Үстеулер - қимылдың, іс-әрекеттің мекенін, мезгілін, жай-күйін, мақсатын, сын-бейнесін, себебін білдіріп, грамматикалық жағынан түрленбейтін сөздер. Үстеулердің ішінде бірде үстеу, бірде септеулік шылау болып қолданылатын сөздер бар. Ондай сөздерге мынадай сөздер жатады: бері, кейін, соң, бұрын, т.б. Бұл сөздер амал-әрекеттің мезгілін, мекенін, т.б. белгілерін білдірсе ғана үстеу болады.
Ал, қимылдың белгілері пысықтауыш мүше ретінде қолданылатын баска есім сөздер мен етістік формалары (мысалы, көсемшелер) арқылы да білдіріледі. Бірақ белгілі жағдайда ғана пысықтауыш болып қызмет атқаратын ондай есім сөздер мен етістік формалары өздерінің бастапқы қасиеттерін жоймайды. Осы
себептен пысықтауыш мүше болған сөздердің барлығы бірдей үстеу болуы шарт емес. Ол осы үйде тұрады және мен мынау колхоздан пана таптым, енді орным осында (М. Әуезов) деген сөйлемдерді алсақ, бірінші сөйлемдегі пысықтауыш үйде деген сөз болса, екінші сөйлемдегі пысықтауыш — осында деген сөз. Бірақ мағына жағынан бүл екі пысықтауыштың арасында елеулі айырмашылық бар: жатыс септігінде қолданылып пысықтауыш болып түрған үйде деген зат есім тұрушының мекенін айқын білдірсе, осында деген пысыктауыш тұрушының мекенін жалпы түрде ғана хабарлап тұр. Екіншіден, үй деген зат есім жатыс септікте тұрып қана пысықтауыш болып тұрса, осында деген пысыктауыштың бастапқы түбірі осы деген есімдік болғанымен -нда қосымшасы оның табиғи бөлшегі болып тұрақталып, көнеленіп калған. Сол қалпында ол тек пысықтауыш кызметінде жұмсалады.
Есімдерден көнелену арқылы туған үстеулер сияқты, етістік формаларынан көнеленіп шыккан үстеулер де бар. Етістік түрлерінен көнеленіп шыққан үстеулер де көбінесе көсемше формалармен түрлес келеді. Бірақ көсемше формада тұрған сөздердің барлығы да бірдей үстеу бола бермейді. Мысалы: Ол өзінен-өзі сөйлей кірді (С. Мұқанов) деген сөйлемдегі сөйлей деген — үстеу сөз емес, көсемше. Өйткені сөйлей, сөйлеп деген көсемшелер жіктік жалғауды тікелей кабылдап, сөйлемде дара
тұрып та (мысалы: сөйлеймін, сөйлемейсің, сөйлеппін, сөйлепсіз т. б.), басқа көмекші етістікпен тіркесіп те (мысалы: сөйлеп тұрмын, сөйлеп тұрсың, сөйлеп отыр,
сөйлей тұр т. б.), құрмалас сөйлемнің бағынынқысының баяндауышы да, немесе сөйлемнің жай пысықтауыш мүшесі де бола алады. Көсемшелерде жалпы етістікке тән шактық, амалдық және басқа қасиеттер болады. Сондықтан бұл сияқты көсемшелер үстеу емес, етістіктің нағыз көсемше формалары болып есептеледі.
Үстеу сөздер іс-әрекеттің, қимылдың мезгілін, мекенін, сын-бейнесін білдіретіндіктен негізінен етістіктермен тіркеседі. Бірақ үстеу сөздердің есім сөздермен тіркесі де тілімізде жиі кездесетін құбылыс деуге болады.
Осы айтылғандар негізінде үстеулерді сөздерді таптастыру ұстанымдарына сай, лексика-семантикалық сипаты, морфологиялық ерекшеліктері, синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке дербес сөз табы деп тануға болады.
Үстеудің сөз табы ретіндегі бір белгісі - оның лексика-семантикалық сипаты. Үстеу амал-әрекеттің әр алуан мезгілдік, мекендік, мөлшерлік, сындық, себептік, мақсаттық сипаттарын білдіреді. Осымен байланысты олар мынадай мағыналық топтарға бөлінеді:
Мекен үстеу Мезгіл үстеу Сын-бейне үстеу Күшейту үстеулері Мөлшер үстеу Мақсат үстеу Себеп –салдар үстеу Топтау үстеу Мезгіл үстеулері амалдың, іс-әрекеттің жүзеге асу мезгілін, уақытын білдіріп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бүгін, ертең, қазір, биыл, енді, таңертең, кешке, күндіз, кеш, қыстай, жаздай, қыстыгүні, жаздыгүні, әзірше, жаңа, кеше, бұрын, ерте, т.б. сөздер.
Мекен үстеулері қимыл-әрекеттің орнын, мекенін білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: алға, артқа, артта, жоғары, төмен, әрі, бері, кері, ілгері, әрмен, тысқары, осында, мұнда, әрі-бері, жол-жөнекей, жолшыбай, т.б. сөздер.
Мөлшер үстеулері амалдың, қимылдың мөлшерін, көлемін білдіріп, қанша? қаншама? қаншалықты? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: онша, сонша, соншалық, мұншама, едәуір, бірқыдыру, анағұрлым, т.б. сөздер.
Сын-қимыл (бейне) үстеулері қимылдың сан алуан бейнесін, орындалу амалын білдіріп, қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бірден, тез, жылдам, бірте-бірте, лезде, әрең, үнемі, қолма-қол, менше, құсша, емін-еркін, ақырын, шалқасынан, оқыс, дереу, зорға, қапыда, өзінше, ерекше, ретімен, жасырын, бір жола, шала-пұла, бетпе-бет, жападан-жалғыз, т.б. сөздер.
Күшейткіш үстеулері заттың сындық белгісін, қимыл, іс-әрекеттің сапасын, мөлшерін, көлемін күшейтіп я болмаса солғындатып көрсету үшін қолданылады. Күшейткіш үстеулер қашан? қандай деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: ылғи, кілең, тіпті, нақ, нағыз, әбден, мүлде, өңкей, дәл, керемет, орасан, т.б. сөздер.
Мақсат үстеулері қимылдың мақсатын білдіреді. Мақсат үстеулерге жататын сөздер сан жағынан көп емес. Олар: әдейі, жорта, қасақана.
Себеп-салдар үстеулеріқимылдың себебін, нәтижесін білдіреді. Себеп-салдар үстеулері не себепті? неге? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бекерге, босқа, текке, амалсыздан, шарасыздан, лажсыздан.
Топтау үстеулеріқимылдың жасалуының топтық сипатын білдіреді. Топтау үстеулері нешеден? қаншадан? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: біреулеп, екеулеп, көптеп, қос-қостап, топ-тобымен, т.б. сөздер.