Қадір түні – Рамазан айының соңғы он түнінің бірі. Яғни, он түннің біріне жасырылған. Ал 27-ші түн – Қадір түні болуы ең ықтимал түн
Қадір түні қашан
Биыл 23 наурызда басталған қасиетті Рамазан айы 20 сәуірде аяқталады. Ал мың айдан да қайырлы Қадір түні сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге түсіп тұр.
Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде жерге түсірілгені жайлы айтылады. Сонымен қатар ол мың айдан да қайырлы болып есептеледі. Алланың бұйрығымен жерге түскен Жәбірейіл періште адамдарға қызмет етеді.
Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Жалпы "Қадір" деген сөздің өзі араб тілінен "тағдыр" деген мағына береді. Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады.
Қадір түнінің белгілері
Қадір түнінің белгілері жайында пайғамбарымыз: "Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады", – деген.
Тағы бір хадисте: "Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып, таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді"- делінген.
Сондай-ақ қасиетті түнде бұлт та, жаңбыр да, жел де болмайды.
Хадистерде бұл түн жанға жайлы, тыныш болатыны айтылады. Ауа температурасы қатты суық, не қатты ыстық болмайды. Аспанда жарық ай көрінеді.
Қадір түні не істеу керек
Өкінішке қарай, көбі Қадір түнін жай ғана ұйықтамай қарсы алу жеткілікті деп санайды. Алайда бұл қате түсінік. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.
Қадір түні мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, тілек тілеп, дұға жасап, намаз оқу.
Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате.
Мұсылмандар бұл түнді барынша құлшылықпен, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |