Орысшадан аударған: Қалтай Мұхаметжанов 1



Pdf көрінісі
Дата07.01.2022
өлшемі0,83 Mb.
#20072



АҚ КЕМЕ
повесть
 
орысшадан аударған: Қалтай Мұхаметжанов
1
 
Ол  екі  ертегі  білетін.  Біреуі  –  өзінен  басқа  тірі  жанға  белгісіз  –
сəби  қиялынан  туған.  Екіншісін  атасы  айтып  берген.  Кейін  екеуі  де
ғайып болды. Айтайын дегенім де сол еді.
Ол жылы баланың жетіні толтырып, сегізге аяқ басқан кезі.
Алдымен  портфель  сатып  алынды.  Жылтыраған  сыдыртпалы
бауы,  кішкентай  құлпы  бар  қара  портфель  еді,  майда-шүйде  салатын
кішкентай  қалтасы  жəне  бар.  Портфель  болғанда  қандай!  Осы  күнгі
оқушы  балалардың  қолынан  күнде  көріп  жүретін  кəдуілгі  портфель
бар емес пе, – сол. Бар, гəп осыдан басталды.
Атасы  оны  жол-жөнекей  соға  кеткен  автолавкадан  сатып  алған.
Таудағы  малшыларға  шай-қант,  киім-кешек,  кездемелер  апарып
жүретін автолавка анда-санда Сантас қойнауындағы орман қорығына
да соғатын.
Осы  бір  қорықшылар  отырған  қотаннан  жыныс  шатқал,  аңғар
сайларды  аралап,  жоғары  қарай  жамырай  өскен  тау  орманы  бар.  Бұл
қотанда  небəрі  үш-ақ  үй  тұрады.  Автолавка  мұндағы  орманшыларға
тым жиі соқпағанымен, кейде бұрыла кететіні бар.
Үш  үйдің  ортасындағы  жалғыз  ер  бала  автолавканы  алдымен
көруші еді.
–  Келе  жатыр,  машина  магазин  келе  жатыр,  –  деп  екі  санын
шапаттап, есік-терезелерден айқай салып, сүйінші сұрайтын.
Ыстықкөлдің жағасынан басталатын арба жол көл жиегін бойлай
отырып,  ойлы-қырлы  машақаты  мол  шатқал  сайларды  қуалай,  əрең
дегенде  бұларға  да  жететін.  Мұндай  жолмен  жүрудің  өзі  оңайға
түспейді. Қарауыл тауының етегіне келгенде шыңырау түбінен төмен
қарай əзер жылжып, орманшылардың ауласына келіп бір-ақ тоқтайды.
Қарауыл тауы болса тиіп тұр, жаз келісімен бала құдайдың құтты күні
осы  таудың  басына  шығып  алып,  дүрбісімен  Ыстықкөлге  қарайтын.
Жол  үстінде  келе  жатқанның  барлығы  –  атты-жаяулысы  болсын,
машина-тракторы болсын бəрі де алақандағыдай айқын көрінеді.
Жаздың  бір  ыстық  күндерінің  бірінде  тоғандағы  суға  шомылып
жатқан бала таудан бермен түсіп келе жатқан машинаны көрді. Тоған


есіктің  алдында  ағып  жатқан  тау  өзенінің  жайпауыз  жағасында  құм
қиыршақ, бəрге тастардың үстіне салынған. Мұның өзін таспен қалап
берген атасы. Егер осы тоған болмаса, бұл бала алдақашан тірлікпен
қоштасар  ма  еді,  кім  білсін.  Əжесінің  айтуына  қарағанда,  мұның
сүйегін  саудыратып  адуын  тау  өзені  алдақашан  Ыстықкөлге  айдап
апарып,  тастар  еді.  Көлдегі  балықтар,  бақа-шаяндар  мұның  сүйегіне
мəз  боп  жүрмес  пе.  Мұны  ешкім  қайғырып,  қынжылмайды,  бұл  суға
кетсін,  отқа  түссін,  басқаға  керегі  шамалы.  Шүкір,  əзір  беті  аулақ,
ондайдан  аман.  Егер  солай  бола  қалған  күнде,  құдай  біледі,  мынау
əжесі құтқарам деп қол ұшын беруге ұмтылмас. Қанасынан шықса бір
сəрі,  өзінен  тумаған  соң  бəрібір  –  кемпірдің  айтуына  қарағанда  бұл
өгей  бала.  Өгейдің  аты  қашанда  өгей,  қанша  бағып-қаққанмен
өгейлігіне  баса  береді.  Өгей  деген  не  сұмдық...  Япыр-ау,  мұның  өгей
болғысы келмесе қайтеді? Қаршадай басынан неге бұл өгей атанады?
Мүмкін, бұл бала емес, сол кемпірдің өзі өгей шығар?
Жарайды,  бұл  туралы  да,  атасының  қалап  берген  тоғанына  да
кейін оралармыз...
Сонымен  жаңағы  автолавканы  көрді.  Ол  таудан  еңселей  түсіп
келе  жатқанда,  артында  будақтаған  шаңы  бұлтқа  шапшыды.  Баланың
қуанышында  шек  жоқ,  дəл  осы  жолы  өзіне  портфель  алынатынын
сезгендей  жүрегі  алып  ұшады.  Судан  жалма-жан  атып  шықты  да,
тырайған  денесіне  штанын  іле  салып,  мұздай  суда  жаурағанына
қарамастан, үстін кептіруге де қарамай автолавканың келе жатқанын
алдымен  хабарлау  үшін  жалғыз  аяқ  жолменен  аулаға  беттеп  тұра
жүгірді.
Тастардан секіріп, бұталардан атыла жөнелген бала алды-артына
қарайтын  түрі  жоқ,  секіре  алмағанынан  ойқастай  өтіп,  еш  нəрсеге
тоқтамайды. Бұл маңайда өскен бұталар да, шөптер де, мынау жатқан
дөңбек  тастар  да  баланың  ойынша  тегін  емес.  Бұлардың  баланың
өздеріне  назар  аудармай  бара  жатқанына  ренжіп,  аяғынан  қағып
қалуына  болады  ғой.  Магазин  машина  келді!  Мен  саған  кейін
соғамын»,  –  деді  ол  аптығып,  «шөгіп  жатқан  түйеге».  Белуарынан
жерге  сіңіп  кеткен  мына  бір  сарғылт  тасты  ол  осылай  атайтын.
Былайғы  күндері  оның  жанынан  тегін  өтпейтін,  əрдайым  сол
«түйенің»  өркешінен  сипайтын.  Атасы,  өзі  мініп  жүрген  шолақ
мəстегінің жал-құйрығынан «сен осы жерде тұра-тұр, мына шаруаны
бітіріп  алайын»  деп  қалай  сипаса  бұл  да  тас  түйесін  солай


мəпелейтін. Мұның ана бір тасқа қойған аты да қызық: ортан беліне
дейін ағарып келіп, жоғарғы жағы қошқыл қараға айналатын тасты ол
«ерттеулі  ат»  дейтін.  Кейде  үстіне  шығып  алып,  атқа  мініп  бара
жатқандай  мəз  болатын.  Мұның  «қасқыр»  деп  атайтын  тасы  да  бар.
Осы  бір  көк  шулан  тас  жалы  тікірейіп,  қойға  шапқалы  тұрған
қасқырдан  айнымайтын.  Бұл  оған  əрдайым  еңбектеп  барып,  үстіне
қарғып  мінетін.  Ең  жақсы  көретін  мынау  жарқабақтың  басында  енді
өзенге қойып кеткелі тұрғандай асылып қалған тасты бұл «танк» деп
атайтын. Осы танк қазір өзенге қойып кетсе, өзеннің суы бұрынғыдан
да  ақ  көбік  атып,  бұрқырай  жөнелгелі  тұр.  Өзінің  кино  да  көріп
жүрген  танкілері  ылғи  сүйтеді  ғой.  Ағысты  баса  көктеп  тартқаны
қандай  ғажап  десеңізші...  Бала  киноны  сирек  көретін,  сондықтан  да
оның көргенінің барлығы көкірегінде сайрап қала береді. Атасы кейде
таудың  арғы  етегіндегі  совхоздағы  асыл  тұқымды  мал  фермасына
келген  киноға  апаратын,  сонда  осы  танкілердің  талайын  көрген-ді.
Мынау өзен жағасындағы суға қойып кеткелі тұрған танк содан кейін
пайда  болған.  Осы  маңайда  «қайырымды»,  «қатыгез»  тастар  да  бар.
Кейбіреулеріне «ақымақ тас», «айлакер тас» деп те ат қойған.
Өзен  жағасына  өскен  бұта  шөптерге  де  «Сүйкімді»,  «Қорқақ»,
«Батыр», «Ашушақ» деп неше түрлі аттар қоятын. Əсіресе мұның ата
жауы  мынау  тұрған  тікенек  қалуен,  бала  мұнымен  талай  шайқасқан.
Құртамын  деп  талай  рет  белін  үзіп,  тамырын  жұлып  күніне  он
қайтара шабуыл жасағанмен бұл шайқастың шегі болмайтын, ол одан
сайын  өршіп  өсе  беретін.  Мінеки,  мынау  жатқан  шырмауық,  қанша
арам шөп болса да өзі ақылды, гүлдері қандай тамаша. Осы маңайдағы
өсімдіктердің  ішінде  жаңа  шығып  келе  жатқан  күн  шұғыласын
алдымен  құшақ  жайып  қарсы  алатын  осы.  Басқа  өсімдіктерге  ертеңі
не, кеші не, дəнеңеге түсінбейді, оларға бəрібір. Ал шырмауық болса,
мұның  жөні  басқа.  Күннің  шапағы  түсе  бастаса-ақ  көздерін  ашып,
күліп  қоя  береді.  Алдымен  бір  көзін  ашады,  одан  екіншісін,  сөйтіп
бірінен  соң  бірі  қаулап  қоя  береді  де,  бүкіл  гүл  жайнап,  жадырай
жөнеледі.  Ағы,  көкшілі,  сарғышы  самсап  көңіл  қуантып,  көз
тойдырады...  Егер  осылардың  жанында  үн  шығармай  бағып
отырсаңыз, өздері жаңа ғана оянып, бір-бірімен сыбырласып сөйлесіп
жатқан  сияқты.  Бұлардың  осы  сырын  құмырсқаға  дейін  біледі.  Күн
шығысымен, олар осы шырмауықты бойлай, ерсілі-қарсылы жүреді де,
кейде  кілт  тоқтап  қалып,  гүлдердің  өзара  сырласып  жатқанын


тыңдайды.  Мүмкін,  бұлар  өздерінің  түнде  көрген  түсін  бір-біріне
баяндайтын шығар?
 
Күндіз,  бала  түс  таянғанда  мынау  қаулап  өскен  Шыралжынның
ішіне  барып  жатқанды  жақсы  көреді.  Гүл  жармайтын  биік  өсетін
Шыралжын өзінің хош иісіменен бауырына тартады. Бұл бірімен бірі
тамырласпай,  əр  жерде  аудан-аудан  боп  өседі.  Жəне  мұның  маңына
қоныстас  болуға  басқа  өсімдіктің  шамасы  келмейді.  Шыралжын
баланың  нағыз  досы,  əсіресе,  əлденеге  ренжіп  көңілі  жабырқағанда,
ешкімге көрінбей осының ортасына келіп, жасырынып жылап алады.
Мұның  исі  сонау  қалың  қарағайдың  исінен  айнымайды,
шыралжынның ішіне кірсең жып-жылы. Оның үстінде, аспанды анық
көріп  жатасың.  Шалқаңнан  жатып  алып,  көк  аспанның  тұңғиық
теңізін барлап жатқан деген қандай рақат! Алғаш, көзің жасқа толып
кеткенде  дəнеңе  көрмейсің.  Содан  кейін  бұлттар  жылжып  келеді  де,
аспан өрінде сен не ойласаң соның бəрін істейді. Бұлттар бəрін біледі,
сенің қазіргі жабырқау халіңе көңіл айтқандай, бүкіл дүниеден безіп,
қанат  байлап  ұшып  кеткелі  жатқаныңды  ол  да  сезеді.  Осындайда
«ойпыр-ау, бала жоғалып кетті ме, енді қайдан табамыз?» – деп жұрт
абыржып жүрсе, қандай қызық болар еді... Сондықтан жұртты əбігерге
салмай  осылай  жатқаныңды  бұлт  мақұл  көреді  де,  аспан  өріне  неше
түрлі  өрнектер  салып,  қимыл  қозғалыстарымен  қызығына  батырады.
Бұлтта ақыл бар дейтінім сол, – өйткені ол сенің ойыңдағыны табады.
Бір  аудан  бұлт  сол  баяу  қимылының  өзінен  неше  түрлі
ойыншықтардың суретін салады. Əңгіме сол бұлттар салған суреттің
не екенін жіті аңғаруда.
Шыралжынның іші сондай, құлаққа ұрған танадай тыныш. Қанша
биік  болғанмен  сенен  аспанды  жасырмайды.  Шыралжынның  бір
ғажабы хош иісі мен осы мінезі...
Өсімдіктер  туралы  бұл  бала  көп  нəрсе  біледі.  Анау  жайылымда
өсетін  күміс  қылаулы  селеуге  кейде  менсінбей  қарайтын.  Селеу
негізінде  ақымақ  болу  керек.  Басында  ми  жоқ,  нағыз  қалтаң  бастың
өзі.  Оның  басындағы  үпілдірігі  желсіз  күн  көре  алмайды,  үп  етіп
самал  соқса-ақ  солай  қарай  еңкейіп,  мəз  болып  қалады.  Жəне  біреуі
болса  екен-ау,  сол  жайылымдағысының  бəрі  қатаң  бұйрық  алғандай
селеу дегенің безек қағып, ұшарға қанат жоқ, кірерге жер жоқ, əбден
берекелері қашып, жер жастанып, бірінің үстіне бірі құлап жатқаны.


Əттең,  аяғы  жоқ,  аяғы  болса  беті  ауған  жағына  тұра  қашудан
тайынбайды...  Бірақ  бұлар  қу,  осының  бəрін  əдейі  істейді,  найзағай
басылып,  жаңбыр  тоқтасымен  қайтадан  бастарын  көтеріп,  жел  қалай
соқса, солай иіліп-бүгіліп, тұра береді...
Өзімен  бірге  ойнайтын  достары  жоқ  бала  осындай  табиғаттың
ортасында  өзімен  өзі  болып  жүре  беретін.  Жаңа  ғана  көрінген
автолавка  осылардың  бəрінен  қол  үзіп,  тұра  жүгіруге  мəжбүр  етті.
Қанша  дегенмен,  автолавка  саған  мынау  жатқан  тастардан,  айнала
қоршаған өсімдіктерден өзгеше ғой. Автолавкада керек дүниенің бəрі
бар!
Бала  үйге  жақындағанша  қотанның  сырт  жағынан  автолавка  да
аулаға келіп кірді. Бұл жердегі үйлердің есік-терезесі өзенге қараған.
Сол  қорадан  басталатын  жайпауыт  алаң  өзеннің  жиегіне  барып
тоқтайды.  Өзеннің  арғы  беті  жарқабақтанып  кетеді  де,  тау  беттеген
орман  ішіне  жоғалады.  Сондықтан  қотанға  келетін  жол  үйдің
арқалығында.  Егер  бала  жүгіріп  келмегенде,  автолавканың  қораға
кіріп тұрғанын да ешкім байқамайтын еді.
Қазір  еркек  атаулыдан  ешкім  жоқ,  бəрі  де  таңсəріден
шаруаларына  кеткен.  Əйелдер  болса  үйдің  кəкір-шүкірімен
айналысып жатқан. Бала келісіменен:
–  Магазин  машина  келді,  магазин  машина  келді!  –  деп  ашық
есіктерден азан-қазан айқай сала жөнелді.
Əйелдер  абыржып  қалды,  өздерінің  тиын-тебендеп  жинаған
ақшаларын  іздеуге  кірісті.  Бəрі  де  үйлерінен  бірімен  бірі  жарыса
шықты. Ең ар жағы кемпірге дейін:
–  Көрдіңдер  ме,  айналайын,  ең  алдымен  осы  байқайды  бəрін,  –
деп марапаттаған болды.
Мұны  естігенде  бала  осы  автолавканы  өзі  алып  келгендей  мəз-
мəйрам  боп  қалды.  Қазір  бұдан  бақытты  ешкім  жоқ,  өйткені
қуанышты  хабарды  əкелген  өзі.  Міне,  осыларменен  жарыса
қақтығысып,  автолавканың  ашылған  есігінің  алдына  бұл  да  жетті.
Лавкадағы мүлікті көрісімен-ақ əйелдердің баланың бар-жоғымен ісі
болған  жоқ.  Мұны  қайтсін  олар.  Лавкадағы  мүліктерді  көргенде
естері шықты. Небəрі үш-ақ əйел, əжесі, Бекей апай, Бекей апай болса
–  осы  баланың  туған  шешесінің  сіңлісі,  осы  қотандағы  орман
қорықшыларының  бастығы  Оразқұлдың  əйелі.  Үшіншісі  –  орман
жұмысшысы, қолына емшектегі қызын көтере шыққан – Сейдахметтің


келіншегі  Гүлжамал.  Не  бəрі  үш  əйел  болғанмен,  бір  қора  адамдай
ауланы  бастарына  көтерді.  Лавканың  мүліктерін  аударыстыра-
төңкерістіре, бірінен соң бірін жұлқылап, əбден берекесін алып бара
жатқан соң дүкенші «шуламаңдар енді, былай бір тəртіп сақтасаңдар
еді», – деуге мəжбүр болды.
Дегенмен,  мұның  айтқан  уəжі  əйелдерге  онша  əсер  ете  қойған
жоқ, ең алдымен барлығын алатын адамдай бəрі де жаныға ұмтылып,
аздан  соң  таңдай  бастады.  Енді  таңдап  алғанын  қайтарып  беріп
жатыр.  Шетке  шығарып  қойып,  жазып  көріп,  қайта-қайта  өлшеген
болып, бір нəрсені он қайтара сұраумен болды. Біреуі ұнамайды, ана
біреусі  қымбат,  мына  біреусінің  түсі  келіспейді  екен...  Бала
шеткерілеу  тұрған.  Сауданың  берекесі  көрінбейді.  Машинаны  алғаш
көргендей  қуаныш,  алып  ұшқан  жүрек  қайда  кеткен,  осынша  неге
қуанды,  осынша  аптыққаны  несі?  Енді  оның  көз  алдында  автолавка
тек қана əр түрлі қоқырсыған зат тиеп алған қарапайым ғана машина
болып көрінді.
Мына  шуылдақ  əйелдердің  ештеңе  алып  оңдыратын  түрі  жоқ.
Сатушы ренжи бастады. Соншама тау-тасты кезіп, осы қуысқа несіне
келді екен?
Айтқанындай-ақ  болып  шықты.  Əйелдердің  де  аптығы  басылып,
бəрін  көріп-біліп  алған  соң  шаршап  қалғандай-ақ  самарқау  тартты.
Енді бұлар сатушының алдында өзара əр түрлі себеп-дəлелдер айтып,
кешірім сұрағандай сыңай танытады. Ең алдымен ақшаның жоқтығын
бастаған кемпір болды. Тегін дүние жоқ, aқшaң болмаса не алмақсың?
Бекей  апай  болса,  байымен  ақылдаспай  қолға  ілінер  дүние  алуы
неғайбыл. Дүние жүзінде əйел атаулының ішіндегі ең бақытсызы осы
Бекей апай, өйткені өмірі пұшпағы қанамаған, баласы жоқ. Ішіп алған
сайын  Оразқұл  осы  бір  қасіретін  бетіне  басып,  таяқтан  айырмайды.
Мұның  барлығы,  əсіресе,  атасына  ауыр.  Туған  қызының  бұл  халін
көрген  сайын  бір  өліп,  бір  тіріледі.  Бекей  апай  бір-екі  майда-
шүйдемен  қоса  екі  жартылық  арақ  алды.  Мұны  несіне  алғанын  өзі
білсін, бұл арақтың арты өзіне таяқ, кемпір шыдамады:
– Мұның не, бейбақ-ау, өз сорыңа сатып алып тұрмысың? – деді,
сатушыға естіртпей сыздана сыбырлап.
–  Жұмысың  болмасын,  өзім  білем,  –  деп  Бекей  апай  шолақ
қайырды.


–  Жетісерсің,  миғұла,  –  деді  кемпір  табалай  тістене.  Егер  мына
сатушы болмаса Бекей апайды жерден алып жерге салуға даяр. Ойбай,
бұлар бір-бірімен ұрысқанда төбе шашың тік тұрады...
Гүлжамал  өз  жағдайын  айтып,  ақталып  шықты.  Өйткені  ұзамай
Сейдахмет  қалаға  барады,  ақшаның  көбі  қалалы  жерде  жұмсалады
ғой. Сондықтан бұл жерден еш нəрсе алғысы келмей отыр, бар себебі
сол екендігін түсіндірді.
Осылайша  автолавканың  айналасында  болған  хикая  сатушының
айтуына қарағанда, соқыр тиынның саудасы, мың сомның айқай-шуы
боп  шықты.  Əйелдер  үйді-үйіне  тарқады.  Бүйткен  саудасы  құрысын.
Кетіп  бара  жатқан  қатындарға  қарап,  бір  түкірді  де  дүкенші
аударылып,  шашылып  қалған  заттарын  жайғастыра  бастады.  Енді
машинаға  от  беріп,  кетуге  бет  алды.  Осы  сəтте  əлі  селтиіп  тұрған
балаға көзі түсті.
– Əй, қалқан құлақ, саған не керек? Бұл қай тұрысың? – деді ол.
Шынында  да  баланың  құлағы  үріккен  текенің  құлағындай  алдына
қарай еңкіштене біткен екен. Мойны ырғайдай, қауақ бас қара балаға
қызыға  қарап:  –  Бірдеңе  алғың  кеп  тұр  ма,  ей?  Бол  енді  тезірек,
əйтпесе жабамын. Ақшаң бар ма өзіңнің?
Сатушы  баланың  көк  тиыны  жоғын  біліп  тұрса  да,  əдейі  əзіл
араластырып айтып еді, бала оған байсалды:
– Ағай, менің ақшам жоқ қой, – деп басын шайқады.
– Қой, олай деме, сенде ақша бар. Сендер осындағы нағыз ақшалы
қалтаның  өздерісіңдер.  Əшейін  жарымаған  боп  көрінгілерің  келеді.
Анау  қалтаңда  ғой  біраз  ақша  бар,  жасырып  тұрсың  ғой,  ə?  –  деді,
əдейі сенбей тұрған адамша əжуа аралас үнмен.
– Жоқ, көк тиыным жоқ, ағай, – деп бала шын пейілімен жыртық
қалтасын айналдырып көрсетті. (Екінші қалтасын тігіп тастаған екен).
– Е, мына жыртық қалтаңнан ақшаң түсіп қалған екен ғой. Ойнап
жүрген жеріңді барып қара, тауып аларсың.
Екеуі де аз уақыт үнсіз қалды.
–  Сен  кімнің  баласысың,  ей?  Осындағы  Момын  шалдың  баласы
ма едің? – деді тағы да дүкенші. Бала жауап орнына басын ғана изеді.
– Шамасы, немересі боларсың?
– Иə, – деді бала тағы да басын изеп.
– Шешең қайда?
Бала тіл қатпады. Бұл жайлы еш нəрсе айтқысы келмеді.


–  Осы  сенің  шешең  өзінің  қайда  жүргенін  де  сездірмейді-ау,
шынымен білмейсің бе?
– Білмеймін.
– Əкең ше? Оны да білмейсің бе?
Бала үндеген жоқ.
–  Ау,  досым-ау,  сенің  ештеңе  білмегенің  қалай?  –  деді  дүкенші
қуақыланып. – Жарайды ендеше, олай болса амал не, əкел қолыңды, –
деді де бір уыс конфет ұсынды. – Сау бол, енді!
Бала ұялып бата алмады.
–  Мə,  ал  деймін!  Сенімен  ырғасып  тұратын  уақыт  жоқ,  кетуім
керек, шырағым.
Бала  конфетті  қалтасына  салып  алып,  енді  машинаны  шығарып
салу  үшін  ыңғайлана  берді.  Алдымен  барақ  жүнді  Бəлтек  төбетін
шақырды,  бұл  өзі  ертеден  қара  кешке  көлеңкеде  жататын  нағыз
маубас ит. Осы итті ұстап керегі не, көзін жоғалтып атып тастаймын
деп Оразқұл талай ұмтылған, оны атасы: «Əуелі бір қасқыр ит тауып
алайық,  сосын  бір  жаққа  апарып  қаңғыртып  тастап  кетерміз»,  –  деп
сақтап келген. Бəлтектің ит деген аты болмаса, ең ар жағы күніне бір
үруге  ерінетін,  қарны  тойса  жатып  алады  да,  қарны  ашқан  кезде
көрінгенге  құйрығын  бұлғақтатып,  телміреді  де  жүреді.  Оған  өзінің
танитыны  болсын,  танымайтыны  болсын  –  бəрібір.  Тек  телміруден
басқа кəсібі жоқ. Бəлтек деген итіміздің бар қасиеті осы. Кейде əбден
еріккеннен  машинаның  соңынан  жүгіретіні  бар.  Онда  да  көп
ұзамайды,  бір  шама  селтеңдеп  барады  да,  əлденеден  шошынып  үйге
қарай  тұра  қашады.  Мұндай  да  сенімсіз  ит  болады  екен.  Қанша
дегенмен, бала үшін осы итпен жарыса жүгірген рақат. Айналасында
өзімен ойнайтын тірі жан табылмағанда иттің өзі едəуір серік. Жаман
болсын, жақсы болсын, иттің аты ит қой...
Дүкеншінің  көзін  ала  беріп,  бала  Бəлтекке  бір  конфет  тастады.
«Мықты  бол,  біраз  жүгіреміз  əлі!»  –  деді  ол  итке  ескертіп.  Бəлтек
ананы  қағып  салды  да,  тағы  нең  бар  дегендей  қыңсылай  құйрығын
бұлаңдатып  жетіп  келді.  Бала  енді  тағы  бір  конфет  тастауға  бата
алмай  тұр.  Дүкенші  ренжіп  қалуы  мүмкін  ғой.  Өйткені  ол  бір  уыс
конфетті итіңе бер деген жоқ қой.
Дəл  осы  кезде  атасы  көрінді.  Шал  омартаға  кеткен  еді.  О  жақта
жүргенде  үйдің  сыртында  не  болып,  не  қойып  жатқаны  көрінбейді.
Дəл  осы  жолы  автолавка  орнынан  қозғалмай  тұрғанда  келіп  қалғаны


ғажап болды. Бұл да бір сəті түскен іс. Бұлай болмағанда немересіне
портфель алынбайтын еді. Бала үшін дəл осындай олжалы күн болған
емес.
Момын шалды осы маңайдағы салауатты жұрттың барлығы Елпек
Момын дейтін. Қайда барса да мұны танымайтыны жоқ, шал да бəрін
біледі. Елпек атануы шалдың өзінен, өйткені бұл үлкен болсын, кіші
болсын  бəріне  қол  ұшын  беріп,  көмек  көрсетуге  əрдайым  дайын
тұрады. Туыс болсын, көз таныс болсын, істейтіні сол, бəріне дайын,
бəріне  қайырымды,  бəрінің  іші-бауырына  кіріп  тұрады.  Бірақ  мұның
осы  бір  мейірімді  елпек  мінезі  ешуақытта  бағаланып  көрген  емес.
Алтынды тегін шашқан қандай құнсыз болса, мұның еңбегі де сондай
бағасыз.  Момынның  жасындағы  шалдар  ие  болатын  құрмет-ізеттің
бірде-бірін  бұл  адам  баласынан  көрген  емес.  Мұны  елеп,  есіркеп
жатқан ешкім жоқ. Үлкен ас берілсе, той-томалақ болса əсіресе бұғы
əулетінің  белгілі  кісісінің  астары  болса  бар  жұмыстың  басында
Момын  жүреді.  Өйткені  мұның  өзі  де  осы  Бұғы  руынан.  Өзінің
руласының  ас,  құдайыларының  бірде-бірінен  қалып  көрген  емес.
Өзінің  осы  рудан  екендігін  зор  мəртебе,  мақтаныш  санайды.
Мұндайда  мал  сою,  қонақты  қарсы  алып  аттан  түсіру,  көлік
жайғастыру,  шай  қою,  қазан  асу,  су  тасу,  отын  жару  сияқты
жұмыстардың  бəрі  Момынның  мойнында.  Жан-жақтан  соншама
қонақ  жиналған  астардың  тірлігі  аз  бола  ма?  Момынға  не  тапсырса
бəрі  қас  пен  көздің  арасында  бітіп  жатады.  Кейбіреулердей  бұл  қай
шаруадан  болса  да  бас  тартпайды.  Осынша  топырлаған  қонақты
тамақтандыру,  шай  беру  сияқты  жұмыстар  ауылдағы  келін-
кепшіктерді  қанша  əбігерге  салғанмен,  солардың  ортасында  Момын
жүреді. Сондықтан да олар:
– Елпек Момын болмаса, біз түк бітіре алмас едік, – дейтін.
Сонша  жерден  немересін  ертіп  келген  шал  барған  жерінде
самаурын  қойып,  жігіт-желеңнің  жұмысына  өзі  кірісіп  кетеді.
Момыннан басқа біреу болса, мұндай іске қорланып, терісіне сыймас
еді. Ал Момынға бəрібір, шыбын шаққандай көрмейді.
Елпек  Момынның  қонақтарды  осылай  жайғастырып  жүрген
қылығына  ешкім  таңданбайды,  сондықтан  да  ол  өмір  бойы  Елпек
Момын  атанып  келе  жатыр.  Елпек  Момын  атанғанына  өзінен  басқа
ешкім кінəлі емес. Егер біреу «Ақсақал, бала-шағаның ісіне араласып
неңіз  бар,  бұл  елдің  жас  жігіттері  мен  əйелдері  не  бітіреді?»  –  дей


бастаса,  Момын:  «Марқұм,  менің  туысым  еді  (Бұғы  руынан
шыққанның  бəрін  туыс  санайтын,  ас  иесінің  «туыстығы»  осы  келген
қонақтарға қандай болса, бұған да сондай). Олай болса, бұл қызметті
мен  істемегенде  кім  істейді?  Барлығымыздың  түбіміз  бір  ғой.
Əруағыңнан  айналайын,  осы  əулеттің  бəрі  Бұғы  анадан  тарайды  ғой,
ол бізге бір-біріңмен тату, мейірімді болыңдар, бір-біріңді сыйлаңдар,
қолдаңдар, деп кеткен жоқ па?..» – дейтін.
Міне, Елпек Момын шалдың мінез-құлқы, бар болмысы осы.
Үлкен  болсын,  кіші  болсын,  мұнымен  «сен»  деп  сөйлеседі.
Кейбіреулер əзілдеп, өзінің құрдасындай ойнаса да, оған ренжіп қабақ
шытатын шал жоқ. Мұнымен ешкім санаспайды, оған ренжіп жатқан
Момын  жоқ.  Тегінде,  жұрт  құрметтемесе  өзің  кінəлі,  құрметтесін
дейтін  болсаң  кеудеңді  көтеріп,  маңғаз  бас  аяғыңды  деп  бекер
айтпайды ғой. Мұның бəрі Момын шалдың қолынан келмейтін кəсіп.
Өмірде бұл шал бес аспап – ағаш жону, есік-терезе жөндеу, шөп
шабу, күде тұрғызу – əйтəуір қолы тиген шаруаның қай жағы болса да,
тап-тұйнақтай болып шыға келеді. Жас күнінде Момынның тұрғызған
күдесі  өзгеден  оқшау,  тиянақтылығы  сонша,  қанша  нөсер  жаңбыр
жауғанмен  мұның  жиған  шөбі  шірімейді.  Итарқа  етіп  тұрғызған
күдеге  жауын  да  сіңбейді,  қар  да  тұрмайды.  Соғыс  кезінде  еңбек
майданына  барып  Магнитогордың  заводтарының  қабырғасын  қалап,
стахановшы  да  атанды.  Қайтып  келіп,  осы  қорықта  ағаш  үй  салып
алды.  Орман  ісімен  айналысты.  Бұлайынша  қарапайым  жұмысшы
болғанымен  осы  орманды  бағып  отырған  Момын.  Бастық  деген  аты
болмаса, күйеу баласы Оразқұл уақытын көбінесе ел қыдыру, қонаққа
барумен өткізеді. Əлдеқалай үлкен бастықтар келіп қалғанда Оразқұл
бəрін  өзі  бітіріп  отырғандай  орманды  аралатып,  аңға  шығарып,  жік-
жаппар  болып  жүреді.  Қолдағы  аз  ғана  мал  да,  омарта  да  –  бəрінің
тірлігі  Момынның  мойнында.  Ертеден  қара  кешке  дамыл  таппайды.
Жұмыстан қолы босамайды, сөйтіп жүріп, өзін құрметтейтін тірі жан
көрген емес.
Былай,  сырт  пішініне  қарағанның  өзінде  де  Момынның  ақсақал
аталатындай  қауқары  шамалы.  Жұрт  қатарлы  байсалды  жүру,  сес
көрсету, өз орнын табу дегеннен құр алақан. Мұндай мейірімді, аңғал,
ақкөңіл  қауқылдап  тұрған  бала  мінез  адамның  жұрттан  сый-құрмет
күтуі де қиын. Мұндайларды өмір бойы «қайырымды болма, қатыгез
бол, саған керегі осы, қатыгез болсаң ғана халық қатарында жүресің»,


–  деп  қаншама  тоқпақтаса  да  олар  өзгермейді,  сол  қалпында,  сол
қайырым-мейірімнен  қол  үзбей  қала  береді.  Иман  жүзді,  мейірбан
шал  əруақытта  «Саған  не  керек?  Жаның  не  қалайды?  Не  жақсылық
істесем ойыңнан шығам? Айтсаңшы енді өзің? Мен сенің қай кəдеңе
жарармын?» деп əрдайым тіленіп-сұранып тұрғандай.
Осы шеміршексіз май мұрын, үйрек тұмсық, орта бойлы, қағылез
шал ертеден қара кешке балаша домалайды да жүреді.
Құдай бұған жарытып сақал да бермеген. Сақал емес, сайқымазақ.
Шыбын  тайып  жығылардай  жылтыр  иегінде  үш-төрт  сары  қылтанақ
ербиеді. Сақал дегенде бар байлығы сол ғана.
 
Кейде  жол  үстінде  кездесетін  бір  инабатты  ақсақалдар  болады,
олардың  жарау  аттың  үстінде  отырысы  да  маңғаз,  сақал  деген  бір
құшақ,  мол  пішілген  ішік,  елтірі  жаға,  сегіз  өрім  қамшы,  құндыз
бөрік,  қарасаң  көз  тойдырады.  Ер-тұрманының  өзіне  күміс
шаптырған,  оларға  амандаспай,  тағзым  етпей  ешкім  өте  алмайды.
Анадайдан  көрінгеннен  пайғамбар  келе  жатқандай  сес  тастайды.
Сəлем  бермей  көрші!  Момын  болса  сол  о  бастан  Елпек  Момын  боп
туа  салған.  Тек  бар  бойындағы  бір  қасиеті  өзінің  беделін,  өзінің
жасын жұрттың алдында елемеуге, мəн бермеуге бойын əбден үйретіп
алған.  «Бұлай  отырма,  бұл  сөз  сенікі  емес,  неңе  жетісіп  ыржиясың?
Сандалмай отыр. Олай емес, былай емес» – өмірі естіп келе жатқаны
осы.  Сүйтіп  жүріп  Момын  өзін  дүниедегі  бақытты  адамның  бірімін
деп санайды. Кейбір адамдар көбіне науқастан гөрі, мықты боп көріну
үшін,  ақылды  атану  үшін,  жұрттан  артық  саналу  үшін,  соны  арман
етіп,  бар  жігер-қуатын  соған  жұмсап,  дегеніне  жете  алмай  өледі.
(Кімнің ақылды болғысы келмейді, кімнің көрікті болғысы келмейді,
кімнің  атақты  болғысы  келмейді,  кімнің  əділ,  кімнің  қатал,  кімнің
батыл болғысы келмейді дейсіз?..)
Ал Момын болса, мұның бəрінен жұрдай. Ол бір аңқау, кем ақыл,
есуас, – жұрттың бəрі шынында солай ойлайды.
Бұл дүниеде Момын ренжитін бір-ақ нəрсе бар, егер біреудің асы
берілгелі жатса, ағайын жиналып ақылдасқанда Момынды шақырмаса
бітті...  Бұған  ол  қатты  күйзеледі,  өзін-өзі  іштей  жеп  əбігер  болады.
Елемеді деп өкпелейді. Елеген күнде де бұдан ақыл сұрап жатқан тірі
жан жоқ, тек ішінде болса болды. Мұның ойлайтыны ата-бабадан келе
жатқан дəстүр бұзылмаса екен, тұқымдас емеспіз бе, – деген ғана.


Момынның да өз бойына лайық қайғы-қасіреті жетерлік. Сол ішті
жегідей  жеген  қапас  ойдан  шыдамай  кей  түндері  жылап  та  алады.
Оны бөтен көз ешкім көрмейді, біліп жатқан да бөгде адам жоқ.
Бірақ жақындары біледі.
Жаңа  Момын,  немересін  автолавканың  жанында  тұрғанын
көргеннен-ақ  оның  əлденеге  ренжіп  тұрғанын  бірден  сезе  қойды.
Дүкенші  бөтен  адам  болғандықтан  ең  алдымен  шал  соған  беттеді.
Атынан қарғып түсті де, екі қолын ұсынып, ұмтыла берді.
–  Ассалаумағалайкүм,  байекесі,  –  деді  ол  əзіл  араластыра.  –
Қалай, керуеніңіз аман-есен жетті ме, саудаңыз сəтті жүріп жатыр ма?
– деп өзі мəз-мəйрам болып, дүкеншінің қолын қайта-қайта сілкіп, –
көрмегенімізге қаншама заман болды, хош келіпсіз!
Шалдың  бұл  сөзіне  немғұрайлы  күле  қараған  дүкенші,  мұның
тозығы  жеткен  керзі  етігіне,  кемпірі  тіккен  кенеп  дамбалына,  əбден
илеуі  қанған  пенжагіне,  күнге  қақталып  жаңбыр  сіңген  қара  қоңыр
қалпағына көз тастап, Момынға жауап қатты:
–  Керуен  қалпында.  Бай-екесі  өздеріңе  арнайы  келсе,  сендер
орман  аралап,  сай  сағалап  бет-бетіңе  қашып  кетесіңдер,  мұны  қалай
түсінеміз?  Əйелдеріңе  болса,  «бір  тиын  шығарсаңдар  жаның  бірге
шығады»  деп  тапсырасыңдар-ау  шамасы.  Қанша  мүлікті  үйіп-төксең
де көк тиын жұмсайтын сыңайлары жоқ.
–  Айналайын,  айыпқа  бұйырма.  Сенің  келетініңді  білсек  табан
қақпай  отыратын  едік  қой.  Жоққа  жүйрік  жетпейді,  ақшаның  жоғы
рас.  Мына  күзге  қарсы  картошка  сатып,  былай  нетіп,  –  деді  шал
өзінен өзі қысылып.
– Мұндай ертегі маған түсінікті, – деді дүкенші оның сөзін бөліп.
–  Сендер  сияқты  шіріген  байларды  білеміз.  Бүкіл  тауды  билеп
отырсыңдар,  жер  жетеді,  шөп  жетеді.  Қаншама  байлық  сендердің
қолдарыңда. Үш күн жүрсең шегіне шыға алмайтын орман мынау. Мал
ұстайсың ба, ұстайсың? Омартаң бар ма, бар. Тиын шығаруға келгенде
қалтырап қоя бересіңдер. Неге алмайсың мына жібек көрпені? Мына
тігін машинасынан біреу-ақ қалды...
–  Құдайдың  бір  ақына,  шырағым,  ондайға  ақша  жоқ,  –  деді
Момын шал өзін өзі ақтап.
–  Дəл  осы  сөзіңе  сене  қояды  деп  тұрмысың?  Сараңсың,  шалым,
сараңсың. Ақшаны басып жатырсыңдар, қайда жұмсайсыңдар сонда?
– Құдай білер, Бұғы ананың əруағымен ант етемін.


–  Мына  ши  барқыттан  ал  ендеше,  тым  болмаса  бір  дені  сау
шалбар киерсің.
Алар едім, амал қанша, Бұғы ананың əруағы атсын тартынсам...
–  Ой,  сеніменен  сөз  бітпес,  –  деді  дүкенші  қолын  бір  сілтеп.  –
Бекер келген екенмін. Оразқұл қайда?
–  Таңертең  кетіп  еді,  Ақсай  жаққа  беттеді-ау  деймін.  Сондағы
малшыларда шаруасы болса керек.
–  Қонақтап  кеткен  ғой,  шамасы,  –  деді  дүкенші  түсіндім
дегендей.
Қолайсыз үнсіздік басты.
–  Шырағым,  сен  енді  ренжіме,  құда  қаласа  күз  басталысымен
картошкаларымызды сатып... – деді Момын ар жағын айтпай.
– Күзге дейін əлі қанша уақыт бар.
–  Қайтеміз,  енді  ренжіме.  Əйтеуір.  Ал  енді  тəңір  жарылқасын,
үйге кіріп шай ішіп шық.
–  Шай  ішіп  отыруға  келген  жоқпын.  Шаруам  жетерлік,  –  деді
дүкенші.
Ол лавкасының  есігін  жаба  берді  де,  шалдың  қапталында  итінің
құлағынан  ұстап,  машинаның  ізінше  тұра  жүгіруге  дайын  тұрған
оның немересіне көзі түсті.
– Тым болмаса портфель алсайшы, мына баланың оқуға баратын
кезі болған жоқ па? Жасы нешеде өзінің?
Дүкеншінің мына сөзі Момынның ойынан дəл шыққандай болды.
Бұдан бірдеме алып қалмаса, тым өкшелеп бара жатыр. Шынында да
портфель  керек  болғанда  қандай,  немересі  биыл  күзде  мектепке
барады ғой.
–  Мынауың  ақыл  болды-ау,  –  деді  абыржып  қалған  Момын,  –
ойыма  да  келмепті.  Биыл  жетіден  сегізге  шығады  ғой,  бері
жақындашы, қалқам! – деп немересін шақырды.
Шал  қалтасын  қарманып,  жасырып  жүрген  бес  сомдығын
шығарды. Қай заманда қалтасына салғанын өзі де білмейді.
–  Ұста  мынаны,  ей,  қалқан  құлақ!  –  деді  дүкенші  қулана  көзін
қысып,  балаға  портфельді  берді.  –  Енді  оқы,  сауатыңды  ашпасаң  –
мынау атаңмен бірге таудың тағысы болып қала бердім дей бер.
–  Оқығанда  қандай?  Бұл  өзі  пысық,  ақылды,  –  деді  Момын  шал,
қайырып алған тиынын санап жатып.


Қолындағы  судай  жаңа  портфельді  ыңғайсыздана  ұстап  тұрған
немересіне көзі түсіп, өзінің бауырына тартты.
– Міне, сəті түсті деген осы. Күздігүні енді мектепке барасың, –
деді ақырын ғана. Өзінің көн жарғақ боп қалған алақанымен баланың
басынан сипады.
Осы  сəтте  баланың  көмейіне  бірдеңе  кеп  тығылғандай,  жүрегі
алабұртып  кетті.  Атасының  киімдерінің  қоңырсық  исі  мен  тарамыс
боп  қалған  жүдеу  қалпын  сезді.  Пішеннің  исі,  жұмыс  адамының
терінің  исі  мұрын  жарады.  Бұл  дүниеде  баланың  арқа  тұтар,  үміт
күтер, жанашыр бір адамы болса, осы Момын. Атасы баладан жанын
аямайды, үстіне түсіп, елпек қағады да жүреді. Осы бір аңқау – адал,
салауаттылар  Елпек  Момын  атайтын  шал  бұл  баланың  асқар  тауы.
Жұрт не десе о десін, осы домаланған шал өзінің ең бір қадір тұтар,
қайырым күтер атасы. Бəрінен де бары жақсы. Əйтеуір өз атасы ғой.
Бала  дəл  бүгін  осындай  қат-қабат  қуанышқа  ие  болармын  деп
ойлаған жоқ-ты. Күні бүгінге дейін мектеп те ойына кіріп шықпаған.
Бұған  дейін  мектепке  бара  жатқан  балаларды  Ыстықкөлдің
жағалауындағы  ауылдарға  атасымен  барғанда  ғана  көрген.  Ол  таудың
ар  жағында  –  Бұғы  əулетінің  бір  атақты  шалының  асына  барғанда
болған.  Бүгіннен  бастап  бала  портфелінен  айрылған  жоқ,  қуана
мақтанып,  осы  қотандағы  отырған  үйлердің  бəріне  көрсетіп  шықты.
Алдымен  атам  алып  берді  деп,  əжесіне  көрсетті.  Одан  кейін  Бекей
апайға,  Бекей  апайы  портфель  алғанына  қуанып,  баланың  өзін  де
мақтап біраз жерге апарды.
Бекей  апайдың  мұндай  көңілді  кездері  өте  сирек  болады.
Көбінесе  қабағын  қарс  жауып,  томсарады  да  жүреді.  Бұл  бала  туған
немересі  болса  да  жылы  қарап  бауырына  тартпайды.  Өз  қайғысымен
өзі, немересімен ісі де жоқ. «Əттең дүние, баласы болса мұның мінезі
де,  қылығы  да  өзгеше  болар  еді»,  –  дейді  кемпір.  Орталарында
өздерінен  шыққан  жас  иіс  жүрсе  Оразқұл  да  дəл  мұндай  болмас  еді.
Баланың  жүрген  жері  базар,  қуаныш,  береке  емес  пе.  Мүмкін,  онда
Момын шал да дəл мұндай көрінгеннің айдауында жүрмес еді. Момын
шалдың  екі  қызы  болды,  біреуі  осы  Бекей  апай,  екіншісі  баланың
шешесі.  Кіші  қызы  бала  көтермесе  де  өзінің  ішінен  шыққан  шұбар
жылан,  балаңнан  нəресте  көрмеудің  өзі  қасірет.  Осының  барлығын
кемпір айтады, не оймен айтатынын өзі білсін...


Портфелін  Бекей  апайға  көрсеткеннен  кейін  бала  Гүлжамалдың
үйіне қарай беттеді. Гүлжамалдың өзі мен қызына көрсетті де, пішен
шауып  жатқан  Сейдахмет  жаққа  тартты.  Тағы  да  сол  шөгіп  жатқан
«түйе» тастың жанынан зырғып өте шықты. Оның өркешінен сипауға
да  мұршасы  болмады.  Бала  ерттеулі  «ат»,  «қасқыр»  тас,  «танкке  де»
дейін аялдамай, өзенді  жағалап  ит  мұрын  тоғайшығын  жарып  өтетін
жалғыз  аяқ  жолмен  жортып  келеді.  Əне-міне  дегенше  кең  алқап
шабындықтың үстімен Сейдахметке де жетті.
Сейдахмет  бұл  маңда  бүгін  жалғыз  өзі  де.  Атасы  болса  өзі
сыбағасымен Оразқұлға тиесілі жердің шөбін алдақашан шауып алған.
Шауып алу былай тұрсын, əжесімен Бекей апайға жинаттырып арбаға
өзі артып қораға тасып та алған. Бұл сапарда бала шамасы келгенше
атасына  көмектесіп  бірсыпыра  еңбек  сіңірген.  Қазір  сиыр  қораның
жанында  екі  мая  тұр.  Атасы  оны  сондай  тиянақтап  көтерді.  Қара
нөсер  төксе  де  тамшы  тоқтамайды.  Алыстан  қарағанда,  атылатын
арыстанның  жалындай  боп  көрінеді.  Атасының  жыл  сайын  істейтіні
осы.  Оразқұл  өмірі  бір  айыр  шөп  шауып  көрген  емес,  өзі  бастық
болғасын  ба,  барлығын  шалдың  мойнына  артып  қойған.  «Керек
десеңдер  сендерді  көзді  ашып-жұмғанша  жұмыстан  қуып  шығам»,  –
дейді  Оразқұл.  Оның  шал  мен  Сейдахметке  көрсететін  қыры  осы.
Онда да бұл сөзді мас болған кезде айтады. Шалды ол қайдан қусын,
бұл кетсе кім жұмыс істейді? Бұл шалсыз күн көре алар ма? Əсіресе,
күзге  қарағанда  «Ағаш  деген  бетіне  жайылып  кететін  отардағы  қой
емес,  бірақ  бұл  да  солардан  кем  бап  тілемейді.  Егер  өрт  түсе  қалса,
немесе  көктемде  таудан  қар  еріп  сел  қаптап  келе  жатса,  ағаш  деген
жалтарып  тұра  қашатын  жанды  дүние  емес,  сол  тұрған  жерінде  міз
бақпай құриды. Орманшының бағатыны ағаш, мұның əр түбін көздің
қарашығындай  сақтау  керек».  Ал  Сейдахметті  Оразқұл  қуа  алмайды,
өйткені Сейдахмет жуас, көнтерлі, не істе десе соған даяр. Еш нəрсеге
араласпайды,  сөз  жарыстырып  салғыласып  жатқан  ол  жоқ.  Бірақ
соншалықты қарулы, мінезі орнықты болғанмен барып тұрған жалқау,
ұйқыдан  бас  көтермейді.  Мұның  орманшы  болып  жүргені  де  осы
мінезі шығар. Атасының айтуына қарағанда: «Мұндай жігіттер тепсе
темір  үзіп,  совхозда  машина  айдап,  трактормен  жер  жыртады».  Ал
Сейдахмет  болса,  өзінің  бақшасындағы  картошкасын  отауға  да
ерінеді.  Емшектегі  баласын  қолына  алып  жүріп,  бақшаның  бар
жұмысын Гүлжамал бітіреді.


Керекті  шөбін  шауып  алуды  осы  уақытқа  дейін  əкелген  де
Сейдахметтің  өзі.  Алдыңғы  күні  шал  бұған  біраз  ұрысқан,  «Өткен
қыста саған жаным ашыған жоқ, малдарыңа жаным ашыды, сол үшін
ғана шөп бердім. Ал енді биыл да шалдың шапқан шөбінен ауыз тием
дейтін болсаң, онда шыныңды айт, ана шөпті мен-ақ шауып алайын»,
–  деген.  Сөздің  төркінін  аңғарған  Сейдахмет  бүгін  таң  атпай
шалғысын алып тартқан-ды.
Біреудің  жүгіріп  келе  жатқанын  аңғарған  Сейдахмет  етегіне
қолын сүртіп, артына бұрылды.
– Сен не ғып жүрсің, мені біреу іздеп жатыр ма?
–  Жоқ,  менің  портфелім  бар,  міне!  Атам  алып  берді.  Мен  енді
мектепке баратын болдым.
–  Соны  айтуға  жүгіріп  келдің  бе?  –  деп  Сейдахмет  қарқ-қарқ
күлді.  –  Сенің  Момын  атаңның  шылғи  дені  сау  емес,  –  деп,
саусағымен  шекесін  шертті.  –  Сен  де  содан  ұзамапсың.  Қане,  бері
əкеші,  бұл  өзі  қандай  портфель  екен?  –  Ол  портфельді  қолына  алып
əрі-бері  көрді  де,  басын  шайқап,  мазақтай  күліп  қайтып  берді.  –
Айтпақшы, сен қайдағы мектепке барасың? Сенің мектебіңнің өзі қай
жерде еді?
– Қай жердегі несі? Фермадағы мектеп ше?
–  Е,  Желсайдағы  мектепті  айтасың  ба?  –  деді  таңданып
Сейдахмет. – Ол тауды тікелей асып жүргеннің өзінде аз дегенде бес
шақырым.
– Атам өзі күн сайын атпен қатынаймыз деп отыр.
–  Сонда  əрі  апарып  салып,  əрі  алып  қайтып  жүре  ме?  Шал  да
алжыған  екен.  Онан  да  сенімен  бірге  мектепке  өзі  түссеші,  партада
бірге отырып, қол ұстасып шығатын шығарсыңдар. – Сейдахмет шек-
сілесі  қата  күлді.  Момын  шал  мен  немересінің  партада  қатар
отырғанын көзіне елестетіп, өзінен өзі мəз болды.
Бала əлденеге ойланып қалды.
– Менің əшейін əзілім ғой, – деді Сейдахмет.
Ол  көзін  ала  беріп  баланың  тұмсығына  шертіп  қалды  да,  оның
басындағы  кепкасын  тұқырта  төмен  басып  қойды.  Момын  шал
орманшыларға  беретін  кепканы  өзі  киюге  ұялатын.  («Мен  мұндайды
киетін  бастық  па  едім?  Басымдағы  қырғыз  қалпағымды  өлгенше  еш
нəрсеге  айырбастамаспын»).  Жазды  күндері  Момын  шал  жиегін
сатинмен  сырған  атам  заманғы  киіз  қалпағын  киіп  жүреді.  Бұл  «бір


кездердегі» ақ қалпақ. Оның да əбден қыры түсіп, жүн-жүні шыққан.
Қыстыгүні  киетіні  де  қой  терісінен  жасаған  ескі  бөрік.  Орман
жұмысшыларының көкшіл кепкасын немересінің еншісіне берген.
Балаға  Сейдахметтің  осыншама  қуанышты  мазақпен  қарсы
алғаны ұнаған жоқ. Шапкасының күнқағарын жоғары көтерді, жүзінде
едəуір реніш бар. Сейдахмет тағы да мұрнына шерте бергенде басын
тартып алып салқын үнмен:
– Қойсайшы енді.
–  Ойбай,  мынаның  ашуын  қара!  –  деді  күліп  Сейдахмет.  –  Қой,
өкпелеме,  портфелің  шынында  тамаша  екен.  Ал  енді  жалтырат
табаныңды.  Маған  əлі  қаншама  шөп  шабу  керек,  –  деп  баланың
арқасынан қақты.
Сейдахмет алақанына түкіріп алып, қайтадан шалғысына кірісті.
Бала əлгі келген ізіменен баяғы өзінің тас серіктерінің жанымен үйге
қарай  тартты.  Өзінің  бұрынғы  достарына  көңіл  бөлуге  бұ  жолы  да
шамасы келген жоқ. Қанша дегенмен портфельдің жөні басқа.
Бала  өзімен  өзі  сөйлесуге  əбден  еті  үйреніп  алған.  Бұл  жолы
өзімен  өзі  сөйлесуді  қойып,  портфельге  тіл  қатты.  «Сен  оның
айтқанына  сенбе,  менің  атам  Сейдахмет  айтқандай  кісі  емес.  Ол
қулық  дегеніңді  білмейді.  Сосын  жұрттың  бəрі  оны  мазақтайды.
Мазақтайтын себебі: атам қулық-сұмдықтан құр алақан. Ол екеумізді
мектепке  апарып  жүреді.  Сен  мектептің  қай  жерде  екенін  əлі
білмейсің  ғой?  Бұл  жерден  онша  алыс  емес.  Өзім  көрсетемін.  Анау
Қарауыл  таудың  басына  шығып,  дүрбімізбен  көрерміз.  Сосын  мен
саған  өзімнің  ақ  шаңқан  кемемді  көрсетем.  Бірақ  алдымен  сарайға
кіpiп шығу керек. Мен дүрбімді сонда тығып қойғанмын. Оның үстіне
бұзау бағамыз. Сол кезде мен таудың басына шығып, кемені көремін.
Біздің бұзау да өсіп қалды ғой. Ноқтасынан ұстасақ əл бермей сүйрей
жөнеледі.  Осы  кезде  есебін  тауып  анасын  еміп  кетуді  шығарып  жүр.
Біздің  сиыр  оның  шешесі  ғой.  Одан  ешуақытта  сүтін  аямайды.  Сен
бұған  түсінетін  шығарсың?  Ана  деген  баласынан  ешуақытта  еш
нəрсесін аямайды ғой. Ана кішкене қызы бар Гүлжамал солай дейді...
Қазір  сиырды  сауып  болған  соң  біз  екеуміз  бұзау  жаямыз.  Со  кезде
Қарауылдың  басына  шығып,  ақ  шаңқан кемені  көреміз.  Мен  өзімнің
дүрбіммен  дəл  осылай  сөйлесем.  Бүгіннен  бастап  сен,  мен,  дүрбі
үшеуміз боламыз».


Осылай ол үйіне келе жатты. Портфелімен бұлай сөйлескені өзіне
қатты ұнады. Тағы да əңгімесін жалғастырып, өзі туралы портфельдің
білмейтін  жайларын  баяндағысы  келіп  еді,  бірақ  көлденеңнен  келе
жатқан ат тұяғының дыбысы сөзін бөліп жіберді. Ағаштың арасынан
көк ат мінген біреу көрінді. Бұл Оразқұл болып шықты. Үйіне беттеп
келе жатыр. Астындағысы өзінен басқа тірі жанға мінгізбейтін кəдімгі
көкалабас.  Сайлы  ер  тоқым,  сары  жезден  жасалған  үзеңгі,  сылдыр
қағатын сағалдырық пен өмілдірік күмістей жылтырайды.
Оразқұлдың  қалпағы  желкесіне,  қарай  жылжып  кетіпті,  түк
басқан аласа маңдай қызара бөрткен, күннің ыстығы əбден титығына
жеткен  сияқты,  аттың  үстінде  ұйықтап  келеді.  Аудан  əкімдерінің
үлгісіне  еліктеп  тігілген  шибарқыт  китель  ағытылып  кеткен  алқа-
салқа.  Ақ  көйлегі  умаждалып,  белбеуінің  астына  барып  орналасқан.
Əрі  тоқ,  əрі  мас.  Жаңа  ғана  қонақта  болып,  майлы  етке  қарынды
кептеп, шамасы жеткенше қымыз бен араққа басып келе жатыр екен.
Тау 
алқабына 
жазғы 
жайылымға 
шығатын 
қойшылар,
жылқышылар Оразқұлды қонаққа жиі шақыратын. Олардың көбісі көз
көрген дос-жарандар. Бұл шақырыстық да өз есебі жəне бар, Оразқұл
– керек адам. Əсіресе, өздері тауды мекендеп орталыққа үй салуға ойы
барлар  алдымен  Оразқұлды  айналдырады.  Бағып  отырған  малыңды
тастап,  үй  тұрғызуға  керек  дүниені  қайдан  іздерсің?  Ең  керегі  ағаш
емес  пе?  Көз  алдыңда  қалың  орман  тұнып  тұр,  егер  Оразқұлдың
ойынан  шықсаң,  қалаған  жеріңнен  үш-төрт  бөрене  қиып  аласың.
Осылай етіп есебін таппасақ, өмір бойы таудың жықпылдарын аралап,
меншікті үй көрмей мал соңында кетесің...
Құрым  етік  киген  Оразқұл  анда-санда  үзеңгіге  аяғын  бір  тіреп,
қалғып-мүлгіп, дел-сал болып келе жатыр.
Портфелін бұлғақтатып қарсы алдынан бала шыға келгенде оқыс
көріністен Оразқұл шошып кетіп аттың үстінен ұшып түсе жаздады.
–  Оразқұл  аға,  менің  портфелім  бар,  мен  мектепке  баратын
болдым. Міне, портфелімді көрдіңіз бе? – деді.
– Ə, сенің... – деп боқтық айтып жіберген Оразқұл, аттың жүгенін
қармана  берді.  Ұйқы  жеңіп  келе  жатқан  ол  қанталап  кеткен  көзін
ашып, балаға ежірейе қарады.
– Бұ немене, қайдан жүрсің?
– Үйге бара жатырмын. Мына портфелімді жаңа ғана Сейдахмет
ағаға көрсеттім, – деді бала сесі қайтып қалған үнмен.


–  Бар  ендеше,  ойна!  –  деп  бұрқ  ете  қалды  Оразқұл.  Ер  үстінде
теңселген күйі əрі қарай жүре берді.
Мұның  портфелінің  Оразқұлға  керегі  не?  Ата-анасы  тастап
кеткен, өзінің əйелінің немересі боп келетін мұндай қу жетімекті ол
не қылсын. Тағдырдың мұны мазақ еткені аз ба, қасарысқан құдай өз
қанасынан  шыққан  бала  бермеді.  Басқаларға  торайдай  шұбыртып
бергенде, бұған келгенде құдайдың көзі неге жұмулы?
Оразқұл кемсеңдеп көзіне жас алды. Аяныш пен ашу-ыза аралас
алқымына  тығылды.  Бұл  өмірден  ізсіз-түзсіз  кеткенім  бе  деген
пұшайман  ой  зығырданын  қайнатты.  Осы  ашуды  енді  бедеу  қатыны
Бекейден алады, бар бəле содан. Қанша жыл болды, əлі сол бір қысыр
жылан...
«Сені  ме,  сені...»  –  деді  іштей  Оразқұл,  –  жұдырығын  тістене
түйіп.  Жылаған  үнім  шығып  кетпесе  екен,  деп  өзін-өзі  əзер  ұстай,
ентіге  булығады.  Үйге  келісімен  əйелін  қамшының  астына  алары
белгілі. Оның ішкен сайынғы салты осы. Осы бір тоқ мойын өгіз қара
ашу қысқанда хайуан болып кетеді.
Бала  осының  артында  жалғыз  аяқ  жолмен  келе  жатты.  Кенет
Оразқұлдан  көз  жазып  қалғанына  таңқалды.  Ол  өзен  жаққа  атын
бұрып,  түсті  де,  жүгенді  тастай  салып  қалың  қау  шөп  аралас
шатбұталарды  қақ  жарып  жүріп  кетті.  Құларман  теңселіп  зорға
барады.  Мойнын  ішіне  тартып,  екі  қолымен  бетін  басып  алған.
Өзеннің жағасына жетті де жүресінен отыра кетті. Сөйтіп, қосқолдай
алған мұздай суды бетіне себе берді.
Оразқұлдың мына қалпын көріп: «Е, басына күн өтіп кеткен екен
ғой,  мынау  ыстықта»,  –  деп  ойлады  бала.  Ол  Оразқұлдың  еңіреп
өксігін  баса  алмай  отырғанын  сезген  де  жоқ.  Оразқұл  болса  қарсы
алдынан  шыққан  баланың  өз  баласы  болмағанына  ыза-қорлықтан
жылайды.  Тым  болмаса  портфель  алған  баланың  қуанышына  ортақ
боп, адам сияқты бір-екі ауыз жылы сөз айта алмағанына опық жейді.
2
Қарауыл  тауының  басынан  төңірек  түгел  көрінеді.  Етпетінен
жатқан  бала  дүрбіні  көз  алдына  əкеліп,  қарана  бастады.  Мұның
қолындағы  далалық  жерге  арналған  жақсы  дүрбі  болатын-ды.  Бір
кездері  қорықтағы  ұзақ  жылғы  еңбегі  үшін  атасына  сыйға  тартқан.
Шал  болса  бұл  дүрбімен  ісі  болған  жоқ.  «Бұдан  өзімнің  көзім


əлдеқайда артық», – дейтін. Бірақ иесі табылды, немересінің айнымас
ермегіне айналды.
Бұл жолы бала таудың басына дүрбісімен, портфелімен шықты.
Алдымен  көзге  ілінген  дүниенің  барлығы  секіріп,  жылжып,
ойнақшып  кетіп  еді,  енді  барлығы  əйнектің  ауқымына  түсіп,  айқын,
өзінің  қаз-қалпында  көрінді.  Мұның  өзі  қызық  дүние,  бала  осы  бір
тапқан  фокустан  дүрбіні  айырмау  үшін  демін  де  зорға  алады.
Шамалыдан  кейін  оң  жағына  бұра  қарап  еді,  тағы  да  дүние  астаң-
кестең  араласып  кеткендей  болды.  Əйнектің  түбіндегі  бұранданы
қайтадан жылжытып, қалпына келтірді.
Осы  жерден  бəрі  де  көрінеді.  Анау  аспанмен  астасқан  қарлы
шыңдарға дейін көз алдында, ар жағы тұңғиық аспан, қарлы шыңдар
барлық  таулардан  үздік  шығып  алып,  жер  жаһанның  тас  төбесінен
қарайды.  Қарлы  шыңдардың  төменгі  жағы  да  тау.  Солардан
басталатын  қалың  қарағайлы  жыныс  орман  етекке  дейін  жалғасады.
Мына жағыңа қарасаң, күнгей Алатау. Күнгей Алатаудың өңіріне көз
тоқтатар  еш  нəрсе  өспейді.  Тек  жұқалаң  шалғын  шөптер  болмаса,
ағаш  атаулы  жоқ.  Одан  төмен  жатқан  анау  Ыстықкөлге  барып
жалғасатын  аласа  таулардың  жалаң  тастарында  тірліктің  нышаны
сезілмейді. Осы бір жалаңаш жота алқапқа келіп жоғалады да, алқап
Ыстықкөлмен  шектеседі.  Осы  бетте  егіс  даласы,  бау-бақша,  ауылдар
көрінеді...  Мынау  шалқар  егістің  көкшіл  қалпының  кей  жері  жолақ-
жолақ,  сарғая  бастапты.  Орақ  маусымы  жақын  деген  сөз.  Сонау
етектегі машиналар жорғалап келе жатқан тышқандай болып көрінеді.
Ізінше  көтерілген  шаң  тура  қашқан  түлкінің  құйрығындай
бұлаңдайды.  Жердің  сонау  құмдауыт  шегінде  көз  жетер  шамада
көкпеңбек,  айнадай  көл  жатыр.  Ыстықкөліміз  осы.  Шалқар  көл
аспанмен  астасып  кеткен.  Екеуінің  жігі  білінбейді.  Ар  жағы
беймағлұм  жым-жылас  жұмбақ  дүние.  Көлде  ешқандай  қимыл  жоқ,
жайсаң жатқан жалпақ жазира. Жарға соққан толқынның көзге ілінер-
ілінбес ақ көбігі ғана аңғарылғандай болады.
Бала  бұл  жаққа  ұзақ  қарады.  «Ақ  кеме  əлі  көрінбейді,  –  деді  ол
портфельге.  –  Ал  енді  өзіміздің  мектеп  жаққа  тағы  бір  қарап
алайықшы».
Осы таудың арғы етегіндегі қойнау бұл жерден ап-анық көрінеді.
Ұршық  иіріп,  үйдің  іргесінде  отырған  əжейді  де  дүрбі  арқылы  көріп
тұрмын.  Желсай  ойпатында  орман  болмайтын,  əр  жерде  ғана  атам


заманғы  жетім  қарағайлар  көрінеді.  Бір  кездері  бұл  маң  да  орман
болған.  Қазір  оның  орнында  төбесін  шиферлаған  қаз-қатар  мал
қоралары.  Олардың  іргесінде  қарауытып  көрінген  самылтыр  аралас
боқтық.  Бұл  жерде  сүт  фермасының  асыл  тұқымды  жас  малдары
бағылады.  Мал  қораларынан  əудем  жерде  көрінген  еңістен  төмен
қарай  түсетін  шолақ  көше  малшылардың  тұратын  үйлері.  Соның
былайғы  шетінде  сыртынан  қарағанда  тұрғын  үйге  ұқсай  бермейтін
қоңыр  шатырлы  қораш  үй  көрінеді.  Сол  осы  жердегі  төрт  жылдық
мектеп.  Жоғарғы  класта  оқитын  балалар  совхоз  орталығындағы
мектеп  интернатқа  кетеді.  Мына  жымырайған  үйде  жас  балалар
оқиды.
Бір  жолы  тамағы  ауырып  қалғанда  фельдшерге  атасымен  бірге
бала  осында  келген.  Енді  міне,  дүрбіні  соған  бағыттап,  мұржасы
қисайған  осы  бір  сұрықсыз  жаман  үйден  көз  алмайды.
Маңдайшасында жұқа тақтайға қолмен жазылған «Мектеп» деген сөз
бар. Бала əлі хат танымаса да осыдан басқа сөз жазылмағанына іштей
сенеді.  Бұл  дүрбінің  ғажабы  тырнақтай  дүниенің  өзін  айдан  анық
көрсетеді. Ең ар жағы терезе əйнегін желімдеген қағазға дейін, үйдің
сыртқы қабырғасындағы жарық сызыққа дейін, анау бір жағы қисайып
кеткен  кіреберістегі  дəлізге  дейін  көрінеді.
 
Қазір  ол  мектепке  қалай
барғанын,  сол  есіктен  портфель  екеуінің  кіріп  бара  жатқанын  көзіне
елестетті. Əттең, есігі құлыптаулы тұр екен! Дөңбектей қара құлыпқа
көп қарады. Шіркін, сол есіктің ар жағындағы дүние қандай екен?!
Мектептің  бар  болмысын  тəптіштей  қарап  болған  соң  бала
дүрбісін  тағы  да  көл  жаққа  бұрды.  Онда  қаз-қалпы ешқандай өзгеріс
сезілмейді.  Ақ  кеме  əлі  көрінген  жоқ.  Бала  көл  жаққа  арқасын  берді
де,  дүрбісін  жанына  қойып,  таудың  етегіне  қарады,  етекте  көбігі
күмістен ұшқан қылаудай көкке атып жатқан тау өзені, соны жағалай
жалғыз  аяқ  жол  кетеді  де  өзенмен  бірге  шатқалға  кіріп  жоғалады,
өзеннің  арғы  беті  орманды  жарқабақ.  Сантастың  орман  қорығы  осы
жерден  басталады,  тау  шатқалдарына  ұйыса,  биікке  өрмелей  өскен
қалың  қарағай  қарлы  шыңға  иек  артып  барып  тоқтайды.  Сол  иек
артқан  жерде  көбіне  қарағай  өседі.  Жабайы  жартаспен  таласа
тамырласып  кететін  қарағай  сиреп  барып,  кейбіреуі  қалың  қардың
ортасынан нəр-өзек тапқан.
Бала  қорықтағы  үйлерді,  сарайды,  қора-қопсыларды  бүгін
көргендей  күле  қарайды.  Жоғарыдан  көз  тастағанда  бəрі  де  аласа,


жермен-жексен  боп  көрінеді  екен.  Əне,  үйлерден  сəл  əріректе  өзен
жағасындағы  өзінің  достарына  көзі  түсті.  «Түйе»,  «қасқыр»,  «танк»,
«ерттеулі  ат»,  –  бəр-бəрі  қаз  қалпында.  Ең  алғаш  рет  осы  Қарауыл
таудың  басынан  дүрбімен  қарағанда,  осы  аттарды  осы  жерде  отырып
тапқан.
Бала өзінен өзі  мəз  болып,  орнынан  тұрды  да,  қора  жаққа  қарай
тас  лақтырды.  Бірақ  ол  қораға  жетпейді  екен,  өзі  тұрған  жерден  көп
ұзамай  таудың  етегінде қалды.  Орнына  қайта  отырды  да,  енді  аулаға
дүрбімен қарады. Алдымен үлкен əйнегі мен кіші əйнек арқылы қарап
еді,  үйлердің  бəрі  ұзаққа  кетіп  қалды  да,  бəрі  де  кішкене-кішкене
ойыншыққа  айналды.  Жаңағы  «қасқыры»  да,  «түйесі»  де,  бармақ
басындай тасқа айналды. Атасы қалап берген тоғанның алақандай боп
көрінгені сонша тап осы тұрғысында одан құмырсқа да кешіп өтетін
шығар. Бала мəз боп басын шайқап күле берді. Енді қайтадан əйнектің
кішкентай жағымен қарады. Əлгі өзінің «түйесі», «қасқыры», «танкі»,
«ерттеулі аты» бəрі де орнынан тұрып, сілкініп шыға келді де, дүрбі
əйнегіне  кеп  тіреліп  тұра  қалды.  Əсіресе,  танктың  дақ  түскен  жері
дөңгелегінің  бедеріне  дейін  анық  көрінді.  Бұл  танк  өте  тамаша,
жылжымай  тұрғаны  болмаса,  өзінің  кинода  көргенінен  айнымайды.
Əне, «қасқырды» қарашы, ол да айнымайтын – өзі.
Бұлардан сəл əрірек қиыршық қайырға атасы қалап берген тоған,
қазір  осы  жерден  тамаша  көрінеді.  Осындағы  жайпауыт  қайраңды
жанай  өтетін  өзеннің  ағысына  бұл  жерде  көз  ілеспейді.  Қиыршық
қайырға ағыстан ауысар судың тереңдігі тізеден-ақ келеді. Бұл тұстан
өткесін  арнасына  түсіп  алып  жұлқына  жөнеледі.  Бірақ  саяз  жерінің
ағысының  қаттылығы  сонша  мына  сияқты  балаларды  қаңбақтай
ұшырып  кетеді.  Ағыс  алып  кетпес  үшін  бала  жағада  өскен  құба
талдардың бұтағына жармасып суға түсетін. Содан жібермей отырып
ап,  сүңгіп-сүңгіп  алады.  Бірақ  бүйтіп  суға  түскені  құрсын.  Бұтаққа
жабысып  отырып  адам  суға  түсіп  оңа  ма,  бұл  да  бір  қалаған  шөбін
жей алмайтын арқандаулы ат сияқты дүние. Ол ол ма, осы əдетің үшін
қанша сөз естисің. Əжем «осыдан суға кетіп қалсам, өз обалың өзіңе,
құдай  бар,  сені  жоқтап  іздейтін  мен  жоқ,  туған  əке-шешесіне  керек
болмаған, бұл кімге керек, маған осы үйдің боқтығы да жетіп жатыр»
– деп атасына талай ұрысқан.
Бұған  не  дерсің?  Қария  адам  мүмкін  дұрыс  айтатын  да  шығар.
Бірақ балаға да жаның ашиды. Мынадай мөлдір су көз алдында ағып


жатқанда  ол  қалай  шыдасын.  Кемпір  қанша  қорқытса  да  бала  есебін
тауып  суға  түсуін  қойған  жоқ.  Содан  кейін  барып,  Момын  шал
немересіне  арнап  тоған  қалай  бастады.  Өйткені,  жалғыз  қуанышы,
осы бір бала. Тым болмаса суға түскенде қамсыз, қауіпсіз болсын деді.
Момын шал ағыс жығып кетпесін деп тастардың да ірісін тасып,
қаншама машақатқа түсті. Сүйек шаққан мұздай судың ішінде ертеден
қара кешке тас қалаумен болды. Жəне олардың арасынан су өтетіндей
біріне  бірін  сүйестіре  саңлау  тастап  отырды.  Домаланған  бір  уыс
сонша қайратты қайдан табатынына қайран қаласың. Жейдесі мен бөз
дамбалы  тəніне  жабысып,  кешке  дейін  судан  шыққан  жоқ.  Шай
үстінде шалдың ауырып қалғаны байқалды, қайта-қайта жөтеліп, белі
көтертпей жатып қалды. Мұны көрген кемпір ашуға басты. «Мынаны,
есуас, ақылы жоқ бала дейік, сен сақалды сайтанға не жоқ? Албасты
басып  мұздай  судың  ішінде  кешке  дейін  нең  бар  еді?  Осы  баланы
асырап,  сақтағанымыз  аз  ба?  Не  айтса  осының  жетегінде  жүресің.
Немене,  бұл  сенің  басыңа  көк  тас  қоя  ма?  Ертең  буыны  бекіп,
бұғанасы қатқасын əйт шу, қара құйрық деп тартып береді, түбімізге
əлі осы жетеді.
Кемпір  не  десе  о  десін,  өзенге  салынған  тоған  тамаша  болып
шықты.  Бала  енді  еш  нəрседен  қорықпай,  суға  еркін  шомылды.
Жағалаудағы бұтақтардан ұстап, ағысқа еркін түседі де тоғанға дейін
ағып келеді. Сүңгігенде де көзін ашып сүңгиді. Көзін ашып сүңгитін
себебі,  балықтар  да  көзі  ашық  жүзеді  ғой.  Бұл  баланың  қиялы  да,
арманы да қызық. Кейде балық боп кеткісі келеді. Шіркін, балық боп
жүзгенге не жетсін дейді.
Қазір дүрбімен сол тоғанына қарап отырған бала көйлек-штанын
шешіп, мұздай суға тітіркене барып қойып кеткенін көзіне елестетті.
Тау  өзендерінің  суы  салқын  болатын  əдеті  ғой,  бір  сүңгіп  алғаннан
кейін  барып  бойың  үйренеді.  Міне,  құба  талдың  бұтағынан  ұстап
ағысқа  күмп  берді.  Етпетіңнен  жатқанда  асты-үстіңнен,  құлағыңның
түбінен  шулай,  тұла  бойыңды  қытықтай  аққан  су  қызық.  Судың
астында  жатқанда  ешқандай  дыбыс  естілмейді.  Тек  қана  ағыстың
күміс сылдыры еміс-еміс құлағыңа келеді. Енді көзін барынша ашып,
жан-жағына  су  астының  тірлігіне  зерлей  қарады.  Көзі  əлденеден
қышып,  ашығандай  болды.  Оған  мəн  берген  жоқ.  Қайта  масаттана
күліп  судың  астында  жатып  кемпірге  тілін  шығарды.  Кемпір  мұның
суға кетпейтінін, дəнеңеден қорықпайтынын көрсін. Осы кезде ұстап


жатқан  талшығын  жіберіп  қалғанда  ағыс  мұны  домалатып  айдай
жөнелді  де  тоғанына  бір-ақ  əкелді.  Бұл  жерде  демі  де  бітеді.  Содан
судан  атып  тұрып  қайтадан  жағаға  шығып,  жүгіріп  барады  да  əлгі
талдан  ұстап  қайтадан  суға  түсіп  тоғанға  дейін  көзін  ашып  сүңгіп
барады.  Бұл  күніне,  атасының  осы  арнайы  қалап  берген  ғажайып
тоғанында  жүз  қайтара  суға  түсуге  даяр.  Қысқасы,  қашан  балыққа
айналғанша сүңги бергісі келеді. Қайткен күнде де балыққа айналудан
басқа арманы жоқ сияқты...
Өзен  жағасына  қарап  отырған  бала  енді  дүрбісін  аула  ішіне
бұрды.  Балапандарын  еріткен  түйе  тауықтар,  жаңғырыққа  сүйеулі
балта,  түтіндеп  жатқан  самауыр,  əр  жерде  жатқан  айыр,  күрек
соншалықты  үлкен,  соншалықты  жақын  боп  көрінеді,  бала  қалай
қолын  созғанын  да  байқамай  қалды.  Ойбай,  масқараның  əкесі  енді
шықты.  Көз  алдында  түйедей  болып  көрінген  арамқатқыр  тарғыл
бұзау жаюлы көйлекті шайнап тұр. Рахаттанғандығы сонша, екі көзін
жұмып-жұмып алады, езуінен сілекей шұбырады. Екі ұртын толтырып
күйсеп тұрғаны кемпірдің көйлегі.
–  Ой,  арам  қатқыр  ақымақ,  –  бала  дүрбісін  көзінен  алмастан
орнынан  тұрып  бұзауды  айдағандай  қолын  ербеңдетеді.  –  Естіп
тұрмысың,  əрі,  əрі  кет  деймін.  Бəлтек,  Бəлтек,  қайдасың?  (Дүрбіде
көрінген  үйдің  көлеңкесінде  маңқиып  жатқан  Бəлтектің  онымен  ісі
болған жоқ.) Айтақ, айтақ! – деді бала жан ұшырып итке.
Бəлтек  оның  бұл  бұйрығына  селт  етпеді.  Сол  күйі  былқ  етпей
жата берді.
Дəл  осы  сəтте  кемпір  үйден  шықты.  Бұзаудың  тірлігіне  көзі
түскенде, мынау не сұмдық дегендей бетін бір шымшыды да, шеңгел
сыпырғышты  ала  жүгірді.  Тұра  қашқан  бұзауды  кемпір  қуа  жөнелді.
Дүрбісін көзінен алмай, бала отыра қалды. Бəрібір таудың басындағы
бұл  кемпірге  көрінбейді.  Бұзауды  айдап  салып,  кемпір  неше  түрлі
қарғысты  боратып,  ашуға  булыға  үйге  қарай  жұлынып  келеді.  Бала
бəрін көріп отыр. Даусын естімесе де аузының қимылынан өзіне таныс
қарғыстардың  қардай  жауып  бара  жатқанын  сезді.  Дүрбінің  əйнегін
тек  қана  кемпірге  бұрып,  əлгі  кинода  бірінші  план  деп  аталатындай
əжесінің бар жүзін анық көріп отыр. Ол оның ашуланғанда жұмылып
кететін  шегір  көзіне  дейін  көрді.  Кемпірдің  əжімді беті, тұлайланып
қабарып  барады.  Кейде  бір  кинода  дыбыс  жоғалып  кетіп,  тек  қана
аузы  жыбырлайтыны  бар  ғой,  қазір  дүрбідегі  кемпірдің  бет-аузы  да


дəл сондай. Аузын ашқанда, анда-санда қисық-қыңырая біткен сирек
тістеріне  дейін  көрінеді.  Əрине,  бұл  жерге  даусы  естілмеген  соң  не
айтып,  не  қойып  бара  жатқаны  өзгеге  беймағлұм  болғанымен,  бала
бəрін  біліп  отыр.  Кемпірдің  сол  бара  жатқандағы  сөзі  бұған
құлағының  түбіне  сыбырлап  айтқаннан  да  айқын  естіледі.  Уай,  бір
қарғап  бергенде,  жаның  түршігеді  ғой.  Бала  оны  жатқа  біледі.  «Қап,
саспай  тұра  тұр  жетпегір...  Осыдан  көзіме  бір  көрінерсің,  сені  ме,
сені...  жер  жастандырармын,  сенің  ана  алжыған  атаңның  да  сазасын
беремін.  Көзін  құрт,  осы  бір  шайтан  көз  теміріңнің  деп  қаншама
зарладым,  ол  алжыған,  қақбастың  миына  кіре  ме?  Тағы  да  тауға
шығып  кеткен  ғой,  жүгермек.  Жер  жұтқырды  кемемен  қоса  неге
жұтпайды екен? Сонда көзім ашылар еді, жуадай солғырдан».
Таудың  басында  отырған  бала  ауыр  күрсінді.  Қырсық  қылғандай
портфель алған күні болған оқиғаны қараңызшы. Бұл ертең мектепке
баруды арман қып отырғанда, бұзаудың қайда кеткенін білмей қапты...
Кемпір басылар емес. Сол баяғы қарғысын қардай боратып, бұзау
жалмаған  көйлегін  қарап  тұр.  Ар  жағынан  қызын  көтеріп  Гүлжамал
шықты.  Оған  да  өзінің  мұңын  шағып,  бұрынғыдан  да  қатты  кетіп
жатыр.  Тау  жаққа  жұдырығын  түйіп,  сұс  көрсетіп  қояды.  Оның  еті
қашқан қара жұдырығы дүрбінің көз əйнегіне алдынан əрі бір, бері бір
өтеді.  «Тапқан  екенсің  ермекті.  Сенің  сол  кемеңді  неге  жер
жұтпайды, неге барлығы қырылып өртенбейді осы дүниенің?»
Ауланың ішіндегі самауыр бұрқылдап қайнап тұр. Дүрбіден оның
бұрқыраған  буы  айқын  көрінеді.  Самауырға  Бекей  апай  шықты.  Ол
шығысымен  кемпір  ашуға  қайта  басты.  Жаңағы  шайналған  көйлегін
көрсетіп  «көрдің  бе  мына  немереңнің  маған  жасаған  жақсылығын»
дегендей Бекей апайдың бетіне баса жаздады.
Бекей апай бірдеңелер айтып жұбатқан болып жатыр. Бала оның
не айтқанына да түсініп отыр. Мұндай жұбатып, ара түсудің талайын
көрген. «Сабыр етші, əжесі, баланың аты бала емес пе, одан қазір не
күтесің,  ертеден  қара  кешке  жалғыздан-жалғыз,  бірге  ойнайтын  тірі
жан жоқ, іші пысады ғой. Сонша жер-дүниені көшіріп керегі не? Жас
баланың жүрегіне қаяу салып қайтесің!»
Оның бұл жұбатуына кемпірдің айтатын сөздері де белгілі. «Сен
маған жөн-жоба көрсетпей-ақ қой. Мықты болсаң алдымен өзің бала
ту. Баладан не кетіп, не қоятыңды сонда білесің. Ана таудың басында
не  бітіріп  отыр?  Бұзауды  арқандай  салумен  ісі  жоқ.  Не  көріп,  несіне


жетісіп  отыр?  Жүгенсіз  кеткен  əке-шешесін  іздеп  отыр  ма?  Туды,
тастады,  кеткен  жоқ  па  көргенсіздер  бет-бетімен?!  Сен  қураған
жатырдың ақыл айтудан басқаға шамаң келмейді»...
Осы  жерден-ақ  бала,  Бекей  апайдың  қаны  қашып,  сұрланып,
ашуға булығып бара жатқанын көріп отыр. Ерні дірілдеп, жүзі қуарып
барады.  Бұл  жолы  Бекейдің  не  айтатынын  да  біледі,  ол  да  өгей
шешесін  аямайды.  «Əй,  осы  сен  кəрі  жалмауыз,  неше  ұл,  неше  қыз
өсіріп желпілдетіп отыр едің? Жұртқа міндетситіндей кімсің өзің? »
Ал  енді  басталды!..  Кемпір  мына  сөзден  кейін  зарлай  жөнелді.
Гүлжамал  араға  түсіп,  кемпірді  құшақтап,  жұбатқан  болады,  үйіне
қарай сүйресе, кемпір одан сайын шаптығып, ауланың ішін азан-қазан
басына  көтерді.  Бекей  апай  қайнаған  самауырды  алып  төгіп-шашқан
күйі  үйіне  жүгіре  басып  жоғалды.  Əбден  долылықтан  титықтаған
кемпір есіктің алдындағы ағаштың үстіне отыра кетті. Дүние жүзінің
бəрін  түгел  қарғай,  тағдырына  лағынет  айтып,  зар  қағады.  Енді  бала
жайына қалды. Барлық қарғыс, барлық балағат сөз жаратқан құдайдың
еншісіне  тиіп  жатыр.  «Сен  менің  көзіме  шұқыдың-ау,  сен  кімсің
дедің-ау? Əй, мұның өзі кім еді сонда? – деді кемпір өгей қызына қыр
көрсете. – Егер мені құдай қарғап, бес баламды сəбиінде жер алмаса,
маңдайымдағы  жалғызым  он  сегіз  жаста  оққа  ұшпаса,  айналып
кетейін,  иманды  болғыр  шалым  Тайғара  қойдың  соңында  боранға
ұшып  өлмесе,  мен  мына  сендер  сияқты  тоғайдың  жабайы
хайуанаттарының арасында болар ма едім?.. Немене, мен сен сияқты
өмірі  пұшпағы  қанамаған,  шикі  өкпе  көрмеген  бедеу  деймісің?
Қартайған  шағымда  сенің  анау  есуас  əкеңмен  қай  бір  жетіскенімнен
отыр дейсің. О, қу құдай, осынша зар жылататын, мен саған не жазып
едім».
Бала  дүрбіні  көзінен  алып,  мұңайып,  əлдебір  құлазыған  кейіпте
сұлық отырып қалды.
«Енді үйге қайтып барамыз? – деді ол жайымен ғана портфельге,
–  осы  айқайдың  барлығы  мен  үшін  болып  жатыр.  Оның  үстіне  мына
ақымақ бұзаудың қырсығы қосылды. Сенен де бар-ау, дүрбі шырағым,
əрдайым  ақ  кемені  көрейік  деп  осы  жерге  əкелетін  сен.  Бүгінгі
бүлікке сен де кінəлісің».
Бала  жан-жағына  қарады.  Айнала  тау,  жартас,  мылқау
мызғымайтын  дүние  орман.  Анау  көк  жалтыр,  қарлы  мұз  тарау-тарау
болып, жыландай жылжып төмен аққан жылғалар бас қосып тек бері


қарай  жақындағанда  үн  шалып,  мəңгі-бақи  шулап  аққан  өзен.  Тау
дегеніңізде  шек  жоқ,  əлі  ұйқыда  жатқан  алыптай  меңіреу.  Бала  осы
сəтте  өзін  мүлде  бір  қорғансыз,  бейшара,  көзге  ілінбес  мүсəпір
сезінді.  Қол  ұшын  берер  кім  бар,  жападан-жалғыз.  Іргелес  маңғаз
таулар олардың ортасында тырнақтай жалғыз өзі.
Көлдің арғы жиегіне батып бара жатқан, күн, кеш құрым салқын
тартты. Шығыс жақтағы жоталардан аласа көлеңке түсе бастады. Күн
еңкейген сайын көлеңке де төмен жылжиды. Былайғы күндері тап осы
сəттері Ыстықкөлде ақ кеме көрінетін.
Бала  дүрбісін  көз  жетеді-ау  деген  жаққа  бағыштап,  демін  ішіне
тартып,  бір  сəт  қадалып  қалды.  Əне,  əне!  Енді  дүниенің  бəрі  ұмыт
болды. Көрдің бе, сызып келеді, анау бара жатқан Ыстықкөлдің айдын
төсіндегі ақ кеменің бері шыға бергенін қарашы. Əнеки, əне! Дəл өзі,
үсті қаз-қатар мұржа сияқты, көрдің бе, жүрісін-ай шіркіннің! Қандай
тамаша!  Оқтай  түзу,  алған  бағытынан  қайтпай  жүзіп  барады.  Бала
дүрбінің  əйнегін  көйлегінің  етегімен  бір  сүртіп,  өзінше  жөндеген
болды. Пароходтың бар болмысы, бұрынғыдан да айқын көрінді. Енді
толқын үстінде теңселіп бара жатқаны да айқын сезіледі. Ізінде қалып
бара  жатқан  ақ  көбік  те  көзге  шалынады.  Бала  ақ  кемеге  бар
ынтасымен  үздіге  қарайды.  Əттең,  дүние!  Шамасы  келсе  осы  ақ
кемені  бермен  –  өзіне  қарай  жүз  дер  еді.  Ол  бері  қарай  келсе,
үстіндегі адамдарды да көріп, қанша рахатқа батар еді. Не пайда, кеме
баланың  бұл  арманын  қайдан  білсін.  Ол  сол  өзінің  баяу,  байсалды
қалпымен,  алған  бағытында  кетіп  бара  жатыр.  Қайдан  шығып,  қайда
бара жатқаны беймағлұм.
Кеме  де  баланың  көз  алдында  ұзақ  жүзді,  осыған  орай  бала  да
өзінің  балыққа  айналып,  ақ  кемеге  қалай  жүзіп  баруының  жолдарын
ойланды...
Осы  Қарауылдың  басынан  жалқын-жасыл  Ыстықкөлдің  үстінде
жүзіп  бара  жатқан  таңғажайып  ақ  шаңқан  кемені  алғаш  көргенде
жүрегі  алабұртып  кеткен-ді.  Əкесінің  Ыстықкөлде  матрос  дегенін
естіген  бала  оны  дəл  осы  кемеде  істейді  дегенге  өзін  іштей  берік
сендіріп  алған.  Солай  болса  екен  деген  сəби  сенімнен  айрылмауға
берік бел буған.
Əкесі де, шешесі де баланың есінде жоқ. Өмірінде оларды көрген
де  емес.  Олардың  да  бірде-бірі  мұны  іздеп  келген  жоқ.  Бірақ  бала
əкесінің  Ыстықкөлде  матрос  екенін,  шешесінің  күйеуінен


ажырасқаннан  кейін  баласын  шалдың  қолына  қалдырып,  өзі  қалаға
кеткенін  біледі.  Сол  кеткеннен  хабар-ошарсыз  мол  кетті.  Алыс
қалада, таудың ар жағында, одан кейін көлдің ар жағында тағы бір тау
асқан жақта дегенді естіген.
Момын  атасы  бір  жолы  сол  қалаға  барып  картошка  сатқан.  Бір
жұмадай  жоқ  боп  кетіп  еді,  келген  соң  шайдың  үстінде  Бекей  апай
менен кемпірге сонда қызын көргенін, осы баланың шешесін көргенін
айтқан. Үлкен бір фабрикада тоқымашы болып істейді екен. Жаңадан
үй  болыпты.  Екі  қызы  бар,  олар  бала  бақшасына  баратын  көрінеді.
Аптасына  қыздары  үйлеріне  бір-ақ  рет  келеді  екен.  Зəулім  үйдегі
жалғыз бөлмеде тұрады екен. Бөлмелерінің тарлығы сондай, айналуға
келмейді.  Бəлен  жыл  көрші  отырған  адамдар  базаршылар  сияқты
бірін-бірі танымайды екен. Үйлеріне келсе-ақ есіктерін жауып алады,
бұ не деген тірлік?! Есігін құлыптап та адам өмір сүре ме екен? Оның
түрмеден  айырмасы  қанша.  Күйеуі  қаланың  ішінде  адам  таситын
автобустың  шофері  көрінеді.  Таңғы  төртте  кетіп,  түн  ортасында
оралады. Неткен машақат ауыр жұмыс десеңізші. Қызы жылап-еңіреп
кешірім  сұрапты.  Жаңа  үй  алудың  кезегін  күтіп  жүрміз,  қашан
аларымыз  белгісіз  депті.  Алда-жалда  кеңірек  үйге  қолдары  жетіп
күйеуі  рұқсат  етсе,  баласын  алдырмақ  ойы  бар  екен.  Шалға  əзірше
сендердің  қолдарыңда  бола  тұрсын,  –  деген  екен,  атасы  оған  қам
жемей-ақ  қой,  баланы  ойлай  берме,  ең  алдымен  мына  отбасыңның
бірлігін қамда, қырғи-қабақтан көрген күнің белгілі, қалғанының бір
жөні  болар,  –  депті.  «Көзім  тірісінде  немеремді  ешкімге  бермеймін.
Ал  ертең  көзім  жұмылған  күні  құдай  жар  болсын,  тірі  адам  өзінің
жолын əрдайым табады». Шалдың бұл сөздерін естігенде Бекей апай
да, кемпір де күрсініп, көздеріне жас та алды.
Дəл  осы  күнгі  шайдың  үстінде  баланың  əкесі  туралы  да  əңгіме
қозғалды.  Шалдың  естуінше  мұның  бұрынғы  күйеу  баласы,  баланың
əкесі,  бір  кемеде  матрос  болып  істейді  екен.  Үйлі-баранды  бопты.
Екеу  ме,  үшеу  ме  баласы  бар  дейді.  Пристаньда  тұратын  көрінеді.
Ішуді  тастапты  дейді.  Қазіргі  əйелі  балаларын  жетектеп,  əрдайым
күйеуін қарсы алуға пристаньға барады екен. «Ə, енді түсінікті болды,
– деді бала ішінен. – Олардың қарсы алатыны осы кеме екен ғой...»
Ақ кеме сол жүзген бетімен ұзай берді. Ана басы мен мына басы
ат шаптырым аппақ көрінетін ол көк жалқын көлдің айнадай жалтыр


бетімен,  мұржаларынан  түтін  атып,  бара  жатыр.  Балыққа  айналған
бала оның ізімен қуып келе жатқанын қайдан білсін.
Балыққа  айналуға  ынтызарлығы  сонша,  денесінің  барлығы
балықтан  айнымаса  екен  деп  арман  етеді.  Құйрығы,  желбезегі,
қабыршағы,  қанаты,  –  барлығы  балықтан  айнымай,  тек  қана  қылқан
мойны,  қалқан  құлағы  осы  бір  қауақ  басы  сол  қалпында  қалса  екен
дейді.  Сонымен  бірге  осы  көзі  де  балық  көз  болмай,  орнында  қалса
оңды  болар  еді.  Бірақ  кейде  ашыған  кезде  жұмып,  қалғып  келеді,
кейін  үйренгесін  ол  болмайды  ғой.  Баланың  кірпігі  бұзаудың  кірпігі
сияқты  жиі  жыпылықтап  тұратын  ұзын  кірпік.  Гүлжамал  «шіркін,
сенің  кірпігіңді  менің  қызыма  берсе,  қандай  сұлу  боп  өсер  еді»,  –
дейді. Сұлу боп өскенде не пайда, сұлу жігіт болғанның пайдасы не?
Соның  еш  нəрсеге  керегі  жоқ.  Бұл  балаға  сұлу  көзден  гөрі  судың
астында жұмылмайтын, бəрін анық айқын көретін көз керек.
Бұл  балыққа  атасының  қалап  берген  тоғанының  ішінде  айналуы
шарт.  Көзді  ашып-жұмғанша  балық  болады  да  жалма-жан  тоғаннан
шоршып  шығып,  ақ  жалданып  жатқан  ақ  түтек  ағынға  бір-ақ  қояды.
Ағыстың ығымен тартып бара жатыр. Анда-санда шоршып, су бетіне
шығып  жан-жағына  қарап  қояды.  Өмір  бойы  судың  астында  жүзе
берудің де қызығы болмайды ғой. Міне, ол алысқан екпінімен қызыл
қоңыр  жардың  жанынан  өтіп  бара  жатыр.  Аспалы  көпірден  де  өтеді.
Еңіс  таулар,  жыныс  ормандар,  жайдақ-жайпауыт  жерлер  бəрі  артта
қалады.  Өзінің  сүйікті  достары  дөңбек  тастарымен  де  «Көріскенше
сау бол, түйем, қош болып тұр, қасқырым», сен де аман бол, ерттеулі
атым,  тағы  бір  айналып  соғармын,  танкім»,  –  дейді.  Қорымның
жанынан өте бергенде судың бетінен мойнын созып, атасына қанатын
бұлғап: «Қош бол, ата! Мен ұзамай оралам!» – дейді. Атасы аң-таң, не
қыларын білмей аласұрады. Кемпір, Бекей апай, қызын көтеріп тұрған
Гүлжамал  бұл  не  деген  ғажайып  деп  ауыздары  аққиып  қарап  қала
береді,  өйткөні  олар  басы  адам,  денесі  балық  болған  кісіні  көрген
емес  қой.  Бұл  оларға  қанатын  бұлғап:  «Сау  бола  тұрыңдар,
Ыстықкөлге жүзіп бара жатырмын, ақ кемеге барам, онда менің əкем
матрос  болып  істейді»,  –  дейді.  Бəлтек  бейшара  менің  кетіп  бара
жатқанымды біліп, өзенді жағалай тұра жүгіреді. Ит деген мұндайды
өмірі көрмеген ғой. Егер Бəлтек ақымақтық жасап, суға қарғып түскісі
келсе,  ол  судың  ішінен  айқайлайды.  «Əй,  Бəлтек,  байқа,  суға  кетіп
қаласың»,  –  дейді.  Сөйтіп  өз  жөнімен  жүзіп  кете  барады.  Талай


аспалы  көпірлердің  астынан  өтеді,  өзеннің  екі  бетіндегі  шатқал,
тоғайлар  қала  береді.  Сонымен  небір  ғажайып  бұрылыс,  бұралаң
адуын ағыстармен алыса отырып, бірден Ыстықкөлге келіп түседі.
Ал  Ыстықкөл  дегеніңіз  шалқар  теңіз.  Бұл  жерде  енді  кеңшілік.
Ыстықкөлдің  толқынынан-толқынына  асылып,  еркін  жүзеді.  Алған
бағыты ақ кеме. «Армысың, ақ кеме! Бұл келе жатқан мен ғой! – дейді
ол  кемеге.  –  Сені  дүрбімен  талай  көріп  жүрген  адам  мен
болатынмын».  Кеменің  үстіндегі  адамдар  мынау  не  деген  ғажайып
деп, аңырып қалады. Таңданғаннан жағаларын ұстайды. Сол кезде бұл
өзінің  матрос  əкесіне:  «Ассалаумағалейкүм,  папа!  Мен  сенің
балаңмын  ғой!  Саған  жүзіп  келіп  тұрмын»,  –  дейді.  –  «Қайдағы
баламсың? Өзіңнің басың адам, басқа денең балық қой?» – «Сен əуелі
мені  кемеңе  мінгіз,  содан  кейін  мен  сенің  кəдімгі  балаң  болам».  –
«Мынау  ғажап  екен!  Ал  көрейік  ендеше».  Əкесі  тор  тастап  мұны
судан  аладыдағы,  кеменің  үстіне  шығарады.  Сол  сəтте  ол  өзі  баяғы
қалпына келеді. Ал содан кейін, содан кейін не болады?..
Содан  кейін  кеме  сол  бетімен  жүзе  береді.  Бала  өзінің  барлық
көрген-білгенін,  қандай  өмір  кешкенін  əкесіне  түгел  баяндайды.  Өзі
тұрған таулар, өзінің дос дөңбек тастары, орман қорығындағы адуын
өзен,  атасының  қалап  берген  тоғаны,  со  жерде  қалай  жүзіп
үйренгенін,  сүңгіген  кезде  балықша  көзін  ашып  жүзгенін,  не  керек,
бəр-бəрін баяндайды...
Əрине, Момын атасымен қалай тұрған жағдайын да айтады. Əкесі
Елпек  Момынды  жаман  кісі  деп  ойламасын,  ол  жұрт  айтқандай
ынжық  адам  емес.  Мұндай  ата  ешкімде  жоқ.  Дүние  жүзіндегі  ең
мейірімді,  ақ  жүрек  осының  атасы.  Қулық-сұмдықты  білмейтін
болғасын  ғана  жұрт  мұның  атасын  мазақ  етеді.  Ана  Оразқұл  ағай
болмаса,  жағдайы  оңды  болар  еді.  Шалға  əкіреңдейтін  сол.  Кейде
жұрттың көзінше атайды жер-жебіріне жетіп сөгеді. Атам байғұс оған
қарсыласудың  орнына  барлығын  кешіре  береді.  Оразқұлдың  үй
шаруасына да, ормандағы жұмысына қарайтын да жалғыз менің атам.
Атамды  Оразқұл  малайына  айналдырып  алған.  Ол  –  ол  ма  Оразқұл
мас болып келгенде ол арсыздың бетіне түкірудің орнына атам елпек
қағып, аттың  шаужайынан  ұстап,  аттан  түсіріп,  үйіне,  aпaрып  үстіне
тон жауып, тоңып қалмасын деп жік-жаппар боп жүреді. Содан кейін
аттың  ер-тоқымын  алып,  сылап-сипап,  алдына  шөп  салады.  Соның
бəрі  бала  тумаған  Бекей  апайдың  қырсығынан-ау  деймін.  Папа,


мұнысы  несі?  Адам  туатын  кезде  туып,  тумайтын  кезде  тумаса  ғой,
қандай  жақсы  болар  еді.  Əсіресе,  Оразқұл  Бекей  апайды  сабағанда
атама  сондай  жаным  ашиды.  Бекей  апайдың  орнына  атайдың  өзін
сабағаны  жақсы.  Бекей  апай  таяққа  жығылып,  зар  қағып  жатқанда,
атам  кірерге  жер  таппайды.  Шалдың  қолынан  не  келсін.  Қызын
арашалауға  ұмтылса,  кемпір  шалғайына  жабысып  жібермейді.
«Жұмысың болмасын, өздері өздерімен болып жатыр, сен қақбасқа не
жоқ? Əйел сенікі емес, отыр артыңды қысып» – дейді. «Ойбай-ау, қыз
менікі  ғой»,  –  десе,  кемпір  тұрып:  «Егер  көрші  тұрмай,  басқа  жақта
болсаң қайтер едің? Сонда сонша жерден шауып келіп, арашаға түсер
ме  едің?  Өйтетін  болсаң  сенің  қызыңды  кім  қатын  қып  ұстап
отырады?».
Қазіргі айтып отырған кемпір баяғы біздің əжеміз емес, ол кісіні
сен  білетін  шығарсың,  папа,  бұл  кемпір  басқа,  туған  əжеміз  менің
кішкентай  кезімде  өліп  қалған.  Содан  кейін  осы  кемпір  келді.  Біз
тұрған  жерде  ауа  райы  да  қызық,  бірде  тұман,  бірде  жаңбыр,  бірде
бұршақ,  аумалы-төкпелі  дүние.  Үйдегі  кемпірдің  де  мінезі  сондай.
Кейде мейірімді, кейде қабағынан қар жауып жүреді. Кейде не ойлап
жүргенін  өзің  де  білмейсің.  Ашуланған  кезде  жер-жебіріңе  жетеді.
Атамыз  екеуміз  үн  шығармаймыз».  «Өгейді  қанша  асырасақ  да
өгейлігіне  басады,  одан  жақсылық  күтпе»  –  дейді.  Былайынша
қарағанда  мен  ол  үйге  өгей  емеспін  ғой,  папа.  Мен  кішкентай
күнімнен  атаммен  бірге  тұрам,  өгей  сол  кемпірдің  өзі.  Біздің  үйге
кейін келді ғой? Келе салысымен мені өгей деп атауды шығарды.
Қыстың  күні  қар  деген  сонша  қалың  жауады,  осы  менің
кеңірдегімнен  келеді.  Омбы  қарлар  жал-жал  боп  жатады.  Орманға
барарда  көк  ала  бас  аттан  басқа  бұл  қарды  бұзып  ешкім  жүре
алмайды.  Жел  деген  де  сұмдық  қатты.  Жынданып  соққан  кезде  аяқ-
қолыңды  жерге  тигізбейді.  Мына  көлдегі  толқындардан  сенің  кемең
біресе олай, біресе бұлай шайқалса, осы көлді теңселтіп жатқан біздің
Сантастан  соққан  жел  дей  бер.  Баяғы  бір  заманда  жау  əскері  осы
біздің  жерді  басып  алуға  келіпті  дейді  атам.  Сол  кезде  біздің
Сантастан  соққан  желдің  күштілігі  сондай,  жаулар  аттың  үстінде
отыра  алмапты.  Аттарынан  түсіп,  жаяу  жылжыған  екен,  оған  да
болмапты.  Жел  деген  бет  бақтырмай  қызыл-ала  қанға  бояпты.  Сол
кезде  олар  шамасы  келмей  артына  қарай  бұрылған  екен,  арқадан
соққан адуын жел алды-артына қаратпай осы Ыстықкөлдің жағасынан


бірде-бірін қалдырмай қуып шыққан екен. Көрдің бе, қандай хикаялар
болған.  Ал  біз  болсақ,  сол  желдің  өтінде  тұрамыз.  Бəрі  біз  отырған
жерден  басталады.  Қыс  бойы  өзеннің  арғы  бетінде  орман  бірде
күрсініп,  бірде  теңселіп,  осы  желдің  əсерінен  ызғиды  да  жатады.
Кейде сондай қорқынышты.
Қыстың  күндері  орманда  жұмыс  онша  көп  емес,  адам  да  аз
болады.  Тек  қана  жазды  күні  əрі-бері  көшкен  малшыларды  ғана
көреміз.  Жаздың  күні  жайылымға  кеп  тоқтаған  отар-отар  қой,  үйір-
үйір  жылқы  сондай  тамаша,  менің  бір  қуанышқа  бөленетін  шағым.
Бірақ,  ертеңіне  олар  ары  қарай  тауға  жылжиды.  Олардың  өткінші
болса  да  келіп-кетіп  жүргені  рақат.  Балалары,  əйелдері  бəрі  жүк
машинасымен  келеді,  барлық  мүлкін  киіз  үйлерін  сол  машиналарға
артып  жүреді.  Олар  үйлерін  тіге  бастағаннан-ақ  біз  атамыз  екеуміз
сəлем  беруге  барамыз.  Бəрінің  де  қолын  алып  амандасамыз.  Мен  де
сүйтем.  Жасы  кіші  адам  үлкенге  алдымен  қол  беру  керек,  –  дейді
атам.  Қол  бермеген  адам  жақсы  емес,  ондай  адамды  сыйлауға
болмайды,  –  дейді.  Жəне  оның  үстіне  қол  берген  жеті  адамыңның
біреуі  пайғамбар  болып  шығуы  мүмкін  дейді.  Оның  қолын  алған
үлкен болсын, кіші болсын өмір бойы бақытқа бөленеді дейді. Егер ол
пайғамбар  болса,  біз  қолын  алып  жатқанда  пайғамбармын  деп  неге
айтпайды?  –  деймін  мен.  Атам  бұл  сөзіме  күліп,  ойбай,  қалқам-ай,
пайғамбар ол өзінің пайғамбар екенін білмейді ғой? Қарапайым ғана
адам.  Өзінің  қарақшы  ұры  екенін  тек  қарақшы  ұрылар  ғана  біледі.
Маған  бұл  сөзі  онша  түсінікті  емес.  Мен  кездескен  адамның  бəріне
қол беріп амандасам, бірақ кейде өзімнен-өзім ұялып тұрам.
Жайылымдағы  малшыларға  атаммен  бірге  барғанда,  əрине,
ұялмай қол алыса берем.
«Уа,  ата-бабаның  жайлауына  келген  қадамдарың  қайырлы
болсын, мал-жандарың аман ба, бала-шағаларың сау ма?» – дейді атам
бəріне. Мен үндемей қол ала берем. Атамды бəрі таниды, атам оларды
да  жақсы  біледі.  Өзі  желпініп  рахаттанып  қалады.  Бұлардың  өзара
əңгімелері  бар,  олардың  жай-жапсарын  сұрап,  өзіміздің  де
жағдайымызды  баяндап  жатады.  Ал  мен  малшылардың  балаларымен
не  сөйлесудің  ретін  таба  алмаймын.  Шамалыдан  кейін  тығылыспақ
ойнап,  соғыс  ойнап  мəз  болып  улап-шулап  кетеміз.  Олардан
ажырасқым  келмейді.  Шіркін,  жайлауда  балалармен  ойнаған  қандай
ғажап. Өмір бойы жаз болса ғой, ойын да үзілмес еді.


Біз ойнап жүргенде ошақтағы оттар да лаулайды. От жанған кезде
бүкіл  жайылым  жап-жарық  болып  кетеді  дейсің  бе,  папа-ау,  мүлде
олай  емес,  ошақтың  айналасы  жарық  болғаны  болмаса,  жан-жағы
қараңғыланып кетеді. Осы кездері соғыс ойынын бастап жіберіп, бір-
бірімізді іздеп, бір-бірімізге шабуыл жасап мəз боламыз. Кинодағыдан
айныса  бұйырмасын.  Егер  сен  командир  болсаң,  бұйрығыңды  бəрі
тыңдайды. Шамасы, командирдің командир болғаны рақат-ау.
Содан  кейін  таудың  ар  жағынан  ай  туып  келеді,  айдың
жарығымен  ойнаған  бəрінен  қызық.  Не  пайда  бұл  кезде  атам  мені
алып қайтады. Біз жайылымды аралап, аласа тоғайшықтардың ішімен
келе  жатамыз.  Қойлар  жатқан,  жылқылар  жайылып  жүр  айнала.  Жол
үстінде əлдебіреудің  салған  əнін,  айтқан  өлеңін  естиміз.  Оны  айтып
жатқан  жас  па,  кəрі  ме,  кім  білсін,  атам  сол  кезде  кілт  тоқтап,
«Мінеки, тыңда! Мұндай өлеңді күн сайын естіп жатқан жоқсың», –
дейді. Екеуміз тұра қалып тыңдаймыз. Əннің ырғағына балқып басын
изеп тұрып, атам күрсінеді.
Атам айтады: ілгергі уақытта бір ханның қолына бір хан тұтқынға
түсіпті.  Сонда  тұтқын  ханға  анау  хан:  «Егер  құл  болып  өмір  сүргің
келсе,  осылай  жүре  бересің,  болмаса  ойыңда  не  арманың  бар,  соны
орындайын,  бірақ  артынша  басыңды  алам»  –  депті.  Сонда  тұтқын
ойланып  отырып:  «Құл  болып  тірлік  еткім  келмейді,  онан  да  мені
өлтіргенің  абзал.  Бірақ  өлтірердің  алдында  менің  отанымнан  көзіңе
көрінген бір қойшыны əкел».
– «Оның керегі не саған»?
– «Өлердің алдында соның əнін бір естіп кеткім келеді» – депті.
Атамның  айтуына  қарағанда  өз  халқыңның  əні  үшін  адам  өмірін
қияды  дейді.  Сондай  адамдардың  түрі  қандай  болады  екен,  көрер  ме
еді өздерін? Мүмкін, əн үшін басын беретін адамдар үлкен қалаларда
тұратын шығар?
–  Тыңдағанда  бойың  шымырлап  қоя  береді,  –  дейді  сыбырлап
атам. – Ой алла-ай, неткен ғажайып əн еді!..
Мен атамды сонша аяп, сонша жақсы көретінімді осы күнге дейін
түсінбеймін.  Атам  дегенде  іші-бауырым  елжіреп,  кейде  жылағым
келеді...
 
Ертеңіне-ақ  жайылымда  тірі  жан  қалмайды.  Қойларын  айдап,
жылқыларын  қайырып,  жаз  бойы  тау  беттеп  кете  барады.  Бірақ


олардың ізінше басқа колхоздардан, басқа көштер келіп-кетіп жатады.
Күндіз  олар  жайылымға  көп  аялдамай  өтіп  кетеді  де,  кешқұрым
жеткендері  ғана  тоқтап,  түнеп,  шығады.  Сол  кездері  біз  атамыз
екеуміз ел-жұртқа сəлем беруге аттанамыз. Атам жұртпен амандасуға
сондай  құмар,  бұл  əдетті  мен  содан  үйрендім  ғой.  Мүмкін,  өстіп
жүргенде,  кім  біледі,  осы  жайылымда  пайғамбарға  кездесіп
қалармын...
Қыс түскенде Оразқұл мен Бекей апай қаладағы дəрігерге барады,
сол  дəрігер  бала  туғызатын  дəрі  беріп,  көмектеседі  дейді.  Əжемнің
айтуына қарағанда дəрігерден пайда жоқ, одан да əулиеге барып түнеу
керек,  дейді.  Ол  əулиенің  жатқан  жері  таудың  ар  жағындағы  мақта
егетін  жерде  болса  керек.  Сол  бір  жазықта  тау  да  жоқ,  тас  та  жоқ,
əдейі қолмен қойғандай бір жетім шың бар екен. Оны Сүлеймен тауы
деп  атайды.  Соның  етегіне  барып,  қара  қойды  шалып,  құдайға
жалбарына,  таудың  басына  шыққанша  еңкейіп  мінəжат  ету  керек.
Егер  сенің  көз  жасың,  пейілің  адал  болса,  құдай  тағаланың  рахымы
түсіп,  саған  бала  береді  дейді.  Бекей  апай  сол  тауға  барып,  түнеп
қайтуды арман етеді. Бірақ оған Оразқұл: «Алыс, жердің түбі, қыруар
ақша  керек,  оған  самолетпен  барасың,  самолетке  жеткенше  қанша
жер, оған да ақша керек» – деп ыңғай бермейді.
Олар  қалаға  кеткенде  жалғызсырап  қаламыз.  Бар  болғаны
Сейдахмет ағай, оның əйелі Гүлжамал, кішкентай қызы, сосын мына
біздер.
Кешке  таман  жұмыс  аяғы  басылғанда,  атам  маған  ертек айтады.
Үй  сыртында  көзге  түртсе  көргісіз,  тастай  қараңғы,  сақылдаған  сары
аяз  соғып  тұрады.  Жалаңдаған  үскірік  жел,  ең  биік  деген  таулардың
өзі  мұндай  аязды  түндерде  берекесі  қашып  бүрісіп  пана  іздегендей
біздің үйдің сыртына жақындап қалғандай болады. Шамасы, терезенің
жарығына жиналады-ау деймін. Мен мұндайда бір жағынан қорықсам,
бір  жағынан  қуанам.  Егер  мен  алып  күшті  батыр  болсам,  үстіме
алыптар  киетін  тонымды  киіп  алып  далаға  шығар  едім.  Содан  кейін
бар  даусыммен  тауларға:  «Ей,  таулар!  Мен  мұндамын,  бүрісіп
құттарың қашпасын, мейлі боран соқсын, мейлі дауыл тұрсын, мейлі
бүкіл  əлемді  түнек  бассын,  мен  ешнəрседен  қорықпаймын!  Мен
тұрғанда  сендер  де  қорықпаңдар!  Өз  орындарыңнан  жылжымаңдар.
Немене,  бұл,  біріңе-бірің  тығылысып  бүрісіп  қалғандарың!»  –  дер
едім. Содан кейін алып адыммен жал-жал болып жатқан оппа қардан


аттап, өзеннен бір-ақ қарғып, орманға кірер едім. Ормандағы ағаштар
түннен сұмдық қорқады. Олар жалғыз-жалғыз, бірімен бірі сөйлеспей
тұрады  ғой.  Əсіресе,  осындай  аязда  тоңған  тырдай  жалаңаш  ағаштар
қайда  кетерін  білмейді.  Мен  со  кезде  барлығының  арқасынан  қағып:
қорықпаңдар,  мықты  болыңдар  дер  едім.  Жазды  күні  көктемей
қалатындары болады ғой, шамасы солар аяздан қорыққанынан жүрегі
жарылып кеткен ағаштар болу керек. Өйткені ылғи сондай ағаштарды
кесіп, біздің үй отқа жағады.
Мен  осының  барлығын  атам  ертек  айтып  отырғанда,  ойлаймын.
Атам  ертегісін  ұзақ  айтады.  Ертегісі  əртүрлі  –  əсіресе,  ең  қызығы
бармақтай  бала  Шипалақ  туралы.  Оны  бір  қорқау  қасқыр  өзінің
сорына жұтып жіберген екен, дейді. Жоқ, айтпақшы, оны ең алдымен
жұтқан  түйе.  Бір  күні  Шипалақ  жапырақтың  астында  бүк  түсіп
ұйықтап  қапты.  Жайылып  жүрген  түйе  жаңағы  жапырақты  асағанда
бармақтай  бала  Шипалақ  та  бірге  кетеді.  Түйе  не  жеп,  не  қойғанын
білмейді  деген  сөз  содан  қапты.  Түйенің  ішінде  жатып  Шипалақ  ел-
жұртты  көмекке  шақырып  айқайды  салсын  кеп...  Бармақтай  бала
Шипалақты құтқару үшін шалдар түйені сойып жайратып салады. Ал
енді  қасқырдың  басынан  өткен  хикая  бұдан  да  қырғын...  Қасқырда
ақыл  шамалы  болады  ғой,  сол  ақымақтығының  арқасында  бармақтай
баланы бұл да қағып салады. Содан кейін көрмеген қорлығы жоқ. Ол
былай  болған.  Бір  жолы  қасқыр  жортып  келе  жатып  бармақтай
баланың  үстінен  шығады.  «Жүрмес  жерде  аяққа  оралған  неткен
немесің.  –  Тұрған  жеріңде  қағып  салайын  ба?»  деп  қоқиланыпты.
Қорқатын  Шипалақ  па:  «Менде  жұмысың  болмасын,  қасқыр,  маған
тиетін  болсаң  ит  қып  жіберем  сені»,  –  дейді  қиқарланып.  Қасекең
күліп: «О заманда бұ заман қасқырдың ит болғанын кім көріпті? Осы
қияңқылығың үшін ал кеттің» деп бармақтай баланы жұтып жібереді.
Жұтты  –  бітті.  Бірақ  сол  күннен  бастап,  қасқырдың  көрген  күні
құрысын. Қораға жақындап, енді қойға шабайын деп ұмтыла бергенде,
ішіндегі Шипалақ: «Əй, қойшылар, ұйықтап қалмаңдар! Мен кəдімгі
көк бөрімін қойыңа шапқалы тұрмын» – деп əндете жөнеледі. Қасқыр
əбден сасқанынан əрі-бері домалап екі бүйірін кезек-кезек тістелейді.
Оған  болып  жатқан  Шипалақ  жоқ:  Əй,  қойшылар,  қапы  қалмаңдар.
Ұстап алып менің терімді сылыңдар» – дейді. Мұны естіген қойшылар
сойылдарын  ала  жүгіріп,  қасқырға  ұмтылады.  Қасекең  зытып  береді:
қашып  бара  жатып  «Ал  ұстаңдар»,  –  деп  өзіне-өзі  пəле  шақырған


мұндай қасқыр да болады екен деп олар күлкіден ішек-сілелері қатып
құлай-құлай  кетеді.  Сөйтіп  өзі  өлдім-талдым  дегенде  қойшылардан
əрең  құтылады.  Бүйтіп  құтылғаны  да  құрысын,  қайда  барса  ішіндегі
Шипалақ  пəлеге  ұшыратады  да  жүреді.  Қасқыр  мазаққа  айналды.
Сонымен,  қасекең  аштықтан  бұралып  тек  терісі  мен  сүйегі  ғана
қалады.  Азуын  қайрап  өлерменге  келеді.  Өзінен  өзі  налып:  «Бұл  не
деген  сұмдық?  Басыма  пəле  шақыратынды  қайдан  шығарғанмын?
Əлде  қартайып  алжығаным  ба?»  деп  дал  болады.  Ал  Шипалақ  оның
құлағына сыбырлап: «Тəшметтің қорасына бар, қойы семіз. Байметтің
қорасына  шап,  оның  иті  тас  керең.  Ярматтың  қорасына  бар,  оның
қойшысы ұйықтап жатыр», – дейді. Əл-дəрменнен айырылған қасқыр
ақырында  қыңсылап:  «Еш  жаққа  да  бармаймын,  бұл  қорлықты
көргенше біреудің есігінің алдында ит болғаным артық» – депті.
Папа,  тамаша  ертегі  емес  пе,  қандай  қызық?  Атамның
ертегілерінің  ішінде  қорқыныштысы  да,  қайғылысы  да,  мұңлысы  да
көп-ақ.  Соның  ішінде  менің  ең  жақсы  көретінім:  Мүйізді  Бұғы  ана
туралы  ертегісі.  Ыстықкөлдің  төңірегіндегілердің  барлығы  бұл
ертегіні  білу  керек,  мұны  білмеу  үлкен  күнə  дейді  атам.  Папа,  бұл
ертегіні сен де білетін шығарсың? Осындағының бəрі шындық, болған
оқиға дейді. Бір кездері солай болыпты. Біздің бəріміз де сол Мүйізді
Бұғы  ананың  баласы  көрінеміз.  Мен  де,  сен  де,  əйтеуір  бəріміз  де
содан тараппыз...
Міне, қыстыкүнгі өміріміз осылай өтіп жатады. Қыс дегеннің өзі
ұзақ,  адамды  зеріктіріп  жібереді  ғой.  Атамның  ертегісі  болмаса,
қыстың ұзақ түндерінде адам жынданып кететін шығар.
Ал  жазға  салым  біздің  жер  сондай  тамаша.  Күн  жылына
бастағаннан-ақ  малшылар  тауға  беттейді.  О  кезде  біз  тауда  жалғыз
емеспіз.  Тек  қана  өзеннің  ар  жағында  аулақ  жерлерде  ешкім
болмайды,  ол  қалың  жыныс  орман  ғой.  Орманның  өз  тірлігі  бар.  Біз
сондықтан  да  сол  қалың  орманға  ешкімді  жібермеуге,  одан  ешкім
бірде-бір  бұтақ,  сындырмау  үшін  кіреберісте  отырамыз.  Бізге  тіпті
оқымысты адамдар да келді. Орталарында бір шал, тағы бір жас жігіт,
шалбар  киген  екі  əйел  бар.  Ана  жігіт  оқиды  екен,  бізде  бір  айдай
тұрды.  Шөп,  жапырақ,  сабақ  жинады.  Олардың  айтуына  қарағанда,
Сантастағы  ормандай  орман  дүние  жүзінде  сирек  қалды  дейді.  Тап
осындай орман əлемде  жоқ  көрінеді.  Сондықтан  да  мұның  əрбір түп
ағашын көздің қарашығындай сақтау керек.


Бақсам  атамның  бұл  ағаштарға  соншама  жаны  ашитыны  тегін
емес  екен.  Оразқұл  бір  ағашты  біреуге  кесіп  беріп  жіберсе,  атамның
неге ренжитінін сонда түсіндім.
3
Ақ кеме ұзай берді. Енді дүрбіден оның мұржалары да еміс-еміс
көрінеді.  Ұзамай  көзден  жоғалады-ау.  Енді  бала  əкесінің  кемесіне
барған  хикаяның  соңын  бір  түйінге  келтіру  керек.  Бəрі  жақсы-ақ,
бірақ  аяғын  немей  бітірерін  білмей  отыр.  Ол  қалай  балыққа
айналғасын, есік  алдындағы  өзеннен  қалай  жүзіп  барғанын,  кемемен
қалай  кездескенін,  əкесін  қалай  көргенін  барлығын  тамаша-ақ
келтірді.  Бірақ  оқиғаның  одан  арғы  жағы  жуыспай-ақ  тұр.  Өйткені,
мысал  үшін,  анау  жар  жағалау  көрінді,  кеме  пристаньға  беттеді.
Матростар  жағаға  шығуға  жинала  бастады.  Олардың  бəрі  үйді-үйіне
кетеді,  əкесі  де  үйіне  кету  керек.  Əйелі  мен  екі  баласы  пристаньда
күтіп  жүр.  Енді  қайтпек?  Əкесімен  бірге  бару  керек  пе?  Ол  баланы
ертіп кете ала ма?
Ертіп апарған күнде əйелі мынауың кім? Қайдан келген өзі, бізге
керегі не? – десе не демек. Жоқ. Оған еруге болмайды екен...
Ақ  кеме  тым  ұзап,  енді  көзге  елес  болып  көрініп,  соңғы
қарашыққа  айналды.  Күн  суға  батып  бара  жатқандай.  Дүрбіден
қызылала алаулаған жалын көл бетін жапқанда көз шыдатар емес.
Кеме жоғалды, ғайып болды. Міне, ақ кеме туралы ертегі де бітті.
Енді үйге бару керек.
Бала қасында жатқан портфелін алып, дүрбісін қолтығына қысты.
Тау басынан төмен қарай ойқастай жүгіре жөнелді. Үйге жақындаған
сайын  көңілі  қобалжи  берді.  Бұзау  жалмап  тастаған  көйлекке  жауап
беру  сəті  тұр.  Одан  бəрібір  құтыла  алмайды.  Неге  болса  да  мойын
ұсынып  келеді.  Бала  өз  көңілін  өзі  көтеру  үшін  қолындағы
портфеліне:  «Сен  қорықпай-ақ  қой,  жарайды,  бізге  ұрсатын  шығар.
Мен  бұзауға  əжемнің  көйлегін  шайна  дегенім  жоқ  қой?  Бірақ  оның
қораға қарай қалай кетіп қалғанын байқамаппын. Көп болса мені бір-
екі рет түйгіштер, шыдаймын бəріне. Егер сені менің қолымнан алып
лақтырып  тастаса,  қорықпа,  сен  сынып  қалатын  шыны  емессің,
портфельсің  ғой?  Ал  мына  дүрбі  кемпірдің  қолына  түсе  көрмесін,
онда мұның тас-талқаны шығады. Ең алдымен дүрбіні сарайға апарып
тығамыз, содан кейін үйге кіреміз...» – деді.


Бала  осы  айтқанын  істеді.  Ендігі  бір  азап  табалдырықты  аттап
үйге кіру.
Үйдің іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Қораның ішінде тірі
жан жоқ, барлығы да осы жерден жаңа ғана көшіп кеткендей, мылқау,
тыныштық. Бақса, Бекей апайды байы тағы сабаған екен. Бұ жолы да
Момын  атасы  хайуан  мінез  күйеу  баласынан  қызын  арашалап,
шалғайына  жабысып,  аяғына  жығылып  жалынып-жалпайып,  əбден
шаршаған.  Сорлы  шал  іштен  шыққан  қызының  қанжоса  масқара
қалпына тағы куə болыпты. Əке деген сорлыға өз баласының өзгеден
естіп  жатқан  лағынеті  мен  жеген  таяғын  көру  оңай  ма?!  Қураған
қаншық, қысыр есек, не керек Оразқұлдың аузынан ақ ит шығып, қара
ит  кіріп  жатады.  Жанталасып  есеңгіреген  сорлы  əйел:  «Қай
пейілімнен бұл құдайға күнəһар болдым екен. Жұрттың əйелі қойдай
қоздап  жатады.  Мен  сорлыға  ермек  етер  бір  шикі  өкпе  аядың  ба,
бүйткен тірлігін жер жұтсын. Бездім өмірден, өлтір, жауыз, арманың
сонымен  бітсін»  деп  бүкіл  əлемге  қарғыс  айтып  зар  қаққанда  шал
кірерге жер таппайды...
Момын шал əлі ентігін баса алмай, көзі жұмулы, жүзінде қан-сөл
жоқ, тізесіндегі қолдары діріл қағып, ауыр мұң-шер шегіп отыр екен.
Момын  немересіне  бір  қарады  да  тіл  қатпастан  қайтадан  көзін
жұмды. Кемпір үйде жоқ. Ол Бекей менен Оразқұлды татуластыруға,
сынған  ыдыс-аяқтарды  жинастырып,  көмек  беруге  кетіпті.  Бұл
кемпірдің  мінезі  қызық,  Оразқұл  əйелін  сабап  жатқанда  ара  түсу
былай тұрсын, атасын да жібермейді. Төбелес əбден біткеннен кейін
ақыл айтып, жұбатуға барады. Мұнысына да шүкірлік.
Балаға  бəрінен  де  мына  шал  аянышты.  Осындай  күндері  шал  өзі
өлім  аузынан  қалғандай  болады.  Ешкімге  қарауға  беті  жоқ  адамдай,
бүкіл  əлемнен  қол  үзіп,  меңіреу,  мелшиген  қалпында  бұрышта
отырғаны мынау. Мұндайда не ойлап отырғанын, жаны неге өртеніп,
жүрегі  неге  күйіп  отырғанын  тірі  жанға  айтқан  емес.  Бұл  сəттері
Момын  өзінің  қартайған  зауал  шағын,  еркек  кіндіктіден  жалғыз  ұлы
майданда қаза тапқанын есіне алады. Ол баланы өзінен басқа тірі жан
білмейді,  ескеріп  жатқан  ешкім  жоқ.  Ол  тірі  болса,  мынадай  қор
тірлік, лағынет қамыт болмас па еді! Кім білсін? Өзінің бар қызығын,
қасіретін  ортақ  өткізген  кемпірі  де  дүние  салды.  Қартайғанда  ол  да
жанды  жегідей  жейді.  Бəрі  тағдырдың  ісі  шығар,  бірақ  екі  қызының
бірде-бірі  бақытты  болмады-ау.  Кіші  қызының  баласын  бұған  тастап,


қалаға барғандағы күні анау. Қоралы жанмен аядай бөлмеде итшілеген
өмір.  Екіншісінің  Оразқұлмен  көрген  күні  мынау.  Шал  мұның
жанында болғанынан не пайда, қызы үшін барлық қорлыққа, зорлыққа
шыдап-ақ келеді, бірақ тағдыр бұған ана болып бала қызығын көруді
жазбапты.  Оразқұлмен  қосылғанына  қаншама  жылдар  өтті...  Жар
қызығынан да, үй қызығынан да əбден бойы суыған, амал қанша барар
жер,  басар  тауы  жоқ.  Кəрі  қойдың  жасындай  жасы  қалды.  Ертең  бұл
пəниден көзі жұмылып кетсе, мына бейбақ қызының халі не болмақ?
Бала  кеседе  тұрған  айран  менен  бір  үзім  нанды  жеді  дағы,
терезенің  алдына  барып,  бүрісіп  отыра  кетті.  Шам  да  жаққан  жоқ.
Өзімен өзі болып отырған атасының мазасын алғысы келмеді...
Бала да өз ойымен əуре. Бекей апайдың əумесер адамға арақ беріп
есіртетініне  күні  бүгінге  дейін  түсінбейді.  Өзі  таяқ  жеп  алған  соң,
оның алдына тағы жартылық қояды...
Əй,  Бекей  апай,  кəйтейін  сені.  Талай  рет  байы  өлімші  қылып
сілейтіп  салды,  бəрібір  кешіре  береді.  Момын  атай  да  қарсы  тіс
жарған  емес.  Осыны  неге  сонша  масайрататынына  түсінбеймін.
Мұндай адамға кешірім жасаудың өзі күнə емес пе? Бұл барып тұрған
көргенсіз, дөрекі, қатыгез адам. Тіпті осы үйлерге керегі жоқ мұның,
онсыз да күн көруге болады ғой.
Баланың  ұшқыр  қиялы  Оразқұлды  əділет  жолымен  қалай
айыптауды айқын қолмен ұстағандай көріп отыр. Міне, бəрі жабылып,
тоң мойын, кір жаға, түйенің жарты етіндей хайуан Оразқұлды өзенге
сүйреп  барады.  Аяқ-қолынан  ұстап  тұрды-дағы  өзеннің  қайнар
иіріміне  лақтырып  жіберді.  Енді  Бекей  апай  мен  Момын  атасынан
кешірім  сұрап,  жалынып-жалбарынады.  Өйткені  ол  балық  болып
жүзіп кете алмайды ғой...
Осы  бір  ойлар  баланың  бойын  сергітіп  тастады.  Ол  тіпті  жүзу
білмейтін  Оразқұлдың  тал  қармап,  тасқа  жабысып,  ар  жағында  ағып
бара жатқан ши барқыт қалпағымен ісі болмай жанталасқанын – бəрін
көз алдында көріп тұрғандай мəз болып қалды.
Бірақ  амал  қанша,  баланың  осы  бір  əділ  арманын  ескеріп,  іске
асырып  жатқан  үлкендер  жоқ.  Қайта  қолпаштаумен  келеді.  Оразқұл
үйге  əрдайым  ішіп  келеді,  оны  байқамаған  болып  бəрі  қарсы  алады.
Аттан  түсіріп,  қолтықтап,  марапаттайды.  Əйелі  самауырын  ала
жүгіреді..  Осыны  сағынып  күтіп  отырғандай  бəрі  құрақ  ұшады.  Ол
одан  сайын  шіренеді.  Əуелі  мұңайған  болып  отырады  да  шамалыдан


кейін  жылайды.  Япырау  дүние  не  боп  кеткен!  Былай  қарағанда  адам
санатына  қосылмайтын  тіпті  амандасуға  тұрмайтын  не  бір  ынжық,
есуастардың  баласы  қаншама.  Кейбіреуінде  бесеу,  ал  енді  он  баласы
барды  да  көріп  жүр.  Оразқұл  болса,  соның  қайсысынан  кем  еді?
Соншама  не  жазыпты?  Олардан  қызметі  кем  бе?  Құдайға  шүкір  осы
орманның ең мықтысы өзі. Немене, ол үйсіз-күйсіз жүрген жалаң аяқ
па  еді?  Ең  ар  жағы  үйсіз-күйсіз  цыгандарға  дейін  балаларын
шұбыртып  жүреді.  Оразқұл  көзге  ілінбес  көптің  бір  емес  қой.  Бəрі
бар.  Кімнен  кем.  Мал  десе  мал  жетеді,  астында  ат,  қолында  қамшы,
жұрттың  бəрі  құлшынып  қол  қусырып,  құрметтеп  қарсы  алады.
Өзімен  құрбылас  өскен  адамдар  балаларын  үйлендіріп,  той  жасап
жатады. Ал бұл ше? Баласыз, ұрпақсыз кім болғаны мұның сонда?
Бекей  де  жылап,  еңіреп  жүріп  жаны  қалмай  байының  бабын
табуға  кіріседі.  Жасырып  қойған  жартылықты  шығарады.  Күйікке
шыдамай  өзі  де  ішіп  жібереді.  Басталды  –  кетті.  Аздан  соң  Оразқұл
жындана  жөнеледі.  Бақытсыздығының  бас  күнəһары  –  бар  ашуын
өзінің əйелінен алады. Көнбеске күн қайда, ең арғысы атасы да бұған
мойынұсынып алған. Оразқұлға қарсы келіп аяқ-қолын байлайтын тірі
жан жоқ. Азанда ол есін жияды, таяқтан көкала қойдай болған əйелі
шай  қойып  қойған.  Сұлыға  тойған  ат  ерттеулі.  Бұл  жағын
жайғастырып  жүрген  атасы.  Шайға  қанып  алғаннан  кейін  Оразқұл
атқа  қонады.  Тағы  да  бастық.  Осы  Сантастағы  қалың  орманның
жалғыз құдайы өзі. Дəл осындай жексұрын зұлым адамды аяқ-қолын,
байлап,  өзенге  лақтырып  жіберу  бірде-бір  жанның  ойына  кіріп  те
шықпайды.
 
Алдақашан көз байланған. Аула іші де түн көрпесін жамылған.
Балаға  тұңғыш  портфель  алынған  күннің  сиқы  осылай  өтіп  бара
жатты.
Жатардың алдында бала портфелін қоярға жер таппады. Болмаған
соң өзінің қасына – бас жағына қойды. Əрине, ол мұндай портфельдің
талайын  ертең  мектепке  келетін  балалардың  бірсыпырасының
қолынан көретінін білген де жоқ. Бұған бəрібір қиналмайды. Өйткені
мұның  портфелі  бəрінен  тəуір  екендігінде  зəредей  күмəні  болмады.
Ол өзінің сəби өмірін тағы бір ауыр тосқауыл күтіп тұрғанын, сол күні
бүкіл  жарық  дүниеде  жападан-жалғыз  қалғанда,  қасында  тек  осы
портфель  ғана  болатынын  қайдан  білсін,  соның  бəріне  өзінің  ең


жақсы көретін Мүйізді Бұғы ана жайлы ертегінің себеп болатыны үш
ұйықтаса ойында жоқ...
Осы кеште Бұғы ана туралы ғажайып ертегіні тағы бір тыңдағысы
келіп  еді.  Бұл  ертегіні  айтуды  Момын  атаның  өзі  де  жақсы  көретін.
Анда-санда  күрсініп,  кейде  көзіне  жас  алып,  енді  бірде  үнсіз  ойға
шомып отырып, бəрін өзі көргендей, қолымен қойғандай баяндайтын.
Бұ жолы бала атасының мазасын алғысы келмеді. Дəл қазір оның
ертегі  түгілі  одан  зорға  мұршасы  жоқ.  «Кейін  өзіміз  айтқызамыз,  –
деді бала портфеліне, – қазір мен айтайын, сен тыңда, мен оны жаттап
алғанмын.  Мүйізді  Бұғы  ана  осы  күнге  дейін  көз  алдымда.  Тек  сен
ғана  еститіндей  сыбырлап,  жаймен  айтайын,  құлағыңды  сал  да  жат.
Мен  ертегі  айтқанда  бəрін  кинодан  көріп  отырғандай  баяндаймын.
Атам бəрі де ақиқат оқиға дейді. Ол былай болған...»
4
Бұл  баяғыда  болған  хикая.  Сол  бір  ерте  заманда  да  жер  бетінде
шөптен ағаш көп екен, шөлден көл көп екен. Суы мұздай үлкен өзен
жағасын қырғыздың бір тайпа елі жайлапты. Ол өзеннің атын Енесай
дейді екен. Ол өзі бұдан алыста-а, Сібір дейтін жерде ағатын көрінеді,
осы жерден атты адамның өзі үш жыл, үш айда зорға жетеді. Қазір ол
өзенді  Енесей  деп  атайды.  Алғашқы  аты  Енесай  ғой.  Ол  туралы
мынадай өлең бар екен:
 
Сенен де кең су бар ма екен, Енесай,
Сенен де өткен жер бар ма екен, Енесай.
Сенен терең мұң бар ма екен, Енесай,
Сенен еркін, ел бар ма екен, Енесай,
 
Сенен еткен су болмайды, Енесай,
Сенен əсем жер болмайды, Енесай.
Сенен терең мұң болмайды, Енесай,
Сенен еркін ел болмайды, Енесай.
 
Міне,  Енесай  осындай  ересен  үлкен  өзен  бопты.  Жағасын  əр
алуан ел жайлапты. Өзара өмір бойы жауласумен көрген күндері күн
емес  екен.  Айнала  жау  бірінен  соң  бірі  шауып  қырғыздарға  маза
бермепті.  Бұлар  да  қарап  жатпапты.  Кейде  көрші  тайпаларға  шауып,
үйлерін  өртеп,  адамын  өлтіріп,  батырын  байлап,  малын  айдап  кетіп


тұрыпты.  Адамға  адамның  аяушылығы  жоқ.  Əлі  жеткені  қырып-
жойып кете беретін заман болыпты. Əрі беріден соң егін егетін, мал
бағатын,  аң  аулайтын  ешкім  қалмайды,  қылышын  жалаңдатып,
найзасын  шошаңдатып  бəрі  жаугершіліктің  ізіне  түсіп  алған.  Өлтір,
тала, қыр-жойдан басқа мақсат жоқ. Жанға – жан, қанға – қан. Кекке –
кек, көздері қанталап бір-бірімен əбден өшігіп алған. Күн сайын қан –
қаза көбейе берген – ат бауырынан қан кешетін күндер болады. Елдің
есін  жиғызып,  сабасына  түсіретін  ақылгөй  табылмайды.  Кімде-кім
жауын қапыда басып тігерге тұяқ қалдырмай талап, қан бөктіре қырып
сойса  –  сол  ақылды,  сол  ғана  атақ-абыройға,  байлық-барлыққа  ие
болған.
Сөйтіп  жүргенде  бір  күндері  орманда  бір  таңғажайып  құс  пайда
болады.  Ол  құдайдың  құтты  күні  көз  байланып  таң  атқанша  кəдімгі
адамша зар қағып, бұтақтан-бұтаққа секіріп: «Үлкен апат келе жатыр,
кесепат-кесел келе жатыр» деп орманды басына көтеріп шығады. Көп
ұзамай сол құстың айтқаны аумай-төкпей келеді де қояды...
Ол күні Енесайдағы қырғыздар өзінің ақылгөй ақсақалын жерлеп
жатқан-ды.  Ұзақ  жылдар  қолбасшы  болған,  талай  жорықты  бастаған,
талай  шайқаста  жауын  жермен-жексен  еткен  Күлше  батыр  еді  ол.
Қисапсыз қанды қырғындардан аман қалған ақылгөй батыр о дүниеге
аттанды. Қалың қырғыз қара жамылып қайғырады. Екі күн зар шегіп,
үшінші күні батырды жерлеуге дес қойған. Ескі əдет-ғұрып бойынша
ақылгөй  ақсақалдың  денесін  Енесайдың  жағасындағы  биік  жартасқа
апарып,  барлығы  көтеріп  тұрады  екен.  Өйткені  өлген  адамның  жаны
анасы Енесаймен сөйтіп қоштасуы керек. Ене деген ана деген сөз. Ал
сай  болса  су  ағатын  аңғар.  Марқұмның  рухы  осы  жерге  ақырғы  рет
Енесай жырын айтады.
 
Сенен де кең су бар ма екен, Енесай
Сенен де өткен жер бар ма екен, Енесай.
Сенен терең мұң бар ма екен, Енесай,
Сенен еркін ел бар ма екен, Енесай?
 
Сенен еткен су болмайды, Енесай,
Сенен əсем жер болмайды, Енесай,
Сенен терең мұң болмайды, Енесай,
Сенен еркін ел болмайды, Енесай!
 


Енді  марқұмның  бейіті  қазылған  төбенің  басына  шығып,
батырдың денесі салынған табытты бастарына көтеріп, дүниенің төрт
құбыласына  қаратады  екен.  «Мынау  сенің  өз  өзенің,  мынау  сенің  өз
мекенің,  мынау  өзіңмен  бір  кіндіктен  тараған  өз  жұртың,  сені  о
дүниеге  шығарып  салуға  келдік,  топырағың  торқа  болсын!»  Кейінгі
ұрпақтарға  үлгі  болу  үшін  батырдың  бейітінің  басына  заңғар  тас
орнатады екен.
Осы қайғылы күні тайпаның барлық киіз үйлері өзеннің жағасына
қаз-қатар  тігіліп,  əркім  өзінің  табалдырығынан  шығып,  батырдың
денесімен  қоштасады  екен.  Сырыққа  байланған  əр  үйдің
босағасындағы ақ туды жерге еңкейтіп, жұрт жоқтап, əркім өз есігінің
алдында дауыс салады. Содан кейін барып бірінен соң бірі табыттың
соңынан ере береді. Тігілген үйлерді адақтап болған соң, тайлы-таяғы,
еңкейген  қарт,  еңбектеген  баласына  дейін  қалмай  шұбап  батырды
жерлейтін жерге барады екен.
Сəске  түс  болып  қалған  уақыт,  азалы  күннің  барлық  дайындығы
біткен.  Қыл  құйрық  байланған  батырдың  туы  да,  сауыт-сайманы  да
тысқа  шығарылған,  жорыққа  мінген  атында  қаралы  жабу.  Енді  міне
жүздеген  жігіттер  керней  шалып,  дауылпаз  қағып  күллі  əлемді
күңіренткелі  тұр.  Қазір  орман  біткен  теңселіп,  құс  атаулы  көкті
қаптай, кеудесінде жаны бар хайуанаттар сан қилы үн салып, өсімдік
біткен жерге жабысып, тау жаңғыра теңселіп өзен күрсіне шайқалады.
Оған  қосыла  дауыс  салатын  əйелдер  шаштарын  жайып,  Күлше
батырды  жоқтайды.  Батырдың  денесін  иығына  салып  апаратын  алып
денелі жігіттер бір тізелеп дайын отыр. Барлық салт-дəстүр жасалып
жатыр.  Міне,  енді  батырдың  денесін  шығарады.  Орман  етегінде  асқа
шалатын тоғыз бие, тоғыз өгіз, тоқсан қой матаулы тұр.
Дəл  осы  сəтте  көз  көріп,  құлақ  естімеген  сұмдық  басталды  да
кетті.  Енесайдың  бойындағы  елдер  бір-бірімен  қанша  жауласқанмен,
көсемін  жерлейтін  күні  көршілеріне  шаппайтын,  ал  енді  мына
жауыздар қаралы қырғыздардың төңірегіне таң атпай ұрланып келеді
де, енді жұрт батырдың денесін алып шыға берген кезде жан-жақтан
лап  қойып  бас  салады.  Жігіттердің  бірде-бірі  қару  алып  атқа  мінуге
үлгіре  алмай  қалады.  Адам  баласы  көрмеген  қансоқта  басталады.
Əйел демей, еркек демей бəрін қырып салады. Жаулардың мақсаты да
өздеріне  дамыл  бермейтін  тентек  қырғыз  тайпасынан  тұқым
қалдырмай құрту еді. Бұл қанды апатқа куə болып кек қуар тірі жан


қалу  былай  тұрсын,  құмда  ізі,  жұртта  белгісі  қалмайтындай  тып-
типыл етті.
Адам  баласының  дүниеге  келуі,  өніп-өсуі  ұзақ  сапар,  ал  оны
өлтіру  оп-оңай.  Көзді  ашып  жұмғанша  бір  тайпа  ел  қанға  бөгіп
қырылып  қалды.  Қылыштан,  найзадан  қашқандар  адуын  Енесайдың
тұңғиық  иірімінде  жоқ  болып  кете  барды.  Өзен  бойындағы  жағалай
тігілген  қырғыз  үйлері,  жалын  құшағына  енді.  Қашып  кұтылған  тірі
жан жоқ. Бəрі о дүниеге аттанды. Үй мекеннің орнында жел суырған
күл  қалды.  Өлгендердің  денесін  Енесайға  ағызып  жіберді.  Дегеніне
жеткен  жаулар  болса,  «Енді  мына  жер  біздікі,  мына  орман  біздікі,
мына малдар біздікі», – деп жар салып, мəз болып жатты.
Сонымен  қаншама  малды  ызғытып  айдап  бара  жатқан  жаулар
жаңа  ғана  орманнан  келген  бір  ұл,  бір  қызды  аңғармайды.  Баланың
аты  бала  емес  пе,  бір  қыз,  бір  ұл  таң  атпай  ата-енесінен  ұрланып
орманның  ішіне  жидек  теруге  кетіп  қалған  екен.  Ойнап  жүріп  тым
ұзап кетіпті. Ауылдағы азан-қазан, у-шуды естіген соң бұлар үйлеріне
қарай  жүгіреді.  Келсе  жау  шауып  кеткен,  бəрі  өртенген,  əке  де  жоқ,
шеше  де  жоқ.  Апа-қарындастардан  да  із-түз  қалмапты.  Сонымен  екі
бала туыстарынан да, руластарынан да айрылып қала беріпті. Балалар
зар  еңіреп,  өртенген  жұрттардың  бірінен  соң  біріне  барып,  тірі  жан
таппай  енді  не  қыларын  білмейді.  Əп-сəттің  ішінде  тұлдыр  жетім
қалды.  Бүкіл  жарық  дүниеде  екеуінен  басқа  тірі  жан  жоқ.  Бұл  елдің
адамын  қырып-жойып  енді  үйірлеген  жылқы,  қоралаған  қойларын
айдап бара жатқан жаулардың шаңы көзге шалынды.
Шаңды  көрген  екі  бала  солардың  ізінше  жан  ұшыра  жүгіре
жөнелді.  Қан  шеңгел  жаудың  соңынан  ойбайын  салып  зap  еңіреп
келеді.  Балалардың  өстетін  əдеті  ғой,  жаудан  тығылып,  басын  сақтап
қалудың орнына ажалдың аузына өздері бара жатыр. Бар үміті əйтеуір
жапанда  жалғыз  қалмау,  мынау  қарғыс  атқан  қанды  жұрттан  қашып
құтылу. Əбден үрейі ұшқан қыз бен бала қол ұстасып, тоқтаңдар, ала
кетіңдер деп зар қаға жүгіреді. Мол олжаны түре көшіріп бара жатқан
қым-қуыт қалың дүбірде бұлардың шырқыраған үнін кім естуші еді.
Қанша  жүгірсе  де,  бала  мен  қыз  бұларға  жете  алмады.  Əбден
титықтап,  өкпелері  өшіп,  екеуі  де  құлай-құлай  кетті.  Ең  арғысы  бас
көтеріп,  жан-жақтарына  қарауға  да  қорқады.  Сондай  қорқынышты
сұмдық  дүние.  Бірін-бірі  құшақтап,  өксіп  жылап  жатып,  бір  заманда
ұйықтап қалғандарын да сезбеді.


Жетім  жеті  түлейді  деп  бекер  айтпаған  болар,  түннен  əйтеуір
екеуі де аман қалыпты. Орманның жын-шайтаны да, жыртқыш аңдары
да  бұларға  жуымапты.  Ояна  келсе  таң  атып  қалыпты.  Күн  шыққан,
құстар  сайрап  жатыр.  Балалар  орындарынан  тұрып,  тағы  да
кешегілердің  ізімен  келе  жатты.  Жол  бойындағы  жидек,  мəуемен
қоректенеді. Жүре-жүре үшінші күн дегенде бұлар бір таудың басына
келіп тоқтайды. Қараса, жазық жайлауда ұлан-асыр той болып жатыр.
Тігілген  үйлерде,  асылған  қазандарда,  сапырылысқан  халықта  қисап
жоқ.  Қыздар  əткеншек  теуіп,  əн  шырқап  мəз-мейрам.  Бірін-бірі
бүркіттей бүріп, асықтай иіріп халықты қырған қызыққа батырып күш
сынасқан балуандар. Жаулар өзінің ұлы жеңісін осылай тойлап жатыр
еді.
Бала мен қыз олардың жанына баруға жүрексінді. Дегенмен анау
қайнап  жатқан  қазанның  ішіндегі  піскен  еттің  исі  мұрындарын
жарып, қарны ашқан сəбилердің сілекейін шұбыртады.
Балалар  шыдай  алмады.  Солай  қарай  беттеді.  Тойдың  иелері
бұларды көргенде таңданып:
– Сендер кімсіңдер? Қайдан жүрсіңдер? – дейді.
– Қарнымыз ашты, тамақ берсеңдер, – деді бала мен қыз.
Бұлардың кім екенін сөйлеген сөздерінен бірден тани кетті. Бəрі
шулап  қоя  берді.  Мынау  деген  кешегі  қырғынға  ұшыратқан
қырғыздардан  қалған  тұқым  ғой.  Қазір  көзін  жою  керек,  –  деп  бірі
айтса,  екіншісі  ханға  апару  керек,  –  деп  кергіді.  Бұлар  осылай
жағаласып жатқанда, бір иман жүзді əйел балалардың қолына бір-бір
үзім  жылқы  етін  ұстатып  та  үлгіреді.  Өздерін  ханға  əкеле
жатқандарымен ісі жоқ, қолдарындағы етпен əуре. Енді міне, бұларды
өзгеден  еңсесі  биік,  босағасында  күнмен  шағылысқан  ай  балталары
бар  сақшылар  тұрған  қызыл  үйдің  алдына  алып  келді.  Осы  ауылдың
барлығына «бұл қырғыз руының балалары қайдан шықты» деген суық
хабар  ауызба-ауыз  тарап  жатты.  Бұл  не  деген  сұмдық?  Жұрттың  бəрі
күресті де, ойын-күлкіні де, той жабдығын да қойып, хан ордасының
төңірегіне  жиналды.  Хан  бұл  кезде  шаңқан  ақ  киіздің  үстінде  өзінің
əскер басшыларымен отыр еді. Бал араласқан қымызды анда-санда бір
жұтып қойып, өзін мадақтап, əруағын көтерген жыр тыңдап отырған.
Бұлардың неге келгенін білгеннен кейін хан қаһарына мініп: «Менің
осы  бір  көңілді  күйімді  бұзуға  қайсыңның  жүрегің  дауады?  Қырғыз
атаулыдан  тірі  жан  қалдырмай  көзін  жойған  жоқ  па  едік?  Ал  мен


сендерге  Енесайды  мəңгі-бақи  жаулап  алып  берген  жоқпын  ба?
Немене,  бəрің  бірдей  аңтарылып  қалдыңдар,  су  жүрек  немелер!
Алдарыңдағының кім екенін көрмей тұрсыңдар ма? Əй, ақикөз, ақсақ
кемпір, қайдасың? – деді хан айқайлап. Ақсақ кемпір де бұл сəтте есік
алдына  келіп  қалған  екен.  –  Сен  кемпір  мыналарды  аулақ  апар  да,
көзін  жой!  Сонымен  қырғыз  атаулының  мəңгі-бақи  аты  өшсін.  Бар
енді, кемпір, арманым осы, орында.
Ақсақ  кемпір  басын  иді  де,  бала  мен  қыздың  қолынан  жетектеп
үнсіз-түнсіз кете барды. Бұлар орман ішімен қаншама жүреді. Содан
кейін Енесайдың жағасындағы құзар жар тастың басына шықты. Осы
жерде  ақсақ  кемпір  балалардың  екеуін  де  құлама  жардың  басына
қатар тұрғызды да суға итеріп жіберудің алдында былай деді:
–  Уа,  құдіретті  Енесай!  Егер  сенің  тұңғиығыңа  тау  құлатса,
бармақтай  тас  болып  кете  береді.  Саған  жүз  жасаған  алып  қарағай
тастаса  оны  сен  жаңқа  құрлы  көрмейсің.  Енді  міне,  адуын  ағыс,
айдаһар  иірім  мешкей,  тұңғиығыңа  адамзаттың  бүлдіршіндей  екі
перзентін  ертіп  келіп  тұрмын.  Бұл  екеуіне  кең  байтақ  жер  үстінде
оймақтай орын табылмай тұр. Өзің білесің, оны саған несін айтайын,
Енесай. Егер аспандағы жұлдыздар адамға айналса олар зеңгір көкке
симас еді. Егер судағы балық адамға айналса шалқыған мұхит, шалқар
теңіздерден  орын  таппай  өзара  қырылысар  еді.  Олардың  саған  несін
айтайын,  бəрін  менен  жақсы  білесің,  Енесай!  Мына  екі  сəбиді
құшағыңа тапсырдым. Бұлар мынау опасыз қатыгез дүниемен, өзгеден
қиянат  көрмеген,  өздері  ешкімге  қиянат  жасамаған  айла-сұмдықтан
бейхабар,  жандары  таза,  арлары  адал  ақ  періште  кездерінде-ақ
қоштассын. Басқа пенде көрген қасіретті бұлар көрмесін, басқа пенде
жасаған  күнəға  бұлар  батпасын.  Өзің  ал,  өз  бауырыңа  тарт,  киелі
Енесай!..
Бала  мен  қыз  зар  еңіреп  тұр.  Кемпірдің  сөзінде  бұлардың  несі
бар,  жар  басынан  төмен  қарауға  адамның  жүрегі  ұшады.  Анау
төмендегі  көбігін  көкке  атып  қайнап  жатқан  ағынға  көзің  түссе
зəреңді алады.
–  Айналайын  қарғаларым,  бір-біріңді  құшақтап  қоштасыңдар!  –
деді ақсақ кемпір. Сөйтіп өзі жеңін түріп, балаларды жардан итеруге
ыңғайлана  берді.  Содан  кейін:  –  Бірақ  обалдарың  маған  емес!
Тағдырдың  жазуы  солай  шығар,  мен  қайбір  жетіскеннен  сендерді
ажалға  айдағалы  тұр  дейсіңдер,  замананы  осынша  тар  қылған  хақ


тəңірге  обалдарың.  Амалым  жоқ.  Мүмкін  сендер  үшін  бұл  да  сауап
шығар.
Осы  сөзді  айтуы-ақ  мұң  екен,  жап-жақын  жерден  бір  дауыс
шықты.
– Сабыр ет, сабыр ет шамалы, кемеңгер əйел! Бейкүнə сəбилерді
құрдымға құлата көрме!
Ақсақ кемпір жалт қарады, өз көзіне өзі сенбейді, қарсы алдында
маралдың анасы, бұғы тұр екен. Тостағандай көзімен телміре қарайды.
Көзінде  бір  мұң,  қайғы  бар  сияқты.  Бұғы  аппақ,  тұңғыш  ылақтаған
тұмса  екені  айқын,  бауырының  қоңыр  түктері  жаңа  туған  ботаның
жүніндей  үлпілдеп  тұр.  Шаңырақтай  мүйізі  қандай  тамаша!  Күз
ағашының  бұтақтарындай  сидам  сұлу  айқыш-ұйқыш.  Желіні  балалы
əйелдің емшегіндей тырсиып, теуіп тұр.
–  Сен  кімсің?  Адамның  тілімен  сөйлеп  тұрған  қандай
хайуанатсың? – деді ақсақ кемпір.
– Мен анамын, Бұғы анамын, – деді ол. – Мен бұлай сөйлемесем
бəрібір  сен  менің  не  қалайтынымды  түсінбес  едің,  айтқаныма  құлақ
аспас едің...
– Ендеше не қолқаң бар, айта ғой, Бұғы ана?
– Мейірімді ақылгөй əйел, мына балаларды босат! Бар өтінішім –
осыларды маған ертіп жібер.
– Бұлардың саған керегі не?
– Адамдар менің екі лағымды өлтіріп кетті. Енді мен бауырымды
жылытар бала іздеп жүрмін.
– Осыларды асырамақшымысың?
– Сөйтемін. Ана емеспін бе, қайырым ет маған, ақылды əйел!
–  Сен  бұны  айтардан  бұрын  ойландың  ба,  аңқау  жануарым-ау,  –
деді  ақсақ  кемпір  күліп.  –  Ойбай-ау,  бұлар  да  адамның  баласы  ғой?
Ертең ержеткен соң тағы да сенің лақтарыңды қырып күн көрсетпейді
ғой.
–  Бұлар  буыны  бекіп,  бұғанасы  қатқанда  менің  балаларыма
тимейді,  –  деді  Бұғы  ана.  –  Өйткені  мен  бұлардың  анасы  болам,
бауырымда өседі. Бір емшектен сүт емген төлдер ешуақытта бір-біріне
қиянат жасамайды.
–  Əй,  жарықтық  жануарым-ай,  сен  адам  деген  мақұлқаттың
мінезін  білмейсің  ғой,  –  деді  басын  шайқап  кемпір.  –  Сен  сияқты
орманда жүрген хайуанат деймісің. Бұлардың бір-біріне мейірімі жоқ.


Екі  аяқтының  қандай  екенін  білсін  деп  мен  осы  жетімдерді  саған
ертіп  жіберер  едім,  ертең  адамдар  көрсе  бұл  екеуін  табанда  атып
өлтіреді  ғой?  Қайғыңның  үстіне  қайғы  жамап  керегі  не?  Осы
айтқаным келмесе қара да тұр.
–  Мен  бұларды  ешкім  көрмейтін  аяқ  жетпес  алыс  өлкеге  алып
кетемін.  Рахым  ете  гөр  сəбилерге!  Жібере  ғой!  Мен  бұлардың  нағыз
мейірбан  анасы  боламын.  Көрдің  бе,  емшегім  сыздап  шыдатпай
барады.  Менің  сүтім  бала  аңсайды.  Сəби  керек  соратын.  Маған  да
мейірімің түссін, ақылгөй əйел!
Олай болса мен саған не дейін, – деді ақсақ кемпip сəл ойланып.
–  Ал,  ал  да  жөнел!  Алды-артыңа  қарама!  Жетімдерді  көз  көрмес,
құлақ  естімес  қиянға  алып  кет.  Ұзақ  жолға  шыдай  алмай  бұлар
зорығып өліп кетсе, болмаса қарақшыға ұшырап қаза болса, не ертең
ержеткен  соң  адамдықтарына  бағып,  ақ  сүт  беріп  асыраған  сені
өзегіңе теуіп кетсе – маған өкпелеме, өз обалың өзіңе.
Бұғы ана Ақсақ кемпірге рахмет айтты. Ал бала мен қызға былай
депті:
–  Енді  мен  сендерге  анамын,  сендер  менің  балаларымсың.  Мен
сендерді етегі орман қарлы шыңдардың қақ ортасында қайнап жатқан
Ыстықкөл дейтін теңіз бар, соған апарамын.
Бала  мен  қыздың  қуаныштары  қойнына  симай,  шаңырақ  мүйіз
Бұғы  ананың  соңынан  жүгіре  жөнелді.  Жүре-жүре  шаршады,
шалдықты, бір өлкеден екінші өлкеге жету оңай ма, сапар ұзақ. Егер
түнде  жатқанда  Бұғы  ана  бауырына  басып  жылытпаса,  ертелі-кеш
сүтін  беріп  асырамаса,  бұлардың  күні  не  болар  еді?  Сонымен  əлі
жүріп  келеді,  əлі  жүріп  келеді...  Бұлар  ұзаған  сайын  бұрынғы
мекендері  Енесай  алыстап  қала  берді.  Беттеген  жаңа  мекендері
Ыстықкөл əлі ұзақта жатыр. Жаз бенен қыс өтті, көктем мен жаз өтті.
Тағы күз, тағы да жаз, тағы да қыс, тағы көктем, тағы да жаз, енді күз
туғанда  барып  бұлар  қалың  жыныс  орманға  кірді.  Талай  шөлдерден,
талай құмдардан, талай таулардан, талай адуын өзендерден өтті. Неше
түрлі  қасқырдың  үйірі  бұларға  ұмтылғанда  мүйізді  Бұғы  ана  екеуін
арқасына  салып  алып  жыртқыш  аңдардан  құтқарды.  Атқа  мінген
аңшылар  садақтарын  кезеп,  «Бұғы  ана  адамның  балаларын  алып
қашып барады, ұстаңдар, жібермеңдер!» – деп іздеріне түсіп талай оқ
атты. Бəрінен де құтқарған, бəрінен де аман сақтаған Бұғы ананың өзі
болды.  Қаша  жөнелгенде  Бұғы  ана  бəрінен  жүйрік,  арқасындағы


балаларына:  «Мықтап  ұстаңдар,  құлап  қалмаңдар,  қуғыншы  қалмай
келе жатыр!» – деп ақыл айтумен болады.
Ең  ақырында  Бұғы  ана  өзінің  балаларын  Ыстықкөлдің  жағасына
алып келді. Бұлар таудың басында тұрып, аң-таң қалды. Айнала қарлы
шың,  жасыл  орманның  қақ  ортасында  шексіз-шетсіз  шалқыған  теңіз
жатыр.  Көк  жалқынның  бетінде  ақ  көбік  атқан  толқын,  самал  жел,
оларды  екшеп,  əлдебір  алыс  дүниеге  алып  бара  жатқандай.
Ыстықкөлдің қайдан басталып, қайдан аяқталарына көз жетпейді. Бір
жағынан  күн  шықса,  екінші  жағына  батып  барады.  Ыстықкөл
төңірегіндегі тауларда да қисап жоқ. Таудан соң тау бірін-бірі бүркеп
жатқан, тылсым жұмбақ.
–  Міне,  сендердің  жаңа  мекендерің  осы  болады,  –  деді  Мүйізді
Бұғы ана. – Осы жерде тірлік етесіңдер! Жер жыртып егін саласыңдар.
Балық  аулап,  мал  өсіресіңдер.  Мыңдаған  жылдар  баянды  өмірлерің
осында  өтеді.  Үрім-бұтақтарың  өніп-өсіп,  үбірлі-шүбірлі  болыңдар.
Алыс  өлкеден  алып  келген  ана  тілдеріңді  ұмытып  қалмаңдар.  Өз
тіліңде айтқан сөзге сөз жетпейді, өз тіліңде салған əнге əн жетпейді.
Адам  аттарыңа  лайық  рахат  өмір  сүріңдер!  Мен  болсам  əрдайым
сендермен  бірге,  мəңгі-бақи  сендердің  ұрпақтарыңмен  бірге
боламын...
Сонымен  жаңағы  бала  мен  қыз  бүкіл  қырғыз  əулетінен  қалған
екеуі ғана осы бір мəңгі берекелі, жаңа өлкеге ие болған екен.
Уақыт  зырлап  өте  береді.  Бала  өсіп,  азамат  болды.  Қыз  да
бойжетті. Содан кейін екеуі қосылып, бірі байы, бірі əйелі болды. Ал
мүйізді  Бұғы  ана  болса,  ол  да  Ыстықкөлден  ұзамай,  осы  қалың
орманның ішінде қала берді.
Бір  күні  елең-алаңда  тыныш  жатқан  Ыстықкөл  аспанға  ақ  көбік
атып,  шайқалып  қоя  берді.  Сөйтсе  жас  əйелді  толғақ  қысқан  екен.
Жігіт қорқып кетеді. Сасқанынан жартастың басына жүгіріп шығып:
–  Уа,  қайда  жүрсің,  Мүйізді  Бұғы  ана!  Естимісің  мына
Ыстықкөлдің  шайқала  ыңыранып  кеткенін?  Қызың  босанайын  деп
толғатып  жатыр,  тезірек  келе  көр!  Уа,  аяулы  анамыз,  келіп  қол
ұшыңды бер, – деп айқай салды.
Осы  кезде  алыстан  естілген  керуеннің  сарынындай  сылдыраған
қоңыраудың  үні  еміс-еміс  естілді.  Қоңырау  үні  жақындай  берді.
Сөйтсе  асығып  келе  жатқан  Бұғы  ана  екен.  Бесікті  мүйізіне  іліп
алыпты,  бесік  ақ  қайыңнан  жасалған  екен,  бөгендігіне  қоңырау


таққан. Осы күнге дейін Ыстықкөл жағасында тұратын қырғыздардың
бесігіне  қоңырау  тағу  салты  содан  қалыпты.  Шешесі  бесікті
тербеткенде  оның  күміс  сылдыры  алыстан  Мүйізді  Бұғы  ана  келе
жатқандай ғажайып үн шалады...
Бұғы ана келуі-ақ мұң, екен, əйел босанады.
– Мына бесікте сендердің тұңғыштарың жатады, – деді Бұғы ана,
–  шүкір  балаларың  əлі  көп  болады,  жеті  ұл,  жеті  қыз  өрбиді
сендерден.
Ата-ананың  қуанышында  шек  жоқ.  Өздерінің  тұңғыш
перзенттерінің  атын  Бұғы  ананың  құрметіне  Бұғыбай  деп  қояды.
Бұғыбай  өскеннен  кейін  Қыпшақ  елінің  бір  сұлу  қызын  алады.  Ол
екеуінен  Бұғы  атанған  бір  тайпа  ел  өрбиді.  Бұғының  жігіттері
шеттерінен  алпамсадай  ірі,  қайратты  келеді.  Олар  ана-бұғыны  əулие
тұтып  əруағына  сыйынады.  Бұғылықтар  ең  ар  жағы  киіз  үйінің
маңдайшасына да маралдың мүйізін өрнектеп салады. Алыстан көзге
шалынатын  осы  өрнек  бұл  үйдің  Бұғы  əулетіне  жататынын  бірден
танытады.  Бұғы  əулетінің  жауға  шапқанда,  бəйгі  балуанға  түскенде
айтатын ұраны да – «Бұғы» болды. Соны атаса-ақ бұғылар жеңіп шыға
келеді.  Ыстықкөл  маңындағы  қалың  орман  ай  мүйізді  ақ  маралға
толады.  Оларға  аспандағы  ай  мен  жұлдыздың  өздері  де  қызығыпты
деседі.  Бұлардың  бəрі  де  сол  баяғы  Мүйізді  Бұғы  анадан  тараған
төлдер  еді.  Оларға  ешкім  тимейді,  бетінен  ешкім  қақпайды,  Бұғы
əулетінің адамы атынан түсіп, алдымен соған жол береді екен. Өзінің
айтулы ару қыздарының атын «Ақмарал» деп қоятын болды...
 
Осы  бір  дəстүрді  Бұғы  əулетінің  үлкен  бір  ақсақалы  дүние
салғанға  дейін  ешкім  бұзбапты.  Бұл  өзі  өмірінде  мыңғырған  қой,
мыңдаған  жылқы  өсіріп,  даңқы  шартарапқа  тараған,  атақты  бай  еді.
Айналасындағы тірі жанның бəрі осының есепсіз малын бағатын. Енді
балалары  өлген  əкесіне  ас  береді.  Осы  бір  айтулы  асқа  дүние
жүзіндегі атақтылардың бəрін шақырады. Ыстықкөлдің жағасына бір
мың бір жүз үй тігіпті. Сойылған мал, саба-саба ішілген қымызда есеп
болмайды. Ең ар жағы қашқардың неше түрлі тəтті тағамдары да осы
астың  дастарқанында  болады.  Байдың  мақтаншақ  балалары  «жұрт
көрсін,  артында  қалған  ұрпақтың  жомарттығын  байқасын,  өлген
атаны  қалай  сыйлау  керек,  абыройын  қалай  сақтау  керек,  соның


барлығын  білсін»  деп  тыраштанып  жатты.  («Ей,  балам-ай,  артық
байлық астамшылыққа, астамшылық ақымақтыққа ұрындырады»).
Дүние  салған  байдың  балалары  кигізген  құндыз  ішік,  кəмшат
бөрік, солар мінгізген атқа мəз болған жандайшап жыршылар бұларды
айнала мақтап, жер-көкке сыйғызбай, жар салды.
–  Жарық  күннің  астында  мұндай  ас  берген,  əруақ  сыйлаған  кім
бар? – деді бірі.
–  Мына  дүние  жаралғалы  құлақ  естімеген,  көз  көрмеген  байлық
екен, – деді екіншісі.
– Тек қана біздің елде ата-ананы, абырой-атақты, əкенің аруағын
осылай құрметтеді, – деді үшіншісі.
–  Ей,  есерсоқ,  жандайшаптар,  неге  соншама  шулайсыңдар?  Бұл
байлықты, бұл астың даңқын, жомарттықтың жолын бүкіл əлемге паш
етіп жеткізуге тіл жетпейді, – деп лепірді төртіншісі.
Күні-түні осылай мақтау-мадақтаудың өзара шайқасы өтіп жатты.
(«Ей,  балам,  жыршылар  сөз  қуып,  бірімен  бірі  жарыса  бастаса,
жырдың  да,  сөздің  де  құны  қашады.  Ақырында  олар  жыршыдан
жырдың жауына айналады».)
Осы  бір  астың  думаны  бірнеше  күнге  үзілген  жоқ.  Мақтау
сөздерге  əбден  есірген  бай  балалары  дүние  жүзінде  болмаған,  құлақ
естіп, көз көрмеген, ел айта жүретін есте қалар бір қимыл жасауға бет
алды.  Сондағы  тапқандары  əкелерінің  басына  маралдың  мүйізін  қою
болды.  Өйткені  маралдың  мүйізі  осы  қабырда  жатқан  атақты
бабасының  Мүйізді  Бұғы  ананың  ұрпағынан  екендігін  анықтайтын
еді. («Ей, балам, бұрынғылар байлық адамның көкірегінде менмендік
туғызады, менмендік есерсоқтыққа апарады деген екен).
Дүние  салған  байдың  балаларына  ақыл  айтып,  тоқтатуға
ешкімнің шамасы келмеді. Өйткені бұлар атасының даңқын да, өзінің
атағын  да  осылай  шығармақшы  болды.  Айтты  бітті,  кесті  үзілді
дегенін жасады. Орманға мергендер жіберіп, марал аттырды, олардың
мүйізін  кестірді.  Мүйіз  болғанда  қандай.  Дауылпаздың  қарлы
шыңдарға  серпілген  қанатындай  шаңырақ  мүйіздер.  Байдың  есерсоң
балалары мəз. Əр мүйізде он сегіз тармақ бар. Демек, марал он сегізде
деген сөз. Сонымен бейіттің басына, ұсталарға пəрмен етіп, маралдың
мүйізін қойғызды.
Жөн-жоба білетін ақсақалдар:


– Маралды өлтірді деген не сұмдық? Бұғы ананың ұрпағына қол
көтеруге кімнің дəті барады? – деп реніш білдірді.
Байдың балалары оларға:
– Атсақ өз жеріміздің маралын аттық. Осы аймақтағы бауырымен
жылжыған, аяғымен жүргенді былай қойғанда қанаттыдан шыбыннан
бастап төрт аяқты түйеге дейін өзіміздің меншігімізде. Олай болса не
істесек те еркіміз бар. Сандалмай тайып тұрыңдар! – десті.
Есірген  шабармандар  əлгі  ақсақалдарды  аттарына  теріс  мінгізіп,
дүре соғып, қалың қауымға масқара қылып айдап шықты.
Бар  бəле  содан  басталды.  Сол-ақ  екен,  Мүйізді  Бұғы  ананың
кейінгі  ұрпағына  ауыр  нəубет  түсті.  Осы  кезден  бастап  жұрт  күн
сайын  орман  кезіп,  ақ  марал  аулауға  шықты.  Бұғы  əулетінен  тараған
əрбір  адам  өзінің  ата-анасының  басына  марал  мүйізінен  белгі
қоятынды  шығарды.  Мұның  өзі  əруаққа  деген  үлкен  сый-құрметтің
дəстүріне  айналды.  Ата-анасының  бейітіне  маралдың  мүйізін
қоймаған  туыс,  адам  қатарына  алынбады.  Бұдан  былай  маралдың
мүйізімен  сауда  жасайтындар  да  шығып,  оны  бағалы  мүлік  есебінде
жинайтындар  да  пайда  болды.  Тек  қана  маралдың  мүйізін  сатуды
кəсіп  еткен  сол  Бұғы  əулетінің  өзінен  талай  сұмпайылар  шықты.
Ақшаға  сатып  байығандары  да  аз  емес.  («Ей,  балам,  ақша  жүрген
жерде  əділетке,  адалдыққа  орын  жоқ,  –  деп  бұрынғылар  бекер
айтпаған).
Ыстыққөл ормандарын еркін жайлаған маралдардың басына қара
күн  осылай  туды.  Енді  марал  жарықтықтар  адамның  аяғы  жетпес
жабайы  шың  жартастардың  арасына  кетті.  Əбден  құнығып  алған
құтырған  жұрт  қойсын  ба,  оның  да  есебін  тапты.  Неше  түрлі
төбеттерді,  жүйрік  тазыларды  соңына  салып  тасада  тұрған
мергендердің алдына қайырып əкеліп баудай түсіріп жатты. Бұрынғы
бұрынғы  ма,  марал  дегенді  үйір-үйірімен  қыратын  болды.  Кейін  кім
неше тармақты мүйізге ие болды, кімнен кім асып түсті деген бəсеке
де пайда бола бастады.
Марал атаулыдан тігерге тұяқ қалмады. Тау жетімсіреді. Бұрынғы
қалың  өңір,  қатпар  таулар  қаңырап  бос  қалды.  Орманның  ішінде  де,
жайылымда  да  көзге  шалынбайды.  Кезінде  мүйізін  арқасына  салып
алып,  зыр  қаққан  маралдардың  көлеңкесі  де  қалмады.  Тастан-тасқа
секіріп, шатқал, тоғайлардың ішінде асыр салған ақ маралдардан енді
белгі  жоқ.  Сөйтіп  жүргенде  бұл  өңірді  өмірі  тірі  марал  көрмегендер


жайлады.  Олар  марал  жəйлі  тек  қана  ертегіден  біліп,  марал  мүйізін
тек қабыр басында ғана көретін болды.
Сонымен Бұғы ананың өз тағдыры не болды дейсің ғой.
Ол  адам  баласына  соншалықты  қабағат  ренжиді.  Өзінің  ұрпағы
атқан  оқтан,  қуған  тазыдан  күн  көре  алмай  құри  бастаған  соң,  Бұғы
ана  азғана  төлін  ертіп,  шыңның  құзар  басына  шығып,  Ыстықкөлмен
ақырғы рет қоштасты да, көз көрмес, құлақ естімес алыс өлкеге ауып
кетіпті.
Міне  байқадың  ба,  мына  жердің  бетінде  қандай-қандай
сұмдықтар  болған  деседі.  Ертегінің  ұзын-ырғағы  осы.  Сен  мейлің,
сенбе мейлің, ерік өзіңде.
Бұғы ана кетерінде мұндай қайырымсыз жандар жайлаған өлкеге
енді қайтып оралмаспын депті...
5
Тау  алқабына  күз  түскен.  Жаздың  думанды  күндерінен  кейін
жұрт  күздің  бұйығы  тірлігіне  бейімделе  бастаған.  Айдаған  малдың
шаңы басылып жайлаудағы елдің лаулаған оттары да сөнген. Қыстауға
беттеген малмен бірге ел кеткен. Меңіреу тау жым-жырт.
Анда-санда  тау  басында  жеке  қалқыған  бүркіттің  самарқау  үні
шалынады.  Жаз  бойы  шулап  аққан  өзеннің  де  сарыны  баяулапты.
Арнасы  азайып,  суы  саяздап,  екі  жағаға  қайыр  пайда  бола  бастаған.
Өсімдіктер  де  бой  көтермей,  тамыры  тартылған.  Бұтақтардағы
жапырақтар жаз бойы тұрып шаршағандай сыңай танытып, кей жерде
түсе бастаған.
Ең  биік  деген  шыңдардың  басына  түн  сайын  қар  жауып,  азанда
күміспен күптегендей көрінеді. Кеше ғана қара бурыл тартып жатқан
жоталардың  үстіне  түнде  қар  түскенде,  ертеңгілік  қарасаңыз  орман
түлкісінің жотасындай жалтырай күміс қылаулар шашады.
Жаяу жел де шаршап сай-салаға сіңіп кеткен, бірақ əлі де болса
күн шуақты, құрғақшылық.
Өзеннің  арғы  бетіндегі,  қорықтың  қарсы  алаңындағы  орман
күздің  реңіне  ерте  енген.  Өзеннің  жағалауынан  бастап,  сонау  қалың
қара  орман  етегіне  дейінгі  селдір  ағаштар  түтінсіз  өртенгендей  қара
бурыл  тартқан.  Биікке  беттей  жанталаса,  тырмыса  өскен  тал  мен
қайыңдардың  кей  жері  жасыл  сары,  кей  жері  ал  қызыл  бояуларға
енген.  Олар  сонау  қарлы  шыңның  қапталында  түнерген  қарағаймен
шырша патшалығының шалғайына жармасып жатыр. Сонау ну орман


іші  мешіттегідей  əрдайым  мұнтаздай  таза.  Тек  қана  көкке  таласа
өскен  шымыр  шырша  қолқа  атқан  шайырдың  шынайы  исі,  етекте
төгіліп  жатқан  қоңыр  тікенектерден  басқа  дəнеңе  жоқ.  Онда  кəрі
қарағайлардың басынан сипағандай үнсіз жел ғана аралайды.
Бірақ,  бүгін  таң  атпай  жау  тигендей,  ұзақ  қарғалар  шуласып
орманды басына көтеріп жүр. Қарғаның қалың тобының үздіксіз жан
даусынан  орман  үсті  азан-қазан.  Ағаш  шапқан  балтаның  дыбысынан
шошына көтерілген қарғалар тал түсте өздерін біреу тонап жатқандай
зар қаға, кесіп алған нəн қарағайды таудан төмен түсіріп келе жатқан
екі адамның ізінен қалар емес.
Бөрененің  бір  басын  атқа  жегіп  алған.  Оразқұл  атты  жетектеп
алда  келеді.  Шат  бұтаға  шалғайымен  сүрініп-қабына,  жер  айдаған
өгіздей  ентігіп,  зорға  келеді.  Бөрененің  арғы  басында  жанталасқан
Момын.  Мынадай  биіктен  ағаш  түсіру  оңай  емес,  демі  жетпей
титықтап келеді. Қолындағы қайың сойылмен бөренені əрі-бері ырғап
итереді,  ол  айдаудағы  мал  емес,  кейде  түбірге  тіреліп,  кейде  тасқа
тіреліп, машақатқа салады. Əсіресе ылдиға домалай жөнелгенде құдай
сақтасын қағып кетсе шаруаң бітті – ана дүниеден бір-ақ шығасың.
Мұндайда  бөренені  демеп  келе  жатқан  адамға  қауіпті.  Оразқұл
болса  алда,  бөрене  домалай  бастағаннан-ақ  аттың  шылбырын  тастап
тайып  шыға  келеді.  Ал  шал  болса  барлық  қауіп-қатердің  астында.
Оразқұл аттың басына қайта оралғанша өлімін артып тырмысып ұстап
тұрғаны.  Мұны  көрген  сайын  Оразқұл  ұялғаннан  жерге  кіріп  кете
жаздайды.  Өйтіп  ұялғаны  да  құрысын.  Өзіңнің  масқара  болғаныңды
бүркеу үшін, біреуге жала жап демей ме соның кері.
–  Немене,  сен,  мені  ажалымнан  бұрын  өлтіргің  келіп  жүр  ме?  –
деді айқайлап атасына.
Оразқұлдың  бұл  сөзін  естіп,  «ақсақалды  кісіге  жекіре  ме  екен»
деп,  оған  кінə  артатын  айналада  тірі  жан  жоқ.  Шырағым,  өзім  де
жетісіп  келе  жатқан  жоқпын,  несіне  айқайлайсың,  əдейі  істейді
дейсің бе деп міңгірлеген болды шал.
Шалдың бұл сөзі Оразқұлдың одан сайын арқасын қоздырды.
– Ə, солай ма екен? – деді ол екіленіп. – Сені қағып кетсе онда не
тұр,  асарыңды  асадың,  жасарыңды  жасадың,  сол  да  жетпей  ме?  Ал
мен  өліп  кетсем,  сенің  анау  бедеу  қызыңды  кім  алады?  Сайтанның
сапалағындай болып отырған ол қаншық кімге керек?


– Ай, балам-ай, қатыгезсің-ау! Адамға деген бір мысқал мейірімің
болсайшы, – деді Момын шал бар болғаны.
Мұны  естігенде  Оразқұл  мелшиіп  орнынан  қозғалмай  тұрып
шалдың бас-аяғына бір қарап алды.
–  Сен  сияқты  шалдар  алдақашаннан  ошақтың  басында  отқа
арқасын қыздырып жатыр, одан басқа қолдарынан келер түгі жоқ. Ал
сенің болса жалақың жүріп жатады. Сол ақша қайдан – аспаннан түсе
ме?  Жоқ,  біле  білсең,  бəрі  менің  арқам.  Одан  артық  саған  қандай
мейірім керек?
–  Жарайды,  шырағым,  əшейін  айта  салған  сөз  ғой  менікі,  –  деді
Момын шал жуасып.
Бұлар  осылай  келе  жатты.  Əудем  жер  жүргеннен  кейін  тағы  бір
ылди қабаққа келіп дем алды. Аттың да ақ көбігі шығып, ентігін баса
алмай тұр.
Ұзақ  қарғалардың  у-шуы  баяғы  күйі,  басылар  емес.  Қаптаған
қарғалардан  аспан  көрінбейді.  Бүгінгі  барлық  кəсіптері  кешке  дейін
орманды басына көтеруге арналғандай ызғып тынар емес.
–  Қыстың  ерте  түсуін  сезіп  жүр-ау  осылар,  –  деді  Момын  шал,
сөздің  бетін  басқаға  бұрып,  Оразқұлдың  ашуын  басайын  деген
ниетпен.  –  Бəрі  жиналып  жатқаны  басқа  жаққа  аууға  бет  алған  ғой.
Бұлар да тиыштық іздейді. Тынышын алғанды ұнатпайды, – деді шал
есуас қарғалардың атынан кешірім сұрағандай.
–  Бұлардың  тынышын  кім  алыпты?  –  деді  жалт  қарап  Оразқұл.
Біреу буындырғандай өзінен өзі қызарып кетті. – Алжи бастағансың-
ау сен шал, – деді. Үні баяу шыққанмен шалға деген зіл бар.
«Көрдің бе мынаның сөзінің төркінін – деді ол ішінен. – Немене,
мен  мұның  қарғаларының  қамын  ойлап,  қарағайға  қол  тигізбей  бір
бұтағын  да  қозғамай  отырайын  ба?  О  не  деген-ау.  Құдайға  шүкір,
əзірше  осы  орманның  құдайы  да,  қожасы  да  өзім».  Шулаған
қарғаларға  өшіге  бір  қарап:  «Əттең  əкелеріңді  танытатын  пулемет
болар ма еді», – деді де, бір былапыт сөздер айтып бұрылып кетті.
Момын  үндеген  жоқ.  Күйеу  баласының  боқтық  сөздеріне
алдақашан құлағы үйренген. «Тағы жыны ұстай бастады, – деді ішінен
шал  мұңайып.  –  Ішіп  алса  жынданады,  мастығы  тарқады-ау  деген
кезінде  де  сөзге  қонақ  бермейді.  Адам  баласы  неге  бұлай  жаралды
екен, ə?  Сен  бұған  жақсылық  істесең,  мұның  жамандығы  əзір.  Ұялу,
ойлану дейтін мұнда жоқ. Адамда имену деген болмай ма екен. Өмір


бойы  осынікі  ғана  жөн  сияқты.  Өз  басының  бабы  табылса  болды.
Айналасындағының  бəрі  құрдай  жорғалап  құл  болып  жүру  керек.
Айтқаны болмаса тағы басың бəлеге қалады. Мұндайлардың осындай
тау арасында төрт-бес адамға ғана бастық болып жүргеніне шүкірлік.
Ал  бұдан  үлкен  билікке  қолы  жетсе  ше?  Құдайым  сақтасын...  Нағыз
ем  қонбайтындардың  өзі.  Өзі  дегенде  өңешіңді  суырып  алуға  даяр.
Мұндайдың  қол  астына  бір  түссең  құтылу  да  қиын,  сені  жерге  сіңіп
кетсең  де  тауып  алады.  Өзінің  керегін,  дегенін  істеу  үшін  сенің
жаныңды  жаппарға  тапсыруға  даяр.  Сонда  да  өзі  жөн  болып  қала
береді. Жоқ, мұндайларға дауа жоқ...»
– Жетер, біраз тұрдың. Кеттік, – деді бұйыра, шалдың ойын бөліп
Оразқұл.
Бұлар тағы жылжыды.
Бүгін  таң  атқалы  Оразқұлдың  көңіл-күйі  онша  емес.  Ертеңгілік
балта, араны алып, арғы бетке жинала бергенде Момын шал баласын
мектепке  апарамын  деп  асығып  жатты.  Бұл  шалдай  алжыған  қақбас
дүниеде  жоқ.  Құдайдың  құтты  күні  таң  атпай  баланы  мектепке
апарып,  кешкілік  алып  қайтам  деп  шаба  жөнеледі.  Осы  бір  айдалада
қалған жетімекті əлпештеуден қолы тимейді. Мектепке кешігіп барса
дүние  қараң  қала  ма  екен?  Ал  мынаны  төмен  түсіріп,  қашан  көзін
жойғанша қаншама машақаты бар екенімен ісі болмағаны ғой сонда.
«Мен,  –  дейді,  –  көзді  ашып-жұмғанша  апарып  тастаймын  да  келем,
бала оқудан кешігіп қалса мұғалім əйелден ұят қой». Ұялатын адам да
тапқан  екен.  Мұндай  ақымақ  миғұла  болар  ма?  Соншалықты  бет
моншағы  түсетін  мұғалім  əйелінің  түрі  қандай  десеңші?  Бес  жыл
бойы бір пальто иығынан түспеген сорлының өзі, қай кезде болмасын
сумка  мен  дəптерден  басқа  қолында  дəнеңе  көрмейсің.  Жолдың
бойында  көрінген  машинаға  қол  көтеріп,  «дауыс»  беріп  тұрғаны.
Əліне  қарамай  ауданға  барғышын  қайтерсің.  Сонда  сұрайтыны
мектепке көмір керек, терезеге əйнек керек, қағаз керек, қалам керек,
шүберек керек, шоқпыт керек, – деп көрінгенге тіленіп жүргені. Дені
сау  мұғалім  осындай  мектепке  келе  ме?  Өзінің  аты  қызық.  Бұл
мектепті  ергежейлі  мектеп  дейді.  Тауып  қойған  атын.  Əрине
ергежейлі  мектептің  мұғалімінен  оқыған  адам  не  оңады?  Нағыз
мұғалім  қалада.  Мектеп  дегенің  шетінен  шыныдан  салынған,
сыртынан  қарағанда  көзің  тояды.  Мұғалімдері  бəрі  де  галстук  тағып
жүреді.  Қаланың  аты  қала  ғой,  шіркін!  Көшеде  машина  ішінде


шіреніп  бара  жатқан  бастықтарды  көресің,  машина  дегеніңнің  неше
түрі.  Күнмен  шағылысқан  мойылдай  қара  машиналар  көшеде  жүзіп
келе жатқанда, бар əлемді ұмытып қарап қана тұрғың келеді. Қандай
ғажап. Ал қаланың адамдары, түк көрмегенсіп əлгі машиналарға мəн
бермейді.  Жан-жаққа  қарауға  мұрша  жоқ,  əрқайсысы  өз  шаруасымен
асығыс кетіп  бара  жатады.  Шіркін,  өмір  десең  өмір  бəрі  қалада  ғой.
Есебін  тауып  тайып  беріп  сол  жаққа  бір  тұяқ  ілер  ме  еді!  Ол  жерде
адамды қызметіңе қарай сыйлауды да біледі. Дəрежең бар ма, бітті –
сені  сыйлауға  міндетті.  Мəртебең  биік  болған  сайын  соған  сай  сый-
құрмет.  Қанша  дегенмен  мəдениетті  адамдар  ғой.  Бір  жерге  қонаққа
барсаң  да,  əлдебіреуден  сыйлық  алсаң  да,  оған  сен  мына  сияқты
бөрене  тасып  немесе  қалай  өтеймін  деп  машақатқа  түспейсің.
Олардың  алқымы  да  кең,  алары  да  мол.  Ал  мұнда  бір  елу  сом,
мықтағанда жүз сом аласың да, жəне өзің кесіп, өзің дайындап, арам
тер  боласың.  Мұны  алып  кеткесін  тыныш  жүрсе  екен-ау  бұлар,
Оразқұл  пара  алды.  Оразқұл  ағаш  сатты  деп  үстіңнен  бұрқыратып
жазатындары жəне бар-ау... Ай, қараңғылық-ай!
Қанша  дегенмен  шаһарлы  жерге  не  жетсін!  Егер  кішкентай  ғана
мүмкіншілігім  болса,  тауын  да,  тасын  да,  орманын  да,  олжасын  да  –
барлығын тастап, қарғыс атқан қатынды да, мынау алжыған шалды да,
қызғыштай  қорғап  жүрген  жетімек  немересін  де,  бірде-бірін
көрместей,  алды-артыма  қарамай  тартар  едім.  Ех,  дүние-ай  сонда
сұлыға  байлаған  тұлпардай  түлеп,  ұршығымнан  айналып  шыға  келер
едім.  Жұрттың  барлығын  есігімнің  алдына  тізіп  қойып  «Оразқұл
Балжанович,  сіздің  кабинетіңізге  кіруге  бола  ма?»  –  деуге  мəжбүр
етер едім. Сонда барып шаһардың өзім қалаған біреуіне үйленбеймін
бе. Ондайға үйленбей несі бар? Мəселен, əлгі қолына микрофон ұстап
жүріп əрі билеп, əрі əн салатын құралай көз артисткалардың біреуіне
қолым  жетсе!  Олар  қызметі  мықты  адамдарға  тие  береді  дейді  ғой.
Көзді  сүзілдіріп,  галстукты  үзілдіріп,  қолтықтап  кетіп  бара  жатсам.
Кинодан  бір-ақ  шығамыз.  Жырта  қарыс  біз  өкше  тық-тық  еткенде
құлағыңа  қобыздың  үніндей  естіледі.  Хош  иісті  əтір  мұрныңды
жарады.  Жанай  еткендердің  өзі  əтір  иісіне  тұмсығын  төсей  өтеді.
Сүйтіп  жүргенде  балалы-шағалы  боласың.  Ұлымды  соттың  оқуына
беріп,  қызымды  рояль  ойнауға  үйретер  едім.  Шаһар  балаларының
ақылды болатыны бесенеден белгілі болып тұрады. Үйдің ішінде тек
қана орысша сөйлеседі, олар ауылдағы шаруаның тілімен бас қатырып


қайтсін. Ол өзінің балаларын: «Папа, анау керек маған, мама, мынаны
алып  беріңізші!»  –  дегенге  тəрбиелейді.  Өз  ішіңнен  шыққан
балалардан неңді аяйсың? Əттең сол кезде бұл талайды таңдандырып
өзінің  кім  екенін  танытар  еді.  Басқа  жұрттан  мұның  несі  кем?  Сол
жақта шіреніп жүргендердің бұдан не артықшылығы бар? Бəрі де өзі
сияқты  пенде.  Тек  сəтіне  сай  жолы  болған  адамдар.  Бұған  ондай
бұйырмады.  Бақыт  ырзығы  деген  бұдан  теріс  айналды,  соның  бəріне
өзі  кінəлі.  Баяғыда  орманшылардың  курсын  бітірісімен  шаһарда
қалып  қою  керек  еді.  Одан  техникум,  ар  жағы  институт  емес  пе.
Асықты,  əкім  болғысы  келді.  Кішкентай  қызмет  дегеніңмен  өзіңмен
өзің  əйтеуір  бастықсың  ғой.  Міне,  енді  ақыры  не  болды?  Тау  кезіп,
тоғай  аралап,  бөрене  сүйретіп  есек  боп  жүрсің.  Ең  ар  жағы  қарғаға
дейін қаныңды ішуге даяр. Бұл иттерге не жау тиді сонша қарқылдап?
Шіркін, пулемет болар ма еді...
Оразқұлдың бүгін ашуға басуының себебі бар. Жаз бойы жағасы
жайлауда  қыдырды.  Мынау  күз  келді.  Жаз  өтісімен  күнде  қонаққа
шақыратын  жылқышылар  мен  қойшылар  да  ғайып  болды.  Əлгі
өлеңдегі:  «Гүлдер  солды,  жаз  өтті,  қыстауға  беттер  күн  жетті!»  –
дегеннің кері келді.
Сол  күз  бүгін  басталды.  Енді  Оразқұлға  жаздай  көрген  сый-
құрметі,  ішкен  арағы,  жеген  тамағы,  серпіп  отырғанда  берген
уəделерін  орындайтын  шақ  келді.  «Ей,  онда  не  тұр?  Сонда  сұрап
отырғаның  екі  бөрене  ме?  Соны  да  сөз  деп,  дайындап  қоям,  алып
кетесің»  деген  лепірме  уəделердің  бүгін  лағынет  қамытын  киіп
келеді.
Арақ ішіп аузыңа келгенді оттап, ара-арасында бармақ басты, көз
қыспай  сыбаға  алғанына  мəз  болып  едің,  енді  соның  есесіне  борша-
борша терге түсіп, бүкіл жарық дүниеге зəріңді төгіп, бөрене сүйреп
келе  жатқаның  мынау.  Өйтіп  ішкен-жегені,  алған-бергені  құрысын.
Бəрі  мұрнынан  шықты.  Жалпы  көрген  өмірінің  барлығы  қырсық
түнек. Кенет осының бəріне лағынет айтып басым ауған жаққа тартып
кетсем қайтер еді?» – деген ой келеді. Бірақ қайда бармақ? Бұл кімге
керек? Əлгі ойлағандай өмір, мəртебе еш жерден бұған табылмайды,
барлығы бос қиял екенін өзі де түсінді.
Берген  уəдеңді  орындамай,  осы  жерден  аттап  басып  көрші,
басқаны былай қойғанда кеше ғана өзімен ауыз жаласқан достары-ақ
мұны  масқара  етеді.  Халық  деген  қазір  азған  ғой.  Бұрнағы  жылы


өзімен  рулас,  кəдімгі  Бұғы  руынан  шыққан  жолдасына  қозы  бергені
үшін  бір  бөрене  атаған-ды.  Күз  түскен  мен  бойкүйездікке  салынып,
тауға  шығуға  ерінді,  өйткені  іске  асатын  айтулы  қарағайлардың  бəрі
биікте.  Уəде  беру  оңай  болғанмен,  сонау  таудың  ұшар  басындағы
құшақ жетпес қарағайды қырқып, төменге жеткізу оңай ма? Дені cay
адам  алтын  берсең  де  мұндай  машақатқа  мойын  ұсынбайды.  Мұның
сорына дəл сол кезде Момын шал ауырып, төсек тартып жатып қалар
ма.  Жалғыз  өзінің  қолынан  келмейді,  кім  болса  да  бөренені  төмен
түсіру жалғызіліктіге мүмкін емес. Ондай бəленің боларын алдын ала
білгенде, Сейдахметті-ақ ертіп алатын еді. Бірақ бұған да жалқаулығы
ұстап, бергі етектен бетке қараған нашарлау біреуін əкеп бере салды.
Анау  оған  оңайлықпен  көне  қойсын  ба?  «Жолдас,  байқа,  бұл  не
масқараң,  берсең  іске  асатынын  бер,  мынауың  болмайды»  –  деп  қыр
көрсете  бастады.  Ақыры:  «Тоқты  алуды  білесің,  уəдеңде  неге
тұрмайсың?»  –  дегенде  Оразқұл  шыдай  алмай,  алсаң  ал,  алмасаң
тайып  тұр,  деп  қуып  шыққан.  Ол  жігіт  те  тегін  емес  екен,  есесін
жібермепті. Сантастың орманшысы Балжановтың үстінен неше түрлі
жаланы  төндіріп,  жоғарыға  арыз  айдапты.  Оның  жазуына  қарағанда
«Социалистік  орманның  жауы»  Оразқұл  сияқтыларды  табанда  атып
жіберу  керек.  Бұл  арыз  барысымен  ауданнан  келген  комиссия,  орман
министрлігінен  келген  комиссия  Оразқұлды  біраз  жерге  сүйреп,
тексеріп  əбден  есін  шығарған.  Əйтеуір  бұл  даудан  азар  алда  дегенде
аман  қалған.  Міне,  туысқан  дегеннің  түрі  осы.  Кездесе  кетсең:
«Бəріміз  де  Мүйізді  Бұғы  анадан  тарағанбыз,  біріміз  үшін  бəріміз,
бəріміз  үшін  біріміз»  –  деп  бөсетіндері  бар-ау  бұлардың.  Қарап
отырсаң  бəрі  бос  былшыл.  Өйткен  Бұғы  анаңды  сайтан  алсын.  Көк
тиын  үшін  бір-бірінің  көзін  шұқып,  алқымнан  алып  түрмеге
отырғызуға  даяр.  Өйткен  руластығыңды  жер  жұтсын.  Баяғы
надандықтың  кезіндегі  адамдар  Бұғы  ана  дегенге  сеніп  мəз  болған.
Япырай,  сол  заманның  кісілері  қаншама  қараңғы,  аңқау,  ақымақ
болған десеңізші. Қарап отырсақ күлкің келеді. Ал қазіргі адамдардың
бəрі  шүкір  мəдениетті,  көзі  ашық  сауатты,  сəбилерге  ермек  болатын
ертегі қазір кімге керек.
Осы хикаядан кейін Оразқұл таныс-болсын, руласы болсын, тіпті
екі  туып  бір  қалғаны  болсын,  Мүйізді  Бұғы  ананың  бауырынан  кеше
шықтым десе де тірі жанға осы орманнан бір тал шыбық, сынық бұтақ
бермеске ант еткен.


Міне, желегін жамылып, жайсаң жаз тағы келді. Жасыл жайлауда
жұмыртқадай ақ үйлер, бой көрсете бастады. Ызғыған малдың у-шуы,
ошақтардан шудалана көтерілген түтін, шулаған өзен. Күлімдеген күн,
исінің  өзі  мас  қылатын  жас  қымыз,  қаптаған  гүл-бəйшешек,  кəдімгі
жаз  салтанаты,  мұндайда  киіз  үйдің  көлеңкесінде  көз-көрген  дос-
жарандармен,  бал  татығын  қымыз  бен  жас  қозының  етіне  басып
отырғанға не жетсін. Сол бір кəйіп үстінде  басыңды  шыр  айналдыру
үшін  айғыр  стаканмен  бір  тартып  жібересің.  Осы  сəтте  өзіңе  қырық
жылдық  қарағайды  түп  тамырымен  суырып,  ана  тұрған  тауды
тақиядай дөңгелететін күш пайда болғаны бар ғой... Мұндай күндері
Оразқұлдың  анты  адыра  қалады.  Жұрттың  бəрі  қошеметтеп  осы
орманның  жалғыз  құдайы  сен  дегенге  мəз.  Тағы  да  баяғы  үйренген
уəде,  азды-көпті  алақанға  түскендерді  қағу.  Жылдар  бойы  буыны
бекіп, бұғанасы қатқан өзін орманның патшасындай санайтын заңғар
емен, санаулы күнінің қалғанын қайдан білсін, күз түскенде көресісін
бір-ақ көреді.
Күз  дегенің  бір  күнде  түспейді,  мысық  табандап  əуелі
жайылымнан  бастап  жоғары  өрмелейді.  Міне,  қазір  айнала  сарғая
бастаған шөптер де, ағаш жапырақтары да бір рең алған.
Жидек-мəуелер  піскен,  кешегі  қозылар  марқайып  тоқтыға
айналған.  Енді  еркек-ұрғашысын  айырып,  отарларға  бөлді.  Əйелдер
жаз  бойы  жайған  құрт,  ірімшіктерін  жинап  буынып-түйініп  жатты.
Малшылардың бас көтерерлері қыстауға барар көшті кім бастайтынын
кеңесіп  алды.  Көшердің  алдында  Оразқұлмен  жазда  уəде
байласқандары  пəлен  күні,  пəлен  сағатта  машинамен  қорымға
келеміз. Сонда бəрі дайын болсын десіп алдын ала ескертті.
Міне, бүгін көз байлана екі үлкен шырша бөрене алып кету үшін
жетекті  машина  келеді.  Оның  біреуін  төменде  өзеннен  өткізіп,
машинаның  келетін  жеріне  тақап  алдын-ала  дайындап  қойған.
Еікіншісін  осы  қазір  сүйреп  келе  жатыр.  Оразқұл,  мына  машақат
қорлықты көргенше  осы  бөренелер  үшін  жаз  бойы  мұртын  майлаған
марқаның  етімен  ішкен  арақ-шарабын  қазір  қас  қаққанша  қайтаруға
даяр, əттең ондай дəулетті бұған кім берсін.
Амал  жоқ,  осы  тауға  таңылған  қарғыс  атқан  тірлік-тағдыр,
лағынет қамыт мойын бұлтартпайды Бұларды түн жамылып алып кету
үшін кешке машина келеді.


У-шусыз,  аман-сау  кетсе  құба-құп.  Жолдың  өзі  совхоздың
үстімен,  дəл  кеңсенің  алдымен  өтеді.  Бұрыс  жолы  құрғыр  да  жоқ.
Кейде  совхозға  госинспекцияның  милициялары  келіп  жүретіні  бар.
Аудан басшыларынан да ел кезіп жүретіні аз ба, тек солардың көзіне
түсуден  сақтасын.  Бұларды  көрсе  шап  беріп  ұстап,  «қайдан  əкеле
жатырсың?» – деуінде сөз жоқ.
Осы ой оралғанда Оразқұлдың тұла бойы түршігіп, денесі мұздап
қоя берді. Айналадағының бəріне – мына миды шағып шулап жүрген
қарғаларға,  дəрменсіз  бейбақ  Момын  шалға  бұдан  үш  күн  бұрын
шаһарға  картобын  сатуға  кеткен  миғұла,  жалқау  Сейдахметтің
қылығына ыза болып зығырданы қайнады. Тау басынан бөрене түсіру
керек екенін Сейдахмет ит білді ғой. Есебін тауып тайып берген жоқ
па. Ол базардағы өзінің шаруасын бітірмей оралмайтыны белгілі. Егер
ол  болғанда  бөренеге  шалмен  екеуін  жіберіп,  өзі  мына  қорлықтан
аулақ, үйінде шырт түкіріп жатпас па еді.
Енді Сейдахмет көз алдында жоқ, шетінен мойнын бұрап қырып
салар  еді,  мына  қарғаларға  да  қол  жетпейді.  Тым  болмаса  əйелін
қамшының астына алып, ашуын тарқатар еді, үйге жетуге де əлі біраз
жер  бар.  Бар  көзіне  ілінетіні  Момын  шал.  Мына  орманның  қапас
тымырсық ауасынан демі тарылып, аттап басқан сайын аузынан ақ ит
кіріп, қара ит шыққан. Оразқұл қарсы алдындағы бұта-шатқа қарамай
бұза-жара, атын да, шалды да аямай өңмендей тартып келеді. Мейлі,
шалдың  жүрегі  жарылсын,  дəл  осы  жолы  ат  та  арамқатсын,  өзі  тіл
тартпай кетсе де бұған қазір бəрібір. Бұл көрген азапты – өзге жұрт та
бірдей көрсін. Оразқұлдың мүлде – мəртебесіне, кісілік қабілетіне сай
құралмаған мына дүние түгел опат болып, неге қараң қалмайды.
Ашуға булығып, бойын билей алмаған Оразқұл, шат тоғайшыққа
қарамай, аттың басын жар қабаққа төте тартты. Енді бөренеге Момын
шал  ие  бола  алмай  көрсін.  Қалай  қайқаңдар  екен.  Сəл  тайдырса,
«қақбас шалды тұрған жерінде қатырам», деп ойлады Оразқұл. Басқа
уақытта бөрене сүйретіп келе жатқанда мұндай қатерлі жарқабаққа ол
жуымайтын,  албасты  басып  ашу  үстінде  аңғармапты.  Момын  шал
тоқта деу былай тұрсын: «Ойбай-ау, байқасаңшы, қайда, қайда тартып
бара  жатырсың?»  –  дегенінше  болмады,  атқа  жегулі  бөрене
жолындағының  бəрін  жайпап,  домалай  жөнелді.  Жасаң,  зілдей  бəле
ырық  берсін  бе,  тоқтатуға  ұмтылған  Момын  шалдың  төсей  берген
сотасын қолынан жұлып кетті де төмен сырғи берді.


Бəрі  де  көзді  ашып  жұмғандай  болған  жоқ.  Бөрене  салмағынан
қабырғалай  құлаған  ат  та  төмен  кетті.  Ат  құларда  Оразқұлды  қағып
кеткен  екен.  Əр  бұтаға  жармасып  бойына  ие  бола  алмаған  ол  да
домалап  бара  жатыр.  Осы  сəтте  жасаң  жапырақты  тоғайдың  ішінен
мүйізді  бір  жабайы  аңдардың  үрке  жөнелгені  байқалды.  Бұта-
шаттардан  атыла-атыла  қарғып  əп-сəтте  қалың  тоғайшыққа  еніп  жоқ
болды.
–  Марал,  маралдар  ғой  мынау?  –  деп  қуанышымен  қорқынышы
аралас айқайлап жіберді Момын шал. Енді өз көзіне өзі сенбегендей
үні өшті.
Кенет тау іші тым-тырыс, қарғалар да құйын соққандай жоғалып
кеткен. Əлгі бөрене жолындағы жас қайыңдарды жайпай етекке барып
тоқтапты. Ат болса, өзінің жүген-шылбырына сүріне-мүріне орнынан
тұрды.
Үсті-басының  дал-далы  шыққан,  Оразқұл  анадай  жерде  əлі
жылжып барады. Момын шал күйеу баласының қолтығынан көтеруге
тұра ұмтылды.
–  О,  əруағыңнан  айналайын,  Бұғы  ана,  сол  ғой  бізді  жаңағы
апаттан  алып  қалған.  Сен  байқадың  ба?  Жаңағылар  Бұғы  ананың
ұрпағы ғой? Оралған екен ғой, киелі анамыз! Жаңа көрдің бе?
Аман қалғанына əлі сене қоймаған Оразқұл өз қылығынан ұялса
да қабағынан қан жауып, қағынып орнынан тұра берді де:
– Оттамашы, əй шал! Жетті! Ана атты босат. Оралып қапты ғой.
Момын тіл қатпастан атқа қарай ұмтылды.
– Ой, айналып кетейін, Бұғы анам-ай, – деді ол өзіне өзі қуанышы
қойнына  сыймай  міңгірлеп.  –  Келген  екен  ғой  марал  да  біздің
орманға, ұмытпаған екен-ау киелі анамыз біз сорлыны. Кешірген екен
ғой, біздің бір кездегі кінəмызды...
–  Не  былшылдап  жүрсің,  əй,  шал?  –  деді  Оразқұл  тістеніп.  Ол
енді  ғана  үрей-қорқыныштан  құтылып,  бойын  тежей  баяғы  ашуына
қайта  басты.  –  Баяғы  ертегің  бе  айтып  жүргенің?  Өзің  алжыған  соң
жұрттың  бəрі  алжыды  деп  ойлаймысың,  ей?  Сенің  осы  сандырағыңа
кім сенеді деп жүрсің?
–  Ойбай-ау,  өз  көзіммен  көрдім  ғой.  Былай  қарай  үрке  қашқан
маралдар,  –  деді  Момын  шал  бой  бермей.  –  Балам-ау,  өзің  де  көрген
жоқ па едің? Жоқ, көрдің, көрдің.


–  Ал,  көрдім,  үшеу  ме,  төртеу  ме,  əйтеуір  осы  жерден  өткендей
болды.
– Дұрыс айтасың, үшеу. Маған да үшеу болып көрінді.
– Иə, онда не тұр екен? Марал болса марал, ол былай тұрсын, осы
жерде  адам  өліп  қала  жаздаған  жоқ  па?  Неңе  мəз  боласың?  Егер
жаңағы  көрінген  марал  болса,  мынау  асудың  ар  жағынан  келген  де.
Осы  таудың  ар  жағындағы  ормандарда,  Қазақстанның  жерінде  марал
өсіреді  дейтін,  оларда  да  осындай  орманды  маралдың  қорығы  еткен
шығар.  Келсе  келсін,  онда  біздің  не  шаруамыз  бар?  Қазақстан  үшін
басымды ауыртпаймын.
–  Мүмкін,  осы  жерді  мекендеп  қалып  қояр  ə?  –  деді  елжіреп
Момын. – Қалса қандай абзал болар еді.
– Кəне, болды енді! Кеттік! – деді, Оразқұл оның сөзін бөліп.
Олардың бөренемен əуреленуіне əлі біраз жер бар. Ең азабы анау
өзеннен  өткізу.  Онда  да  атқа  жегіп,  өзің  домалатып,  машақатқа
батасың.  Азаптың  үлкені  алда.  Одан  аман-есен  əрі  шыққан  соң
машина тоқтайтын етекке жеткізгенше де талай тер төгіледі.
Тозақтың көкесі əлі алда!..
Оразқұл  өзін  дүние  жүзіндегі  ең  сорлы  адамдай  сезінді.  Айнала
қараса  дүниеде  түк  əділет  жоқ  сияқты  көрінеді.  Ана  тауды  қарашы,
ешнəрсе сезбейді, тілемейді, сұрамайды, ешнəрсеге жаны ашымайды,
біреуді мүсіркеу, аяу дегенді білмейді, сол мелшиіп мəңгі бақи тұрған
қалпы;  орман  болса  мынау,  қысың  да  бірдей,  жазық  да  бірдей,
екеуінен  де  жəбір  көріп  жатқан  бұл  жоқ.  Қарғалардың  кəсібі  əне,
жалп-жалп  ұшып,  айнала  қарқылдағанына  мəз,  өзімен  өзі.  Əлгі
маралдар  ше?  Марал-ақ  бола  қойсын  солар,  олар  да  анау  асудың  ар
жағынан  келген.  Енді  осы  орманның  ішінде  өзімен  өзі  емін-еркін
кезіп  жүреді.  Анау  шаһардағы  адамдар  болса,  ертелі-кеш  басқаны
айнадай  асфальт,  мінгені  такси,  отырғаны  ресторан,  төрт  жағы
құбыла,  ойына  не  келсе  соны  істейтін  жандар.  Ал  бұл  болса  жабайы
жартас, мылқау тау, меңіреу орманның ішіндегі тағдыр талақ еткен бір
бейбақ...  Ер  қара  серік  деген  атасының  түрі  мынау,  көз  ашқалы
құлпенде  Елпек  Момын  аталумен  келе  жатқан  қақбақ  шал.  Бақса
өзінен  ең  ар  жағы  бұл  да  бақытты,  осы  күйімен  жүріп,  тым  болмаса
ертегіге  сенеді  ғой.  Бұл  неткен  ақымақ!  Түптеп  келгенде  өмірде
осындай ақымақтарда ғана арман болмайды.


Ал, Оразқұл өз болмысын иттің етінен жек көреді. Мына тірлік,
бұл  көрген  күн  бұған  ылайық  емес.  Мұндай  өмір  құлпенде
Момындарға  ғана  жарасады.  Момын  сияқтыларға  не  керек?
Мұндайлар  кеудесінде  жаны  барда  өле-өлгенше  тыным  таппай
лағылет қамытын сүйреп жүре береді. Осы жасқа келгелі мұның сөзін
тыңдайтын  тірі  жан  болды  ма?  Бір  адамға  ақыл  айтып,  жөн  сілтеп
көрді  ме?  Жұрттың  бəрі  бұған  үстем.  Ең  ар  жағы  өзінің  кемпірінің
айтқанын да екі етпейді. Мұны балаша жұмсайды. Сондықтан да бұл
сияқты  меңіреулер  ертегінің  өзіне  мəз  болады.  Жаңа  орманнан
маралдарды  көріп  еді,  жүз  жыл  бойы  зарығып  таба  алмай  жүрген
бауырларына кездескендей жыларманға дейін барды.
Құрысын, айтып, айтпай не керек...
Бұлар  итшілей  отырып  ең  соңғы  қиын  кезеңге  иек  артты.  Осы
жерден басталатын шаппа жардың етегі өзенге барып бір-ақ тіреледі.
Енді, шамалы дем алу керек.
Өзеннің  арғы  бетінде  қорықшылар  ауласындағы  Оразқұлдың
үйінің маңынан түтін байқалады. Түтінге қарағанда, самауыр қайнап
жатса керек. Демек, əйелі күтіп отыр деген сөз. Оны көзі шалғанмен
Оразқұлдың  бойы  жеңілдеген  жоқ.  Қаншама  аузын  ашып,  көзін
жұмып  дем  тартқанмен  ауасы  құрғыр  жетпейді.  Өкпесі  алқынып,
жүрегі аттай тулап, басы қаңғырып, əбден берекесі қашты. Маңдайдан
аққан  ащы  тер  құйылып  удай  ашытады.  Оның  үстіне  қарсы  алдында
мына  құлама  жар  қиямет  азабын  дайындап  тұр.  Үйде  болса  бедеу
байтал күтіп отыр. Əйел қайтсем бабын табам дегендей самауырынын
бұрқыратып  қойған...  Кенет  сол  мес  қарын  самауырды  бір  теуіп  тас-
талқанын  шығарғысы  кеп  кетті.  Содан  кейін  барып  əйелін  қызылала
қанға  бояп,  сілейтіп  салса.  Əйелінің  таяқ  жегендегі  тірлігіне  қарғыс
айтып,  зарлай  жөнелген  сөздері  құлағына  келгендей,  өзімен  өзі  бір
рақаттанды.  «Солай  болу  керек,  құдай  маған  қуаныш,  рақат
бермегенде ол несіне жетісіп рақаттанады?» деді ішінен.
Мұның ойын Момын шал бөліп жіберді.
– Ойбай-ау, балам-ау, ұмытып бара жатыр екенмін ғой, – деді ол
Оразқұлдың  жанына  аптыға  жетіп  келіп,  –  мен  əлгі  мектепке  барып
баланы алып қайтуым керек. Сабақтары бітіп қалды ғой.
– Иə, онда не тұр екен? – деді салмақты сабырлы үнмен Оразқұл.
–  Балам,  ашуды  қой,  бөрене  осылай  қала  берсін.  Төмен  түсейік,
үйіңе  барып  тамақтанып  ал.  Сол  екі  ортада  мен  атпен  желдіртіп


барып баланы алып қайтайын. Келісімен бөренені де жеткізерміз.
–  Сен  шал,  осы  сөздерді  айту  үшін  қанша  ойландың?  –  деді
кекетіп Оразқұл.
– Шырағым-ау, бала жылап қалады ғой?
–  Жыласа  ше?  –  деді  ашу  буған  Оразқұл.  Шалды  осы  бір  жерде
жерлеп алатын реті кеп қалды. Күні бойы қалай тиісудің есебін таба
алмай  келе  жатқанда,  шалдың  өзі  келіп  ілінді.  –  Ол  жыласа  біз
жұмысымызды  тастап  жүре  береді  екенбіз  ғой?  Мектепке  апарып
салам  деп  таң  атпай  миымды  ашыттық.  Жарайды,  апардың.  Енді
мектептен алып келем деп оттап тұрғаның мынау. Сонда мен кіммін?
Мұнда біз əлде ойыншық ойнап жүрміз бе?
– Қойшы, балам-ай, қайдағыны айтпай, – деді жалбарына Момын.
– Осындай бір киелі күні, əңгіме менде емес, мен бəріне көне беремін
ғой, бала күтіп қалады, мынадай күні баланың жылағаны...
–  Қандай  күнді  айтып  тұрсың?  Немене,  бүгінгі  күннің  басқа
күндерден не айырмасы бар еді?
–  Шырағым-ау,  маралдар  келді  ғой?  Енді  осындай  қуанышты
күні...
Оразқұл шалдың мына сөзіне таңданғаны сонша, не дерін білмей
аңтарылып  қалды.  Бағана  сырғыған  бөрененің  астында  қала  жаздап,
бұта  шаттарды  қармай  домалап  жан  таласып  келе  жатқанда  шала-
шарпы  көзге  елестеп  өткен  маралдарды  алдақашан  ұмытқанды.  Өзі
ажалдан азар құтылғанда шалдың сандырағы мен маралда не шаруасы
бар.
–  Сен  мені  кім  деп  тұрсың?  –  деді  ол  ашуға  булығып  шалдың
жүзіне  деміге  таянып  –  əттең,  сақалың  жоқ,  тым  болмаса  қолға
ілінетін  төрт  тал  сақалың  болса  жұртты  өзіңнен  ақымақ  санағаның
үшін  бір  талдап  жұлар  едім.  Сенің  маралдарыңды  басыма  ұрам  ба.
Төрт  құбылам  түгел  болды  да,  енді  сенің  маралың  қалды  ма?  Көп
оттамай  бөренені  былай  ыңғайла.  Мына  өзеннен  өткенінше  үніңді
шығарып көр, не болар екенсің. Мектепте кім бар, неге ол жылап жүр,
менің жұмысым жоқ. Жетер енді, ал кеттік.
Момын  шал  бұған  құлақ  қақпайтын  əдетінше  үндеген  жоқ.  Ол
мына  бөренені  əрі  өткізіп,  жеткізгенше  Оразқұлдың  қолынан
шықпайтынын біледі. Қанша жаны ауырып, жүрегі сыздаса да бір ауыз
сөз айтпастан өлімін артып іске кірісті. Мектептің жанында немересі


күтіп  жүр,  барлық  балалар  үйді-үйіне  тарқады,  тек  қана  оның
жетімегі екі көзі жолда, атасын күтуде.
Шалдың  көзіне  жаңа  ғана  кластан  жүгіре-жүгіре  шыққан
балалардың  сандарын  шапаттай  үйді-үйіне  тартып  бара  жатқаны
елестеді.  Қарны  ашқан  балалар  кластан  шығысымен  мұрындарына
үйінде  дайын  тұрған  тамақтың  исі  келеді-дағы  өз  терезелерінің
алдынан  өткенше  алды-арттарына  қарамай  тартады.  Шешелері  болса
күтіп  отырады.  Жас  балалардың  жүзінен  кетпейтін  бір  ғажайып
күлкісі  болады,  оны  көргенде  ана  атаулының  басы  шыр  көбелек
айналады.  Не  болса  о  болсын,  олар  балаларының  жүзіндегі  осы  бір
күлкіні көргенде қайғы-қасірет, реніш-күйініштің барлығын ұмытады.
Апыл-ғұпыл  кіріп  келген  баласына:  «Қолыңды,  қолыңды  жу»,  –
дегеннің  өзінде  даусы  қатал  шыққанымен,  жүректің  түбінде  бір
жасырын  мейірім  жатады.  Баланың  күлкісі  бар  əлемнің  жарығындай
жадыратып кетеді.
Мектепке  барғалы  Момын  шалдың  немересінің  қолы  ағал-сағал
сия  бояуынан  арылған  емес.  Момын  шал  осының  өзіне  қуанады,
демек, немересі тегін жүрген жоқ. Міне, қазір ол жолға шығып, өзінің
жан серігі биыл жазда алған портфелін құшақтап, сол ағал-сағал күйі
тұр.  Күте-күте  шаршаған  да  шығар,  атасы  желе  жортып  енді  шыға
келетіндей  телміріп  таудың  етегінен  көз  алмайды.  Бұрын-соңды
кешікпеуші  еді,  оны  айтасың,  кейде  уақытынан  ерте  келіп  анадай
жерде асыға күтіп тұратын. Басқа балалар үйді-үйіне тұра жөнелгенде
бұл  «Ал,  кеттік,  атам  күтіп  тұр  екен»,  –  дейтін  портфеліне.  Жетіп
келіп,  атасын  аймалап,  қойнына  еніп  кететін.  Атасының  өзіне  ғана
тəн ащы терінің исі, бұған дүниедегі бір сүйікті хош иістей көрінетін.
Шалдың  тұла  бойынан  ең  ар  жағы  шөптің  ашқылтым  исі  де  келетін,
өйткені,  осы  кездері  өзеннің  арғы  бетінен  күн  сайын  атына  теңдеп
пішен  тасиды.  Күз  бойы  жинап  алмаса  ертең  қалың  қар  түскенде
аттап  баса  алмай  қалады.  Сондықтан  шөп  исі  де  атасының  бойынан
көп уақыт кетпейтін.
Келген  сайын  атасы  баласын  артына  мінгестіріп  алып,  кейде
желе-жортып,  кейде  аяңдап,  кейде  болмашы  бір  əңгімелерді  айтып,
кейде  үнсіз  келе  жататын.  Сөйтіп  тау  асып,  өздерінің  мекені  Сантас
қойнауына келетін.
Баланың мектепке деген ыстық ынтасы кемпірдің жынына тиетін
еді. Көзін ашар-ашпастан жалма-жан киіне бастап, кітап-дəптерлерін


портфеліне  салады,  əсіресе,  жатарда  портфелін  бас  жағына  қойып
жатқаны  кемпірдің  ашуын  келтіретін.  «Осы  портфель  сенің  əкеңнен
қалып  па  еді?  Құдай  оңдап  осы  бəле  қатының  болса,  бізді  қалың
малдан  құтқарар  едің»,  –  дейді  ол  зығырданы  қайнап.  Баланың  оған
көңіл  аударып  тыңдап  жатқаны  шамалы,  өйткені  кемпірдің  бұл
сөзінің мағнасына түсініп жатқан ол жоқ. Əңгіме сабақтан кешікпеу.
Аулаға жүгіре шығып, атасын асықтыра бастайды. Тек қана мектептің
төбесі көрінген кезде оның жүрегі орнына түседі.
Дегенмен,  бір  жолы  кеш  қалып  қойғаны  бар.  Өткен  аптада  таң
атар-атпастан  Момын  арғы  бетке,  бала  киінгенше,  бір  қатынап
алайын  деп  шөбіне  барған.  Қырсыққандай  сол  жолы  артып  келе
жатқан шөбі ауып кетті де, соны қайтадан атқа артам дегенше, біраз
уақыт  өтті.  Асығыс  адамның  жұмысында  береке  бола  ма,  өзен
жағасына келгенде арқаны құрғыр тағы ағытылып кетті.
Немересі  болса  арғы  бетте  күтіп  тұр.  Өзен  жағасына  таяу  кедір-
бұдыр  тастың  үстіне  шығып  алып,  портфелін  бұлғап,  атасына
айқайлап  жан  даусы  шығады.  Атасы  да  асығып,  арқаны  түспегір
шатасып  əбден  əбігерге  салды.  Баланың  шырқыраған  даусына
қарағанда,  жыларманға  келген  қалпы  бар.  Сол  кезде  ол  арқанды  да,
пішенді де тастай салып, атына қарғып мінді де, өзенді кеше жөнелді.
Бұл  өзеннен  өтудің  өзі  оңай  емес.  Ағысы  қатты,  суы  мол  бəле
ырық бере қойсын ба, бері өткенше біраз уақыт алды. Шүкір, əйтеуір
күзге салым суы аздау ғой. Жаз болса ат-матыңмен алып кетсе, бітті
шаруа.  Өлдім-талдым  деп  өзеннен  зорға  өтіп  немересіне  келсе  ол
ебіл-себіл  жылап  тұр  екен.  Атасына  қарауға  да  шамасы  жоқ:
«Кешіктім,  кешігіп  қалдым  сабақтан»,  –  деуге  ғана  шамасы  келді.
Шал  еңкейіп,  немересін  алдына  алды  да,  шаба  жөнелді.  Мектебі
құрғыр  жақын  болса,  бала  алдақашан  өзі-ақ  жүгіріп  кетер  еді.  Енді
міне,  қашан  жеткенше  зар  еңіреп  жылап  келе  жатыр.  Шалда  оны
жұбатарлық дəрмен жоқ. Сол жылаған күйі мектебіне əкелді. Қоңырау
соғылып, сабақ басталып қалыпты. Бірден класына ертіп кірді.
Шал  мұғалиманың  алдында  кешірім  сұрап,  бұдан  былай
кешіктірмеймін  деп  қайта-қайта  басын  изей  береді.  Əсіресе
немересінің  сабақтан  сəл  қалып  қойғанына,  сонша  күйініп
жылағанына өзі өзінен таңданды.
«Алла  тағалам  сені  оқуға  деген  құштарлығыңнан  өмірі
айырмасын», – деді ішінен шал. Бірақ осынша жылаған себебі не екен


баланың?  Осының  кішкентай  ғана  жүрегінде  жұрт  сезбейтін  бір
қасірет бар-ау, оны кім білсін...
 
Бөрененің  біресе  ана  басына,  біресе  мына  басына  шығып,  бір
жерге тіреліп қалмай тез жылжыса екен деп сотамен итеріп, қолымен
ырғай жанталасып жүрген шалдың бар ойлағаны: япырм-ай, немерем
неғып тұр екен? – болды.
Оразқұл болса асыққан жоқ. Сол аттың сулығынан ұстап, болдық-
болдық дей береді. Асыққанмен əлі қанша жағаға дейін біраз жер, əрі
шаппа  жар,  қиғаштай  ептеп  жылжытпаса  болмайды.  Шал  сорлының
өтінішіне  құлақ  асып,  немересін  алып  келгеннен  кейін  де  үлгіретін
дүние  емес  пе?  Əттең,  құдай  қуат  бермейді,  əйтпесе  осы  бөренені
иығына салып алып: машина келетін жерге бір-ақ түсірер еді. Сонда
«керегің  осы  бəле  болса  алып  кет»  деп  қас  қаққанша  бəрін  бітіріп,
немересіне  тартпас  па.  Бірақ  ол  құдіретті  кім  берсін.  Өзен  жағасына
жеткізгенше əлі қаншама жер, содан кейін барып атпен тартып кешіп
өту керек. Аттың өзі де əбден қалжыраған, ол да кеудесінде жаны бар
хайуанат  емес  пе.  Күні  бойғы  машақат  мұның  да  титығына  жетті.
Өзеннен  өтерде  бөрене  тасқа  тіреліп,  немесе  ат  сүрініп  кетсе  нағыз
масқара сонда болады. Құдайым содан сақтасын.
Міне,  енді  қара  терге  түскен  Момын  бөрене  суға  түскенде  «Ей,
Мүйізді  Бұғы  ана,  қол  ұшыңды  бере  көр!  Атты  сүріндірмей  мына
бəледен  аман  өткіз»,  –  деді  жалбарынып,  етігін  шешіп,  иығына  іліп,
шалбарын тізесіне дейін түріп алды да, қолындағы сотаменен ағыстың
ығына  қарай  бөренені  ыңғайлай  берді.  Күз  уақытында  қанша  мөлдір
болса  сонша  сүйек  шағатын  өзеннің  мұздай  суы  төбе  құйқаңды
шымырлатады. Амал қанша, тағдырдың қай келекесіне көнбеген шал.
Шалдың шыдамында шек жоқ: мейлі аяғы үзіліп түспес, ертерек
мына бəлені арғы бетке шығарып құтылса екен. Айтқандай-ақ өзеннің
ортасына  келе  бергенде  қырсық  шалды  да  бөрененің  бір  жері  тасқа
кеп тіреліп қалды. Ат əрі-бері итініп, қозғала алмады. Мұндайда атқа
шамалы дем алдырып барып тартпаса болмайды. Бірақ аттың үстінде
отырған  Оразқұл  алды-артына  қарамай  өзі  жылжи  алмай  қалжырап
тұрған  атты  қамшының  астына  алды.  Жан  ұшырған  жануар  əрі-бері
ұмтылды  да,  аяғы  тайып  шоңқайып  отыра  кетті.  Бөрене  орнынан
қозғалған  жоқ.  Мына  мұздай  суда  аяғы  ағаштай  қатқан  шалдың  көзі
қарауытып  барады,  басы  айналып  кетті.  Дүниенің  барлығы  астан-


кестен,  төңкеріліп  аспан  құлап,  орман  көшіп  бара  жатқан  сияқты.
Шал  əбден  əлсіреді.  Қарғыс  атсын  бүйткен  бөренесін.  Егер  аздап
кепкен  бөрене  болса,  судан  алып  өту  оңай  ғой,  жаңа  ғана  кесілген
зілдей  бəлө  бұлардың  айтқанына  көнер  емес.  Мұндайда  іс  болар  ма,
енді міне суға тастай сіңіп барады. Ұрлықтың арты қорлық деген осы.
Осының  барлығы  Оразқұлдың  хайуандығынан,  ақыр  беретін  дүниесі
болған  соң,  тым  болмаса  бір  ай  бұрын  кесіп,  шамалы  дегдітпей  ме?
Жоқ, Оразқұлдың да өз есебі бар. Ойда жоқта инспекция келіп қалып,
мынау  ағашты  кім  кесіп  тастаған  десе  не  айтпақ?  Сондықтан  ол  өз
ұрлығын  қас  пен  көздің  арасында  жасағысы  келеді.  Бүгін  кестің  бе,
сол күні көзден жоғалт.
Оразқұл атты бас-көз демей сабалап, екі өкпеге тепкілеп, аузына
келген  боқтығын  аямай,  енді  бəріне  кінəлі  шалдай-ақ  оны  да  сыбап,
қаншама  булығып-буынып  машақатқа  түскенмен,  бөрене  орнынан
жылжыған жоқ. Жылжу былай тұрсын қайта сіңіп барады. Шалдың да
шыдамы таусылды білем. Осы жасқа келгелі бірінші рет үнінің ашулы
үстем шыққаны.
–  Түс  былай  аттан!  –  деді  жекіре  жетіп  келіп  Оразқұлды  ердің
үстінен  тарта  беріп.  –  Көрмеймісің,  аттың  шамасы  келмей  тұр  ғой?
Түс деген соң, түс аттан!
Аң-таң  қалған  Оразқұл  үнсіз  мойын  ұсынды.  Ол  өзінің  аттың
үстінен  етікшең  суға  қалай  қарғып  түскенін  де  байқаған  жоқ.  Осы
сəттен  бастап  ол  жынынан  айырылған  бақсыдай  меңіреу  үнсіз-тілсіз
қалды.
– Кəне, ал, бері еңкей, бері қарай, бері қарай!
Момынның  бұйрығы  бойынша  екеуі  де  сотамен  демеп,  бөренені
орнынан сəл көтеріп қозғай берді.
Неткен  ақылды  жануар  десеңші,  ат  соны  сезгендей,  сүріне-
қабына  жұлқына  тартып  қалды.  Бөрене  орнынан  азғана  қозғалды  да
тайып  кетіп  қайта  тірелді.  Ат  қайтадан  жұлқа  тарта  берген  кезде
бойын  билей  алмай  суға  құлап  түсіп,  шылбырына  оралып  тыпырлай
берді.
–  Атқа  бар,  аттың  басын  ұста!  –  деді  Момын  шал  Оразқұлды
итермелеп.
Азар  дегенде,  екеулеп  жүріп  атты  тұрғызып  алды.  Əрі  шаршап,
əрі тоңған жылқы қалш-қалш етіп зорға тұр.
– Босат, шешіп алып əрі шық.


– Неге, неге?
–  Босат  дедім  ғой  мен  саған!  Қайта  жегу  керек.  Алдымен  ер-
тоқымын жөндеп алсаңшы.
Оразқұл бұл жолы да шалдың айтқанына үнсіз көнді. Ат жетектен
босағаннан кейін жүгенді Момын шал қолына алды да:
–  Ал  енді  кеттік.  Кейін  оралармыз.  Мынау  ат  та  шамалы  есін
жисын, – деді ол.
– Кəне, тоқта енді, – деп Оразқұл шалдың қолынан аттың тізгінін
жұлып алды. Ұйқысынан жаңа оянғандай болды. Өз бойын өзі жинап,
баяғы  қалпына  түсті.  –  Не  деп  бас  қатырып  тұрсың,  сен  шал?  Бұл
жерден  аттап  баспайсың!  Мына  бөренені  қазір  шығарып  аламыз,
кешке көз байлана жұрт келеді. Атты бері əкел, үн-түніңді шығармай,
жек мынаған, естіп тұрмысың!
Момын  тіл  қатпастан  бұрылды  да  мұздай  сірескен  аяғымен
абайлай, ақсаңдай басып, өзеннің арғы бетіне аяңдай берді.
– Əй, шал, қайда барасың? Қайда барасың деймін, мен саған?
–  Қайда  болушы  еді,  несі  қайда?  Мектепке  барам.  Онда  менің
немерем түстен бері күтіп жүр.
– Қайт дегесін, қайт деймін.
Шал құлақ асқан жоқ. Оразқұл атты жайына қалдырды да, Момын
шал жайпауыт қайыр тастарға шыға бергенде жетіп алды да, иығынан
шеңгелдей ұстап, өзіне тартып қалды.
Екеуі бетпе-бет келді.
Оразқұл ай-шайға қараған жоқ. Момын шалдың иығындағы керзі
етігін  жұлып  алды  да,  құлаштап  тұрып  басқа  бір,  бетке  бір  салып-
салып жіберді.
– Жүр енді, жүр дегесін! – деді, даусы қарлыға, Оразқұл шалдың
етігін анадай жерге лақтырып жіберіп.
Шал  дымқыл  құмның  үстінде  жатқан  етігін  барып  алды,  бойын
тіктеп жүре бергенде ернінен жылжып аққан қанды сезді.
–  Көргенсіз,  –  деді  Момын  шал  қан  түкіріп,  тағы  да  етігін
бұрынғыша иығына іліп жатып.
Мұны  айтып  тұрған  өмірінде  тірі  пəндеге  сен  деп  тіл  қатпаған
Момын, суықтан жаурап есеңгіреген мүсəпір шал, етігін иығына асып
алып, қан жалап тұрған бейшара.
– Жүр енді.


Оразқұл күштеп сүйрей жөнелді, Момын бар күшімен жұлқынып
босанды да үнсіз кете берді.
–  Қап,  сені  ме,  алжыған  қақбас,  саспа!  Көзіңе  көк  шыбын
үймелетермін əлі, – деді жұдырығын түйіп, кетіп бара жатқан шалдың
артынан сес көрсетіп.
Шалдың  онымен  ісі  болған  жоқ.  Жалғыз-аяқ  жолға  шығып,
«Шөгіп жатқан түйенің» жанына отырды да, етігін киіп алып, жедел
басып үйіне қарай тартты. Жан-жағына алаңдамастан, тура ат қораға
кірді.  Оразқұлдың  арба-шанаға  жекпей  мəпелеп,  үстіне  өзінен  басқа
шыбын  қондырмайтын,  сəн-сəлтанатқа  мінетін  бозалабасын  алып
шықты. Атты ерттеуге де мұршасы болмай, жайдақ мініп алды да, өрт
тигендей,  қорадан  шыға  шапты.  Қайнап  тұрған  самауырды  баса-
көктей, терезе алдынан өте бергенде, сыртқа дүрліге шыққан шалдың
кемпірі  де,  қызы  Бекей  де,  жас  келіншек  Гүлжамал  да  шалдың  бұл
қимылы  тегін  емесін  бірден  сезді.  Өмірі  бұлар  ала  бастың  үстінде
Момынды көрмегенді, қораның ішін басына көтеріп, шаба жөнелуі де
оған  ұқсамайды.  Олар  мүсəпір  Момынның  тұңғыш  көрсеткен  сесі
екенін сезген жоқ. Қартайғандағы бұл қылығының арты неге соғарын
құдайдың өзі білсін...
 
Өзеннің  кешпе  тұсынан  салт  атты  жетектеп  Оразқұл  келеді.
Аттың  алдыңғы  аяғы  ақсап  қалыпты.  Аулаға  жақындай  берген
Оразқұлға  əйелдер  аңтарылып  үнсіз  қарап  қапты.  Оразқұлдың  осы
келе  жатқанда  жан  дүниесіндегі  аламан-тасырды,  бүгін  бұларға
қандай  қиғылық-қырғын  салатынын  əйелдер  сезген  де  жоқ.  Етігі
шылқылдаған  су,  шалбары  малмандай  болған  Оразқұл  аяңдап  ауыр
басып  əйелдерге  жақындай  беріп  бəріне  қабағының  астымен  жаман
қарады. Əйелі Бекей жік-жаппар болып:
–  Оразқұл-ау,  саған  не  болған?  Тұла  бойыңның  бəрі  су  ғой?
Немене, бөренеден айрылып қалдыңдар ма, суға ағып кетті ме?
–  Жоқ,  оттама!  –  деп  қолын  бір  сілтеді  де,  –  мə,  атты  қораға
кіргіз! – деп жүгенді Гүлжамалға ұстата салды. Өзі есікке жақындай
беріп: – Үйге кір! – деді ол əйеліне зекіп.
Кемпір  де  ере  кірейін  деп  еді,  Оразқұл  оны  табалдырықтан
аттатқан жоқ.
–  Кемпір,  жұмысың  болмасын,  жөніңе  кете  бер,  не  бар  саған
килігіп, бар, бар көзіме көрінбе!


–  Саған  не  болған?  –  деді,  ренжіп  кемпір.  –  Не  жау  тиіп қалды?
Шалдың кетісі анау, араларыңда бірдеңе болды ма?
– Бар, өзінен сұра, – деді Оразқұл.
Үйге  кіргеннен  кейін  Бекей  байының  киімін  шешіп,  үстіне  тон
жапты да, самауырды əкеліп, шай құя бастады.
– Тарт əрмен, – деді Оразқұл қолын бір сілтеп, – онан да ішетін
бірдеңе бар ма, соны əкел!
Əйелі басталмаған жартылықты алды да, стаканға құйды.
– Толтырып құй, толтырып, – деді Оразқұл бұйырып.
Стакан  толған  арақты  қағып  салды  да,  тонға  оранып,  кигізге
жантая беріп, əйеліне:
–  Бүгіннен  бастап  сен  маған  қатын  емессің,  мен  саған  бай
емеспін. Барып тұр! Жалтырат табаныңды. Бұдан былай сенің жүзіңді
көрмейтін  болайын,  бұл  табалдырықтан  аттап  баспайсың,  жаның
барда жоғал көзімнен.
Бекей  күрсініп,  кереуеттің  шетіне  барып  отырды  да,  баяғыша
булығып көз жасын жұта, жəймен:
– Тағы бастадың ба? – деді.
– Бастағаны қалай? – деді Оразқұл ақырып. – Жоғал көзімнен!
Бекей  үйден  шыға  жөнелді.  Сол  өзінің  үйреншікті  зар-
запыранына басып, бүкіл ауланы басына көтерді:
–  Жаратқан  құдай-ау,  мен  сияқты  шермендені  неге  туғыздың
екен!..
Бұл кездері Момын шал немересіне шауып келеді. Алаба қаншама
жарау ат болғанымен, о жақ, бұ жағы екі сағаттай Момын шал кешігіп
жетті. Немересін жол үстінде кездестірді. Баланы мұғалима ертіп келе
жатыр  екен.  Баяғы  Оразқұл  айтқан  бес  жыл  бойы  бір  пальтосы
иығынан  түспейтін,  белгілі  мұғалима.  Əбден  шаршап,  қалжыраған
əйелдің қазіргі қалпы да онша көз тартарлық емес. Күні бойы атасын
күтіп,  жылаған  баланың  көзі  ісіп  кетіпті.  Қолындағы  портфелін
қолтығына қысып алып, бейшара бір мүсəпір қалыппен мұғалимамен
бірге келе жатыр екен. Мұғалима əйел шалға біраз өкпе айтты. Шалда
үн жоқ, аттан түсіп басы салбырап тыңдап тұр.
–  Уақытылы  алып  қайтпайтын  болсаңыз,  баланы  бұдан  былай
мектепке  алып  келмеңіз.  Менен  қайран  шамалы,  өзімнің  де  төрт
балам бар.


Момын  шал  кешірім  сұрады,  бұдан  былай  кешікпеймін,
шырағым, жағдай солай болды, деп тағы да уəде берді.
Мұғалима  əйел  Желсайға  қайтты  да,  шал  немересін  мінгестіріп
алып үйге тартты.
Атасының алдында отырған балада үн жоқ. Бірдеңе деуге шалдың
да аузына сөз түсе қоймады.
– Қарның ашып қалды ма? – деді ол, біраздан кейін.
–  Қарным  ашқан  жоқ,  мұғалима  апай  нан  əкеп  берді,  –  деді
немересі.
– Неге үндемей келе жатырсың?
Бұл сауалға да бала үн қатпады.
Момын шал кінəлі адамша күлген болып:
–  Апырым-ай,  мұнша  өкпешіл  болармысың?  –  деп  баланың
басындағы кепкасын алып, айдарынан бір иіскеді де, қайта кигізді.
Бала бұрылған жоқ.
Екеуі  де  үнсіз-түнсіз  жадау,  жабырқау  келе  жатты.  Жұлқына
алыса тартқан алабасқа шал ерік бермеді, жайдақ аттың үстінде қатты
жүріс ыңғайсыз, енді асығатын не қалды. Болар іс болды ғой.
 
Тізгінін қайта-қайта  тарта  берген  соң,  ат  та  түсініп,  жол  жорға,
бөкен  желіске  салды.  Анда-санда  бір  пысқырынып  тепсініп  қойып,
қалыпқа  түсіп  алды.  Шіркін,  осындайда  аттың  үстінде  жалғыздан-
жалғыз келе жатып, өзіңмен өзің ыңылдап өлең айтқан қандай рахат.
Адам жалғыз кезінде неше түрлі əн қозғап қиялға түспей ме? Өзінің
өткен өміріне ой жіберіп, бір кезде сүйгенін, сүйсінгенін есіне алады.
Ақталмаған  арманы,  көз  алдынан  өтеді.  Кейде  адам  баласы  қол
жетпеген қуаныш, ұстатпай кеткен бақытына күрсіне, күйіне, телміре
ой  тастағанымен,  соның  болғанының  өзіне  іштей  қуанады.  Пенде
деген  қызық  қой,  неге  өйтетініне  өзі  де  түсінбейді.  Шамасы  адам
мұның  бəрін  ойға  алғанда,  өзінің  кім  екенін  түсінгісі  келетін  болу
керек.
Жүрісі жайсаң, жақсы ат – адамның жан серігі қашан да...
Момын  шал  немересінің  желкесіне  қарап,  оның  қалқан  құлақ
қылқиған  мойнын  зерлей  мұның  жас  басынан  қаяулы  өмірі  есіне
түседі. Басқа дүниемен ойы жоқ, осы кішкентай ғана бейкүнə сəбидің
тағдыры  шалды  көп  ойландырады.  Өз  басынан  өткен  ауыр  тірлік,
азапты еңбек қайғы-қасіреттің бəрінен қалған белгі осы жұдырықтай


бала. Мұның да бұдан басқа сүйеніші жоқ. Суға кеткен тал қармайды
дегендей,  көзінің  қарашығы  да,  қолына  ілінер  талшығы  да  осы.
Əйтеуір  осыны  аяқтандырып,  халық  қатарына  қосса  жарар  еді-ау.
Жаман  айтпай  жақсы  жоқ,  ертең  өзі  көз  жұмса,  жанашыр  маңында
ешкім қалмаса, бұл бейбақтың халі не болмақ? Жүгерінің собығындай
болып алып осы бастан мінез көрсететінді шығарған. Бейшара несіне
жетіседі,  мұның  халінде  бетегеден  биік,  жусаннан  аласа  тірліктен
басқа  не  бар...  Анау  Оразқұл  сияқтанғандар  мұны  иттің  етінен  жек
көреді. Қолына түссе ақбөкеннің ылағындай қасқырша талауға дайын.
Осылай  келе  жатқанда  Момын  шалдың  есіне  əлгі  əзірде  көз
алдынан  жалт  беріп,  атыла  жөнелген  маралдардың  бейнесі  елестеді.
Сол  сəттегі  қуанышы  қайтадан  есіне  түсті.  Адам  таңданғанда
қуаныштың не екенін де аңғармай қалады екен.
– Балам, мен саған бір жаңалық айтайын ба? Маралдар келді ғой,
маралдар, – деді атасы.
Бала серги артына жалт қарады.
– Рас па?
– Рас болғанда қандай! Өз көзіммен көрдім. Үшеу екен.
– Олар қайдан кепті?
– Шамасы, осы асудың ар жағынан келген-ау. Ол жақта да орман
бар ғой. Мына күз жазға бергісіз болып тұр ғой, асуда қар жоқ, содан
өткен-ау деймін. Жарықтық, бізге бір қонаққа келген болу керек.
– Енді олар қайтып кетпей ме?
–  Қайдан  білейін,  мекен  ұнаса  қалып  қоюы  да  ғажап  емес.  Тек
үркітіп алмау керек. Құдайға шүкір, жайылым деген жетеді. Үш марал
түгіл  мыңдап  жатса  да  жер  кең  ғой...  Баяғы  Мүйізді  Бұғы  ананың
заманында  бұл  маңайда  марал  деген  үйір-үйірімен  шұбырып  жүреді
екен...
Мына  жаңалықты  естігеннен  кейін  баланың  ашуы  тарқай
бастағанын, бағанадан бергі ренішін ұмытқанына мəз болған шал тағы
да  Мүйізді  марал  жайлы  əпсанасын  бастады.  Өзі  айтып  келе  жатқан
ертегіге өзі іштей сеніп, дəл осындай бақытты болу, айналаңдағының
бəрін  де  бақытты  ету,  қандай  рахат  ə  деген  ойға  келді.  Өмір  бойы
солай  өтсең,  міне,  қазір  дəл  осы  сағаттағы  көкірек  кернеген  қуаныш
толастамаса  ғой.  Əттең,  дүние,  қазір  ойлап  кетсең  көңіліңді  мұң
басады.  Өмір  деген  қызық,  бақытты  болдым-ау  дегеніңде  қайғы-
қасіреттің  қай  жағыңнан  шыға  келгенін  байқамайсың,  бұл  да  бір


тағдырдың  талқысы  да.  Міне,  қазір  немересін  алдына  алып,  көңілі
марқайып  келе  жатқан  шалдың  ойына  кенет  Оразқұл  не  қып  жатыр
екен? – деген ауыр ой түсті. Сорлы шалды қандай азап-қорлық күтіп
тұрғанын кім білсін? Айтқанын істемей кеткен шалға қандай сұмдық
айып-кінə  тағып,  не  бұйырар  екен?  Оразқұл  шалдың  бүгінгісін  тегін
қалдырмайды,  əйтпесе  Оразқұлдың  Оразқұл  болмағаны  да.  Бүгін
қызының  басына  түсер  ауыр  тауқымет  қайғыны  өз  басына  келер
қорлық  балағаттарды  ойламау  үшін  Момын  шал  немересіне  тағы  да
маралдардың  киелі  қасиетін,  желдей  жүйріктігін,  сұлу  сыпайлығын,
мейірбандығын баяндап кетті.
Баланың көңілі де жадырап сала берді. Əрине, қазір үйге келгенде
қандай  сойқанның  үстінен  шығары  мұның  үш  ұйықтаса  түсіне
кірмейді. Атасының ертегісін тыңдап, алыс арманды ғажайып дүниеде
келе жатыр. Көзі жайнап құлағына дейін қызарып кетіпті. Ойпырм-ай,
маралдар келген екен ғой? Атам өмірі өтірік айтпайды. Мүйізді Бұғы
ана  бабаларымыздың  жасаған  кінəсін  кешірген  екен,  ең  ақырында
өзінің  ұрпақтарына  баяғы  ата  мекен  Ыстықкөл  тауларына  оралуына
рұқсат  етіпті.  Бұл  жолы  келген  үш  марал,  дейді  атасы,  –  жердің
жағдайын  білуге  жіберілген  өкілдер  болу  керек.  Егер  бұлар  ұнатса,
бəрі де ата мекенге оралады.
–  Ата,  –  деді  бала,  шалдың  сөзін  бөліп,  –  мүмкін,  Мүйізді  Бұғы
ананың  өзі  де  келген  шығар?  Өйткені  ол  бəрінен  ақылды,  бəрінен
естияр  болғасын  өзі  көріп,  көзі  жеткен  соң  балаларын  шақыратын
шығар?
–  Мүмкін,  мүмкін,  –  деді  Момын  шал  екі  ұшты.  Содан  кейін
іштей қысылып үндемей қалды. – Тым тереңдеп кеттім бе. Осы балам
шынымен-ақ  менің  айтқанымның  бəріне  құдайдай  сенеді-ау,  ə?
Мүйізді  Бұғы  ана  бұл  баланың  ойынша  əлі  тірі  сияқты.  Ал  енді  ол
баяғыда  өліп  қалды  деуге  Момын  шалдың  аузы  бармады.  Айтқанмен
мұның сенетін түрі жоқ. – Мүмкін, мүмкін, балам, сол Мүйізді Бұғы
ананың өзі шығар кім біледі өзі шығар...
–  Ендеше,  оны  біліп  алайық.  Онда,  ата,  сол  сіз  көрген  жерге
барайық, мен де көрейін де, – деді бала.
– Ay, олар бір жерде мызғымай тұрмайды ғой.
– Тұрмаса ізін кесіп тауып аламыз. Бəрібір жүрген жерінде іздері
қалады ғой? Үркітпей, шошытпай, көреміз де қайтамыз. Сонда олар, ə,
бізге адам баласы тимейтін болған екен дейді.


–  Баламысың  деген,  ə?  –  деді  шал  мұртынан  күліп.  –  Əуелі  үйге
жетіп алайық, қалғанын көрерміз.
Бұлар  қорықтағы  үйлеріне  ауланың  сырт  жағынан  келе  жатты.
Осы  жағынан  келгенде  үйлердің  өзі  теріс  қарап  тұрған  адам  сияқты.
Мелшиген  үш  үйдің  ішінде  не  болып,  не  қойып  жатқаны  белгісіз,
тым-тырыс.  Аула  ішінде  де  қыбыр  еткен  тірлік  белгісі  жоқ,  қаңырап
тұр.  Əлде  бір  сойқанды  сезгендей  Момын  шалдың  жүрегі  лүпілдеп
қоя берді. «Не болып қалды екен? Оразқұл тағы  да  сор  маңдай  қызы
Бекейді  таяққа  жығып  тастады  ма,  кім  білсін?  Əлде  мас  боп  сілейіп
жатыр  ма  екен?  Мұнша  тым-тырыс  бола  қалғаны  қалай?  Ауланың
ішінде тірі жан көрінбейді ғой?» «Əйтеуір тиыштық болса əлгі қарғыс
атқан  бөренені  судан  шығарып,  Оразқұлсыз-ақ  өзім  реттер  едім.  Сол
бəлемен  байланыспай-ақ  қояйын.  Не  ғылса  о  ғылсын,  ерік  өзінде,
есекке сен есексің дегенге ол мойындай ма?» – деді ішінен шал.
Момын ат қораға жақындай берді.
– Ал, түсе  ғой,  үйге  келдік  деген  осы,  –  деді  шал  алыс  сапардан
оралған адамша өзінің қобалжыған көңілін балаға сездіргісі келмей.
Бала  аттан  қарғып  түсіп,  портфелін  бұлғақтата  үйге  тұра  жүгіре
бергенде Момын шал оны тоқтатып:
– Тұра тұр, бірге барамыз.
Алабасты ат қораға кіргізіп болды да, баланы қолынан жетектеп
үйіне қарай беттеді.
–  Сен,  балам,  байқа,  –  деді  атасы.  Егер  маған  жекіріп  ұрыса
бастаса,  сенің  ісің  болмасын,  тыңдамай-ақ  қой  ондайды.  Ештеңеден
қорықпа. Сен сол мектептен қалмауды білсең болды.
Бұлар  үйге  келгенде  жаңағыдай  қауіптің  нышаны  білінбеді.
Кемпір  шалға  біраз  кінəлай  қарап  отырды  да  астыңғы  ернін  тістеп
алып,  қолындағы  көктеп  отырған  дүниесімен  əуре  бола  берді. Атасы
да кемпірге үндеген жоқ. Сол баяғы əлденеге сезіктенгендей қабағын
қарс  жапқан  күйі  сəл  тұрды  да  пештің  үстіндегі  зерен  табақтағы
кеспені  алып,  нан  турап,  қасық  салып  баласымен  екеуі  тамаққа
кірісті.
Үн  шығарған  ешкім  жоқ.  Кемпір  де  бұларға  қарамады.  Оның
əжімді  сұп-сұр  бетіндегі  ашуды  аңғару  қиын  емес.  Бір  сойқан
болғанын  бала  іштей  сезіп  отыр.  Бірақ  қариялар  бір-біріне  үн
қатпады.


Осы бір ауыр үнсіздік баланы бір қорқынышқа бөлегендей ішкен
асы тамағынан зорға өтіп отыр. Дүниеде тамақ ішкенде жұрттың үн-
түнсіз,  бір-біріне  сұстана  сезіктене  қарағанынан  ауыр  ештеңе  жоқ.
«Мүмкін,  біз  екеуміз  кінəлі  шығармыз?»  –  деді  бала  ішінен,
портфеліне  қарап.  Портфель  терезенің  алдында  жатқан.  Баланың
жүрегі  жылжып,  терезенің  алдына  барып,  өзінің  портфелімен
сыбырлап сөйлесе бастады.
Сен  бірдеңе  білесің  бе,  өзің?  Атам  неге  сонша  мұңайып  отыр?
Бұл  кімге  кінəлі  боп  қапты?  Бүгін  неге  кешігіп  барды  бізге?  Алабас
атты  жайдақ  мініп  барғаны  қалай?  Бұрын-соңды  мұндай  болған  жоқ
еді  ғой?  Мүмкін,  орманда  маралдарды  көрген  соң  кешігіп  қалған
шығар?.. Мүмкін, марал түгіл шайтан да жоқ шығар? Жалған жоқ боп
шықса  қайтеміз?  Ойпырм-ай,  ондайдың  беті  аулақ.  Бірақ  өзі  айтқан
жоқ  па  бəрін  де.  Егер  атам  екеумізді  алдаса,  ең  алдыменен  Мүйізді
Бұғы ана ренжиді ғой?..»
Тамақ ішіп болғаннан кейін Момын атасы балаға баяу үнмен:
–  Қалқам,  сен  аулаға  шыға  бер,  бір  шаруа  бар,  қазір  маған
көмектесесің, өзім шығам, – деді.
Бала  құлақ  қақпай  тысқа  шықты.  Табалдырықтан  аттай  бере
кемпірдің шалға:
– Сен қайда барасың? – деген үні естілді.
–  Ана  бөренені  əкелем.  Бағана  өзеннің  ортасында  қалып  қойды
ғой? – деді Момын.
– Ə, ə... Енді есіңе, түсті ме? – деді айқайлап кемпip. – Есуас-ау,
сен  алжығанда  бір  шайнам  ақыл  болсайшы,  бар  ана  қызыңның  не
болып жатқанын көр! Жаңа Гүлжамал үйіне əкелді. Сенің ол есерсоқ
бедеу  қаншығың  кімге  керек  еді?  Бар  енді,  кім  болғанын  енді  өзі
айтсын. Байы үйінен бұралқы иттей қып қуып шықты.
Енді қайтейік, қуса қусын, – деді күйініп Момын.
–  Сөзін  қарашы!  Сен  өзің  кім  едің?  Қыздарың  шетінен  сайқал,
солардан  қалған  мына  жетімек  немереңнен  бір  əулие  шығады  деп
жүрмісің? Жетісерсің, осы үшін жек көрінішті боп нең бар еді, сенің?
Алды-артыңа  қарамай  алабасқа  міне  жөнелгеніңді  айтшы-ей?  Ондай
жүрек  саған  қайдан  пайда  болды?  «Арыстан  əліңді  біл,  құмырсқа
жолыңды  біл»,  –  дегенді  ескеретін  күнің  бола  ма?  Кіммен  айқасып
жүрсің... Ол сенің мойныңды тауықтың мойнындай бұрап алады. Сен
шірікке  ашу  қайдан  пайда  боп  жүр?  Осынша  ерлікті  бүгін  саған  кім


берді.  Ана  жүзі  қара  қызыңды  бұл  үйге  ертіп  келуші  болма!
Табалдырығымнан аттатпаймын...
Бала қораның ішінде əрі-бері мұңайып жүріп алды. Үйдің ішінен
кемпірдің айқайы келіп жатыр. Кенет есік ашып жабылғандай болды,
Момын шал жүгіре шықты. Сейдахметтің үйіне беттей бергенде, оны
есіктің алдынан Гүлжамал қарсы алды.
–  Қазір  бармай-ақ  қойыңыз,  кейін,  –  деді  ол  Момынға.  Шал
абыржып  тұрып  қалды.  –  Жылап  отыр.  Көкала  қойдай,  сабап
тастапты. Енді бұдан былай бірге тұрмаймыз, кет деп қуып шығыпты.
Бар  қарғысты  сізге  үйіп-төгіп  жатыр.  Бəріне  əкем  кінəлі  деп
маңдайын төбелеп отыр, – деді сыбырлап Гүлжамал.
Момында үн жоқ. Не айтарсың? Ең ар жағы іштен шыққан қызы
да мұның жүзін көргісі келмейді.
–  Оразқұл  үйінде  араққа  батып  жатыр.  Хайуанның  аты  хайуан
емес пе, – деді тағы да сыбырлап Гүлжамал.
Екеуі де біраз үнсіз тұрды. Гүлжамал жаны аши күрсініп:
–  Ертерек  Сейдахмет  келсе  екен,  бүгін  жету  керек  еді.  Ана
бөренені бірге шығарып, көзін жойғандарың жақсы болар еді.
– Бөренеде не тұр дейсің, шырағым, – деді Момын басын шайқап.
Біраз ойланып тұрды да, жанындағы немересіне қарап. – Айналайын,
бар ойнай бер.
Бала  өз  жөніне  кетті.  Сарайға  барып  жасырып  қойған  дүрбісін
алды.  Шаңын  сүртіп,  өзінше  мəз.  «Жағдай  онша  емес,  –  деді  ол
мұңайып дүрбіге, – шамасы бəріне біз портфель екеуміз кінəліміз-ау.
Басқа  бір  мектеп  болса  портфель  екеуміз  сонда  кетер  едік.  Ешкімге
көрінбей  жоғалып  кетсек  жақсы  болар  еді.  Бірақ,  атам  сорлы  бізді
іздеп  зар  қағады  ғой.  Егер  біз  кетіп  қалсақ,  сен  ақ  кемені  кіммен
қарайсың?  Немене  мен  балық  боп  кете  алмайды  дейсің  бе?  Сол
кездері  сен  қарап  тұрсаң  қызық  болар  еді.  Ақ  кемеге  менің  жүзіп
барғанымды көресің ғой, ə?..»
Бала  пішеннің  ар  жағына  шығып,  жұрттан  жасырынып,
дүрбісімен  айнала  қарап  отырды.  Өзі  көңілсіз  болған  соң  көп
қарамады.  Былайғы  күндері  қараудан  шаршамайсың,  қоңыр  күз,
түнерген күз орманы, анау биікте ақша қар, етегі болса алқызыл өрт,
қандай тамаша.
Бала  дүрбісін  орнына  апарып  қойды  да,  сарайдан  бері  шыға
бергенде атқа ертоқымын салып қамыт кигізіп, жетектеп келе жатқан


атасына  көзі  түсті.  Ол  өзеннің  өткеліне  қарай  беттеп  барады  екен.
Бала  атасының  соңынан  ұмтыла  бергенде,  мұны  Оразқұлдың  айқайы
тоқтатты.  Көйлекшең  тон  жамылған  Оразқұл  үйінен  атып  шыққан.
Бет-аузының бəрі арам өлген сиырдың желініндей ісініп кеткен.
–  Əй,  қақбас,  –  деді  жекіре  айқайлап  Момынға,  –  атты  қайда
апарасың?  Қайт  бері,  орнына  байла!  Сенсіз  де  шығарып  аламыз.
Жұмысың болмасын. Сенің енді бұл жерде барыңнан жоғың. Бүгіннен
бастап қызметтен босаттым. Қайда барсаң онда бар.
Атасы ызалы мырс етті де атты жетектеген күйі қайтадан қораға
беттеді.  Қас  пен  көздің  арасында  шал  бұрынғыдан  да  қартайып,
бұрынғыдан  да  кішірейіп  шөгіп  кеткендей  болды.  Сол  тырп-тырп
басқан күйі, ешкімге қарамастан кетіп бара жатыр.
Бала  атасының  бұл  көрген  жəбіріне  шыдай  алмай,  көз  жасын
ешкімге  көрсетпеу  үшін  өзеннің  жағасына  қарай  жүгіре  жөнелді.
Жалғыз  аяқ  жолды  еміс-еміс  көреді,  өйткені  көзінен  жас  парлап  еш
нəрсені  аңғарар  емес.  Міне,  өзінің  жасынан  тату,  танық  «қасқыр»,
«ерттеулі  ат»,  «Танк»,  «Шөккен  түйелері»,  бала  оларға  үндеген  жоқ.
Бəрібір бұлар ештеңеге түсінбейді, сол жатқан қалыптарынан басқа не
біледі?  Бала  «түйесінің»  өркешінен  құшақтап,  күңірене-күйіне
жылады. Көпке дейін өксігін баса алмай зорға дегенде тыйылды.
Біраздан  кейін  басын  көтеріп,  көзінің  жасын  сүртіп,  қарсы
алдына қарағанда өз көзіне өзі сенбей мелшиіп қалды.
Дəл қарсы алдында өзеннің арғы бетінде су жағасында үш марал
тұр  екен.  Кəдімгі  марал.  Tipi,  жаңа  ғана  су  ішіп  қанған  сияқты.
Ішіндегі үлкендеуі тағы да суға мойнын қойып, сіміріп жатыр. Судың
бетінен  айнаға  қарағандай  өзінің  шаңырақ  мүйізінің  көлеңкесін
көріп,  қызыға  ма,  бас  алмайды.  Өзі  қара  бурыл,  кеудесі  есіктей
бəрінен ірі, басын судан жұлып алғанда жүндес ақшыл еріндерінен су
тамшылап  тұрды.  Шаңырақ  мүйіз  еркек  бүғы  құлағын  қайшылап
балаға қадала қарады.
Əсіресе, мүйіздері де анадай жіңішке екі бүйірі шығыңқы ақ бұғы
балаға  бəрінен  көп  қадалды.  Мүйізі  шағын  болғанмен,  сондай  əдемі,
əсем.  Өзі  мұндай  сұлу  болар  ма?  Баланың  ойындағы  Мүйізді  Бұғы
анадан айнымайды. Тостағандай көздері тұп-тұнық мөлдіреп тұр. Өзі
жыл  сайын  құлындайтын  мама  биедей  көнтерлі  кең  сауыр.  Осы
жалпақ бас, қалқан құлақ баланы қайда көрдім дегендей Бұғы ана ұзақ
көз  алмай  қарап  тұрды.  Жасаураған  көз  жанары  алыстан  ұшқын


шашып  тұрғандай.  Жұқа  буалдырланып  танауынан  шыққан  демі  де
көзге  шалынады.  Оның  қасында  бер  жаққа  артын  беріп  теріс  қарап
тұрған  мүйізсіз  бұзауы  талдың  сабағын  жұлмалап  өзімен  өзі.  Оның
ешнəрсемен  ісі  жоқ.  Өзі  сеп-семіз,  жұп-жұмыр.  Сергек  те  қамсыз.
Кенет  жапырақты  тастай  беріп,  секіріп  түсті  де,  анасын  иығынан
қағып  кетіп  айнала  ойнақтап,  еркелей  бастады.  Мүйізсіз  тоқал
басымен Бұғы ананың бүйіріне қасынды. Мүйізді Бұғы ана сол баяғы
қалпы, баладан көз айырмады.
Бала  тастың  тасасынан  бой  көтеріп  барлық  дүниені  түсінде
көргендей  демін  ішіне  тарта,  екі  қолын  алдына  ұмсына  жайып,
жағаға, су бойына жақындай берді. Маралдар мұнан сескенген де жоқ.
Сол  бей-жай  тұрған  қалыптарында  арғы  беттен  балаға  қадалған
күйінде.  Астындағы  дөңбек  тастардан  асыла  аптығып  шымырлай
қайнап  ағып  жатқан,  көк,  мөлдір  өзен  бұлардың  арасын  бөліп  тұр.
Əттең  адуын  ағып  жатқан  осы  өзен  болмаса,  бала  алдақашан  барып
маралдардың  əукесінен,  арқасынан  сипап  тұрмас  па  еді.  Маралдар
құм  қиыршақ  қайыр  алаңда  тұрған-ды.  Сол  алаң  аяқтала  бере  əрі
қарай күздің қазан суығы шалған орман реңі қара қошқыл жалындай
көз  тартады.  Одан  биікте  жарқабақтан  басталатын  сыңсыған  қайың-
қарағайдың  алтынмен  аптағандай  жалқын  сары  жапырағы  жанардың
жауын  алады.  Жыныс  орман  ұзақ  өрлей  отырып  қарлы  шың  жабайы
жартастардың алқымына барып тіреледі.
Бала  бір  сəт  көзін  жұмды  да  қайтадан  ашты.  Əлгі  көрініс  қаз
қалпында.  Жалын  жапырақты  тоғайдың  бергі  етегіндегі  алаңда
атасының ертегісіндегі маралдар əлі тұр. Бұл не деген ғажап көрініс.
Міне,  олар  бұрылды  да,  бірінің  соңынан  бірі  қаз-қатар  тізіліп
орманға  беттеді.  Алдында  ата  марал,  opтасында  арда  бұзау,  ең
соңында  Мүйізді  Бұғы  ана.  Ең  соңындағы  бұғы  ана  балаға  бұрылып
тағы бір қарады. Маралдар тоғайдың ішіне кіре, əрмен қарай жылжи
берді.  Олардың  үстінен  ағаш  бұтақтары  шайқалып  арқаларына  ал
қызыл жапырақтар жауып барады.
Содан кейін ол жалғыз аяқ соқпақ жолмен жар басына көтеріліп
барды  да,  тағы  тоқтады.  Баланың  ойынша  маралдар  тағы  да  осыған
қарағандай боп сезілді. Ата марал мойнын бір созып алды да мүйізін
арқасына қайыра «Бао-бао» деп мөңіреп қоя берді, осы алып үн анау
шың жартастарды жаңғыртып, бүкіл өзен бойын күңірентіп «a-о, а-о»
– деген жаңғырық бар əлемді басына көтерді.


Сонда  ғана  барып  бала  есін  жинады.  Алды-артына  қарамастан
өзіне  белгілі  жалғыз  аяқ  жолмен  үйге  қарай  жүгіре  жөнелді.
Жанұшырып  келеді.  Аулада  ешкімге  бұрылуға  мұрша  жоқ,  ентіккен
күйі есікті шалқасынан ашып, табалдырықтан аттамай жатып:
– Ата, маралдар келді, маралдар! Бəрі осы жерде жүр, – деді жан
даусымен.
Еңсені  басқан  мұң-хасіреттен  есеңгіреп  бұрышта  үнсіз  отырған
Момын  атасы,  немересіне  бір  қарады  да,  мұның  не  айтып,  не  қойып
тұрғанына түсінбеген кісідей, мелшиіп қала берді.
–  Немене  сонша,  айқайлағаның,  келсе  келген  шығар,  əзір  марал
түгіл  аспаннан  əулие  түссе  де  оған  қарар  жай  жоқ,  –  деді  кемпір
жекіріп.
Бала  үн-түнсіз  далаға  шықты.  Ауланың  ішінде  тірі  жан  жоқ,
күздің аласа күні Қарауыл тауынан əрі асып, жалғас жатқан жалаңаш
жартасты  тауға  құлап  барады  екен.  Қою  суық  сəуле  тау  жоталарын
күмістей көмкере көлбейді. Батып бара жатқандағы шашыранды сəуле
тау шоқыларын ғана шалады. Орман болса қарауытқан кеш құшағына
еніп бара жатты.
Салқын соқты Қарлы шыңдардың жалаң желінің лебі келеді. Бала
тоңа бастады. Тұла бойы түршігіп-тітіреніп қоя берді.
6
Төсекке  жатқанмен  жылынбады,  сол  денесі  түршіккен  бойы
біразға дейін ұйықтай алмады. Аула іші де алдақашан қараңғы. Басы
сырқырап  барады.  Бірақ  бала  ешкімге  тіс  жармады.  Мұның
сырқаттанып  қалғанын  білген  жан  жоқ.  Бəрі  де  баланы  ұмытқан.
Баспақ түгіл бас қайғы болып жатқанда оны қайтсін.
Атасы  болса  жынынан  айырылған  бақсыдай  өзін  қоярға  жер
таппай жан таласып жүр. Үйге бір кіреді, бір шығады. Кейде бұрышқа
барып  анда-санда  бір  күрсініп  мұңайып  отырады  да  тағы  шығып
кетеді.  Əйтеуір  байыз  таппайды.  Кемпірдің  аузында  тыным  жоқ,
айналдырғаны осы шал. Бұл да бір кіріп, бір шығып жортып жүр. Аула
ішінде  əлдекімдердің  түсініксіз  сөзі,  шаңқылдаған  үні  естіледі,  əрлі-
берлі асығыс жүрістері аңғарылады. Əйтеуір тегін емес, ұрыс-керістің
де  сыңайы  байқалады,  шамасы  Оразқұл  бүлдіріп  жатыр-ау,
əлдебіреудің булығып жылаған үні де келеді...
Бала  бүлк  етпестен  жатыр,  үйдің  ішіндегі  бүгінгі  берекесіз,
көңілсіз көрініс, сырттағы əрлі-берлі жүріс, айқай-шу əбден титығына


жетті. Үйдің ішінде де береке жоқ.
Бала көзін тарс жұмып алды. Мұнымен жұрттың ісі болмағанын,
мұны  бəрі  ұмытқанын,  үйдің  ішінде,  аулада  болып  жатқан  оқиғаның
бəрін жиып қойды да, өзінің көптен бергі арман етіп жүргеніне бүгін
кездескенін  тағы  да  көз  алдына  елестетті.  Міне,  өзеннің  жағасына
келіп  тұрды.  Судың  ағысына  көз  ілеспейді.  Ұзақ  қарап  тұрсаң  басың
шыр  көбелек  айналады.  Өзеннің  арғы  бетінде  бұдан  көз  айырмай
маралдар  тұр,  бағана  күн  батар  алдында  өзі  көрген  үш  марал  да  сол
орнында.  Сол  көрген-білгені  көз  алдынан  қайтадан  өте  бастады.  Су
ішіп тұрған ата марал басын көтерген шақта, оның ернінен қайтадан
тамған  тамшыға  дейін  көрінді.  Мүйізді  Бұғы  ана  баланың  барлық
жай-күйін танығандай оған мейірлене көз айырмай қадалып тұр. Көзі
тостағандай,  терең,  тұңғиық,  қандай  тамаша  десеңізші!  Байқасаң
əлденеге  елжіреп  жасаурап  тұрған  тəрізді.  Баланы,  Мүйізді  Бұғы
ананың  адамша  күрсінетіндігі,  аң-таң  қалдырды.  Көз  қарасының  өзі
мұңды,  қайғылы,  өзінің  атасындай  шерлі  көрінеді.  Тағы  да  тоғайды
аралай  жылжып  бара  жатты.  Ағаш  бұтақтары  шайқалып  олардың
арқаларына  қызылды-жасылды  жапырақтар  жауды.  Əне,  жар  қабаққа
көтерілді.  Сол  жерде  тоқтады.  Содан  кейін  ата  марал  мойнын  созып
шаңырақ  мүйізін  шалқасынан  тастап  жер  көкті  көшіре  «Бао»  «Ба-о»
деп  мөңіреп  жіберді.  Ата  маралдың  осы  үні  тау,  орман,  көл,  құзды
күңірентіп  жібергені  есіне  түсіп  бала  күлді.  Содан  кейін  маралдар
орманға  сіңіп  кетті.  Бірақ  баланың  бұлардан  қол  үзгісі  келмеді,  өз
қиялымен өзі болып қайтадан солармен қауышты.
Тағы  да  көз  алдынан  асау  өзен,  сол  баяғы  мөлдір  шымырлап
қайнаған  қатты  ағысымен  өте  бастады.  Ағысқа  қарап  тұрсаң  басың
айналады. Ол сəл секіріп қалып еді, өзеннің үстімен өте шықты. Сол
қалқыған күйі əлгі алаңда тұрған маралдардың қасына барып жəймен
түсті. Мүйізді Бұғы ана жанына шақырып:
– Қалқам, кімнің баласысың? – деді.
Балада үн жоқ. Кімнің баласы екенін айтуға ұялды.
– Мүйізді Бұғы ана, біз, атамыз екеуміз сізді өте жақсы көреміз.
Сіздің келуіңізді көптен бері күтіп жүр едік. – деді.
– Мен де сені танимын, атаңды да баяғыдан білем. Ол мейірбан,
жақсы адам, – деді Мүйізді Бұғы ана.
Баланың  қуанғаны  сонша,  Бұғы  анаға  қалай  рахмет  айтудың
жөнін таппады.


–  Мен  қазір  балыққа  айналып,  осы  өзенмен  жүзіп  отырып,
Ыстықкөлдегі  ақ  кемеге  қалай  барғанымды  көргіңіз  келе  ме?  –  деді
бала кенеттен.
Жүзу  мұның  қолынан  келетін.  Бірақ  Мүйізді  Бұғы  ана  баланың
бұл сөзіне жауап қатпады. Сосын бала өзінің жаздағы əдеті бойынша
шешіне бастады, жағадағы талдың бұтасынан ұстап абайлап суға түсе
берді. Бірақ су бұрынғыдай мұздай салқын емес екен, қайта ыстық, əрі
қайнап  жатқандай  қапырық  сезілді.  Ол  судың  астымен  көзін  жұмбай
жүзіп  келеді,  су  астындағы  алтын  рəуіштес  қиыршық  құм,  майда
тастар  ызғып  шулап  қоя  берді.  Əлденеден  тұншыққандай  қалпы  бар.
Ыстық қайнаған ағыс мұны алды-артына қаратпай алып барады.
–  Мүйізді  Бұғы  ана,  құтқар  мені,  құтқара  көр,  мен  де  сенің
балаңмын ғой? Қол ұшыңды бере көр! – деді ол бар даусымен.
Мүйізді  Бұғы  ана  мұның  ізінше  өзен  жағалап,  шауып  келеді.
Мұның жүйріктігі сонша мүйізінен желдің ысқырығы сезіледі. Мұны
көргенде баланың бойы жеңілдеп сала берді.
Қазір  қара  терге  түсіп  жатыр.  Атасының  мұндай  жағдайда
көрпені аямай жабатыны бар, өзі де қымтана түсті. Үйдің ішінде тірі
пенде жоқ. Сықсима шамның білтесі де əлсіреп сəулесі азая бастады.
Бала орнынан тұрып, су ішкісі келіп еді, ауланың ішінен тағы да бір
дөрекі  үндер,  айқай-шу  аралас  жылау-зарлау,  əлде  біреудің  біреуді
жұбатып жатқан үндері келді.
Əрлі-берлі, ерсілі-қарсылы жүргендері байқалады. Сəлден соң дəл
терезенің  алдынан  аһлап-уһлеп,  əлде  біреулер  бірін-бірі  сүйреп,
итермелеп  келе  жатқандай  көрінді.  Əне-міне  дегенше  салдыр-гүлдір
есік  ашылды,  əбден  ашуға  мініп  екі  иығынан  дем  алып  ентіккен
кемпір Момын шалды желкелеп үйге кіргізді. Атасының мұншалықты
үрейі ұшып, ес-түссіз болған жайын бала бұрын-соңды көрген емес-ті.
Шалдың  көзі  ештеңеге  қанар  емес,  əбден  есінен  адасқан  сияқты
дəнеңе білмейді. Кемпір кеудесінен бір-ақ итеріп отырғызды.
–  Отыр  енді,  отыр  деген  соң,  кəрі  қақбас!  Сен  не  бетіңмен
килігесің?  Бұлардың  жанжалын,  қанды  шайқасын  бірінші  рет  көріп
отырмысың? Килікпе, кіріспе деп саған қанша айттым! Арты тыныш
болсын  десең  араласпа,  қыбыр  етпе.  Менің  айтқанымды  істесең
өлмейсің.  Ұқтың  ба?  Ол  ең  алдымен  бізді  қаңғыртып  жібереді.  Осы
қартайған  шағымызда  кімге  барып  телміреміз?  Қуып  шығады,
кəйтесің сонда? О сормаңдай, қақбас, соны ойласайшы?


Осы  сөздерді  айтты-дағы  кемпір  жалма-жан  есікті  тарс  жауып
асыға шығып кетті.
Үйдің  іші  тағы  да  құлаққа  ұрған  танадай  тым-тырыс.  Тек  қана
атасының үздік-үздік дем алғандағы кеудесінің сырылы ғана естіледі.
Қалш-қалш  еткен  қос  қолымен  басын  құшақтап  пештің  түбінде  бір
уыс боп отыр. Кенет шал қос тізерлеп, екі қолын көкке жайып, даусы
діріл қағып, əлдекімге жалбарына бастады.
– Е, жаратқан жалғыз, неге аямайсың мені, маған арнаған ажалың
жоқ  па  еді?  Бұл  мазақ-масқараға  душар  еткенше  мені  ал-дағы,  анау
тас маңдайға бір шикі өкпе берсейші. Жұрт бетіне қарайтын менде не
қалды. Аясайшы, тəңірім, ол бейшараны. Мейірімің түсіп бір нəресте
берсейші. Мүсіркесейші бізді де...
Зар  еңіреп  жылаған  шал  орнынан  теңселе  тұрып,  үйдің
қабырғасының əр жерінен бір ұстап есікті зорға тапты. Сыртқа шықты
да,  есікті  жапты.  Сол  есік  сыртында  аузын  қолымен  басып  булыға
өксіп ұзақ жылады.
Баланың  халі  нашарлай  берді.  Тағы  да  тұла  бойы  түршігіп  тоңа
бастады.  Біресе  алабұртып  қызады,  біресе  тоңады.  Орнынан  тұрып
атасына  барғысы  келді.  Бiрақ  басы  зілдей,  көтертпейді,  аяқ-қолынан
да  əл  кетіп  ырқына  көнбейтін  сияқты.  Есіктің  сыртында  зар  илеп
жылап  тұрған  шал,  ауланың  ішінде  бəрін  қырып-жойып  жүрген  мас
Оразқұл,  таяққа  жығылып  зар  еңіреп  жүрген  Бекей,  бұларды
арашалап,  жанталаса  жалынып-жалбарынып  жүрген  Гүлжамал  мен
кемпірдің даусы.
Бала бұлардан тағы да қол үзіп, өзінің қиял əлеміне кетті. Тағы да
ағысына көз ілеспес өзен жағасына келді, арғы бетте алаңда өзі көрген
маралдар  тұр.  Оларды  көрісімен  бала:  «Уа,  киелі  Мүйізді  Бұғы  ана!
Бекей  апайға  өзіңнің  мүйізіңе  іліп  бір  бесік  əкеп  берші!  Жалынып,
жалбарынып өтінемін, осыларға бір бесік əкеп берші! Бұларда да бір
бөпе болсын да. – Сөйтіп ол судың бетімен Мүйізді Бұғы анаға қарай
жүгірді.  Бірақ  бұрынғыдай  емес  суға  батпайды,  жүрісі  де  өнбейді,
Бұғы  анаға  жақындай  алмайды,  бір  жерде  тұрып  жүгірген  сияқты.
Сонда  да  болса  Мүйізді  Бұғы  анаға  жалына,  жалбарына  берді:
«Мүйізіңе іліп осыларға бір бесік əкелші! Атам жыламайтын болсын,
соның көзінің жасын тишы. Оразқұл Бекей апайды сабамайтын етші.
Осыларды  бөпелі  етудің  жолын  тапшы.  Егер  осының  барлығын
істесең,  осылардың  бəрін  де  өзім  жақсы  көрер  едім.  Бөпелерін  өзім


тербетем.  Ең  ар  жағы  Оразқұлға  да  бұдан  былай  аға  деп  қол  беріп
жүрер едім. Бөпе берші бұларға, бесігіңді əкеп тасташы!»
Бала  ұзақтан  еміс-еміс,  үзіліп-талып  келе  жатқан  бесік
қоңырауының  үнін  естігендей  болды.  Осы  бір  үн  жақындай  берген
сияқты.  Бұғы  ана  таулар  асып,  белдер  басып  қайыңнан  жасалған
қоңыраулы  бесікті  мүйізінің  бұтағына  іліп  алып  келе  жатыр  екен.
Қоңыраудың сүйкімді, қуанышты үні анық жақындап қалды. Бұғы ана
да  асығып  келеді  екен.  Міне,  келді,  келді,  əне  көрінді...  Əне
қоңыраулы бесік...
Ау,  не  боп  кетті?  Осы  қоңыраудың  үніне  алыстан  мотордың  үні
келіп  қабаттасты...  Бір  жақтан  жүк  машинасы  келе  жатқан  сияқты.
Машинаның  осы  үні  күшейе  берген  сайын,  қоңырау  үні  алыстап,
сыңғыр  сыры  азайып,  сəлден  соң  оны  мотор  үні  жұтып  жібергендей
жоқ болды.
Темірі  теміріне  соқтығысып  аулаға  салдыр-гүлдір  жүк
машинасының  келіп  кіргенін  бала  анық  естіді.  Ауланың  ішінен  үре
қашқан  иттің  үні  келді.  Терезеден  машина  шамының  да  сəулесі  бір-
екі  ойнап  өтті  де  жоқ  болды.  Мотор  үні  өшті,  үш-төрт  адам  бала
жатқан терезенің алдынан өтті.
– Сейдахмет келді, əбден зарықтырдың-ау, – деген Гүлжамалдың
қуанышты  үні  естіліп,  күйеуіне  қарай  жүгіріп  бара  жатқаны
байқалды.
– Сəлеметсіздер ме! – деді оған бейтаныс біреулер.
– Иə, не боп жатыр? – деді Сейдахмет.
–  Не  болушы  еді,  əйтеуір  аманбыз.  Бұл  немене  соншама
түнделетіп жүргенің?
–  Осының  өзіне  шүкіршілік  ет.  Совхозға  зорға  дегенде  жеттім.
Əрі-бері машина күте-күте, қанша уақыт өтті. Мынау тұрған Желсайға
жетудің өзі машақат болды. Сонымен əйтеуір жолың болғыр мыналар
осында  ағаш  алуға  келе  жатыр  екен,  жақсы  болды.  Түн  баласында
біздің шатқалмен жүру оңай ма, тастай қараңғы, жолдың сырын өзің
білесің ғой, жеттік-ау итшілеп – деді Сейдахмет.
– Оразқұл қайда, үйінде ме? – деді келгендердің біреуі.
– Үйінде, – деді күмілжіп Гүлжамал – аздап сырқаттанып қалды.
Абыржымай-ақ  қойыңдар,  біздің  үйге  қонарсыздар,  орын  жетеді,
жүріңіздер кəне үйге таман...


Бұлар  алға  қарай  қозғала  берді.  Бес-алты  қадам  жүрді  де  тағы
тоқтады.
– Ассалаумағалайкүм, ақсақал, қуатты барсыз ба, бəйбіше?
Келгендер  Момын  атамен,  кемпірмен  амандасты.  Шамасы,  аула
ішінде  жүргендер  келген  бөгде  кісілерден  ұялса  керек,  ештеңе
болмаған  адамдай  абыр-сабыр  қарсы  алған  болып  жатыр.  Мүмкін,
Оразқұл  да  ұялар  бұлардан?  Жұрттың  көзінше  өзін  де  өзгені  де
масқара ете қоймас.
Баланың  жүрегі  аздап  орнына  түсті.  Бұрынғыдан  шамалы  бойы
жеңілдеген  сияқты.  Басының  да  сырқырауы  азайды.  Осы  орнымнан
тұрып қандай машинамен келді екен, бұлар төрт дөңгелекті ме, алты
дөңгелекті ме, жаңа ма, ескі ме, соны білсем бе екен, деген ойға келді.
Жетегі қандай екен бұл машинаның?
Бір  жолы,  көктемде,  қорымға  бір  əскери  жүк  машинасы  келген.
Дөңгелегі  биік,  алдыңғы  жағы  да  шорт  кескендей  қызық  көрінетін.
Шофері солдат жас жігіт, болатын, ол балаға кабинаға отыруға рұқсат
еткен.  Тамаша.  Иығында  алтын  погоны  бар  əскери  адам  Оразқұлмен
бірге орман аралаған. Бала неге екеніне түсінген жоқ, өйткені бұрын-
соңды бұл жерге мұндай адамдар келмейтін.
– Немене, шпион іздеп жүрсіңдер ме? – деген бала солдаттан.
Солдат мырс етіп:
– Əрине, шпион іздеп жүрміз.
–  Бізге  əлі  бірде-бір  шпион  келіп  көрген  жоқ,  –  деді  бала
өкінішпенен.
Солдат күліп жіберді.
– Саған шпионның керегі не?
– Мен оны ізіне түсіп жүріп ұстап алатын едім ғой.
– Мынаның мықтысын қарай гөр, ондайға əлі жассың, ең алдымен
жігіт болу керек.
Осылайша  –  алтын  погоны  бар  əскери  адам  Оразқұлмен  орман
аралап кеткенде, бала шофермен біраз əңгімелескен.
–  Мен  барлық  машинаны,  барлық  шоферлерді  жақсы  көремін,  –
деді бала.
– Оның себебі не? – деді шофер қызығып.
–  Машина  деген  жақсы  ғой,  əрі  тез  жүреді,  əрі  күшті,  сонсоң
бензиннің де исі тамаша. Шоферлардың барлығы да жас жігіттер, бəрі
де Мүйізді Бұғы ананың балалары ғой.


– Не дейді, не дейді мынау? Мүйізді Бұғы ана дегенің немене? –
деді түкке түсінбей солдат.
– Ay, сен білмеуші ме едің?
–  Жоқ,  шырағым,  мұндай  ғажайып  наманы  өмірімде  естіген
жоқпын.
– Сен өзің кімсің сонда?
–  Мен  қазақпын.  Қарағандыда  туғанмын,  шахтерлер  мектебінде
оқығанмын.
– Жоқ, сен кімнің баласысың, соны айтшы?
– Əке-шешемнің баласымын.
– Олар кімнің баласы?
– Олар да өз əке-шешесінің баласы.
– Ал, олардың əке-шешесі кімнің баласы?
–  Шырағым-ау,  сен  бұлай  сұрай  берсең,  дүниенің  түбіне  жете
алмассың.
– Ал мен болсам Мүйізді Бұғы ананың балаларының баласымын.
– Оны саған кім айтты?
– Атам айтқан.
–  Шырағым,  мынауың  бір  шамаға  соқпайтын  дүние  екен,  –  деді
солдат балаға басын шайқап.
Дегенмен,  ол  мынау  қазан  бас,  қалқан  құлақ  баланың  неге
Мүйізді  Бұғы  ананың  балаларының  баласымын  дегенін  білгісі  келді.
Солдат  өзінің  түпкі  руы  былай  тұрсын,  ең  ар  жағы  сауаттының  бəрі
жатқа соғатын жеті атасына дейін білмейтінін сезді де, іштей ұялды.
Ол өзінің əкесін, атасын, бабасын ғана біледі екен. Одан арғысы қайда
барып соғады? Беймəлім.
–  Ау,  немене,  саған  ең  ар  жағы  жеті  атаңның  атын  да  үйретпеді
ме? – деді бала.
–  Үйреткен  жоқ.  Оның  керегі  не?  Ештеңе  білмесем  де  келіп-
кетері шамалы, маған бəрі бір. Онсыз да жағдайым жаман емес.
– Өз ата-бабасын білмеген адам оңбайды дейді, менің атам.
– Неге оңбайды? Сонда біз бе оңбайтын?
– Əрине.
– Не үшін сонда?
–  Ата-бабасын  білмеген  адам  жамандықтан  жиіркенбейді,  кейін
олардың  балаларының  балалары  да  барлық  ұрпағы  да  нашар  боп


кетеді,  жақсылыққа  жаны  құмарлар  азаяды,  ата-бабасының  əруағын
сыйлап, жақсы ісін алға апарушылар жоғалады дейді, – атам.
–  Па,  шіркін,  сенің  атаң  да  мықты  екен,  –  деп  мəз  болып  күлді
солдат.  Қандай  ғажайып  адам.  Сенің  мына  қазан  басыңды  түкке
аспайтын  дүниемен  толтырып  біткен  екен.  Мына  қалқан  құлағың
біздің полигондағы локатордан айнымайды. – Мұндайды көп тыңдай
берме,  шырағым.  Космосқа  ұшып,  коммунизмге  бара  жатқан
халықпыз.  Атаңның  берген  сабағының  түрі  мынау  болса,  не  оңасың?
Біздегі  саяси  сабаққа  атаңды  тарту  керек  екен.  Сонда  оның  көзі
ашылады.  Ертең  сауатыңды  ашып,  жігіт  болған  кезіңде  атаңның  қол
астынан кеткейсің. Ол қанша дегенмен мəдениеттен жұрдай, қараңғы
адам ғой.
–  Жоқ,  мен  атамның  жанынан  ешжаққа  кетпеймін.  Ол  тамаша
адам, – деді бала бұған көнбей.
– Əрине, қазір саған солай көрінеді, кейін өзің түсінерсің.
Қазір  аула  ішіндегі  дабырласып  сөйлескендердің  үнін  естіп
жатқан  баланың,  сол  бір  əскери  машинаның  шоферына,  осы
маңайдағы  өзі  білетін  шоферлардың  барлығы  Мүйізді  Бұғы  ананың
ұрпақтары екенін дұрыстап түсіндіре алмағаны есіне түсті.
Бала оған жасырмай барлық шынын айтқан. Мұның сөзінде ойдан
шығарылған дəнеңе жоқ. Өткен жылы күздің дəл осы уақытында, əлде
бұдан  сəл  кештеу  ме,  таудан  шөп  тасуға  совхоздың  машиналары
келген-ді.  Қорымның  жанынан  емес,  соған  жақындай  бере  өтетін
жолменен  Арша  ойпатына  беттеп  содан  жоғарылап  жаздыкүні
шабылған шөпке қарай тартқан. Қарауыл тауы жағынан моторлардың
үнін  естуі-ақ  мұң  екен,  бала  жол  айрыққа  қарай  тұра  жүгірген.
Машина дегенде қисап жоқ, бірінен соң бірі тізіліп кетіп бара жатқан,
шұбатылған дүние. Сонда он бес машинаны өз көзімен санаған.
Ауа райы да өлараның кезі, болмаса ертең бүгін қар жауып кетуі
ықтимал. Қар жауды дегенше бітті, жол бекітіліп қалады. Келер жылға
дейін  шөп  тартуға  аттап  баса  алмайсың.  Қар  түскенше  тартып
алмасаң,  шөп  атаулымен  қоштаса  бер.  Машина  түгіл  тышқан
жорғалай алмай қалады. Шамасы совхоз толып жатқан жұмыстармен
мұршасы  болмай,  тығыл-таяңға  келгенде  ғана  барлық  машинамен
дайын тұрған шөпті біржола тартып алуға бел байлаған сияқты. Бірақ
дəл сол ойлағандарындай болмай шықты.


Бала  бұл  жағын  білмейтін,  шынында  балаға  мұндайды  біліп
керегі не? Өзімен өзі мəз, санын шапаттап бірінші машинадан бастап
жүгіре қарсы алып, қапталдай шауып шығарып салып, одан екіншісін
де солай қарсы алып бəрін көз алдынан өткізді. Жүк машиналарының
бəрі  судай  жаңа,  терезелері  де  үлкен,  тамаша  кабина.  Ішінде  қылқаң
кескендей жас жігіттер, кейбір кабинада екеу-екеуден отыр. Бұл серік
болып  отырғандары  пішен  тиеуге  көмектесушілері.  Осы  жігіттердің
барлығы  да  баланың  көзіне  шетінен  балуан  батыр,  сұлу  сымбатты
көрінді, кəдімгі кинодағыдан айнымайды.
Бала,  шүкір  жалпы  алғанда  қателескен  жоқ,  бəрі  өз  ойынан
шыққандай,  жігіттердің  машиналары  су  жаңа,  Қарауыл  тауының
еңісін  қиғаштай  тастақ  табан  жолмен  жөңкіп  тартып  барады.
Шоферлардың көңіл-күйі деген тамаша. Ауа райы да жайсаң жайдары.
Оның  үстіне  мына  бір  қалқанқұлақ  қара  бала  əр  қайсысын  қарсы
алып, шығарып салып қуанышы қойнына симай жүр. Мұны көргенде
күлмеске, қолпаштап қол бұлғамасқа, кейде еркелей түссін деп əдейі
сұс  көрсетпеске  əддің  жоқ.  Ол  одан  сайын  жайраңдап  қолды-аяққа
тұрмайды...  Мұның  бұл  сапардағы  қуаныш-шаттығында  шек
болсайшы...
Əрі-беріден  соң  ең  арттағы  машина  баланың  мінезіне  қызықты
ма, қайдам, дəл тұсына келгенде тоқтады. Кабинадан əскери киінген,
бірақ погоны мен фуражкасы жоқ кепкелі жігіт балаға қарап:
– Үлкейдің бе, ей, сен мұнда не бітіріп жүрсің? – деді жымыңдай
көзін қысып.
– Жай əшейін, – деп бала ұяла жауап қатты.
– Сен Момын атайдың немересі емеспісің?
– Иə.
–  Өзім  де  сол-ау  деп  едім.  Мен  де  Бұғылықпын  ғой.  Жаңағы
машинаның ішінде кетіп бара жатқан шоферлардың барлығы да Бұғы
əулетінен. Шөп тасуға бара жатырмыз. Осы кездің бұғылықтары бірін
бірі  танымай  бет-бетіне  кетті  ғой.  Атаңа  сəлем  айт,  Шотбайдың
баласы  Құлбекті  көрдім  дегейсің.  Құлбек  армиядан  келіпті,  қазір
совхозда  шофер  болып  істейді  екен  де.  Ал  жарайды  енді,  –  деді  де,
балаға  қоштасарда  бір  əскери  значок  беріп,  жүріп  кетті.  Значок  тым
əдемі екен, балаға бұл орденнен кем көрінген жоқ.
Машина арыстай ыңырана үн шалып, алдында кетіп бара жатқан
серіктерінің  ізінше  тарта  жөнелді.  Баланың  ойында  жаңағы  өзімен


аталас  ақ  көңіл,  жомарт  мінез  ағасына  неге  ілесіп  кетпедім  деген
өкініш  туды.  Думанды  сəт  өтті,  жол  қаңырап  бос  қалды,  енді  үйге
қайтуға  тура  келді.  Көтеріңкі  көңілмен  келген  бала  көрген-білгенін
атасына баяндап берді. Значокты болса төсіне қадап алды.
Сол  күні  кешке  таман  ойда  жоқта  сонау  көкпен  таласқан  құз
шыңдардан қатты жел – Сантастың желі соға бастады. Ақыры боранға
айналды.  Жел  құйын  көтерген  жапырақтар  орман  үстінде  күмбездей
боп  таулап  шырқай  тартып  сонау  қарлы  шыңдарға  барып  шашылып
жатты.  Көзді  ашып-жұмғанша  ауа  райының  мына  өзгерісі  естен
тандырды.  Əне-міне  дегенше  қар  да  құйып  берді.  Жаңағы  жапырақ
жапқан əлем енді түтеген ақ түнекке айналды. Орман, теңселіп, өзен
булықты. Орай соққан қар бораны жал-жал болып жатып қалды.
Əйтеуір  жанталасып  жүріп  малдарды  қораға  тығып  ауланың
ішіндегілерді  жинастырып,  үйге  отын  кіргізіп  алуға  жұрт  зорға
үлгірді. Содан кейін үйден шығудың өзіне зар болып қалды. Мынадай
аласапыранда аттап басу оңай ма.
–  Алла-ай,  мұнысы  несі  екен?  –  деді  абыржыған  Момын  шал,
пешке от жағып жүріп. Терезенің алдына барып, анда-санда сырттағы
ызғырыққа құлағын тосып қояды.
Терезе сыртынан ұйтқи соққан қарлы түн қоюлана берді.
– Отырсаңшы,  –  деді  кемпір  міңгірлеп  –  несіне  таңданасың,  бұл
жердің  ақыр  заманын  бірінші  рет  көpiп  отырмысың?  «Алла-ай
мұнысы  несі»  –  дегеніңе  жол  болсын,  –  деді  мазақтай.  –  Қыс  түсті
деген осы да. Қыстың аты – қыс.
– Бір күннің ішінде caп ете қалғаны қызық екен?
–  Онда  не  тұр  екен?  Құдай  сенен  рұқсат  сұрауы  керек  пе  еді?
Түсірем деді түсіреді, ұшырам деді ұшырады, өз еркінде.
Моржаға дейін ызғып барады. Өзі жаурағанмен баланың да еңбегі
аз  емес.  Жаңа  ғана  атасына  көмектесіп,  отын  кіргізіп,  мал  жайғауға
араласқан. Міне, енді от маздап үйдің ішін алып кетті. Баланың бойы
жылынып көңілі орнына түсті.
Біраздан  кейін  тамақтанды.  Содан  соң  ұйықтауға  бет  алды.  Ал
ауланың іші алас-қапас азынаған дауыл, қаптаған қар.
«Нағыз сұмдық қазір орманның ішінде шығар» – деп ойлады бала
терезе  сыртындағы  азынаған  үнге  құлақ  тосып.  Кенеттен  алыстан
талып жеткен айқай ма, əйтеуір еміс-еміс бір үнді естігенде, баланың
тұла бойы түршігіп қоя берді. Біреу əлдекімді шақырып, əлдекім оған


жауап  қатқан  сияқты.  Бала,  əуелде  əшейін  бір  елес  шығар  деген  де
ойға  келді.  Құдайдың  мына  дозағында  қорым  маңында  кім  жүруші
еді?  Бірақ  Момын  атасы  да,  кемпір  де  əлденені  сезгендей  елегізіп
құлақ түрді.
– Шырағым-ау, мынау адамның даусы ғой? – деді кемпір.
– Иə, солай сияқты, – деді шал да екі ұштылау.
Содан кейін: «Япыр-ау мына тозақта неғып жүрген жан?» деді де
жалма-жан  киіне  бастады.  Кемпір  абыржып  орнынан  тұрып  шам
жақты.  Бала  да  əлденеден  шошығандай  жылдам  киініп  үлгірді.
Сөйткенше  болмады,  үйге  біреулер  жақындағандай  болды.  Дабыр-
дүбір үндеріне қарағанда, өздері біраз адам сияқты. Қарды қарш-қарш
кешіп дəлізге енді де, аяқтарын, табандарын тазалап есік қақты.
– Ақсақал! Есігіңді аш! Суыққа ұшып барамыз.
– Уа, бұ қайсыларың?
– Өзіміз, өзіміз.
Момын  есікті  ашты.  Есік  ашқанда  лап  етіп  қырау  бүрке  кірген
суықпен  бірге  қас-қабақ,  тұла  бойларының  бəріне  қар  тұрып  қалған
шофер  жігіттер  кіре  берді.  Мұның  барлығы  бағана  күндіз  Аршадағы
шөпке  өткендер  еді.  Бала  бəрін  де  бірден  таныды.  Алдымен  өзіне
əскери  значок  берген  Құлбек  көзіне  оттай  басылды.  Ауыр  ыңырсып
аяғын  əрең  басқан  біреуін  бəрі  қолтықтап  үйге  кіргізді.  Үйдің  іші
абыр-сабырға айналып кетті.
– Астапыралла, не боп қалды, шырақтарым-ау – деді Момын мен
кемпір қосарланып.
–  Кейін  айтармыз.  Ана  жақта  əлі  жеті-сегіз  адамымыз  келе
жатыр. Жолдан тайып адасып кетпесе жарар еді, кəне бері мына жерге
отыршы  енді...  аяғы  тайып  кетіп  еді,  –  деді  Құлбек  ыңырсып,  зорға
дем алып тұрған жігітті пештің жанына отырғыза беріп.
– Ал енді басқаларың қайда? Қазір бəрін де өзім-ақ барып, ертіп
келе  қояйын,  –  деді  асығыс  Момын.  Сөйтті  де  балаға:  –  Бар,  жүгір,
айналайын,  Сейдахметке  айта  қойшы,  əлгі  электр  фонарын  алып  тез
шыға қойсын.
Бала  үйден  ата  жөнелді  де,  аулаға  шыға  бере  демі  бітеліп
тұншықты  да  қалды.  Осы  бір  жанына  қауіп  төнген  шақты  ол  есінен
өмірі  шығарған  емес.  Тұла  бойы  шуда-шуда  қап-қара  бір  бəле
малұлқат  сұп-суық  саусақтарымен  бірден  алқымнан  алып  сілкілей
бастады. Бірақ ол бұдан шошынбады. Оның қуатты қанды шеңгелінен


босанып  басын  қолымен  қорғай  Сейдахметтің  үйіне  қарай  жүгіре
жөнелді.  Небəрі  жиырма-отыз  адым  жер  балаға  ұзақ  сонар,  сапар
жолындай  көрінді.  Өзінің  жанашыр  сарбаздарын  қоршаудан  құтқару
үшін  жауын-шашынға  қарамай  аттанған  батырлардай  сілтеп  келеді.
Ештеңеден беті қайтар емес, жүрегі селт етпейді, бəріне дайын. Өзіне-
өзі  мұншалықты  батыл  жеңімпаз  болып  көрініп  тұрғаны  бірінші  рет.
Сейдахметтің  үйіне  жеткенше  қаншама  ерлік  хикаяны  басынан
өткерді.  Талай  таулардан  асты,  құздарды  басты,  жауларын  екі  жүзді
семсермен  жайпап  келеді,  қайран  қаласың,  отқа  түскенді  құтқарды,
судағыны  сақтады.  Қызыл  жалауы  желбіреген  реактивтік  самолетпен
бағана  өзін  алқымнан  алған  қара  мақлұқатты  таудан-тауға,  сайдан-
сайға қуып, əбден есін шығарды. Осылай қуып жүріп оған оқ боратты.
Өзі де самолетіндегі пулеметтен «көзін жой фашистердің» деген ұран
тастап аямай оқ нөсерін төкті. Бұл шайқастың барлығын Мүйізді Бұғы
ана  көріп  келе  жатты.  Енді  Сейдахметтің  үйіне  жақындай  бергенде
баланың  қайратына  риза  болған  Бұғы  ана  балаға  қайырылып:  –  Уа,
батырым, енді сен менің анау шофер балаларымды күтіңдер деді. «Ол
жағынан  қам  жемеңіз  бəрін  де  өзім  құтқарамын»,  –  деді  де
Сейдахметтің есігін жалма-жан қаға берді.
–  Сейдахмет  аға,  тез,  тезірек  шығыңыз  үйіңізден  Ана  біздерді
құтқару  керек!  –  деді  аптығып.  Мына  сөзді  естігенде  Сейдахмет пен
Гүлжамалдың үрейі ұшып кетті.
– Кімді құтқар дейсің, не дейді мынау?
–  Атам  электр  фонарын  тез  алып  шықсын  деді.  Совхоздың
шоферлары адасып кетіпті.
– Ой, ақымақ неме, сөйдемейсің бе онан да? – деп Сейдахмет бір
жекірді де, асыға-үсіге киіне бастады.
Сейдахметтің  бұл  сөзіне  ренжіп  жатқан  бала  жоқ.  Осы  үйге
жеткенше  мұның  қаншама  ерлік  жасағанын,  қандай  серт  беріп  ант
ішкенін  Сейдахмет  қайдан  білсін.  Ұзамай,  Момын  атасымен
Сейдахмет  Қорымның  маңында  адасып  жүрген  жеті  шоферды  үйге
ертіп  келгенде  де  бала  онша  таңданған  жоқ.  Шынымен  бұларға
кездеспесе адасып кетулері де мүмкін ғой. Қаншама қауіп төнгенмен
қайырлы аяқталса, тез ұмыт болатын əдеті емес пе... Əйтеуір бəрінен
де  басы  қосылғанын  айтыңыз  жоғалған,  адасқан  ешкім  жоқ.  Ол
жетеуді Сейдахмет үйіне алып кетті. Оразқұлды да оятуға тура келді.


Бұлардың бесеуін ол өз үйіне алды. Қалғанының бəрі Момын атаның
үйіне орналасты.
Таудағы ақтүтек боран басылар емес. Бала дəлізге жүгіріп шығып
еді,  бір  сəт  өтпей-ақ  оң  мен  солыңды  білу  былай  тұрсын  аспаның
қайда,  жерің  қайда  екенін  адам  аңғармас  ғаламат  болып  жатқанын
көрді. Зіркілдеп үйіре соққан боран қайратына енді мінген, қардың өзі
айраттан асып кетіпті.
Момын шал совхоздың барлық шоферы табылып, суықтан, қауіп-
қатерден құтылып, енді жылынып естерін жинай бастаған соң, болған
жағдай  белгілі  болып  отырса  да  ойда  жоқта  мына  сұмдық  борасынға
қалай  байқамай  душар  болып  қалғандарын  білтелей  отырып,  сұрай
бастады.  Жігіттер  баяндай  бастады.  Кемпір  мен  шал  ғажайып  ертегі
тыңдап отырғандай анда-санда бір бас шайқап, күрсініп қояды.
–  Ойпырм-ай,  ə,  жаратқан  бір  сақтаған  екен?  –  деп  екеуі  де
жағаларын ұстап құдайға шүкірлік айтып жатыр.
–  Шырақтарым-ау,  дұрыстап  киініп  алмаймысыңдар,  мұншама
жеңіл  шыққандарың  не?  Тауға  да  осындай  киіммен  шыға  ма  екен,  –
деді  реніш  білдіріп  шəй  құйып  отырған  кемпір.  –  Бұл  балалықты
қойсайшы.  Қаланың  шиборбайларынша  киініп  жүруге  құмарсыңдар
ғой.  Құдайым  сақтаған.  Мына  түрлеріңмен  адасып  түнімен  далада
қалғандарыңда, беті аулақ бəленің, əр жерде мұз болып қатып қалатын
едіңдер...
–  Бұлай  боларын  кім  білсін,  –  деді  оған  жауап  қатып  Құлбек,  –
Қалың киініп керегі не? Ойда жоқ бірдеңе бола қойғанда машинаның
өзінің  ішін  жылытамыз.  Кəдімгі  өз  үйіңде  отырғандай  баранканы
айналдыра  бер.  Əсіресе  самолетпен  ұшып  келе  жатқанда  мына
тауларың  төбедей-ақ  болып  көрінеді,  самолеттің  сыртында  қырық
градус аяз, ішінде көйлекшең жүре бересің...
–  Бала  бөстекке  оранып  шоферлардың  арасында  жантайып
жатқан.  Екі  құлағы  үлкендердің  əңгімесінде,  Құлбектің  жанында
жабысып  қалған.  Ойда  жоқта  боран  көтеріліп,  мына  жігіттердің
қорымнан баспана іздеп осы үйге жиналып келгеніне баланың шексіз
қуанып жатқанын отырғандардың бірі де сезген жоқ. Мына боранның
ұзаққа  созылуын,  тым  болмаса  екі-үш  күнге  дейін  тынбауын  іштей
тілейді.  Мейлі  бəрі  де  осы  үйде  тұра  берсін.  Бұлармен  уақыт  өткізу
қандай  тамаша.  Нағыз  рахаттың  өзі  емес  пе.  Бақса  атасының


танымайтыны  жоқ  екен.  Өздерін  білмесе  не  əкесін,  не  шешесін
таниды.
–  Міне,  көрдің  бе,  –  деді,  үнінде  мақтаныш  сезімі  бар  атасы,
немересіне  қарап.  –  Өзіміздің  Бұғы  əулетінен  шыққан  ағаларыңмен
бірге  отырсың.  Бұдан  былай  қандай  тамаша  туыстарыңның  барын
біліп  жүресің.  Байқап  отырмысың  енді?  Ай,  осы  кездің  жігіттері-ай,
бəрі  де  сойталдай-сойталдай  азаматтар,  құдай  тағалам  əйтеуір
денсаулық  берсін.  Сонау  қырық  екінші  жылдың  қысында  бізді
Магнитогорскінің құрылысына апарғаны əлі есімде...
Атасы  балаға  алдақашаннан  белгілі  оқиғаны  баяндай  бастады.
Отанның  шар  тарапынан  еңбек  майданына  жиған  адамдарды  қаз-
қатар  ұзыннан-ұзақ  тұрғызғанда  ең  соңында  қырғыздар  көрінеді.
Бəрінен  бұлар  аласа  болып  шығады.  Есептеп  шыққаннан  кейін  бес
минут темекі шегуге рұқсат етеді екен. Бір күні серейген ұзын бойлы,
шикіл сары бір жігіт келіп, бұларға былай депті:
– Сендер қайдансыңдар? Манжұрмысыңдар?
Бұлардың арасында қартаңдау бір мұғалім бар екен сол тұрып:
Біз  қырғыздар  боламыз,  біздер  манжұрлармен  соғысқанда  мына
Магнитогорскінің  аты  түгіл,  заты  да  жоқ  болатын.  Ол  кездегі
бойымыз  сенен  кем  еместі.  Мына  соғыс  бітсін,  содан  кейін  тағы
өсеміз, – депті...
Шал осы бір баяғы өтіп кеткен хикаяны еске алды. Өзімен өзі мəз
болып,  бүгін  түн  жамылып  келген  қонақтарына  айнала  бір  қарап
қойды.
–  Əлгі  мұғалімнің  айтқаны  келді  де  тұрды.  Осы  кезде  қалаға
барғанымда,  кейде  жол  үстінде  ылғи  бір  денелі  сұңғақ, келбет-кейпі
келген  жандарды  көргенде  көзің  қуанып,  көңілің  тояды.  Шүкір
əйтеуір, баяғыдай емес қой...
Сөз төркініне жігіттер түсініп күлді: Əзілге шал да құмар көрінді.
–  Денелі  болғанымыздан  не  пайда  –  деді  жігіттердің  бірі  –
машинаны  аударып  алдық.  Осынша  кісі  бола  тұрып  шамамыз
келмеді...
– Ол оңай ма, шырағым-ау. Үстіндегі жүгін былай қойғанда мына
боранды  көрмеймісің.  Оқасы  жоқ,  құда  қаласа,  ертең  бəрі  орнына
келер.  Тек  əйтеуір  мына  боран  басылса  екен,  –  деді  Момын  оларды
өзінше ақтаған болып.


Жігіттер  өздерінің  Аршаның  жоғарғы  жағындағы  шөпке
барғандарын  айтты.  Таудың  басында  үлкен-үлкен  үш  іскірт  шөп  бар
болатын.  Соның  үшеуін  де  машиналарға  басып  алған.  Машинаға
тиелген шөп жəйі белгілі, таудай-таудай болып шыға келеді. Төменге
өздері  арқаннан  ұстай  зорға  түсті.  Бар  машинаға  осылайша  пішен
тиелді.  Кабинаңа  дейін  жауып  кеткен.  Доңғалақ,  жел  қағар  əйнек,
капоттан  басқа  дəнеңе  көрінбейді:  Бұлар  əдейі  келген  соң  қайта
оралуға қалдырмай, шөпті түгел басып кетуге тырысқан. Бұл жолыдан
қалса  келер  жылға  дейін  қар  астында  қалғаны,  ол  бəріне  де  белгілі,
сондықтан  жұмысты  жандарын  салып  істеді.  Бірінің  машинасы
тиелген  соң  оны  былай  шығарып  қойып,  келесісіне  кірісті.  Не  керек
ең  соңында  соншама  шөптен  небəрі  екі  арбадайы-ақ  қалды.  Темекі
шегісіп алып, енді кім-кімнен кейін жүретінін келісіп жолға шықты.
Машинаны  жəймен  айдап,  таудан  еңбектеп  келе  жатқандай  зорға
жылжиды. Пішен  дегеніңіз  онша  ауыр  жүк  емес,  бірақ  тар  жол,  кілт
бұрылыстарда  соншама  қолайсыз  қауіпті  жүк,  алда  не  боларынан
қаннен-қаперсіз келе жатыр. Аршадан төмен түсіп, шатқалды бойлай
күн  еңкейе  сол  аңғардан  шыға  бергенде  боранға  тап  болды.  Қарлы
боран соғып берді:
– Құдай сақтасын, қара терге түстік. Көзге түртсе көргісіз тастай
қараңғы,  желдің  күштілігі  сондай,  қолдағы  машинаның  рулін  жұлып
кететін  түрі  бар.  Ол  –  ол  ма,  машинаны  аударып  кете  ме  деп  жан
қалмайды. Оның үстіне мына жолдың өзі де түн былай тұрсын күндіз
жүргенде қауіпті бəле, – деді баяндап Құлбек.
Бала үнсіз-түнсіз, екі көзі Құлбекте қызыға тыңдап жатыр. Бүгінгі
əңгіме  осы  қазіргі  терезенің  сыртында  азнаған  жел  мен  аласапыран
қар  туралы.  Шоферлардың  шөпшілердің  көбісі  сол  отырған-отырған
жерлеріне  сырт  киімдерін,  етіктерін  шешпестен,  алдақашан  ұйқыға
кеткен.  Бұлардың  басынан  кешкен  оқиғаларын  қазан  бас,  қалқан
құлақ, қыл мойын бала өз басынан қайтадан кешіп отыр.
–  Бірнеше  минуттан  кейін  жол  көрінбей  кетті.  Машиналар
жетекке  ерген  соқырдай  бірінің  соңынан  бірі  зорға  келе  жатыр.
Адасып  жолдан  шығып  кетпеуге  тырысып  дамылсыз  үн  шалады.
Мына боранда əйнек тазалағыштан қайран жоқ. Терезе, фар дегеніңді
қар  басып  қалды.  Енді  кабинадан  басыңды  шығарып  отырып  айдауға
тура келді. Одан жүріс өнуші ме еді? Қар болса одан сайын күшейді...
Енді  дөңгелек  зорға  айнала  бастады.  Колонна  бір  қиын  асуға  келіп


тоқтады.  Мотор  сорлы  қанша  зар  қаққанмен  қыбыр  етер  хал  жоқ...
Бəрі де кабинадан атып-атып шығып, айқай сүреңмен бір машинадан
екіншісіне  өтіп  келе  жатқан  колоннаның  басына  жиналды.  Енді
қайттік?  От  жағуға  болмайды,  кабинада  қалсақ  совхозға  дейін  зорға
жететін  азғантай  қалған  майды  жағып,  жылынып  отыру  керек.  Ал
кабинаны  жылытып  отырмасаң,  серейіп  қатып  қаласың.  Жігіттер
əбден  састы.  Əлгі  мақтан  ететін  алып  техника  дегеніңіз  əлсіз
бейшараға  айналды.  Енді  не  амал  бар?  Жігіттердің  бірі  бір
машинадағы  шөпті  жерге  түсіріп,  соның  арасына  бəріміз  кіріп
жатайық,  –  деді.  Бірақ  шөптің  арқанын  шешсең  бітті,  көзді  ашып-
жұмғанша мына боран барлығын айдап алып кетеді де, арасына жату
былай  тұрсын,  тіс  шұқитын  талшық  қалдырмайтыны  белгілі.  Бұл
кездері тынымсыз бораған қар машинаны да көме бастаған. Дөңгелек
астындағы  қар  едəуір  көтеріліп  қалған.  Жігіттерге  қорқыныш  пайда
болды. Қарлы боран апшыны қуырып барады.
– Содан əлгі жерде, ақсақал, – деді Құлбек əңгімесін жалғастыра
Момын  шалға  қарап,  –  аршаға  бара  жатқанымызда  жол  үстінде
өзіміздің Бұғы əулетінің баласы мына інішекті көргенім есіме caп ете
қалды,  –  деді  де,  жамбастап  жатқан  баланың  басынан  мейірлене
сипады.  –  Біз  машинамен  бара  жатқанымызда,  жолды  қапталдай
ойнақтап  жүгіре  шыққаны  бар  емес  пе.  Сосын  мен  тоқтадым,
бұрылып өзімен амандастым, біраз əңгімелестік. Солай емес пе? Неге
ұйықтамай жатырсың, қалқам-ау?
Бала  бəрін  мақұлдағандай  басын  изеп,  жымиып  күлді.  Шіркін,
осы  бір  сəттегі  бұл  баланың  жүрегінің  аттай  тулап,  қуаныш
марапаттан  тұла  бойын  билеген  мақтанышты  сезген  тірі  жан
болсайшы. Анау-мынау адам емес, бұл туралы Құлбек айтып отыр ғой.
Осы  шофер  жігіттердің  ішіндегі  ең  көріктісі  де,  ең  күштісі  де,
айбарлысы да осы Құлбек. Шіркін, дəл осындай жігіт болып өсер ме
еді!
Пешке отын тастап жатып, атасы да немересін мақтай жөнелді.
–  Ойбай,  менің  балам  қандай,  қолды-аяққа  тұрмайды,  пысық,
əңгімеге жаны құмар, көрдің бе құлағын тігіп жатқанын.
– Сол сəтте мұның қалай есіме түсе кеткенін өзім де білмеймін, –
деді  сөзін  жалғастырып  Құлбек,  –  жігіттерге  айқай  сала  бастадым.
Өкси соққан жел аузыңдағы сөзіңді, қағып алып, ешкімге естіртпейді,


«Жанымыз  барда  қорықшыларға  жетейік,  əйтпесе  осы  тұрған
жерімізде қатып қаламыз».
– «Оған қалай жетеміз? – дейді жігіттер, бетіме тақай келіп жан
даусымен.  Бəрібір  жаяу  бара  алмаймыз.  Машиналарды  тастап  кетуге
болмайды».  Мен  оларға:  «Кəне,  ендеше  есебін  тауып  машиналарды
биіктің басына шығарып алайық, ар жағы еңіске түсу оңай. Сантастың
аңғарына жетсек болды, ар жағынан орманшылардың үйі көрініп тұр,
жаяу-ақ барамыз», – дедім. Жігіттер бірден түсінді: «Ендеше баста!» –
деді.  Басқа  амалдың  реті  жоқ,  Алдыңғы  машинадан  бастадық.
«Оспанəлі,  кабинаға  кір»  қалғанымыз  машинаның  екі  қапталынан
иығымызбен тірей итере бастадық.
Жылжып  жүре  берді.  Алғашында  аяқ  алысымыз  жаман  болған
жоқ.  Шамалыдан  кейін  шаршадық.  Кейін  шегінуге  жол  жоқ.  Біз  бір
машина итеріп келе жатқан жоқпыз, тау төңкеріп келе жатқандаймыз.
Артылған  жүктің  түрі  анау,  мына  дауылда  ұшар  басына  көзің
жетпейді.  «Болыңдар,  болыңдар,  кəне,  кəне,  тағы  да,  тағы  да»,  –  деп
бар  даусыммен  ұран  саламын,  бірақ  соның  өзін  өз  басым  зорға
естимін.  Қар  борасын,  дауыл,  дəнеңе  көрінбейді.  Машина  дегеніңіз
жаны  бар  мақұлұқша  зар  қағып,  барын  салып  келеді,  біз  де  аянып
жатқанымыз  жоқ.  Күшенгеніміз  соншалықты  енді  болмаса  жүрегіміз
жарылып  кетердей,  жанталасып  жатырмыз.  Бір  кезде  басым  зеңіп
кетті...
– Ай-ай-ай! – деді Момын шал ашынып. – Кездескен машақаттың
түрін  қарашы.  Е,  əруағыңнан  айналып  кетейін,  Бұғы  анам-ай!
Балаларыңа  кеп  шарапатыңды  тигізген  екенсің  ғой?  Ол  қол  ұшын
бермегенде  халдерің  не  болар  еді?  Сақтаған  ғой  əруақ,  сақтаған
сендерді... Естіп отырмысың? Ауланың іші ызғып əлі басылар емес...
Баланың  кірпігі  кірпігіне  жабысып,  қалғи  береді,  бірақ  ұйқы
жеңіп  бара  жатса  да  баланың  мына  қызық  хикаядан  қол  үзгісі
келмейді,  ұйқымен  алысып  жатыр.  Осылай  жатқанда  шал  мен
Құлбектің  əңгімесін  үздік-создық  есітеді,  кейде  түсі,  кейде  өңіне
айналған сияқты. Бір кездері сол тау арасындағы боранның ішінде осы
жігіттермен  бірге  жүргендей  боп  кетті.  Міне,  дəл  қазір  тар  қыспақ-
тайғақ кешу, аппақ айдын тау шыңына беттеген жолға тап болды. Аяз
екі бетін қарып барады, көзі жасаурап кетті. Шөп артқан автомашина
заңғар  үйдей  көрінеді,  соны  жігіттермен  бірге  итеріп  келеді.  Ілбіп
зорға  дегенде  жоғары  жылжытады.  Жүк  артқан  машина  енді


жылжудан  да  қалды,  артқа,  кейін  қарай  ығыса  береді,  нағыз  сұмдық
енді  басталды.  Тастай  қараңғы,  жел  жалап,  қуырып  барады.  Баланы
мына машина қазір ылдиға қарай сырғып кетсе, барлығымызды басып
кетеді ғой деген үрей басты. Осы сəтте қайдан екенін кім білсін Бұғы
ана  пайда  бола  кетті.  Мүйізімен  машинаны  тіреп  тоқтата  қойды  да,
жігіттерге  алға  қарай  итеругс  көмектесті.  «Кəне,  кəне  болыңдар,
болыңдар»,  –  деді  бала  айқайлап,  машина  алға  қарай  жүріп  берді.
Əне-міне  дегенше  таудың  басына  да  шығарып  алды.  Төмен  қарай
итерудің керегі де жоқ, машина өз бетімен жүреді. Кішкентай кідіріс
болса-ақ  бұларға  Бұғы  ана  көмектесті.  Осылайша  бар  машинаны
таудың  басына  шығарып  алды.  Бұғы  ананы  баладан  басқа  ешкім
көрген жоқ. Өздерінің қасында Бұғы ананың көмектесіп жүргенін тым
болмаса  біреуі  сезсейші.  Бала  болса  бəрін  көріп,  біліп  тұр.
Жігіттердің  шаршап,  шамасы  келмегенде  Бұғы  ана  елестеп  өтеді.
Машинаның  арт  жағынан  келіп,  мүйізімен  итере  бастағанда  бала
тұрып: «Кəне, кəне, тағы да, тағы да» деп айқай салады. Машинаның
жанында  ол  əрдайым  Құлбекпен  бірге  болды.  Бір  кезде  Құлбек  оған:
«Бар, рульді қолыңа ал!» – деді. Бала кабинаның ішіне кірді. Машина
гүрілдеп, селкілдеп қоя берді. Қолындағы руль сондай оңай айналады,
өзінің  əлгі  аула  ішіндегі  бос  бөшкені  кішкене  күнінде  машина  етіп
айдағанынан  айнымайды.  Бала  қолындағы  рульдің  осыншалықты
ойыншықтай болып көрінгеніне өзінен өзі ұялды. Бір кездері машина
жол  жағына  қарай  қисайып,  құлап  бара  жатқан  сияқты,  көзді  ашып-
жұмғанша аударылып түсті де, машинаның тас-талқаны шықты. Бала
жылап  жіберді,  не  деген  масқара,  Құлбектің  көзіне  қарауға  енді  бет
жоқ.
–  Ей,  саған  не  болды?  Не  қып  жатырсың  өзі?  –  деді  Құлбек  оны
оятып.
Бала  көзін  ашты.  Жаңағының  барлығы  түсі  екенін  білгенде
қуанып қалды. Құлбек баланы алдына алып құшақтады.
– Түс көрдің бе, немене, шошып кеттің-ау деймін? Ой, сабазым-
ай, мұндай батыр болармысың, – деді ол жел қаққан кезерген ернімен
баланың  бетінен  сүйіп.  –  Қой,  сені  былай  жайғастырайын,  енді
ұйықтау керек шығар.
Сұлап-сұлап  жатқан  шофер  жігіттердің  арасындағы  киіздің
үстіне  баланы  апарып  салды  да,  өзі  де  соның  қасына  қисая  кетті.
Баланы бауырына тартып, бушлаттың шалғайымен оның үстін жапты.


Елең-алаңда баланы атасы оятты.
– Тұра ғой, айналайын, жылырақ киініп ал, маған көмектесесің, –
тұр, тұра ғой, ұйқыңды аш! – деді сыбырлап шал.
Терезеден  таңалдының  алакеуім  күңгірт  сəулесі  сезіледі.
Үйдегілер бəрі ұйқыда, ештеңені сезер емес.
– Мə, пимаңды кие ғой, – деді атасы.
Атасы қозғалған сайын оның киімінен пішеннің исі шығады. Бұл
аттардың алдына жаңа ғана шөп салып келді деген сөз. Бала пимасын
киіп алды да, атасы екеуі аулаға шықты. Ауланың ішінде қар дегенің
жота-жота  боп  қапты.  Бірақ  жел  басылған,  анда-санда  самал үйірген
қар жыландай иреңдеп барады да жоғалады.
– Аяз екен, – деді бала тітіркеніп.
–  Оқасы  жоқ,  əйтеуір  басылыпты  бəрі  де.  Енді  күн  ашылатын
шығар,  –  деді  өзіне  өзі  міңгірлеп  шал,  –  бір  түннің  ішінде  төгіп
тастағанын қарашы. Тəуекел, тек ақыры қайыр болса болды да...
Бұлар  Момын  шалдың  бес  қойы  тұрған  қораға  кірді.  Шал
қарманып  жүріп  аша  ағашқа  ілулі  тұрған  фонарды  барып  жақты.
Қойлар  жарықтан  көздері  қармасып,  пысқырынып,  бəрі  бір  бұрышқа
барып ұйлығып тұр.
– Мына шамды ұстап маған жарық етіп тұр, – деді шал, фонарды
балаға  беріп  жатып.  –  Қара  тоқтыны  соямыз,  үй  толған  қонақ,  бұлар
оянғанша ет дайын болу керек.
Бала  шамды  қолына  ұстап  атасына  жарық  етіп  тұр.  Қораның
ашық  тесігінен  анда-санда  суық  жел  соғады.  Ауланың  іші  аяз,  əлі
қаракеуім.  Шал  алдыменен  бір  құшақ  таза  шөпті  алып,  қораның
есігінің  шығар  алдына  тастады.  Енді  осы  жерге  қара  тоқтыны
жетектеп əкеліп, оны жығып аяғын байлаудан бұрын шамалы ойланып
тұрды да, жүресінен отыра кетті.
– Шамды мына жерге қой да, өзің де отыр, – деді ол балаға.
– Екі қолын жайып, əлдебірдеңелерді айтып күбірлей жөнелді.
– Уа, кием, уа, ием, Бұғы ана, əруақты бабам, саған бағыштадым,
мынау қара қойды сенің жолыңа құрбан етем. Түндегі қауіпті тозақтан
балаларыңды  аман  алып  қалғаныңа  сенің  ақ  сүт,  адал  пейліңе,  ата-
бабаларымызды  да  сақтаған  құдіретіңе  садақа!  Сенің  адал  жүрегің,
аналық  мөлдір  көзің  үшін!  Мынау  асау  өзеннің  жағасында,  жабайы
жартас, жыныс орманның ішінде бізді көз  қырыңнан  таса  ете  көрме,
кетіп  қалма,  əрдайым  жебеп,  желеп  жүргейсің!  Мына  ата-баба


қонысыңда бізді тастап кетпе, біз сіздің балаларыңызбыз, əруағыңнан
айналайын, əрдайым қолдай көр, аумин!
Ол бата жасаған алақанымен маңдайынан бастап сақалына дейін
сипап  өтті.  Бала  да  атасы  не  істесе  соны  қайталады.  Осыдан  кейін
Момын  тоқтыны  жықты  да  аяғын  байлап,  қынынан  өзінің  ескі
пышағын суырды.
Бала шамды жарық етіп тұрды.
Ауа райы жайсаң тыныштыққа көшті. Аспанда жөңкіген ала бұлт
арасынан бір-екі рет күннің үрейлі дидары көрініп кетті. Айналаның
барлығы түндегі сойқан дауылдың белгісі, жал-жал қар, көмілген шат-
бұталардың  қар  астынан  төбелері  ғана  қылтияды.  Дауыл  құлатқан
шірік  ағаштар,  қар  салмағын  көтере  алмай  садақтай  иілген  науша
талдар.  Өзеннің  арғы  бетіндегі  қалың  орман  үнсіз-түнсіз,  меңіреу-
мұңды  қалыпқа  көшкен.  Түндегі  ғаламат  дүниеден  есеңгіреп  қалған
тəрізді. Адуын өзеннің өзі де екі жағасын қар көмкеріп тастаған соң
тым  төмендеп  кеткен  сияқты.  Судың  күркіреген  үні  де  бұрынғыдай
емес, қарқыны басылған, баяу, шала жансар естіледі.
Күнде  де  береке  шамалы,  бірде  көрініп,  бірде  бұлтқа
жасырынады.
Бала  тым  көңілді,  табиғаттың  аязды  салқын  күні  мұның  жас
жүрегіне  қаяу  салмапты.  Кешегі  ұлан-асыр  дауыл,  боран  да,
жігіттердің  көрген  қиыншылығы  да  ұмыт  болған.  Қар  деген  немене,
мұның  ешкімге  зияны  жоқ,  қардың  осылай  шөккен  арыстандай
жатқаны қызық. Ауланың ішінде əрі-бері жүгіріп, өзімен өзі мəз боп
жүр.  Мұның  қуанышында  қисап  жоқ,  үй  толы  қонақ,  əлгіде  ғана
оянып,  өзара  əңгімелер  айтып,  күліп  мəз  болып  жатыр.  Қара
тоқтының етіне тойып алған, бəрі де көңілді.
Енді бұлт та сиреп, күн айқын көріне бастады. Аспан айдыны көк,
таза, бұлттар да сейіліп əлдеқайда жоғалып кеткен. Күн шұғыласынан
жылылық,  мейірім  сезіледі.  Бір  түннің  ішінде  көміп  салған  қар,
əсіресе жол үстінде шөгіп басыла бастаған.
Шофер  жігіттер,  пішеншілер  жолға  жинала  бастағанда  баланың
көңілі  аздап  қобалжыды.  Бəрі  де  ауланың  ішіне  шығып,  қорымның
иелерімен  қоштасып,  түнеп  шыққандарына,  тұз-дəмдеріне  рахмет
айтып  жатты.  Момын  шал  мен  Сейдахмет  аттарына  мініп,  бұларды
шығарып  салмақ  болды.  Сейдахмет  мотор  үшін  су  жылытуға  шелек
алды, бір құшақ отынды атасы алып бара жатыр.


Бəрі ауладан шыға берді.
–  Ата,  мен  де  барайын,  ала  кетші,  –  деді  бала,  атасына  жүгіріп
келіп.
–  Қалқам-ау,  көріп  тұрсың  ғой,  алдымда  отын,  Сейдахмет  те  бос
емес,  сені  кім  алып  жүреді?  Бармай-ақ  қой,  керегі  жоқ.  Мына  омбы
қарда шаршап қаласың.
Бала ренжіді.  Бұртиып  шетке  шыға  берді.  Сол  кезде  оны  Құлбек
қолынан жетектеп алды.
– Жарайды, бізбен жүре ғой, – деді ол баланың білегінен ұстап. –
Қайтарда атаңмен бірге келесің.
Бəрі  де  аршадан  түсе  беріс  айрық  жолда  қалған  машиналарына
қарай  беттеді.  Қар  жолды  көміп  тастаған,  мына  сияқты  атан  жілік
атпал жігіттерге еріп жүрудің өзі оңай емес, бала тез шаршады.
–  Кел,  арқама  міне  ғой,  –  деді  Құлбек  оған,  сөйтті  де  баланы
қолынан  алып,  тымақ  қаққандай  арқасына  салып  алды.  Күн  сайын
осындай баланы арқалап жүрген кісідей, сол аяңынан айырылған жоқ.
–  Мынауың  тамаша  екен,  Құлбек?  –  деді,  бұлармен  қатар  келе
жатқан шофер жігіт.
–  Мен  өмір  бойы  іні-қарындастарымды  осылай  арқалап
үйренгенмін, – деді мақтана бастап Құлбек, – біз өзіміз алтау болдық,
əкем  де,  шешем  де  күндіз  жұмыста.  Ең  үлкені  мен  болғандықтан
қалған бесеуіне əрі аға, əрі қамқормын ғой. Қазір қарындастарымның
өзінің  балалары  бар,  армиядан  қайттым,  жаңа  келген  кезім  ғой,
бойдақ жүрмін. Ана үлкен қарындасым біздің ауылға кел, бізбен бірге
тұр,  мына  кішкентай  балаларға  қарап  көмектесерсің»  дейді.  –  «Жоқ,
шырағым,  рахмет,  сендерді  арқалап  өсіргенім  де  жетер,  бұдан  былай
өзімде болса сонымен əуре болармын» деймін.
Осылайша бұлар əр əңгіменің басын шалып келе жатты. Мынадай
еңселі, күшті алып жігіттің арқасында келе жату бала үшін дүниедегі
бір пейіш сияқты.
«Дəл  осындай  туған  ағам  болар  ма  еді,  –  деді  ол  ішінен  арман
етіп.  –  Мұндай  ағам  болса  ғой  тірі  жаннан  қорықпас  едім.  Ол  кезде
Оразқұл  атама  айқайлау  былай  тұрсын,  мысықтай  боп  жүрер  еді.
Құлбектей  жігіт  Оразқұлға  сыздана  бір  қараса,  оның  жым  боларына
күмəн жоқ. Сонда көрер едім мен оның не болғанын ».
Түнде  жолда  қалған,  шөп  артқан  машиналар  жол  айырықтан  екі
шақырымдай  жоғарыда  еді.  Түнгі  қар  көміп  тастаған  машиналар


даладағы  шөп  күделеріне  ұқсайды.  Былай  қарағанда  бұларды  мəңгі-
бақи орнынан ешкім жылжыта алмайтын сияқты.
Miнe,  от  маздап  жанды.  Су  жылытты.  Шоферлар  кезекпен-кезек
қол  темірмен  бір  моторды  айналдыра  бастады,  оған  да  пысқырып-
түшкіріп  жан  кірді.  Ендігісі  оңай,  басқасына  осының  жетегінде  от
алдырды. Осылайша бірімен-бірі жалғаса бүкіл колоннаға жан кірді.
Машиналар  əбден  бабына  келген  соң  түнде  ойға  шөгіп  қалған
машинаны  қос-қабат  жетекпенен  жолға  шығаруға  кірісті.  Сол  жерде
тұрғанның бəрі кемектесті. Бала да жұртпен бірге көмектескен болып
жүр. Бiрақ «Сен аяққа оралмай, əрі тұр», – деп біреу айтып қоя ма деп
қауіпсінеді.  Шүкір,  мұндай  ауыр  сөзді  ешкім  айтқан  жоқ.  Шамасы
Құлбек  рұқсат  еткен  соң  халық  алдында  беделі  артқан  болу  керек.
Өйткені  Құлбек  осылардың  ішіндегі  ең  күштісі,  ең  мықтысы,  мұны
бəрі сыйлайды ғой.
Шоферлар  тағы  да  қоштасты.  Машиналар  жылжып  берді.
Алдымен  баяу  қозғалды  да,  содан  кейін  күштеріне  ене  бастады.  Қар
басқан  таудың  жалымен  бірінен  соң  бірі  керуендей  тізіліп  тартып
барады.  Бұғы  ананың  балаларының  баласы  немерелері,  шөберелері
көзден  ұзай  берді.  Бірақ  олар  мына  жас  баланың  қиялындағы
осылардың  жолын  бастап  бара  жатқан  Бұғы  ананы  сезген  жоқ.  Бұғы
ана  жал-жал  қарлардан  атыла-секіріп,  автоколоннаның  алдында  бара
жатыр. Мына жауқазындай жас жігіттерді кешегі қауіпті түннен, ауыр
жолдан  аман  алып  қалды,  егер  Бұғы  ана  болмаса,  бұлар  шетінен  қар
астында  қатып  қалатын  еді.  Бүкіл  көшпелі  қырғыз  əулетінің  селден,
жұттан,  қақаған  аяз,  қаһарлы  дауылдан,  түнек  тұман  қиын  асудан
ғасырлар  бойғы  көрген  қорлығынан  бұларды  осы  Бұғы  ана  сақтап
келеді.  Əйтпесе,  бағана  Момын  атасы  таң  атар-атпаста  Бұғы  анаға
жалбарынып, қара тоқтыны соның əруағына құрбан шалмас еді ғой.
 
Бəрі  кетті.  Бала  да  өз  ойымен  солармен  бірге  кетіп  барады.
Құлбектің қасында соның кабинасында отыр. «Құлбек аға, – деді ол, –
мына біздің алдымызда осы жолмен Бұғы ана шауып келеді», – «Солай
ма?» – «Əне, көрмей келе жатырсыз ба? Шыннан, əнеки, əнеки.
– Балам-ау, неге ойланып қалдың? Бұл қай тұрысың? – деді атасы,
немересінің  есін  жиғызып.  –  Үйге  жетіп  алайық,  отыр,  –  сөйтті  де
баланы  жерден  көтеріп  алдына  алды.  –  Жаурап  қалған  жоқсың  ба? –
деді атасы баланы тонының етегімен қымтай түсіп.


Ол кезде бала мектеп табалдырығын əлі аттаған жоқ еді.
Енді  міне,  ауыр  ұйқыдан  зорға  оянып  келер  күнін  абыржи
ойлады:  «Ертең  мектепке  қалай  барар  екенмін?  Ауырып  қалдым-ау.
Тұла  бойымның  бəрі  зілдей...»  Осыдан  кейін  есеңгіреп  кеткендей
бəрін  ұмытты.  Енді  оның  көз  алдында  мұғалима  тақтаға  жазған  «ат,
ата,  тақа»  –  деген  сөздерді  дəптеріне  көшіріп  жатқаны  елестеді.
Бірінші  класта  жазылатын  осы  сөздермен  дəптерінің  бүкіл  бетін
бірінен  соң  бірін  толтыра  берді.  «Ат,  ата,  тақа».  «Ат,  ата,  тақа».
Бойынан  əл  кетіп  қалған  сияқты,  көз  алды  қарауытып,  тұла  бойы
алаулап жанып барады, үстіндегі көрпені серпе береді. Көрпені ашып
тастап, ашық жатқанда жаурай бастайды, тағы да толып жатқан дүние
көзіне  елестейді.  Бірде  ол  өзеннің  мұздай  суында  балық  болып  ақ
кемеге  қарай  жүзіп  бара  жатты,  бірақ  қанша  ұмтылғанмен  жете
алмады.  Енді  бірде  қарлы  боранның  арасында  қалды.  Көзге  түрткісіз
қараңғыда  орнынан  жылжи  алмай  зар  қағып  жатқан  пішен  артқан
машиналар,  таудың  асу  бермес  қиын  жолдары,  машиналар  адамша
зарлайды,  бірақ  орнына  жылжи  алмайды.  Доңғалақтар  қып-қызыл
отжалын  шашып,  тұрған  жерінде  шыр  көбелек  айналады.
Доңғалақтардан  жалын  аспанға  атады.  Бұғы  ана  мүйізіменен
машиналарды итеріп тауға қарай жылжытады. Бала да Бұғы анаға бар
жан-дəрменімен көмектесіп жатыр. Міне өзі де, осы кезде қара терге
түсті. Кенет, əлгі жүк артқан машина баланың бесігіне айналып кетті.
Мүйізді  Бұғы  ана  балаға  «Ал,  кеттік,  тез  жүгір,  мына  бесікті  Бекей
апай  менен  Оразқұл  ағайға  апарайық»,  –  дейді.  Екеуі  де  жүгіре
жөнелді.  Бала  артта  қалып  қойды.  Алдыңғы  жақтан,  көзге  түрткісіз
қараңғы  зұлмат  дүниенің  ішінен  бесіктің  қоңырауының  үні  келеді.
Бала  сол  қоңыраудың  ізімен  өкпесі  өшкенше  титықтап,  əбден  сілесі
қатып, сілекейі сірне болғанша жүгіріп барады.
Есіктің сықырымен  дəлізде  біреудің  жүргенін  сезіп,  бала  оянды.
Атасы  менен  əжесі  аздап,  жүректері  орнына  түскендей  үйге  кірді.
Қорыққа  басқа  адамдардың  келгені  Оразқұл  менен  Бекейдің  айқай-
шуының басылуына себеп болған сияқты. Əлде, əбден ішуден шаршап
Оразқұл  ұйықтап  қалды  ма  кім  білсін.  Əйтеуір  аула  ішінен  балағат
сөз, зекіру, айқай естілмейді.
Түн  ортасында  ай  тауға  өрмелеп  шықты.  Күңгірт  ай  ең  биік  көк
мұзды  шыңның  басына  шығып  алған.  Мəңгі-бақи  мұз  құшағындағы
шыңдар  əлсіреген  ай  сəулесімен  анда-санда  жылт-жылт  шалынады.


Əлемнің бəрі меңіреу, мылқау, мызғымас мешел орман, жансыз жартас
өліктей  қимылсыз  тау  жоталары,  ең  етекте  тастан-тасқа  секіріп,
күркіреп үн шалған өзен ғана.
Терезеден айдың болымсыз қисық сəулесі түседі. Балаға осының
өзі  қолайсыз,  керексіз  сияқты,  көзін  жұмып  əрі-бері  дөңбекшіп
жатыр. Кемпірге терезеге перде жап дегісі келді де бірақ үндеген жоқ.
Өйткені кемпірдің шалға деген ашуы əлі тарқамапты.
– Ақымақ, есуас неме, жат енді қыбыр етпей! – деді өзі де қисая
беріп  шалға.  –  Жұртпен  тіл  тауып,  тірлік  ете  білмейтін  болсаң,  тым
болмаса аузыңа берік болсайшы! Жұрттың сөзін тыңда. Сен солардың
қолына  қарап  отырған  жоқсың  ба?  Аз  болса  да  барлы-жоқты  тиын-
тебенді  ай  сайын  содан  алып  отырсың.  Жалақысыз  сен  кімсің?
Қартайғанша бір шайнам ақыл кірмей қойды ғой саған...
Шал  жауап  қатпады.  Кемпір  де  үнсіз  қалды.  Кенет  тағы  да  ойда
жоқтан кемпір сөйлеп кетті.
–  Жалақы  алмаған  адам  былай  тұрсын,  тышқан  ауламаған
мысықтық өзі жексұрын көрінеді. Жалақысыз адам адам ба.
Шал бұған да жауап қатпады.
Бала  ұйықтай  алмай  жатыр,  басы  сырқырап,  неше  түрлі  ойлар
мазасын алады. Ертеңгі баратын мектеп те көз алдына елестейді. Оқу
басталғалы  бір  күн  қалып  көрген  жоқ,  сүйтіп  жүргенде  ертең
Желсайдағы мектебіне бара алмаса, бұл не деген сұмдық. Оның үстіне
Оразқұл шалды қызметінен қуып шықса, бұрынғы бұрынғы ма, кемпір
атасының əбден миын ашытатын шығар. Ондағы күніміз қалай болар
екен?
Осы  жұрт  бүйтіп  қалай  күн  көреді?  Біреудің  қатыгез  зұлым,
біреудің мейірімді болатын себебі не екен? Біреудің бақытты, біреудің
бақытсыз атанатын не жөні бар? Біреуден жұрт сонша қорқады, екінші
біреуден селт ететін тірі жан неге жоқ? Неге біреудің баласы болады
да,  екінші  біреудің  тұлдыры  болмайды?  Неге  біреу  жұртқа  жалақы
беруге  хақысы  бар  да,  екінші  біреудің  қолында  түк  дəрмен  жоқ?
Мүмкін, ең жақсы адамдар айлықты көп алатын адамдар шығар. Атай
болса бəрінен аз алады, сосын жұрттың бəрі оны келеке етіп мазаққа
айналдырады.  Шіркін,  дүние,  атайға  да  көп  айлық  беретіндей  бір
жағдай  болса,  сонда  Оразқұл,  мүмкін,  атайды  сыйлап,  қол  қусырып
қошемет етіп тұрар ма еді, қайтер еді?


Осы  бір  сан  қилы  сапырылысқан  ойлардан  баланың  басы
шыркөбелек  айналды,  бағана  кешкілік  өткелдің  арғы  бетінде  көрген
маралдар  тағы  есіне  түсті.  Ойпырай,  түндегі  халдері  қалай  болар
екен?  Көзге  түртсе  көргісіз  қалың  орман,  аяз  қарыған  жар  тастың
арасында  не  қып  жүр  екен  олар?  Сұмдық  қорқынышты,  қауіпті  ғой.
Кездейсоқ қасқыр шапса не қылады олар? Онда Бекей апайға мүйізіне
іліп əлгі киелі бесікті кім əкеледі?
Осындай  əртүрлі  ойлардың  соңындағы  бала  көзі  ұйқыға  кете
«Оразқұл  мен  Бекей  апайға  қайыңнан  жасалған  бесік  əкеле  көр,
қасиетті Бұғы ана» – деп жалбарынып жатты. «Тəңірім, бала бере көр,
зар  жылатпа  бұларды,  киелі  Бұғы  ана,  өзің  қолда!»  –  деді  ол  көзін
жұма  беріп.  Алыстан  құлағына  бесіктің  күміс  қоңырауының  үні
келгендей  болды.  Бұғы  ана  киелі  бесікті  мүйізіне  іліп  жеткенше
асығып келе жатқан сияқты...
7
Сипаған  қолдан  бала  тым  ерте  оянды.  Даладан  кipген  атасының
қолы мұздай екен, бала тітіркеніп қоя берді.
–  Жат,  жата  бер,  –  деді  атасы,  өз  қолын  өзі  үрлеп  жылытқан
болып, содан кейін баланың маңдайын сипап кеудесіне қолын салып
көріп, – Байқаймын, суық тиіп қалған ғой саған, – деді күйініп атасы.
–  Тұла  бойың  өртеніп  тұр,  бəсе,  бұл  не  қып  жатып  қалды  деп  ем-ay.
Мектепке де баратын уақыт боп қалды.
–  Міне,  қазір  тұрамын,  –  деді  бала  басын  көтере  беріп,  бірақ
көзінің алды қарауытып, құлағы шулап қоя берді.
–  Жоқ,  орныңнан  қозғалма,  балам,  –  деп  жастығын  жөндеп,  шал
баланы қайтадан жатқызды, – мына ауру қалпыңмен сені мектепке кім
апарушы еді. Кəне, тіліңді көрсетші.
Бала көнбей мектепке кеткісі келіп:
–  Мұғалима  апай  ұрсады  ғой,  ол  кісі  сабаққа  келмегендерді  жек
көреді...
–  Ұрыспайды,  барлығын  өзім  айтам.  Кəне  тіліңді,  тіліңді
көрсетші.
Шал  баланың  тіліне,  тамағына  барлығына  үңіліп  қарап,  енді
баланың тамырын іздей бастады. Өзінің қара жұмыстан көндей қатқан
саусақтарымен  тамырды  табу  да  оңайға  түспеді.  Бір  кезде  əйтеуір
баланың  тершіген  білегінен  ұстап  отырып  тапқан  болды,  əлденені
танығандай-ақ шал көңіліне медет тұтып:


– Құдайым сақтаған екен, аздап салқын тиген ғой, өзің де кейде
бір  дедектеп  жалаң  аяқ  жүгіретінің  бар.  Бүгін  жат,  кешкілік
табаныңды, кеудеңді қойдың құйрық майымен сылап тастаймын. Таң
атқанша қара терге түсесің, құда қаласа, ертең азанда құландай ойнап
шыға келесің.
Кешегі болған оқиға қайтадан есіне түскен Момын шал қабағын
қарс  жауып,  немересінің  төсегінде  ойланып  отыр.  Анда-санда  бір
күрсініп қояды. «Құдайға тəуекел», – деді бір кезде ол, өзінен өзі».
– Сен осы қашан жатып қалдың? Неге маған айтпадың? Осы кеше
кешке жаттың ба? – деді шал, немересіне қарап.
–  Кешке  таман  құладым  ғой.  Өзеннің  ар  жағындағы  маралдарды
көріп,  өзіңе  жүгіріп  келген  жоқпын  ба?  Содан  кейін  неге  екенін
білмеймін, денем түршігіп кетті.
Шал əлдебірнеге кінəлі адамша даусы жарғақтанып:
– Жарайды, тəуекел... Қозғалмай жат, мен кеттім.
Ол орнынан тұра бергенде бала тағы да:
–  Ата,  сол  əлгі  Мүйізді  Бұғы  ананың  өзі  ғой,  ə?  Анау  əлгі  көзі
тостағандай,  адам  сияқты  тесіле  қарайтын,  аппағы  бар  ғой  сол  емес
пе...
–  Ей,  ақымағым-ай,  –  деді  шал  өзінен  өзі  жымиып,  –  жарайды,
сенің  айтқаның-ақ  бола  қойсын.  Мүмкін,  Бұғы  ананың  өзі  де  шығар.
Кім біледі, жарықтық, келген де ата мекенге. Бірақ менің ойымша...
Шал  ар  жағын  айта  алмады.  Сырттан  кемпір  кірді,  асығып-
аптығып жүрген кемпір аула ішінде не болып жатқанын біліп келген
болу керек.
– Шал, ана жаққа бар, – деді табалдырықтан аттай беріп кемпір.
Момын  мұны  естігенде  сондай  бейшара,  қорғансыз  жандай  не  дерін
білмей бір уыс боп қалды. – Кешегі суда қалған бөренені машинамен
шығарамыз  деп  жатыр,  сен  де  бар.  Не  айтса  соны  істе...  –  деді  де
кемпір,  –  Ойбай,  сорым-ау,  сүтті  де  пісірмеппін  ғой,  –  деп  пешке  от
тұтатып, қазан-аяқты салдыр-гүлдір, үйдің ішін басына көтеріп, өзіне
өзі бірдеңелер айтып жүр.
Шал  қабағын  қарс  жауып  алған,  бірдеңелер  айтқысы  кеп,
ұмсынғанменен кемпір оның аузын ашырмады.
–  Мелшиіп  не  қып  тұрсың  сен?  –  деді  кемпір  ашуға  булығып.  –
Неңе жетісіп сіресесің, сор маңдай-ау. Сені мен маған қыр көрсететін
күшті  кім  беріпті?  Олардың  жанында  сен  кімсің,  анау  Оразқұлды


іздеп  келген  адамдарды  қарасайшы,  машиналарының  өзі  судай  жаңа,
бір емес, он бөрене берсең де тартып кеткелі тұр. Аналардың жанында
Оразқұлдың  бізге  көзінің  қиығы  да  түсер  емес.  Қаншама  жалынып-
жалпайып  зорға  дегенде  басын  идім.  Қызыңды  табалдырығынан
аттатар емес, қысыр байталың ана Сейдахметтің үйінде отыр, екі көзі
бұлаудай. Бар тапқаны сен алжыған қақбасты қарғап, сілеуде...
–  Болды  енді,  жарайды,  –  деді  шал,  шыдамы  таусылып,  есіктен
шыға беріп, – ана балаға ыстық сүт бер, ауырып қапты.
–  Қазір,  қазір  берейін  сүтін,  құдай  үшін  қараңды  жоғалтшы,  бар
енді  ана  жаққа,  –  деп  шалды  шығарып  жіберді  де,  өзінен  өзі,  –  сор
қайнағанды қай албасты басты екен? Бетегеден биік, жусаннан аласа
боп  жүріп,  бір  адамға  тіл  қатпайтын  қасқа,  осы  жолы  не  бəлеге
ұшырады?  Өмірі  жуымайтын  Оразқұлдың  атына  мініп  тұра  шаба
жөнелгенін  айтсайшы.  Бар  бəле  сенен,  –  деп  кемпір  жаман  көзімен
бала жаққа ата бір қарады. – Ойбай-ау, сонда оның масқараға ұшырап
жүрген адамының түрі мынау...
Май  араластырған  ыстық  сүтті  кемпір  баланың  алдына  əкеп
қойды. Бала ұрттап көріп еді, аузын күйдіріп барады, кемпір зорлап:
– Іш енді, іш, ыстықтай іш, ыстық сүт жел-құзды кетіреді.
Ұрттаған  сайын  көзі  жасаурап,  бала  кемпірдің  бұйрығынан  бас
тартпай, іше бастады. Кенет кемпірдің мейірімі түсіп!
–  Шамалы  суыңқырасын,  асықпа,  осындай  қарбаласта  ауырып
қалғаныңды қарашы, құдайым өзі жар болсын, – деді күрсініп.
Баланы  алдақашаннан  зəр  қысып  жатқан,  ол  орнынан  тұрғанда
аяқ-қолынан  буын  кетіп  қалған  сияқты,  əлдебір  əлсіздікті  сезді.
Кемпір жалма-жан:
– Тоқта, қазір өзім ілеген əкелейін.
Бала  ұялыңқырап  теріс  бұрылып  тұрды  да  ілегенге  дəрет
сындырды. Дəреті сап-сары, бұрын-соңды бала көрмеген дүние екен.
Баланың  бойы  жеңілдеп  қалды,  басы  да  сырқырауын  қойған
сияқты.
Енді  төсегіне  жатты.  Кемпірдің  бүгінгі  мейіріміне  іштей  риза,
ертеңге дейін осы бетімен сауығып кетсе, сөз жоқ мектебіне барады.
Мектебіне  барғасын,  орманға  келген  үш  марал  туралы  қалай
баяндайтынын  да  ойланып  жатыр.  Анау  ақ  марал  Бұғы  ананың  өзі,
жанында  кішкентай  бұзауы  бар,  мүйізі  қарағайдай  көк  бурылы
бұларды қасқырдан қорғайтын ең мықтысы. Ол тағы да егер маралдар


ешжаққа ауып кетпей осы орманның ішінде қалса, Оразқұл мбн Бекей
апайға  сөз  жоқ  киелі  бесік  əкелетінін  жұртқа  қалай  баяндайтынын
алдақашан ішіне тоқып қойған-ды.
Маралдар  ертеңгілік  суатқа  келді.  Олар  жоғарыдағы  орманнан
күздің  қысқа  күні  арқан  бойы  көтерілгенде  бері  қарай  аяңдады,  күн
көтерілген  сайын  айналаның  барлығы  шұғылаға  оранып,  орман  іші,
етектегі  тау  арасы  жыли  бастады.  Түнгі  тылсымнан  сіресіп  қалған
орман жан біткендей өзінің сан-қилы реңді бояуларына енді.
Ағаш-ағаштың  арасымен  маралдар  асықпай,  алаңғыт  жерлерде
шуаққа  жылынып,  анда-санда  жапырақ  жұлып,  аяңдап  келеді.  Бұлар
алдында  шаңырақ  мүйіз  атасы,  ортасында  бұзауы,  ең  артында  Бұғы
ана  жұбын  жазбай  қаздай  тізілген.  Кеше  Оразқұл  мен  Момын  атай,
қарғыс атқан бөренені төмен түсірген жалғыз-аяқ жолмен келе жатыр.
Бөренені  түсірген  жол  кей  жері  соқамен  жыртып  кеткендей  шымы
аударылған  қалпында  көрініп  жатыр.  Осы  жалғыз  аяқ  жол  бірден
суатқа келіп тіреледі, сол жерде кешегі бөрене де қалған.
Маралдарға дəл осы тұс су ішуге жайлы болған соң келе жатыр.
Оразқұл,  Сейдахмет  бөренеге  келген  тағы  екі  адаммен  бірге  осы
жайпауытқа  машинаны  жеткізіп  ана  бөренені  сол  арқылы  судан
сүйреп  шығарудың  жолын  қарастыруға  беттеген.  Бұлардың  соңында
басы  салбырап  Момын  шал  келе  жатты.  Ол  кешегі  жан  түршігер
жанжалдан  кейін  не  істеп  не  қоярын  білмейді.  Мына  жұмысқа
араласуға  Оразқұл  рұқсат  бере  ме,  жоқ  па?  Немесе  кеше,  бөренені
атпен  сүйреп  шығарамын  дегендегідей  балағаттап  қуып  жібере  ме?
Бəрін  былай  қойып,  «Сен  мұнда  не  қып  жүрсің,  жұмыстан  босаттым
деп  кеше  айтқан  жоқпын  ба?»  –  десе  не  демек?  Жұрттың  көзінше
масқарасын шығарып, ит терісін басына қаптамаса жарады. Осындай
қорқынышты ойлар шалдың еңсесін басып, қыл көпірден көрінеді. Ол
былай  көзге  өзінше  келе  жатқанмен  ақыры  не  болар  екенді  бағып
келеді. Турасын айтқанда шалды айдап келе жатқан осы кемпір. Шын
мəнінде  бейшара  Момынды  Оразқұлмен  татуластыруға,  яғни  кешегі
шал қылығына Оразқұл кешірім етсе бəрі бітіп жатыр.
Оразқұл  осы  маңайдың  үстінен  қарайтын  мықтылығын
сездіргендей  аяғын  алшақ  басады,  кеудесіне  нан  пісіп,  айналасына
қыр тастап, маңғаздана қарайды. Кешегі ішуден басы дал-дал боп келе
жатса  да,  бүгінгі  мына  көрініс  оның  ойынан  шыққандай,  артына
қарап,  ілбіп  келе  жатқан  шалға  көзі  түскенде,  өзіне  өзі  риза  болды.


Кəдімгі иесінен таяқ жеген иттей сүмеңдеп  келеді.  «Əлі  саспай  тұра
тұр,  талай  қыңсылатармын  сені.  Ерегіскесін  көзге  ілмей  қояйын  ба.
Сенің  бар-жоғыңның  маған  бəрі  бір,  өзің-ақ  аяғыма  жығылып,
табанымды  жалайсың»,  –  деді  Оразқұл  іштей  айызы  қанып,  кешегі
əйелін тепкілей сабап үйінен қуып шыққанда оның зар қағып аяғына
оралғаны  есіне  түсіп.  «Бəлем,  жақсы  жасадым  ғой  деймін,  мына
бөренені жібергеннен кейін көрем сендерді, қызыңмен екеуіңді итше
таластырам,  сенің  көзіңді қызың  ойып  алуға  даяр.  Қазір  ол  ашынған
қасқырдың  қаншығындай  бұралып  жатыр.  Тірі  жанды  аяйтын  сиқы
жоқ» – деп ойлады. Оразқұл жанындағы адамдармен сөз арасында.
Келген адамның аты Көкетай еді. Бұл көл жағасындағы колхоздың
есепшісі  болатын.  Еңгезердей  шойын  қараның,  Оразқұлменен
көңілдес болғанына көп жыл болған. Бұдан он екі жыл бұрын өзіне үй
салып алған, ағаш жағына Оразқұл көмектескен. Арзан бағамен талай
ағашты  тақтай  тілуге  өткізген,  содан  кейін  осы  шойын  қара  үлкен
баласын  үйлендіріп,  оларға  да  үй  салып  берген.  Бұ  жолы  да
көмектескен  Оразқұл  болатын.  Жақында  Көкетай  кіші  баласының
еншісін  берді,  енді  оларға  да  үй  тұрғызу  керек,  тағы  да  қол  ұшын
беретін  осы  Оразқұл.  Өмір  дегеннің  қиян-кескісі  көп  қой.  Бірін
бітірдім, енді былай өзімше тірлік етермін дегеніңде тағы бір машақат
төбесін  көрсетеді.  Мұндайда  Оразқұл  сияқты  адамдардың  көмегінсіз
күн көру де қиын.
–  Құда  қаласа  жаңа  қоныстың  тойын  жасаймын,  өзің  басы-
қасында  боласың,  бір  шырқайтын  шығармыз,  –  деді  Көкетай
Оразқұлға.
Оразқұл темекісін сора түсіп маңғаз үнмен:
–  Рахмет,  рахмет,  шақырған  жерге  барамыз,  шақырмағанның
шалғайына  жабыспаймыз.  Шақырдың  екен,  неге  бармаймын,  көрмей
жүрген, дəм татпай жүрген үй ме, сенің үйің? Бірақ маған бір ой келіп
тұр,  сен  кешке  дейін  шыдасаң  қайтеді.  Көз  байлана  шығып
кеткендерің дұрыс болмас па? Сонда совхоздың үстінен көзге түспей
өтіп кетесіңдер. Біреу-міреу көріп қалса...
– Мұның да жөн екен-ау, – деді екі ойлы Көкетай, – бірақ, кешке
дейін не бітіреміз мұнда? Жайымен аяңдай  бергеніміз  дұрыс  болмас
па  екен?  Бізді  жолай  тексере  қоятын  кім  бар  дейсің.  Зəуеде  өткен-
кеткен  қаңғырып  жүрген  милицияларға  кездесе  қалған  күннің
өзінде...


–  Əне,  менің  айтып  отырғаным  сол  ғой,  –  деді  Оразқұл  кешегі
арақ жүрегін қыжылдатып бара жатқанынан бет-аузын тыржитып: – өз
шаруаңменен əрі-бері жүз қайтара өткенде милиция түгіл бұралқы ит
те  кездеспейді,  алда-жалда  жүз  жылда  бір  бөрене  алып  бара  жатсаң,
сайтандай caп ете қалатыны бар...
Əркім  өзі  ойымен  əуре  болып,  бұлар  үнсіз  қалды,  Оразқұл  кеше
осы бөрененің суда қалып қойғанына өкінеді, егер мұны бері шығарып
қойғанда,  түнде  машинаға  артып  қойып,  таңқараңғысымен  қош  бол,
қара құйрық, деп аттандырып жіберетін еді... Құдай қырсықтырып ол
ойындағысы  орындалмады.  Бар  пəле  алжыған  қақбас  Момыннан
болды, өмірінде құлақ қақпайтын сорлы, бұл жолы неден құтырғанын
өзі  білсін.  Жарайды,  оны  да  көрерміз.  Басқаны  былай  қойғанда,  сол
қылығыңның азабын тартарсың əлі...
Бұлар  өзеннің  жағасына  жақындағанда,  өзеннің  арғы  бетінен
суатқа  келіп,  маралдар  су  ішіп  жатыр  еді.  Адам  деген  кызық  қой,
əлденеге 
абыржып, 
абыр-дүбір 
əңгімемен 
əуре, 
өздерінің
шаруаларымен  бір  біріне  ақыл-қеңес  айтып  келе  жатқан  бұлар,
өзеннің аргы бетінде тұрған хайуанаттарды аңғарған да жоқ.
Маралдар  ертеңгілік  сəулемен  қызғылт  тартқан  жағадағы  аласа
тоғайшықтан  бергі  жайпауытта  тобықтарына  дейін  су  кешіп  тұр  еді.
Асықпай,  мөлдір  судан  анда-санда  бір  жұтып  маңғаз  қарайды.  Су
болса  мұздай.  Күн  сəулесі  арқаны  қыздырып  рахатқа  батырады.
Маралдар шөлін қандырумен бірге шуақтан шыққысы жоқ. Жаңа келе
жатқанда  бұтақ  бастарынан  тамған  қалың  шық  енді  кебе  бастады.
Маралдардың арқасынан жеңіл-жұқа бу бұрқырайды. Осы бір күннің
əлгіде атқан таңы сондай рахат бейбіт болар ма.
Келген  адамдар  маралдарды  əлі  аңғарған  жоқ,  біреуі  машинаға
кетті  де,  басқасы  өзеннің  жағасында  қалды.  Арғы  беттегі  жұрттың
сөйлеген даусын анда-санда құлақ қағып, анық естіп тұрған маралдар
жағаға жақындай берген жетекті машинаны көргенде, денелері дір-дір
еткендей болады да, тұрған-тұрған жерінде қалшиып қадалып қалды.
Машина  гүрілдей-барылдап  кетті.  Маралдар  сəл  қозғалып  кетуге
ыңғайлана  берді.  Кенет  жаңағы  гүріл  шуы  басылып  машина  үнсіз
тоқтай  қалды.  Маралдар  енді  сасқан  жоқ,  дегенмен  арғы  беттегі
айқай-шу көбейіп кеткен соң жылжыды.
Өздерінің  келген  жалғыз  аяқ  жолымен  аласа  тоғайға  еніп  бара
жатқанда  арқалары  мен  мүйіздері  еміс-еміс  ғана  көрінеді.  Мына


тұрған  адамдар  бұларды  сонда  да  аңғармады.  Тек  қиыршық  құмды
алаңғыттан өте бергенде барып, бергі беттегі адамдардың көзіне анық
түсті. Көгілдір алаңға түскен күн сəулесі одан сайын құлпырады. Бұл
көріністің  куəсі,  арғы  беттегі  адамдар  да  тұрған-тұрған  жерінде
ауыздарын ашып қалған.
–  Анаң  қара,  анаң  қараңдар!  О,  ғажап!  –  деді  ең  алдымен
Сейдахмет.  –  Шырағым-ау,  мынау  бұғылар  ғой,  бұлар  мұнда  қайдан
жүр?
–  Айқайлама,  неге  шулайсың,  қайдағы  бұғы  саған,  марал  ғой,
марал. Біз бұларды кеше көргенбіз, қайдан келді дерің бар ма, есебін
тауып келген де əйтеуір, – деді Оразқұл мəн бермей.
–  Пай-пай,  –  деді  шаттанып  семіз  Көкетай  қуанғанынан
көйлегінің  алқымын  ағытып  жатып,  –  əбден  оңалған  екен,  түгін
қарашы жалт-жұлт етеді.
– Анау анасы болу керек, тұрысын қарашы сабаздың, аяқ алысы да
маңғаз,  көрдің  бе,  құнан  шығар  байталдай  екен.  Тамаша!  Мен
өмірімде  бірінші  рет  көріп  тұрмын  мұндайды,  –  деді  шофер  жігіт
ежірейе еліріп.
– Ана еркегін қара, өгіздей екен, мүйіз, мүйізі қандай ғажап, ана
мүйізді  алып  жүру  де  оңай  емес  шығар.  Өздері  дəнеңеден
сескенбейді-ей.  Бұлар  қайдан  жүр,  Оразқұл-ау?  –  деді  шойын  қара
Көкетай, торай көзі жылт-жылт етіп ынтыға білгісі келіп.
–  Қорықтан  келген-ау  деймін,  мына  асудың  ар  жағында  үлкен
қорық  бар  ғой,  бұлар  неден  сескенсін,  ешкім  шошытпаған,  ешкім
тимейді, сосын қорықпайды, – деді Оразқұл малды өзі бағып жүрген
адамша.
– Ах, шіркін, мылтық болар ма еді? Ең аз дегенде екі центнер ет
бар-ау ə, шамасы? – деді Сейдахмет аузынан қағынып.
Анадай жерде бағанадан үн-түнсіз тұрған Момын шал шыдамай:
– Не айтып тұрсың, Сейдахмет, бұларды атуға тыйым салынған! –
деді міңгірлеп.
Оразқұл  қабағын  түйіп,  шалға  ата  бір  қарап  қойды.  –  «Сен  əлі
менің  көзімше  үн  шығаруыңды  қоймаған  екенсің  ғой»,  –  деді  ол
ішінен,  шалға  жеп  жіберетіндей  тағы  да  бір  қарап.  Жерден  алып,
жерден  салғысы  кеп  тұрды  да,  өзін  əрең  ұстады.  Қанша  дегенмен
бөгде адамдардың көзінше ыңғайсыз санады.


– Боқтан  өзгені  айтпау  керек  қой  мұндайда,  –  деді  ол  Момынға
назар  аудармастан,  –  бұларды  атуға,  өсіретін  жерлерге  ғана  тыйым
салынған.  Ал  біз  марал  өсіретін  шаруашылықтың  адамдары  емеспіз.
Бұларға  жауап  беретін  біз  емес,  ұқтың  ба?  –  деді  ол  кірерге  жер
таппай абыржып тұрған Момынға сұстана қарап.
–  Ұқтым,  ұқтым,  шырағым,  –  деді  Момын  шал  басы  салбыраған
күйі шетке шыға беріп.
Осы  кезде  жұртқа  сездірмей  кемпір  де  шалдың  жеңінен  тартып
қалды.
– Аузыңа ие болсайшы, сен қақбас, – деді тістеніп.
Жұрттың  барлығы  əлденеден  қаймығып  қалған  сияқты.  Анау
жоғары  көтерілетін  жалғыз  аяқ  жолмен  аяңдап  бара  жатқан
маралдарға  тағы  қарады,  олар  бірінің  соңынан  бірі  тізіліп  барады.
Алдында  көк  бурыл  еркегі,  шаңырақ  мүйізін  шалқасынан  тастап,
маңғаз басады, оның артында жас бұзау, ең соңында Мүйізді Бұғы ана.
Жардың бергі етегінен олар анық көрінді. əр қимылы, басқан қадамы
бұлардың көз алдында.
–  Қандай  ғажап,  а!  –  деді,  бадырақ  көз,  сырттай  жуас  көрінетін
шофер  бала  шыдамай.  –  Фотоаппаратымды  ұмытып  кеткенімді
қарашы, түсіріп алғанымда оңды болатын еді.
–  Жарайды,  тамсанып,  таңданатын  дəнеңе  жоқ,  –  деді  Оразқұл
оның  сөзін  бөліп,  –  неге  қарап  тұрсыңдар?  Таңдану  мен  тамсану
тамақ  болмайды.  Онан  да  машинаны  бұр-дағы  артымен  судың
жағасына  тақа:  Ал,  Сейдахмет,  сен  шешін,  –  деді  ол  бұйыра  сөйлеп,
өзгелерге үстемдік көрсетіп жүргеніне мəз болып содан кейін, – анау
темір  арқанды  бөренеге  апарып  байла!  Шапшаң,  қимылдаңдар!  Бұл
оңай жұмыс емес, – деді шофер балаға əмір ете.
Сейдахмет  етігін  шеше  бастады.  Тар  етігі  кұрғыр  əлі  шешілмей
жатыр.
–  Сен  не  қып  тұрсың,  кіріс  енді!  –  деді  кемпір,  шалды  түртіп
қалып.  –  Етігіңді  шеш  те,  суға  сен  де  түс,  –  деді  кемпір  шалға
сыбырлап.
Момын атай Сейдахметтің етігін тартып шешті де, əп-сəтте өзі де
дайын  болды.  Бұл  кездері  Оразқұл  мен  Көкетай  машинамен  əуре
болып:
– Бері, бері қарай.
– Солға таман, солға таман. Дұрыс.


– Тағы да бері жылжыт...
Машинаның  төменнен  келген  гүрілімен  жұрттың  дабырлаған
үнінен маралдар да шошына сескеніп, жардың басына атып шықты да
қалың қайыңның ішіне кіріп көзден ғайып болды.
–  Қап,  кетіп  қалды-ау,  –  деді  Көкетай  санын  бір  соғып.  Мұның
үнінде  өзінің  меншікті  малынан  айрылып  калған  адамның  өкініші
сезілді.
–  Өкінбей-ақ  қой,  олар  еш  жаққа  ұзамайды,  –  деді  мұның
ойындағысын сезе қойғанына мəз болып Оразқұл. – Бүгін кешке дейін
кетпейсіңдер,  менің  конағым  боласың.  Құдай  бұйыртса  көрерміз,
сенің  жолаяғыңды  өзім  жасаймын,  –  деп  ол  мəз  болып,  досының
арқасынан  қақты.  Оразқұлдың  кейде  осылайша  көңілді  болуға  да
қолынан келеді.
–  Олай  десең,  амал  бар  ма,  қонақ қойдан  жуас,  не  айтсақ  соған
көне береміз де, – деді Көкетай да сары тістерін ақсита мəз болып.
Машина  артқы  дөңгелегінің  ортан  беліне  дейін  суға  түсіп  тұр.
Одан  əрі  жылжуға  шофер  қорықты,  енді  осы  жерден  темір  арқанды
бөренеге  жеткізу  керек,  егер  темір  арқан  жете  қалса,  су  астындағы
тасқа  тіреліп  калған  бөренені  тартып  шығару  онша  қиындыққа  түсе
қоймайды.
Болат  сымнан  өрген  темір  арқан  зілдей  ауыр,  ұзындығы  да  біраз
бар  екен,  мұны  суды  кешіп  барып  бөренемен  жалғастыру  керек.
Шофер да мұздай мөлдір суға қарап ылажсыздан аяғын шешіп жатыр.
Бірақ  ол  əлі  екі  ойлы.  «Жалаңаяқтанбай  етігімен  кешіп  кетсе  не
болады.  Жоқ,  дегенмен  жалаңаяқ  дұрыс  болар.  Бəрі  бір,  су  етікті  де
малмандай  етеді,  оның  кешке  дейін  кеппейтіні  анық».  Судың
мұздайлығын  терең  түспей  тұрып  сезгендей  тұла  бойы  тітіркеніп
кетті. Шофердың осы сəтін пайдаланып қалғысы келген Момьш шал:
– Сен шешінбей-ақ қой, балам, біз Сейдахмет екеуміз түсеміз ғой,
– деді шофердың жанына келіп.
– Сіз əуре болмаңыз, ақсақал, – деді де шофер өзінен өзі ұялып,
қызарып кетті.
–  Шырағым,  сен  болсаң  қонақсың,  біз  болсақ  осы  жердің
адамымыз, онан да ана машинаңды айда, – деді Момын шал.
Сейдахмет  екеуі  болат  арқанның  өрімі  оралған  қазықты  қолдаса
ұстап суға түсе бергенде Сейдахмет:


–  Ойпырм-ай,  мынау  сүйекті  шағып  барады  ғой,  су  емес,  мұз
кешіп келе жатырмыз ғой, бұл əкеңнің аузы... – деп былапыт сөздерді
төгіп-төгіп жіберді.
Жағада  тұрған  Оразқұл  мен  Көкетай  өзара  мəз  болып,  оларды
қолпаштап:
– Шыда, шыда! Сені жылытатын бірдеңе табармыз, – деді.
Момын  шалда  үн-түн  жоқ,  ол  тіпті  мұздай  қарып  бара  жатқан
суды  сезетін  емес.  Əйтеуір  Оразқұлдың  қаһарына  ілікпей,  су  үстінде
өліп кетсе де риза сияқты. Жалаң аяқ, су астындағы тастарды абайлап
басып  өзімен  өзі  кетіп  бара  жатыр.  Тек  əйтеуір  жұрттың  көзінше
балағаттап  жəбірлеп  Оразқұл  қуып  жібермесе  болды.  Кешегі
қылығына кешірім етсе бұл бейбақ шалға соның өзі зор дəулет...
Оразқұл  да  бұл  жолы  үндеген  жоқ.  Момын  шалдың  жанын
шүберекке  түйіп  кетіп  бара  жатқанын  елемеген,  аңғармаған  адам
сияқты  болып  тұра  берді.  Бірақ  іштей  кеше  қыр  көрсеткен  шалдың
бүгін  еңсесі  түсіп,  құл,  қор  болып  бара  жатқанына  риза:  «Солай  ма
екен?! – деді ол іштей кекете күліп. – Ақыр келіп аяғыма жығылдың
ба?!  Əттең,  құдай,  қолыма  үлкен  əкімшілік  бермеді,  ондай  құдірет
болса,  сенен  де  зордың  талайын  табаныма  таптар  едім.  Маған  тым
болмаса  иə  колхоз,  иə  совхозды  бермеді  ғой.  Сонда  көрсетер  едім
талайға.  Тəртіп  дегеннің  не  екенін  сонда  білер  еді  жұрт.  Халық
дегенді 
қазір 
бетімен 
жіберген. 
Директорды 
сыйламайды,
председательді  сыйламайды  деп  өздері  арыз  айтып  жүр.  Қойдың
құмалағын  санап  жүрген  қойшыға  дейін  бастықтармен  иін  тіресіп
сөйлесуді  шығарған.  Ондай  ақымақ  бастықтардың  өз  обалы  өзіне,
бəрін есіртіп алып жүрген өздері. Қазір жағаласады бір-бірімен.
Шіркін,  баяғы  заманды  айтсайшы,  басын  қағып  алсақ  да  қыңқ
демеуші  еді.  Ең  ар  жағы  түкке  тұрғысыз,  адам  санатына  кірмейтін
мына  шалға  дейін  құтырды-ау.  Міне,  енді  қалай-қалай  қайқаңдайды
менің  алдымда?!  Осылай  имендіру  керек  қой...»  –  деп  Оразқұл  өзіне
өзі көңілі толып, анда-санда Момын шал жаққа бір қарап қояды.
Шал  болса,  сүйек  шаққан  мұздай  судың  ішінде  қалт-құлт  етіп
Сейдахметпен  бірге  темір  арқанды  тартып  бара  жатқанына  мəз.  Үн
шығармағанына  қарағанда,  Оразқұл  кешірген  сияқты.  Құдайдың
мұнысына  да  шүкір.  «Кешір,  кешіре  көр  алжыған  жаман  шалды,
кешегі  əбестігімнен  алда-жалда  кешірім  өтінем,  –  деді  Оразқұлға
іштей  сыбырлап  шал.  –  Қара  басып,  кеше  не  айтып,  не  қойғанымды


білмеппін.  Мектептегі  немереме  кеткен  себебім  сол.  Ол  да  жалғыз
жетімек  қой,  менен  басқа  оған  кімнің  жаны  ашиды.  Бүгін  мектебіне
де бара алмады. Сырқаттанып қалды, айналайын, сол үшін кешір мені,
бəрін  ұмытшы.  Сен  де  маған  бөтен  адам  емессің  ғой.  Туған  қызым
мен  саған  бақытты  өмір  тілемейді  деймісің?  Алла  тағалам  сендерге
бір бала беріп соның іңгəлап жылаған даусын естіген күні құдай маған
ажалын  жіберсе,  арманым  жоқ.  Ондай  бақытқа  құдай  душар  етсе,
қуаныштан  жүрегі  жарылып  алдымен  мен  жылар  едім.  Ол  менің
ішімнен  шыққан  шұбар  жылан  ғой.  Жəбірлемеші!  Адамның  баласы
деп аясаң нетті?! Кешегі қылығымды кешір! Мен сенің жұмысыңнан
өле-өлгенше бас тартпаймын. Бəрін істеймін, құлың болуға даярмын,
тек айтсаң болды».
Өзеннің 
жағасында 
тұрған 
кемпір 
əрбір 
қимылымен,
қозғалысымен:  «Шал,  аянба,  көрдің  бе,  Оразқұл  үндеген  жоқ  қой,
кешірім еткені осы болар, менің айтқанымды істесең қор болмайсың,
бəрі орын-орнына келеді», – деп тұрғандай.
 
Бала  ұйықтап  жатыр.  Бір  мылтықтың  үні  шыққан  кезде  ғана  ол
оянып  кетті  де,  қайтадан  ұйықтады.  Кешегі  аурумен  арпалысып,
түнімен  көз  ілмеген  бала,  бүгін  бір  рақат  ұйқының  құшағында.  Осы
жатқанның өзінде төсекте емін-еркін, денесінде ыстық жоқ тоңбайды
да  бей-жай  бір  мамырсана  рақат.  Егер  Бекей  апай  менен  кемпір
болмаса, мұның əлі ұйықтай беретін түрі бар екен. Бұлар сыбырласып
сөйлескенмен бір ыдыстың салдырынан бала оянып кетті.
– Мына үлкен тегешті ал, мына табақты да ала жүр, – деді кемпір
ауызғы  бөлмеде  сыбырлап.  –  Мен  шелек  пенен  елеуішті  алайын.
Ойбай,  белім-ай,  сынып  барады  құрғыр.  Қаншама  жұмыс  істедік.
Құдайға шүкір, əйтеуір бəрі басылды ғой, ұзағынан сүйіндірсін.
– Айта көрмеңіз, ене, менің де жүрегім орнына түсті-ау əйтеуір.
Кеше өліп кетуге даяр едім. Егер Гүлжамал болмағанда, құдай біледі,
асылып өлетін түрім бар екен.
–  Қайдағыны  айтпашы,  –  деді  кемпір  жекіріп,  –  қызыл  бұрыш
алдың  ба?  Ал  енді  барайық.  Сендердің  татуласуыңа  құдайымның  өзі
мейірімін түсірді-ау деймін. Жүр енді, жүр кеттік.
Үйден  шығып,  табалдырықтан  аттай  бергенде  Бекей  апай
кемпірден баланың халін сұрады.
– Əлі ұйықтап жатыр ма?


–  Ұйықтасын,  ұйықтасын.  Тамақ  піскеннен  кейін  ыстық  сорпа
əкеп береміз, – деді кемпір.
Бұдан  кейін  бала  ұйықтай  алмады.  Ауланың  ішінде  ерсілі-
қарсылы  жүргендер,  абыр-дүбір  əңгімелер  еміс-еміс  естіледі.  Бекей
апай,  Гүлжамал,  кемпір  өзара  бірдеңелер  айтып,  күліп  мəз  болып
жүрген  сияқты.  Анда-санда  бейтаныс  дауыстар  да  келеді.  «Бұл  кеше
түнде  келген  адамдар  болу  керек,  –  деді  бала,  –  шамасы  олар  əлі
кетпеген ғой». Тек қана Момын атасының даусы да естілмейді, өзі де
көрінбейді. Қайда жүр екен? Бірдеңеден қолы босамай жатыр-ау, ə?
Сырттағылардың  даусын  тыңдап  жатқан  бала  атасын  күтуде.
Кешегі  өз  көзімен  көрген  маралдардың  жағдайын  айтып,  атасымен
сөйлесуге  ынтығады.  Ұзамай  қыс  түседі  ғой.  Орманның  ішіне  шөпті
молырақ қалдырып кетсе жақсы болар еді. Оны маралдар келіп жейді.
Сөйтіп  жүріп  қолға  үйренеді.  Адамдардан  сескенбейтін  болады.
Əбден еті үйренген соң еркінсіп, арғы беттен бері өтіп, ауланың ішіне
де  кіреді  ғой.  Мұнда  келгенде  олардың  қалаған  шөбін  өзім  алдына
салып,  өмірі  еш  жаққа  кетпейтіндей  етсем  қандай  тамаша  болар  еді.
Олардың  жақсы  көретін  шөбі  қандай  екен  ə?  Анау  кішкентай  бұзау
маралды  əбден  үйретіп,  ізінде  еріп  жүретін  етіп  алса,  дүниенің
тамашасы  емес  пе.  Мүмкін,  сонда  бала  осы  бұзаумен  бірге  мектепке
барар ма еді, қайтер еді?..
Бала  атасын  қанша  күткенімен  жуық  арада  ол  келе  қоймады.
Ойда  жоқта  Сейдахмет  кіріп  келді.  Əлденеге  көңілі  көтеріңкі,
ақжарқын бола қалыпты. Өзімен өзі мəз болып, ыржиып теңселіп тұр.
Ол  балаға  жақындай  бергенде  арақтың  исі  бұрқ  ете  қалды.  Бала  осы
бір  қоңырсыған,  əрдайым  мас  болған  Оразқұлды  көзге  елеетететін
жаман иістен жиренеді, осы иісті сезсе-ақ Бекей апай мен атасының
көрген  қорлығы  көзіне  елестейді.  Сейдахметтің  Оразқұлдан
айырмашылығы  ішіп  алса  көңілі  көтеріңкі,  əрі  мейірімді,  сондай  бір
ақжарқын  боп  көрінеді.  Аңқау,  ақымақ  бола  қалады  лезде.  Бірақ  сау
кезіндегі Сейдахмет те онша ақылға бай адам емес. Атасы мен мұның
екеуінің  арасында  Сейдахмет  қызып  алғанда  мынадай  əңгімелер
болады:
–  Есерсоқ  адамша  неге  ыржаңдай  бересің,  Сейдахмет?  Ішіп
алғансың-ау біраз шамасы.
–  Ақсақал,  мен  сізді  сондай  жақсы  көрем.  Құдайдың  бір  ақына,
туған əкемнен мен сізді кем көрмеймін ғой.


–  Ай,  шырағым-ай,  сенің  жасыңдағы  жігіттер  машина  айдап,  ел
қатарында жүреді, сенің аузыңа келгенді оттап жүргенің мынау. Сенің
жасыңды берсе маған ең болмағанда тракторға ие болар едім.
–  Ақсақал,  мен  армияда  жүргенде,  командирім  маған,  сенің
техника жағына бейімің жоқ екен дейтін. Мен жаяу əскер болдым ғой,
ақсақал.  Жаяу  əскер  деген  ол  мықты.  Жаяу  əскерсіз  бүкіл  армияның
күні жоқ.
–  Жаяу  əскер  дейсің,  ə,  сен  жаяу  əскер  емес,  барып  тұрған
майтабан  жалқаусың.  Анау  əйеліңді  қарашы,  қандай  адам,  құдайдың
да  көзі  жоқ,  сен  сияқтылардың  жүзін  жиса  Гүлжамалдың  тырнағына
татымайды.
– Ақсақал-ау, сосын ғой біздің осында жүргеніміз. Ол да жалғыз,
мен де жалғызбын.
–  Сенімен  сөйлесіп  отырған  менде  де  ес  жоқ.  Дырдай  жігітсің,
тепсең темір үзетін қайратың бар, бір шайнам ақыл болсайшы, – деп,
Момын атай қолын бір-ақ сілтейді.
–  Моһ-моһ!  –  деп  мұрнынан  күліп,  Сейдахмет  жүре  беретін.
Содан ауланың ортасына шығып алып, қайдан, кімнен үйренгенін өзі
білсін, бір əнге басады.
 
Күрең-күрең таулардан
Күрең мініп келемін,
Ей, саудагер, қақпаңды аш,
Шарабыңды ішіп беремін.
 
Қаратаудың басынан
Көк өгіз мініп келемін.
Ей, саудагер, есік аш,
Шарабыңды ішіп беремін.
 
Осылай  біріне  бірі  жалғасып  кете  береді.  Содан  кейін  түйеге
мінеді, қоразға мінеді, тасбақаға мінеді, тышқанға мінеді, мұның аяғы
бардан  мінбейтін  мақлұқаты  жоқ,  бəрі  шарабыңды  ішіп  беремінмен
аяқталады.  Балаға  Сейдахмет,  əсіресе,  осылай  ішіп  алған  кезінде
кызық көрінеді.
Содан ба, қызу лепіріп кірген Сейдахметті көргенде бала қуанып
қалды.


– Аһа! – деді лепіріп Сейдахмет. – Маған жұрт сені ауырып қалды
деп  еді,  ауру  түгіл  сайтаның  да  жоқ  қой?  Неге  аулаға  шықпай
жатырсың? Бұл болмайды, жолдас, – деп, жалп етіп баланың жанына
отыра  кетті.  Сейдахметтен  арақтың  исімен  қоса  шикі  еттің,  əлдебір
қанның  исі  шығады.  Өзі  мас,  баланы  құшақтап  аймалаған  сайын
қолынан,  денесінен  осы  бір  жайсыз  иіс  бұрқ-бұрқ  етеді.  Сақалы  да
өсіп кеткен. Баланың бетіне кірпідей тиеді.
– Қойшы енді, Сейдахмет аға, – деді тартынып бала, – атам қайда
жүр, көрген жоқсың ба?
–  Сенің  атаң  былай  бүйтіп,  –  деп  Сейдахмет  саусағын  көкке
көтеріп,  əлде  бір  түсініксіз  қимылдар  жасады,  –  біз  əлгі  жерде
бөренені  судан  шығардық  қой,  тоңып  қалғасын  шамалы  жылынайық
деп  тартып,  тартып  жібердік.  Қазір  атаң  ана  жақта  əлгі  етті  пісіріп
жатыр.  Əңгімені  қой,  орныңнан  тұр.  Киін  жылдам,  кеттік!  Бұлай
жатуға  болмайды,  бұл  дұрыс  емес,  шырағым.  Біз  бəріміз  ана  жақта,
сен қалай жалғыз жатасың?
– Атам орныңнан қозғалма деген, – деді бала.
–  Қойсайшы,  ондай  əңгімені,  сол  да  сөз  боп  па,  жүр  барып
көрейік,  шырағым,  мұндай  жағдай  күнде  бола  бермейді.  Бүгін  нағыз
той, ауыз да май, аяқ та май, табақ та май, ағыл-тегіл дүние. Тұр, тұр
дегесін.
Осы  мас  күйінде  Сейдахмет  əлтек-тəлтек  басып  жүріп,  баланы
киіндіре бастады.
–  Мен  өзім  киінемін,  –  деп  басы  айналып  кеткен  бала  орнынан
тұра берді.
Бірақ  мас  Сейдахмет  оны  тыңдаған  жоқ,  өзінше  жақсылық
істедім, баланы жалғыз тастап кету дұрыс емес деп жүр. Оның үстіне,
ақ май ағыл-тегіл ағып жатқанда баланың жалғыз қалуын қаламады...
Киініп  алған  бала  тəлтіректеп  Сейдахметтің  ізінше  сыртқа
шықты.  Аспанда  ала  бұлт,  тау  жақтан  салқын  жел  соғады.  Бұлттар
жөңкіліп көшіп жүр. Бала дəлізге шыққанша бір жолы шаңқиған күн
сəулесі,  оған  іле-шала  күнге  бұлт  айналып,  ауа  райы  екі  рет  өзгерді.
Осының  өзінен  бала  басының  ауырып  қоя  бергенін  сезді.  Тау  жақтан
соққан  желден  ошақтағы  түтін  бетіне  ұрды.  Көзі  ашып  қоя  берді.
«Бұлар бүгін кір жуып жатыр екен ғой», – деп ойлады бала. Өйткені,
кəдуілгі  күндері  үлкен  тай  қазанға  үш  үй  ортақтасып  су  жылытып,
қораның  іші  астан-кестен  түтін  болатын.  Ол  үлкен  қазанды  бір  адам


көтере  алмайды,  оған  Бекей  апай  мен  Гүлжамалдың  ғана  шамасы
келетін.
Балаға  осылардың  жабылып  кір  жуғаны  ұнайтын.  Өйткені
ауланың  ішінде  от  жаққан  деген  рақат,  соның  өзі  едəуір  ойын
баласына  қызық  көрінеді.  Екіншіден,  аппақ  шаңқандай  кір  жайып
қойғанда  ауланың  іші  түрленіп  кетеді.  Ағы,  көгі,  қызылы  аралас
қораның  ішін  соншалықты  салтанатқа  бөлейді.  Бала  соның  астында
еңкейіп,  өзімен  өзі  тығылыспақ  ойнайтын.  Əлі  кеппеген  кір  бетіне
арқасына тигенде, қытығы келіп мəз болады.
Бұ  жолы  ауланың  ішінде  жайылған  кір  көрінбейді.  Қазанның
астындағы от маздап жанып жатыр, ернеуіне дейін толтыра салған ет,
одан  бұрқыраған  бу  ғажап!  Ет  пісуге  жақындаған  сияқты,  еттің  исі
мұрынды  жарып,  сілекейіңді  шұбыртады.  Судай  жаңа  қызыл  көйлек,
аяғында жаңа хром етік, басына қызыл ала шəлі орамал салған Бекей
апай қазанның көбігін алып жатыр. Оның жанында Момын атасы, бір
тізерлеп, ошақтың отын аударыстырып отыр.
– Əне, атаң анда! – деді Сейдахмет балаға. – Жүр, сонда барайық!
Осыны айтты да өзінің ескі əуеніне басып:
 
Күрең-күрең таулардан
Күрең мініп келемін –
 
дей  бергенде,  ұстарамен  шашын  алдырған,  қолында  балтасы  бар,
көйлегінің  екі  жеңін  түріп  алған  Оразқұл  сарайдың  ішінен  шыға
берді.
–  Сен  қайда  жоғалып  кеттің?  –  деді  ол  Сейдахметке  жекіріп.  –
Келген  қонақ  отын  жарып  жатыр,  –  деді  ол  отын  жарып  жатқан
шоферды нұсқап. – Сен болсаң əндетіп жүрісің мынау.
–  Ой,  оны  көзді  ашып  жұмғанша  бітіремін,  –  деді  Сейдахмет,
шоферға жақын барып. – Бері əкел, бауырым, өзім-ақ реттейін.
Бала бір тізерлеп отырған атасына жақындай берді. Атасының арт
жағынан келіп:
– Ата, – деді ол.
Шал естіген жоқ.
– Ата! – деп бала тағы бір қайталады да, шалды иығынан тартты.
Шал  самарқау  бұрылып  қарағанда,  бала  атасын  танымай  қалды.
Атасы  да  удай  мас  екен.  Өмір  бойы  мас  болу  былай  тұрсын,  бұл
шалдың  қолына  арақ  алғанын  көрген  емес-ті.  Əрі  ойланып,  бері


ойланып,  бала  ондайды  есіне  түсіре  алмады.  Кейде  Ыстықкөлдің
шалдары  ас,  тойда  аздап  ішетіні  бар,  сонда  мүмкін  атасы  да  ауыз
тиген шығар, кім білсін. Ол жақтың əйелдері де ішеді ғой.
Бірақ  дəл  мынадай  болғанын  бала  көрген  емес.  Бұл  не  деген
сұмдық!
Шал  баланы  танымай  қалғандай,  сондай  бір  суық,  салқын,  бей-
жай, бейтарап назар салды да қойды. Бет-пішіні қызарып кеткен, енді
есі  кіріп,  немересін  таныған  кезде  ол  бұрынғыдан  да  қызарып  кетті.
Құлағының ұшына дейін өртеніп бара жатқандай, шал не дерін білмей
төмен  қарайды.  Енді  бір  сəт  толқи  тепкен  қан  лезде  жоғалып,
сұрланып сала берді. Шал орнынан асығыс тұрды да:
– Сенің мұның не? – деді міңгірлеп, немересін бауырына тарта. –
Мұның не, ə, мұның не? – Осыдан басқа сөздерді ұмытып қалғандай
қайталай берді.
Атасының мына қалпы балаға қатты əсер етті:
– Ауырып қалғаннан саумысың, ата? – деді ол үрейленіп.
–  Жоқ,  жоқ,  мен  əншейін  былай  нетіп...  Бар,  бар,  ойнашы  ана
жаққа барып. Мен мына отындарды былай нетейін, – деді Момын шал
міңгірлеп.
Бүкіл  əлемді  тəрк  етіп,  бəрінен  қол  үзгендей  немересін  итеріп
жіберді  де,  лаулап  жанып  жатқан  ошаққа  бұрылды.  Ол  ошақтың
алдында  тізерлеген  күйі  ешкімге  назар  аудармай,  тірі  жанмен  ісі
болмай,  тек  өзімен  өзі,  лаулаған  оттан  көз  алмай  отыр.  Шал,
немересінің,  өзінің  жанында  əрі-бері  тұрып-тұрып  бір  кездері  отын
жарып  жатқан  Сейдахметке  қарай  кетіп  бар  жатқанын  да  аңғарған
жоқ.
Атасының  мына  халін  де,  аула  ішінде  болып  жатқан  абыр-сабыр
тірлікті де бала түсінген жоқ. Тек сарайға жақындағанда жас терінің
үстінде  таудай  үйілген  жас  еттерге  назары  ауды.  Терінің
пұшпақтарынан  жылап  аққан  қан  əлі  тоқтамаған.  Анадай  жерге
тастаған  ішек-қарынды  ырылдап  жұлқылап  жеп  жатқан  итті  көрді.
Жаңағы  таудай  үйілген  еттің  жанында,  бала  бұрын-соңды  көрмеген
бір  шойын  қара  адам  жүресінен  отыр.  Бұл  Көкетай  еді.  Оразқұл
екеуінің қолдарында қазан пышақ жалаң-жалаң етеді. Асықпай мүше-
мүшеге бөлген еттерді əр жерге бөлек-бөлек тастап жатыр.
–  Құдайдың  рақатын  көрдіңіз  бе,  жарықтық  жас  еттің  исі-ай,  –
деді əлгі шойын қара даусы гүрілдеп, қолындағы етті бір иіскеп тастай


беріп.
– Ал, ал, өзіңнің сыбағаңа таста, – деді жомарт үнмен Оразқұл, –
сенің  келуіңе  қарсы  құдай  тағаланың  өзі  қорасынан  берген  несібесі
емес пе бұл. Мұндай қанбазар күнде бола бермес.
Оразқұл  біресе  отырып,  біресе  тұрып,  шермиген  карнын  сипап,
əлденеге  күпті  болып  жəйі  кеткендей  арсы-гүрсі  демігіп,  зорға  жүр.
Оның  мына  тұрысынан  арақты  да  біраз  сілтегені  байқалады.  Кейде
басын  шалқасынан  тастап,  демігіп,  дем  алған  болады.  Оның  арам
өлген  сиырдың  желініндей  болбыраған  бет-аузы  өзіне  өзі  əбден
сенген, болған, жеткен адамның кейпін аңғартады.
Сарайдың  іргесінде  жатқан  мүйізді  маралдың  басын  көргенде
баланың  тұла  бойы  түршігіп,  үстіне  мұздай  су  құйып  жібергендей
дірілдеп  қоя  берді.  Кесілген  бас  қан  сіңген  құмға  былғанып  қалған
қара-қошқыл. Мынау жатысында жолдың жиегіне лақтырып тастаған
томардай  көрінеді.  Бастық  жанында  тізесінен  қырқылған  төрт  сирақ
жатыр.
Бала мына сұмдық көрініске үрейлене қарап тұр. Ол өз көзіне өзі
сенер  емес.  Мынау  жатқан  Мүйізді  Бұғы  ананың  өзінің  басы  ғой.  Бұ
жерден  тұра  қашқысы  келіп  еді,  буыны  кетіп  аяғы  ерік  бермеді.  Сол
тұрған  күйі  ақ  маралдың  тірлік  демсіз  дал-дал  боп  жатқан  басынан
көз  алмады.  Күні  кеше  ғана  осы  Мүйізді  Бұғы  ана,  өзеннің  арғы
бетінен балаға мейірлене, қадала көп қараған жоқ па еді. Өз ойынша
қоңыраулы, киелі бесік əкеліп бер деп жалынғаны бар емес пе. Қазір
міне  не  көріп  түр.  Сөйткен  киелі  Бұғы  бүгін  кенеттен  терісі
сыдырылып, сирағы кесіліп, бір төбе етке айналып анадай жерде басы
домалап жатыр.
Мұның неге былай болғанын түсіне алмай, не кетудің ретін таба
алмай  бала  тұрған  жерінде  қаққан  қазықтай  қимылсыз  қалды.  Əлгі
шойын  қара  етті  бөлшектеп  жатып,  əрі-бері  іздеп  бір  кезде  ақ
маралдың бүйрегін пышақпен шаншып алды да балаға ұсынды.
–  Мə,  балақай,  бар  да  ана  шоққа  салып  пісіріп  же!  Дүниеде
маралдың бүйрегінен тəтті тағам болмайды, – деді.
Бала орнынан қозғалған жоқ.
– Ал енді, ал дегесін! – деді Оразқұл бұйыра.
Бала  қалай  қолын  созғанын  да  аңғарган  жоқ,  салқын  алақанына
жып-жылы,  Мүйізді  Бұғы  ананың  бүйрегін  уыстап  тұр.  Өзі  түкке


түсінбейді,  мең-зең.  Осы  кезде  Оразқұл  орнынан  тұрды  да,  ақ
маралдың басын жерден көтерді:
–  Ойпырым-ай,  мынаның  зілдейін  қарашы,  мүйізінің  өзі  біраз
бар-ау шамасы, – деді басты шайқап.
Жаңғырыққа басты сүйеп қойып, енді мүйізді қырқу үшін қолына
балта алды.
–  Қош  болып  тұр  ақ  маралдың  мүйізі!  –  деді  ол  мүйіздің
көбесінен балтамен шауып жатып, – сөйтті де балаға көзін бір қысып
қойып,  –  Мұны  сенің  атаңа  арнаймын.  Ертең  өлгенде  моласының
басына  осы  мүйізді  қоямыз.  Оны  ешкім  сыйламады  деп  сонда  айтып
көрсін жұрт. Мұнан артық оған не керек? Мынадай мүйіз үшін бүгін
өлсе де арманы жоқ, – деді ол қарқ-қарқ күліп, балтасын көтере беріп.
Бірақ  мүйіз  балтаға  болар  емес.  Мұны  шауып  алудың  өзі  де
оңайлыққа түспейтін түрі бар. Өзі масаң Оразқұл ызаға булығып онан
сайын  жынданды.  Əр  соққан  сайын  бас  жаңқаның  біресе  ар  жағына,
біресе  бер  жағына  аунап  түсе  берді.  Болмағасын  жаңқаны  былай
тастады  да,  Оразқұл  маралдың  басымен  жекпе-жекке  шықты.  Мүйіз
балтаны  тепкендей  біресе  əрі  қарғып,  біресе  бері  қарғып,  Оразқұлға
көнбеді.
Бала балтамен басты əр соққан сайын селк ете қалады, бірақ мына
сұмдықтан  қанша  үрейленсе  де  кете  алмай  тұр.  Қорқынышты  жаман
түстің  беймəлім  тылсым  күші  қыбыр  еткізбей  буып  тастағандай,
Мүйізді  Бұғы  ананың  кірпік  қақпай  дəнеңеден  сескенбей  айнадай
жалтыраған көзіне таңдана қаққан қазықтай тапжылмайды. Кеше ғана
бүкіл  əлемді  шарасына  сыйғызған  мөлдір  көз  иегінен  жаны  шығарда
дүниеге ақырғы рет ақшия қараған күйінде жұмылмай қапты. Баланың
енді құдайдан тілегі сол көзге балта тиіп кетпесе екен деп тұр. Көз де
жұмылмайды,  балтадан  қаймықпайды,  сол  бейкүнə  мөлдіреген
күйінде  жансыз.  Бас  топыраққа  алдақашан  былғанған,  бірақ  дүниеге
ең соңғы рет таңдана қараған күйі жұмылмай қалған жансыз мылқау
көзге шаң да жұқпапты. Тек тəңірім осы көзге Оразқұлдың балтасын
тигізе көрме.
Мүйіз  болар  емес,  Оразқұл  əбден  қара  терге  түсті,  одан  сайын
ашуға  булығып,  тисе  терекке,  тимесе  бұтаққа  дегендей  балтаның
жүзімен де, шүйдесімен де кез келген жерінен соққылай берді.
– Бүйте берсең мүйізді сындырып аласың ғой, бері əкел маған –
деді Сейдахмет жақындай беріп.


– Əрі тұр, əрі, атаңның басына сына қояр бұл, қазір өзім... – деді
Оразқұл өкпесі сырылдай демігіп.
–  Жарайды  ендеше,  өзің  біл,  –  деді  де,  Сейдахмет  бір  түкіріп
тастап үйіне қарай аяңдады.
Өзінің сыбағасын кенеп қапқа нығарлап салып алған əлгі шойын
қара да Сейдахметтің соңынан аяңдап барады.
Оразқұл  болса  мас  кезіндегі  өзінің  өгіз  өжеттігіне  басып
сарайдың іргесінде əлі сол жаңағы Бұғы ананың басымен əуре. Мына
қимылына қарағанда баяғыдан бері күткен жеті атасының өшін бүгін
қайтарып жатқан сияқты.
– Қап, мынау иттің басын-ай, ə, – деді ол аузынан көбігі шұбыра,
осының сөзін əлі бас есітіп жатқандай етігімен бір теуіп алып – жоқ,
саспай  тұра-тұр,  сенің  тас-талқаныңды  шығармасам  атым  құрысын.
Мə  саған!  Мə,  саған!  –  деп  балтамен  оңды-солды  мылжалап  соға
берді.
Бастың сүйегі жан-жаққа жаңқадай ұшты.
Бір кезде ойда жоқта балтаның жүзі көзге көлденең түсе бергенде
бала  даусының  қалай  шыққанын  байқамай  қалды.  Балтаның  жүзі
тиген  көзден  қоймалжың  дымқыл  ақты,  міне,  көз  де  өлді,  жұмылып
жоғалды, ағып түсті деген осы ғой...
– Мен бұдан да зор бастардың да тас-талқанын шығарам. Мұндай
мүйіздердің талайын көргенмін, – деді тісін қайрап əбден жынданып
алған Оразқұл өлі бастан кегі қайтып жатқандай.
Ақыры  айтқаны  болып  бастың  маңдай  сүйегімен  қарақұсы
жарылды.  Содан  кейін  барып  Оразқұл  қолындағы  балтаны  лақтырып
тастады  да,  маралдың  басын  аяғымен  басып  тұрып,  барлық  күшімен
қос  қолдап  алды  да,  мүйізді  бұрап  қалды,  маралдың  мүйізі  шақыр-
шұқыр  қайрылған  жігердей  қопарылып  түсті.  Бекей  апай  мен
Оразқұлға баланың тілеуімен қасиетті қоңыраулы бесікті іліп əкелетін
киелі Бұғы ананың мүйізі осылай жай тапты.
Бала есеңгіреп барады. Қолындағы бүйрек жерге түсіп кетті, сырт
айналды да, беті ауған жаққа жүре берді. Тəлтіректеп, құлап қаламын
ба, жұрттың көбінше жүрегім айнып құсып жіберемін бе, деген оймен
не боларын білмей теңселіп барады. Қан-сөл жоқ, маңдайына бір суық
тер  пайда  болған  бала  ошақтың  қасынан  өте  берді.  Лапылдап  өшіге
жанған  от,  сақырлап  қайнаған  қазаннан  көтерілген  бу,  бүкіл  əлемге
сыртын  беріп,  отқа  қадалған  күйі  мелшиіп  отырған  бейбақ  атасы


Момын. Бала атасының мазасын алғысы келмеді. Ертерек үйге жетіп,
төсекке кіріп, тас бүркеніп алғысы бар. Ештеңеге қарағысы, ештеңені
естігісі келмейді. Мына сұмдық, мына масқараны ұмыту керек...
Қарсы алдынан Бекей апасы шыға келді. Бүгін неге екені белгісіз,
бар  жаңа  киімін  үстіне  іліп  шыққан  Бекейдің  көңілді,  жасана  қалуы
кешегі  қырғын  төбелестен  бет-аузына  түскен  көкшіл  дақтарға
жарасып  тұрғаны  шамалы.  Мынау  «қан  қасапқа»  бұл  да  мəз  болып,
апын кіріп, гүпін шығып жүрген сияқты.
– Қалқам-ау, саған не болды? – деді ол баланы тоқтатып.
– Менің басым ауырып жүр, – деді бала.
–  Айналып  кетейін,  ауырып  қалған  екенсің  ғой  сен,  –  деді
елжіреп. Сөйтті де баланы айналып-толғанып сүйе бастады.
Мұның өзі де мас еді. Бұдан да арақтың жексұрын исі бұрқ-бұрқ
етеді.
– Басы ауырған екен ғой, айналып қана кетейін, ауырып қалғанын
қарашы, – деді өбек қағып – тамақ ішесің бе əлде, айтшы?
– Жоқ, ешнəрсе жегім келмейді, жатамын, жатқым кеп тұр.
–  Жүр,  жүре  ғой  ендеше,  өзім  апарып  жатқызайын.  Жалғыз  өзің
ол  үйде  не  бітіресің,  жұрттың  бəрі  біздің  үйде  болады,  қонақтармен
бірге əжең де, атаң да болады, ет те пісіп қалды, – деді де, білегінен
жетектеп, баланы өз үйіне алып кетті.
Бұлар ошақтың жанынан өте бергенде сарай жақтан алшаң басып
бет-аузы  қабынған  желіндей  қызара  бөрткен  Оразқұл  шықты.  Ол  бір
майданнан  олжа  алып  келгендей  маралдың  мүйізін  Момынның
жанына əкел тастай берді. Шал орнынан сəл көтерілді.
Оразқұл  оған  назар  аудармастан  бір  шелек  суды  алды  да  басына
бір-ақ көтеріп төгіп-шашып сіміре бастады.
– Енді өле беруіңе болады, шал! – деді де қайтадан басын шелекке
қойды.
Бала өтіп бара жатқанда атасының міңгірлеп:
– Рахмет, балам, рахмет. Енді маған өлімнің де қорқынышы жоқ,
көрсеткен құрметің құдайдан қайтсын, енді одан басқа не айтайын, –
деген сөздерін естіді.
–  Мен  үйге  барайыншы,  –  деді  бала,  тұла  бойынан  дəрмен
кеткенін сезіп.
Бекей оның бұл сөзіне ырық бермеді.


–  Жападан-жалғыз  не  бітіресің,  –  деді  баланың  еркіне  қоймай,
үйіне жетектей жөнеліп. Апарды да, бұрыштағы кереуетке жатқызды.
Оразқұлдың үйіндегі дастарқан дайын боп қалған екен. Пісіргені,
қуырғаны – бəрі де келіп жатыр, бұл жағын жайғастырып, дедек қағып
жүрген Гүлжамал мен кемпір. Ошақпен үйдің екі арасында Бекей де
жосып жүр. Ала көрпешенің үстінде жастыққа қисайып Көкетай мен
Оразқұл  үлкен  ас  алдында  шəйді  ермек  етіп  отыр.  Бүкіл  дүниенің
тұтқасын ұстағандай екеуі де маңғаз, тоқмейіл. Шайды кесе түбіне бір
ұрттам қып Сейдахмет құйып отыр.
Бала  бір  уыс  болып  бұрыштағы  төсекте  үн-түнсіз  жатыр.  Тұла
бойы  түршігіп  тағы  тоңа  бастады.  Тұрып  кеткісі  келеді,  бірақ
қимылдаса-ақ  болды  құсып  жіберем  бе  деп  қорқып  сол  қалпында,
үнсіз  жатыр.  Жүрегі  лоблып  барлығы  алқымына  тіреліп  тұрғандай.
Қыбыр етіп қозғалуға қорқады.
Көп  ұзамай  əйелдер  Сейдахметті  сыртқа  шақырды,  əне-міне
дегенше  ол  да  үлкен  ақ  табаққа  таудай  үйген  етті  буын  бұрқыратып
алып кіре берді, зорға көтеріп келген Сейдахмет табақты Оразқұл мен
Көкетайдың  алдына  əкеп  қоя  салды.  Оның  артынша  əйелдер  де
керекті дəм-тағамдарды алып кірді.
Бəрі  басын  көтеріп,  жайғасып  отырды  да,  алдарына  бір-бір
тəрелке  алып,  қынынан  пышақтарын  суыра  берді.  Сейдахмет  осы
кездері стакандарға арақ құя бастады.
– Арақтың командирі өзім боламын, – деді мəз болып, бұрыштағы
самсап тұрған бөтелкелерге иек қағып қойып.
Ең  соңынан  Момын  атай  кірді  үйге.  Шалдың  бүгінгі  қалпы
күндегі көз үйренгеннен де тым бейшара, сорлы көрінді. Кібіртіктеп
босаға жақтан орын іздей бергенде, шонжар қара Көкетай шалға ізет
көрсеткен болып қасына шақырды.
– Бері келіңіз, бері, ақсақал.
–  Рахмет,  шырағым,  осы  жер  де  болады,  біз  өзіміз  ғой,  –  деді
Момын барғысы келмей.
–  О  не  дегеніңіз,  осы  үйде  сізден  жасы  үлкен  кім  бар?  –  деп
Көкетай  өзі  мен  Сейдахметтің  арасынан  шалға  орын  қағыстырып
отырғызды. – Ал, ақсақал, бүгінгі сіздің сəтті қадамыңыз үшін ішейік.
Бірінші сөзді өзіңіз айтыңыз!
Шал əлденеден қысылып, жөткірінген болды.


–  Осы  үйдегі  тату-тəттілік  үшін,  –  деді  шал,  үні  зорға  шығып,  –
бірлік бар жерде тірлік бар! Бақыттың тұғыры бірлік, балаларым!
–  Дұрыс  айтасыз,  сөз  болғаныңа!  –  деп,  бəрі  бірге  қолпаштап,
стакандағыларын қағып салды.
–  Оу,  бұныңыз  не,  ақсақал,  болмайды,  болмайды,  қызың  мен
күйеу  балаңа  бақыт  тілеп  отырып  өзіңіздің  ішпеуіңіз  қалай?  –  деп
Көкетай өзі зорға отырған шалды қыстай жөнелді.
–  Енді  бұлардың  бақыты  үшін  болғасын,  амал  жоқ,  қайтейін,  –
деді шал абыржып.
Өзі  тола  стаканды  түбіне  дейін  тартып  жібергені  отырған
жұрттың  бəрін  таңқалдырды,  енді  көзін  тастай  жұмып  алып  басын
қалт-құлт шайқай берді.
– Міне, енді жарасты.
– Ой, біздің шал басқалардай емес, мықты ғой.
– Жарайды, шалың жарайды.
Жұрттың бəрі риза, бəрі де шалды мақтап, марапаттап, мəз болып
күліп жатыр. Үйдің іші ысып, ауа тарылып барады. Жүрегі алай-түлей
əулігіп  бала  дөңбекшіп,  не  қыларын  білмей  зорға  жатыр.  Екі  көзін
тарс жұмып алған, мынау бір мас орданың ортасында əбігері шықты.
Олардың  пысынай  отырып,  тамақ  жегені,  кеу-кеулесіп  майлы
қолдарымен стакан соғыстырғаны, Мүйізді Бұғы ананың етінің майлы
жерінен  бір-біріне  асатып  мəз  болғаны,  мүжілген  сүйектерді  жеке
табаққа салып жатқандары бəрі естіледі.
–  Ет  қандай  тамаша  десеңізші,  жас  құлынның  еті  осындай-ақ
болар, – дейді Көкетай ернін жалап жұтынып.
–  Тағы  тау  менен  тылсым  орманда  отырғанда,  ақымақ  деймісің,
мұндай етті біз жемей кім жейді, – деді Оразқұл.
– Япыр-ау десейші, бұл жерде тегін жүр деймісің біздерді, – деп
Сейдахмет те қостап қояды.
Кемпір де, Бекей апай да, Гүлжамал да ең ар жағы Момын атай да
– бəрі қосылып Мүйізді Бұғы ананың етін мақтады. Тарелкаға ет, тағы
басқа  тағамдар  салып  баланың  алдына  да  əкеп  қайта-қайта  қойып
жатыр.  Бала  бəрін  де  кейін  қайтарады,  тамақ  жеуге  тəбеті  де  жоқ,
баланың  сырқаттанып  жатқанын  көргеннен  кейін  мас  адамдардың
мұнымен ісі болған жоқ.
Бала тісіне тісін қойып əзер шыдайды, құсып жібермеудің барлық
амалы  да  осы  сияқты.  Оның  үстіне,  əсіресе  Мүйізді  Бұғы  ананың


ажалына  жеткен  мына  бір  шұбар  топ  зұлым  жандармен  алысарға
дəрмені жоқтығына іштей зар шегіп өкінеді. Бүкіл сəби атаулыға тəн
бала  қиялы  осылардан  кек  алудың  əртүрлі  жолдарын  –  өздерінің
жасаған  зұлымдық-хайуандықтарын,  қылмыс  күнəсін  мойындатып
жаза  тартқызудың  жолдарын  ойланды.  Əрі-бері  ойлана  келгенде
көмекке  бала  қиялы  Құлбектен  басқаны  шақырудың  жолын  таппады.
Сонау бір боранды түнде жас шоферлармен осылардың үйіне түнеген
солдат  киімімен  келген  Құлбектен  басқаның  бұларға  əлі  келмейді.
Бұл баланың өмірінде көрген іштей сенген жалғыз адамы – Оразқұлға
шамасы келер, бар қылмысын көзіне шұқып айтар осы Құлбек қана.
...Баланың  шақыруымен  өзінің  жүк  машинасымен  зырғытып,
қолындағы  автоматын  көлденең  ұстаған  Құлбек  кабинадан  қарғып
түсті...
– Кəне, қайда əлгілер?
– Міне, мына жақта отыр.
Екеуі  жүгіріп  келді  де,  Оразқұлдың  үйінің  есігін  шалқасынан
ашты.
– Отырған жерлеріңде тырп етпеңдер! Қолдарыңды көтеріңдер! –
деді  сұсты  үнмен,  табалдырықта  тұрған  Құлбек  автоматын  кезей
беріп.
Барлығының  үрейі  үшып  кетті.  Қорқыныштан  қаққан  қазықтай
отырған-отырған  жерлерінде  мелшиіп  қалды.  Ауыздарына  салған
еттері не əрі кетпей, не бері кетпей, қолдарында уыстап алған майлы
сүбе  де  сол  қалпынша,  аузы-бастары  ағал-жағал,  өздері  мас,  қыбыр
етуге халдері жоқ.
–  Кəне,  тұр  орныңнан,  хайуан!  –  деді  Құлбек  автоматын
Оразқұлдың  шекесіне  тақап.  Оразқұл  қалш-қалш  етіп,  не  айтарын
білмей кекештеніп, Құлбектің аяғына жығылды.
– Аяй көр мені, аяй көр! Өлтірмеші, тым болмаса тірі қалдыршы,
ме-ме-мені... – деп кемсең-кемсең етеді.
Бірақ Құлбек болар емес.
– Шық бермен, мұнда! Біткен жерің осы! – деп Құлбек Оразқұлды
майқұйрықтан бір тепті де, орнынан тұрғызып далаға шығуға мəжбүр
етті.
Сол  отырғандардың  барлығында  үн-түн  жоқ,  үрей  қалмаған,
бірінің соңынан бірі аулаға шықты.


–  Тұр  анау  қабырғаға!  –  деді  Құлбек  Оразқұлға  бұйырып.  –
Мүйізді  Бұғы  ананы  өлтіргенің  үшін,  оның  баласы  жоқтарға  бесік
тасыған мүйізін қырыққаның үшін – саған өлім жазасы!
Оразқұл етбетінен жата кетіп, еңбектеп, иттей қыңсылап, ентігіп:
–  Өлтіре  көрмеші  мені,  менде  бала  да  жоқ  қой,  бүкіл  əлемде  қу
баспын, я ұлдан, я қыздан тұлдырмын...
Мұның əлгі жұрттың бəріне ежірейе қарайтын күші қайда кеткен,
бос  кеуде,  қорқақ  иттің  өзі  боп  шықты.  Мұндай  су  жүректі
өлтіргеннен не шығады.
–  Жарайды,  өлтірмей-ақ  қояйық,  –  деді  бала  Құлбекке,  –  бірақ
осы  адам  бұл  маңайдан  көзін  жоғалтсын,  ешуақытта  жүзін
көрсетпейтін болсын, қарасын батырсын, бұл жерге керегі жоқ адам.
Тез кетсін!
Оразқұл орнынан əзер тұрып, ышқырлығын көтеріп, алды-артына
қарауға қорқып, галифе шалбары да төмен түсіп, беті қабарып, қарны
салбырап, сенделе басып кете берді. Бірақ, Құлбек оны тағы тоқтатты.
–  Солай  тұра  тұр,  біз  саған  ең  ақырғы  сөзді  айтамыз.  Сен  өмір
бойы бала көрмейсің, сен дүниедегі қанішер, жексұрын адамсың, бұл
жерде саған ешкімнің мейірімі түспейді, сені тау да, тас та, орман да,
ағаш  та,  ең  ар  жағы  бір  тал  шөп  те  жек  көреді.  Сен  барып  тұрған
фашистсің! Кет енді, жалтырат табаныңды! Мəңгі-бақи ізің жоғалсын,
тай енді, тайып тұр.
Оразқұл алды-артына қарамай тұра жөнелді.
–  Шнель,  шнель,  –  деді  оның  ізінше  қарқ-қарқ  күліп  Құлбек.
Ананың жүрегін ұшыру үшін автоматымен аспанға бір төгіп жіберді.
Баланың  қуанышында  шек  жоқ.  Оразқұл  көзден  ғайып  болғанда
есіктің алдында күнəһар боп тұрған басқаларына қарап:
–  Осындай  адаммен  де  тірлік  етіп  жүрдіңдер,  ə?  Ұялмайсыңдар
ма? – деді.
Баланың бойы сергіп жеңілдеп қалды. Əділет міне, енді салтанат
құрды.  Өстіп  өз  қиялының  құшағында  кеткен  бала  Оразқұлдың
үйіндегі майхана шудың неге болып жатқанын да, өзінің қайда екенін
де ұмытқан.
...Өзінің осы бір рахат мұңсыз дүниесінен баланы ду күлкі қайта
жатқан  қалпына  келтірді.  Бала  көзін  ашып  тыңдай  бастады.  Үйдің
ішінде  Момын  атасы  көрінбейді.  Шамасы  бір  жаққа  шығып  кеткен
тəрізді.  Əйелдер  ыдыс-аяқты  жинастырып  болып,  енді  шай  қамдап


жатыр. Қызып алған Сейдахмет сампылдап бірдеңелер айтып жатыр,
оның сөзіне отырғандар мəз-мəйрам күледі.
– Иə, содан кейін не болды?
– Айта бер, айта бер!
– Ай, сен кəне, қайтадан, қайтадан айтшы, – деді Оразқұл күлкіге
тұншығып.  –  Əне  жерінде  не  деп  едің?  Шалды  қалай  қорқыттым
дедің? Сұрама деймін.
– Содан əлгі жерде, – деп Сейдахмет əңгімесін құшырлана қайта
бастады,  –  маралдарға  жақындай  бердік,  үшеуі  де  тоғайдың  бергі
етегінде  тұр.  Атты  ағашқа  байлап,  енді  жылжи  бергенімізде  əлгі
шалым  білегімнен  шап  беріп  ұстай  алып:  «Бізге  маралды  атуға
болмайды, біз Бұғы əулетіненбіз, Бұғы ананың ұрпағымыз ғой...» деп
маған  бір  жас  бала  сияқты  жалына-жалбарына  қарайды.  Сондағы
түрін  көргенде  күлмеске  халің  жоқ,  күлкіден  буылып  өліп  барам.
Өзімді  өзім  əзер  ұстадым.  Содан  шалға  шамалы  сұс  көрсетіп:
«Немене, түрмеде шірігің келе ме?» – дедім. «Жоқ», – деді шал жұлып
алғандай.  «Сен  білемісің,  баяғы  байлардың,  билердің  заманында,
солардың ойлап шығарған ертегісі, ол, кедейлерді осылай қорқытқан.
Бəріміз  Бұғыдан  тарадық  деп  алдаған,  надан  байлардың  тапқан
айласы»,  деген  кезімде:  «Солай  ма  еді  өзі?»  –  деп  шал  аузын  ашып,
аңтарылып  қалды.  «Міне,  мəселе  қайда  жатыр,  шалым,  сен  мұндай
əңгімені  қайталайтын  болсаң  тиісті  жеріне  үстіңнен  жазып  жіберем,
сосын шаруаң бітіп жатыр».
Отырғандардың  барлығы  қарқ-қарқ  күліп,  мəз  болды.  Бəрінен  де
Оразқұл  рақаттанып  қалды.  Оразқұл  бұрын-соңды  күлкіге  мұндай
қарқ болған жоқ-ты.
–  Содан  кейін  жайымен  жақындай  бастадық.  Басқа  хайуанат
болса  бізді  көргеннен  үрке  жөнеліп,  шаңына  ілестірмес  еді,  ал  мына
есуас  маралдар  бізден  сескенетін  түрі  жоқ,  самарқау  қарап  тұр.
Жарайды,  солай  тұра  тұрыңдар,  қолымда  мылтық,  алдында  мен  келе
жатырмын, шал артымда, – деді екіленіп, есіріп алған мас Сейдахмет.
–  Осы  сəтте  мен  өзіме-өзім  сенбей  келем,  өмірімде  төрт  аяқты  аң
түгіл,  торғай  атып  көрмеген  адаммын.  Ал  мынау  болса  көз  алдыңда
тұрған қазына, тигізе алмасам бітті, көзден ғайып боп, орманға сіңеді
де жүре береді, содан кейін қарасын да көрсетпейді. Сол тартқан күйі,
асудың  ар  жағынан  бір-ақ  шығады.  Ал  енді  бұдан  айрылып  қалудың
өзі орны толмас өкініш. Шал болса жасынан мерген, заманында талай


аюларды түсірген, сосын шалға сыбырладым да: «Мə, мылтықты ұста,
шалым, өзің ат» – дедім. Шалым көнер емес. «Жоқ, шырағым, өзің ат,
өзің  ат»,  –  деп  басын  шайқай  береді.  Болмағасын  қулыққа  басып
«Ойбай-ау,  мен  маспын  ғой»,  –  дедім.  Аяғында  зорға  тұрған  адамдай
əрі-бері  теңселем.  Бөренені  судан  шығарып  жатқанда  бір  бөтелкені
бəріміз бөліп ішкенімізді көріп еді ғой. Соны айтып, көз алдында мас
бола қалдым.
– Ха-ха-ха!
–  «Осыдан  мен  тигізе  алмасам  маралдар  айт-шүу,  қара  құйрық
кетті,  олар  өмірі  оралмайды,  бұл  жерден  құр  қол  қайтып
баруымыздың өзі қиын, о жағын өзің түсінесің. Ал енді ойлан, шалым,
бізді  осында  маралды  үркітіп  қайтыңдар  деп  жіберген  жоқ  шығар.
Ойлан, шалым, cay басымызды саудаға салмайық», – дедім. Шалда үн
жоқ,  мылтыққа  жуымайды.  «Жарайды,  өз  еркің  өзіңде»,  дедім.
Мылтықты  тастап,  əдейі  кетуге  айналдым.  Ізімше  бұл  да  ілбіп  келе
жатыр.  «Маған  бəрібір»,  –  дедім  шалға.  –  «Бүгін  Оразқұл  жұмыстан
қуса,  ертең  совхозға  барып  орналасам,  ал  қартайған  шағыңда  сен
қайда барасың?» Шалда үн жоқ. Содан кейін еш нəрсеге мəн бермеген
адамша өзімнің:
 
Сары-сары таулардан
Сары айғыр мініп келемін.
Сары саудагер, қақпаңды аш,
Шарабыңды ішіп беремін. –
 
деген əніме бастым.
– Ха-ха-ха!
–  Шал  мені  шынымен  мас  екен  деп  сенді,  енді  мылтық  жаққа
аяңдады.  Мен  де  ізінше  келе  жатырмын.  Біз  саудаласып  жүргенде
маралдар  бұрынғы  тұрған  жерінен  əрі  қарай  жылжыңқырап  кетіпті.
«Ал  енді  байқа,  кетіп  қалса  шаруамыз  бітті,  үрікпей  тұрғанда  басып
қал,  –  дедім.  Шал  мылтықты  қолға  алды,  бұтаны  тасалап  жақындай
берді,  есуас  адамша  əлде  бірдемелерді  айтып  өзіне  өзі  сыбырлайды:
«Кешіре  көр,  Мүйізді  Бұғы  ана,  кешіре  көр!»  Ал  мен  шалға:  «Егер
осыдан  маралдан  айрылып  қалсаң,  солардың  ізімен  кете  бергенің
абзал, қайтып оралғаннан саған күн жоқ», – дедім.
– Ха-ха-ха!


Мына  ақымақ  аусар  күлкілер,  үйдің  ішіндегі  тымырсық  ауа,  тер
сасыған  дымқыл  иіс,  қосылып  баланың  басын  сырқыратып  қазір  қақ
айрылатындай  алып  барады.  Балаға  мұның  да  басын  біреу  тепкілеп
балталап, кескілеп жатқандай көрінді.
Баланың  кроваттан  түсіп,  сыртқа  шығып  кеткенін  тірі  жан
аңғарған  жоқ.  Үйдің  бұрышынан  айнала  бергенде-ақ  жүрегі  аузына
тығылып, лоқсып құса бастады. Бұрышқа сүйеніп тұрып буына құсып
тұншығып,  екі  көзінен  жас  парлап,  бала  қайта-қайта  басын  шайқап,
зар еңіреп:
–  Жоқ,  мен  балық  болам,  бүйткенше  балық  боп  кеткенім  жақсы.
Судың астымен жүзіп кетем. Балық болам, – деді жылап тұрып.
Оразқұлдың  үйіндегі  шылғи  мастардың  қыран-топан,  айқай-шу
күлкісі терезенің сыртынан да естіліп жатыр. Осы бір тұрпайы, арсыз
анайы күлкілер баланың тұла бойын одан сайын тітіретіп жан жүрегін
азапқа  салды.  Бұған  бар  ауруы  осы  бір  жексұрын  жандардан,  жат,
жабайы күлкі арсыз қауымның кесірінен болған сияқты. Шамалы есін
жиып, ауланың ішіне кірді. Аулада тірі жан жоқ. Оты сөнген ошақтың
жанынан  өте  бергенде,  өлесі  мас  атасы  Момынның  үстінен  шықты.
Шал  Бұғы  ананың  мүйізінің  жанында  құмға  аунап  ес-түссіз  жатыр.
Баяғы маралдың  бас  сүйегін  анадай жерде  ит  мүжіп  əуре.  Басқа  тірі
жан көрінбейді.
Бала еңкейіп, атасының иығынан əрі-бері тартқылады.
– Ата, үйге жүрші, үйге барайықшы енді, – деді.
Шал  жауап  қатпады,  ол  ешнəрсе  естіген  де  жоқ.  Басын  көтеруге
де дəрмен қалмаған. Естіген күнде де не айтпақ, қалай жауап қатпақ?
–  Ата,  атажан,  тұршы  енді  үйге  барайық,  үйге,  –  деді  бала
жалынып.
Мына шалдың, жас балаға, өмір бойы ата-бабаның əруағын сыйла
олардың  мұрасын  ұмытпа  дегені  үшін,  Мүйізді  Бұғы  ана  туралы
ертегіні  сəбидің  санасына  егіп  сендіргені  үшін,  күні-түні  бейбақ
қызына  бала  тілегені  үшін,  ең  ақырында  осылардың  қамы  деп  бəрін
жоққа  шығарып  арманын  аттай,  əруағын  таптай  кешірілмес  күнəні
еріксіз  өз  қолынан  жасағаны  үшін  қарғыс  атып,  қарабет  болып
жатқанына  баланың  ақыл-қиялы  жете  ме,  əлде  оған  шамасы  келмеді
ме, оны кім білсін.
Енді міне азап-қасіретке шыдамай күрт түскен шал, немересінің
даусын да естімей өліктей сұлық түсіп етбетінен жатып қалған.


Бала атасын қозғап оятпақшы боп, жанына кеп отырды.
–  Ата,  атажаным-ау,  басыңды  бір  көтерші,  –  деп  жалынды.
Баланың  өзінде  де  əл-дəрмен  жоқ,  аяқ-қолы  дірдек  қағады,  –  ата,
жаныңда  отырған  мен  ғой,  естимісің?  Мен  де  жаурап  өліп  бара
жатырмын.  Басым  сырқырап,  шыркөбелек  айналады,  тұршы  енді,  –
деп бала жылап қоя берді.
Шал  ыңырсып,  қимылдағандай  болып  еді,  бірақ  өзіне  өзі  келе
алмады.
–  Ата,  Құлбек  келе  ме?  –  деді  көзінен  жас  парлап,  жыламсырап
отырып.  –  Құлбек  келе  ме  деймін,  айтшы!  –  деді  ол  тағы  да  атасын
жұлқылап.
Ол атасын жұлқылай отырып, бір қырын жатқызды, енді өлесі мас
шалдың  топыраққа  былғанған  бет-аузы  мен  салбырай  түсіп  кеткен
иегін көрген сəтте баланың көзіне бағана ғана Оразқұл балталаған ақ
маралдың басы елестеп кетті. Бала шошына орнынан ұшып тұрды да,
кейін шегіне беріп:
–  Мен  балық  боламын,  естіп  тұрмысың,  ата?  –  мен  балық  боп
жүзіп  кетемін.  Құлбек  келгенде  өзің  айтарсың,  мені  балық  болып
жүзіп кетті дегейсің.
Шал үн қатпады.
Бала  теңселіп  кете  барды.  Өзенге  жақындай  берді.  Сол  келген
бетімен алды-артына қарамастан суды кешіп бара жатты...
Баланың өзенге түсіп балық боп ағып кеткенін ешкім білген жоқ.
Ауланың ішінде:
 
Өркеш-өркеш таулардан
Түйе мініп келемін,
Саудагер бүкір, есікті аш,
Шарабыңды ішіп беремін.
 
 деген мас Сейдахметтің ғана əні естіледі.
Сонымен сен жүзіп кеттің, Құлбекті де күте алмадың. Құлбекпен
кездеспегенің  қандай  өкінішті,  суға  түскеннен  гөрі  Құлбек  келетін
жолға  қарай  неге  жүгірмедің  екен.  Жол  бойымен  шаршамай  жүгіре
бергеніңде сөз жоқ, Құлбекке кездесетін едің ғой. Өйткені, сен оның
машинасын  алыстан  танитын  едің.  Қол  көтерсең  бəрі  бітіп  жатыр,
касыңа келіп тоқтай қалатын еді.


– Қайда барасың? – дер еді Құлбек.
– Сені іздеп келе жатырмын, – дер едің сен.
Ол сені кабинасына кіргізіп алар еді, екеуің бірге кетер едіңдер.
Құлбекпен  екеуің  ғұмыр  бойы  бірге  болар  едіңдер.  Сендердің
алдарыңнан  ешкімге  көрінбейтін  Мүйізді  Бұғы  ана  жортып  бара
жатар еді. Оны сенен басқа ешкім көрмес еді.
Амал,  қанша,  сен  суға  кеттің.  Сен  өмірі  өзіңнің  балыкқа
айналмайтыныңды  білдің  бе  екен.  Сен  ешуақытта  Ыстықкөлге  жүзіп
барып,  ақ  кемені  қарсы  алып:  «Армысың,  ақ  кеме,  бұл  келген  мен
ғой», – деп айта алмайтыныңды білдің бе екен.
Мен саған не айтайын енді, – сен өзіңнің бейкүнə сəби, мүбарак
жаныңның,  адал  жүрегіңнің  дегенін  істедің,  сен  барлық
қасиетсіздікке,  арсыздыққа,  қаныпезер  қараулыққа  қарсы  болып
лағнат  айтып  кеттің.  Менің  ендігі  жұбанышым  сол  ғана.  Сен  айдын
аспанның  төсінде  бір  жарқ  етіп  сөнген  найзағайдай  болып  кете
бардың.  Найзағайдың  иесі  тұңғиық  шексіз  аспан  ғана.  Аспан  мəңгі-
бақи. Мен оны да – медет тұтам, табынам.
Тағы  бір  жұбанышым,  нəрестенің  жүрегі,  сəбидің  ары,
адамгершіліктің  алғашқы  дəні  –  ол  дəнсіз  ешнəрсе  өспейді,
өркендемейді. Жарық дүниеде адамға не қиыншылық кездеспесін, ол
кімнен  қиянат  көрмесін,  бірақ  шындық  мəңгі  өмір  сүреді.  Адам
туады, өледі, бірақ мəңгі-бақи өлмейтін шындық бар, ақиқат бар...
Сенімен осылай қоштаса отырып, маған сенің «армысың, ақ кеме,
бұл келіп тұрған мен ғой» – деген сөзіңді қайталау ғана қалды.

Document Outline

  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет