Ойлау мәдениетінің пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі



бет1/3
Дата01.04.2023
өлшемі30,82 Kb.
#78324
  1   2   3
Байланысты:
Ойлау м дениетіні пайда болуы. Философияны п ні мен дісі


Ойлау мәдениетінің пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі.
1. Ойлау мәдениеті.
2. Философия даналыққа құштарлық ретінде.
3. Көзқарас, оның қоғамдық-тарихи сипаты.
4. Мифологиялық және діни көзқарас.
5. Философия пәні және оның гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі орны
6. Философия ғылымдар әдістемесі ретінде.

1) Қоршаған дүниені танып білуде тек сезіну жеткіліксіз, сезімдік таным арқылы заттар мен құбылыстар тұралы үстірт, қарапайым білімдерге ғана қол жеткізе аламыз. Заттар мен құбылыстардың ішкі құрылымы, қатынастары мен байланыстары ойлау арқылы бір-бірімен байланыстыра отырып танылады.


Ойлау адам санасы мен объективті шындық арасындағы диалектикалық бірлікті білдіреді. Ол адамның сыртқы дүниемен қарымқатынас процесінде туындап отыратын, өте күрделі және маңызды, түпкілікті процесс. Ойлау – қарама-қарсы қайшылықтарға толы процесс. Бұл ойлаудың дамуы мен іске асуының қозғаушы күші. Ойлаудың пайда болуы – белгісіз нәрселерге зер салу мен таныпбілуге деген қызығушылықтан туындайды.
Әлем шексiз, соған орай дүниенi танып бiлу де шексiз. Адамның ойы сол шексiз әлемдегi нәрселердiң сырын, құпиясын бiлуге бағытталады. Әрбiр адам ойланып-толғанғанда өзiне беймәлiм нәрселердiң сырын ашып, жаңалықты бiледi.
Ойлау дегенiмiз- әлеуметтiк жағдаймен ұштасқан, тiлiмен тығыз байланысты психикалық үрдiс, сол арқылы болмыстың, дүниедегi нәрселердiң жалпы және жанама бейнеленуi. Бұл бейнелену адам ойының талдау және бiрiктiру әрекеттер арқылы танылады. Бiр сөзбен айтқанда, ойлау – сыртқы дүниедегi болмыстың жалпы жанама жолмен бiздiң санамыздағы ең биiк сатыдағы бейнесi. Ойлау адамның өмiр тәжiрибесi мен практикалық iс-әрекеттерi нәтижесiнде пайда болып, тiкелей сезiм үрдiсiнiң шеңберiнен әлдеқайда асып түседi.
2) Дүниені танып білуге деген қызғушылық философияның пайда болуына түрткі болды. Философия – даналыққа құштарлық (Пифагор). «Философия – сенің ойлауыңның жемісі болып табылады және сенің өзіңде өмір сүреді» (Т. Гоббс). Философиның пәні ойлаудың жалпы заңары болып табылады. Философиялық ойлау түрі – сын және күмәндану. Сондай-ақ. философияға сұхбаттық сипат және эвристикалық мүмкіндіктер тән.
Философия сөзі ежелгі грек тілінен аударғанда даналыққа құштарлық (phileo – «сүю», «құштарлық», sophia – «даналық») дегенді білдіреді. Философия сөзін бірінші болып қолданған ежелгі грек математигі және ойшылы Пифагор болды. Аңыз бойынша ежелгі грек қалалары билеушілерінің бірі одан өзінің кім екендігін сұраған кезде, Пифагор: «Философ» деп жауап берген екен. Билеушіге бұл сөз беймәлім еді, Пифагор оны былайша түсіндірді: «Өмір олимпиядалық ойындарға ұқсас: біреулер оған жарысу үшін, басқалары сауда жасау үшін, ал ең бақыттылары көру үшін келеді. Өмірде де солай – біреулер даңқ пен байлыққа деген ашкөздікпен дүниеге келеді, ал философтар болса тек бір ғана ақиқат үшін жаралған». Осыдан философтың даңқ пен байлықты ойламайтындығы, бірақ заттар табиғатын (мәнін) зерделейтіні және аңдайтыны келіп шығады.
Бастапқыда философиялық даналық дәстүрлі өмір салты, нормалар мен ұғымдар ретінде көрініс береді. Философияның алғашқы өскіндері әдеттегі, дәстүрлі патриархалдық қағидалардың әділеттігі мен шынайылығына күмән келтіру негізінде өніп шықты.
3) Дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көзқарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы. Дүниеге көзқарас адам қоғамымен бірге пайда болған қоғамдық тарихи құбылыс. Оның шығуының қайнар көзі – өмірдің өзі, адамның тіршілік болмысы. Дүниеге көзқарастың негізгі ұғымдары – «дүние» және «адам». Олар ажырамас бірлікте. Яғни, адамнан бөлектенген дүние және табиғат, сондай-ақ сыртқы дүниемен салыстырылмаған адамның іс-әрекеті, ішкі рухани өмірі, әрқайсысы өз бетінше дүниетанымды құрай алмайды. Дүниеге қатынасы арқылы адам өзінің тағдыры мен өмірлік позициясын, сүйіспеншілігі мен сенімі туралы белгілі бір көзқарастар аумағын кеңейтеді. Адам мен дүние арақатынастары бір-бірімен жаңа байланыста қаралған сайын, сыртқы материалдық әлем және ішкі рухани дүние туралы түсініктер тиянақталынады. Осыдан келіп дүниеге көзқараста, біріншіден, әлем, табиғат және қоғам туралы, олардың бірлігі туралы, екіншіден, адам және оның дүниедегі орны туралы, үшіншіден, болмыс пен болашақтың мән-жайы туралы көңілге қонымды түсініктер қалыптаса бастайды.
Дүниетанымның тұтастығын құрастыратын негіз – білім. Білім адамның көкірегіне қоныс теуіп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне, ұмтылған мұрат-мақсатына деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын.
Дүниеге көзқарастың қалыптасуы табиғи, әлеуметтік және нақты мәдени ортаға тәуелді. Дүниеге көзқарасты ғылыми және ғылыми емес, қарапайым деп бөлуге болады. Сөйтіп, қарапайым дүниетанымда мифологиялық, діни және ғылыми көзқарастар, материалистік және идеалистік ағымдар араласып жатады.
Ал тарихи тұрғыдан алғанда дүниеге көзқарастың мифологиялық, діни, натурфилософиялық және философиялық түрлері қалыптасты.
4) Миф – алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші бөлінбеген формасы. Мұнда поэзия мен ғылымның, дін мен моральдың, рационалды әсердің элементтері бар. Ежелгі миф-аңыздар алғашқы адамдардың тіршілігінің маңызды белгісіндей, олардың рәміздік мазмұны арқылы адамзат қоршаған ортаны және уақытты әрі игерді, әрі түсінді.
Мифологиялық дүниетанымның кіндігі – кеңістік пен уақытты адаммен жақындастыру талпынысы, бағдары. Мифологиялық уақытта адам мен табиғаттың арасында алшақтық жоқ болды. Миф алғашқы адамдардың тіршілігінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Миф – адамның қауымдық санасының алғашқы қалыптасуының көрінісі. Ол ешбір құбылыстың түп негізін, шығу себебін ашпайды. Жазулы ақпарат жоқ кезде миф оның қызметін атқарған, адам мен дүниенің дәнекері болған. Сонымен, мифологиялық кезеңде адам мен табиғаттың арасындағы бірлік ерекше жоғары дәріптелді. Егіншілік пен бақташылық, тіпті, қолөнердің өзі ежелгі дәуір мәдениетінен табиғат пен сырлас болуды талап етті. Скиф – сақ өркениетіндегі «аң стилі», қытайдың инь, ян бастамалары, Египет пен Шумердегі өліп, қайта тірілген құдай туралы аңыздар табиғат пен үйлесімдікке шақыратын рәміздер.
Түрік халықтарының мифологиясында ғарыштың құрылымы былай бейнеленеді: жеті қабат Жер бар, онда Көктөбе тұр, Көктөбеде Көктерек өсіп тұр, ол Көккүмбезді тіреп тұр. Бұл бейне киіз үйдің құрылымына да ұқсас. Қазақтың әлем туралы түсінігінде әсерлі бейненің бірі – алып бәйтерек. Дүниежүзілік ағаш таңбасы өрлемдік қозғалысты, Жер мен Аспанның тығыз байланысын білдіреді. Осы биік бәйтеректен эпос батырлары аспан денелеріне өрмелеп жете алатын болған. Әлемдік ағаштың тағы бір атқаратын қызметі оның жоғары және орта дүниемен байланыстыруында. Тірілер әлемі өткен кезбен, аруақтармен қатынасын үзбейді. Көктеректің тамырлары жер астында орналасқан. Жасыл-желек өмірлік ағаш күш-қуат пен нәрді төменгі дүниеден алады.
Қазақтардың ата-тегі түріктердің басты құдайы – Көк Тәңірі. Оның рақымымен елді билеген қағандар «Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендіріліген» деп аталған. Түрік жазуларында көшпенділердің барлық жеңістері Көк Тәңірімен байланыстырылған. Аспанды және оның шырақтарын қадірлеу түрік өркениетіне жататын барлық халықтардың дүниетанымының маңызды белгісі. Мысалы, «Оғызнама» эпосында Оғыз қаған өз балаларының атын Көк, Күн, Ай, Жұлдыз, Тау, Теңіз деп қойғаны мәлім.
Мұның бәрі ертедегі адамдардың жерге, суға, тауға, ағашқа, жануарларға және ата-бабалар рухына сыйынатын көзқарастары. Кейін Құдай адамдарға кітап (Құран, Библия) «сыйлаған» соң, мифологиялық дүниетанымды дін мен философия ығыстырды.
Діни негіздегі дүние көзқарасы мифологиялық сананың табиғи жалғасы. Діни дүниетаным табиғаттан тыс, құдіретті күшке адамның мүлтіксіз бағынуын уағыздайды. Адам санасында табиғи құбылыстардың бұрмаланған бейнесін туғызады, оны табиғатты өзгерту мүмкіндігінен шеттеуге бейімдейді. Дін объективтік шындықты адам басында бұрмалап, фантастикалық түрде бейнелейді. Діни қағидаларға қарағанда дүниеде қандай бір құбылыс болмасын оның тікелей тірегі, қозғаушысы өмірден тыс тұрған және оны жаратушысы күш (құдірет) екені. Ең бірінші діндер политеистік болған, діндердің ең жоғары сатысы таптық қоғамдарда пайда болып, содан бері келе жатқан монотеистік сенім. Үш ірі дүниежүзілік дін бар: буддизм, христиан, ислам діндері. Діннің пайда болуы ертедегі қауымдық адамдардың дүниетаным қабілеттерінің өте төмен болып, табиғат құбылыстарының сырын түсіне алмай, түрлі жағдайлардың себептерін рухани күш-құдіретке балағанын көрсетеді.
Буддизм б.з.д. ВІ ғасырда пайда болады. Оның шығу тарихы принц Сиддхартха Гаутаманың есімімен тығыз байланысты. Буддизм ілімі бойынша, өмір – қасірет. Адам қандай әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды. Буддизм бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынадай: өмірге келу – азап, қартаю – азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айрылысу – азап, көздеген мақсатына жете алмау – азап. Ал осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу. Будда ілімі адамның бойындағы ізгілік, адамгершілік қасиеттерді одан әрі дамытуды насихаттайды. Онда былай делінген: «Бұл дүниеде өшпенділікті өшпенділікпен жеңуге болмайды, адам ашу-ызасын ақылға жеңдіріп, зұлымдықты қайырымдылықпен ауыздықтауы қажет. Ұрыста мың адамды жеңіп шығуға болады, ал нағыз жеңіс адамның өзін-өзі жеңіп шығуы болып табылады».
Христиан діні б.з. І ғасырда қалыптасты. 1054 жылы христиан діні: католик және православиелік болып екіге бөлінсе, ал ХВІ ғ. бұл діннің жаңа тармағы – протестанттық ағым пайда болды. Христиан діні – өзінің мазмұны мен мәні жағынан өзгеше жаңа мәдениеттің негізін қалауға ткелей себепкер болды. Бұл жаңа мәдениет адам тұлғасын мойындады, адамды құдайтағаланың жер бетіндегі пендесі, ал Иисус Христос адамзат баласының ең жақын қамқоршысы деп танылды. Библияда христиан Құдайы «Қазына Құдайы» деп аталды, өйткені мұндағы Құдай пұт емес, адам еркінің көрінісі емес, ол адамнан мүлде тәуелсіз өмір сүреді. «Құдай – ол нағыз махаббат» өйткені оның адамзат баласына деген махаббаты өте шексіз, ол еш уақытта да адамдарға жамандық пен жауыздық жасамайды. Зұлымдық пен жауыздық – адамдардың мән-мағынасыз өмірінің және бұл өмірде жасаған күнәлерінің жемісі.
Ислам (арабша Аллаға берілу, мойын ұсыну) діні Батыс Аравияда ВІІ ғасырда таптық араб мемлекетінің құрылу кезеңінде пайда болды. Ислам діни ілімі Құранда баяндалған, оның мазмұны, аңыз бойынша, Құдайдың еркімен Мұхаммед пайғамбарға хабарланған. Ислам діні христиан діні мен иудаизмнің, ішінара манихейлік пен зороастризмнің әсеріне ұшырады. Исламның басты догматы бірден-бір ақиқат Құдай көк пен жерді жаратушы және ондағы бір нәрсенің бәрін жасаушы ретінде олардың үстінен өктемдік жүргізетін Алланы мойындау болып табылады. Мұсылманның бес парызы бар. Олардың біріншісі, діннің символы: «Алладан басқа Құдай жоқ, ал Мұхаммед – Құдайдың елшісі» деген сөздерді айту болып табылады. Одан әрі мұсылмандарға күнделікті намаз оқу, ораза тұту, салық (зекет) төлеу, сондай-ақ қажыға бару парыз етілген. Ислам негізінен екі бағытқа – суннизмге және шиизмге бөлінеді. Мұсылмандық діннің еуразиялық Далада таралуына байланысты көшпелі халықтардың ғарыш туралы түсінігі де өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы ескі мұра жоғалып кетпей, ислам космогониясымен синкреттік (тығыз байланысты) түрде тұтасты. Бұл түсініктер бойынша әлем екі дүниеден: фәни (белгісіздік) және бақидан (мәңгілік) тұрады. Осыған сәйкес адам өмірі шексіз. Фәниден бақиға өту, бұл дүниеден кету дегеніміз – жанның бір формадан екінші формаға ауысуы, оның нұрға айналуы.
Мифология мен діни сананың кемшіліктеріне қарсы күресті біршама батылдықпен жүргізген натуралистік философия болды. Ол жеке жаратылыстану ғылымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, табиғат туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға тырысты. Бірақ онда дүниені өзгермейтін нәрсе ретінде қарастыру басым еді.
5) Ғылымның тарихы мен философиясы тығыз байланысты. Ғылым философиясы тарихи өзгеретін әлеуметтік-мәдени астарда қарастырылатын және олардың тарихи дамуында алынған ғылыми білімдерді өндіргіш қызмет ретінде жалпы заңдылықтарды және ғылыми танымның тенденцияларын таныстырады. Екі мықты ағым – ғылым тарихы мен философиясы – біртұтас және бөлінбес. Олар дамудың ұзақ әрі күрделі жолынан өтті. Ғылым тарихы тек философиялық тұжырымдарға эмпирикалық негіз болып қана қоймайды, сонымен қатар, өзінің ары қарай дамуына анағұрлым тиімді жолды таңдап алады. Ғылым философиясының 5 эвристикалық потенциалды білім дамуындағы белгілі бір гипотезалар мен жобаларды жасауға, бастауға, ғылым дамуының жаңа бағыттарын алдын ала айтуға, оның нәтижелерін интерпретациялауға тиіс. Тарихилық принципі ғылым философиясының назар аударарлық орталығында тұрады. Ол ғылыми бағдарламалар мен физикалық шынайылық зерттеулерінің қалыптасу процесін ашуға мүмкіндік береді, оның түсіну жолдарын түзетеді. Сондықтан да, ғылым, өз түсініктерінің нақтылығы мен айқындылығына, олардың өзара байланыстарын қалыптастыруға, олардың теориялық жүйелердің логикалық нәтижелі және тұтас болуына ұмтылады.
6) Философия өмірде дұрыс жол сілтейтін ақиқаттың шыңын, әдісін көрсетуге тырысады. Әдіс туралы философиялық ілімді, демек, әдіснаманың немен айналысатынын қарастырайық. "Әдіс" ұғымы (гректің методос сөзінен аударғанда — бірдеңеге бастайтын жол) белгілі бір теориялық немесе практикалық міндетті орындау үгіттің таңдап алынған жоламалшешім дегенді білдіреді. Белгілі бір міндетті орындауға кіріспестен бұрын адам өзінің әрекетін жоспарлайды, мақсатына жету үшін қажетті амалдарды қарастырады. Әр әдіс ақиқатты іздеу ретін айқындайды, (егер ол дұрыс болса) күш пен уақытты үнемдеуге, мақсатқа жеткізетін тура жолды таңдап алуға мүмкіндік береді. Жюль Верннің "Капитан Гранттың балалары" романында Жак Паганель жолсеріктеріне жұмыртқаны дайындаудың жүзге жуық әдісі бар екенін айтатыны естеріңде болар. Әрине, бірнеше, кейде жүз түрлі амалмен бір нәтижеге қол жеткізу үнемі бола қоймас. Солай болса да, кәдімгі өмірде, өнеркәсіп өндірісінде немесе ғылыми тәжірибе жүргізгенде, белгілі бір міндетті түрлі жолдармен, әрекеттермен, операциялармен, демек, түрлі әдістермен шешуге болады. Олардың ең жақсысын таңдап алу кейде экономикалық жағынан тиімділігін ескере отырып, кейде техникалық мүмкіндіктерге сай, кейде мәселені тез шешу қажеттігіне орай таңдалып алынады. Содан бері әдістерді зерттеумен арнайы айналысатын әдіснама (грекше методология, методос — әдіс, логос — ілім) деп аталатын философиялық білімдердің тұтас бір саласы пайда болып, дамып келеді. Сөзбе-сөз әдіснама "әдіс туралы ілім" дегенді білдіреді. Адамдар кез келген қызметті атқарар алдында белгілі мақсаттарды басшылыққа алумен қатар жалпы ережелер мен нұсқауларға, шектеулерге сүйенеді. Кең мағынасында олар әдіснаманы құрайды. Егер мұндай әдіснама адамдардың санасында бола тұра жеткілікті қабылданбаса, былайша айтқанда, көзге көрінбесе, олар қоғамдық қызметтің негізгі түрлерінің сипаттарын айқындайтын мәнді рөл атқарады.
Адамдардың қызметінде әдіснамалық дүниетаным аса маңызды рөл атқарады. Өзінің табиғатына орай танымның тұтастай және ғылымның тереңде жатқан негіздерімен байланыста әмбебап әдістерді талап ететін міндеттер болады. Мұндайда философияның әдіснамасын айналып өтуге мүмкіндік болмайды. Әр нақты жағдайда, бір көлемді өлшеу қажет болғанда, физик қандай өлшеу амалын таңдап алуды әзі біледі. Гендік инженериямен және организмнің жаңа тұқым қуалаушылық қасиеттерін зерттеумен айналысатын биолог-генетик ДНҚ-ның қосарланған шиыршығын қандай ферменттермен және қай жерінен ажыратуды және қандай өзге белсенді препараттармен бүл молекуланың жаңа шиыршықтарының үзіктерін жабыстыру амалдарын тандап алады. Осы тектес жағдайлардың бәрінде ғалымға өзінің кәсіби ақпараттарын игеру жеткілікті. Ал қазіргі заманғы нақты ғылыми теорияларды ойлап шығару үшін бүл жеткіліксіз. Өйткені жаңа теорияларды электронды микроскоппен, ферменттермен, лазер құралдарымен құруға болмайды. Ол үшін теория құрудың логикалық ережелері мен ұстанымдарын білу, теориялық және эмпириялық білімдер арасындағы байланыстарды белгілейтін әдіснамалық нұсқауларды игеру керек. Мұндайда философияның әдіснамасысыз еш нәтижеге жету мүмкін емес. Өйткені философия жалпылама әдіснама саласында көрінеді, оның өзіндік әдісінің мәні осында. "'''Философиялық әдіс'''" дегеніміз — нағыздықты игерудің теориялық және практикалық мейлінше жалпылама әдістерінің жүйесі, сонымен қоса философиялық білімдердің жүйе құру әдісі болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет