О19 Обручев Владимир



Pdf көрінісі
бет4/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

 ЖЕРҰЙЫҚ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА
Аппақ жылғамен баяу бұралаңдай отырып керуен бірте-
бірте жоғарылап келеді, кейде өрдің тіпті шегі жоқ сияқты
болып кетеді, еңіс-өрді құндақтап  алған желең тұман тау
жынысын  көзден  тасалап,  қарлы  құлама  жүз  қадамдай
төменде буалдыр мұнарға оранып қалып жатыр.
– Биік тау деп осыны айт! – деп қалды Горохов иттерді
тынықтырып алу үшін жасаған бұрылыстағы бір аялдамада.
– Шамасы, біз ашық алқаппен жүрудің орнына, шеткі
таулардың бірінің биік жарына тап болсақ керек, – деген
болжам айтты Ордин.
– Ол әбден мүмкін, жердің түстік беткейі түгел осындай,
– деді Горюнов. – Естеріңде ме, біз әуелі алдан шың-тасты
тау сілемінің құзар қарлы басын көріп едік қой, зады, көсіліп
жатқан сол алыпқа көтеріліп келеміз.
–  Ғажап  жер!  –  деді  Костяков.  –  Новосибирь  мен
Беннетта  аралдарын  көмкеріп  жататын  құлама  жар  мен
жартасты мүйістердің орнына мұнда теп-тегіс тақтайдай ылди.
– Биіктен сырғитын көшкін мұз да жоқ, жалғыз ғана қар,
– деп қостады оны Ордин.
– Иә, ғажап! Мынау түстік беткей, мұның қары жаз еруі
тиіс.  Алайда  алдында  көргеніміздей,  мұның  қырқасынан
тұтас тау тізбегі көтеріледі, онан сырғыған мұз көшкіні ғой,

60
теңізге тура осы баураймен құламақ керек. Ал әзір біз оны
көріп тұрғанымыз жоқ.
–  Осынау  таңғажайып  оқиғаның  бір  ғана  шешімі  бар,
мына қарлы қырқаның ар жағында терең аңғар, кең жазық
болуы керек, көшкін мұз сонда құлауы тиіс, – деп топшылады
Ордин.  Одан  әрі  Шпицбергендегідей  орасан  мол  мұз
тасқыны болып бір жерден теңізге құйылуы қажет.
– Сонда бұған ұшып келіп жүрген құстарға азық қайдан
табылмақшы?  –  деп  таңырқады  Костяков.  –  Тіпті  мен
онкилондар  туралы  айтпай-ақ  қояйын,  олар  бар  екеніне
басынан-ақ шүбәлімін.
– Сәл сабыр етейік те, жолдастар, жұмбақтың шешімі
енді шалғайда емес, – деп күлді Горюнов. – Жүнжімей
алға қарайық.
Келесі аялдамада барометр теңіз бетінен сегіз жүз метр
биіктікті  көрсетті.  Тұман  біраз  қоюланайын  деді,  соның
салқыны ма, Горохов:
– Қалай ойласаңдар олай ойла, кері қайту керек, – деп
салды.
– Ол ненің ақысы? – деп дауыстап жіберді Горюнов.
–  Көрмейсіңдер ме,  түге. Аспанға шығардай,  өрмелеп
келеміз,  шеті-шегіне  жете  алар  емеспіз.  Мұндай  биік  тау
болуы тіпті мүмкін емес.
–  Охо-хо-хо!  –  деп  үшеуі  қатар  күлді,  тіпті  оларға
Никифоров та қосылып кетті.
– Ал тұман ненің белгісі екенін білесің бе? Кигилях тауын
еске түсірші, басына кісі шығармас үшін тұмантып қоя бермей
ме?
– Никита-ау, саған каюрлардың соқыр сенімі жұққан ба
деймін. Биік тауда, әсіресе, мынадай жерде тұман түсуі –
дағдылы дүние. Оны көрмей жүрген жоқпыз ғой.

61
–  Ерік  өздеріңде,  білгендеріңе  бағыңдар,  менікі  –
сақтандыру. Түбі Горохов сорға бастады деп жүрмесеңдер
болғаны.
Олар әрі аяңдады, ақыр аяғында жарты сағат өткен соң
сейіле бастаған тұманның арасынан қар ортасында андағайлап
әлі де асқақ бірнеше түксиген шың-құз шыға келді. Бәрі де
еркін тыныстап, ендігі жолға жігермен кірісті, қар да босап,
баурай жайпақтанғанымен, нарталар омбылай берген соң алға
түсіп иттерге із салып отыруға тура келді. Сондықтан өрге
шығу шабандап, соңғы жарты шақырым күшке түсті.
Барометр  тоғыз  жүз  жетпіс  метрді  көрсеткен  қарлы
жотаның  жон арқасына  шыққанда  күн  де ұясына  еңкейіп
қалған еді. Тұман ақ шымылдық болып бар еңіс, бар етекті
бүркеп тұра қалған, оның үстінен көкжиекке дейін көсіліп
жатқан сіреу мұз, сеңгір-сеңгір сеңімен теңіз көлбейді.
Нарталарды қардан қылтиып тұрған тайпақ қара құздың
етегіне  тастап,  бесеуі  де  қырқаға  көтерілді,  қарлы  алқап
осымен көмкеріліпті де, әрі қарай екі қадам жерден терең
аңғар басталды.
– Міне, ғажап! – деп Никифоров дауыстап жіберді, осы
үнімен ол алдынан ашылған керемет суретке деген бәрінің
таңданысын білдірген еді.
Теңіз  деңгейінен  мың  метрдей  биіктікте  79  немесе  80
градус ендікте жататын мәңгі мұз бен қасат қардың орнына
жиһангездердің алдынан жаңа бүр жарған жас көктем құшақ
жайғандай болды, ал Якутск түбінде, 15–17 градус түстікке
қарай мына сәуірдің ортасында қар енді ғана жіби бастады
ғой.
Құздан  төмен қары  ағарып түксие  түскен тақта тастар
саты-саты болып, көкжиекке дейін көсіліп жатқан кең жазыққа
қарай сүңгіп барады. Түу төменде жаңа ғана жапырақ жара
бастаған  орман-тоғайға  бөлініп  дестеленген  жасыл  алқап
жатыр. Жасыл алқаптың әр жерінен бірде тоғайға кіріп, бірде

62
жазыққа шығып, бұралаңдай аққан бұлақтардың күміс лентасы
арқылы бірімен-бірі жалғасып жатқан үлкенді-кішілі көлдер
жарқырайды. Алысырақ көлшіктер үстін боз тұман басып
мұнартып жатыр. Осынау жасыл алқаптың батысында етегі,
тіп-тік жар, асқар таулар асқақтайды, оның найза шыңдары
бейнебір алып араның тісі сияқты, онда тақталанып қар жатыр.
Ал  аңғардың өзінде  қар деген  атымен жоқ.  Күн сол  тау
шыңдарының тасасына барып батты да, жазықтың үстіне
ымырт үйірілді.
Алқаптың  алыс  шалғайын  құндағына  алған  тұманға
жасырынып таулар тізбегі көкжиектен әрі асып, терістікке
сұғынып барады. Қарсы алдындағы сол тауларға таңырқаған
бұлар тұрған жота да терістікке сүңгиді екен. Түстікте екеуі
де түйісіп, жасыл алқапты қорғанға ұсап қоршап тұрған тәрізді.
Алғашқы минуттардағы үнсіз таңырқау енді ашық әсер
алмасуға ұласты.
– Ғажайыптың да ғажайыбы ғой мынау, Матвей Иванович!
– деп үн қатты Никифоров.
– Нағыз жерұйықтың өзі! – деді Ордин.
–  Мынау  ендікке  мынадай  көк  бітеді,  мынадай  көк
шығады дегенге тіпті ой жетпейді. Жазықтың терістік жағы
ашық, бейнебір жылылық полюстен есіп тұрғандай, – деді
Костяков.
– Табиғаты қатал біздің жағалаудан құстардың осылай
қарай ұшуы енді түсінікті болды. Онкилондардың да келіп
жан сақтауы әбден ықтимал. Ал біз анау нарталармен қалай
төмен түсеміз? Ол бар болғырлар бос болса да түсу оңай
емес, – деп бір қойды Горюнов.
– Әнекей, хайуандар қиналмай-ақ түсіп барады, – деп
дауыстады Ордин бірнеше қара қоңыр хайуандарға саусағын
шошайтып. Үп-үлкен мүйіздері иіліп кеп басын екі жағынан
қоршай біткен жануарлар жиһангездердің аяғы астындағы
құздың ернеуіне шыға-шыға келді.

63
– Мыналарың таутеке ғой! Бір-екеуін кешкі асқа атып алса
ғой, шіркін! – деді Горохов қызып та, қызығып та кетіп.
Айтып  ауыз  жиғанша  жануарлар  да  адам  иісін  сезіп,
аңтарыла басын көтеріп жоғарыға қарады.
Зады, таутекелер адамдарды бұрыннан білетін болса керек,
бірер минут аңырып тұрды да, жалт беріп құздан асып жоқ
болды.
Горюнов  жалма-жан  дүрбіні  алып  жіберіп,  жаңағы
таутекелер тұрған жақпарды көзбен өлшеп көрді: құз ернеуі
терістік-шығысқа  қарай  биіктеп,  түстік-батысқа  таман
аласаратынға ұқсайды, ылдиға осы бағытпен түскен абзал.
– Жақпар тасты жағалай түстік-батысқа қарай тартамыз,
– деп ол шешімін айтты. Төмен түсетін жалғыз жол болса,
ол сонда.
– Бәлкім, барлық аңғарды айналуымызға тура келер... –
деп шүбәланды Ордин.
– Немене, мұнда құс болмаса, адамға деген жол жоғына
көз жеткізу үшін айналмақпыз ба, – деп Костяков та кері
тарта қалды.
– Онда, амал нешік, бір жолға поляр мұздарының арасынан
өсімдік дүниесі бай алып аңғар тапқанымызға мәз болып,
құрлыққа ізімізбен кері қайтамыз да.
Уақыттың қалғанын пайдаланып, жота-жақпарын бойлай
отырып олар түстік-батысқа қарай жүрді, ернеу біртегіс емес
екен, ол төмендеген тұста түстік баурайдың қары, құлама
жардың шетіне дейін барады да, биіктеген тұста құзға немесе
үшкір шыңға ұласады. Оларды көргенде Ордин балғасына
ұмсынып, бірнеше жартастан жыныс кертіп алып үлгерді.
Бәрі де олардың базальт болып шықты: бірі тығыз тұтасы,
бірі базальт лавасынан шыққандай көпіршіген қоқысы.
–  Менің  көзім енді  жетуге  айналды, – деді  ол сөзін
Горюновқа  арнап,  –  Сіздің  Санников  жері  жанартаудың

64
қалдығы  болуға  тиіс  деп  академик  Шенкке  айтқан
болжамыңыз  дұрысқа шыққалы  тұр.  Айнала түксиген  тік
жарлар қоршап тұрған осынау алып шұңқыр бағзы замандағы
зор жанартаудың кальдерасына
1
 қатты ұқсайды, бізге еңісте
де, енді де кездесіп тұрған базальттар соны дәлелдейді.
–  Аңғардың  арғы  тегі,  солай  екенін  мынау  ендіктегі,
өсімдіктер байлығы да айтып тұр, – деп мақұлдады Горюнов.
–  Алдын  ала  байлам  жасамай-ақ,  әрі  қарай  не  боларын
аңдайық.
Түстік-батысқа бойлаған сайын жар жақтауы аласарайын
деді, бірақ ол ойпатқа қарай тағы да тік түсті. Қараңғылық
қоюланып барады, бірақ толған ай тас төбеге шығып ап жолды
көрсетіп тұр. Тағы да сағат шамасы, өтті.
Горюнов барометрге қарап еді – ол теңіз деңгейінен бес
жүз метр ғана биіктікті көрсетіп тұр екен.
– Меніңше, осы жота жақпарында түнеп шыққан жөн
болар,  бәрібір  ай  бізге  ана  жаққа  апарар  еңістің  жолын
айқындап  бере  алмайды,  ал  қараңғыда  бейтаныс  жолмен
жүру қатер.
– Тегіс бір жер тауып алып тоқталық, – деп келісе кетті
Никифоров.
–  Ал түнде  боран көтерілсе  ғой,  бәрімізді  шыңырауға
бір-ақ сыпырып тастайды, – деп қауіп айтты Костяков.
– Боран болмайды, – деп кесіп айтты Горохов, – аспан
ашық,  жел  жоқ,  күн  қызармай  батты.  Зәуде  бір  шайтан
шатастырып жүрмесе...
– Шайтанның да мейірімі түскен шығар деп ойлайық та,
– деп күлді Горюнов.
Жар жақтауынан тегіс жайпақ жер тауып алып, екі құздың
аралығына  шатыр  тігіп  ас  ішті,  бірақ  ешқайсысының  да
ұйықтағысы келмеді. Жұмбақ ойпат табан астында тұрып
1
 Кальдера (испанша  «қазандық» деген сөз) деп сөнген жанартаудың кратерін
атайды,  олар  тым  далиып,  судың  шаюынан  шөгіп,  үлкен  циркті  елестетеді.
Кальдералардынң  арасында да сөнбеген жанартаулар қонысы жиі  жолығады.

65
алып, қиялды баурай берді. Ай сәулесі оның шалғай шетіне
шығып, таяу тұсы көлеңке қолтығына кіріп кетті, әредік айна
көлдермен бұлақ шолпысы күмістей жалтырап, орман мен
даланың күңгірт жүзінен жақсы көрінеді.
Жардың шетінде отырып бесеуі де аяқ астында жатқан
ғажайып аңғарға ой жүгіртеді; ай нұрына шағылған қарсы
алдағы құз тіпті тіп-тік әрі биік тәрізді.
Олар ойпат табанынан мың жарым, мың алты жүз метр
тік көтерілген-ді. Кенет түн тыныштығын тілгілеп, түу тереңнен
бәзбір  жануардың  мөңірегені,  ізінше  өкіргені  құлаққа
шалынды.
– Еһе-е, төменде бірдеңе бар, сиыр мөңіреп жатыр, –
деп оны Никифоров бірден байқады.
–  Ал  анау  өкіріп  жатқаны  не?  Бұғыңның  өзі  болып
жүрмесін? – деп сұрады Горюнов.
– Жоқ, ол бұғы да, бұқа да емес. Мына хайуан бәзбір кең
тұрбадан гүжілдеп тұрған тақылетті. Тіпті аюдың ақырғанына
да ұқсамайды. – Қандай хайуан болуы мүмкін деп бәрі дал
болды, бірақ бір де кәсіпкер бұрын-соңды мұндай үн есітіп
көрмепті.
– Ал анау не? – деп сұрады Ордин ойпаттың ортасында
алыстан жұлдызға ұқсас қызыл нүктені нұсқап. Әлгі нүкте
біресе лап етіп, біресе сөне қалады.
– Бәлкім, бұл осы жанартау кратерінің түбінде сөнбей
қалған от болар, – деп қалжыңдады Костяков.
– Біреудің жағып жатқан оты емес пе өзі?
–  Соған  келіп  те  қалар.  Демек,  мұнда  адамдар  бар,
мүмкін,  жоғалып  кеткен  онкилондар  осылар  шығар деген
болжам жасады Горюнов.
Тағы да тылсым тыныштық меңдеді. Бәрі де ойпаттағы
жұмбақ оттан көз алар емес. Алыстан барабан дабылы сияқты
үн талып жетті.
– Дәу де болса, бұл бақсының даңғырасы! – деді Горохов.
– Демек, мұнда адамдар бар, от та солардікі.

66
– Адамдар болатын болса, төмен түсер жол да бар деген
сөз, – деді Горюнов. – Адамдар құс сияқты әуемен ұшып
келіп түсе қалған жоқ қой.
– Жол болуы да, опырылуы да мүмкін.
Үнсіздік меңдеп және жарты сағат өтті, бәрін ұйқы иектей
бастады. Кенет тың бір құбылыс оларды сергітіп жіберді.
Ай  аспандап,  нұрын  мол  төккеніне  қарамастан  аңғардың
алыс қиыры буалдыр тартып, әп-сәтте тұман шымылдығына
кіріп,  көрінбей  кетті.  Тұман  пердесі  түстікке  қарай  баяу
сырылып  барды  да,  ұзамай  бүкіл  ойпат  мұнарға  оранған
бозша  көлге  айналып  кетті.  Бірте-бірте  тұман  шудаланып
жоғары шығып, жиһангездер тұрған түстік беткейдің жотасына
да жетті.
Терістіктен  дымқыл,  бірақ  жылы  жел  тұрып,  әудемде
жақпар да, қара құз да, шатыр да қою тұманға оранып, ай
әрең көрінді.
– Ойын көрсету аяқталды, шымылдық түсірілді, тарайтын
уақыт болды, – деді Ордин кекесінмен.
– Бәлесінен аулақ, шатырға енейік, – деп ұсыныс жасады
Горохов. – Қалай ойласаңыз, олай ойла, Матвей Иванович,
осының бәрі арбау, мұнар да, мына жер де, орман да, көл
де, жазық та, хайуан да алдамшы. Көрерсіз, ертең ояндық
бар ғой, қардан басқа бұл арада ештеңе болмайды, сосын
қарайламай тезірек қайтуға тура келеді.
– Жарайды енді, сәуегейім, ертең көрерміз, – деп жауап
қатты оған Горохов.
Ұйықтағалы  жатқандарымен  жөндеп  ұйықтай  алмады,
иттер жақын маңнан бір жануарлардың иісін сезді ме, әлсін-
әлсін абалап, мазаны кетірді.
САННИКОВ ЖЕРІНДЕГІ БІРІНШІ КҮН
Таң ағарғанда тұман айыққан жоқ еді, оның қоюлығынан
бес қадам жердегі адамның өзін ұшты-күйлі таба алмайсың.

67
Шатырдың сыртына шықсаң да құздан құлап кетпес үшін
сипалап жүру қажет.
Жар жақпарын жағалай әрі жүріп төмен түсер жол іздеу
үшін күте тұру керек болды. Олар Қазандықтан алып шыққан
отынның қалғанын жағып, асықпай ас әзірлеп ішті, иттерін
азықтандырып алды.
Сағатқа қарап шамаласа, күн шыққанына бір сағаттан асқан,
алайда соқыр тұман тұмшалап алып әлі көрсеткен жоқ. Тұман
бейнебір ойпаттың алып тостағанына шып-шып толып, тасып
төгіліп жатқан айран тәрізді.
– Мынау түтіндеп тұрған – сіздің жанартауыңыз! – деп
қағытты Костяков. – Бұл түн баласы атқылап шығатын әуелі
от лаулап, артынан түтін бықсиды.
– Күле түс, күле түс, Павел Николаевич, – деп ойын
сөзге  шын  жауап  беруге  айналды  Ордин.  –  Айт-айтпа,
ойпаттың,  жанартаудың  өзі,  оны  ашу  да  Санников жерін
танытқаннан түк те кем емес.
– Айтыңдаршы, поляр мұздарының арасында жанартау
болуы мүмкін бе? – деп сұрады Костяков.
– Неге болмасын, түстік поляр аймағында Эребус пен
Террор сияқты сөнбеген жанартаулар күні бүгін де бар, ал
сөнгендері қаншама. Мұзды мұхиттан әр кезеңдегі жанартау
жыныстарын  табамыз,  оларды  Гренландиядан  да,
Шпицбергеннен  де,  Франц  –  Иосиф  жерінен  де,  тіпті
Санников жеріне ең жақын жатқан Беннетта аралынан да
ұшыраттық.
– Олардың бәрі көне жерлер ғой.
– Бәрі емес, мәселен, жанартаулары ылғи атқылап жататын
Исландияны қайда қоясың?
–  Ал  бұл  жанартаудың  ауқымы  жағынан  басқаларын
шаңына  да  ілестірмейді,  –  деді  Горюнов  –  Сіздердің
болжамдарыңыздың дұрыстығына күмән келтіріп тұрған да
осы.

68
– Бұл шынында да орасан үлкен, меніңше, мұның көлденеңі
жиырма, көлбеу бағыты қырық-елу шақырым.
– Жер үстіндегі белгілі кратерлердің ең үлкенінің көлемі
қандай?
– Ұмытпасам, Гавай аралдарындағы Мауна-Лоа кратерінің
диаметрі төрт шақырым, ал Явадағы Гунунг-Тенгердікі алты
шақырымнан сәл ғана аз болса керек.
–  Міне,  көрдіңдер  ғой,  мына  қалпына  қарағанда  бұл
Жерде емес, Айда болуға тиіс жанартау! – деп қосарланды
Костяков.
– Айда болса ең елеусізі болар еді, себебі онда диаметрі
алпыс, сексен, жүз шақырым, тіпті онан да үлкен кратерлер
бар. Мысалы, Птоломей кратерінің диаметрі жүз алпыс бір
шақырым, Лянгренустікі – жүз елу сегіз. Ал диаметрі жетпіс-
тоқсан шақырымдық кратерлер оннан асады. Жалпы Айда
барлығы отыз мыңдай кратер бар.
–  Олардың  бәрі  атқылаған  кезде  Ай  сұмдық  болған
шығар!
Жиһангездер Айды әңгімелеп отырғанда күн өз шаруасын
жайғап жатты; тұман тез сейіліп, түтеленіп жоғары көтерілді
де, бірте-бірте ауаға сіңіп жоқ болды. Ұзамай жар жақпары
да мұнтаздай тазарып, жолға шығуға да жарап қалды, алайда
аңғар әлі жоғары жағы ғана көбіршіктеніп, мұнарда сүттей
ұйып тұр. Ернеудің төмен иілуіне қарап олар батысты бетке
алып әрі тартты. Не керек, түске тармаса әрі қарай тағы да
биікке бастайтын ең аласа тұсқа да жетті.
– Егер бұл  арадан түсер жол таппасақ,  оны ойпаттың
терістік жақ шалғайынан іздеуге тура келеді, – деп өз ойын
айтты Горюнов.
– Ол дегенің азап болады, – деп ақтарылды Ордин, –
себебі тамыздықтық та отын қалған жоқ, иттердің ас-суы
әрі кетсе үш-ақ күнге жетеді.

69
Анықтап  көргелі  бәрі жардың  жиегіне  келді.  Барометр
теңіз деңгейінен жүз жиырма метр ғана биіктік көрсетіп тұр.
Арқанмен  жақпар  тастан-жақпар  тасқа  түсіп  амалдауға
болғандай.
– Міне, түсетін жол да табылды! – деп дауыстап жіберді
Горюнов оң жақты нұсқап.
Бәрі де со жаққа қарады. Қырқадан аңғарға қарай созылып
қар жалы жатыр, боран ұйтқып теңіз жақтан жотаның аласа
тұсы арқылы айдап кеп тығып тастаған кәдімгі күртік, құз
тасасында еру деген оның ойында да жоқ. Жардың ернеуіне
дейін жеткен күртік әжептәуір тік, оның оңынан да, солынан
да сондай қасат қар ұшырасты, бірақ олардың екеуі де қырқаға
жетпей тоқтаған, демек, осы ортаңғымен ғана төмен сырғуға
болады. Қардың қаттылығын байқап қарап еді – аяқ төрт-
бес елі ғана батты.
Еңіс 40 градус, сондықтан нарталарды жегінімен сырғытуға
болмайтын еді. Иттерді де доғарып, екі-екіден әр нартаға
арқанмен байлап, нартаны екі жақтан демеп, төмен сырғи
бастады.  Екі  нарта  төмен  түскенше  Костяков  үш  бөлек
жегінімен жүрген иттерді жетелей тартқан еді. Иттерді жеке
жіберуге болмайтын, жолда аң иә құс көрсе тұра қуып, көз
жазып қалу қаупі барды. Бірақ отыз итті еңіспен жетелеу де
оңай шаруа  емес  екен;  төменде  адамдар  мен  нарталарды
көре  салып  тұра  ұмтылғанда  Костяков  та  мұрттай  ұшты.
Етпетінен түскен ол түу төменге жеткенше бауырымен қарды
бұрқылдата жыртып, аспанға шығарып, жоғарыда да, жерде
де қарап тұрғандарды қыран-топан күлкіге батырды.
Түсіп  болып  олар  төңіректі  шолуға  кірісті.  Күртістің
айналасындағы  топырақтың  беті  жалаңаш  екен.  Шамасы,
мұнда күн жаздың ортасына қарай теріскейден түссе керек,
тым төмен түскен шуақ оны жылыта алмайтын сияқты. Қар
көпке дейін ерімей, өсімдік еркін бойлай алмайтынға ұқсайды.

70
Ал күртіктен бір отыз қадам шығысымен тақта тастар мен
базальт жақпарлар арасында жап-жасыл болып қына, жаңа
гүл жарған шар гүлдер жатыр. Одан әрегірек әзір сидаң,
бүрін енді-енді жара бастаған бұталар тұр. Жарты шақырымдай
жүргенде  әлгі  ағаштар  қалыңдап,  жапырағы  да  жамырай
бастады. Оның ту сыртында аласа болғанымен қалың орман
қарауытады.
Нарталарда қалған-құтқан отынды жинап жағып түстік ас
пісіріп, шай ішіп отырып олар әрі қарай қалай жүру жайын
ақылдасты. Байдарка мен нарталардың, иттердің керегі енді
болмай  қалды,  өйткені  ойпатта  не  қар  жоқ,  не  жүзуге
жарайтын үлкен өзен жоқ.
Отыз итті шұбыртып, оның тамағын тауып беру – аяққа
қаншама тұсау. Құс көп болғандықтан иттер соны қуып кетіп
қаншама әуре-сарсаңға салады, ал байлауда ұстап тұру –
экспедицияның үш бірдей адамын  осыған бөліп, пайдалы
жұмыстан жырып әкету деген сөз. Жексе,  қарсыз жерде
сүйрелген нарталардың табанынан түк қалмай, мұзбен қайтар
жолға жарамайды және иттер босқа титықтайды.
Бірден-бір  дұрыс  шешім  артық  мүлік  пен  иттерді,  бір
адамды қарауыл етіп, осы күртіктің етегінде қалдыру сияқты,
мұнда  салқын,  қалатын  кісі  бар  уақытын  аң  аулап,  өзіне
және  иттерге  азық  табуға  жұмсайды.  Қалған  төртеуі
жеңілденіп,  жаяу  Санников  жерін  аралайды,  жинаған
коллекциясын әкеліп тастау үшін ара-тұра осы базаға келіп
тұрады.  Чукот  және  ламут  тілдерін  білетін  Горохов
онкилондармен кездесе  қалса  сөйлесуге  керек,  сондықтан
заттар мен иттерді күзетуге Никифоров қалатын болды. Оны
бұл  жағдай  біраз  күмілжітті,  бірақ  Солтүстіктің  күллі
кәсіпкерлері  сияқты  бірнеше  күн  немесе  бір  апта  жалғыз
қалудан ол қорыққан жоқ, азулы аң кез келсе, мынау бір
қора  ит  маңайлатар  ма,  солардың  қамы  үшін  күйбеңдеу
жұмыссыз зеріктіре қоймас та.

71
Екі күртіктің арасынан орын сайлап, шатыр тікті де, олар
күн батқанша заттарды сұрыптауға кірісті. Жаяу ойпатқа ендеп
бара жатып, артынып-тартынып ауыр жүк алуға болмайды,
сондықтан ең қажеттілерін ғана – азын-аулақ киім-кешек,
аяқкиім, оқ дәрісімен мылтық алып, аң аулап, ашық аспан
астында түнемек оймен бұларға қазан мен құман қосты олар.
Кешке  қарай  аспанды  бұлт  торлап  қар  аралас  жаңбыр
жауып, шатырда паналауға тура келді.
– Күннің мынау райы бізге ақыл салып тұр: қалдырып
кететін  заттар  мен  нарталар  және  байдарка  жаз  бойы
жауынның астында шіріп, бүлінбес үшін бір амал жасауымыз
керек, – деді Горюнов.
– Қазық пен қабықтан ілдалдалап күрке жасаған жөн, –
деп ұсыныс айтты Ордин.
– Ол онша жақсы пана болмайды және ағаш үшін алыс
бару керек, – деді Горохов.
– Ал осы күртіктер не үшін? Осылардың терең қойнауы,
тегі,  ерімесе  керек.  Үңгір  қазып,  барлық  затты  неге

72
тықпаймыз,  әрі  құрғақ,  әрі  салқын,  жыртқыш  аңнан  да
қауіпсіз.
– Иттерге деп басқа үңгір қазалық, – деп пікір қосты
Никифоров.
– Бұлар ыстықты ұнатпайды, оның үстіне түнде қамап
тастасаң, қашып кетпесіне жақсы.
– Түнде ғана емес, күндіз де қамау керек. Аңға шықсаң,
екеу-үшеуін ғана ертесің, үйірімен шұбатып жүрмейсің ғой.
Бәрін  шулатып шұбап  жүрсең,  бүкіл  аңды бездіріп алып,
қанжығаңа  түк  ілінбей  қояды,  –  деп  сөзін  нығыздады
Горохов.
– Тіптен дұрыс, тамаша пікір! – деп мақұлдады Горюнов.
– Ертең ертемен біз бұны жүзеге асырамыз.
Бұл күні кешке шатыр іші салқын болды – жағатын отын
жоқ, маңайдан шырпы-шылан теріп әкеп асты әрең пісірді.
Сол  себепті  ұйықтауға  да  ерте  жатты.  Азанда  аңғардан,
тіпті таяу жерден шыққан үн – мөңіреген, маңыраған, өкірген
дауыс иттердің шамына тиіп, олар жиі шабаланып, ұйықтап
жатқандарды оята берді.
–  Ылғи  мына  шәуілдектердің  жанында  болатын
Капитонның көрген күні құрысын да! – деп оянған сайын
бұрқ етеді Костяков.
–  Қарлы  үңгірге  қамап  тастаса  тынышталады,  –  деп
жауап қатты Горюнов бір жамбасына аунап түсіп.
Таң атысымен іске кірісіп те кетті, балтамен олар күртіктің
базальт қабырғаға таяу тұсынан терең үңгір қазды. Қардың
үстіңгі  қабатының  асты  жатқанына  жүздеген  жыл  болған
тұтас мұз екен, жазда ери қояр деп қауіптенудің де қажеті
жоқ. Апанға артық заттар мен екі нартаны және байдарканы
дестелеп үйіп, ішке жылы ауа кіріп ерімес үшін, Никифоров
жоқта кездейсоқ бір жыртқыш еніп кетпес үшін аузын үлкен
тақта мұзбен бекітіп тастады. Оның жанынан иттерге арнап
әр жегінге бір-бірден үш шағын үңгір әзірленді.

73
 Өз тұрағына орманнан отын  мен аулаған аңын тасуға
үшінші нартаны Никифоровқа қалдырды. Мұз үңгірді қатты
ұнатқан Никифоров ет сақтау үшін бір үңгір, сосын қауіпсіздік
қамымен ішіне шатыр тігу үшін және бір үңгір қазбақ болды.
Жазатайым жыртқыш тап бере қалса, шатырдай емес, үңгірге
бір-ақ жағынан келеді, оны күзетуге екі итті байлап қойса
жетіп жатыр, сонан соң қауіп-қатер шамалы.
Бұл жұмыс тұтас бір күнді алды, жақын жердегі орманның
шетінен барып отын кесіп әкелуге әрең үлгерді олар.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет