Өндірістің макроэкономикалық көрінісі. Ұлттық экономика



бет1/7
Дата12.05.2022
өлшемі55 Kb.
#34143
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
11прак


Өндірістің макроэкономикалық көрінісі. Ұлттық экономика

Макроэкономика — бұл ұлттық экономиканың жағдайы мен негізгі үрдістерін, оның шетел экономикасымен өзара әрекетін зерттеп, зерделейтін ғылым. Экономикалық қызметтің нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін статистикалық мәліметтердің макроэкономика талдауы мәселелерді анықтай отырып, оларды шешу үшін экономикалық саясатты әзірлейді, сондай-ақ әр елдің экономикалық әлеуетіне салыстырмалы түрде талдау жүргізеді. Бұл — макроэкономиканың позитивтік функциясы.

Экономикалық саясат үшін ұсынымдарды әзірлеуден, сондай-ақ экономикалық құбылыстардың даму заңдылығын және олардың арасындағы себеп-салдар байланысын анықтауға мүмкіндік беретін экономикалық үдерістер мен құбылыстарды болжап, жетілдіруден тұратын оның нормативтік функциясының да маңызы зор. Нормативтік және позитивтік функциялардың арасында байланыстың бары өзінен-өзі түсінікті: позитивтік зерттеу неғұрлым объективті және терең жүргізілсе, әзірленетін ұсынымдар солғұрлым орнықты әрі сенімді болмақ. Макроэкономиканың негізгі субъектілері немесе агенттері (іс-әрекет ететін экономикалық тұлғалар): фирмалар, үй шаруашылығы, мемлекет, шетелдік сектор.

Макроэкономика барлық ұлттық экономиканың негізгі үрдістерін зерделейді. Ол жекелеген экономикалық құрылымдар-ды ғана қарастыратын микроэкономикадан осы жағымен айрықшаланады. Макроэкономикалық талдау нақтылы жағдайларды сипаттаумен ғана шектеліп қалмай, жалпы басым үрдістік құбылыстарды анықтауды, жалпы (біріктірілген) нәтижелерді сан және сапа тұрғысынан бағалауды мақсат тұтады. Осылайша, макроэкономикалық талдаудағы негізгі тәсілдердің біріне біріктіру тәсілі жатады, яғни көптеген экономикалық ахуалдар мен фактілер біріктіріледі және қорытындыланады. Егер белгілі бір уақыт аралығындағы біріктірілген экономикалық көрсеткіштердің өзара байланысын қадағалайтын болсақ, онда барлық ұлттық экономикадағы өзгерістердің бағыты туралы пікір білдіруге мүмкіндік беретін азды-көпті тұрақты сипатқа ие үрдістер анықталады. Экономикадағы жалпы үрдістерді анықтау макроэкономикалық талдаудың қажетті кезеңі болып табылады, алайда ол түпкілікті кезеңі емес. Анықталған нәтижеге ықпалын тигізген үрдістер мен факторлардың пайда болу себептерін анықтаудың маңызы зор. Факторлық талдау да макроэкономиканың негізгі әдістерінің бірі болып табылады.

Кез келген экономикалық зерттеу фактіге негізделеді. Олай болмаған жағдайда ол шынайы болмайды. Алайда, бұл фактілердің өзін білікті жіктеу, жүйелеу және жиынтықтау қажет. Мұнымен экономикалық статистика айналысады. Олардың қызмет нәтижесі макроэкономикалық талдау үшін баға жетпес көмекші құрал болып табылады. Нақты материалдар мен анықталған үрдістерді талдау негізінде экономикалық үлгілер жасалады. Графиктердің, формулалардың немесе басқадай тәсілдердің көмегі арқылы экономикалық үдерістер мен нәтижелер көрініс табады. Экономикалық үлгілердің мазмұны онда ескерілген факторларға және өзгермелілер үлгісінде қамтылған байланыстардың сипатына немесе факторлардың нақтылығына байланысты. Әрине, бірде-бір үлгі экономикадағы атқарымдық байланыстардың бүкіл қырсырын баламалы түрде ашып көрсете алмайды. Алайда, экономиканы үлгілеу оның жағдайын бағалауда, болжамдар мен ұсынымдарды жасауда айрықша маңызды орын алады. Үлгілеу макроэкономикалық талдаудың бір әдісі болып табылады. Макроэкономика экономикалық теорияның өзге жақтарымен, ең алдымен микроэкономикамен тығыз байланысты. Алайда, оның мультипликативтік және синергетикалық әсерлермен байланысты өзгешеліктері бар. Макроэкономика пәнінің ерекшелігіне мультипликативтік әсер жатады. Оның мәні мынада: экономикадағы өзгерістердің түпкі нәтижесі қосымша шығыстар мен депозиттер арқылы жүзеге асырылған бастапқы импульстің шамасынан көп есе асып түседі. Кейбір аса маңызды макроэкономикалық үрдістердің пайда болу көздерін анықтау әрі талдау оңайға түспейтін факторлардан туындайды. Синергетикалық әсер беретін экономикалық үдерістер арасындағы тікелей және кері байланыстар жүйесі макроэкономикалық теориялар мүддесінің аясынан табылады.

Макроэкономикалық талдаудың негізгі мәселесі ретінде, әдетте, ұлттық өндірістің серпіні, жұмыспен қамту мен жұмыссыздық және инфляция деңгейі бөліп көрсетіледі. Өндіріс және жұмыспен қамту (жұмыссыздық) саласындағы өзгерістер бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Ұлттық өндірістің өсуі (немесе құлдырау) факторларының жиынтығын талдау — макроэкономиканың аса маңызды міндеті, өйткені экономикалық өсу — бұл барлық әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, соның ішінде экономикамен байланысы жоқ білім беруге, денсаулық сақтауға, мәдениетке қатысты мәселелерді шешудің негізі. Ұлттық экономикадағы өзгерістерді өлшеу айрықша қиындық тудырады. Мұнда макроэкономика, жоғарыда айтылып кеткендей, Ұлттық шоттар жүйесі (ҰШЖ) бойынша экономикалық қызметтің нәтижелеріне қатысты көрсеткіштер есептелетін экономикалық статистикаға жүгінеді.

Ұлттық экономиканың қызмет нәтижесіне қатысты ең кеңінен тараған көрсеткішке ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) көрсеткіші жатады. ЖІӨ-нің абсолюттік көрсеткіші бойынша экономика ауқымында талдауға мүмкіндік бар, алайда ел тұрғындарының әл-ауқаты мен оның деңгейі жайлы ештеңе айта алмайсыз. Аталмыш мақсат үшін халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші және басқадай көрсеткіштер (халықтың жан басына шаққандағы орташа табыс және т.б.) пайдаланылады. ЖІӨ серпінімен макроэкономиканың тағы бір көрсеткіші байланысты, ол — жұмыспен қамтылу. Позитивтік, әсіресе нормативтік тұрғыдан келсек, макроэкономикалық талдау үшін және экономикалық саясатты әзірлеу үшін жұмыспен қамтылудың маңызы зор. Бұл мәселе экономикасы әлеуметтік бағыттағы елдер үшін шешуші мәнге ие. Жалпы ұлттық өндіріс пен жұмыссыздық динамикасы өзара тығыз байланыста және кері байланыста болады. Нарықтық экономикада өзгерістер кезеңдік сипатқа ие.

Қысқа мерзімді сипатқа ие іскерлік кезеңі (цикл), экономикалық кезең және ұзын толқын деп бөліп көрсетіледі. Іскерлік кезең үрдісі жалпы жоғары үрдісті қысқа мерзімді ауытқулармен сипатталады. Циклдер кезеңдерді симметриялық ауытқу нүктелерімен бөледі. Қысқа мерзімді ауытқу әдетте жағдаяттық сипаттағы факторлармен байланысты: табиғи ресурстардың әлемдік бағасы, қаржы дағдарысы, табиғиклиматтық аномалия және т.б. Экономикалық кезең өндірістің құлдырауын тудыратын, сондай-ақ экономиканың тоқырауына, жандануы мен өрлеуіне себеп болатын факторлар кешенінің ықпалымен байланысты. Олар өндірістің байыпты құрылымдық ілгерілеуімен және технологиялық жаңартулармен ілесе жүреді. Экономикалық динамиканың ұзын толқындары он жылдарды қамтиды, әрі өзіне іскерлік және экономикалық кезең қатарларын қосады. Ұзын толқындардың материалдық негізі жаңа буын технологияларына көшу болып табылады. Билік немесе мемлекет басшыларын сайлауы кезеңімен байланысты іскерлік саяси циклді ерекше бөліп көрсету қабылданған.

Келесі ірі макроэкономикалық мәселе инфляция болып табылады. Бұл — бағалардың жалпы деңгейінің тұрақты өсуі. Инфляция барлық ұлттық экономиканың, оның негізгі құрылымы мен азаматтары зиян шегетін күйреткіш «вирус» болып табылады. Одан көбіне тіркелген табысы мен осы мәмілеге тартылған активтерінің кірістілігін түзетуге құқықсыз ұзақ мерзімді мәмілелері барлар зиян шегеді. Жоғарыда аталған мәселелермен (ЖІӨ деңгейі, инфляция, жұмыссыздық) макроэкономика пәні сарқылмайды. ЖІӨ серпіні және жұмысымен қамтуда экономиканың нақты секторы мәселелерінің біртұтас «шлейфі»: ресурстар бағалары, инвестициялар, жиынтық тұтыну, қорлану және т.б. байланысты. Мәселелердің күрделі кешені ақша секторымен, ақша айналысымен, банк жүйесімен, бағалы қағаздармен және т.б. байланысты. Ерекше орынды пайыздық мөлшерлеме, біріктіруші нақты және қаржылық секторлар (ақша және тауарлық нарықтар) алады. Оның үстіне қазіргі заманғы макроэкономика ұлттық экономиканың шет елдермен атқарымдық байланыстарын зерттейді, валюта бағамы, төлем балансы болып табылатын маңызды мәселелер қарастырылады.

Макроэкономикалық талдаудың тағы бір ерекшелігі бөліп көрсетілуі тиіс. Макроэкономиканың нормативті функциясы экономикалық саясатты әзірлеу мен жүзеге асыруда маңызды орын алады. Позитивті (оң) зерттеулер негізінде үкімет пен Ұлттық банкке ұсынылымдар беріледі. Талдаудың жалпыұлттық деңгейі макроэкономиканың ел экономикасын басқарушыларды, саясаткерлерді ғана қызықтыруы мүмкін екенін білдірмейді. Фирмаларды, үй шаруашылығы иелерін және басқа азаматтарды бағалардың деңгейі, валюта бағамының пайыздық мөлшерлемесі және басқа да параметрлер қатары тікелей қызықтыруда. Тұтынушылар тауарлық нарықтарда баға деңгейінің серпіні негізінде, ал инвесторлар — ақша нарығында бекітілген пайыздық мөлшерлеме негізінде шешім қабылдайды.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет