Орындаған: Елемес Асылжан
Ерекше атап өтіп,тақырып ретінде алып отырған ғұламамыздың толық аты-жөні – Әдиб Ахмет Йүгінеки. Бұл жердегі «әдип» - оның атағы. Шариғат қағидаларын жан-жақты зерттеп-тануына және терең іліміне сай осы “Әдиб Ахмед” деген құрметті атқа ие болған. Жалпы «әдиб» деген сөз әдепті деген мағынаны білдіреді. Ахмет Ислам дінін жай ғана меңгеріп қоймай, оның көркемдігін өзінің іс-әрекеттерімен көрсете білген. Расында Ахметтің түсінігіндегі Ислам – ол әдеп мен көркем мінездің діні. Бұл ойын ұлы тұлғамыз мынадай өлең жолдарымен жіткізеді:
Бұл ғаламда болсаң дағы кім өзің,
Бойға жұқтыр тек асылдың мінезін.
Мейірімсіз жан – жеміс бермес ағаш ол,
Отқа өрте ондайлардың күзегін.
Мұсылманға танытқайсың мейірім,
Бірдей болсын өзгеге де пейілің.
Тас атқанды сыйлай білгін аспенен,
Қанды қанмен жуа алмайсың, ей інім.
Ұлық босаң, менмендікті құрықта,
Атлас кисең, киген бөзді ұмытпа.
Кішіпейіл жанның артар қадірі,
Ашылмайтын болмас оған құлып та.
Аты-жөнінің соңында тұрған Йүгінеки оның қай жерден шыққандығын көрсетіп тұр. Йүгінек немес Йәгүнек қаласы туралы үш жорамал бар. Бірінші жорамалға сай, ол – Ферғана аңғарында орналасқан елді мекен. Екіншісі жорамалға сәйкес, ол – Самарқандтың маңында орналасқан қала. Үшіншісіне қарай, ол – Түркістан яғни Яссы қаласының төңірегінде орналасқан қыстақ. Осы үшінші жорамалға сүйеніп, қазақ зерттеушілер Ахметтің Йүгінек қазақша Жүйнек жерінде туылған деп есептеп, ғұламаны Ахмет Жүйнеки деп атайды. Тұлғамыздың қайда туылғаны белгілі болса да, қашан туылып, қашан қайтыс болғандығы туралы нақты дерек жоқ.
Ақылойы толық қалыптасып, діни танымы әбден кемелденген шағында Ахмед Иүгінеки қысқаша тақырыптарға бөліп, ислам құндылықтарына негізделген өлеңжырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерлердің басы біріктіріліп, «һибуат-улхақаиқ» («Ақиқат сыйы») деп аталатын өлеңдер жинағына айналған.Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйының» түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Ахмед Иүгінеки мұрасының ХІУ-ХУ ғасырда жасалған үш түрлі көшірмесі, үш түрлі үзіндісі бар. Оның ішінде ең ескісі – 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі – 508 жол. Бұл мұра қазір Стамбұлдағы Айя-София кітапханасы қорында сақтаулы. Екінші нұсқа – Стамбұлда 1480 жылы Шайх зада Абд әр-Раззақтың ұйғыр және араб жазуымен көшірген, 506 жолдан тұратын үлгісі. Парсыша, тәжікше түсініктемелері бар бұл нұсқа Стамбұлдағы Айя – София кітапханасында сақтаулы. Қолжазбаны Н. Әсім 1915 жылы, ал Маһмудов 1972 жылы алғаш рет жариялаған. «Ақиқат сыйының» үшінші арабша нұсқасы шамамен ХІУ ғасырдың соңында 524 жол өлең көлемінде көшірілген. Ол Стамбұлдағы Топ-Қапы сарайында сақтаулы. Сол сияқты «Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі» деген адамның кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етіліп, кейін мүлдем жоғалып кеткен. Анкарадағы Маариф кітапханасынан табылған (көлемі 4 бет), Берлин Ғылым Академиясында сақтаулы тұрған өзге нұсқалардың із-жосықтары Ахмет Иүгінеки еңбектерінің кең көлемде таралғанын дәлелдей түседі
Ахмед Иүгінеки туындысының басты идеялары: оқу, білім, еңбек, тіл, адамның игі мінездері, достық, дүниенің өзгермелілігі. Автордың пікірінше, келер ұрпақ үшін шығармасын арнайы дайындаған. Осы турасында ол былай деп жазған:
«… Кейін келген жас буындар, ұрпақтар
Осыны оқып таң-тамаша болсын деп.
Махаббаты бар көңілді марқайып,
Жаздым кітап сөз асылын теріп ап,
Оқығандар бір пайдасын алсын деп…» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 390).
Шығармасында Ахмед білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы ойларын ашып көрсетіп, оған біршама тоқталған. Атам қазақ «білім – таусылмас қазына» деп бекер айтпаса керек. Ахмед білімге, білім алуға асығу қажеттілігі туралы ой қозғайды. Осы тұста халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «өлімнен басқасының бәріне асығу керек» деген пікірі ойға оралады. Білімді адамның өмірі бейнетсіз, бақытты болатынын былай жеткізген:
«Айтайын білім жайын, құнты бар бол,
Ей, досым, білімдіге ынтызар бол.
Ашылар білімменен бақыт жолы,
Білім ал жолға түсіп бақыт жолы» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 390).
Ғұлама білім бақытқа апаратын жол десе, өзінен жеті ғасыр кейін өмір сүрген дана Абай
«… Дүние де өзі, мал өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз» (Өлеңдер, 1966:13),
Деп білімнің таусылмас байлық екенін қадап айтқан. Көріп отырғанымыздай, екі дананың ойлары бір жерден шығып отыр. Екеуі де білімнің адамның уайым-қайғысыз, бай-қуатты ғұмыр кешуінің көзі, түпсіз қазына екендігін насихаттаған. Ахмедтің осы асыл сөздерін кеңестік кезеңде В.И. Лениннің «Оқы, оқы және оқы» деген ұраны тәрізді білім ошақтарының маңдайшаларына жазып қойса да артық болмас еді. Адамзаттың дамуы осы білім, ғылым жолымен жүріп жатқандығы хақ. Заманауи жастар ғаламторға еліктеп, алтын уақыттарын соның тиімсіз тұстарын ақтарумен өткізгенше көбірек кітап оқып, дүниетанымдарын кеңейтсе Елбасының сөзімен айтқанда таусылмас капитал жинаған болар еді. «Білекті мыңды жағады, білімді мыңды жығады» деген нақыл сөз де Ахмедке тән тәрізді. Себебі ол былай деп жазған:
«Білімді білімсіздің мыңын жеңер,
Ол біліп білім ізін, теңін теңер,
Көр байқап, оқы, сына: білім – пайда,
Білмесең – басқа не бар, сенің нең ер?» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 391)
Ахмед шығармасының құнды тұсының бірі – білім алу идеясы. Ол осы мәселеге қайтақайта оралып, білім алудың барлық істен артық екендігін алдыға тартқан. Мұндай ой Абай өлеңдерінен кеңінен орын алған. Оған ақынның мына өлең жолдары дәлел бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |