Абай - оқыту ісіндегі схоластикалық әдіске, құрғақ жаттауға қарсы болды. Ол сапалы білім беруді қуаттады. Абай оқыту процесінде ақыл-ойды дамыту керек екендігін, онсыз білім алуға болмайтындығын өте дұрыс көрсетеді. Ойлау мен қиялдауды дамыту айналадағы дүниені, құбылыстар мен заттарды жан-жақты терең танып білуге мүмкіндік береді.
К.Д.Ушинский - оқу процесін сапалы ұйымдастырудың басты шарты-методикалық шеберлікте, ал методикалық шеберлік әр түрлі оқыту әдістеріне байланысты деп есептеген.
Оқыту әдістері өте көп. Ол пәнге, тақырыпқа, мақсатқа, оқушылардың жалпы деңгейіне, ұстаздың шеберлігіне, сабақтың керекті құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілуіне т.б. байланысты.
Сондықтан оқыту әдістері топталып жіктеледі (классификацияланады). Ғылыми әдебиеттерде оқыту әдістерін топтап-жіктеудің жиырмадан астам түрлері бар. Әдістерді топтап-жіктеу ғалымның көзқарасына байланысты. Олар әдістерді қай тұрғыдан алып қарайды? Мысалы, әдістердің ең кең тарағандары - И.Т.Огородников, Н.А.Сорокин, Ю.К.Бабанский, Р.Г.Лемберг т.б. ұсынған оқыту әдістерінің жүйеленуі. Олар: ауызша, (әңгіме, кеңес, лекция, кітаппен жұмыс), көрнекілік (иллюстрация, демонстрация), практикалық (лабораториялық, практикалық). Ауызша әдебиеттерде сөзге, көрнекілікте көркемдік бейнеге, ал практикада іс-қимылға сүйенеді. Оқыту әдістерін қолдана отырып, мынаны есте сақтағанымыз жөн. Бала есту қабілеті арқылы информацияның 20 -ын, көру қабілеті арқылы 20-60 -ын, сөйлеу қабілеті арқылы 90 -ын қабылдайды.
Бүгінгі мектептерде ауызша, көрнекілік практикалық әдістердің үшеуі де қолданылады. Әсіресе жаңашыл ұстаздар В.Ф.Шаталов, С.Н.Лысенкова т.б бұл әдістерге жаңа мән беруде. И.Я.Лернер мен М.Н.Скаткин оқыту әдістерінің 5 тобын ұсынады:
түсіндіру (әңгіме, лекция, көрсету, сипаттау әдісі, оқулықпен жұмыс істеу, жазбаша жаттығулар).
қайталау (жаттығу, әңгіме, өз сөзімен айтып беру).
проблемалық баяндау әдісі (саяхат, демонстрация, оқушынын дәлелді түрде баяндауы).
ізденіс түрлері (байқау, жоспар жасау, эвристикалық әңгіме).
зерттеушілік (тәжірибе, байқау, сыныппен жұмыс, сурет салу).
Тағы бір ғалым Ю.К.Бабанский өзінің 1988 жылы шыққан оқулығында оқыту әдістерін әрекет, амалға негізделген жүйе бойынша береді. Олар:
а) оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру әдістері. Оған сөздік (әңгіме, лекция, семинар, кеңесу, кітаппен жұмыс), көрнекілік (иллюстрация, демонстрация, теледидар, оқулық, кино, практикалық және лабораториялық жұмыс), индуктивті, дедуктивті, репродуктивтік, проблемалық немесе өз бетінше ізденіс әдістері жатады.
б) оқыту процесінде оқытудың іс-әрекетін ынталандыру әдістері. Бұл топқа: оқу кезінде мотивтің рөлі, танымдылық ойындар, оқу кезінде қолайлы ситуация туғызу, өмірден алынған ситуацияны талдау, жауапкершілікке және парызға жүгіну, баланы оқуға ынталандыру (оқудың қоғамға, баланың өзіне пайдасы), оқушыға қажетті талаптарды қоя білу, мадақтау немесе жазалау жатады.
в) оқыту процесіндегі оқу-танымдық іс-әрекетінің тиімділігін бақылау және өзін-өзі бақылау әдістеріне: ауызша тексеру, жазбаша тексеру, лабораториялық тексеру, машинамен тексеру жатады.
Әдіс өте құбылмалы. Ескі әдістер жойылып жаңа әдістер пайда болады. Мысалы, догматикалық әдіс өмірден өтіп, жаңадан программалық, проблемалық әдістер өмірге келуде. Ұстаз сабақ өткізген кезде таза бір әдісті ғана қолданбайды. Сабақ бірнеше әдісті қолданудың нәтижесінде өтеді. Оның үстінде әрбір әдіс жеке элементтерден тұрады. Оны тәсілдер деп атайды. Мысалы, кітаппен жұмыс істеу әдісінің тәсілдеріне оқыған кітапқа жоспар. Тәсіл мен әдіс қабат жүреді. Тәсілдерден әдістер туындауы мүмкін. Егер тәсіл іс жүзінде өзін ақтаса, ол күрделене келе әдіске айналады, ал әдіс өзін ақтамаса, ол тәсілге айналуы мүмкін.
Оқытудың сапасы әдіс, тәсілдерге ғана байланысты емес, мектептің оқу-материалдық және техникалық базасына да байланысты. Оқыту әдістерін, тәсілдерін және құралдарын үйлесімді пайдалануда оқу пәндерінің ерекшелігі, мектеп лабораторияларының, оқу кабинеттерінің түрлі көрнекті және техникалық құралдар мен қамтамасыз етілуі қажет.
Құралдың түрі: а) оқулықтар, плакаттар, жаттығулар, сабақта қолданылатын құралдар;
- көрнекті құралдар: диаграммалар, кестелер, табиғи обьектілер, тарихи және жағрапиялық карталар, муляждар;
- техникалық құралдар: ЭЕМ, компьютер, оқу машиналары т.б. аппараттар.
- түрлі обьектілер:өндіріс орындары, көрмелер, мұражайлар т. б.
Әдіс, тәсіл және оқытудың құралдары - педагогикалық ұғым. Әр пәннің өзіне лайықты әдістері, тәсілдері, қолданылатын оқыту құралдары бар. Оқыту әдістерінің даму және қалыптасу тарихы тым ерекше. Ғалым-педагогтар жоғары оқу орындарындағы оқыту процесін бақылай отырып, қызмет түрлерінің әрқилығына назар аударды және оларды оқыту әдістері деп атады. Мысалы, оқытушы жаңа материалды түсіндіреді, яғни ол түсіндіру әдісін пайдаланады.
Педагогикалық практикада әдіс - оқу-тәрбие мақсаттарына қол жеткізу қызметінің тәртіпке келтірілген тәсілдері. Бұл жағдайда мұғалімнің оқыту қызметінің тәсілдері (оқыту) және оқушылардың оқу қызметінің тәсілдері (оқу) өзара тығыз байланысты және өзара әрекеттес.
Оқыту әдістері ұғымы сондай-ақ оқу қызметінің дидактикалық мақсаттары мен міндеттерін де көрсетеді, бұларды оқыту процесінде шешу кезінде мұғалімнің оқыту қызметіне және оқушылардың таным қызметіне қатысты әдістер қолданылады. Сөйтіп, оқыту әдісі ұғымы мыналарды көрсетеді:
1.Мұғалімнің оқыту жұмыстарының тәсәлдері мен оқушылардың олармен өзара байланысты оқу жұмыстарының тәсілдерін;
2. Олардың оқытудың әр түрлі мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жұмыс ерекшеліктері;
Осыған орай, оқыту әдістері - бұл оқыту міндеттерін, яғни дидактикалық міндеттерді шешуге бағытталған, мұғалім мен оқушының бірлескен іс қимыл түрлері.
Сондай-ақ “оқыту тәсілдері” ұғымы дидактикада кең тараған. Тәсіл - бұл әдістің сабақтас бөлігі немесе оның жеке жағы, яғни “әдіс” деген жалпы ұғымға қарағанда жеке ұғым. Жекелеген тәсілдер әр түрлі әдістердің құрамына кіруі мүмкін. Оқыту процестерінде әдіс пен тәсіл әр түрлі сабақтастықта пайдаланылады. Мысалы, түсіндіру, әңгімелеу оқытудың дербес әдісі болып саналады. Әдіс пен тәсіл орындарын ауыстыруы мүмкін. Мысалы, егер мұғалім жаңа білімді түсіндіруді кейде көрнекі құралдар арқылы көрсетілетін түсіндіру әдісімен жүргізсе, онда бұл көрсету тәсіл ретінде саналады.
Оқыту әдісі - тарихи категория. Өндіргіш күштердің даму деңгейі мен өндірістік қатынастардың сипаты оқытудың жалпы мақсаттарына ықпал етеді. Мақсаттың өзгеруіне байланысты оқыту әдістері де өзгереді. Ерте кезде еліктеуге негізделген оқыту әдістері үстем болды. Мектептерді ұйымдастырғаннан бері оқытудың сөздік әдістері пайда болды. Сабақ берудің негізгі тәсілі - мұғалімдердің дайын ақпаратты жазбаша, ауызша, кейде баспасөз арқылы жеткізуі және оны меңгеруі болды. Сөзбен айтып оқыту әдістері орта ғасырларда басым болды. Сөз - ақпаратты басты жеткізуші, ал кітап бойынша оқыту - білім берудің басты мақсатына айналды.
ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында оқытудың практикалық әдістерін пайдаланып, “іс-әрекет арқылы оқу” тұжырымдамасы қызығушылық туғызды. Сөздік әдістің білімге ұмтылудың дербестігіне негізделген кезекті нұсқаларына үлкен үміт артылды. Әйтсе де бұл әдіс нәтижеге жету үшін көп еңбекті, уақытты талап етеді. Осы айтылғандардан төмендегіше қорытынды шығаруға болады.
Білім берудің әр түрлі даму кезеңдерінде оқыту әдістерінің қандай рөльге ие болғандарына қарамастан, дербес пайдаланылған ретте олардың бір де бірі қажетті нәтиже бермейді.
Әдістердің бір де бірі әмбебап емес, сондықтан дидактикалық жұмыста тиімді нәтижелерге тек көптеген әдістерді пайдалану арқылы жетуге болады.
Қазіргі дидактиканың келелі мәселелерінің бірі - оқыту әдістерін жіктеу болып табылады. Қазіргі уақытта бұл мәселе жөнінде ортақ көзқарас жоқ. Осыған байланысты әр автор әдістерді топтарға, топшаларға бөлуде әр түрлі белгілерді негізге алады, жіктеудің бірнеше түрі бар. Оқыту әдістерін білім алу көздері бойынша жіктеу кең тараған. Әдістерге осылай қарау оларды төмендегіше бөледі:
а) сөздік әдіс (білім көзі ауызша немесе баспасөздері болып табылады).
б) көрнекі әдістер (білім көзі бақыланатын заттар, құбылыстар, көрнекі құралдар болып табылады).
в) практикалық әдістер (практикалық қызмет атқара отырып, оқушылар білім алады және білігін қалыптастырады).
Оқыту әдістерін классификациялаудың кең тараған түріне М.Н.Скаткин және И.Я.Лернер ұсынған классификациялар жатады. Олар оқыту әдістерін, оқыған материалды игерудегі оқушылардың танымдық қызметінің сипатына байланысты түсіндірмелі-иллюстрациялық, репродуктивтік, проблемалық мазмұндау, жартылай ізденістік, зерттеулік деп бөлуді ұсынады.
Түсіндірмелі-иллюстрациялық оқыту әдісінің мәні - оқытушы дайын ақпаратты әр түрлі құралдар арқылы жеткізеді. Түсіндірмелі-иллюстрациялық әдіс - ақпарат берудің ең бір тиімді тәсілі. Дегенмен, оқытудың бұл әдісін пайдаланғанда алған білімді пайдаланатындай білік пен дағды қалыптаспайды.
Мазмұндаудың проблемалық әдісінің мәні - оқытушы алдына мәселе қояды және туындаған қарама-қайшылықтарды аша отырып, өзі оның шешу жолдарын көрсетеді. Бұл әдіс ғылыми танымның, проблемаларды ғылыми жолмен шешудің үлгілерін көрсетеді.
Оқыту әдістерін басқаша классификациялауды қарастырайық. Мысалы, оқыту әдістерін дидактикалық мақсаттар бойынша классификациялау:
1.жаңа білімдерді мазмұндау әдістері;
2. қайталау және білімді бекіту әдістері;
3.білімді қолдану әдістері;
Ю.К.Бабанский оқыту процесіне тұтастық тұрғысынан келу негізінде, әдістердің үш тобын бөліп көрсетеді:
оқу-танымдық қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру әдістері; а) сөздік, көрнекі және практикалық (оқу ақпараттарын жеткізу, қабылдау аспектісі); б) индукциялық және дедукциялық (логикалық аспектілер); в) репродуктивті және проблемалық- ізденістік (пайымдау аспектісі); г) өз бетінше жұмыс және мұғалімнің басшылығымен жұмыстар жасау (оқуды басқару аспектісі);
ынталандыру және мотивация әдістері; а) оқуға қызығушылығы; б) оқудағы жауапкершілігі мен парызы;
оқытудағы бақылау және өзіндік бақылау әдістері; а) ауызша, жазбаша, зертханалық-практикалық;
Сабақтастық қағидасына сәйкес, бүгінгі оқыту әдістерінен оқыту технологиясына қайшы келмейтіндерін ғана емес, олармен тұтастай білім беру процесінде сабақтасатындарын да бөліп аламыз. Оқыту әдістерін қандай теориялар мен тұжырымдамалар пайдаланатынымызға қарамастан, тәрбиелеу, білім беру және дамыту қызметтерімен бірліктегі оқытуды басқару тәсілдері ретінде қараймыз. Әдістерді талдау төмендегі шамаларды ескеріп жүргізіледі: мақсат, педагогикалық процесте жүзеге асырудың мән және тетігі. Бұл әдістер тұлғада тек танымдық белсенділіктің, дербес шығармашылықтың дамуын қамтамасыз етіп қана қоймайды, оқыту технологиясында пайдаланылатын әдістер 1-кестеде берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |