ және өлең
Жұмбақтардың ырғақты болатыны, таза өлең түрінде келетіндігін алдыңғы тарауда айтқанбыз. Осы қасиеті арқылы тез жатталады, көркемдік қуатқа ие болады. Жұмбақтардың тек өзі ғана емес, шешімі де өлең түрінде келуі мүмкін. Төмендегі мысалдарға назар аударайық:
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңге мінген бар ма екен?
Екі тісін ақситып,
Сұлу сүйген бар ма екен?
Ұзын-ұзын қара жол,
Түбіне жеткен бар ма екен?
Тұңғиықты қара су,
Түбіне жеткен бар ма екен?
Шешуі:
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңге мінген – пайғамбар.
Екі тісін ақситып,
Сұлу сүйген – шәһрияр
Ұзын-ұзын қара жол,
Түбіне жеткен – жолаушы
Тұңғиықты қара су,
Түбіне жеткен – балықшы.
Бұл жұмбақ жыр өрнегінде. Өлең түрінде жұмбақтар негізінен, қара өлең түрінде ұшырайды. Қара өлең әнмен, белгілі сазбен айтылады. Демек синкреттілік сипатқа ие.
Меккеде бір ағаш бұтақтары,
Үстінде отыз, отыз жапырақтары,
Жапырақтың асты ақтан, үсті шұбар,
Қыздардың мұны білмес ақымақтары.
Меккеде бір ағаш бұтақтары,
Үстіне отыз, отыз жапырақтары,
Асты ақтан, ақ қағазда шұбар жазу,
Молданың болар оқыған кітаптары.
Осы тектес бүгінгі өмір шындығын нысанаға алған өлең жұмбақтары да бар.
Өздігінен жүрмейді, жарыспайды,
Кісі мінсе, жарыстан қалыспайды.
Аяғы екеу болғанымен ізі жалғыз,
Сағатына талай жер қарыштайды.
Шешеді оңай бұныңды бала-шаға,
Жолға түскен іздерге қараса да.
Қос дөңгелек жалғыз қалдыратын,
Велосипед десем ел таласа ма?
1989 жылы Оразақын Асқардың құрастыруымен жарыққа шыққан «Қара өлең» жинағында жұмбақ өлеңдер арнаулы бөлімде топтастырылған. Жұмбақ өлеңдер қыз бен жігіттің қағысуы ретінде де келеді.
Осы орайда «әбжад» негізінде пайда болған жұмбақтарға тоқталып өту ләзім.
Қыздың:
Цифр бар «жиырмасыншы» сөз басында,
«Отыз» бенен «сегіз жүз» тұр қасында.
Және тағы «жетпіс» пенен «сексенде» бар,
Осы сөз білесің бе қай фасылда?- деген жұмбағына жігіт «әбжад хисабы» бойынша былайша есептейді:
Цифрдан «жиырмасыншы»«каф» шығады,
«Отыздан» – «ләм», «сегіз жүзден» – «дад» шығады.
«Жетпістен» шығатұғын «айн» харпы,
«Сексеннен» – «фа» таңбалы хат шығады.1
«Әбжад» дегеніміз – арабтың 28 әріптерін жатауға қолайлы етіп, арнайы алдын ала топтастырып, құрастырылған жасанды сегіз сөздін тізбегі. «Әбжад» сөздеріндегі әрбір әріп 1000-ға дейінгі бүтін санның цифрлық белгілемесі ретінде қолданылады.
Алиф – 1, ба – 2, жим – 3, дал – 4, һа – 5, уау – 6, за – 7, ха – 8, та – 9, иа – 10, каф – 20, ләм – 30, мим – 40, нұн– 50, син – 60, айн – 70, фа – 80,сад – 90. каф – 100, ра – 200, шин – 300, та – 400, са – 500, ха – 600, за – 700, дад – 800, за – 900, ғайн – 1000 [16, 62].
Ескі оқуда медресе шәкірттері «әбжад xисабын» жатқа білуі шарт депесептеген. «Әбжад хисабы» қазақ даласында ежелден-ақ арнаулы пән деңгейінде оқытылған. Қадым оқу тәлім-тәрбиесінде адам әліпбиді меңгерумен қатар «әбжад хисабын» үйренген.
«Әбжад хисабы» халықтық жұмбақ ішінде әдемі өрнектер түзеді. Сөзімізге айғақ етіп, халықтың жұмбақ есебін ұсынамыз: «Ертеректе жеті ауылдың ел-жұрты бас қосқан жерде үлкен айтыс болады. Жиналған халық аңшы жігіт пен салауатты қыздың өлеңдеріне барынша ден қояды. Қыз жігіттен қай айда туғанын өлеңмен сұрайды.
Жігіт:
Сарыкөлдің бар екен алпыс қазы,
Сол қаздардың екі жүз балапаны.
Тоғыз үйрек, дәл елу қасқалдағы,
Артық-кемсіз айтқаным – әбжад саны, – дейді.
Ақын қыз әбжад саны бойынша қай сан қандай әріпті білдіретінін бірден түсіне қояды. Жігіт жұмбақ өлеңді тез шешкен қыздан қанша жасқа келгенін сұрайды. Қыз:
Бір қызға жеті жігіт зар болады,
Екі жаман қосылса сор болады.
Жасиды артық-кемсіз мен айтайын,
«Иаға»«заны»қоссаңыз сол болады, – деп жауап қатады Жігіт қай айда туған? Қыз неше жасқа келген [17, 17].
Шешуі: әбжад бойынша алпыс саны – «с», екі жүз – «р», тоғыз саны – «т», елу – «н» әріптерін білдіреді. Әріптердің оқылуы бойынша бұдан «саратан» айының аты шығады («а» әрпі қосылып оқылады). Ал ескі араб әліппесі бойынша «та» әрпінің әб жадтық саны –«тоғыз», «дальдікі» – сегіз.
Жігіт саратан айында туған, қыз он жеті жаста. Әбжад хисабын жұмбақ айтысқа түскен ақындар да пайдаланған. Керейт Даңмұрынның жұмбағын Қаңлы Жүсіп:
Сұрайтын сұраушыдан білем десе,
Әбжадтан есеп қылсын Жүсіп атын, – деп жауап қатуында осындай сыр жатыр.
Шөкей салдың жұмбағын жарыса шешкен ақындар қатарында Кете Жүсіп былай дейді:
Басы – он, ортасы – алпыс. соңы – сексен,
Бұл нұсқау хабар берер біздің аттан.
«Е» мен «шын», «нұн» мен «иә», «әліп» пен «зе»
Аңдатар әкем есімін ақиқаттан.
Әбжад хисабы боиынша «он» – «жи», «алпыс»– «син», «сексен» –«фа» яғни атының Жүсіп екенін тұспалдатса, үшінші жолда әкесінін аты Еснияз деп аңғартады.
Бұрын медреселерде «әбжад» сөздерінің әріптерін жатқа оқытумен қатар оның реттік тәртібін, сандық мәнін мүлтіксіз жадында ұстау міндеткерлік деп саналған. Әбжадтың жоғарыдағыдай сан дық құпиясын, әріптік мәнін айқын ұқпаған жан жұмбақты шеше алмайды.
Ташкенттегі қолжазба институтының қорында әбжад есебіне негізделген жұмбақтар сақталған. Олар тақырыптарға жіктелген. Мәселен, алғашқы үш жұмбақ – құран, шариғат, намаз хақында. Жұмбақтар әбжадты үйрену үшін ойлап табылған жұмбақтардан тұрады [18, 288].
Әбжад есебінің Орта Азия мен қазақ даласына ертеден орныққанын мына бір айғақтар нақтылай түседі. Самарқан шаһарындағы әйгілі «Шердор» медресесін қазақтың алшын руынан шыққан Жалаңтөс баһадүр (1576 – 1656) салдырған. Медресенің ішкі қабырғасында даңқты қолбасшыға бағышталып жазылған мадақ мынадай жолдармен аяқталады: «Осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс баһадүр қалағандықтан, ғимараттың тұрғызылған жылы– «Жалаңтөс баһадүр» жылы деп аталады.Осы бір жұмбақ сырлы жазулар құпиясын Халел Досмұхамедұлы (1883 – 1939) былайша сөйлетеді:
Егер «Жалаңтөс баһадүр» сөзін құрайтын араб харіптерінің сандық мәнін тізсек, онда ғимаратты салу жылы хижра бойынша 1028, ал қазіргі жыл санауымен 1619 жыл болып шығады.
Бұл тұста түпнұсқа парсы тілінде жазылған жоғары жолдардағы «Жалаңтөс баһадүр» есімі араб әліпбиі бойынша «Илнктуш бһадр» деп берілетінін, Х.Досмұхамедұлының осы есімді әліпби есебімен есептеп шыққанз [19].
Әбжад есімін пайдалана отырып, алуан тұспал, меңзеулерді білдіру, әсіресе, софы, ақындар арасында кең таралған үрдіс [21, 205-210].
Қазақ жұмбағының зерттеушісі М.Әбжановтың «Есеп жұмбақтардың түрлері өте аз дамыған» [14] деген пікірімен келісу қиын. Есеп жұмбақтары аз емес, ел ішінде өте көп. Тек асыл қазынамыздың осы түріне көңіл аударылмай келген. 1986 жылы «Мектеп» баспасынан халық есептерінің бір тобы жеке кітапша болып шықты. Кітапшаны құрастырушылар былайша түйін түйеді:
«Бұл есептер қазақ ауыз әдебиетінің өзінше бір ерекше жанры іспетті. Қысқа да тұжырымды әңгімелер ең алдымен жастардың дүниетанымын байытуға, есепке деген құштарлығын арттыруға, сол арқылы ойын ұшқырлауына себін тигізеді. Әр түрлі тақырыптағы есептер арқылы оқырман өткен кезеңдердің әлеуметтік-тұрмыстық болмысын бағдарлап, нақты түсінік алады. Мал бағып, егін салудың, аң аулап, кәсіпішілік етудің қарапайым ұлттық көріністерімен танысады» [17].
Аталған кітаптан есеп жұмбақтың бір үлгісін келтірелік: «Қаратаудың теріскей етегін жайлаған, жалбыр тонды кедей жалғыз атынан айрылып қалады. Ойда-жоқта көзден ғайып болған атын іздеп ол әуре-сарсаңға түседі. Ойдан қырға, жоннан жотаға шығады. Бірақ жоғалған ат табылмайды.
Бірер апта өтеді. Таудың теріскей бетінде қоныс теуіп отырған біреу жоғалған атты ұстап алып, кездейсоқ жолыққан адамына тоғыз сомға сатып жібереді.
Малдың жаңа иесі атты семіртеді де, алған құнынан екі есе қымбатқа сатады.
Аттың бұл иесі кәнігі бапкер екен. Ол атты баптап бағып, бәйгеге қосады.
Аламан бәйгеде ат бірінші болып келеді. Бәйгесіне өз бағасынан екі есе көп ақша беріледі.
Ат жаратып бәйге алған адамның қуанышы көпке бармайды, жайлауда жүрген ат жоғалып кетеді. Мал иесі базарға барып, үш адамға жар салады. Әрқайсысына үш сомнан ақша береді. Бірақ бұдан ештеңе шықпайды.
Қолдан-қолға өтіп жүрген ат ақырында өзінің әуелгі иесі жалбыр тонды кедей үйіне қайта оралады. Жоғалып, табылған мал – олжа деп ол қуанғанынан, сүйінші сұрап келген адамға үш сом береді.
Сонда қашаған аттан кім қанша пайда тапты немесе зиян шекті?» [17].
Ел арасындағы жұмбақ есептер ата жұрттың байырғы кәсібі мал шаруашылығымен тікелей байланысып жатады, оның шешімін тек сол ортада ғұмыр кешіп, өмір-тіршілігін сонымен сабақтастыра алған адамдар ғана түсініп, таба алмақ. Мысалы:
«Бір тоқтым бар. Егіз де таппайды, еркек те таппайды, таппай да қалмайды. Сол тоқтыдан тараған тұқымдардың да қасиеті сондай. Әлгі бір тоқты он жылда нешеу болады?».
Шешуі: Егіз таппайды дегені – өлім-жітімін шығарып тастағаны. Еркек таппайды дегені – сойыс-жемін айтқаны. Соның өзінде бір ғана тоқты он жылда 1024 бас болмақ, яки екі отар қой [23].
Немесе, «Үйірі тоқсан айғыр нешеу болады?» деген сауалға «Алдында тоғыз-тоғыз байталы бар, үйірі тоқсан айғыр мың да бір жүз?» деп жауап беретін жұмбақ өлең де осы тектес.
Ал «Мал айырбастау» деген есепте ірі мал иесі қойлы шаруаға: «іңгенімнің әр жілігі – екі қой, биемнін екі жілігі – үш қой, сиырымның әр аяғы – бір қой – дейді. Қойлы шаруа ірі мал иесінің айтқанына келісіп, оған қырық алты қойын береді де, орнына алған биесін мініп, іңгенін жетелеп, сиырын айдап үйіне қайтады. Сонда іңген, бие, сиырдың әрқайсысы неше қойға бағаланған? Байырғы қазақ ғұрпы бойынша, ірі мал кейде он екі жілік немесе төрт аяғы бар ет есебінде бағаланған» [24].
Кейбір есеп жұмбақтарда ертегілік не мифтік сипат астасып келеді. Мәселен, төмендегі есепте ертекке тән қасиет бой көрсеткен: «Ертеде бір хан болыпты. Оның жалғыз сұлу қызы болыпты. Бір күндері қыз қатты ауырыпты. Хан көл астындағы бақсы, балгер, тәуіптерді жинап қызын емдетіпті. Бірақ ем қонбапты. Бір күні бір білгір емші келіп, қызды көріп:
«Бұл қыздың ауруына ем болатын жалғыз нәрсе – Барсакелмес деген жердегі бақтың алмасы. Ол бақты мыстан кемпір күзетеді. Сыртында үш қорғаны, оның үш дарбазасы бар. Әр дарбазасында күзет тұрады. Сол бақтың алмасын жесе, қызыңыз жазылып кетеді» – дейді.
Талайлар талаптанғанмен ешкайсысы алманы қызға әкеп бере алмайды.
Бір күні бір жетім бала: «Не де болса бағымды сынайын, қазам жетсе өлермін, болмаса тауып әкелермін» - деп жолға шығады. Әлгі бала бір кездері баққа да жетіпті. Ол дарбазадағыларға қарауылдарымен келісіп, кемпірге сездірмей ішке кіреді. Бірақ қарауылдар: «Алған алманың тең жартысын, өзіңде қалғанынан және бір алма қосып беріп кетесің» – дейді.
Бала келіседі. Сөйтіп бірінші қарауылға бақтан жинаған алманың жартысын және бір алма артық береді. Екінші және үшінші қарауылға да соны істейді. Соңында балада бір алма қалады. Ол алманы қызға әкеп береді. Қыз шипалы алма жеген соң ауруынан айығып кетеді.
Бала бақтан неше алма алды және әр қарауылға неше алмадан берді?» [24].
Мына бір жұмбақ есептен ежелгі дәуірдегі мифтік түсінік көріністерін байқаймыз.
«Ақыртас ғимаратының үйсіз, тілсіз жатқанына талай-талай ғасыр болды. Бірақ сол ғимараттың ірге тасын қалаған Алаңғасар есімді алып жігіт туралы әлі де әңгімеленеді. Атан түйе тарта алмайтын ауыр тасты арқан бойы жерге лақтырып жіберетін алып жігіт күндердің күнінде Түйме есімді ару қызға ғашық болып қалады. Бірақ сүйген қызына қосыла алмаған жігіт қатты күйіктен, бері жүр десе, әрі жүретін, отыр десе, тұратын, кел десе – келмейтін, келме десе – келетін кеселге душар болады.
Сол заманда Тараз шаһарынын іргесіндегі Талас өзені тасып, халық әбігершілікке түседі. Шаһар әкімі: «Тасқынды Аланғасар алып қана тоқтата алады», – деп оған адам жібереді. «Алып маған келмесін, қолына кетпен алмасын, Таласқа тоған байлап, көпір салмасын», – деп сәлем айтады.
Арнайы жіберген адам Алаңғасарға сәлемдемені сол күйінде айтады. Теріс айтылған сөздің оңына тақ тұратын алып қолына кетпенін алып, сол серігімен Таразға қарай жол шегеді. Он екі шақырым жүрген кезде қарсы жолыққан біреу оған: «Әкім тез келсін деп жатыр», – дейді. Алып кілт бұрылып, жүріп кетеді. Серігі он екі шақырым жерде қуып жетеді де: «әкім келмесін деген» – дейді. Енді ол шаһарға қарай қайта беттеп, жиырма шақырым жүргенде қарсы жолыққан тағы біреу: «Әкім келсін деді» – дейді. Алып кілт бұрылып, бес шақырым артқа тартып кетеді. Жол серігі қуып жетіп «келмесін» деген сөзді қайталап айтады. Енді алып серігімен он бес шақырым жер жүріп, әкіміне келеді.
Алып ұзақ жүріп кешігіп келді ғой, қанша шақырым жол жүрген?» [25] Мифтің мәтінін белгілі этнограф Ә.Диваев «Қисса Алаңғасар алып» деген тақырыппен «Записки восточного отдела Русского археологического общества» атты басылымында 1896 жылы (II том) жариялаған, мифтің қырғыздар арасындағы нұсқасын Дудин жазып алған [26].
Алып Алаңғасар тек қазақ-қырғыздарға ғана емес, Еділ бойындағы халықтар: татар, башқұрт, удмурт, марий, қалмақ, сонымен қатар ноғайларға таныс кейіпкер. Алаңғасар хақындағы деректер алғаш рет Г.Н.Потаниннің назарына ілініп, «У вотяков Елабужского уезда» атты еңбегінде ауызға алынады [26, 191]. Удмурттардың «Аланғасар» және «Адам және Аланғасар» атты ертегілерінде ерекше үлкен, ебедейсіз, аңғал мифтік кейіпкер адамды құр күшпен өлтірудің қиындығына көзі жеткен соң, оған алтын беріп, оны үйіне дейін жеткізіп, қашқан кезде дәу басы лашық үйдің төбесін іліп кетеді [27, 97].
Қалмақ мифіндегі Алаңғасар алыпты жаулары өлтіріп, денесін бөлшек-бөлшек етіп, жерге шашып тастайды, оның әйелі сұр ала өгізге арба жегіп, іздеп шығады. Дәу өгіз мүйізімен жерді сүзіп отырады, оның мүйізі тиген жер ойдым-ойдым жыра, сай болып қалады. Жер бетінің күні бүгінге дейін ала-құла болып, бір жері биік, бір жері төмен болып жатуы содан екен. Алыптың әйелі әр жерден күйеуінін дене мүшелерін тапқанмен басын таппайды, сол себептен тірілте алмайды [28].
Кейбір зерттеушілер «Алаңғасар» сөзі бұрынғы одақ құрған көне тайпалардың аты – «алан» және «хазар» сөздерінін бірігуінен жасалған деген болжам айтады [29]. Д.Я.Яшиннің жоғарыдағы этимологиялық болжамымен де, осы ұғымның шығуын «алан» мен «хазар» тайпалары құрған байырғы қуатты мемлекеттермен байланыстыра қараған тұжырымымен де келісе алмаймыз. Алаңғасар образының шығуын тарихи жағдаймен сабақтастыра қарағаннан гөрі, бағзы мифтік сенімдермен іліктестіре қарау дұрысырақ, бұл бейненің түп төркіні әлем халықтары фольклорында кең орын алған – алып, циклоп, дию тәрізді образдармен түбірлес тәрізді. Алаңғасар сөзінің лексикалық мағынасы түркі тілдерінде тұр. Қазақ тілінде «алаңғасар» сөзі күні бүгінге дейін адамның мінез-бітімін білдіреді.
Халықтық «Жүз қаз» атты жұмбақ есеп басқа жұрттар: әрі тәжік, түркімен, ұйғыр, өзбек және түріктер [17] арасында да белгілі. Бұл есеп татарларда өлең түрінде келеді.
-Әссәламегалейкем, йез қаз,
-Вәгәлейкем әссәләм, ялганчы таз.
Безгә безнең чалки кушылса,
Безнең яртыбыз кушылса.
Дәхи чирегебез кушылса,
Дәхи кусылсаң син таз,
Мена булырбыз йөз қаз.
-Утыз алты қаз болган.
Жұмбақтың татарлар арасындағы нұсқасы 1880 жылы басылған «Кырык бакча» атты кітапқа енген /Татар халық ижаты. 27-б./.
Жалпы мұндай үлгілер мектебі жоқ көшпелі қазақтарда математикалық ой ұштау, арифметикалық дәрістердей қызмет атқарған. Халық есептері математика мамандарының сөз мұрасы ретінде фольклоршылардың назарына ілініп, терең ғылыми тұрғыдан тексерілуі қажет.
Халық есептерін әлемдік тәжірибеде жұмбақтар жинақтарына қосу дәстүрге айналған, фольклоршылардың кейбіреулері оны жұмбақтың ішкі жанры ретінде қарастырады, әрине бұлайша шартты, дегенмен негізсіз емес. Задында, халық есептерін жұмбаққа қоспай, аралық жанр ретінде қарастыру дұрысырақ.
Халық есептерінің табиғатында жұмбаққа ұқсайтын бөлектенетін тұсы да сарадай анық. Ұқсайтын тұсы – ол да сауал тастап, жауап беруді, шешуді керек етеді, адамды бас қатырып, ойландыруға жетелейді, жұмбақ тәрізді танымдық-педагогикалық қызмет арқалаған түр. Өзгешеленер тұсы – жұмбақ «кім, не» деген ыңғайдағы сұраққа жауап беру арқылы шешілсе, есеп жұмбақтар «қанша» деген сұраққа жауап беруді тілейді, жауабы арифметикалық тәсілмен табылады.
Есептеу негізінде пайда болған таза жұмбақтар да бар, енді соларға назар аударайық.
Есепке ұқсас келетін жұмбақтарда баршылық:
Төртеу келеді,
Төртеу асылып тұрады,
Екеу жол көрсетеді,
Екеуі иттен сақтайды,
Енді біреуі артында асылып тұрады.
(Сиырдың төрт аяғы, төрт емшегі,
екі көзі, екі мүйізі, құйрығы).
Айғырымның үйінде он екі бием бар:
Биелерімнің алтауы анық буаз,
Екеуі неғайбыл,
Екеуі атқысыр,
Екеуінің қысырлығының үстіне өкпесінде тесігі бар.
Бұл жұмбақта малдың он екі жілігі тұспалданған. «Алтауы анық буаз» дегені – ішінде майы толық болатын екі ортан жілік, екі тоқпан жілік, екі асықты жілік. «Екеуі неғайбыл» дегені – ішінде майы кейде болып, кейде болмайтын – екі кәрі жілік, «екеуі атқысыр» дегені – майсыз екі жауырын, «екеуінің қысырлығының үстіне өкпесінде тесігі бар» дегені – ұшында тесігі бар екі жамбас. Жұмбақ қазақ халқының тіршілік жағдайына, тұрмыс ерекшелігіне байланысты туған. Айғыр, бие, буаз, қысыр ұғым-атаулары бақташылықты кәсіп еткен қазаққа таныс, етене жақын. Оның үстіне ірі малды төрт аяғы, он екі жілігі бар ет есебінде бағалап, мүшелеу ұлттық болмыстан өрбіген.
Алты аяқты,
Екі қарынды,
Екі қолды,
Төрт көз, төрт құлақты,
Екі мойын, бір құйрықты. (Ат мінген адам).
Ауызша есептерге ұқсас келетін түр – логикалық ыңғайдағы тұспалдар. Бұларды табуда адамның қиялы ұшқыр, ойы жүйрік болуы қажет. Мысалы:
«Мамыр айының мамыражай күнінің бірі болса керек, ауыл маңындағы көктөбенің басына шығып, бірі әңгіме айтып, екінші тобы тоғызқұмалақ ойнап отырған жігіттер алыстан жор тып келе жатқан екі аттыға көзі түседі.
Жол жаңа төбені айналып өтеді. Екеудін бірі – қарамұртты жігіт, қасындағы серігі – үкілеп тақия киген қыз бала. Екеуінің аты да жорға, төктіріп келеді. Олар жақындаған сайын екеудің түр-түсіне, киім-киісіне, жүріс-тұрысына, мінген атына ауыл азаматтары таңданып тұрып қалады. Қарамұртты жігіт он қолын кеудесіне апарып, сәлем бере өтеді.
Сонда жігіттердің бірі:
Ту, мына жігіттің атының жорғасын-ай, қыздан алған жолдасын ай? -дейді.
Сол кезде қыз атының басын тартып тұрып:
Ей, жігіт! Біліп сөйле, сен жігіт. Бұл жігіттің шешесі – менің шешемнің келіні, мен бұл жігіттің сонда болдым неменесі?
Шу жануар, – деп атын төктіріп ала жөнеледі.
Сонда ауылдың жігіттері сөз мәнісін түсінбей, шынында болым неменесі деп бір-біріне қараған екен.
Шешуі: Бөлелер, ұл мен қыздың балалары.
Осы тектес туыстықты арқау қылған, адам ойын әр тарапқа жүгіртетін үлгі ертеректер «Айкап» журналында жарияланған.
«Бала көтеріп тұрған бір қатыннан біреу:
Бұл көтеріп тұрған бала өзіңізге қай жағынан жақын болады? – деп сұрағанда қатын:
– Баламның баласы, байымның інісі деп жауап береді, бұл қалай?»
Журналдың кейінгі сандарының біреуінен оның шешуін оқи аламыз.
«Бір баласы бар тұл қатын бір күңді ержеткен баласымен сатып алады. Содан соң күңнің баласын азат қылып, өзі соған тиеді. Қожа қатынның баласы, күңіне жақындық кылса, содан туған баласы, байының інісі болып табылады» [34].
Осы тәріздес туысқандықты арқау еткен логикалық қисындағы жұмбақтаулар қазақтар ғана емес, басқа да түркі тектес халықтарда көп болған тәрізді. Бір өкініштісі, жұмбақтың бұл түрі жиналмай елеусіз қалған.
Қарашайлар арасында сақталған төмендегі мысал сөзімізді куәләндыра түседі.
«Бир элден бир элге келин келгеннге алгъышха баргъан бир къатын аллына тюбеген бир къызчыкъгъа: «Юйюгюзге чаб да, мени келгеними айт” - дегенди. «Къызчыкъ да анға:
«Ким келеди дирекме?» деб соргъанды.
Ананға – эгечинг келеди - де,
Атанға – келинг келеди - де, - дегенди къатын. Алай къалай болганды?
Эки эгеч джашы бла атасына барьб тургьандыла» [33, 20].
Аудармасы:
«Бір елден екінші елге келін келгенде құтты болсын айта барған бір қатын алдынан шыққан кішкентай қызға:
«Үйіңізге барып менің келгенімді айт», - дегенде кішкентай қыз: «Кім келді деп айтайын?» - деп сұраған-ды.
Анаңның сіңлісі келді деп,
Әкеңе келінің келді деп айтқын, – дейді қатын.
Сонда қалай болғаны?
Жауабы:
Апалы-сіңлілі екеуі әкесі мен баласына тұрмысқа шыққан.
Қарашай халық жұмбақтары кітабында осы тақылеттес бес түрлі жұмбақ «Чам джомакъла» (әзіл жұмбақ) деген тақырыппен берілсе, түрік жұмбақтары жинағында «Sоу Sор bilmecleri1 (туысқандық, рулық жұмбақтары) деген айдармен жеті үлгі ұсынылған [33].
Достарыңызбен бөлісу: |