Корпустың міндеттері жалпылама түрде түйінделгенін, өкінішке орай, толыққанды Ұлттық корпус құруға бейімдемейтінін көріп отырмыз. Тіл комитететінің Ұлттық корпусты жасау жөніндегі жұмыстары əлі де жүргізіліп жатқандығы айқын, сондықтан сілтемелердің бірде біреуі қазіргі таңда жұмыс істемейді жəне Қазастан азаматтарының маңызды қажеттіліктері əзірге қанағаттандырылмай отыр.
Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасаудың басты мақсаты – оның нормаландырылуы мен қалыптандырылуына қызмет ету əлі толық тұжырымдалмаған күйі қалып отыр.
Дəл осы нормаланған жəне қалыптандырылған тілдің болуы оның мемлекеттік тіл ретінде табысты қолданылуының басты шарты болып табылады. Бұған қазақ тілін дискурстардың корпустық түрлері бойынша үйрету, оның фонетикалық, лексика-семантикалық, грамматикалық, стилистикалық жəне т.б. нормаларын дамыту жəне қалыптастыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Тек теңдестірілген, көрнекті көлемі бар, мүмкіндігінше толық жəне ыңғайлы барлық белгі түрлерімен жасақталған қазақ тілінің Ұлттық корпусы ғана тілдік нормалардың бекітілу қарқынының жəне оларды жүйелі əрі стандартты түрде дұрыс жазу ережелерінде, сөздіктерде, грамматикада, оқулықтарда көрсету, солайша неологиялық, грамматикалық жəне ортологиялық үдерістерді тіркеу, тілдік бірліктердің семантикасы мен тіркесімділігіндегі сипатталмайтын өзгерістерді, түрлі тұлғалардың жиілігін, тіл бірліктерінің функционалды емес түрленуін жəне т.б. көру мүмкіндігінің толық бейнесін береді, яғни узуста (тұрақты қолданыста) неғұрлым жиі қолданылатынын анықтауға байқауға болады. Корпус, В.А. Плунгян айтуынша, тек «тілді зерттеудің күшті қаруы ғана емес, сондай-ақ жаңа идеология», ол тілдің нақты қолданылуын зерттеуге, корпустық тілдік жоспарлауды жүзеге асыруға ғана емес, сонымен бірге қазақ əдеби тілін нығайтуға көмектеседі.
Сонымен, тіл корпусының мүмкіндіктері қызықты əрі əсерлі екендігін байқадық. Олай болса бізге қазақ тілінің корпусы керек пе? Бұл сұраққа жауап айқын деп ойлаймын: қазақ тілінің ұлттық корпусы – маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі.