Қазақстан халқы Ассамблеясы
Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган.[1] Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.
Ассамблеяның мақсаты - қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету.
Ассамблеяның негізгі міндеті - этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және дамуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне - Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi.
Ассамблея құрылымдық жағынан Ассамблея сессияларынан, Ассамблея кеңесі мен Хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларынан тұрады.
Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) - оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.
Ассамблея Төрағасының этномәдени бiрлестiктерден тағайындалатын орынбасарлары алмастыру тәртiбiмен Кеңестiң ұсынымының негiзiнде ҚР Президентiнiң өкiмiмен тағайындалады.
Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылады. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осы тетіктер Ассамблеяның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардағы нақты әрекет етуі мен тиімділігінің негізі.
Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын - этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды.
Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында - Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.
Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.
Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.
Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |