Қожабек қанат мұратұлы қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу



бет15/18
Дата05.06.2023
өлшемі1,29 Mb.
#98900
түріМонография
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
Байланысты:
treatise175770

4 ҚАЗАҚСТАН МЕН ФИНЛЯНДИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНДЕГІ АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНА ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ЕГДЕ ЖАСТАҒЫ АДАМДАР МЫСАЛЫНДА)

Еліміздің жоғары өмір стандарттары бар әлеуметтік мемлекет құруға бағыт алып отырғандығы белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді», деген болатын [1]. Бұл ретте, мемлекет тек азаматтарға жоғары өмір сапасы принциптерін ресми жариялап қоймай, сонымен бірге бұл салада нақтылы жетістіктерге қол жеткізуге тырысуы тиіс.


Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 25-бабына сәйкес, «Әр адам өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулығын әл-ауқатын қамтамасыз ететіндей, тамақты, киімді, баспананы, медициналық күтімді қамтыйтын өмір сүру деңгейіне құқылы және де жұмыссыз қалған күнде, науқас болған кезде, мүгедек болып қалған, жесір болып қалған күнде, қартайған шақта, немесе өзіне байланысты емес басқа да себептермен тіршілік ету мүмкіншілігінен айырылып қалған жағдайда қамсыздандырылуына құқылы [122].
«Азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек көлемін тегін алуға құқығын» бекіткен ҚР Конституциясының 29-бабы мазмұнының өте кең екендігін алдынғы тарауларда айтып өткен болатынбыз. Сонымен қатар, мемлекетпен кепілдік берілген көмектердің тізіміне қандай көмектердің кіретіндігін жалпылама түрде Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 34-бабының екінші тармағында бекітілген.
Мемлекетпен кепілдік берілген көмек мазмұнының заңдық тұрғыда жан-жақты ашылмауы денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселелердің шешілмеуі мен тіпті ушығып кетуіне алып келуде. Мәселен, еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарындағы балалар дәрігерлерін даярлайтын педиатрия факультерін жабу мен алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін емханалардағы балалар дәрігерлерінің орнына балаларды жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің қарауын енгізу қоғамда үлкен дау тудырғандығы белгілі.
Нәтижесінде, елімізде қайтадан педиатрия факультеттері мен емханалар жүйесіне педиатр дәрігерлері штатын енгізу қолға алынуда. Осы секілді, қарт адамдардың да медициналық-әлеуметтік көмекке зәруліктерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Өйткені табиғи заңдылыққа, қарт адамдардың басына түсетін әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты егде жастағы адамдардың ерекше медициналық көмек пен әлеуметтік қолдауды қажет ететіндігі белгілі.
Бұл мәселенің осындай өзектілігіне қарамастан, ол денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен кепілдік берілген медициналық көмектің көлемін бекіткенде қалтарыста қалып қоюда. «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің болжамы бойынша елімізде халық саны 2030 жылға қарай 21 млн. адамнан асып, егде адамдардың үлесі 7.7 пайыздан 11-13 пайызға дейін ұлғаяды. Созылмалы аурулардың өсуінен демографиялық ахуалдың өзгеруі медициналық қызметтерге деген сұранысқа ықпал етеді» [2].
Осындай себептерге байланысты, денсаулық сақтау саласындағы заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді қабылдағанда медициналық көмектің мазмұны әлеуметтік жағдайларды, адамдардың жас ерекшеліктерін, тұрғылықты жерлерінің ерекшеліктерін, еңбек жағдайларын барынша жан-жақты ескеруі тиіс. Аталған мәселелерді ескергенде еліміздің денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырудың және басқарудың тиімділігі арта түсер еді деп ойлаймыз.
БҰҰ-ның Қартаю мәселелері жөніндегі жұмыс тобының ашық құрамы үкіметтердің, азаматтық қоғамның «қарт адамдардың толық және тиімді түрде әлі де болса экономикалық, әлеуметтік, мәдени және саяси өмірге қатысуын қамтамасыз ете алмай отырғандығын» жарялауда, осының нәтижесінде олардың әлеуметтік және денсаулық сақтау саласындағы мұқтаждықтарының проблемалары шешілмей тұрғандығы белгілі дейді [123].
Қарт адамдардың әлеуметтік және медициналық көмекке мұқтаждықтарына Қазақтанда жеткілікті дәрежеде ғылым саласында назар аударылмаған. Оның үстіне қарт адамдардың әлеуметтік және денсаулығының хал-ахуалы еліміздің құқықтанушылармен зерттелінбеген. Ал әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде, қарт адамдарға әлеуметтік, мәдени және медициналық көмек көрсету мемлекеттің әлеуметтік және денсаулық сақтау саясатының бір бағыты ретінде қарастырылып, бұл мәселелер арнайы заңдармен реттелінеді.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырылуының олқы тұсы ретінде, біз осы мәселені зерттеуіміздің пәніне енгізіп отырмыз. Ал салыстырмалы талдау үшін Финляндияны алып отырғанымыз, бұл ел әлемдік қауымдастықта өзінің жоғарғы әлеуметтік стандарттарымен, дамыған денсаулық сақтау жүйесімен, қарт адамдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік және медициналық көмектің жоғары сапасымен белгілі. Сондай-ақ, бұл елде қарт адамдардың құқықтық жағдайын реттейтін арнайы заң да қабылданған және қарт адамдарға күтім жасайтын мекемелерді құру мемлекеттің жауапкершілігі болып табылады. Ал, құқықтық әдебиеттерде ол әлеуметтік және денсаулық сақтау жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарстырылады.
Қазақстан мен Финляндия секілді екі түрлі құқықтық режимдегі мемлекеттердің денсаулық жүйесіндегі қарт адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетілетін әлеуметтік және медициналық көмекті салыстыру шындығын айтқанда, сәйкес келмейтіндігінді белгілі. Сонымен қатар, «екі ел халқының саны, географиялық орналасуы мен ауқымы, экономикалық дамуы және т.б. жағдайларына байланысты бір-бірінен елеулі ерекшеленеді [124]. Алайда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат еткен еліміз үшін, экономикасы мен әлеуметтік саласы жөнінен жетекші ел болып табылатын Финляндиядан үйренеріміз көп екендігі жасырын емес.
Финляндиядағы Егде жастық туралы заңнаманы Бэктің құқықтық сөздігі, «қарт адамдардың медициналық-санитарлық, мүліктік жоспарлау, зейентақылық көмек, жасы бойынша кемісітпеушілік секілді мәселелерін қарастыратын, қарт адамдарға қамқор болатын құқық саласы», деп анықтайды [125]. Айтып өтерлік маңызды жайт, бұл елде егде жастағы адамдардың құқықтық мәртебесі құқықтық ғылыми әдебиеттерде салалары бойынша кеңінен зерттелінген. Мәселен, қарттар үйіндегі кемісітушілікке жол бермеу мәселелері бойынша [126]; әлеуметтік қамтамасыз етілу мен медициналық көмекке, тұрғын үйге құқықтарына байланысты [127]; адамдық қадір қасиеті мен жеке өмірге қол сұғылмаушылық мәселелері бойынша [128]; нашар қатынаспен қараушылыққа [129]; тіпті, егде адамдарға қаржылық қысым көрсетудің алдын алу мәселелері бойынша [130]. Де-Херт және Мантовани секілді фин ғалымдарының, егде адамдар адам құқықтарының арнайы иегерлері болуы керек деген, пікірімен толық келісеміз [131].
Ал «Қазақстанда жоғарыда аталған мәселелер бойынша негізгі жауапкершілік егде жастағы адамдардың туыстарына жүктеледі де, мемлекет тек қиын өмірлік жағдайларға түскен адамдарға ғана күтім жасайды. Сәйкесінше Қазақстанда әлеуметтік құрылыс негізінен туысқандық қатынастарға негізделген» [124,р. 202].
Осы жерде айта өтерлік нәрсе, біздің осы тараудағы зерттеуіміз Финляндия мен Қазақстандағы қарт адамдарды, соның ішінде қарттар үйіндегі тұлғаларды әлеуметтік қорғаудың ерекшеліктері мен олардың проблемаларына талдау жүргізудің нәтижелеріне де сүйенеді. Бұл талдаудың нәтижелері мақала ретінде Скопус және Томсон Рейтерс базасына енетін «The NISPAcee Journal of Public Administration and Policy» журналында жарияланды [124].
Екі әлеуметтік жүйедегі мемлекеттердегі қарт адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің мәселелерін зерттеу барысында, біз еліміздің осы саладағы шешімін таппаған бірқатар өзекті мәселелерін байқадық. Мәселен, қарт адамдарды әлеуметтік тұрғыдан ерекше қорғайтын Финляндияның статуттық құқығындағыдай, бұл жағдай Қазақстанның да құқық жүйесіне енуі керек.
Алайда, біздің елде Финляндияның әлеуметтік қорғау мен медицналық көмек көрсету жүйесін сол күйінде көшіріп енгізу керек деген ұсынысты ұсынбаймыз. Олай жасау мүмкін емес те. Себебі, екі елдің арасында осы мәселелерге байланысты елеулі өзгешеліктер бар, оларды мындай екі топқа бөлуге болады: әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінің және заңнамасының қазіргі жағдайындағы айырмашылықтар; екі елдің мәдениетіндегі, ділі мен дініндегі ерекшеліктер.
Финляндия әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі дамыған ел бола отырып, қарт адамдарды толықтай әлеуметтік қорғауды мемлекеттің мойнына алса, Қазақстанда бұл көмек заңдармен толық қамтылмаған, сонымен бірге қарт адамдарды әлеуметтік қолдау бірінші кезекте отбасының және әулеттін міндеті және абыройы ретінде көрініс береді. Мысалы, қарт адамдарды күтіп бағу алдымен балалары мен туыстарының міндеті ретінде қаралып, оларға мемлекет тек күрделі жағдайларда (жалғызбастылық, мүгедектік және т.с.с жағдайларда) ғана қарттар үйіне орналастыру арқылы көмек береді. Ал Финляндияда отбасындағы қалыпты жағдайларда, қарт адамдардың қарттар үйінде тұруы мен күтілуі әдеттегі жағдай және заңдылық ретінде қаралады.
Дегенмен, қоғамдық қатынастардағы өзгерістер, еліміздің жаһандану жағдайында әлемдік мәдени және әлеуметтік салаларға интеграциялануы еліміздегі дәстүрлі құндылықтардың өзгеруіне алып келуде. Осындай жағдайларда біз ұлттық құндылықтарды мүмкіндігінше сақтай отырып, адам құқықтарының халықаралық стандарттары шеңберіндегі әлеуметтік қорғаудың өзық үлгілерін алуымыз қажет.
Финляндияның Әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, «елде 50000 астам қарт адам үйден тыс жерлерде (медициналық мекемелерде, қонақүйлік үлгідегі үйлерде және қарттар үйінде ұзақ мерзімдік, тәулігіне 24 сағаттық күтіммен қаралуда) [131]. Бәрімізге белгілі, «Финляндия теңдік, әлеуметтік құқықтардың әмбебаптығы және коммуналдық қызметтерді халыққа ұсыну үшін қоғамдық жауапкершілік қағидаларына негізделген халықтың әл-ауқатының скандинавиялық жүйесін іске асыруда» [132]. Сонымен қатар, Финляндияның бүгінгі таңдағы денсаулық сақтау жүйесін пациентке негізделген жүйе ретінде сипаттауға болады [133]. Әлеуметтік жүйесі туралы да осылай айтуға болады.
Алайда, «өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін Финляндия заңнамасы мен соттары әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесімен ұсынылатын қызметтерге қызметтерді ұсынудың бір түрі ретінде, мемлекетпен басқарылатын біртұтас құбылыс ретінде қарастырды. Әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі қызметтердің сапасын жақсарту үшін, одан кейінгі уақыттарда әкімшілік реформалар жүзеге асырылып, мемлекеттік басқару шеңберінде ішкі бақылау процестері іске асырылды. Алайда ол кезде көп нәресе туысқандары мен отбасына байланысты болды» [123,р. 205].
Дегенмен елуінші жылдардан бастап, қарт адамдарға деген мемлекеттік тұрғыдан көзқарас өзгеріп, «кедейлер үйі» деген атаудан бас тартып, оларға байланысты әлеуметтік саясат та өзгере бастады. Ал бұған дейін, мәселен, «егер ауылды жерлердегі қарттар үйінде тұрса денсаулығы жарайтындар ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге міндетті болып, мүлікке иелік ету, еркін жүріп-тұру секілді негізгі құқытары шектелді» [134].
Қазақстандағы қазіргі жағдай секілді, ол елде де өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары ауыл халықының қаларға үдере көшуі орын алып, ауылды жерлерде тек егде жастағы адамар қалып, нәтижесінде туыстарының қамқорлығы да кеми түсті. Осындай ахуалды еске отырып, 1971 жылы егде жастағы адамдардың жағдайына, денсаулығына бақылау жасаудың жаңа механизмдерін муниципалиттерге міндеттейтін қоғамдық денсаулық сақтау туралы заң қабылданды.
Әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі істерді қарау барысында соттардың жеке адам құқықтарының ажырамастығына баса назар аударуының нәтижесінде, сексенінші жылдардан әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы адам құқықтарына негізделген әлеуметтік және денсаулық сақтау жүйесі қалыптаса бастады. Ал тоқсаныншы жылдардан бастап пациенттер мен олардың құқықтары жөніндегі арнайы заңдар қабылдануда.
Демек, «Финляндияда әлеуметтік және медициналық қызметтер әмбебаптық негізде өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан кеңінен ұсыныла бастады»[132]. Мысалы, Әлеуметтік қамтамасыз ету туралы заңға сәйкес, муниципалитеттер қарт адамдарды тұрғылықты жері бойынша күтіп-бағуға жауапты болды [135]. Бұл Финляндияда қарт адамдарға туыстары тарапынан күтім жасауды міндетін толықтай мемлекеттің мойнына артып қойды дегенді білдірмейді. Отбасылық қатынастардың өзіндік жақсы дәстүрлері қалыптасқан. «Туыстары тарапынан күтіммен қамтамасыз етіліп жатқан 20000 мыңнан астам адам мемлекет тарапынан қосымша әлеуметтік және медициналық күтім жасау жөнінен көмектер алуда»[131].
Айтып өтерлік маңызды жайт, Финляндия Республикасының 1999 жылғы Конституциясының 6-тарауының нормаларына байланысты адамның жасы кемісітушілікке тиым салатын негіздердің қатарына кіреді. Осыған орай, 2004 жылғы Кемісітушілкке жол бермеу туралы Заңға сәйкес, адамның жасы осындай негіздердің қатарына жатқызылған [136]. Сонымен бірге, Конституция әркімнің қоғамның, сондай-ақ өзінің өмір жағдайларын дамыту мен оған әсер етуіне құқығын қарастырған.
Финляндия Республикасы Конституциясының 19-тарауы әлеуметтік қамтамасыз ету құқығына кепілдік береді, онда «кім де кімнің жеткілікті өмір сүруге қажетті қаржысы болмаса, өмір сүруге және күтіп-бағылуға қажетті көмекті алуға құқығы бар», деп бекілген. Осы тарауда «әркімге қарттық кезінде өмір сүруге қажетті базалық құқыққа кепілдік берілетіндігі» ерекше аталып өтіледі. Сәйкесінше әлеуметтік, сауықтыру және медициналық қызметтер мен тұрғын үйге құқықтары барлығы үшін осындай конституциялық ережелермен бекітілген.
Финляндия Республикасының құқық әлеуметтік және денсаулық сақтау жүйесінде қарт адамдарды мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғау мен оларға медициналық көрсетуге бағытталған, 2012 жылы қабылданған «Егде жастағы адамдарға медициналық-санитарлық көмек көрсету және олардың функционалдық қабылеттіліктерін қолдау туралы» заңы маңызды орын алады. Әлеуметтік, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға бағдар алған біздің елде де осындай заңның қабылдау қажет деп ойлаймыз. Өйткені бұл аталған сипаттағы мемлекет құрудың негізгі қағидаларын жүзеге асырудың жолы болмақ.
Финляндия Республикасының Егде жастағы адамдарға медициналық-санитарлық көмек көрсету және олардың функционалдық қабылеттіліктерін қолдау туралы заңы қарт адамдардың теңдік құқығын іске асыруды көздей отырып, оның 13-бабы қарт адамдардың «денсаулығына, хал-ахуалы, функционалды қабілеттіліктеріне, тәуелсіз жүріп-тұруы және интеграцияға құқықтарына кепілдік береді» [137]. Аталған құқықтармен бірге, аталмыш заңда қарт адамдардың әлеуметтік-мәдени өмірінің мәселері де көрініс тапқан.
Финляндия Республикасының Егде жастағы адамдарға медициналық-санитарлық көмек көрсету және олардың функционалдық қабылеттіліктерін қолдау туралы заңы мемлекеттік органдарды қарт адамдарды әлеуметтік қолдау мен қорғауға және медициналық көмекпен қамтамасыз етуге міндеттей отырып, олардың қоғамдық өмірге интеграциялануына ықпал ету механизмдері мен процедураларын да қарастырады.
Бұл процедураларды іске асыруда Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі, қызметтер көрсетуді жүзеге асырушы жергілікті муницпалитеттер, Әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы Фин ұлттық орталығы Valvira, Пациенттердің істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Омбудсмен және соттар белсенді рөл атқарады. Осы заң қабылданғаннан кейін Финляндияның әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау министрлігі мен Финляндияның жергілікті және аймақтық билік органдарының Ассоциациясы «Қарт адамдардың өмір сапасын және оларға қызметтер көрсетулерді жақсартуға кепілдік беретін Ұсыныстар жөніндегі» құжатты әзірлеуге кірісті [138].
Қарт адамдардың денсаулығын сақтауға құқығының жан-жақты іске асуы, толыққанды әлеуметтік қорғалуы және қоғамға кең ауқымды интеграциялануы осы ұсыныстардың жалпы қағидалары ретінде бекітілген. Мысалы онда: «осы қызметтерді алушы тұлғалар өзіне көрсетілетін қызметтерді жоспарлауға қатысады, өзінің іс-шараларын басқарады, және тіпті өзінің функционалдық әрекет қабілеттілігін жоғалтса да қызметтердің сапасын бағалайды», деп әрбір өмірлік жағдайларға ерекшелікпен қарауды ұсынады.
Сондай-ақ, қадағалау жөніндегі орган Valvira 2014 жылы жеке және мемлекет тарапынан әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетушілерге байланысты ұсыныстарын шығарды. Мәселен, осы ұсыныстардың біріне сәйкес, медициналық қызметкерлерден пациенттердің функционалдық хал-ахуалы туралы мәліметтерді жаза отырып, «дербес бағалау жүргізу жоспарын» жүргізу талап етілді [139]. Осы арқылы Финляндияның мемлекеттік-әлеуметтік қорғауындағы әрбір қарт адамның жеке әлеуметтік биографиялық аспектлерін қамтыған жоспары жасалынады.
Өйткені, олардың әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан толыққанды өмірге интеграциялануы заңмен бекітілген. Ал оны бұзу сотпен даулануы мүмкін. Дау сотқа дейінгі тәртіппен, тек екі органның қатысуымен шешілу мүмкін. Олар: Пациенттердің істері бойынша омбудсмен мен Әлеуметтік қызметтер жөніндегі омбудсмен. Егде жастағы адамдарға медициналық-санитарлық көмек көрсету және олардың функционалдық қабылеттіліктерін қолдау туралы заңның 6-бабына сәйкес, қарт адамдардың хал-ахуалын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтердің сапасы мен сәйкестілігін бағалау Әлуметтік қызметтер жөніндегі омбудсменге жүктелген. Ол бағалауды қызметтерді пайдаланушы тұлғалардың, отбасы мүшелері мен жақындарының, сондай-ақ муниципалдық орган қызметкерлерінің пікірлері негізінде жүргізеді.
Егер пациенттің санитарлық-медициналық қызметтерге деген құқықтары бұзылса, 1992 жылы қабылданған «Пациенттің мәртебесі мен құқықтары туралы» Заңға сәйкес, Пациенттердің құқықтары жөніндегі омбудсменге өкілеттіліктер берілген [140]. Осы заңның 11-бабына сәйкес, Пациенттердің құқықтары жөніндегі омбудсмен медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі орталықтарда тағайындалады. Пациенттердің құқықтары жөніндегі омбудсменге мынадай міндеттер жүктелген: «Пациенттің мәртебесі мен құқықтары туралы» заңның қолданылу мәселелері бойынша кеңестер беру; пациенттердің құқықтары туралы ақпараттар беру; пациенттердің құқықтарының сақталуына және жүзеге асуына ықпалдасу. Алайда, оларға пациенттердің істері бойынша пациенттердің құқықтарының бұзылғандығы туралы соттарға шағым беру міндеті жүктелмеген.
Қазақстанда егде жастағы адамдарға күтім жасау негізінен жақын туыстарының міндеті ретінде танылады. Бұл міндеттің қайнар көзі ұлттық дәстүрден бастау алатындығы белгілі. Және ол міндет емес, ата-ана немесе үлкеннің алдындағы борыш ретінде түсініледі. «Қарты бар үй – қазына», деген халық мақалы егде жастағы адамдарға қамқорлық жасаудың негізгі қағидасы ретінде қазақ қоғамының санасына бекіген құбылыс. Осындай рухани құндылық Қазақстан Республикасының заңнамасында да көрініс тапқан.
Қазақстан Конституциясының 27-бабының 3-тармағына сәйкес, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті, деп бекілген. Сонмен қатар, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасылық туралы» ҚР кодексіне сәйкес: «еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасуға міндетті» [141].
Мәселенің бұлайша шешілуі Финляндия Республикасының 1960 жылға дейінгі үлгісімен сәйкес келеді [121,р. 208]. Егер балалары ата-анасына қажетті күтім жасамаса, осы кодекстің 145-бабының 2-тармағына сәйкес алиметтік міндеттеме міндеттеме туындауы мүмкін. ҚР Жоғарғы Сотымен ұсынылған 2015 жылдың мәліметтері бойынша, 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның өз балаларынан күтіп-бағудың орнына алимен талап еткен 136 талап арыз бойынша істерді қарастырған [142].
Біздің елде қарт адамдарға ұсынылатын әлеуметтік және медициналық көмек, барлық азаматтармен тең негізде ұсынылып, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Заңға сәйкес, оларды тек «өмірлік қиын жағдайда жүрген» кезде ғана, «әлеуметтік проблемаларды еңсеру үшін жағдайларды қамтамасыз ететін және оның қоғам өміріне қатысуына басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешінімен» қамтамасыз етеді [143]. Ал ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесін» бекіткен Қаулысына сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін тек «жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдар» ғана ала алады [144].
Байқап отырғанымыздай, Финляндия Республикасында барлық егде жастағы адамдарға әлеуметтік қөмектің толық көлемі ұсынылса, біздің елде «өмірлік қиын жағдайда жүрген» және «өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдар» ғана арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлеміне ие болады. Осы қаулының 1-бабының 2-тармағына сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне мыналар кіреді:
-«әлеуметтік-тұрмыстық;
-әлеуметтік-медициналық;
-әлеуметтік-психологиялық;
-әлеуметтік-педгагогикалық;
-әлеуметтік-еңбек;
-әлеуметтік мәдени;
-әлеуметтік-экономикалық;
-әлеуметтік-құқықтық.
Өз кезегінде қызмет алушылардың денсаулығын қорғауға және жақсартуға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтер мыналарды қамтиды:

  • медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдастыру және жүргізу;

  • дәрігер келгенге дейін қызметкөрсеу;

  • медицналық –әлеуметтік сараптама жүргізуге жәрдемдесу;

  • тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу;

  • мүгедектерді санаторийлік-курорттық емдеуме, оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкестехникалық көмекші (орын толтырушы) және міндетті гигеналық құралдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

  • қызметалушыларға техникалық көмекші (орнын толтырушы) және міндетті гигеналық құралдарды пайдалануды үйрету;

  • медициналық-әлеуметтік мәселелер жөнінде, оның ішінде жасына қарай бейімдеу мәселелері жөнінде консультация беру;

  • денсаулығына байланысты рәсімдерді жүргізу;

  • алғашқы медициналық тексеру және алғашқы санитарлық өңдеуді жүргізу;

  • қызмет алушыларға денсаулығының жағдайына қарай күтімді қамтамасыз ету; алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету;

  • санитарлық-гигеналық қызметтер көрсету;

  • емдеу-сауықтыру іс-шараларын, оның ішінде денсаулық сақтау мекемелерінде ұйымдастыру;

  • әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын жүргізу;

  • палллиативтік көмек қызметін көрсету;

  • емдейтін дәрігердің тағайындауына сәйкес медициналық рәсімдерді жүргізу (терінің және бұлшық еттердің астына жіберілетін инъекциялар, копресс қою, жатқан жерін, жараларын таңу;өңдеу, тазалауклизмаларын жасау, зертханалық зерттеу жүргізу үшін материал алу, катетерлер мен медициналық бұйымдарды қолдануға көмек көрсету;

  • дәрігерді үйге шақыру және қызметалушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына алып бару;

  • емдеуге мұқтаж үйсіз адамдарды денсаулық сақтау мекемелеріне орналастыруға және еріп жүруге жәрдемдесу» [144, 1-бап, 4-тарау].

Біз Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикалары арасындағы халықтың негізгі де, құрметті тобы болып табылатын қарт адамдарға, осы мемлекеттердің әлеуметтік жүйесінде, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесінде ұсынылатын, оны ұйымдастыру мен басқаруда ескерілуі тиіс мәселелерге талдау жасауға тырыстық. Дегенмен, біздің еліміз тәуелсіздігіне 25 жыл ғана болған, «аяғынан енді тұрып келе жатқан» жас мемлекет екендігін ескерсек атқарылар шаруалар әлі алда деп ойлаймыз. Ол үшін алдымен жалпы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру қажет.
«Халықтың өмір сүру деңгейі, кең мағынасында – материалдық және рухани игіліктерді пайдалану өлшемдерін білдіретін қоғамдық үдерістердегі қалыптасқан белгілі бір талаптар мен нормалар аясынан туындаған әлеуметтік-экономикалық категория деп түсіндіруімізге болады. Ал тар мағынасында белгілі бір параметрлер бойынша құрылған халықтың әл-ауқатының жалпы бағдарын анықтайтын сапалық көрсеткіш болып табылады» [145].
Себебі, бұл ұғым өмір сапасымен де тығыз байланысты болғандықтан, сандық көрсеткіштерден гөрі нақты практикалық параметрлерге бағындырылады. Ал, «өмір сапасы, кең мағынасында алғанда – өмір ағымындағы адам қызметі мен жағдайларының алғышарттары болып табылатын биологиялық қажеттіліктері мен рухани мүдделерінің бірлігінен тұратын жүйелі ұғым десе де болады. Тар мағынасында алғанда, салыстырмалы түрде ұсынылатын заманауи талаптардың қойылған шарттарының тікелей өмір сүруге қатысты деңгейлері».
Себебі, «сапаның» өзі біріншіден, заман ағымына байланысты өзгеріп отырады, екіншіден, ол бәрібір мемлекеттегі жағдайлармен салыстырылғанда ғана толық ашыла түседі [145,б. 155]. Әлемдік өркениет ілгерілеген сайын өмір сапасына қойылатын талаптар да күшейе түседі, сондықтан ол әрбір мемлекеттегі дамудың деңгейімен де байланысты болып келеді. Демек, өмір сапасы дамушы мемлекеттердегі саяси-экономикалық жағдайлар мен дамыған елдердегі осындай жағдайларға да тікелей байланысты. Дегенмен, «қазіргі адамзат өркениеті мен мемлекеттер ұстанып отырған әлеуметтік саясат өмір сапасы мен халықтың күн көріс деңгейін арттыра түсуді, тіпті, оның бәсекелестік жағдайында болуын, ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері баршаға қолжетімді болуын қалап отыр және соған ұмтылу үстінде.
Сонымен қатар, тұрмыс сапасына күннен-күнге жаңа талаптар мен бұрынғы талаптардың жаңа деңгейлері келіп қосылып жатыр десе де болады» [145,б. 155]. Бірақ белгілі бір қалыптасқан өлшемдер жүйесі бар екендігін де ескере отырып, еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесі мен денсаулық сақтау жүйесі өркениеттер көшінен қалып қоймауы қажет!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет