3) Абай неге шығармаларында жүрек сөзіне ерекше мән берген? Сіздіңше, адамзатты сүю, жүректі кірден тазарту, жүрек тазалығы деген не? Абай айтады: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі. Асықтық та - жүрек ісі». Адам жанының ұясы - жүрек екенін осындай сыншыл сөздерімен жүректің атқарар міндеттерін айтады. Меніңше, осы сөзінен жүректі де басқаруға болатынын аңғаруға болатын сықылды. Егер жүректі басқаруға болмайтын болса, барлық адамның жүрегі қасиетінен біртекті болар еді. Демек таңдау берілген, асыл, ғибратты қасиетті боламын десең, не болмаса асықтық пен көзбояушылық жасаймын десең де өз еркің емес пе?! Жүректі таза ұстау міндет екенін естен шығармаған ең абзалы. Жүрек - рух пен жанның, ақыл мен қайраттың мекені.
Абай атаған бес қасиет негізінен толықтықты танытатын үш қасиетті құрайды: талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек - деп нақтылай түседі.
«Ыстық қайрат» - бұл үнемі ізденіс үстінде болу, тек қана алға ұмтылу, жасампаз болу.
«Нұрлы ақыл» - елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау.
Ал, «Жылы жүрек» - иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» - дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адам.
Қорытынды: Сонымен, адам мен толық адамның арасындағы бірінші айырмашылық– адамдардың іс-әрекеттерінің мақсатында. Материалдық әрекет жасайтын адамның санасы дене деңгейінде, сондықтан ол өзін «денемін» деп санайды. Соған байланысты «менікі» - оның тәнімен байланысты отбасы бала-шаға, мал-мүлік, халық, Отан тағы басқа.