2.5 Кіші жүздегі ру-тайпа атуларының гендерлік ерекшелігі
Балқы руы. Шежіре бойынша Кіші жүз Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл есімді төрт ұл туған. Осылардың Бозғылынан – Қарақожа (Қаратамыр), Қайқы, Келдібай, Сарыбай, Торыбай туған. Бұлардың ішіндегі Қайқының Балқы (Балқия) есімді әйелінен – Андағұл, Отарбай, Қиық, Қаплтаң, Әлімбет, Қосбармақ, Ақбалқы деген балалар туып, солардың ұрпақтарының бәрі де шешелерінің атымен «Балқы» деп аталып кеткен. Әйгілі Базар жырауды – Балқы базар дейтіні, сол түп анасының есімімен аталатын руын меңзегені.
Бекбике. Кіші жүздің адай тайпасы өз ішінде құдайке, келімберді аталарына бөлінсе, осылардың Құдайкесінен – Қосай, Тәзіке туған. Қосайдан алтау – Байбол, Әйтей, Бегей, Тіней, Бәли, Сүйіндік. Блардың Тінейінен – Арық, Таңат, Рыс, Шолақ туған. Арықтан Тәңірберген батыр мен құдайберген туған. Тәңірберген батырдың бес әйелі болса керек. Соның бірі қалмақ әйелі Бекбике еді дейді. Бекбикеден - Алтынбек, Сеңгірбек, Әжібек, Темір туған. Бұлардың өсіп-өнген ұрпақтарын жинақтап «Бекбике» атайды.
Бес Жәкей. Кіші жүз әлім бірлестігінің ішіндегі шекті тайпасы өз ішінде төрт руды құрайды. Олар: шыңғыс, баубек, өріс, мәку (қалу). Шежіре дерегінің бір үлгісі бойынша Мәкуден өлек, одан – Айт, Бұжыр (бұл екеуі бәйбіше балалары), Ақмалай, Олжабай, Шағатай, Бұғыбай, Жаңабай «бұл бесеуі Жәкей деген тоқалдан туған). Осы Жәкейден туған бес баланың өсіп-өнген ұрпағын жинақтап «Бес жәкей» атайды.
Жаппас. Шежіре дерегінде кіші жүз Байұлының есігінде Жаппас (шын аты Семсе болса керек) дейтін күңі болады екен дейді. Жаппас мейлінше көрікті, мінезге де бай, ақылы да кемел кісі болыпты. Ол Жаппасқа Байұлының назары түсіп, некелі әйелі етіп алады. Байұлы Жаппастың құрсағынан – Қаракөз, Қалқаман, Сумұрын, Үнқиуыт, Қияқты, Шалқақ есімді алты перзент көрген. Бұлардан өсіп-өнген ұрпақ іргелі ел болып, түп шешелерінің есімімен Жаппас аталып кеткен.
Жекей. Кіші жүз әлім, оның ішінде жаманаққа (шекті) қарасты бөлек деген ата бар. Шежіре дерегінде Бөлектен – Айт, Бұжыр есімді екі бала туған. Бұжырдан – Назар, Шүрен деген екі ұл және Жекей деген бір қыз туады. Осы Жекей қыз заманында ел анасы атанған белгілі адам болған. Жекей қыздан өрбіген ұрпақ өздерін «Бес Жекейміз» деп атайды.
Қаракемпір. Шежіре дерегінде Кіші жүз Қыдырсиықтан – Шеркеш, одан – Қосым, Қойыс, Жауқашты, Шумақ, Досым (Қылыш, Кескен, Тілес) туыпты дейді. Осылардың Қойысынана Дебіс туады. Дербістің бәйбішесі Зылиха деген кісі, өңі қара болған соғ «Қаракемпір» аталып кеткен. Бүкіл Дербіс әулетіне ұйытқы болып, жөн үйреткен, жол көрсеткен адам. Дербіс батырдың бәйбішесі Зылихадан – Тоқтар, Базар, Қошқар, екінші әйелінен – Түрке, Шыңбай, үшінші әйелінен – Сатай, Сатылған туады. Осы үш әйелінен тараған ұрпақтан жөн сұраса» шеркешпіз, оның ішінде қаракемпірміз» дейді. Яғни, Қаракемпір ру атына шыққан. Қаракемпір жөнінде айтылатын ел арасында аңыз көп. Соның бірі мынадай: берде әлімнің ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңы жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болады. батырдың өзі үйде жоқ боп шығады. Сыйлы қонаққа соя қоятын малдың ретін болмай, Зылиха батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарға құрмет көрсетіп аттандырады. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң: «Апыр-ай Дербістің құты үйіндегі қаракемпірі екен ғой» дейді. Содан үйіне оралған батырға бәйбіше: «әлімнің алты жақсы-жайсаңы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім», - депді. Сонда күйеуі: Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!» - деген екен.
Кетебике. Шежіре дерегінде кіші жүз әлім тайпасы сөз болғанда Қаракесектің бірінші әйелі Тоқсұлудан – Байсары, екінші әйелі Қағаздан – Әлім, Шөмен туып еді деп келетін нұсқа көп сөз болады. Байсары Кетебике деген қызға үйленіп, одан – Бозаншар, Майлыбай туған. Байсары өлген соң Кетебикеге әмеңгерлік жолымен қайнысы Әлім үйленеді. Әлім мен Кетебикеден – Тегінболат, Тойқожа туады. Әлім де қайтыс болып кетебике келебі қайнысы Шөменге тиеді. Одан – Түменқожа туады. Кетебикенің бауырынан өнген ұрпағы өсіп-өніп, әрқайсысы рулы елге ұласқан. Олардың бәрін жинақтап «Кете балалары» немесе «Үш кете» деп те атайды.
Қаракемпір. Мақтым. Бикем. Кіші жүз әлім бірлестігінің ішіндегі өсіп-өнген аталардың бірі – ізбас. Ол кісі үш некелі болыпты және бір қызығы үш әйелінен тараған ұрпағы сол әйелдерінің атымен аталып кеткен екен. Бәйбішесі – Қаракемпірден (Ранайгүл) – Тәңірберген, Қожаберген, Жаманбай, екінші әйелі Мақтымнан – Қосуақ, Қозыуақ, үшінші әйелі Бикемнен – Айдабол, Көрпебай деген балалар туады. Бұл үш ананың ұрпағы шешелерінің атымен аталып кеткен.
Бәйбіше. Кіші жүз алты ата – әлім бірлестігінің ішіндегі тайпалардың бірі – айнық (қарасақал). Айнықтан – Сарыбас жеке туған. Айнық дүние салған соң оның Ырысты деген әйеліне әмеңгерлік жолымен Тегінболат үйленген. Тегінболаттан – Шіңгір, Пұсырман туған. Шіңгірдің бәйбішесінен – Құдайменде, тоқалынан – Жарболды, Батан, Бұли туады. Осылардың ішінде, бәйбішеден туғандықтан, Құдаймендінің ұрпағын «Бәйбіше» деп атайды. Құдаймендеден – Андабай, Қазым, Ырсай туған.
Тіліміздегі қыз есімдеріне байланысты туындаған этнонимдер тілдік бірлік ретінде сөздік қорымыздың кемелденген мол саласы болып табылады. Ұлт топырағында тамырланған бұл атаулар ғана ұлт ерекшелігін, дүниетанымын айқындап бере алады. Әрбір тұлға өз ұлтының өкілі ретінде өзінің шыққан тегін, ата-баба тарихын, білуі тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда, біз белгілі бір ұлттың өскен-өнгендігін танытатын этнонимдердің қалпын бұзбай, санамызға сіңіріп, ата-бабаларымыз сары майдай сақтаған мол қазынаны болашақ ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |