Байланысты: Қазақстанда қола дәуірі мен энеолит ШЕРХАН АЯУЛЫМ
Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті. Ботай мәдениеті — энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жердегі Ботай қоныстарына байланысты аталған. Қазба жұмыстарын жүргізген Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы (1981 — 83, жетекшісі В.Ф. Зайберт) 15 га жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылды. Олар қабырғалары бір-біріне жалғастырып салынған бірнеше тұйықталған бөліктерден тұрады. Кейбіреулерінде 30-ға тарта үйлер болған. Шаруашылық құралдары түрлі тастардан, балшықтан және сүйектерден жасалынған. Ботай мәдениетін жасаған тайпалар жылқыны қолға үйреткен. Тастан жасалған пышақ, қанжар, жебенің, найзаның ұштарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар гарпун, ине, жуалдыз, тескіштер, тұмар және әшекей бұйымдардың кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар береді. Ботай мәдениетінің қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалары араласқан. Ботай мәдениеті Жайық пен Ертіс өзендерінің аралығын қоныстанған тайпалар мәдениетіне жатады. Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрынғыда белгілі жылқылар түріне жатпайтын боп шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан ботай аттарының қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Күні бүгінге дейін жылқылар қолға кеш үйретілген деген пікірлер айтылды. Қоныстың материалдарымен әлемнің барлық ғылымдары қызыға бастады. Ботай жылқысын зерттеп білуге Солтүстік Қазақстан облысына Новосібір, Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары келді. Көптеген ғалымдар ортақ пікірге сүйенді, яғни Ботай қонысы Еуразия даласында мал шаруашылығы орталығы болған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» десе, Ботай мәдениетінің құндылығы жайлы археолог В.Зайберттің тұжырымдамасында: «Ботай қонысы Орталық Азия даласында жылқыны қолға үйретудің ең алғашқы археологиялық дәлелі іспеттес. Сонымен қатар қоныстан табылған керамикалық ыдыстардан липид пен сүт майларының қалдықтары табылуы – мұнда жайылымдық жылқы шаруашылығы болғандығының бір дәлелі. Яғни б.з.д. IV мың жылдықта қазақ даласында жылқы қолға үйретіліп, қымыз дайындалды.