Ағылшын отарлаушыларының жеңісі Үндістанның экономикалық және әлеуметтік дамуына күшті әсер етті. Компания жер салығы - ренталардың қыруар бөлігін өзі иемденді. Үндістан қолөнері бұйымдарын зорлықпен арзанға алып, Европа рыноктарына қымбатқа сатты. Аннекцияланған князьдықтарды тікелей талап тонады. Үндістан Ұлыбританияға түскен қаржы мен ағылшын капиталы алғашқы қорының басты көзінің бірі болды. Ағылшын парламенті Ост-Үнді компаниясын бақылауға алды да, 1833 жылы оны сауда мекемесі ретінде жойып, оған елді отарлық басқару міндетін жүктеді. Үндістанға ағылшын өнеркәсіп заттары әкелінді де, Үндістаннан ауыл шаруашылық шикізаты әкетілді. Үндістан бірте-бірте Ұлыбританияның қосымша аграрлы-шикізат базасына айнала бастады. 18 ғасырдың соңынан бастап және 19 ғасырдың 1-ширегі ішінде Үндістанда жер салығы жүйелері енгізілді, соның негізінде шаруаларды феодалдық қанау әдісі елді отарлық езгіге салу мұқтажына лайықталды. Сонымен қатар, ішкі сауда мен қолөнерінің негізгі бөлігіне бақылау орнатқан Үндістан компрадорлық сауда буржуазиясы өсіп жетілді. 1851 жылы Бомбейде тұңғыш мақта-мата фабрикасы, 1854 жылы Калькуттада ағылшын кендір фабрикасы салынды. Темір жолдар, суландыру құрылыстары, шай плантациялары жасала бастады. Үндістанда капиталистік уклад қалыптасты. Капиталистік өндірістік қатынастардың дамуы, Үндістан қоғамының жоғарғы топтарында европалық білімнің тарауы 19 ғасырдың 2-ширегінде туған буржуазия ұлттық қозғалыстың негізі болды. Халық бұқарасы арасында отаршылдарға қарсы ашық қарсылық күшейді. 30-50 жылдары Орталық және Батыс Үндістанда бірнеше ірі көтерілістер шықты. Джамна - Ганг қосөзен аралығы мен Бенгалия шаруалары, қолөнершілері 1857-1859 жылдар көтеріліске шықты. Сондай-ақ көтеріліс елдің орталығын қамтыды. Бенгал шаруаларының 1859-1861 және 1872-1873 жылдардағы, маратх шаруаларының 1873-1875, 1878-1879 жылдардағы көтерілістері феодалдар мен отаршылдарға қарсы бағытталды.
Оппозициядағы жергілікті буржуазиялық-помещиктік ұйымдар 1885 жылы Үндістан ұлттық конгресіне (ҮҰК) бірікті.
20 ғасырдың басына таман ұлт-азаттық қозғалысының өрлеуі үшін жағдай туды. Ағылшын империалистері революция қозғалысты басуға тырыса отырып, үнділер мен мұсылмандарды жауластыруға ұмтылды. Олардың жәрдемімен 1906 жылы Мұсылман лигасы - Үндістан мұсылмандарының қауымдық ұйымы құрылды. Сол жылы, Мұсылман лигасына қарама-қарсы, Хинду махасабха («Үнділердің ұлы одағы») ұйымы ұйымдасты. 1905-1908 жылдардағы қозғалысқа пролетариат алғаш белсене қатысты, әсіресе Бомбей ереуілі (1908) едәуір болды.
1914 жылы Үндістан метрополия жағында 1-дүние жүзілік соғысқа (1914-1918) тартылды. 1-дүние жүзілік соғыс қалың еңбекшілер бұқарасының жағдайын нашарлатты. Азаттық қозғалысының басында тұрған ҮҰК бұқаралық қозғалысты өрістете түсті, бірақ оны бейбіт, күш көрсетпеу сипатында ұйымдастыруға ұмтылды. Күш көрсетпеу жолымен қарсыласу бағытын (сатьяграха) әсіресе М. К. Ганди күшті уағыздады. 1918-1922 жылдар жұмысшы табының белсенділігі едәуір артты. Барлық өнеркәсіп орталықтарын ереуілдер қамтыды. Ереуілдер қозғалысы барысында алғашқы кәсіподақтар пайда болды, ал 1920 жылы Кәсіподақтардың букіл үндістандық конгресі (КБҮК) ұйымдасты. 1920-1922 жылдар Ұлы социалистік революциясының ықпалымен тұңғыш коммунистік топтар құрылды. 1918-1922 жылдар шаруалар қозғалысы өрістеді. 1925 жылы желтоқсанда Үндістан коммунистік партиясының (ҮКП) негізі қаланды. 1927 жылы ҮҰК-нде империалистерге қарсы күресті жандандыруды жақтаушы адамдардан сол қанат қалыптасты. Оны Дж. Неру мен С. Ч. Бос басқарды.
1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс антиимпериалистік қозғалысқа жаңа өрлеу туғызды. 1928-1929 жылдардағы бірқатар ірі антиимпериалистік науқанды жұмысшы табы бастады және оларға белсене қатысты. Кәсіподақ қозғалысы құлаш сермеді. Жұмысшы табы ірі саяси ереуілдер ұйымдастыруға (1938 жылғы Бомбей ереуілі т. б.) ат салысты. Шаруалар қозғалысы (әсіресе Бенгалияда, Андхрда, Құрама провинцияларда, Бихарда, Кералада) едәуір өріс алды. Хайдарабад, Траванкур, Майсур, Кашмир т. б. князьдықтарда феодалдарға қарсы қозғалыс күшейді.
1939 жылы қыркүйектре Үндістан 2-дүние жүзілік соғысқа (1939-1945) тартылды. Соғыс халыққа орасан зор ауыртпалық түсірді. Кейбір аймақтарды (әсіресе Бенгалияны) аштық жайлады. Соғыстың аяғында Үндістан мен ағылшын империализмі арасында экономикалық және саяси қайшылық күрт шиеленісті. 1946 жылдың басында армияда, флот пен авиацияда ағылшындарға қарсы толқулар болып өтті. Ағылшын үкіметі 1946 жылы көктемде Үндістанға доминион статусын беруге мәжбүр болды. Деревнялар мен князьдықтарды қамтыған азаттық қозғалысының дүмпуімен ағылшын отаршылдары Үндістаннан кетті.
1947 жылы 15 тамызда Үндістан жерінде тәуелсіз жаңа екі мемлекет: Үндістан мен Пакистан доминиондары құрылды. ҮҰК-ның жетекшісі Дж. Неру тәуелсіз Үндістан үкіметінің премьер-министрі болып тағайындалды.
Тәуелсіздікке жеткеннен (1947) кейінгі алғашқы жылдары Үндістан үкіметі елдің екіге бөлінуінен туған экономикалық қиыншылықтардан арылуға бағытталған шараларды жүзеге асыра бастады. Бірте-бірте өзіндік мақта және кендір өндіру базасы жасалды, транспорттың жұмысы қайта құрылды, жаңа жерлерді игеру үшін мемлекеттік трактор ұйымы құрылды.
1947-1949 жылдар 555 князьдық (601 князьдықтан) Үндістан доминионына қосылды; қалған басқа князьдықтар Пакистан доминионы құрамына енді. 1947-1949 жылдар әкімшілік аппаратын үндістандандыру негізінен аяқталды.
Шаруалар мен жұмысшы табының күресі нәтижесінде бірқатар провинцияның үкіметі демократиялық реформалар жүргізуге даярлық жасады. 1948 жылдан жер реформасының жобасы белгілене бастады. Сол жылы жалақы минимумы, әлеуметтік қамсыздандыру т. б. туралы жаңа заңдар қабылданды.
1949 жылы 26 қарашада жаңа қонституция қабылданды, конституция бойынша Үндістан республика болып жарияланды. 1952-1953 жылдардан бастап штаттардың үкіметтері аграрлық реформа туралы заң шығару жиналыстарында қабылданған заңдарды іске асыруға кірісті. Бұл заңдарға сәйкес помещиктер жерінің негізгі бөлігі сатып алынды. Жер арендасы туралы заңдар помещиктердің арендаторларды қанауын тежеді.
1948, 1956 жылдардағы үқімет декларацияларына сәйкес, ауыр және әнергетикалық өнеркәсіптің негізгі салалары негізінен мемлекеттік қарамағына алынды. Сөйтіп, мемлекеттік сектор құрылды. Сонымен қатар, мемлекет жеке меншік кәсіпкерлерге финанс көмегін көрсетті. Елді экономикалық дамытудың бесжылдық жоспары қабылданды. Жоспарда мемлекеттік секторды дамытып, Үндістанды индустрияландыру мақсаты көзделді.