Қорытынды Пайдаланылған әдебиеттер тізімі Шоқан дүниетанымы: бұрынғы ұғымға жаңа көзқарас



бет2/3
Дата06.01.2022
өлшемі47,18 Kb.
#11837
1   2   3
ШОҚАННЫҢ ӨЗГЕ ӘЛЕМІ

Ш. Уәлиханов - өз халқы мен орыс мәдение­тінің перзенті ғана емес, әлемдік өркениеттің озық ой-пікірлері, рухани қазынасы негізінде қалыптасқан ұлы тұлға.

Өз дамуында алға кеткен елдердің оқу-білім, ғылым саласындағы жетістіктерімен жете танысу үшін Шоқан кадет корпусында жүргенінің өзінде шет тілдерді оқып үйренуге зер салды. П.П.Се­менов - Тянь-Шанский Шоқанның тілдерді үй­ренудегі аса қабілеттілігін, француз, неміс тілдерін жақсы меңгергендігін жазады.

Түрік және қытай тілдері арасындағы байла­ныс­тар мен бұл тілдердегі кейбір сөздердің этимо­ло­гиясы туралы Шоқанның ескертулері оның қытай тілін де оқи бастағанын көрсетеді. Ол құрастырған "Қытай, монғол және түрік сөздерінің сөздігі" осы­ны меңзейді. Сыртқы істер министрлігі мұра­ға­тында сақталған Шоқан Уәлихановтың жеке қорын­да қазақ ғалымының өз қолымен монғол тілінде жазылған оншақты бет материалдың ұшырасуы кездейсоқ нәрсе емес.

Ғалымдар Шоқанның араб тілін білгендігі жө­нінде де жорамал жасайды. Оған қазақ, татар, өзбек, қырғыз, ұйғыр және басқа да туыстас тілдерде түсінісу де, жаза білу де қиынға соқпаған.

Ш.Уәлихановтың еңбектерінде хакас, чулым, якут тілдері жөнінде де мәліметтер ұшырасады.

Қазақ ғалымының дүние жүзі халықтарының тілін білуге құштарлығы оның әлем өркениетін танып-білуге ұмтылысынан туындаған еді. Себебі ол халықтың тілін білмей, оның тарихы мен мә­дениетін шынайы зерттеу мүмкін емес деп есептеді. Басқа тілдерді білу Шоқанға батыс елдерінің тарихы және мәдениетімен танысуға жол ашады. Студент­тік кезінің өзінде ол ағылшын, француз, неміс әде­биетінің үздік туындыларын оқи бастайды. Кейі­нірек Г.Н.Потанин: "Ағылшын әдебиеті жөнінде, көбіне аудармалар бойынша, әрине Шоқаннан құлақтанатынбыз. Ол Англия және ағылшын өмірі туралы оқуды жақсы көретін", - деп еске алады. Шоқан әсіресе, Чарльз Диккенс (1812-1870) пен Уильям Теккерейдің (1811-1863) шығармаларын ерекше ұнатады. Нақтылы мәліметтер болма­ғанымен, өз табиғатына орай Шоқан Ч.Диккенстің "Пиквик клубының өлгеннен кейінгі жазбалары" (1837) атты юморлық сарында жазылған, "Оливер Твистің басынан кешкендері (1838), "Николас Никльби" (1839) деген өзекті қоғамдық тақырып­тарды қозғайтын романдарын, У.Теккерейдің бур­жуазиялық қоғамдағы екіжүзділік пен дүние­қо­ңыздықты әшкерелейтін "Даңққұмарлар жәр­мең­кесі" (1848) деген романын оқығанға ұқсайды.

Шоқан Батыстың әдеби есімдері ішінен Джордж Байрон (1788-1824) мен Генрих Гейнені (1797-1856) құрмет тұтады. Ағылшын ақынының шығыс тақырыптарына жазылған поэмалары да, "Дон Жуан" сатиралық поэмасы да Шоқанды бей-жай қалдырмаса керек. В.А.Обручевтің: "Потаниннің саяси ой-өрісін кеңейту мақсатында Шоқан оны "1848 жылғы революция дабылшысы" Гейненің шығармаларымен таныстырды" (Уәлиханов Ш. Көп томдық шығарма­лар жинағы. Алматы, 2010. Бесінші том. 433-б.) деуіне қарағанда, лирикалық және саяси поэзияның асқан шебері есептелетін неміс ақынының еркіндік сүйгіштік пен кекесінге толы "Өлеңдер кітабы" (1827), феодалдық-монархиялық Германияны мысқыл жебесіне алған, сонымен бірге революциялық-демократиялық ой ұшқындары да орын алған "Атта Троль" (1843) және "Германия. Қысқы ертегі" поэмалары қазақ ғалымының дүниетанымы көкжиегін кеңейте түскен. Шоқанның назарынан Г.Гейненің "Германиядағы дін мен философия тарихына" деген публицистикалық кітабы да тыс қалмаса керек.

Ш.Уәлиханов дүниетанымының қалыптасуына батыс философтарының еңбектері ерекше ықпал еткен. Оның назарына ең алдымен француз философы Жан Жак Руссоның (1712-1778) "Ғылым мен өнер жайындағы пайымдаулар", "Адамдар арасындағы теңсіздіктің шығуы мен негіздері жөніндегі" еңбектері ілігеді. "Қоғамдық шарт" туралы ілімдегі француз философының әділетті қоғамға көшу жолдарын іздестіруі де Шоқанның көңіл-күй ауанына қозғалыс береді. Кейін Шоқан шығармаларының бір арнасын қазақ қоғамындағы теңдік, теңсіздік мәселелері құрайды.

Ш.Уәлихановтың еңбектерінде неміс ақыны, ағартушы И.В.Гетенің (1749-1832), неміс философы М. Канттың (1724-1804), француз жазушысы Жорж Сандтың (1804-1876), ағылшын философы, экономист және қоғам қайраткері Джон Стюарт Милльдің (1806-1873) есімдері кездеседі. Соңғы автордың "Бостандық туралы", "Мазмұнды басқару туралы" еңбектерінде буржуазиялық реформизм жөніндегі пайымдауларына зейін қойса, ағылшын тарихшысы, әрі философы Генри Томас Бокльдің (1821-1862) "Англиядағы өркениет тарихы" (1857-1861) деген еңбегін оқып, ондағы адамзат тарихын­дағы ақыл-ой дамуының мән-маңызын жоғары қойған тұжырымдары өзінің де оқу-білім арқылы отандастарын өз дамуында алға кеткен халықтар қатарына қосуды армандаған пікірлеріне үндес келеді.

Ағылшын философы, әрі тарихшысы Томас Карлейльдің (1795-1881) 1837 жылы жарық көрген "Франция революциясының тарихы" деген үш томдық кітабын Шоқан түпнұсқада, ағылшын тілінде оқыған секілді. Шоқан көптеген елдердің қоғамдық өміріне ықпал етіп келе жатқан ұлы Француз революциясының тарихымен танысуды аса қажеттілік ретінде санап, кітапты оқып қана қоймай, оны конспектілеп, өз еңбектерінде бірнеше жерде пайдаланады. Қазақтар арасындағы шамандық туралы еңбегінде Ш. Уәлиханов "Көк тәңіріне табынатын шамандық жөніндегі тамаша түсініктемені біз Карлейльдің жауабынан табамыз" деп жазады.

Шоқан Карлейльдің еңбектерінен "Тұлға және тарихтағы тұлғалық" деген туындысындағы кейбір ой-пікірлеріне сілтеме жасайды. Қазақ ғалымының еңбектерін парақтай отырып, оның Берлин университетінің профессоры Генрих Гнейстің (1816-1895) "Англия мемлекеттік мекемелерінің тарихы", Оксфорд университетінің профессоры Блэкстон Уильямның "Ағылшын заңдарына түсінік" деген, француз ғалымы Шарль Конттың (1782-1832) Француз революциясы идеяларын қуаттаған еңбектерімен таныс болғанын көреміз.

Жаңа реформалық теориялар, олардың ішінде француз ғалымы Жорж Кювьенің (1769-1832) эволюциялық теориясы Шоқанды қоғам мен табиғаттағы өзгерістердің ұзақ мерзімді дамудың нәтижесі екендігі, олардың заңдылықтары мен сипаты туралы түсініктермен байытады. Қоғам дамуындағы түрлі факторлардың, олардың ішінде қоршаған ортаның рөлі жөніндегі тұжырымдарымен қанығады.

"Алтышар немесе Қашқария туралы" деген еңбегінде Шоқан: "Шығыс Түркістанда мұсылмандық фанатизмнің күшті болуының себебі, әрине, елдің географиялық жағдайына байланысты", - деп жазады. Бұған қарағанда, қазақ ғалымының материалистік көзқарастарына "географиялық мектеп" өкілдерінің еңбектері біршама әсер еткен секілді. Алайда оның пікірінше, адамзат өз дамуында жоғары сатыларға көтерілген сайын географиялық фактордың қоғамға ықпалы әлсірей түседі. "Тайпалық организм жағдайында оны қоршаған орта, ауа райы, жер жағдайы бірінші кезекке қойылуы керек, себебі адамның ояну сезімі, керекті физикалық құбылыс пен әлеуметтік жағдайдың біртұтас әсеріне байланысты емес пе", - деп жазады. "Сот реформасы туралы жазба" (28 ақпан, 1864 ж.) деген еңбегінде Ш. Уә­ли­хановтың қоғам дамуы теорияларымен және Фран­цуз буржуазиялық революциясы тарихымен жете танысуы оның ой өрісін өлшеусіз кеңейтеді. Соның нәтижесінде ол осы еңбегінде: "1793 жылдан бері Еу­ропада болған барлық төңкерістер өкіметтің бос­тандық үшін болған халық қозғалысын басып тастауға деген жалғыз-ақ ұмтылысы салдарынан орын алды", - деп ашық айтады( Сонда. Төртінші том. 85-86 б.).

"Ағартушылық" - прогресшіл идеялық қозғалыс болғандығы, оның оқу-білім арқылы қоғамда әділет­тілік орнатқысы келгендігі мәлім. Шоқан XVІІІ ға­сыр­дағы батыс ағартушылары болсын, не XІX ғасыр­дың бірінші жартысындағы орыс ағартушылары бол­сын - бәріне де өзінің ой өрісі тұрғысынан қарады. Қуатты талантының арқасында бұл идеялық ағымның күнгей де, көлеңкелі тұстарын көре білді. Ол "халық­шылардың" оқу-білім саласындағы ұстанымдарына қарсы шығып, ақыл-ой жеке бір халықтың мо­но­полиясы емес деп санады. Біз "тар шеңберлі" халық­шылдар теориясын қабылдай алмаймыз, "еуропалық, адамзаттық білімді игеру және оған жету жолындағы барлық кедергілермен батыл күресу даму мен мәдениетке қабілетті әр халықтың түпкі мақсаты болуы керек", - дейді.

Ағартушылық ісінде ұлттық, мемлекеттік, не бол­маса басқа да шектеушілікке жол берілмеуі жөніндегі Шоқан ұстанымы жаңа ғана Қазақстанды өзіне қаратқан Ресей империясының "өркениеттік рөлі" жөніндегі ресми идеологияға қарсы бағытталған еді.

Ш.Уәлихановтың өз халқын батысеуропалық және адамзаттық мәдени құндылықтар негізінде өсіп жетілуін қалағандығы - талассыз ақиқат. Шоқан дүниетанымының бастауларын тек "орыстық ортадан" іздестіру, оны бірде А. И. Герценнің, бірде Н.Г.Чер­ны­шевскийдің идеялық ұстанымдарына қарай жете­леп, одан "революционер" жасауға тырысушылық қазақ ғалымының интеллектуалдық әлемін, арман-тілегін толық сипаттап бере алмайды.

Қазақ перзентінің феодалдық-крепостниктік Ресейдің қоғамдық ой-пікірі аясынан шығып, әлемдік деңгейге көтерілгені, жанамалап болса да, орыс зиялылыры тарапынан да мойындалған. Әдебиеттанушы, Петербург Ғылым академиясының академигі, Н.Г.Чернышевскийдің жақын досы А. Н. Пыпин (1833-1904): "Уәлихановты жақын білген адамдар өзінің көңіл ауаны, ойлау бағыт-бағдары жа­ғынан оның орыс батысшылы болғандығын айтады", - деп баға берген (Сонда. Бірінші том. 73-б.). Н.М.Яд­ринцев те Шоқанның өз халқын өмірінің со­ңы­на дейін сүйіп өткендігін, оның еуропалық білім бұ­лағынан сусындауын армандағанын еске алады (Сонда. 31-бет). Осы сарындас пікірді П.П.Семенов Тянь-Шанский де айтады: "Уәлиханов өз еліне жан-тәнімен берілген еді, ол қазақ өмірін сүйетін, соны­мен бірге батыс өркениетін жоғары бағалай алды", - дейді. Осы сөйлемді орыс ғалымы: "Ш.Уәлиханов өз халқының жарқын болашағы Ресейдің қамқор­лы­ғына ғана байланысты екенін қиядан болжады", деп жалғастырады. Бұл тұжырымның қазақ жерлері мен Орта Азия хандықтарының Ресей қоластына алынып, орыс қаруының "даңқы" шырқап тұрған кездегі империялық идеологияның көрінісі екендігі, оны Кауфман мен Черняев те, Чернышевский мен Достоевский де бөліскенігі құпия емес.

Ал Ш. Уәлиханов үшін әскери антының жалғасы іспеттес бұл сөздер-метрополияға (Ресейге) адалды­ғын айғақтайтын өзге ұлт өкілінің аузынан міндетті түрде айтылуға тиісті сөздер екендігі, бірақ оның шынайы наным-сенімнен туындамағаны белгілі. Ресей армиясы Бас штабының, Сыртқы істер минис­тр­лігі мен басқа да ведомстволардың жіті бақы­лау­ында жүрген, П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің де, Ф.М.Достоевскийдің де қазақ, өзбек, т.б. "жатжұрт­тықтар" жөніндегі көзқарастарын тым жақсы білетін Ш.Уәлиханов секілді ғұлама ғалымның оларға басқа не айтуы мүмкін?! Орыс зиялыларынан түрік-мұ­сыл­ман халықтарын тарих субъектісі ретінде танып, олардың жеке дара өмір сүруін, бөлек мемлекет бо­луын қолдаған, тіпті, бірлі-жарым өкілдерін тап басып айту қиын.

Сол кездің өзінде-ақ қазақ даласындағы орыс әкімшілігінің зорлық-зомбылықтарын көзімен көрген, Шоқан халықтың прогресс жолына түсуінің алғы­шарттары ретінде: "Өркендеудің қандай сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін өздігінен дамуы, өзін-өзі қорғай білуі, өзін-өзі басқаруы және өзіндік сот жүргізу ісі қажет",­ - деп көрсеткен (Сонда. Төртінші том. 103 б.).

Шоқан философиясының өзегі ретінде танылуға тиісті бұл сөздеріне қарағанда, ол "өзін-өзі басқару" принципін халықтың ұлттық бостандығы ретінде түсінген (Сонда. Бірінші том. 66 б.).

Батыс ғалымдарының философиялық-публи­цис­тикалық трактаттарын, 1793 жылғы Француз рево­лю­циясы тарихын құмарта оқыған Ш. Уәлихановтың Парижде болып қайтуы - заңдылық. Оның 1860 жылдың 4 қарашасында әкесіне жазған хатында: "Құдай бұйыртса, бір айдан кейін Петербордан Па­рижге аттанамын. Ақшаны қарызға аламын, мұндағы бір кісіден. Сол себепті Сіздің жіберген ақшаңыз мені Петербордан таппас", - деп хабарлайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет