3.1 Кемел сын, кенен ойдың кеңістігі Бұл есімді қазақтың қаріп танып, ой тоқтатқан қара орман жұртшылығы естіп-білгелі жетпіс жылдан асып барады. Сағымға бөленген салқар Сарыарқаның Атасуын артқа тастап, ит арқасы қияндағы Алатауға, жасыл желек жамылған армандай ару қала Алматыға жол тартқан бозбала Серік пен бүгінде тоқсанның тұғырына қонған, еңбегін еліне өлшеусіз арнап, халқының құрметі мен ықыласына бөленген көрнекті ғалым, сындарлы сыншы, ұлт руханиятының ақылман ағасы, алаш жұртының абыз тұлғалы ақсақалы атанған Серік Смайылұлы Қирабаевтың арасын жалғап жатқан уақыт кеңістігі – арман мен мұраттың, ізденіс пен күрестің, табандылық пен тиянақтылықтың, ерлік пен елдіктің, жеңіс пен жемістің, бір сөзбен айтқанда, ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің кеңістігі.
Бұл – уақыт сүзгісінен сүрінбей өткен, өтіп келе жатқан тұлға табиғатын ұлт санасына бекіткен шындықтың ел танып, ел мойындаған көрінісі.
Академик Қирабаевты жақсы білетін қалың жұрт оның өмірлік жолы мен шығармашылық өрісін осылай елестетіп, ғалымдық бітімі мен ұстаздық ұлағатын, қайраткерлік қалыбы мен азаматтық болмысын осылай бағалары анық.
Серағаңның ғалым, сыншы ретінде еліне ерте танылғандығы туралы қатары сиреген аға буыннан кезінде көп естідік. Тағдырын сын дейтін ауыр жанрға байлаған осынау бойынан кісілік пен кішіліктің лебі есіп тұратын қазына мінезді, қағілез ойлы, ғұлама бітімді сабырлы жанның қазақ қоғамындағы орнын аға буын да, өз қатары да, соңынан ерген інілері де жоғары бағалайды [64].
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін дана халықтың есті сөзі ел басқару мен ел мұратын түгендеуге арналғаны аян. Осы сөзді өмірге алып келген дара бітімді, дана билеріміздің ойын қозғап, жүрегін тербеген «қара қылды қақ жару» дейтін ұстаным ұлт тұтастығына қалай қызмет еткені тарихтан белгілі. Әрі-беріден соң осы ұстанымның арқасында Алтай мен Атырау арасын жайлаған қырық рулы қазақ елі өзінің халықтық қалыбын сақтаған, ұлттық ұйысуын бұзбаған. Заманалардың өрті мен дертіне бойын да, ойын да алдырмай баяғы ғасырлардан, қадым дәуірлердің дауылы мен жауынынан аман өтіп, бізге жеткен… Сондықтан елдікті – дәнекер, бірлікті семсер тұтқан қазақ үшін ең қымбат, ең киелі, ең қасиетті бұйым да Сөз болғанын жақсы білеміз.
Қай заман, қай дәуір ақиқаты мен шындығына жүгінсек те, көшпелі өркениет үлгісі мен өнегесі өмір сүруінің басты нысаны болған Ұлы Дала жұрты үшін Сөз өнерінің орны ерекше болған. Сөз Ұлы Даланың талайлы тағдырын анықтар қазақ қоғамының басты құралы саналған. Өз бастауын мыңдаған жылдардан алар осы қағида көркем әдебиетіміздің қарыштап өсуіне ықпал еткен.
Әдебиет бейнелі көркем тілдің тұма бастауы, қалпын сақтар қайнары болған. Әдебиетті ардың айнасы десек, көркем сын – сол арлы ұғымның безбеншісі екені даусыз.
Өрімі өзгеше өрісті сынның көркемдік әлемнің кемелденуіне, көркейіп, дамуына жасар ықпалы зор. Бұл жайтты, әсіресе әдебиет абыройының биікке көтеріліп, ел ойы мен санасына қанат бітірген тарихтың арғы-бергі алқалы кезеңдерінен анық аңғарамыз. Ұлы Мұхаңның сын жазу үрдісі мен мәдениетіне тоқтала келіп, «сын шын болсын, шын сын болсын» деуі де, міне, қоғам алдындағы көркем әдебиеттің абыройы мен беделін қалай ойласа, көркем сынның тағдыр-талайын да солай ойлап, солай толғағанын аңғарамыз.Бұдан шығар қорытынды: көркем сын – әдебиет пен қоғамның, өнер мен өмірдің арақатынасын анықтайтын қатал тез ғана емес, оқырман жүрегіне жол ашар көзге көрінбес рухани қақпаның кілті екенін де естен шығармауымыз керек.
Өнер жасау мен өнерге баға берудің басты мұратын осылай деп ұққан орта мен қоғамда сынның бағы жанып, жолы ашылмақ. Ал сынның бағы, түптеп келгенде, сөз өнерінің бағы.
Серік Қирабаев – қазақ көркем сынының жұлдызды жылдары мен өрісті кезеңдерінің куәгері ғана емес, соның қою ортасында жүріп, жанр жүгін иығымен, қажет десеңіз, жүрегіне салмақ арта көтерген шын мағынасындағы кәсіби сыншыларымыздың бірі. Өткен ғасырдың қадау-қадау кезеңдерін ой елегінен өткізе отырып, сыншы қаламы мен қиялы өз дәуірімен аяғын тең басып, әдебиеттің арғы-бергі кезеңдері жайлы салмақты ой, сарабдал пікірін әркез айтып отырған. Сөзі адал, пікірі терең. Сыншы өз ойын әркез берісі ұлттық әдебиеттің, әрісі әлемдік әдебиеттің кеңістігіндегі өзгерістермен, көркемдік ізденіс-барлаулармен ұштастыра отырып өреді. Мұнысы сынның ішкі мәдениеті мен ой өрудің терең тамырлы көркем кеңістігін тануға мүмкіндік береді [65].
Серік Қирабаевтың сыншылық әлеміне ден қойғанда, уақыт кеңістігі дейтін киелі ұғыммен бетпе-бет келгендей, әр дәуір, әр кезеңнің мінез-құлқын жан-жүрегімен сезінген ой иесінің болмысын тани түскендей боламыз. Барынша байсалды, мейлінше объективті айтылған осынау пікір-түйіндер төркінінен білімдар ғалымның зерттеушілік мінезі менмұндалап көрінеді. Әрі-беріден соң ғалымның зерттеушілік қыры ұлт топырағындағы сыншылдық ойдың өрісі бөлек өзгеше мектебіндей елестейді. Өз басым сыншының «Ғасыр жасаған поэзия», «Қазақтың тұңғыш революцияшыл-демократтары», «Жүсіпбек Аймауытов», «Мағжан – қазақтың ұлттық ақыны», «Сәкен Сейфуллин», «Сәбит Мұқанов», «Әуезов тағылымы», «Баяғы Қасым – бір Қасым», т.т. іспетті талдау-сындарын оқығанда осы бір жазусыз қағида мен өрімі мықты ақиқатқа көз де, көңіл де жете түскеніне баса назар аударғымыз келеді.
Жалпы, Серік Қирабаев кім туралы жазса да, не туралы айтса да өзінің объектісін барынша танып, зерттеп саралай отырып, талдап жазады. Әсіремақтау мен әсерсіз боямалаудан қаламын аулақ ұстайды. Сыншы сөзі байыпты талдауға, байсалды пікірге негізделеді. Серік Қирабаевтың ана дәуірдегі, дәлірек айтсақ, кеңестер идеологиясы айтқанына «көндіріп», дегеніне «сендіріп» отырған кезеңнің өзінде даңғаза, дақпыртқа орынсыз бой алдырмай, әдебиеттің ұлттық сипатын айғақтауға ұмтылғанын, әрі арыстарымыз бен алыптарымыз салған ұстанымға адалдығын әркез байқатып отырғанын аңғарамыз. Бұл ұстаным мен бұл принцип сарабдал сыншының қоғам алдындағы абырой-беделін бекітіп отырған. Серағаң өзіне дейінгі аға буын сыншылар мен арыстұлғалы ұлт көсемдерінің қиын тағдырларын әсте жадынан шығарған емес. Ол әдебиеттің тағдырын сол тұстағы қоғам өмірімен тығыз бірлікте қарастыра отырып, далалық мәдениеттің табиғатын даму үстінде, замана талаптары мен мінезіне орайластыра зерттейді, пікірін де сол бағытта өреді. Идеологияшыл қоғамның «әңгір таяғынан» әдебиетті қорғау мен сақтаудың жолын іздегендер қатарынан көрінеді.
Соның нәтижесінде елуінші, алпысыншы жылдардың салқынына бой алдырмай, әдеби процеске әділ, адал баға берген санаулылардың санатына қосылады.
Серік Қирабаев қазақ көркем ойы мен сыни пікірінің толысқан, арғы-бергі әлем әдебиетінің озық үлгілері мен іргелі мектептері молынан игерілген, ұлттық ойлау мен ғаламдық ойлау адам ойы мен санасында жүйелі түрде тоғысқан, сұлулық атаулыны тану мен бағалаудың үйлесімі билік құрған ұлы кезеңде қабырғасы қатайып, ойы бекіген, тағылымы мол, танымы терең, талғамы биік әдеби сын мектебінің ұлт топырағындағы аса көрнекті өкілдерінің біріне айналады [66].
Өткен ғасырдың өкініші мен өксігі ел көңілінен кете қоймаған соғыстан кейінгі ауыр жылдармен әдебиет босағасын аттау сәті тұспа-тұс келетін сындарлы сыншы, үлкен ой иесінің басып өткен жолынан ғасыр елең-алаңының 20-30 жылдары бесігін тербетіп, жөргегін құрғатқан, балалық бейкүнә шағын зілзала мен аштық буып, бозбала күннің бозала таңын ұлы соғыстың қара қағазы боздатқан ұрпақтың өмір өткелектерін көреміз. Тарих пен тағдырдың өзі іріктеп-сұрыптап, иықтарына уақыт атты кесірі мен кесапаты, қуанышы мен шаттығы қатар жүретін қиын да күрделі кеңістіктің ауыр жүгін аямай артқан осынау өртең дәуір өскіндерінің ұлтқа, халыққа бергені қалай мол болған десеңізші?!
Өзгесін тізбелеп жатпай-ақ, жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарының басында Алматының жасыл желегімен қоса желпініп өскен сол аға буынның қазақ әдеби сыны мен әдебиетті зерттеу ғылымын жаңа арнаға салып, жаңа белеске көтерген бір топ жұлдызды шоғырмен толыққанын еске алсақ, аздық етпесі анық. Бүгінде көбі арамызда жоқ болғанымен, рухы ел көгін еркін кезіп, елдік тұтастығымыз бен егемендік іргеміздің бекуіне еңбектерімен, ұлт жадынан өшпес өрелі істерімен қызмет еткен сол буынды айтқанда, ауызға алғаш ілігетіндердің бірі де, бірегейі де осы Серағаң – Серік Қирабаев есімі [67].
Серік Қирабаев қаламының қарымы мен сыншылдық пікір-байламдарының арынын айқын танытқан соғыстан кейінгі жылдарда баспа бетінде жиі-жиі жарияланған алғашқы сыни мақалалар қазақ әдебиеті дейтін шұрайы қалың кеңістікке білімі терең, талғамы жоғары, ізденімпаз, болашағы зор жастың келгенін танытқаны ел есінде, тарих есімді қарт сарапшының жадында. Әсіресе, жас сыншының «қып-қызыл оттың ішінен келген», өмір мен өлімнің қадір-қасиетін жан-жүректерімен сезінген, оны өздерінің шығармашылық, өмірлік мұраттарына айналдырып, соғыс тақырыбын айрықша көркем, қуатты жырлаған Қасым Аманжолов, Жұмағали Сайын, Жақан Сыздықов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов тәрізді тұтас бір кезең поэзиясының мінезі мен құлқын, табиғаты мен жаратылысын, бағыты мен бағдарын анықтап, қазақ өлеңінің бүгіндері бір-бір алып бәйтерегіне айналған ірілеріміз бен жүйріктерімізді сол кездің өзінде-ақ дәл танып, тап басып айтып, өлең табиғатына бұлтартпас баға бергені бізді сүйсінтеді.
Қирабаев-сыншы шығармаға баға беріп, сөз өнерінің тағдырына арашашы болар тұста ұстарасы – өткір, ойы – адал, сөзі бұлталақты білмейді. Онысы біреуге ұнап, біреуге ұнамай жатуы әбден мүмкін… Сайып келгенде, сыншы сөзі мен сыншы тезінен ұтатын бір ғана жаратылыс иесі бар. Ол – жаны таза, рухы асқақ, болмысы мықты көркемдік кеңістік! Қазақтың өрісі кең, өресі биік көркем әдебиеті! Сыншы қиялына қанат бітіріп, сыншы ойына дем берген өлең мен жырдың, көркем проза мен драмалық туындылардың Қирабаев қаламынан шет қалғаны кемде-кем. Жаңа дәуір көшін бастаған ұлы Абайдан бергі кезеңдердегі Жамбыл, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден шығармаларына әр кезеңде әрқилы сыншылық сүрлеумен, зерттеушілік зердемен ат басын бұрып отырған өткір қалам иесінің сыншылдық ойын, қайталап айтамыз, оның зерттеушілік таным-талдауынан бөле-жара қарауға болмайды. Бұл екі ұғым бір тұлға бойында біте қайнасып, берік тұтасқан.
Сыншы өмірі тынымы жоқ, мазасы кем қоғам мен әдеби өмірімізді қатар елестетеді.
Бажайлай отырып, байыпты баға берер талғампаз жұртшылық көзімен зерделесек, қазақ топырағындағы сыни пікірдің әрбір жанашыры Қирабаев кезеңіндегі сыншылдық әлем осыған дейінгі Мұхаметжан Қаратаев, Қажым Жұмалиев, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Есмағамбет Ысмайыловтар мен кейінгі «жылымық» дәуірі деген атпен тарихқа кірген іргелі кезеңнің өкілдері Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірашев, Сайлаубек Жұмабеков, Бақыт Сарбалаев, Бақытжан Майтанов, Жаңғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков, т.т. арасын жалғап тұрған сыншылық пікірдің үлкен мектебі – аға буынның жағасын «тоздырмаған», іні буынның қатарын «аздырмаған» алтын көпір болғанын мойындары анық [69].
Сыншының әдебиет алдындағы Құзырлы міндеті мен адал борышының бағасын уақыт қана бере алады. «Жаптым жала, жақтым күйеге» негізделген жандайшап, жалбаң, сұрқия сынның өмірі қысқа болатынын уақыт дейтін дана қарттың қалай дәлелдеп келе жатқаны көп ежіктеуді керек етпейді. Мәреден шыға тарлан шабысымен көзге іліккен Серік Қирабаев әр дәуір, әр кезеңде әдеби өмірімізге мейлінше еркін араласып, көркем процеске қатысты өз пікірі мен топшылауларын таратып айтып, жекеленген тұлғалар мен шығармалар хақында өз көзқарасын айқын танытып отырған.