Романтикалық шығармаларда оқиға дағдыдан тыс мекен, өмірде кездесе бермейтін жағдайда болады. Екінші, қаһармандары болған адамнан гөрі, болуы керек не өте бір сирек кездесетін және қолынан жақсылық та, жамандық та келерлік, сөзіне ісі сай, қатардағы жай адамдардан дараланып, ерекше көзге түсерлік болып келеді. Үшінші, романтикалық қаһармандарға тән мінез - мейлінше бірбет, қайсарлық; нені болсын олар жеріне жеткізе істейді. Ең ақыры, бұзылса, мықтап бұзылып, түзелсе, бұрынғы әдетін мүлде қайталамай, мықтап түзеледі. Жақсы көрсе құлай, беріле жақсы көреді де, жек көрсе, енді көрмес, қайырылмас шекке шейін барады. Төртінші, қаһармандардың не портреттерін, не мінездерін қарсыма-қарсы қоюшылық; сұлулық пен сиықсыздық, ерлік пен қорқақтық, мейірімділік пен қаталдық тағы басқа осылар тәрізді екі шектегі мінез, көрік, іс-әрекеттерді шендестіріп суреттейді.
Печорин Онегин
Реализм
Реализм - искусство мен көркем әдебиеттің негізгі методының бірі. Реализмнің негізі - өмір шындығы. Жазушы ақындардың бір алуаны шындықты көрсетуді негізгі нысанасы етеді де, өздеріндегі бар мүмкіншілікті пайдаланып, шығармаларында өмірді толық, кең түрде суреттеуге күш салады. Өмір, өмірдегі күрес, тартыс, іс-амал, қарым-қатыстар шығармада айнаға түскен сәуледей әрі толық, әрі жанды болса деген тілек қояды. Бұл идея, әдіс бір ақын не бір жазушы емес, әлденеше жазушы, ақындарға тән. Осыдан келіп, олардың пікірлестік, әдістестігі, шындық өмір құбылысын әдебиетте творчестволық жолмен іске асыру мәселесі туады. Міне, осындай методпен жазуды әдебиетте, искусствода реализм әдісі деп атайды.
Реализмнің элементі ауыз әдебиетінде де, классицизм, романтизм методымен жазылған шығармаларда да кездеседі. Романтизм методымен жазылған шығармалардың кейбіреуінде реализм элементтері мидай араласып, жігін ашу қиынға да түсетін жайттар кездеседі. Әйтсе де айыруға, негізінде қай методқа жататындығын білуге болады.
Реализмнің дамыған, толысқан кезі - ХІХ ғасыр. Қай елдің әдебиеті болсын реализм методының ХІХ ғасырда дамуы кездейсоқ емес, қоғам өмірінің даму жолдарымен нық байланысты
Европада Бальзак, Флобер, Диккенс, орыста Пушкин, Тургенев, Л.Н.Толстой, Гоголь, Гончаров тәрізді бүкіл дүниежүзі әдебиетіне үлгі болған ұлы реалистер, қазақ әдебиетіндегі Абай - бәрі де ХІХ ғасырдың төлдері.