3 Жай және құрмалас сөйлем синтаксисі.Сөйлемнің өзіне тән тілдік
белгілері болады. Бірінші белгі ̶ құрылымдық белгі. Қарым-қатынастың
негізгі бірлігі ретінде жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің өзіне тән құрылымы
болады. Екінші белгі ̶ семантикалық, яғни предикативтілік. Предикативтілік
сөйлем мазмұнын шындық болмыспен байланыстырады. Предикативтіліктің
ажырамас бөліктерін шақ, жақ категориясы мен модальдылық құрайды.
Предикативтіліктің тағы бір қасиеті ̶ интонация. Интонация сөйлемнің
құрылымы мен мазмұнын, айқындайды және сөйлеушінің субьективтік
қатынасын білдіреді(4,629).
Бір сөзден немесе бірнеше сөз тіркесінен құралған, өз алдына дербестігі
бар шындық болмыс туралы сөйлеушінің ойы жай сөйлем деп аталады.
Құрмалас сөйлем деп екі не одан да көп предикативтік компоненттердің өзара
лексика-семантикалық, грамматикалық тәсілдердің көмегімен мағыналық,
құрылымдық, интонациялық біртұтастық жасап бірігуі арқылы күрделі ойды
білдіруге қызмет ететін коммуникативтік түрін айтамыз (4,690).
Қазақ тіл білімінде алғаш рет құрмалас сөйлем мәселесіне назар аударған
А.Байтұрсынов болатын. Ғалымның «Тіл –құрал» атты еңбегінен бастау алған
құрмалас сөйлем мәселелері C.Аманжолов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев,
М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, Р.Әміров сынды белгілі ғалымдардың
зерттеу еңбектерінде ғылыми негізде талданып, сараланған.Т.Қордабаев
құрмалас сөйлемге «екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын
құранды категория» деп қарайды. Ол құрмалас сөйлемнің негізгі белгілерін
төмендегідей көрсетеді:
- құрмалас сөйлемнің әрбір компоненті, мейлі ол тиянақты болсын,
сөйлемдік мағынаға ие болуы, бір ойды қамтуы керек.
- құрмалас сөйлем компоненттерінің білдіретін мағыналары бір-біріне
жақын, қандай да болмасын белгілі бір дәнекерлер арқылы ұштасып жататын
желілес күрделі ой болады.
- құрмалас сөйлем құрамына енетін әр компонент, мейлі ол тиянақты
болсын, мейлі тиянақсыз болсын, жалпы сөйлемге тән қасиеттерге ие болуы
шарт (5, 10).