Оразаның 10 күні қалды. Бұл күндерді қалай өткізуге арналған 10 кеңес
Биыл Рамазан айы 29 күнге созылады. Соңғы күні – 20 сәуір. Он күн... Бір жылдың ең берекелі айы үйімізден кетіп барады.
Он күн... Біз енді тарауық намазы үшін мешітке асықпайтын боламыз.
Он күн... Өміріміз қайтадан бір сарынға түседі, таңғы ас-түскі ас-кешкі ас, үй-жұмыс-үй.
Рамазанның тәттілігін сезініп, оның жақсылығын теңдей етіп он бір айға бөліп тастап, әр айда берекеге кенелуді кім қаламасын? Дегенмен, бұл мүмкін бе? Иә! Алла жомарт! Алайда келесі айда оразаны ұмытпай, құлшылықты азайтпас үшін осы айда мол азық жинап қалуымыз қажет. Он күннің азы қалды, бірақ дәл сол аз күндер сіздің тағдырыңыздағы өзгерістер баспалдағы болуы ықтимал.
Жәннатқа жақын құл боламыз ба әлде, баяғы жартас, сол жартас демекші, бұрынғы әдетімізге қайта басамыз ба, жоқ әлде, рухани азық алуды жалғастырамыз ба? Рамазан айының соңғы он күнінде барынша сауапқа қол жеткізіп, сол күндердің берекесін жыл бойы сақтап қалудың бірнеше жолдарын айтып өтпекпіз.
Сүйікті сериалды – ӨШІРУ Бәлкім, Рамазан айының басында-ақ көгілдір экраннан бас тартуды жоспарлаған боларсыз. Егер ол жоспарыңызда болмаса, онда Рамазан айының соңғы он күні теледидар пультін алыстау жерге қойып қоюдың ең тиімді кезі.
Ғаламторды да – ӨШІРУ Қасиетті айдың 21 күні келгенше бар уақытымызды ғаламтор парақшаларында құры жіберген болсақ, нағыз қылмыс жасаған боламыз. Егер ғаламтордан бас тарта алмайтын болсаңыз, модеміңіз, тіпті ұялы телефоныңыз да пульттің жанынан орын тепсін.
Бас қосуларды – ҚЫСҚАРТУ Рамазан айының соңғы күндері оңашалануды талап етеді. Таңнан кешке дейін мешітте отырып құлшылық жасауға әркімнің жағдай келе бермесі айдан анық. Алайда әрқайсымыз бос сөзден, талас-тартыстан, ауызашардан басталып бірнеше сағаттарға созылған кездесулерден, таңға дейін әңгіме-дүкен құрып отырудан тиылуға ерік-жігеріміз жетеді. Рамазан айының соңғы он күні он түрлі алтын жамбы іспетті. Ендеше, бір шыны шәй үшін алтын жамбыдан айырылып қалмайық.