жөнінде жаңа білім пайда болады. Егер сезімдік деректер әр алуандықты көрсетсе, ұғым
олардың бірлігін алға тартады. Мұны біз ғылыми тілде категориалдық (ұғымдық) синтез
(біріктіру) дейміз. Кейбір әдебиет беттерінде оны дискурсивтік ойлау әдістері дейді.
Сонымен қатар, адам таным қабілеттерінің бірі ретінде интеллект деген ұғымды
келтіруге болады. Ол адамның ең жоғарғы, бүкіл Дүниені біртұтас ретінде қамтуға
бағытталған, яғни, философиялық дәрежеге көтерілген ойлау қабілеті болып есептеледі.
Енді интуиция (көкей көз) мәселесіне келер болсақ, ол тікелей шындыққа жету, оның
ақиқаттығын анық та айқын көру, ешқандай дәлелдеуді талап етпеу. Мәселенің қиындығы
– сол саған ашылған шындықты басқаға жеткізу болса керек. Ол үшін оны тағы да ой
елегінен өткізу қажет. Ал мұның өзі интуиция адамның бүкіл сана-сезімімен тығыз
байланысты екенін көрсетеді. Қайсыбір көкей көз арқылы берілген шындық сол мәселемен
талай күндер, я жылдар бойы айналысқан, оның бүкіл жан-тәнін бойрап алған адамға
келеді. Ал оның өзі - сол мәселенің шешілуі тіпті адамның саналы түрде ғана емес, сонымен
қатар, бисаналық жолмен жүріп шешілгеннің көрінісі емес пе?
Таным үрдісі адамның ырқымен (воля) де тығыз байланысты екенін байқаймыз. Ол
адамды таным жолында белгілі бір мақсаттарға, нәтижеге жеткізуге көмектеседі. Адам өз
ырқы арқылы бүкіл күш-жігерін жинақтап, оны зерттеуге ұмтылдырады. Алайда, ырық
әрқашанда сананың, ең алдымен, моральдық құндылықтардың бақылауында болуы қажет.
Ол, әсіресе, бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдарында қажетті. Өйткені, адам дүниеге
тереңдеген сайын табиғаттың орасан-зор күштерімен кез болып, ар-ұжданы дамымаған
ғалымды сол күштерді өз мүддесіне жаратуға бағытталған пейілі мен іс-әрекетін тудыруы
ғажап емес. Мұндай жағдайда, ол адамзатты үлкен қайғы-қасіретке, тіпті бұрынғы-соңғы
болмаған апатқа әкелуі мүмкін. Көне Грек елінде өз атын тарихта қалдыруды армандаған,
бірақ, қолынан ұлы іс келмейтін Герострат деген кісі Артемида құдайына арналған ғажап
кесенені жағып жіберген екен. Сол сияқты бүгінгі уақытта ғылым саласында қызмет етіп
жатқан геростраттар жоқ деп кім айталар екен?
Таным үрдісінде аса бағаланатын нәрсе – ол адамның таланттығы. Біріншіден, ол
адамға берілген табиғи дарынмен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Егер біреу –
көркемөнерге жақын болса, екінші – математика, физикаға, үшінші – тілдерді игеруге
ынтық болуы мүмкін. Адамдардың бұл қабілеттері белгілі бір әлеуметтік жағдайларды
жасау, сонымен қатар, тұлғаның қажымас еңбегінің арқасында, талантқа, яғни,
шығармашылық қабілетіне айналуы мүмкін. Кері жағдайда, адам табиғи дарынын
таланттық деңгейге көтере алмай, оны сөндіріп алуы да ғажап емес.
Танымның негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны
практикалық өмірде пайдалануға жол ашылады.
Достарыңызбен бөлісу: