«ҰРЛЫҚ ТҮБІ — ҚОРЛЫҚ»
Қыстың ортасы ауа, Преснов қаласында «Опанас» дейтін базар
(Афанасьева ярмарка) ашылады. Со базардың алдында ұрылар жорыққа
шығып, жүзден артық жылқы айдап келді де, Сұрағанның сыбағасына төрт-
бес жылқы тиді. Сұраған сол жылқыларын Опанасқа сатпақ боп екі күреңді
несем сап, ұрлық жылқыларын жетекке алып, божысын маған ұстатып
жөнелді.
Шалқар көлдің шығысында Пресновка, теріскейінде Михайловка,
Опанас — сол Михайловкада болады екен.
Михайловкада бір үйге пəтерге түсіп, жылынып, самауырға қайнаған
шайды алдымызға жаңа ғана ала беріп ек, Ізтөленің, Дүйсембайы дейтін
жігіт келді.
— Атығай Қалғыманың, қартшы балалары кеп, орыстың ірі
купецтерімен ойнап жатыр, — деді ол, — ойындары сойқан. Жиырма бір
ойнайды, банкені мың сомдап тартады, бір колода қартты екі-ақ рет
үлестіреді, содан кейін жаңа колода ашады. Қарттың колодаларын дүкеннен
жəшіктеп əкеп қастарына қойды.
— Мен де ойнайын, — деді Сұраған да желігіп.
— Ойындары тым ірі, шыдамассың, — деді Дүйсембай.
Сұрағанға еріп мен де барсам, қарт ойнаған үй лық тола адам.
Дүйсембайдың сөзі рас екен — қарт белгіленбесін деп, бір колоданы екі рет
қана тартады да, алдау, қулық болмасын деп, колоданы үстел үстіне қойып,
əркім кезегімен қартты тілегенше өз қолымен алады.
Қалғыма балалары деген екі жігіт екен біреуі — талпақ мұрын, ақ
бұжыр, біреуі — шүңірек көз, қара сұр. Біз барған кезде ол ұтылып отыр
екен бірақ оны елең қылар емес, жайнаң-жайнаң етеді!..
Ойынға Сұраған да кірісті. Ол күні Сұрағанның «қолы жүріп» төрт-бес
мыңды купецтерден ұтты.
— Біз ұтылып отыр ек, — деді Калғыманың Қара сұры Сұрағанға, —
қазақ баласымыз, қолдас болайық, бізде ақың кетпес.
Ұтысын қимады ма, əлде таныстығы аздықтан сыйламады ма, Сұраған
оларға ақша ауыспады.
— Біз де тірі жанбыз, көрерміз, — деп Қалғыма балалары өкпемен
тарады. Ертеңіне ойын қайта басталып, Қалғыма балаларының «қолы
жүрді» де, олар купецтерді де, Сұрағанды да сыпырып ұта бастады.
Не сиқыры барын əлі білмеймін, қандай колоданы тарттырса да, қартты
қалай алса да, Қалғыма балаларының қолы 20 мен 21 очкодан бір қате
кетпейді. Сонымен, қысқасы, сол күні Сұраған оларға: сатқалы əкелген
жылқыларын да ұттырды, мінген аттары мен шанасын да ұттырды. Сыртқы
қасқыр ішігін де ұттырды. Қалғыма балалары Сұрағаннан ұтқан заттарын
табан аузында сатып, ақшасын алып отырды. Кешке қарай Сұраған бір
қабат киіммен сымпиып шыға келді.
— Бала, — деді, маған, — кеттік! Жегулі шанасымен мен шамам келсе,
өз заттарымды ұрлаймын оған шамам келмесе, басқаға ұрынам.
Мен пəтерге барып жиналып отырдым. Түн ортасында Сұраған келіп:
— Бала — деді маған, — кеттік! Жегулі шанасы мен бір арғымақты
іліктірдім.
Түгі қырауытқан арғымақ маған алғаш қара бурыл түсті сияқты еді,
былай шыға жолда тоқтап қарасам, көмірдей қара жылқы екен. Шоқтығына
ұсынса, қол жетпейтін биік өзі оқтаудай жарау. Желісі шапқан атқа
жеткізбестей ұшқыр басы қатты, қолды қарыстырып отырады...
Жолда Қу-қала (Островка) бар. Сұраған сондағы танысына түсіп
жылындық та, ілгері тарттық. Таң ала-көбе боп атып келе жатқан кезде,
алдымыздан құйғытып келе жатқан көсем атты көріне кетті.
— Ерте жүрген кім бұл? — деді Сұраған, əлде алдымыздан ораған
қуғыншы ма?! Сақ болайық. Мен наганды көзеп отырайын, божыға сен ие
бол!
Еті қызып келе жатқан жарау арғымақ, қарсы келген көсем аттыдан
бұрылып сып етіп өте шықты. Артымыздан:
— Сұраған, ə Сұраған тоқта!... — деген айғай естілді. Бұрылып қарасақ,
біз жанап өткен шана да тоқтапты. Тымақты біреу түсіп келеді, Тілеуке
сияқты!.. Біз де тоқтадық. Тымақты, рас, — Тілеуке!..
— Жарқыным, үй аман ба? Жүрісің қалай ықғайсыз еді? — деді
Сұраған.
— Аманы құрсын!..
— Не болды? — деді Сұраған өңі қашып.
— Құдай ұрды, — деді Тілеуке жыламсырап — Жуанышбайды өлтіріп
тастады!
— Қойшы?! — деді Сұраған, көзі шарасынан шығып.
— Рас!..
— Кім?!.
— Кім екені белгісіз... Сырнайшы Мишаның, жақындары ма деп
ойлаймыз... Кім де болса, өткен түні бауыздап, қала сыртындағы боқтыққа
шығарып тастапты... Күндіз тауып алдық...
— Алда, арыстаным-ай!.. Алда, ұйытқым, ұям-ай!.. — деп Сұраған бетін
басып өкіріп жылап қоя берді.
Сұраған айтқандай, ұрылардың құты да, ұясы да Жуанышбай екені рас
боп шықты. Оның көзі тірісінде, — əрқайсысы бір-бір Жуанышбай боп
шіренетін ұрылардың, оның өлген хабарын естігенде құты қашып,
əрқайсысы жан сақтар баспана іздеді. Біреулері Жəшкеге:
— Мишканың тұқымынан кегімізді алмаймыз ба? — деген екен:
— Қызылдар бері қарай жылжып келе жатқан соң басынып тұр ғой, —
деп жауап беріпті ол, — Мишка қазір — Петербор жақта, қызылдардың
қызметкері деп есітем. Біз бүгін оның туыстарынан кек алсақ, ертең
қызылдар келетін күн болса, бізді де қырады.
Жəшкеден жəрдем ала алмаған Жуанышбайдың тілектестері «ақылды
бір тапса сол табар» деп Торсанға кісі жібермек болды да, оған мені лайық
көріп, жараулау семіз қарала құнанмен аттандырды. Торсанның жауабы
қысқа болды:
— Өлмесе, жаны шықсын! — деді ол, аяудың орнына кейіп, —
«Жортуыл басы жолда қалады» деген. Құн алатын қазақ арасы емес,
көмдіре салудан басқа шара жоқ оған.
Бұл ақыл мені жұмсағандарды қуандыра қоятын хабар болмағандықтан,
əрі Сүлеймен үйіндегі апам Зəурені сағынғандықтан, қайтуға асықпай,
жездемнің ауылына тарттым. Астымдағы қарала құнан жастығына қарамай
жүрдек жəне желгіш боп шықты. Сол қалпына денесі əрі өрелі, əрі сұлу.
Оның жолақтана біткен жүні де тамаша, — ағы да, қарасы да шымқай; ағы
да қарасы да белің сауырың аяқтарын сақиналай дөңгелеп біткен көктемде
күзеген жалы қарысқа таяу өсіп, майлы желкенің үстінде ербеңдей
желкілдеп тұрады. Қайшылаған ақ сақиналы қара құлағы төбесіне найзадай
шаншыла
біткен;
қырау
басқан
кекілі
үкінің
балақ
жүніндей
жалпылдайды!.. Осы сұлулығына қарап, осы жолдан қайта құнанды
қолқалап сатып алғым келеді жəне сатар деп сенем де, Жуанышбайдың
артында мұны мінер ешкімі жоқ: əкеден ол жалғыз, ұл баласы жоқ...
Ол күні əуе райы шақытқан суық еді. Аспан бұлтсыз, бірақ тұманданған
суық əуеден бұлт аспанға емес, жерге оралған сияқты. Сəскеде көтерілген
күннің бетін тұманды əуе шымылдықтап, күн — күн емес, екі жағында
қалқиған құлағы бар, төбесінде селдір қызыл айдары бар бірдеме сияқты.
Тұманды түруге əлі келмегенімен, зəрі инедей өткір баяу ғана жел бар. Жел
жердің бетін бойлап қана жорғалағандықтан, үстін сырғыған борасын
жауып, күн көзімен шағылысқан ақ қардың жүзі патсайыдай құлпырады.
Киім жұқа: сыртымда Жуанышбайдың ескілеу қамзолша қара тоны,
оның ішінде астарлық қоңыр камполатпен тыстап машинемен жиі қып
сырыған камзол-шалбар; аяғымда ұлтандатқан, қонышы ескі үлкен қара
пима; басымда қылшығы қырқылған тиін малақай, мұны маған Сұраған
берген.
Жездем Сүлеймен тұратын Сағындық ауылының қыстауы жазық далаға
кесіле біткен ұзынша дөңнің жонында болатын еді, дөңнің екі қабырғасы,
желкесі, бауыры — қалың қайыңды орман. Ауылдың үйлері ағаш
койнауларын паналай, бытырап қонған. Мен жүріп келе жатқан жолдың
үстіндегі шеткі үй Тиышбай хажынікі. Ол — сол арадағы алты ауыл
Сибанның Торсаннан соңғы байы, беделдісі. Мекеге алты ауылдан барған
жалғыз сол ғана: оның үстіне, сол елдің ғұламасы болып саналады. Есеней
ауылындағы мешіттің имамы да сол. Маңайдағы ел оны жарты «əулие»
көреді.
Тиышбай хажының үйіне жақындасам: есігінің алдында доғармастан,
көтермесін ғана босатып, отқа қойған бірнеше шаналы аттар тұр екен.
Ағаштың арасына кіре өкпек желден құтылдым, бірақ сонда да желді
жазық даладан паналы ағаш арасында қаттырақ тоңазып, құнан үстінде
қалтырай бастадым.
Тиышбай хажынікінде қонақ барын көрген соң ет жейін деп, желе
бүлкілдетіп келіп, шаналардың қасына түсе қалдым. Тиышбайдың үйі
шымнан қаланған екі бөлмелі кең үй екен ортасын шұбалма пешпен
бөлген, ауызғы бөлмедегі қазандықтың буы бұрқырап қайнап тұр; қазы-
қартаның исі мұрынды жарып барады.
Сыртқы киімімді ауызғы бөлмеге шешініп, төргі бөлмеге кіріп келсем,
төрде отырған өңкей жуан-жуан ақсақал, қара сақалдар. Кейбірін танимын,
кейін — жоқ. Үйдегілерге сəлем беріп, жағалай қолдарын алдым да, пештің
қабырғасына арқамды сүйей босағаға отыра кеттім. Менің жол-жөнімді
сұраған олар Жуанышбайдың өліміне өкінудің орнына, «хажыны
жаназасын оқуға шақыра келген екен десек жай сандалу ма еді, тəйірі!» деп
өзара күлісіп алды...
Ақсақалдар қызу кеңесте екен. Сөздері қалжың. Ара-тұра шариғат
жөнінен де кеңес қозғайды. Мысалы:
— Шариғатта, ойнау-күлу дұрыс па екен? — деп сұрады біреу
Тиышбайдан.
— Оны кітаптан қарамай айтуға болмас, — деп ол түрегелді де, төрде
тұрған оюлы, сырлы шкафты ашып, ішінде тұрған жуан-жуан кітаптардың
біреуін алып, бетін ашып оқыды:
— «Тəсəллəй — құтыр, сағатөн — бір сағат, ғинадаль ғалим — ғалим
қашында!»
— Түсінбедік мына сөзіңізге, — деді əркімдер.
— Е, — деді Тиышбай хажы алая қарап, — кім көрінген сөзіне түсіне
берсе, ол кітап бола ма?
— Өзін қазақшылап айтуға болмас па екен? — деді біреу қуланып.
— Əлбетте, жоқ, сонда да жобасын айтайын, бұл кітап айтады:
«соткесіне бір сағат қана күлуге болады, бірақ онда да молданың қасында
ғана күлу керек» дейді.
— Ендеше молдасыз жерде езу тартсақ, оңбадық десейші! — деді біреу.
— Кейде кітап та бетімен сөйлейді, — деді Мұстафа, — күлкіміз
келгенде, молда қайдан табыла береді? Онда бір-бір молданы атқа мінсек
қанжығамызға, жаяу жүрсек белімізге байлап аламыз да?!.
— Астағпиралла! — деді Тиышбай — ау, жұрт, — деді сағатына қарап,
— түс ауған, бесін намазын оқиық.
Ақсақалдар да, Тиышбай да құман ұстап сыртқа, дəретке шығып, бірақ
суық ауада ұзақ тұра алмай, бүрсеңдеп үйге қайтысты. Мен де тысқа
шығып, бір қолтық шөп алдым да, солығын басқан құнанымды тасалау бір
жерге апарып отқа қойып, қасында шөп шайнағанын қызық көріп қарап
тұрдым.
Менің ойымды қасымда қақырынған біреудің дауысы бөліп жіберді.
Жалт қарасам, сыртына қасқыр ішік жамылып, қолына құман ұстаған
Тиышбай хажы.
— Құнан сенікі ме, бала? — деді ол, құнанның денесіне көзін жүгіртіп.
— Ия! — дедім, əлі сатып алмағанмен, құнанды іштей меншіктеніп
қойған мен.
— Жақсы құнан екен сатпайсың ба?
— Жоқ.
— Қайтесің ол құнанды? Кімнің үйіне қоясың?
— Жездем үйіне қоям ғой.
— А, жарайды, — деп Тиышбай жүріп кетті. Сиқын жаман көріп
қалдым. Аздан кейін бір жағы. Тиышбайға ағайын, бір жағы жалшы
Досымбектің Саркөші дейтін жігіті келді.
— Құнаның жақсы екен бала! — деді ол да. Мен үндемедім. Маған
Саркөш те құнанды торып келген сияқты көрінді.
— Бала, — деді ол, — əкең жуас, өзің де жуас сияқты ең, елден кеткелі
сені баукеспе ұры болды деседі ғой.
— Өсек шығар.
— Неге кек болсын. Осы құнанға қоса, он жылқыны жалғыз өзің ұрлап
əкепті деп естіп ек. Ұстап берсек қой, бала, өлесің!..
Көмекейі көріне бастады.
— Жаңа жылтыратып көзіңді ашып келе жатқан жетім баласың, — деді
ол, — өзің жалғызсың. Мынадай қып қызыл отты неге ұстайсың, бұдан
құтылу керек. Мен үндемедім.
— Хажы саған «сат» деді ме?
— Айтты.
— Неге сатпайсың?
Күмілжідім.
— Сен сөзді қой, бала, сат!
Аяңдап үйге жүре бердім де, «еті құрсын» деп, елеусізде кимімді алып,
тысқа қайта шықтым. Киініп құнаныма барсам, орнында жоқ. Жүрегім су
ете түсті. Іздедім, бір қораның түкпіріне байланыпты, қасында Саркөш тұр.
— Сен бала, бұл үйден кетпейсің, — деді Саркөш сызданып.
— Неге?
— Қанды балақ ұрысың, пəлең жұғады. Əнеугүні осы құнан мен
жанындағы он жылқыны іздеп орыстар келіп кеткен. «Сенің еліңнің жігіті
ұрлады, жасырып отырсыңдар» деп өлердей қысты. Сасқанымыздан ел боп,
— «табармыз»— деп қолдан подписке бергеміз, құнан табылды. Ал, енді,
өзге он жылқыны тапқанша, сен осында боласың.
— Не дейсің, Саркөш-ау?
— Дегенім сол, — деді ол кіжініп, хажының сөзін сыйламайтын сен
кімсің, жүгенсіз бейбастақ!..
Саркөш мені екі-үш рет қойып та қалды. Қарулы ол мені сабап тастар ма
еді, қайтер еді, егер Тиышбайдың өзі арашаламаса!..
— Ахмақпен ахмақ болма, Саркөш, — деді ол, — сабап қайтесің. Одан
да пəле-жаласынан аулақ боп, құнанын да, өзін де Мақарыпкедегі
прыставқа апарып бер!
— Əрине, сөйтем!
Байқап тұрмын, — Саркөш ат жеккелі жатыр. Енді шын қорықтым.
— Өзің біл, хажеке! — дедім жалынып, жайым мəлім, ая!..
Тиышбай хажы біраз сызданып, менің сөзіме құлақ аспай тұрды да,
аздан соң үкімді өзі айтты.
— Тоқта, Саркөш! — деді ол, — итпен ит боп қайтесің! Жетім бала, обал
болар, — өрəндікке апармай-ақ қой! Құнанды қораға байла! Баланы құр
қоймаспыз!
Саркөш құнанды жетек-теп қораға əкетті. Ыза кернеген мен
жездемдікіне жөнелдім... Кейін сол құнаннан Тиышбай хажынікінде бір
үйір қара ала жылқы өрбіді, маған бергені — бес-ақ сом...
|