Қазақстан Республикасы ғылым және жоғарғы министрлігі
КеАҚ Семей қаласының Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеті
СӨЖ
Тақырыбы: Ж. Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Орындаған: Ахметкалиева Н Е
Тексерген: Токсамбаева А О
Топ: КЯЛ-101с
Семей, 2023
Ж. Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Жоспар:
Өмірбаяны
Шығармашылығы
Қорытынды
Жамбыл Жабаев – ақын-импровизатор, Қазақстанның ең танымал ақындарының бірі. Ол 1846 жылы 28 ақпанда Шапрашты руынан шыққан Жабай есімді көшпенді қазақтың отбасында дүниеге келді. Отбасылық тарих бойынша, Жамбылдың анасы Ұлдан, Жамбылдың атасы Ыстыбайдың ауылы шапқыншылардан қашып жүрген кезде босанған. Яғни, ұлт мақтанышы Жамбыл тауынының маңында, қазіргі Отар станциясының солтүстік-шығысында, Шу өзенінің жоғарғы жағында дүниеге келген. Сөйтіп, баланы таудың құрметіне орай Жамбыл деп атады. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.
"Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.
"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.
Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.
"Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, "атың кім, балам?" депті. "Атым - Жамбыл" деп жауап берген екен. "Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің" деген екен", - дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Ол шулы және көңілді тойлар мен көп адамды жиындарда жүргенді ұнатты. Бірақ, ол бәрінен де көп әндерді, қызықты және көңілді ертегілерді білетін малшылардың, асау тұлпарларды үйрететін жылқышылардың жанында жүргенді жақсы көретін. Сондай-ақ, бала Жамбыл шежірешілердің ру мен тайпалардың шығу тегі, өткен заманның көрнекті тұлғалары туралы әңгімелерін тыңдап өсті. Бірақ, Жамбылдың ең жақын ата-бабаларының арасында ақындар да, әншілер де болмаған. Есесіне, оның анасы Ұлданның ағайы Қанадан танымал музыкашы және композитор болды. Жамбыл домбыра ойнауды ерте жасынан үйренді. Тіпті, кейін оны ақын-құрдастарының арасынан ерекшелей бастады. Жамбыл атақты ақын Сүйінбайдың шәкірті болды. Ол көп жылдар бойы ұстазымен бірге жүріп, оның айтысын тыңдап, ақындық шеберліктің тәжірибесін үйренді. Ұстазы оған: «Жақсы сәтте, сәттілік сенімен бірге болсын, ұлым! Адамдардың жадынан шығып кетпейтін, қуана есте сақтайтын өлеңдер шығар, сенің өлеңдеріңе тек санаулы адамдар ғана емес, бүкіл халық құлақ түрсін. Сенің өлеңдерің кеудеден емес, жүректен шықсын. Шындық туралы айта отырып, әділеттілікті жырла, басқалар салып кеткен жолмен емес, айналада болып жатқандарға қарап, біліп, өз жолыңды тап. Хан қазынасынан гөрі жаның бай болсын»,- деп батасын берген.
Жамбыл ауыл-ауылдарды өздігінен аралап, ақындық шеберлігін көрсете бастаған уақытта жиырма жаста болатын. Осылай ақындығын жер-жерге көрсетіп жүрген Жамбыл өзі барған ауылдардың бірінде Бұрым есімді танымал сұлуды кездестіреді. Сөйтіп жас ақын мен бұрымды қыз бір-бірін сүйіп қалады. Бірақ, бойжеткен салт-дәстүр бойынша басқа жігітке айттырылып қойған болып шығады. Ал салт-дәстүрден аттап кете алмаған Бұрым ата-анасы таңдаған жігітке тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Бұл оқиға ақынның жүрегінде терең жарақат болып қалды.
1875 жылы Шапырашты руының ең ықпалды адамының бірі Сарыбайдың жылына орай берілген асқа көп халық жиналды. Ол жерге белгілі ақын Майкөт те келді.
Сарыбай Сүйінбай ақынның жақын туысы болған және қазақтың әдет-ғұрыпына сәйкес, Жамбыл Сарыбайдың кіші інісі Саржанмен бірде жиналған қалықты өздері қарсы алды. Ақын ретінде ол қонақтарды импровизация-өлеңдерімен қарсы алуы керек болды. Жамбыл Сарыбайдың жауға қарсы күрестегі батырлық әрекеті жайлы, Қоқан басқыншыларымен шайқаста ерлік көрсеткен Шапырашты руының айтулы батырлары туралы жырлады. Оның импровизациясы тарихи оқиғаға айналды. Бұл ақынның көпшілік алдында алғаш рет өнер көрсетуі болды. Тыңдаушылар оны атақты Сүйінбайдың таланттынан кем емес ақын деп атады.
Ал танымал дала ақындары Жамбылды өздерімен теңдей, поэтикалық шеберліктегі дос пен серіктес ретінде көрді.
Жамбылдың шығармашылық өміріне терең із қалдырған өміріндегі маңызды оқиға – Шөже және Шашубай ақынмен кездесуі болды. Жамбыл олармен ұзақ уақыт бойы айырылыспады. Ол Шашубайдан көптеген Сары-Арқа ақындарының әндерін, XV ғасырдың ақыны және философы Асан Қайғы туралы көптеген аңыздарды естіп, білді.
Дәл Асан Қайғы туралы айтылған аңыздар кейінірек Жамбылға «Өтеген батыр» поэмасын шығаруға шабыт берді. Ол оны «Хикая» деп атады. Бұл туынды алғаш рет 1937 жылы жазылған және қазір оның шығармаларының барлық басылымдарына қосылған. Бұл поэмада, жер әлемді айналып, жер іздеп өз халқының бақытты үлесін іздейтін Өтеген батырдың жорықтары сипатталған.
Оның өлеңдерінен кеңестік биліктің басында отырған барлық билік өкілдерін кездестіруге болады. Жамбыл оларды эпикалық кейіпкерлер, аңызға айналған батырлар сияқты ерекшелеп, «Калинин ақсақалға», «Ежов батыр туралы ән», «Клим Батыр», «Біздің Киров» секілді тағы да басқа өлеңдер шығарды.
Жамбылдың майталман ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында болған жоқ. Ол өзіне дейін ертеде өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас айтулы ақындар мен жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, игерген, өз шығармашылығына өзек еткен.
Ілгеріде Шөже, Балта заманда өткен,
Асекең, Бұқар жырау арманда өткен.
Солардың аруағы маған қонып,
Ел мұңын жырмен толғап, нөсерлеткен,
– дейді Жәкеңнің өзі Досмағамбетпен айтысқанда. Ал, “Замана ағымы” толғауында:
Замана деп толғанған,
Ел қайғысын қолға алған
Абылайдың алдында
Сөз сөйлеген болжаудан
Бұқар жырау, о да өтті.
Шернияз бен Шортанбай,
Досқожа мен Нысанбай,
Дулат пенен Сүйінбай –
Сөздері жел құйындай,
Өтті еңіреп олар да! – деп, Жамбыл аты аталған жыраулар мен ақындарды, олардың мұрасын жақсы білетінін, сөйтіп өз шығармашылығының қайнар көзі – қазақ халқының ежелден келе жатқан фольклоры, әдебиеті мен мәдениеті екенін білдіреді
Жамбылдың үлкен ақындық өмірі ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан басталған болатын. Бұл қазақ қауымы үшін ауыр кезең еді. 1860 жылдары Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған Ресей енді қазақ елін басқарудың жаңа амалын тапқан-ды. Енді 1867-68 жылғы жаңа мизам негізінде Қазақстан үлкен 6 облысқа, облыстарын уездерге, уездер волостарға бөлініп, қазақ сахарасына ішкі Ресейдің басқару жүйесі отаршылдық сипатта көшірілді. Соның нәтижесінде қазақ еліне орыс мемлекетінің бюрократтық аппараты тудырған көптеген келеңсіз құбылыстар мен іс-әрекеттер жайылды. Осының бәрі ең алдымен халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салтын бұзды, елдің ішіне іріткі салды, адамдардың санасы мен мінез-құлқын өзгертті. Сөйтіп, бұрын естіп-көрмеген ұлыққа жағымпаздық, болыстыққа талас, ағайынға жала жабу, адамның үстінен шағым айту, кісіні алдау, өтірік айту сияқты жағымсыз қылықтар пайда болды. Ал, қазақ жерін болыс-болысқа бөліп, елді жерге таластыру мен малдан айырудың салдарынан ел арасында барымта етек алды, барымталықты малданған арамтамақтар, тағы басқа жалқаулар пайда болды. Жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, рухы жадап, ел күйзеліске ұшырады. Бір жағынан – отаршылдық саясат, екінші жағынан – қоқан мен қырғыздың жаулығы, үшінші жағынан – орыс шенеуніктеріне арқа сүйеген бай-болыстардың іс-әрекеті елді аздырып-тоздыра бастады. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, ел басшылары мен игі жақсыларының жағымсыз қылықтарын сынайды. Сол кезде өмір сүрген Дулат, Сүйінбай, Мұрат, Шортанбай сияқты көптеген ақындар да өз заманының болмысын суреттеп, оның жаралы проблемаларын ашық айтып, ащы дауыспен жырлады. Тек олар ғана емес, сонымен қатар жазба әдебиетінің өкілдері де дәуір сипаты мен адамын бейнелеп, реалистік шығармалар тудырды. Сондықтан сол бір кезді әңгіме еткен ауыз әдебиетінің де, жазба әдебиетінің де тақырыптық әрі идеялық ұқсастығы, жақындығы бар, олардың мысқылдап, әжуалағаны да бірыңғай. Мысалы, Шалтабай болыстың мінез-құлқын Жамбыл былайша жырлайды:
Салқын келіп тоң-теріс,
Сыртқа сыздап қарайсың.
Сенен басқа жоқ болыс, –
Деп өзіңді санайсың…
“Шарға” түсер шағыңда
Қара тер боп шабылдың.
Елге сөзің жеткенше:
“Жамағат!” – деп, жалындың.
Қол билікке жеткен соң,
Салғырттыққа салындың…
Бұл жолдар Абайдың “Күлембайға” берген мына мінездемесін еске түсірмей ме:
Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап,
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап…
Болыстыққа таласқан адамның сайлауға дейін қандай әрекет істегенін, ал сайланып алғаннан кейін өзгеріп кеткенін Абай да, Жамбыл да ашық айтып, болыс болған адамның екіжүзді мінезі мен қылығын мінейді, оның екісөзділігін сынайды. Болыстың, жалпы сол шақтағы ел жақсыларының тіршілігі мен мінез-құлқының мұндай болуы, әрине, отарлыққа түскендіктің салдары еді. Олар қаладан келген шенеуніктердің алдында құрдай жорғалап, ал ауылдастарына кісімсіп, бәлсініп жүруді өзіне күнкөрістің тәсілі етіп алған. Мұны Жамбыл былай деп әңгімелейді:
Үйсін, Найман саңлағы,
Өстепкеге жиылдың…
Елде жүрген егейлер
Қалада құр үйілдің.
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай,
Жапырылып иілдің…
Ал, Абай мынандай сурет береді:
Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың
Шенді шекпен жапқанға…
Міне, отар елдің “игі жақсы” деп жүргендерінің сыйқы осы. Олар орыс шенеунігіне жағынып, ұлықтан қорқып жүрген әлсіз, бишара жандар. Ояз алдындағы олардың аянышты халі Абайды да, Жамбылды да мұңайтады, ызаландырады. Ақындар болыстардың мұндай мүшкілдігіне “бек қорланады”, “күйінеді”, “намыстанады”.
Осы шыншылдық, әрі сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтысқан шақта да сақтап, турашылдығымен көрінеді. Жамбылды нағыз ақын ретінде елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан оның сол тұстағы дүлдүл ақындармен айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың импровизаторлық өнерін шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және оның тақырып аясын кеңейтті.
Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл өлеңдері қазақ даласынан бастау алып, күллі майданды шарлап, қаншама жас өрендерге рух, жалын, жігер бергені сөзсіз. Кеңестік саяси жүйені өлеңге қосып, социалистік даму жолының артықшылықтарын, жаңа құрылып жатқан қоғамның табыстарын өз жырына арқау ете білді. Бізге танысы, жатталған жырдың бірі – "Ленинградтық өренім" жыры. Өлең тарихы белгілі. Ленинградты қорғаушы бар майдангерлердің құлағында радиодан жатталып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр күндерде әр жауынгерге дем берді. Адам санасына психологиялық қолдаудың физиологиялық күштен артық қажет екенін ақын тәжірибесі бірден білсе керек. Оның рухты өлеңі тек Ленинградтық өрендерді ғана емес, майдан шебіндегі қан жұтқан қаншама сарбазға күш-қуат бере білді. Ақын интуициясы өзін де, халықты да ешқашан алдаған емес. Себебі, оның өлеңінің басты құны – шындықты жырлайтыны.
Жамбыл – шынайы шындықтың көркем суреткері. Таза шындықтың ақыны. Ұстазы Сүйінбай секілді ешкімге жалтақтамай, айтарын астарламай, ащы шындықты шымбайға батыруға дағдыланған. Ел билігіне, халық мұқтаждығына арналған өлеңдерінен бұл қасиетін оңай көре аламыз. Саяси лириканың шекпенін киген ұлы ақынның қай өлеңдерінен болмасын, халықтың ауыр тұрмысын, мұң-мұқтажын, ел басындағы ауыртпалықты, болыс-билер парақорлығының айқын көріністерін ажырата аламыз. Қандай дүниені болмасын, ақын көзімен барлап, сурет күйінде танып үйренген Жамбыл өмірден өткенше осы аңғарымпаз қалпынан танған емес. Қай заманның ақыны болса да, жай пенделер секілді өз заманына тәуелді. Өз заманының туындысы. Жамбыл шығармашылығы да өз дәуірінің шындық сәулесі. Ол халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтатын болған. Сол миллионның ішінде қандай әдемілік, көркемдік үлгі жоқ дейсіз?! Көненің көзімен жырланған әр дастанның жолында өзгеше сарын бар. Жүріп өткен жолдың еншісінде қаншама қайғы-мұң, соған сай қаншама қуаныш бар. Осының барлығын өлең жолына сыйғыза білу – ақынның қолынан ғана келеді. Жамбыл – халық ақыны. О баста суырып салма айтыстан басталған отты өлеңдерінде халықтық үн, халықтық зар басым. Жеке өз басының мұңын жырға қосса да жетіп артылатын еді. Алғадайдың өлімінің өзі Жамбылға оңай тиген жоқ. Алайда, әр жыры халық тағдырынан сыр шертеді. Екі ғасырдың көшінде бір ғасыр ғұмыр кешіп, сан түрлі оқиғаға куәгер болған Жамбыл ақынның қуатты жырлары күні бүгінге дейін өз сарынын жоймаған. Жоймайды да. Өйткені, шындық жырланған, ақиқат ат үстінде айтылған өлеңдер өміршең келеді.
Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. Қазақтың қоңыр үніне салып жыраулық дәстүрді ұстанса, енді-енді өзгеше иірім танытып жүрген поэзияны да қалыс қалдырмады. Сонысымен де қымбат.
Жамбыл енді ақындық суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды.
Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді.
«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» - деген еді Сәкен Сейфуллин.
Достарыңызбен бөлісу: |