КУƏЛІКТІҢ КЕСІРІ
Келесі көктемде мен Əубакірге қой бағуға жалдандым. Өйткені Шодыр
үйінің күтімі жақсы болғанмен, жұмысы өте ауыр. Əсіресе егінге шығар
кезде жұмыс ауырлап кетті. Ал, қой бағу — одан əлдеқайда жеңіл.
Əубакірдің інісі Əлбатырмен мен өткен қыста ғана жақсы танысқам. Бұл
—орта бойлы, семізше денелі, беті толған айдай дөп-дөңгелек жирен сары
жас жігіт. Оның Ұмытшақ атты со жылы түскен келіншегі бар, кескіні
көркем болғанмен, мейлінше салақ.
Өткен қыста Əлбатыр Əубакірден бөлек отырып, балалары солдатқа
кеткен бір бай үйдің жұмысын істеген. Көктемге қарай бұл жұмыстан ол
босанды. Бұған себеп, балалары солдатқа кеткен бай үйлерге, ауыл
жігіттерінен кəсіп іздеп кеп жалданушылар көп болды ма, болмаса, мен
сияқты ол да мал бағу жұмысын қара жұмыстан жеңіл көрді ме оншасын
өзі біледі.
Қойды екі бала бағамыз. Маған серік баланы Əубакір жақын жердегі
ауылдың біреуінен жалдап алып келді. Əубакірдің өзі бай орыстың біреуіне
жалданып, жұмысын істейді. Кəкіш пен Ұмытшақ орыс үйлерінің жамау-
жасқауымен айналысып, пайда табады. Ал, Əлбатырдың істейтіні — кешке
загонге қамаған қойды күзету. Бұдан бұрынғы жылдарда қой жөнді
күзетілмейтін де. Өйткені загонге түсіп ұрлайтын да болмайды екен. Биыл
олай болмады, шілде туып, қой семіре бастаған кезде, загоннен қой жоғала
бастады.
— Қазақ-орыстың түгел тұрған кезінде бұндай сұмдық жоқ еді, — деп
кеңесетін болды Əубəкір мен Əлбатыр. — Ұрылардың бізді ғана емес, мал
иелерін де басынғаны ғой, бұл. Байлары солдатқа кеткен қатыннан
қаймықпағаны ғой... Қой артынан қой жоғалуға айналған соң, Əлбатыр
күзетке отыратын болды.
— Қолыңа мылтық ап отыр, — деді оған Əубакір, — егер ұры келе
қалса, кім болса да атып таста!..
Əлбатыр мылтық ап түнде күзетке шығады. Қашан ұйқым келгенше
оның қасына мен барып отырам. Өйткені орыс арасында туып, орыс
арасында өскен Əлбатыр орыстың ертегілеріне жүйрік. Ол неше түрлі
қызық ертегілерді маған қазақшалап айтады, мен аузымның суы құри
тыңдаймын. Сол ертегілерді тыңдай отырып, мен ұйықтап қалам... Біздің
қасымызда Əубакірдің қабаған иті байлаулы жатады.
— Апырай, — деп таң қалады Əлбатыр, осы ит — мейлінше қабаған-ақ
ит. Үйдің маңайына келген кісі түгіл, қияда көрінген жат кісіге үріп тұрады.
Осының ұрыға үрмейтін себебі не екенін білмей-ақ қойдым. Күзеттің
алғашқы күндерінде елгезектеніп жүретін Əлбатыр біраз күннен кейін
күзетке ерінуге айналды.
— Бəлəмдардың өздері де қорыққан болу керек, — дейтін болды ол. —
Менің күзетте отырғанымды біледі олар, енді өлсе жуысын ба.
Əлбатырдың бұл сөзінің аяғы «бала, кезектесіп күзетсек қайтеді»
дегенге соғады. «Мен ұйықтап қалам ғой» деймін, күзетке отырғым келмей.
Шамаң келгенше ұйықтама дейді, ол. «Шамаңнан асып бара жатса,
ұйықтай салсаң да оқасы жоқ. Күзетші барын білген соң, кім келе қояр
дейсің».
Əлбатыр бірер қызық ертегілерін айтып берген кезде, түн ортасы ауа
бастайды. Сол кезде ол да, мен де есіней бастаймыз. Сонда, Əлбатыр:
— Ал, бала, ұйқы кеп барады ғой, қайсымыз қалғи тұрамыз, — дейді.
Мен үндемеймін. Ол менен үлкен болғансып, мені алдағансып:
— Ертең бұдан да қызық ертегі айтам, сен отыра тұр, мен аздап қалғып
алайын Содан кейін оянам да, сені ұйықтатам дейді. Алғашқы күндері
Əлбатырдың бұл сөзіне алданып, ұйықтатып көрсем, өзін түрткілемей
оянар ол жоқ. Күні бойы қой баққан адам, түнгі күзетке əрине,
шыдамаймын. Мен оны оятып жіберем. Ол:
— Қап бір тəтті ұйқыда жатыр екем, шыдай тұрмаған екенсің бала, —
деп кейиді, бірақ ертеңгі қой кезегі менікі болатындықтан, қатты сөз
айтпайды.
— Ұйықтасаң ұйықта, — дейді ол, біраздан кейін оятармын.
Күзеттегі кісінің елегізіп ұйықтайтын əдеті, сол əдетпен əлсін-элсін
оянып, Əлбатырға қарасам, мылтығын бауырына басқаны ол қорылдап
ұйықтап жатады... Ояу отырып кеңескенде:
— Осы қойды ұрлайтын кімдер? — деп сұраймын мен Əлбатырдан.
— Əрине, Төлебай балалары, — дейді ол.
Төлебай балаларын мен білем. Ол үш ағайынды жігіт: Əбдірақы,
Əбдірахман, Ғабдырахман. Бұлар — сіңірі шыққан кедей жігіттер.
Əбдірақысы ғана үйленген, кейінгі екеуі жасы жеткен жігіт бола тұра
үйленбеген. Не кəсіппен күн көретінін өздері білсін, бұлар мал да бақпай,
жұмыс та істемей отырады... Бұдан бұрын «осы Төлебай балалары немен
күн көреді екен» деп ойлайтын маған, Əлбатырдың əлгі сөзінен кейін ғана
олардың немен күн көретіні елестейді.
— Байласа бау кесетін қарақшылардың өзі осылар, — дейді Əлбатыр,
Төлебай балалары туралы сөзін кеңіте түсіп. — Осы ұрлықтарымен симай,
қаладан-қалаға көшіп жүреді өздері. Құтырлағаннан кеткеніне үш-төрт жыл
болып еді, бұлар қайтып келді де, пəле келді. Енді дамыл бермейді, олар!..
— Əй, бəлем-ай, қолға түспейді-ау! — деп кіжінеді Əлбатыр. — Егер
қолға түссе ме, қалпитар ем бəлемді...
Жаз ортасы ауыңқыраған кездің бір түнінде Əлбатыр екеуміз қойдың
күзетінде отырмыз. Түн көзге түртсе көргісіз қараңғы, аспанды қоршаған
бұлт, теріскейден салқындау жел есіп тұр. Менімен қой бағысатын бала да
осы арада жатыр. Бірақ ол іңірде ұйықтағаннан таң атқанша бас
көтермейтін, етінен ет кесіп алсаң сезінбейтін аса ұйқышыл бала. Əлбатыр
маған тағы бір ертегіні айтты да, аяқ жағын есінеп əрең бітіріп:
— Бір ұйқының қысып өлтіріп бара жатқанын, — деді маған, —
көзімнің, шырымын алмасам, шыдататын түрі жоқ. Сен күзетке
тұрамысың, мен ептеп қалғып алсам.
— Жарайды, — дедім мен.
— Егер, ұры-мұры көріне қалса, мені оятып үлгере алмасаң, атып жібер!
— деп Əлбатыр мылтығын менің қолыма ұстатты да, өзі бір жақ қолын
жастана қисайып, лезде қор ете түсті. Мен отырмын... отырған сайын
алыстан елесін берген ұйқы жақындай бастайды... Міне, мен есінеуге
айналдым... Міне...
Иттің ырылдаған дауысынан шошып ояндым. Былшық басқан
кірпіктерімді əрең ашып, жан-жағыма қарасам. əлі де өттей қараңғы.
Қасымдағы ит жер бауырлай етбетінен жатыпты да, əлденеге көзін
қадапты... Оның беті бұрылған жаққа мен де бет бұрып, жер бауырлай
жатып сығаласам, загоннен алысырақ өскен ерменнің бер жағында
шоқшиып екі кісі отырған сияқты... Жүрегім су ете қалды, «ұры!» деген ой
кеп кетті маған... Əлбатырды оятуды ұмытып кетіппін... Ит те, мен де
шоқиған екі адамға тесірейе қарасып жатырмыз...
Бір кезде шоқиған адамның біреуі орнында со қалпында қалып қойды
да, екіншісі еңбектеңкірей бері қарай жүрді... Итім ырылдауын қоя қойды...
«Бұ несі?» деп ойладым мен. Итке таныс біреу болғаны ма?»
Еңбектеген адам жақындап кеп бір нəрсені лақтырып қап еді, ит жүгіріп
барып бассалды да, сол араға жата қап жеуге кірісті. «Е-е, итті жеммен
алдап жүрген ұры осы екен ғой» деген ой келді маған.
Итті алдастырған адам еңбектеп загонге кеп, қоршаған сырғауылдардың
үстінен ішіне қарғып түскенде, мен Əлбатырды ояттым. Болған оқиғаны
оған сыбырлап айтқаннан кейін.
— Дыбысыңды шығарма, — деді ол сыбырлап, мылтықты қолына алып,
— Сəті түссе, жалпитайын бəлемді.
Загонге кірген адам үлкендеу бір қойды көтеріп ап сыртына шықты да,
со көтерген қалпымен күтіп отырған серігіне қарай жөнеле берді. Бір
тізерлеп отырып мылтығын ыңғайлап алған Əлбатыр:
— Стой! — деп ақырып кеп қалды. Шошып жалт қараған ұрының
қолынан қой түсіп кетті. Ол өзі еңкеңдей қаша жөнелді. Со кезде
мылтықтың дауысы да күрс ете түсті... Қашқан адам етпетінен құлады...
Ұрының серігіне Əлбатыр мылтықты екінші рет атқанша, ол ерменге
кіріп те үлгерді. Ыза кернеп кетті ме, немесе қашқан ұрыны да ұстап
алғысы келді ме, — Əлбатыр солай қарай жүгірді де, құлап жатқан кісіге
тоқтамай, əрі қарай өтіп кетті...
— О не болды, не болды! — деп шуылдаған дыбысқа қарасам,
Қопабайдың үйінен де, Əубакірдің үйінен де адамдар шуласып, бері қарай
жалаңаш-жалпы жүгіріп келеді.
— Не болды? — деді олар денем қылшылдап, манағы орнымда тұрған
маған кеп.
— Кісі атылды,— дедім мен дірілдеген дауыспен.
— Кəне?
— Əне! — дедім мен құлап жатқан адамның қарасын нұсқап.
Əубакір, Қопабай, Бейсембі, Қайырке, Кəкіш, Ұмытшақ бəрі қарайып
жатқан адамға қарай жөнеле берді. Оларға мен де ердім... Құлаған адамның
аяқ-қолы əлсіз ғана қимылдап, бір қырын жатыр екен. Ересек адамдар оның
бетіне үңіле бергенде:
— Ойбай-ау, мынау біздің Төлебайдың Ғабдырахманы ғой, — деді
Қопабай. Сөйтті де ол: — Ойбай, бауырым-ау, өлгенің бе, бұл? — деп
басын құшақтай өкіріп жылап жіберді... Аздан кейін оралып Əлбатыр келді.
— Қап! — деп өкінді ол, — əлгі екінші итінің қолға түспей кеткені,
екеуін қосынан қалпитқанда, болатын еді қызық.
Түн ішінде қалаға хабар айтылды. Орыстар жиналып кеп өлікті көрді де,
қалаға алып кетті. Ертеңіне Кпитаннан урядник кеп, Əлбатырды тұтқынға
алды... Со күннен бастап Қопабайдың үйіне мен жексұрын болдым.
Өйткені Төлебай балалары бұл үймен аталас болады екен.
— Сен болмасаң, ғой, Əлбатыр оянбайды, оянбаса ғой, Ғабдырахман
атылмайды. Осының бəрін бүлдірген — сенсің. Саған ба?.. Саған! — деп
Қайырке де, оның немере ағасы Дүйсембай да маған кіжініп жүрді...
Сол жылдың күзінде мен екінші пəлеге ұрындым. Өткен қыста
Оразалының үйіне мен жақын боп алғам. Өйткені ол да Сибан, мен де
Сибан. Оны мен туысқан көрем. Бұ қалада он шақты үй жатақтың ішінде
одан басқа Сибан жоқ. Соның үстіне, тұрмысы нашар бола тұра Оразалы —
өлердей меймандос. Үйіне барсаң-ақ ол «Кəне, мына балаға бір шай
қайната қойыңдар!» деп дəм ішкізбей жібермейді. Қақ-соқпен жұмысы жоқ,
еңбегімен ғана күн көретін оның үйінде өз жандарына тамағы мол болады.
Бұрынғы дағдысымен, қаланың күнгей жақ жартысының қойын баққан
Оразалы күзге қарай Үлкен сары көлдің желкесіне қонды. Оның үйіне мен
анда-санда барып тұратын ем. Сол дағдымен, бір күні Əубакірден рұқсат
ап, Шодырдың үйінен ат сұрап мініп, көл сыртындағы Оразалының үйіне
бардым. Оразалы үйінде екен. Оның əйелі сүт салма қайнатып жатыр екен.
Ағайын көретін Оразалыға, əрі момын мінезді Оразалыға менің жаным
ашиды. Шамам келгенше қамқор болғым келеді...
Мен Əубакірге қой бағуға жалданған жазда, бұрынғы дағдысымен
Оразалы да Құтырлаған қаласының жарты қойын бақты. Бұ қаланың
жатақтарында ұрылар да барың олардың тіске жұмсақ көретіндері Оразалы
екенін білетін мен, оның қойлары туралы құлағымды түрік ұстадым.
Ғабдырахман атылғаннан кейінгі күндердің, біреуінде, мен əлдеқалай
Төлебай балаларының тағы бір ұрлығын сезіп қалдым. Оны маған айтқан
— Сəкен дейтін кісінің баласы Əбіл. Бұл — бір момын бала болатын. Жасы
со кезде жеті-сегіздер шамасында.
«Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, осы Əбіл Үлкен сары
көлдің желкесінде отырған Мықтыбай балаларының үйіне барып келді де,
маған қуырдаққа тойғандығын айтты.
— Қайдағы қуырдақ? — деп сұрасам:
— Ағаштың үшіне қой сойылды, — дейді.
— Кімдер сойды? — десем:
— Əбдірақы, Шыныбай, Əлібай сойды, — дейді.
— Неше қой сойды? — десем:
— Үш қой сойды, — дейді...
Біле қойдым. Бұл Оразалының қойлары, өйткені қой баққан Оразалының
үйі сол маңайда.
Менің Оразалыға жаным ашып кетті, өйткені ол, былтырғы жылы
осылай ұрланған қойлар үшін орасан шығынға батып, тұралап қалған.
Биыл да сөйтеді екен деген оймен, Əубакірден сол күні рұқсат алдым да,
Шодырдың үйінен ат сұрап мініп, Оразалынікіне кеттім.
— Айтып кел, — деп шегелеп жіберді мені Əубакір, Оразалының үйіне
неге баратын жұмысымның жайын естігеннен кейін. — Кісісі атылса да,
тиылмайтын болды ғой, бұлар. Оразалы қойларының қай жерде жатқанын
білсін де, орыстарды апарып үстінен түсірсін. Бұл ұрыларға сонда ғана
тиым болады. Əйтпесе, керден кетті бұлар.
Оразалыға барып айтқанымда, ол қозғала қоймады.
— Сойса, амал нешік — деді ол. — Құдайдан күттім.
— Неге олай дейсің?
— Демегенде қайтесің, мен — момын кісімін, əрі жалғызбын олар көп.
Бұ қаладан көшіп кететін кісі емеспін, олармен белдесуге шамам бар ма?
Ерегісіп алса, түгімді қоя ма олар!..
Оразалыны мен көндіре алмай қайттым. Бірақ оның шығынын Əубакір
жоқтап, қой иелерін астыртын ет тыққан жердің үстінен түсірді. Мұны
білген ұрылар қолға түсеміз деп көше қашады.
Олардың Құтырлағанда қалған туыстары бұл сөздің менен тарағанын
біледі.
Мықтыбайдың Жəкеш дейтін қартаң інісі қапымды тауып, мені оңашада
ұстап алды да, «ендігəрі мұндай сөзді айтасың ба?» деп, қамшымен біраз
сойып:
— Егер өзіңе жан керек болса, — деді маған, — бұл қаланың, маңынан
жоғал. Əйтпесе, жігіттердің біреуін жұмсап, желкеңді үздірем де, бір
құдыққа тықтыра салам...
|