Оқытудың функциялары Оқыту жұмысын тек сабақ арқылы ұйымдастыру мүмкін емес.
Сыныптық–сабақ жүйесінің негізгі кемшілігі–оқушылардың дара ерекшеліктерін дамытуға жеткілікті мүмкіндіктердің болмауы – оқытуды ұйымдастырудың басқа жолдарын іздестіруге себеп болды. Сондықтан, оқушылардың сыныптық–сабақтағы танымдық әрекетін дамыту, толықтыру және оқушылардың өзіндік шығармашылық белсенділіктерін, қабілеттерін арттыру мақсатында оқыту жұмысын ұйымдастырудың қосымша түрлері қолданылады. Олардың қатарына семинар, экскурсия, факультативтік, қосымша, конференция сабақтары, өндірістік оқу, үйдегі оқу жұмысы, тәжірибелік зертханалық (практикум) және пәндік үйірме жұмыстары, олимпиада, сынақ және емтихан, өзіндік жұмыс түрлерін жатқызуға болады.
Семинар сабақтары көбінесе оқылған лекция тақырыбына байланысты негізгі өзекті мәселелерді талқылау, оқушылардың танымдық ойлау қабілеттерін дамыту, өзіндік шығармашылық белсенділіктерін шыңдау мақсатын көздейді. Тақырып сұрақтарына сай пікір алмасу, өз көзқарастарын дәлелдеу, мұғалімдерге оқушылардың оқу материалын қаншалықты меңгергенін, соған орай сенімдері мен түсініктерінің қалыптасқандығын бақылап, тексеріп, бағалап және бағыт–бағдар беріп отыруға мүмкіндік туғызады.
Семинар сабағына әзірлену кезінде оқушылар тезистер мен баяндамалар жазып, қосымша әдебиеттерді пайдаланады. Ұсынып отырған сұрақтарға қатысты, ондағы бар негізгі ойларды қамтып, конспект құрады. Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде семинар жұмысы оқытуды ұйымдастыруда тиімді форма екенін тәжірибе көрсетуде.
Экскурсия жұмысының мақсаты – оқушылардың сабақта алған теориялық оқу материалдарын практикамен жалғастыру, бекіту. Сондықтан оқыту процесінде оның маңызы зор. Ол барлық оқу пәндерде, әсіресе физика, химия, биология, тарих және еңбек сабақтарында кеңінен қолданылады. Бұл оқушыларды оқу процесін бақылай білуге жаттықтырады және оқу материалын өмірмен байланыстыруға үйретеді.
Экскурсия сабағын өткізу орнына: мектептің оқу алаңына, табиғат аясына, ауыл шаруашылығына, өндіріске, көрмелерге, музейге бару т.б. нысаналары жатады.
Оқыу процесін бұлай ұйымдастыру мұғалімнен зор ұйымдастыру жұмысын талап етеді. Экскурсия түрінде жақсы өткізілген әрбір сабақ оқушыларға нақтылы фактілер мен құбылыстарды жақсы оқып үйренуге, өз түсініктерін кеңейтіп, білімдерін бекітуге мүмкіндік береді.
Экскурсия сабақтарында мұғалім оқушыларға оның тақырыбы мен мақсатын алдын ала түсіндіреді. Соның негізінде оқушылар нақтылы заттарды байқап, оларға бақылау жасайды.
Оқыту жұмысын ұйымдастырудың факультатив түрі оқушылардың сұранысы мен қызығушылығы негізінде әр түрлі пәндерге қатысты ұйымдастырылады. Оның қызметі көпжақты: оқушыларды ғылымға қабыстыра отырып, олардың дүниетанымын тереңдетеді және кеңейтеді; белгілі бір пәнге қатысты танымдық қызығушылықтарын тұрақты қалыптастырады. Оқушылардың пәнге бейімділігін ескере отыра, факультатив оқуды олардың қалаған мамандықтарына сай психологиялық және практикалық дайындығын арттыру және кәсіби бағдарын қалыптастырудың нәтижелі формасы ретінде қолдануға болады; олар жоғары сынып оқушыларының еңбекке дайындығына елеулі үлес қосады.
Конференция ретінде өткізілетін сабақ түрі кейбір тақырыптарды тереңірек меңгерту, оның ғылыми дәрежесін көтеру мақсатын көздейді. Сол үшін де семинар сабақтарына қарағанда, конференция түрінде өткізілетін оқу жұмысында ұсынылған әдебиеттер мен қосымша құралдардың көлемі кеңірек болады. Оны дайындау және өткізу тәртібі семинар сабағына ұқсас келеді. Бірақ, оқу конференциясында баяндамашылар мен сөйлеушілердің саны көбірек болуы қажет. Сондықтан, оған бірнеше қатар сыныптардың оқушыларын қатыстыруға болады.
Оқу жұмысын ұйымдастыруда мұғалімнің тағы бір міндеті – оқушылардың сабақтан тыс кездерінде танымдық әрекетін тереңдету, үлгермеушілікті болдырмау. Сондықтан кейбір оқушылардың дарын–талаптарын, ғылымға бейімділігін немесе сұранысын сабақ барысында толық қамтамасыз етіп, жағдай жасауға әр кезде мүмкіндік бола бермейді. Ол үшін оларға үйірме мен ғылыми жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы бар.
Пәндік үйірме жұмыстарының сабаққа қарағанда бағыты, мазмұны, ұйымдастыру тәсілі мен уақыт өлшемі тұрғысынан өзіндік ерекшеліктері бар. Олар оқушылардың қызығушылығы мен пәндерге бейімділігін дамытуда және тапсырылған жұмыстарды нәтижелі орындауға қолайлы жағдайлар туғызып отырады. Сонымен қатар, оқытудың өмір мен байланысын қамтамасыз етуге, пән аралық байланысты нығайтуға ықпалын тигізеді.
Оқушылардың пәндік үйірме жұмыстары оқыту процесін жандандырып, оның сапасын көтеруге әсер етеді.
Үлгере алмаушылықты жою үшін жеке немесе бір топ оқушылармен қосымша және консультация сабақтары да ұйымдастырылады.
Сынақ жұмыстарын жоғары сынып оқушыларына енгізудегі мақсат – бағдарламадағы теориялық білімдерді күшейту, бекіту және оқыту процесінде оқушылардың жоғары белсенділіктерін, жауапкершілігін, дербестігін орнықтыру.
Сынақ жұмыстары өзінің ұйымдастыру ерекшелігіне сай оқу жұмысынан тыс оқушылардың өздігінен білім алуын жалғастыруға ықпал етеді.
Сынақ жұмысы ереже бойынша бағдарламаның негізгі бөлімін, тарауын оқып болғаннан кейін жүргізіледі. Мұғалім оның өткізу мерзімін, тақырыптарымен талқыланатын сұрақтарын оқушыларға алдын ала хабарлайды. Оларға жеке дара тапсырмалар беріп, қосымша әдебиеттерді оқу тапсырылады және қосымша сабақ өткізіледі.
Сынақты ұйымдастыру оқушылардың жеке жауаптары, бақылау және топтық практикалық–лабораториялық жұмыстары, тақырып бойынша шығарма және баяндама жазу түрінде жүргізіледі.