ОН БІРІНШІ ТАРАУ
ХОШ — ТУҒАН ЖЕР
МОЛДАҒАЗЫ НҰРТАЗИН
Бірнеше күн сарайда сақталған Жуанышбайдың өлігін, Таңат аталатын
ауылдағы қайнағасы — Мешелдің Нұртазасы алып кетіп, ауылының
зиратына көмді, содан көп кешікпей, Жуанышбайдың үй ішін көшіріп,
əкетуге келді.
Аңдамас балалары да бұл қаладан тайып, Қабан аталатын станицаға
кеткелі жатыр еді, «мезретісі» ме, əлде расы ма, маған да олар «дəмдес боп
қалдың, бірге жүр» деді. Өздері кірерге ін таба алмай сасып жүрген оларға
менің ергім келмеді. Оған Жуанышбайдың əйелі Нұриланың, ерінің «көзі
ашық кеткендігін»
86
айтып:
— Тым болмаса, басына барып қырық күн аят оқып бер! — деп
жалынуы да себеп болды.
Одан басқа бір себебім, — Жуанышбайдың менімен құрдас қызынан
қалғым келмейді... Тағы бір мақсатым, сол ауылда Молдағазы Нұртазин
мұғалім боп тұр деп естігем, ол менің немере інім, — өзімізге белгілі, —
Нұртазаның баласы, жасы менен тоғыз айдай кіші. Кішкене молдадан
сабақты бірге оқығанбыз. Мен Жаманшұбардан біржола кеткен жылы Ідіріс
мұғалімнен жəдидше оқыған оны, келер жылы əкесі Қызылжар
қаласындағы
Хасан
Паномаревтың
медресесіне
апарып
береді.
Қызылжарда бірнеше жыл оқыған ол өткен жаз ауыл мектептеріне
мұғалімдер даярлайтын екі айлық курсқа түседі. Таңат ауылына сол курсты
өтіп кеп, күзден бері бала оқытады. Менің ойым, — бір жағынан содан
сабақ
оқу.
Осы
себептермен
Сұрағаннан
ұлықсат
алдым
да,
Жуанышбайдың үйімен Таңатқа көштім, бұл — 1918 жылдың марты.
Молдағазы əдебиетке менен əлдеқайда сауатты, бірақ оның көп білетіні
қазақ емес, татар əдебиеті. Татардың өткендегі жазушыларынан да, со
кездегі жазушыларынан да оның оқымағаны жоқ сияқты, бірақ оның
симпатиясы Баймағамбетше реалист — Ғабдолла Тоқаевта емес, символист
— Сағит Рамиевте.
— Татар шағирларынан, — дейді ол, — өлеңді Рамиевген шебер
жазатындары жоқ. Өлеңші болғың келсе, осыдан үлгі ал!
Орыстың əдебиетіне де, тіліне де Баймағамбеттен ол əлдеқайда шорқақ
екен.
Абайды оның естігені ғана болмаса, əлі оқымапты. Мендегі Абай
шығармаларының кітабы Жуанышбай үйінің сандығында жатыр еді, соны
алып келмек болғанымда:
— Кейін əкелесің ғой, — деп мені тоқтатып қойды да, Молдағазы
Сұлтан-Махмуд Торайғыровты мақтай жөнелді. Бұл фамилияны мен одаң
бірінші рет естідім, оған дейін білмейтін ем.
Қайдан түсіргенін кім білсін — оның қолында Торайғыровтың
өлеңдерінен құралған қалың бір тетрадь бар екен соның ішінде «Əжібай
болыс», немесе «Кім жазықты» атты поэма да жүр. Солардың біразын
маған оқып беріп мақтап алды да:
«Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып, күн болам,
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам!»—
деп басталатын өлеңін ерекше рухпен көтеріңкі оқып шығып:
— Бүкіл қазақ атаулыда бұндай өлең жазған əлі бір де адам жоқ, — деді.
Молдағазы мақтағанмен, оның тетрадындағы Сұлтан-Махмуд өлеңдері
маған дəл Абай өлеңдеріндей қона қойған жоқ, əсіресе — тілі. Абайдың тілі
— қазақтың байырғы тілі болса, Сұлтан-Махмудта татаршылау көп екен
жəне оның біраз өлеңі мазмұн жағынан Тоқаевтың өлеңдеріне ұқсайды. Бұл
ойымды Молдағазының өзі де бекітіп, Тоқаев шығармаларымен менің
таныстығымды естігеннен кейін, əуелі:
— Ұнай ма ол? — деп сұрап алды да:
— Ендеше қазақтың Тоқаевы — осы Торайғыров — дейді.
Мен əкеп көрсеткен Абай өлеңдерінің жинағын ол қызыға оқып шығып;
біразын қайталап оқып, көп əсер алғанын айтты да:
— Сөзі шебер екен бірақ, қазіргі заман үшін, Сұлтан-Махмұдтың
өлеңдерін мазмұн жағынан менің жоғары қойғым келеді, — деді.
— Дұрыс емес, — дедім мен, — бұл да жаман ақын емес екен бірақ
Абайдай болу қайда!..
Екеуміз біраз таласып қалдық. Ол да, мен де пікірімізден қайтпадық.
Мені туысқандық жүрекпен қарсы алған Молдағазы бірер күннен кейін:
— Сен енді қаңғыруды қой, — деді маған, — халқымыздың мəдениетке
жетуіне бас кесір боп жүрген патша құлады, отар елдерге бостандық
болды, оқуға жол ашылды. Саналы жастардың көбі осы күні оқуға
жұмылды. Əзірге менен оқы да, қазақша жақсылап хат таны. Содан кейін
алдағы жылға қарай, Қызылжар мен Омбының біреуіне оқуға кет!
Осыған екеуміз келіскенімізбен, мен орындай алмадым. Таңат — жел
көңілді, сауықшыл ауыл екен. Олар кешке де, күндіз де, кезекпен əр үйге
жиналады да, мені қоса, Жуанышбайдың семьясын қонаққа шақырып, түн
бойы маған өлең айтқызды. Таңаттың өзі қыстыгүні үшке бөлініп отырады.
Оларға көрші — Отыншы, Салқай, Маманай дейтін ауылдар бар; олар да
мені Жуанышбай үйіне қоса шақырып қисса айттырады.
Тақат аулына ерте кезде жер ауып кеп, қазақ боп кеткен Базалай дейтін
қарт серкеш бар: қолақпандай шоң мұрынды, қасы-көзіне жалбыраған,
кіндігіне жететін қою ақ сақалды, еңкек биік бойлы бұл кісінің кəсібі
зергерлік: сақина, жүзік сырға, шолпы сияқты заттар жасайды. Ағаштан
жасайтыны — домбыра ғана. Ол жасаған домбыра, — көркемдігінің үстіне
«өзі сөйлейді». Көңілі түскен біреуге ғана болмаса, Базалай көп кісіге
ондай домбыра жасамайды... Қолында, зады татар болғанмен, қазақ
арасында өскендіктен қазақша таза сөйлейтін Ахмет атты жас жігіт
балдызы бар.
Ахмет салдау жігіт, ол екеуміз дос та, сырластамыз, жастық жөніндегі
ыбыр-сыбырымыз бірге, жүріс-тұрысымыз да бірге...
Жездесінен қолқалап, Ахмет маған аса шешен бір домбыра істетіп берді,
бірақ жай емес, ақшаға. Базалай менен бес сом алды, о кезде бес сом —
қойдың бағасы...
— Бұның не?! — деп үнемшіл Молдағазы маған ренжігенде:
— Бола берсін. — дедім мен, — қайтем ол бес сомды? Домбырам
жақсы!..
Домбыра мен өлеңге əулігіп жүріп, мен Молдағазыдан оқи алмадым
Жəне со бір күндері тағы бір айтысқа қатынасуға тура келді.
Өткен жаз Əлти байдың балалары мен Сəпі байдың балалары
болыстыққа таласады да, Преснов аталатын қазақ болысынан Сəпі
балалары Таузар атты болысты бөліп кетеді. Біздің Сибан Таузар жағында,
Таңат ауылы Преснов аталатын Əлти жағында қалады.
Осы бөлістен кейін Таузар жағы: Молдағазыны алып келіңдер, біздің
елден шыққан мұғалімді, басқа болысқа, əсіресе қарсы партиядағы Тақат
ауылына қоймаймыз деп, мен Таңат ауылында жатқанда, Көшебе руынан
Есеналының Оспаны дейтін атқамінерді, сыбан руынан Кəжібайдың,
Маметін жіберіпті. Олар Таңатта Ысыман үйіне түсіпті. Оспан мен Мақмет
іңірде Молдағазыны оңаша алып шығып, мəн-жайларын айтқан екен:
— Сіздер ондай сөзді айтпаңыздар да, мен естімеймін де, — депті
Молдағазы, — барымтаға жүретін мал емеспін; маған бала оқыту үшін
ауылдың бəрібір, əкетем деп дəмеленбеңіздер!
Мақмет пен Оспан Молдағазыны көндіре алмайды. Молдағазы олардың
келген ісін Таңат ауылының адамдарына естіртеді. Сол күні кешке мен
Жуанышбай үйінде отыр ем, Таңат ауылының Тəшкен дейтін пысық жігіті
кеп: «Далаға шығып кетші», — деді маған.
— Ысыман жіберді, — деді ол,— тысқа шыққан соң, — өлең шығарып
берсін деді саған.
— Кімге?
— Есенəлінің Оспанына.
— Не жөнінде?
Мақмет пен Оспанның жол жайын айта кеп, Тəшкен маған төмендегідей
тема ұсынды:
— Жуанышбай кісі өлтіріп жер ауғанда, — деді Тəшкен, — əйелі
Оспанмен көңіл қосқан. Жуанышбай қайтып келген соң соны естиді де,
Қорғанскийге жолаушылып келген Оспанды сабап-сабап, тарантасқа жегіп
көше аралатады. Осыны өлеңге шығару керек. Жүр біздікіне. Шай ішіп
отырып шығарайық.
Тəшкен үйіне барып жазған өлең былайша боп шықты:
«Баласы Есенəлі Оспан деймін,
Оспанды бір албасты басқан деймін.
Жегіліп, қамыт киіп тарантасқа
Көнбесем өлемін деп сасқан деймін.
Бұл өзім өтірік емес, анық, рас,
Ауылда жүрген Оспан болып тыраш,
Сүйрепті төрт тағандай тарантасты,
Секілді жуас өгіз, кере құлаш.
Алған соң сондай лайық адал сыйды,
Бұл неге көкірек керіп, адамсиды?
Өмірде бұл бойыңнан кетпес таңба,
Атақты бай болсаң да ағаш үйлі...
— Осы жетеді, — деді; Тəшкен, — аз болса да дəмді болды!
— Мұны қалай естіртесіңдер, оларға? — деп сұрадым мен.
— Далаға шыққанда қалтасына қағазды сала қоямыз.
— Бірақ менің шығарғанымды айта көрмеңдер.
— Əрине!
Бір тарақ қағазға өлеңді жазып, Тəшкен алып кетті. Мен бармадым.
Аздан кейін маған шақыру келді, — «қонақтарға қисса айтсын» деп
Ысыман жіберіпті. Біз кірсек, қонақтар үйде жоқ, Ысыман маған қарап
жымың-жымың етеді...
Тысқа шыққан қонақтар үйге кірді. Қолдарын жуды. Орындарына
отырды. Сонан кейін Оспан ішігін терге іліп, үйде қалған қамзолын
жамылып отыра берді де, қалтасына қол салып: «Бұл не?» деп бір қағазды
алып шықты. «Кайдан түскен, — деді қағазды жазып, Молдағазыға беріп,
— оқышы мынаны, шырағым!»
Тəшкен мен Ысыман тұқырып жымия түсті, мен де төмен қарадым.
Молдағазы Оспанға өшікті ме, əлде аңғармай оқып қалды ма, — манағы біз
шығарған өлеңді саулата жөнелді. Оспан жирендеу кісі еді, өлең, оқыла
бастағанда қып-қызыл боп кетті, сұр кескінді Мақмет қанын ішіне тарта
түсті.
— Қай мұндар екен мұны шығарған? — деді Ысыман білмеген боп.
— Кім болсың — деді Мақмет сызданып, — тап сен өзің! Саған
шығарып берген — анау Мұқанның жаман шірігі!
Осыдан жанжал басталып, Мақмет пен Оспан ет жеместен аттанды да
кетті. Етті ойнап-күліп отырып біз жедік.
Үйге келсем, жатып қапты. Таңертең Жуанышбайдың əйелінің қабағы
қатыңқы. Бірақ ешнəрсе дей қойған жоқ. Əйел солай екі-үш күн
қатыгезденіп жүрді де:
— Шырағым, — деді бір күн, — аз күн тұрдың тəңір жарылғасын, енді
ақыңды ал да жөніңді тап.
— Неге?
— Айтқаным сол.
Сұрастырсам, əйел Оспанға шығарған өлеңді естіп қойған екен.
Зорлықпен тұра алам ба, — ол үйден кеттім, бірақ ауылдан кеткем жоқ.
Таңаттың, жігіттері мені кезек қонақтатып босатпады.
— Сəбит! — деді бір күні Молдағазы, —ақмақ емессің, əрі өлең
шығарып, ақын болам деп жүрсің. Туысқандық, құрбылық, бауырлық
жөнінен өтінемін: менен оқып ретің келмеді, сен енді Сағындық
ауылындағы Сүлеймен жездеңдікіне бар. Сол ауылда Мақметтің Хамиті
мұғалім, содан қазақша хат таны да, күз жоғарғы жерге оқуға кет! Оқымай
сен адам бола алмайсың, бұл заманның ақыны да бола алмайсың.
— Мақұл, — дедім мен.
|