О19 Обручев Владимир



Pdf көрінісі
бет2/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

ЖОЛСАПАР
Ақша  мен  құжаттарын  түгендеп  алып  бір  айдан  кейін
Горюнов шығысқа жол тартты, ғылыми барлау құралдарымен
және  басқа  жарақтарын  өзімен  бірге  ала  жүрді,  олардың

24
ішінде су жаңа үш мықты нарта мен бір үлкен байдарка
бар.  Байдарка  бөлек-бөлек  болғанымен,  жарты  сағаттың
ішінде құрастырып, жүзіп жүре берерлік. Оған төрт адам,
үш нарта жүгімен және он ит еркін сияды, ал бұл дегенің –
экспедиция мүшелерінің екі жағдайда да теңізден өтуіне
мүмкіндік беретін дүние.
Иркутскіден  Качуг  арқылы  Ленаны  бойлай  төмен
құлдилайтын  ат-шана  жолы,  кәдімгі  әкімшілік  жер
аударылғандар өлкесінің жадау астанасы – Якутскіге шейін
шеті де, шегі де жоқ оппа қарды қақ тіліп, мұз құрсанған
өзендерінің жақпар тасты жарқабақтарының астынан өтетін
келеңсіз де көңілсіз ұзақ жол басталды. Одан әрі жол Алдан
өзенінің  сағасымен,  Верхоян  жотасының  түксиген  шың-
құздарының  арасымен  кетті.  Сонан соң жол  өлкенің бір
пұшпағында,  сағасына  шатырына  шейін  қарға  көмілген
Казачье селосы орнаған Яна өзенінің кең арнасы мен кемер-
қырқаларын басып тартады. Якутскіден әрі күннің көзі тіпті
көрінген  жоқ,  қырқалардан  асқан  соң  қысқы  поляр  түні
басталды, боран болмаған тынық күні жолды тек жұлдыз
жарығымен,  ай  сәулесімен,  терістік  шапағымен  ғана
ажыратасың.
Ақпанның аяғында артынып-тартынып Горюнов Казачьеге
келді. Онда экспедицияға не қажеттін бәрін қамдап, отыз
ит  тауып,  оларға  қақтаған  балық  (юкола),  адамдар  үшін
азық-түлік, киім-кешек, шаңғы әзірлеп жолдастары да күтініп
отыр еді. Екі кәнігі кәсіпкер – барон Толльмен бірге хабар-
ошарсыз кеткен серігінің інісі якут Никита Горохов пен казак
Капитон Абрамович Никифоров те экспедицияға қатысуға
келісті.  Новосибирь  аралдарына екеуі  де әлденеше мәрте
болып, соңғы рет Толльді іздеп бүкіл жағалауды шарлап
шыққан.  Санников  жерінің  бар  екеніне  екеуінің  де  сенімі
кәміл  және  ашық  күндері  Қазандық  аралындағы  биіктен
оны көргендерін айтып иландыратын. Осынау жұмбақ жер

25
оларды біздің үш жолдастан кем желіктірген жоқ, сол аралды
алғашқы болып ашу арманы қуаныштарын қойнына сиғызбады.
Казачье селосы Яна өзенінің атырау басынан жоғарырақ
оң жағада біртегіс төбешікке, терістік ендіктің 71 градусы
мен  орманды  алқаптың  теріскей  бетіне  орналасқан.
Шатырларына шейін қар көміп кеткен бірнеше казак тамдары
мен көпес үйлері, бірнеше якут жаппалары мен шағын шіркеу
адырды бойлай бей-берекет созылып жатыр. Жеркепелердің
мұржасынан  өрілген  түтін  мен  тандыр  жаққан  жаппа
түндігінен ұшқан ұшқын, қар басқан қоңырау мұнарасы ғана
өзінің  күйкі  көлеміне  қарамай,  Приянск  өлкесінің  бүкіл
терістігі үшін аса мәнді – адам тұрағы барын аңғартады.
Терістікті шығыс пен батысты түгелдей тундра алып жатыр,
қыс қайда көз тастасаң да – аппақ айдын, мидай жазықта
емін-еркін ұйтқыған жел, бұрқыраған боран шиырлап тастаған
касат қардан тұрған қалың күртік. Түстіктен көз ұшында
тырбиған селдір тоғай қарауытады да, ашық күндері Янаның
сағасын басқа дүниеден бөліп тастағандай Кулар қырқасының
шыңдары шеңберленіп көз алдына тұра қалады.
Екі  аптада  дайындық  тегіс  аяқталды  да,  наурыздың
ортасында күн бір сағат болып ұзарғанда экспедиция жолға
шықты.  Саяхатшыларды  үш  нартасымен  Новосибирь
аралдарына  дейін  каюрларымен  (ит  күтушілер)  бес нарта
шығарып салды. Олар өздерімен бірге аралдардағы қоймаға
қоюға және жолда ауқаттануға деген адамдардың ас-суы
мен иттердің азығын ала жүрді.
Терістік батысқа жол Яна атырабының бір қолтығынан
шығып,  ылғи  тасыған  судың  астында  қала  берген  соң,
тұрғындары тастап кеткен Устьянскінің жұрты жанынан өтеді.
Жолдың біртегіс болуы арқасында олар екі күнде сағаға да
жетті. Ақ жазық енді өзіндей аппақ, теп-тегіс теңіз бетімен
ұласты. Алайда онда ана жерден бір, мына жерден бір белес-

26
белес  белдей  бұлдырап  аралдар,  оң  жақтан  көз  ұшында
терістікке барып сүңгіген құрлықтың мүйістері қарауытады.
Бір түні  болса да Яна  өзені түстіктен ағызып  әкеп, теңіз
теуіп тастаған ағашты жағып жағада қонып шығу үшін олар
бұғазды кесіп өтіп, жолды осы бағытқа бұрды.
Осылай  олар  Ярок  аралын,  жалғыз  жаппалы  Манико
мүйісін,  атшаптырым  Селях  бұғазын,  Туруктак,  Ванька,
Дарычан мүйістерінен  асты. Дарычаннан  Чуркин мүйісіне
дейін жағалауды бойлай келіп, онан Аббелях бұғазын кесіп
өтіп, құрлық кеп шумақталатын Киелі Тұмсық мүйісінің түстік
бетін ала Горохов қосына келіп аялдады.
Сағадан екі жүз шақырымдай осы жолға табаны күректей
төрт күн кетті, себебі олар иттерді ә дегеннен қалжыратып
алмас үшін асықпай жүріп отырды. Теңізбен жүргенде адым
аштырмайтын іркіс-тіркіс мұз шоқылар Лена өзенінің атырауы
мен  Киелі  Тұмсықтың  омырауына  келіп  сұғынған  үлкен
бұғазда онша қалың да, ұзын да емес еді, сондықтан оны
айналып  өтуге  де  болатын.  Күн бұлыңғыр,  бірақ  тымық-
тұғын.
Горохов қосы дегені – сусіңді сырғауылдан салынған не
терезесі,  не  пеші  жоқ,  от  жанып  тұрғанда  ғана  жылитын
жалғыз ошағы бар екі қоржын там. Оларда ара-тұра көктемде
итбалық пен морж, күзде жабайы бұғы мен ақ аю аулаған
кәсіпкерлер тұрып кетеді.
Қосқа келген күні кешке таман аспан айыққан шақта үш
жиһангез ашық теңізді көзден көлегейлеп тұрған, құм кемері
бағзы бір замандағы жанартау жарылысынан балқып, қап-
қара бағана болып құйылған Киелі Тұмсықтың биік жарына
қарай тартты. Бір сеңнен бір сеңге тырмысып, олар мүйістің
ұшар  басына  да  шықты.  Қарсы  алда  ақ  қарды  айқара
жамылып көсіліп жатқан шалқар теңіз, тек ана  тұста бір,
мына тұста бір қарға көміліп қарауытқан мұз шоқылар.

27
Айдынның  көкжиекпен  астасқан  тұсында,  тұп-тура
терістікте төрт шоқылы жалпақ жота – Үлкен Ляховский
аралы  бұлдырап  тұр,  аппақ  дүниедегі  қара  ноқаттар  құз-
жартастарды аңғартқандай. Бұл – кәсіпкерлер жиі баратын
мамонт сүйегі мол Новосибирь аралдарының ең жақыны.
Тура жүрсе, ол алпыс-жетпіс шақырымдай ғана. Зерттеуші
жиһангездеріміздің жолы соны жанай өтеді.
Күн ұясына қонды. Мұз айдынынан ызғырық жел есіп,
барлаушылар көз байланбай қосқа жетіп алуға асықты, онда
ошақта от лаулап, мосыда бұрқылдап ас пісіп жатыр. Үстел
кәдесіне жарап кеткен жол жәшіктерінің үстінде тәрелкелер
тізіліп  қалған.  Шағын  жәшіктерді  орындыққа  ұқсатып,
қорқорын тісіне басқан Горохов пен Никифоров ошаққа итіне
мініп, келсе-ақ асқа бас қойғалы жолдастарын күтіп отыр.
Олар иттерді доғарып, төсек-қаптарды жайып, басқа шаруаны
бағана тындырған. Жапсарлас лашықтан әзіл-қалжың, күлкі
естіліп тұр, онда экспедицияны аралдарға шейін шығарып
салмақшы бес нарталы каюрлар жатыр.
Ертеңіне күн шыға әрқайсысына сегіз-тоғыз ит жегілген
сегіз  нарталы  керуен  құрлықпен  қош  айтысып,  Киелі
Тұмсықтың үшкір құздарын орай өтіп, теңіз арқылы терістікке
қарай  шұбап  жөней  берді.  Алақаншықтап  қар  жүріп
кеткенімен,  біртегіс  жерде  иттердің  жүрісі  де  өнік,
шаңғышылар әрең еріп отыр. Ал жолда сеңгір-сеңгір сеңдер
басып қалған жерде қарға адым жер мұң, нарталардың өтуіне
еңіс  іздеп,  әрқайсысын  жеке-жеке  өткізуге  тура  келді.
Нарталарды біреуі артынан итеріп,  біреуі бүйірінен сүйеп,
шаңғы таяғымен демеп, кісілер иттерге көмек беріп отырды.
Сеңдердің арасынан өтуге ыңғайлы жол табылмаған жағдайда
олар беліндегі балталарын іске қосады. 30-40 градус аязда
әбден шыңылтырланып алған мұз балта тисе-ақ шыныдай
шытынап, шытырлай ұшады. Балта даусы шыққан кезде күллі
нартаның иттері аялдаманы пайдалануға уәделесіп қойғандай,

28
қарға бауырын төсеп жата-жата қалысады, бәзбір осыдан
соң  ширек  сағат  жол  азабын  тартатындарын  алдын  ала
сезгендей.
Осылайша бірде баяу, бірде шапшаң, жалпы сағатына жеті
шақырым жүріп, олар түс әлетінде аралдың жарты жолына
да келді. Иттерін доғармай, өздері шалып алғалы тоқтап,
олар салқын ет, кепкен нан, ыстық шаймен түстік жасады.
Шай  қайнату үшін  олар от  жағып  әлектенген жоқ. Түсте
тоқтаған жерде от жағып, су қайнатып уақыт алдырмас үшін
Горюнов астанадан термос ала келген-ді. Отқа қоймай-ақ
ып-ыстық болып тұрған шайды мейірі қана сораптап ішкен
сайын каюрлар осынау ғажайып ыдысқа қайран қалады. Отыз
градус  суықта  сырты  қол  қарыған  ыдыстың  ішінен  ауыз
күйдірерлік ыстық шайдың шығуы сиқырсыз мүмкін емес
деп ойлайды олар. Казачьеден шыққан күні түстік жасағалы
алғаш  тоқтағанда  от  тұтатуға  оңтайланған  каюрларға
Горюновтың  қалжыңдап,  шайды  мен  қарға  да  қайнатып,
сендерден  бұрын  ішемін  дегені  бар.  Олар  құманын  отқа
қойғанда, бұл термосты алып ортан белінен қарға тығып, бес
минуттан соң айран-асыр болып отырған якуттарға ыстық
шай  құйып  берген.  Оның  құпиясын  білетін  Горохов  пен
Никифоров каюрлардың таң-тамаша қалғанына қыран-топан
күліп, ішек-сілесі қатқан.
Түскі астан соң олар бағанағы тәртіппен тағы да ілгері
тартты. Арал көкжиекті көзден тасалап, аппақ айдынның
үстіне  ұстай  қойған  шымылдық  сияқты  тұтас  бір  денеге
айналып, қарлы көрпеден жеке қарауытқан құздар мен жаға
жарының қошқыл таңбалары ғана көрінеді. Күн батар алдында
соңғы  сең  шоқыдан  асқан  иттер  жер  иісін  сезгендей  бар
пәрменімен зымырай жөнелді. Жерге табан тисе тыным да,
тағам да болатынын жақсы білетін олар жарқабақтың етегінде
қарайған  лашықты  көргенде  ұлып,  жын  қаққандай  жұла-
жұла тартты.

29
Алайда жаға олардың аптығын әп-сәтте басты, теңіз қайта
басталған  тұстағы  күзгі  дауыл  сеңдерді  ерсілі-қарсылы
сапырып үйіп тастапты да, олардың арасынаи нарталарды
Кіші Қыстақ аталатынға дейін бір-бірлеп апаруға тура келді,
бұл үйшікті он тоғызыншы ғасырдың басында осы аралды
алғаш  ыспаттап  берген  Геденштромның  серігі  және
жолбасшысы болған белгілі  кәсіпкер Санников салған-ды.
Жүз жыл тұрса да мынау суықтан үйшік көп жапа шекпеген
тәрізді.  Теңіз  тұзын  бойына  тартып  тіреулердің  сырты
қарайып, кей тұсы бопалай бастағаны болмаса, іші тәп-тәуір.
Аралға  бара  жатып  я  қайтар  жолда  талай  кәсіпкер  осы
лашықта жан шақырған сияқты, бәрі де тері ілгекпен ұсталған
үйшік есігі мен төбесінің түзу болуына көбірек көңіл бөлгенге
ұқсайды, шатырға әредік-әредік топырақ тасталып тұрған.
Үйдің жанында сумен ағып келген ағаштар үюлі жатыр, мұның
өзі жаға бойлап зыр жүгіріп, қар астынан отын қазып алмауға
өте жақсы болған.
Ұзамай қыстақтың алдындағы алаңқайда от тұтатылып,
оның қып-қызыл жарығы екі жақтан да қапталдай созылып
жатқан мұз қабырғаларға түсті.
 
МАМОНТТАР ҚОРЫМЫ
Үлкен Ляховский немесе Таяу арал геологиялық құрылымы
жағынан керемет. Оның төрт тайпақ, бірақ құзтасты шың,
анығырақ айтқанда, шыңдар сілемі түп-түгел гранит, ал қалған
жері жұмсақ құм-қайраң. Сондығынан да әлгі шыңдардан
шапшып шығып жатқан сансыз бұлақтар мен жылғалар жұмсақ
қыртысты  оңды-солды  тілімдеп,  шетене  өспейтін  тақыр
төбешіктерге бөлген де тастаған. Әудемге бармайтын қысқа
жазда беткейі мүк батпақты тундраны көз алдыңа келтіріп,
терістікке қараған ылдилар мен терең сайларында қар жатады.

30
Астын қулаған толқынның қырсығынан теңізге төнген жеке-
жеке жарқабаққа ұқсаған арал жағасы да әлгі жұмсақ құм-
қайраңнан құрылған және ол өзек пен бұлақ жылғаларынан
бөлек-бөлек танаптар түзген. Атам заманда қалыптасқан бұл
қабат  сірескен  тон,  тек  жазда  ғана  болар-болмас  жібіген
сыңай танытады. Жібіген жердің дені суға құлайды не толқын
шайып кетеді, соның салдарынан арал бірте-бірте мүжіліп
шөгіп барады. Тіпті судың шаюына сәл тосқауыл болып тұрған
мынау мәңгі тоң болмаса, арал баяғыда-ақ құрып кетіп, жалғыз
гранит діңгегі қалар еді.
Жаңағы жұмсақ қабатта мамонт сүйегінен аяқ алып жүре
алмайсың, тіпті сол көне жануардың тұтас денесін де жиі
ұшыратасың. Оның тұстастары жүні ұзын мүйіз тұмсық, зеңгі
бабаның  түпкі  атасы,  канада  бұғысы,  жылқы  және  басқа
жануарлардың денесі мәңгі тоңның арқасында бүлінбей, жүн-
жұрқа, мүйізімен, ішек-қарынымен түп-түгел сақталған. Жазда
тоң жібіген шақта көп тұсты өзендер шайып, жеке сүйек-
саяқ пен азу тістерді ағызып сағаға, теңіз жағасына шығарып
тастайды. Осылайша жаға жарынан да толқын шайып, тоң
жібіп шығып қалған көне жануарлардың өлі денесін теңіз
қағып алып, құм-қайраңның астына тағы да тығып жібереді.
Кейде бұл өлексені мың сан жыл тоң болып қатып жатқан
еттен тайынбайтын жыртқыш құстар мен азулы аңдар тік
көтеріп жеп кетеді.
Үлкен  Ляховский  аралының  осындай  ерен  құрылымы
жылда  көктемде  кәсіпкерлердің  құлқынын  құртады  да
тұрады; олар біртегіс теңіз жағасынан, өзен алқабы мен өзен
сағасынан өткен жылы тоңнан бөлініп жібіген жердің бетіне
шығып  қалған  мамонт  сүйегін  жинайды.  Тоңда  тамаша
сақталған бұл мамонт тістерінің бағасы қазіргі піл сүйегінен
бір  де  кем  емес.  Оны  кәсіпкерлердің  қолынан  жергілікті
жердегі, сырттан келген саудагерлер сатып алып, Якутскінің
жәрмеңкесіне апарады, одан о сүйектер әрі қарай Сібірге,

31
Россияға шығарылып, тарақ, запөнке, қобдиша, бильярд шары
сияқты әр алуан бұйымдар жасауға ұсталынады.
Қазып алынған жануарлар сүйегі кәсіпкер үшін пайдасыз,
соған қарап жануарлар әлеміне баға беретін ғылымға ғана
қажет  олар.  Ара-тұра  мұз  еріп  жер  бетіне  шығып  қалған
жануарлар денесіне ғана ие кәсіпкерлердің басқа да шаруасы
жоқ, оны өлшемейді де, сипаттап жазбайды да, тіпті тағы
қайда не жатқанын да білмейді.
Горюнов пен оның екі жолдасы кәсіпкерлерге еріп мамонт
тісін жинағалы осы аралда бір рет болғаны бар, олар олжаның
молдығына  таңғалысты,  бірақ  бірі  де  Казачьеде  бұл
құбылыстың құпиясын түсіндіре алмады, өйткені қолында
сүйенетіндей арнаулы әдебиеті болмады.
Астанада Горюнов осы жағын да ойлап, бұл жөніндегі
әдебиеттермен де танысып, бірен-саранын өзімен ала келген-
ді. Сондықтан жиһангездер жаға жарларын жітірек барламақ
болып, әрі кісілер мен иттерді тынықтырып алмақ ойымен
аралда бір қонуға келісті.
Келесі күні таңертең Гороховтың жол көрсетуімен үшеуі
де теңіз жағасын бойлап жүріп кетті. Күн көзі шыраланып
теңіздің жазғы жойқын шаруасы әлі бастала қоймаған кез,
алайда шұғыласы жарға асылған еңкек күн біраз істі тындырып
та тастағандай. Жаға жарларының биіктігі жиырма-жиырма
бес метрдей, ұшар басына қатты бораннан соң үй шатырына
тұратын  қасат  қардай  асылған  күртік  сіресіп  сіреу  болып
қатып қалған. Қысқы жауын-шашын, бораны жиі бұл араның
мұз әдіптерінің кей тұсының ені төрт-алты метр, ұзындығы
жиырма-қырық метрге жақындап, қалыңдығы бір-екі метрден
асады.  Осылардың  астын  қуалай  жоғары  жағы  бірөткей
мұздан,  кейде  қатып  қалған  салынды  –  құм-қайраңнан
тұратын  жаға-жары  басталады.  Жар  астындағы  мұз
қалыңдығы  әр  түрлі  тұтас  бір  дүние,  бейне  арал  түкпірін

32
үңгіп бара жатқан мұз қабырға іспетті. Қабырғалардың ара-
арасы  жұқа  балшық,  ұсақ құм  мен  мұз  қабаттары  болып
алмасады да отырады. Жардың жоғарғы жағынан бәзбір
сіреу мұз құлап түссе, салынды мен мұздың сырты құмбалшық
немесе шымтезекпен көмкерілгенін көруге болады, ал омбы
қардың астында жатқан тундраның үстіңгі қабаты да осы
жыныс.
Жардың төменгі жағының басым бөлегін қыс бойы жағадан
үріп тыққан күртік жауып жатыр. Биіктігі сегіз-тоғыз метрге
жететін осынау құлама күртікпен жардың тура ернеуіне дейін
барсаң, теңіз деңгейінен он екі – он бес метрдей биіктікте
тұрған аралдың құрылымына көзің әбден жетеді.
Жағаны барлау барысында жиһангездер жануарлар сүйегінің
мұзда  емес,  салынды  қабатында  жатқанын  білді.  Мұны
аралда бұрын көп болған Горохов та растады, ол тіпті салынды
қабатынан бітеу өлі жануарлар да тапқан.
Жаға бойлап он шақырымдай жүріп, жер құрылымы түгел
біркелкі екеніне көзі әбден жеткен жиһангездер түске қарай
Кіші Қыстаққа қайтып, тапқан сүйек-саяғын ала келді, оның
ішінде мүйізтұмсықтың бас сүйегі  мен мамонттың тісі де
бар. Жардың мұзды бөлегінен олар күн көзінің кей тұсты
үңги тесіп, сүңгілер тізе бастаған бүлдіру әрекетін де көріп
қайтты.
Ас  үстінде  Горюнов  жолдастарына  Толльдің  осы  бір
ғажайып  аралдың  құрылымын,  мұнда  жойылып  кеткен
жануарлар өлігінің неліктен  молдығын қалай баяндағанын
айтты. Оқымыстының ойынша, аралдың мұзы – алапат мұз
басу дәуіріне дейін болған үлкен бір мұзарттың қалдығы.
Мұз дәуірінің аяғына қарай азайған мұзарттың үстіңгі қабаты
мүжіліп, еріп, аралдың жоғары жағынан тұщы су қайнарлары
құлауынан  тілімденіп,  жылғаларда  құм-қайраң  түзілген.
Салындылардан табылған өсімдік қалдықтарына қарағанда,
қазіргідей қына мен мүк, тырбиған гүлсымақ емес, аралдың

33
өсімдік  дүниесі  аса  бай  болған  сияқты,  бұрын  бұл  арада
биіктігі  төрт-алты  метрлік  қызыл  қайың  шоғы,  үйеңкі-тал
мұзартқа жақын жатқанына қарамай, әр алуан дақыл өссе
керек. Шамасы, мұз дәуірінен кейінгі кезде бұл жердің ауа
райы  жұмсақ  болған  тәрізді,  өйткені  мұндай  өсімдіктер
құрлықта тек ендіктен бірнеше градус түстікке қарай ғана
кездеседі. Өлі мамонттардың тісінен, ұлтабарынан табылған
азық  қалдықтары  әлгі  жануарлардың  осы  өсімдіктермен
қоректенгеніне куә. Ал өлі жануарлардың мұз бен салынды
қабатында жатысының өзі олардың осы жерде өмір сүріп,
осы жерде өлгенін аңғартады.
Ал Үлкен Ляховский аралынын мұз дәуірден кейінгі кездің
әр алуан сүтқоректілерінің сүйікті орны болу себебі неде?
Мұны былайша болжауға болады: жер дамуының төртінші
дәуірінің басында Сібір құрлығы қазіргіден гөрі терістікке
қарай сұғыныңқырап жатқан да, Новосибирь аралдары сол
құрлыққа кірген. Соңғы мұз басу дәуірінің аяғында, Сібірде
әлгі  мамонттар,  ұзын  қылшықты  мүйізтұмсықтар,  зәңгі
бабаның түпкі аталарымен алғашқы қауымның адамдары бар
кезде, құрлықтың осы қиян шеті жіктеле жарылып, кейбір
тұсы төмен түсіп теңізге батып кеткен. Биігірек жерлері бірте-
бірте мұздан арылып, өсімдік өсе бастаған. Қазіргіден күн
әлдеқайда жылы болғанын жануарлар сүйегімен бірге табылған
өсімдіктерден де көруге болады. Әрине, қаптап келе жатқан
топан судан жануарлар қыраң жерлерге қашып шығып, аман
қа лғ ан ы  ан ық ..   Со нд ай  жерді ң  б ірі  Но во сибирь
архипелагының басқа аралдары сияқты осы Үлкен Ляховский
аралы болса керек. Аралдардың тап түстігіндегісі болған соң
ба, оңтүстікке ауған жануарлардың дені осыған жиналыпты.
Алайда ол айдынды бұғаз арқылы құрлықтан бөлініп қалып,
аралға  айналған  да,  жеткен  жануарлар  әлі  кете  алмаған.
Жануарлардың көп жиналғаны сондай, азығы жетпей, арал
олардың қырылғанда құлар қорымына айналған.

34
Онда қанша мамонт мекендегенін кәсіпкерлер ерте кезде
алып  келіп,  Якут  жәрмеңкесіне  салған  мамонт  тісінен  де
аңғаруға болады. Санаққа қарағанда, олар жыл сайын мың
– мың төрт жүз пұт, орташа – мың екі жүз пұт сүйек әкеп
тұрған. Ірі мамонттың екі азу тісі сексен килограмм, яғни бес
пұт тартады. Демек, жәрмеңкеге жыл сайын екі жүз қырық
мамонттың тісі әкелінген. Олардың дені Үлкен Ляховский
аралынан алынған, себебі оны жоғарыда суреттелгеніндей,
теңіз толқыны шайып, мұз қабатында жатқан мамонт тістерін
жағаға шығарып тастап отырған. Кәсіпкерлер де оларды көбіне
осы арадан жинап алған, бұл мұз қабатын үңгіп, тоң қопарып
жатқаннан, әрине, әлдеқайда оңай.
Сөйтіп,  бағзы  заманда  құрлықтың  осы  бір  бөлегі  өз
пұшпағынан жырылып, аралға айналған соңғы мұз дәуірінің
ақырында бұл арада мың сан мамонт босып жүріп бірте-бірте
өліп біткен. Бірі жазда мұз ерігенде лай тасқынға қарық болған,
екіншісі  азын-аулақ  шөбіне  алдаусырап,  мибатпақка  батып
кеткен, үшіншісі сары маса, сәйгел-бөгелектен қашып, жарылған
мұздың арасына құлап, кейін құм-қайраңның астында қалған.
Мұз басқаннан кейін тоң арасында осылай өлген жануарлардың
ғана  денесі  сақталған.  Ал  жер  үстінде  өлгендердің  етін
жыртқыш  аңдар  мен  құстар  жұлмалап,  тек  саусылдаған
сүйектерін ғана тастаған. Берік мамонт тістері болмаса, бара-
бара басқа сүйектер бүлініп, күл боп біткен. Міне, бұл аралдың
күллі терістік жағалаудан кәсіпкерлерді қызықтырған мамонт
сүйегінің басты қоймасына айналу себебі содан.
– Ляховский аралындағы қазбалы мұздың шығу тегіне
деген Толльдің көзқарасын оқымыстылардың бәрі бірдей
құптай  бермейтінін  ескере  кеткен  абзал,    –  деді  сөзінің
соңына қарай Горюнов. – Мәселен, Толльмен бір мезетте
зерттеген Бунге бұл мұз бағзы мұзарттың қалдығы емес,
кейін пайда болды деген пікір сабақтайды. Мұндай мұздар
су қата солтүстік Сібірде күні осы уақытқа дейін түзіледі.

35
Күзгі  аяздан  жарылып,  қыс  қар  толған  мұз  жарығынан
көктемде тоң топыраққа құйылған судың қатуынан пайда
болады ол. Олай болса, бұл мұздар мамонттар өмір сүрген
дәуірден көп бері.
– Мұз бертінгі болса, жануарлар қалай оның арасында
қалған? – деп сұрақ қойды Костяков.
– Мәселенің өзі де жануарлар қаңқасының мұзда емес,
тундра қыртысы мен мұз қабатының арасында жатқанында
болып тұр ғой. Толль осыны аңдап, атап айтқан.
– Демек, олар қорыс-қопалы тундрада жайылып жүріп,
ұшып өлген де! Сонда тундра олардың тұсында мибатпақты
болғаны ғой. Біз мұнда әжептәуір ағаш, шүйгін шөп өскен
деп естіп едік, – деп сөз қосты Ордин.
– Бунгенің пікіріне баксақ, солайы солай, – деп жауап берді
Горюнов.  –  Бірақ  менің  көбіне  Толльдін  болжамына  ден
қоятыным  мынадан.  Біз  бүгін  жарқабақтардан  тундра
топырағының арасындағы қабаттардың мұздан құрылмай, қайта
мұз арасындағы жарықшақтарды топырақ толтырғанын көрдік.
–  Сібірдің  солтүстігінің  мұзданып  бара  жатқанына
Ляховский  аралынан  басқа дәлел  бар ма?  –  деп сұрады
Ордин.
– Мәселе оның бар екенінде болып тұр ғой. Толль мұз
көшкіні кері шегінген кезде қалған көне мореналарды, яғни
балшық пен құм жентектелген қойтастарды Таймыр түбегінен
де,  Анабар  өзенінен  де,  Қазандық  пен  Жаңа  Сібір
аралдарынан да тапқан. Миддендорф эррат қойтастарын,
яғни мұз әлдеқайдан домалатып әкеп Таймыр түбегінің ана
жеріне бір, мына жеріне бір тастаған қойтастарды көрген
1
.
– Қазбалы мұздың басқа да түзілу тәсілдері туралы менің
бір оқығаным бар, – деді Ордин. – Тундрадағы көлшіктер
көбіне  түбіне  дейін  қатады,  егер  ол  көктемде  еруіне  ерік
1
 Тың деректерге қарағанда Сібірдің терістігі тегіс 60-62  градус Солтүстік ендікке
дейін күшті мұздануға ұшыраған.

36
бермейтін  лай-топырақпен  көмкерілсе,  қазбалы  мұзға
айналады. Қырқа баурайындағы тау-төбе күртік қарлар да
құм-қайраң мен лай басса, біртіндеп мұзға айналады және
оның сыртқы қабаты кездейсоқ бұзылмаса, ол міз бақпайды.
–  Дұп-дұрыс!  –  деп  қостады  Горюнов.  –  Олардың
түзілетін тағы бір тәсілін айтайын. Бұлар – Сібір өзектерінің
жағасында кейде қалыңдығы да, ені мен көлденеңі де тұп-
тұтас болып жататын тоң мұздар. Оларды да көктемде құм
мен  лай  басуы  кәдік.  Ондай  қазбалы  тоң  мұздардан
мамонтпен  бір  мезгілде  жасаған  жануарлардың  денесі
шыққаны бар. Алайда қазбалы мұздар мәселесінің көлеңкелі
жақтары  әлі  көп  екенін  мойындау  керек,  олар  өз
зерттеушілерін күтіп жатыр. Күні бүгінге дейін бұл мәселемен
ешкім де арнайы, жан-жақты шұғылданған жоқ.
– Маған мамонттар мен оның тұстастарының тіршілігі
мен құрып кетуі туралы мәселе де жеріне жеткізе баяндалмай,
әлі де тереңірек зерттеуді қажет етіп жатқандай көрінеді де
тұрады,  –  деді  Ордин.  –  Ал  мысалға,  олар  не  үшін
көшкінмен жүрген немесе өзендердегі тоң мұздарға неліктен
шыққан?
– Бұл түсінікті емес пе: олар маса мен бөгелектен, басқа
да шағатын жәндіктерден бас сауғалаған, бәлкім, ол кезде
әлгіндей шыбын-шіркейлер тіпті көп болған шығар. Күні бүгін
де солтүстік бұғылары жазда сүйтеді, сәйгелден бас сауғалап
ерімей  қалған  күртікке,  тоң  мұздарға,  теңіз  жағасындағы
мұзарттарға шығып кетеді, мүкке тойған олар жусап иә күйіс
қайырып сол салқын жерде сағаттап тұрады. Әрине, мамонт
мәселесінде мұнан басқа да түсінік керек ететін тұстар жетіп
жатыр. Аталмыш жануарлардың құрып кетуі ауа райының
нашарлауынан деседі. Бірақ ауа райы бірден нашарламаған,
тұтас ғасырларға созылған сияқты, олай болса құрып кетер
алдында ол жануарлардың тұқымы азып, ұсақталуы керек
еді. Бұл жағы әлі қараңғы, сондықтан сүйектерді қайткенмен
көп жинап, осы мәселенің бетін ашу керек.

37
–  Әлде  осы  мәселемен  шұғылдансақ  па  екен?  –  деп
қалды Костяков.
– Бір жылдан соң Россияға оралып, университетті бітіріп
алайық, арғы жағын көре жатармыз...

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет