Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы
СӨЖ
Тақырыбы: ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әңгіме-повестеріндегі ұлттық құндылықтар
\
Орындаған:Сансызбай Қ.Е.
Қабылдаған:Әбдиманұлы Ө.
Алматы,2023ж
Жоспар:
Кіріспе
Негізгі бөлім
Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы ұлттық психологизм
Т.Әлімқұлов және ұлттық өнер
М.Мағауин повестеріндегі ұлттық идеяның көрінісі
Оралхан Бөкей прозасындағы ұлттық құндылықтардың ерекшеліктері
Дулат Исабеков және қазақ салт – дәстүрі
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
XX ғасырда қазақ прозасы бұрын-соңды болмаған даму деңгейіне көтерілді. Замана ағымының қилы кезеңдерінде ширап – шыныққан сөз өнерінің тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып, жаңаланып, дамып отырды. Ел басына түскен қиындықтар ұлттың сана – сезімінің, ұлттық идеяның дамуына түрткі болды. Сондықтан да ұлтымыздың рухы биіктеп, еңсесі көтерілгенде әдебиетіміздің да қайта толысып, кемелдену дәрежесіне жеткен кезеңдерінің бірі өткен ғасырдың екінші жартысы еді. Осы кезеңде төл әдебеитімізде әлемдік классика үлгісіне тең келетін көркем шығармалар легі дүниеге келді. Олар қазақ елінің түрлі тарихи кезеңдеріндегі ұлттық дәстүр, ұлттық болмысымызды әлемге паш еткен туындылар болды.
Ұлттық идеяның ең құнарлы ағыстары – ұлттық тәуелсіздік жолындағы азаттық күрестен бастау алатындығын жіті аңғарған қаламгерлер замана қайшылықтарын, қоғам шындығын тартымды сюжеттік желілерге арқау ете білген, сол арқылы тұтас бір кезеңнің тарихи дамуын көрсеткен. Ұлттық деңгейдегі тақырыптардың да көбірек көтерілгені осы кезең аралығы болды.
Жалпы ұлттық әдебиет – ғасырлар куәсі,бабамыз бен кейінгі ұрпақтың жан сыры, келбеті.
Әдебиетімізге ұлтжанды кейіпкерлер тобы келіп жатты.Яғни, қазақтың ұлттық құндылықтары көрініс табатын прозалық шығармалар көбейді. Мұны біз Т.Ахтанов, Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, т.б. қазақ қаламгерлерінің туындыларынан аңғара аламыз.
Әдебиетте көркем шығарма бойынан ұлттық ерекшеліктер, автор дүниетанымына тән сипаттар көрініс тауып отырады. Әдебиеттанушылар зерттеулерінде жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды басты назарға алғанымен де, автор қолтаңбасына тән, ұлттық ерекшелігіне тән белгілерді айналып өте алмайды. Бүтіннің бөлшегі ретінде қатар танылады.
Әбіш Кекілбаев қазақ әдебиетіне ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары келіп қосылған жазушы. Бұл кезді қазақ әдебиетіндегі дамудың жаңа белесі деп атауға болады. Осы тұста бір сапта әдебиет әлеміне қадам қойған жазушылардың қазақ елінің тарихын, салт-санасын, тұрмыс-тіршілігін сипаттауда жаңашыл ой-өремен, биік парасатпен келгенін атап өтуге болады. Әбіш Кекілбаев осы бір шоғыр ішіндегі өзгеше болмысты, бітімі бөлек қаламгер.
Ұлттық әдебиеттердегі сол ұлтқа тән белгілер мәдениетаралық қарымқатынастың мәдени өресі жоғары түрі. Көркем туынды бір елдің тілінен екінші бір елдің тіліне аударылғанда сол жазушының еліне тән белгі, сипаттар қоса аударылу арқылы ел мен ел арасындағы мәдени ауыс-түйістер, өнер үйренулер жүзеге асады.
Жазушы Әбіш Кекілбаев шығармаларында қазақ халқына тән мәдени, рухани ерекшеліктер молынан кездеседі. «Тасбақаның шөбі» әңгімесі, «Күй», «Шыңырау», «Бәйгеторы» повестері, «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» романдары негізінде осы бір белгілерді бір шолып өтуге болады. «Тасбақаның шөбі» әңгімесінде қарапайым ғана екі құрдастың болмысын сипаттай отырып қай қоғамда болмасын кездесетін типтік образдарды қазақы бояумен суреттеп береді. Бірі әуел бастан өз ісіне пысық, жол тапқыш, ешжерден кері шегініп келмеген, ешкімнен беті қайтып көрмеген Оңбай болса,
екіншісі момын, ешкіммен қақ-соғы жоқ, сенгіш ұста Қарабала. Екі кейіпкердің мінезін ашу арқылы қазақ қоғамындағы кісілік болмыстың кереғар екі түрін қарапайым баян етеді. Оңбайдың өтініші бойынша ауданға барып машина алып қайтқан Қарабаланың мінезі жол бойы ашыла түседі. Ол жолда аударылып жатқан тасбақаның аузынан шөп көріп, ол шөпті ырымдап қалтасына салып алады. Содан қиялы шарықтап, көңілі өсіп, сапарының сәтімен болғанын тасбақаның шөбін көргенінен деп білуі аңғал ұстаның мінезін танытады. Оңбайға аудандағы шаруасын бітіріп, қуанып барған ол үйден құлазып шығады. Сол қиял жетегінде жүріп әңгіме соңында ауданға барғанда әйеліне алып келуі керек болған дәріні алмағаны есіне түскенде аздаған өкініші көрініс береді.
Достарыңызбен бөлісу: |