1.Жырдың жиналып, зерттелу. Ертедегі ескі мәдени мұрамыздың ескерткіші есебінде ел арасында сақталып, біздің заманымызға жеткен көне жырдың бірі – «Қарақыпшақ Қобыланды батыр». Біз жоғарыда ел арасынан қазақ ауыз әдебиетінің кейбір үлгілері XIX ғасырдың ішінде жинала бастағанын және бұл жөнінде еңбек сіңірген кісілерді атап өткенбіз. Сол аталған адамдардың ішінен «Қобыланды батыр» жырын алғаш рет жинаған Ыбырай Алтынсарин деуге болады. Бұған келтірір дәлеліміз төмендегідей. Ыбырай Алтансарин Орынбор қаласында оқып жүрген кезінде (1850 жылдары) орыс халқының бірнеше ағартушы-ғалымдарымен танысады. Оған, әсіресе Н.И.Ильминский, В.В.Григорьев секілді оқымысты адамдар көп жәрдем, көмек етеді; білім алу, халыққа қызмет ету жолдарын көрсетеді. Орысша оқып білім алған,ой-өрісі кеңейген Ыбырай өз халқына қызмет етуді қазақ ауылдарында оқу-ағарту жұмысын жүргізуден бастайды, мектептер ашады. Оқуға қазақ жастарын тартады, оларға арнап өлең, әңгімелер жазады, жастарды оқуға, білімге шақырады. Оқушы балалар үшін оқу құралдарын (сөзі қазақша, әрпі орысша) жазады да, оларды жоғарыда аталған жолдастарының көмегімен бастырып шығарады. Бұл кітаптарына Ыбырай, бір жағынан, өзінің шығармаларын енгізсе; екіншіден, ел арасынан халық әдебиетінің халықты оқуға, өнер-білімге, ерлікке шақыратын таңдамалы үлгілерін жинап енгізіп отырады. Алтынсариннің «Қобыланды батырды» Марабай ақыннан (бір вариантын) жазып алып, оны пайдалануы кейінгілерге үлгі болады. Осыдан былай «Қобыланды батыр» жырының басқа варианттарын жинап алу ісі басталады. Мәселен, жырдың бір кішкене үзіндісі «Торғай» газетінде (1901 жыл) басылады және «Орынбор оқымысты комиссиясының еңбектеріне» (1910 ж., XXII том) бір үзінді енеді. Бұдан кейін Махмұт-Сұлтан Тұяқбаев деген кісі «Қобыланды батыр» жырын бұрынғы Қостанай уезі, Қарабалық болысындағы, жыршы ақын Біржан Толымбаевтан жазып алады да, ең алғаш рет өз алдына кітапша етіп 1914 жылы «Қарақыпшақ Қобыланды батыр» деген атпен бастырып шығарады. Мұны «Қобыланды батыр» жырының ең көлемдісі, толық айтылған түрі деуге болады. Мұнда Қобыландының тууынан басталып, қартайғанға дейінгі ерлік істері жырланады. Октябрь революциясына дейін де, оннан кейін де «Қобыланды батыр» жайында үлкенді-кішілі біраз еңбектер жазылды. Бұл жыр жөнінде В.В.Радловтан басқа, Тіл және әдебиет институтының қолжазба фондысы алғаш рет орыс ғалымдарынан профессор П.А.Фалев және Туземец деген кісі пікір айтып, жырдың ауыз әдебиетінен ерекше орын алатынын көрсеткен. Бірақ олар бұл жырды әр жағынан алып толық зерттеген емес. Қобыланды батыр» басқа жырларға қарағанда, советтік дәуірде біраз зерттелді. «Қобыланды батыр» жөнінде бірсыпыра еңбектер жазған Мұхтар Әуезов. Бұлар «Қобыланды батыр» жайын газет-журналдық мақала немесе оқу құралдары көлемінде зерттеді. Олар өздерінің еңбектерінде көбінесе жырдың әдебиеттік жағын қарастырып келді; жырдың әдебиеттік маңызын, көркемдік рекшеліктерін талдады. «Қобыланды батыр» жырының барлық варианттарын мазмұнына қарай зерттегенде және оларда айтылатын әңгімелерді тарихи деректермен салыстырғанда, бұл жырдың оқиғалары қыпшақтар мен қызылбастардың (қызылбастардың кім екендігін жоғарыда айтқанбыз) арасындағы көп заманға созылған қарым-қатынастарды, қызылбастардың қыпшақтарға көрсеткен қорлық- зорлығын, жауыздық әрекеттерін суреттеу негізінде туғандығы байқалады. Жыр әңгімелерінің негізгі желісі осындай ерлік күрестерді бейнелеуге құрылады. Жырдың барлық варианттарында Қобыландының соғысатын жаулары қызылбастар (тек бір вариантында қалмақтар) болып келеді.
Қобыланды батыр жайындағы жырдың оқиғасы қызылбастар мен қыпшақтар арасындағы тарихи шындық негізінде туды деген пікірді дінге байланысты әңгімелер де дәлелдейді. Осы аталған дәуірде қазақ халқы бірнеше дінде болып келген. Халықтың сенімі, нанымы шамандық (көп тәңірге табынушылық) болған. Ал қазақ арасына ислам діні Ш.Уәлихановтың айтуынша, XIV ғасырда ғана ене бастаған. Ислам дінінің тарай бастауы жөнінде академик В.В.Бартольд былай дейді: «Сырдария бойында, Хорезммен көршілес отыратын қыпшақтар XII ғасырдың аяғына дейін мұсылман емес еді, жалпы алғанда, монғолдардың басқыншылық жорығына дейін ислам түріктердің көпшілігінің діні емес болатын». Демек, XIV ғасырға дейін ислам діні көпшілік қолданған дін болмаған. Мұны «Қобыланды батыр» жырының әңгімесінен де байқауға болады. Жырда ислам дінінің әсерінен де ескі шамандық ұғымдар (молаға түнеу, отқа май құю т.б.) басым жатады.