ШОҚАН ШЫҚҚАН ШЫҢ
Қай жазба, қай еңбегін алып қарамайық, Шоқан ең алдымен өз халқының тарихын жете зерттеуге ұмтылады. Қазақтардың шығу тегін зерделеу Шоқан үшін ғылыми-теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да маңызды болатын. Халыққа өз атауын қайтару, оның этностық бірегейлігін анықтау жер-суына ие болуы үшін, отарлық үстемдік жағдайында жойылып кетпеуі үшін қажет болғандығын патша идеологтары әуел баста аңғара алмай да қалған шығар. Қазақтардың "қырғыздар", "қырғыз-қайсақтар" аталуы уақыт өте келе оның тарихсыз халық, басқа жақтан ауып келген "келімсек" аталуына жол ашатын еді. Бұл болса өз кезегінде қазақтың байырғы атамекенінен айырылуына әкелетін.
Ш.Уәлиханов Ресейдің оңтүстік-шығысынан Сібірдің оңтүстігіне дейінгі Жоңғария, Қытай мен Қоқан хандығы аралығындағы байтақ өлкеде қоныстанған халықтың шын атауы - қазақтар деп, қазақтар мен қырғыздардың екі бөлек халық екендігін, оларды шатастырмау керектігін ескертеді.
Қазақ халқының этногенезі, қалыптасу уақыты, этностық құрамы, тілі, мәдениеті, шаруашылығы, "қазақ" атауының әлеуметтік және этностық мәні секілді аса күрделі мәселелерді зерттеуде ол тарих қана емес, онымен бірге археология, этнография, антропология, география, лингвистика, т.б. ғылым салаларының жетістіктеріне сүйенеді.
Қаңлы, шанышқылы, керейттер, уыздар (оғыздар), қыпшақтар, печенегтер, дулат, үйсін, жалайырлар, наймандар, керейлер, т.б. ру-тайпалардың көне замандағы қоныстары жөніндегі мағлұматтарды жинастырады. Кіші жүз тайпаларының автохтондығын айтады. Қазақ жүздерінің қалыптасуы жөнінде өз пікірлерін білдіреді.
Көшпелі халықтар тарихын, олардың шығу тегін зерттеудегі Шоқан Уәлихановтың методологиялық ұстанымы өзінің прогресшілдігі, танымдық әлеуетінің кеңдігі тұрғысынан батыс және орыс ғалымдарының ғылыми жетістіктерінен әлдеқайда алға кеткен болатын. Ол Орта Азияның құнарлы жайлаулары мен өзен-суы мол ұлан-байтақ далаларында ерте замандардан жеке-жеке көшпелі ұрпақтардың сансыз көп ордалары мекендегенін, олардың өздерінің қоныстарын үнемі ауыстырып, әртүрлі аттармен, бірде өз ұрпағының атымен, бірде бірнеше ру бірігіп, әлді де беделді рудың атымен аталып келгендігін жазады.
Мұнан "қазақ" атауымен біздің халқымыз XV ғасырдың ортасында тарих сахнасында пайда болғанымен, оның құрамына енген ру-тайпалардың осы өңірді көне заманнан бері мекендеп келе жатқандығы туралы тұжырым туындайды.
Көшпелі тайпалардың шыққан тегі мен тарихын зерттеуде, аталмыш жағдай, яғни олардың үнемі қоныс аударып отыруы, оның үстіне бірден-бір мәлімет көзі болып саналатын қытай жылнамалары мен шығыс хроникаларындағы бірізділіктің жоқтығы Шоқанға үлкен қиындықтар туғызады. Бұл жағдайды қазақ ғалымының өзі де атап өтеді. "Қырғыздар туралы жазбалар" еңбегінде ол: "Көшпелі тайпалардың және жазу-сызуы болмаған жалпы халықтың тарихи фактілерге емес, жартылай ертегіге ұқсас аңызға негізделген, сонымен бірге бізге тек қытай мен шығыс тарихшыларынан алынған, біріне-бірі қайшы, бұлыңғыр... түрде жетуде, осылайша олардың көне заманғы тағдыры талай сыр түйген жұмбақ күйінде қалуда", - деп жазады (Сонда. Екінші том. 53-б.).
Ш.Уәлиханов қазақ халқының бастауларын зерттеу барысында Рашид-ад-диннің "Жами ат-тауарих", Мұхаммед Хайдардың "Тарих и-Рашидиі", Қадырғали Жалаиридің "Жами ат-тауарих", т.б. шығыс ғұламаларының еңбектеріндегі мағлұматтарды орыс деректерімен, даланың ауызша тарихнамасындағы мәліметтерімен салыстыра отырып өзінің ой әлемінде қорытады. Алтын Орда хандарының жарлықтарын, Әбілғазының "Түрік шежіресін", И. Н. Березин басылымы бойынша "Шейбани-намені", кейін "Бабыр намені" оқиды. Омбы, Санкт-Петербург қалаларының мұрағат қорларын парақтайды.
Осының нәтижесінде ғалымның қазақ этногенезі туралы "Қырғыз шежіресі", "Жоңғария очерктері", "Қырғыздар туралы жазбалар", "Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыздары...", т.б. еңбектері дүниеге келеді. Оларда Шоқан қазақ, қырғыз жерлеріндегі ерте заманғы қала мәдениетінің, суландыру жүйелерінің қалдықтарына, сәулет өнерінің ескерткіштеріне ерекше көңіл қояды. "Жоңғария очерктерінде" орта ғасырларда Қазақстан аумағында, әсіресе, Іле аңғарында отырықшылықтың күшті дамығанын, қазіргі Алматы қаласының Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда және керуен бекеті міндетін атқарғанын атап өтеді.
"Абылай" деген мақаласында бұл қайраткердің сыртқы саясаты стратегиясының дипломатиялық жолмен қазақ хандығының тәуелсіз өмір сүріп қалуға, қазақ мүддесіне жат сыртқы күштердің өз үстемдігін орнатуына қарсы бағытталғанын аңғартады.
Мұның барлығы көшпелілер жөніндегі еуроцентристік көзқарастарға, қазақтарға орталық жүйеге ыңғайлы тарихи дүниетанымды таңуға ұмтылған патшалық Ресей саясатына қайшы келеді.
Шоқан қазақ даласындағы географиялық нысандарға, өзендері мен көлдеріне, таулары мен қыраттарына, сай-саласы мен қойнауларына, олардың түркілік-қазақылық атауларына үңіледі. Қазақ жерін Солтүстіктен Оңтүстікке, Шығыстан Батысқа дейін картаға түсіріп, оған қазақ тілінде (араб қарпінде) түсіндірмелер береді. Сонымен ол болашақ ұрпаққа оның этностық территориясы туралы баға жетпес тарихи құжаттар қалдырады.
Академик Ә.Марғұлан Омбы кадет корпусындағы оқу бағдарламасында Ресей империясының физикалық және экономикалық географиясы бойынша дәрістерде Қазақстан географиясына да көп көңіл бөлінгендігін айта келіп, алайда бұл: "Оның табиғи байлықтарын игеру мақсатында емес, әскери-стратегиялық тұрғыдан қаралды", - деп көрсетеді (Марғұлан Ә. Х. Алғы сөз // Көп томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. 21-б.).
Дегенмен қазақ ғалымының географиялық ізденістерін оның таза әскери-барлаушылық міндеттерінен туындады, рекогносцировкалық мақсатта жүргізілді деген пайыммен шектеуге бола қоймас. Қазақ халқы мекенінің кеңістігі, өзен-көлдерінің...,т.б. нысандардың көне атаулары секілді ізденістер халық болашағын ойлаған зерделі жанның қам-қарекеті деуге негіз баршылық. Осыны түсінген патша цензурасы Н.Веселовскийге Шоқан Уәлихановтың жеке мұрағатындағы оның топонимика мен ономастика салалары бойынша материалдарын жариялауға рұқсат бермейді (Қыстаубаев Б.Тайна Чокана Валиханова. Алматы, 2009. С. 141). Шоқан Уәлихановты тек орыс мектебінің түлегі ретінде ғана қарастырушылар тағы бір мәселеге - оның ғылыми зертханасында батысеуропалық авторлардың географиялық, тарихи, этнографиялық, лингвистикалық шығармаларының кеңінен орын алғанына тоқтала бермейді.
Шоқан шығармаларының деректемелік негізі Геродоттың "Тарихы" мен "Византия жылнамаларынан" бастап XІX ғасырдың орта кезіндегі батыс саяхатшыларының еңбектеріндегі қазақ, қырғыз, ноғай, өзбек, түркімен, ұйғыр халықтарына қатысты барлық мағлұматтарды қамтиды. Олардың ішінен ежелгі грек ғалымы, географ Клавдий Птоломейге, Рим ақыны Квинт Горацийге, ортағасырлық саяхатшылар Марко Поло мен Ганс Шильтбергерге сілтемелер жасалған. "Іле өлкесінің географиялық очеркінде" Плано Карпинидің Қарақорымға келген кезінде "қымыз атып тұрған фонтанды" суреттеуіне зер салса, "Қырғыз шежіресінде" Г.Шильтбергердің Кебек, Керей-Берді, Едіге, Құлыншақ секілді хан, батырлардың араларындағы күрделі қарым-қатынастар жөнінде жазғандарына тоқталады.
Қырғыздардың мекені жөніндегі монғолдардың Мөңке ханына жіберілген Людовик ІX-ның елшісі Вильгелм Рубруктың, одан кейінгі Г. Клапроттың мәліметтерін салыстыра келіп: "Қырғыз халқының бүгінгі Алатау ордасының тұрған жерін ертеден бері мекендейтінін Абель Ремюза берген тамаша факт және Риттердің Erdkunde атты еңбегінен көшіріп алған үзінділеріміз айқын дәлелдейді", - деп өзінше қорытады.
Шоқан неміс географы Карл Риттердің (1779-1859) "Erdkunde von Asіen" (Берлин, 1832-1859) деген классикалық еңбегіне жиі сүйеніп отырады. Неміс ғалымы, жаратылыс зерттеуші Александр Гумбольдттың (1769-1859) 1843 жылғы "Орталық Азия" деген еңбегімен Омбы кадет корпусында жүрген кезінде-ақ француз тілінде танысады.
Сол кездегі әйгілі ғалымдар В.Шотт пен Г.Клапрот еңбектерінде қазақтар мен қырғыздар тарихын зерттеуде жіберілген қателіктерді сынға алады. Д.Эрбелоның "Шығыс кітапханасы" атты тарихи-ағартушылық энциклопедиясын да жоғары бағалай отырып, оның да қателіктерін көзден таса қалдырмайды.
Қазақ ғалымы XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы католик миссионерлерінің есептерін де Орталық Азия халықтары тарихының маңызды дерек көзі ретінде санайды. Әсіресе, Абель Ремюза, Клавдий Визделу, Жозеф Дегинь, Станислав Жюльен, Д'Оссон секілді француз авторларының туындыларына ерекше назар аударады.
Бұл орайда француз шығыстанушысы А.К. Д'Оссонның (1779-1851) "Монғолдардың Шыңғысханнан Темір бей немесе Тамерланға дейінгі тарихы" (Амстердам, 1834-1835) атты төрт томдық еңбегі мамандар тарапынан өте жоғары бағаланғандығында емес, Шоқан үшін ол кітап көпшілікке беймағлұм ортағасырлық мұсылман деректерінен жаңа материалдардың келтірілуімен маңызды еді. Д'Оссон Рашид ад-диннің "Жами ат-тауарих", сонымен бірге Вассафтың, Мирхондтың туындыларын және Париждегі Корольдік кітапханадан табылған еңбектерді кеңінен пайдаланған. Шоқан Д'Оссонның осы еңбегін "Қырдағы мұсылмандық туралы" деген жұмысында пайдаға асырған.
Еңбектерінің бірінде Шоқан: "Шығыс тарихшыларының аңыздарына да талай түсіндірме берушілер табылып, оларды Д'Оссон және басқалары терең зерттеген", - деп көрсетеді (Көп томдық шығармалар жинағы. Екінші том. 55-б.).
Жюльен Станислас та (1799-1875), Д'Оссон секілді, белгілі шығыстанушы ғалым болатын. Ол бірқатар тарихи шығармаларды қытай тілінен француз тіліне аударады. Олардың қатарында қытай саяхатшысы Сюань-Цзанның (600-664) өмірбаяны да бар.
Франция Азиялық қоғамының президенті Абель Ремюзаның (1785-1832) еңбектері де қазақ ғалымы туындыларының деректемелік негізіне қаланады.
XІX ғасырдың орта кезіне қарай Орталық Азия Англия мен Ресейдің бәсеке алаңына айналады. 1832 жылы Үндістаннан Ауғанстан арқылы Бұхараға ағылшын офицері Александр Борнс басқарған "дипломатиялық елшілік" аттандырылады. Оның құрамындағы Джон Вуд Амудария өзенінің алабын, ал А. Борнс Арал-Каспий ойпатын зерттеуге кіріседі. Олар Бұхарада бір жылдай болып, "Бұхараға, Үндістаннан Кабулға, Татарияға, Персияға саяхат туралы есеп" деген кітап жазады. Орталық Азиядағы ағылшындардың әр қимылын жіті бақылап отырған Ресейде бұл еңбек 1849 жылы орыс тіліне аударылады да, онымен көп кешікпей Шоқан да танысып шығады. Онда қазақ ғалымын ағылшын авторы суреттеп жазған Арал теңізіндегі Барсакелмес аралы туралы аңыз мазмұны қызықтырған да болар.
Шоқан Орталық Азия тарихы бойынша орта ғасырлық деректер қатарында Дешті-Қыпшақпен, Орта Азия және Шығыс Түркістанмен сауда жүргізген көпестерге жолбасшы ретінде жасалған итальяндық карталарды қарастырады. Франциск және Доминик Пицичанидің (1367) картасы, Каталон картасы (1375), венециандық Фра Мауро (1459) картасының мәліметтерін жазба деректермен салыстырады.
Орыс либералдық ой-пікірлері мен батысеуропалық ғалымдардың философиялық-публицистикалық трактаттары, қазақ халқының ғасырлар бойғы ауыз әдебиетінде қордаланған ғибрат пен өсиет тоғысында шыңдалған табиғи талант Ш. Уәлихановты ғұламалық биікке көтереді. Бұл сөзімізге негіз ретінде оның заманауи қоғамдық-публицистикалық ой-пікірдің бастауында тұрғандығын айтсақ та жеткілікті. Ол еуропалық типтегі қазақ интеллигенциясының қалыптасу процесінің қайнар көзі болды. Шоқанның тарих, этнография, география, қазақ әдебиеті, топонимика, гидрография, зоология салалары бойынша зерттеу қорытындыларының ғылыми маңызы әлі жойылған жоқ. Қазақ халқының қалыптасуы, оның мемлекеттілігі мен мәдениетін зерделеу арқылы өз халқының жаңалыққа құштарлығы, "өзін-өзі билеген", өз ісін өзі жүргізген жағдайда білім жетістіктерін қабылдауға қабілеттілігі туралы тұжырым жасайды және онымен әлем жұртшылығын таныстырады.
Қазақ халқының этногенезі, автохтондығы, атақонысы, жер-суының ежелгі атаулары туралы Шоқан еңбектері болашақ ұрпақ үшін тәуелсіз Қазақстанның территориялық, этностық тұтастығын сақтап қалу жолындағы аса маңызды тарихи құжат болып табылады. Сол себепті Шоқан шыққан биік ешқашан аласармайды.
Сөз соңында даланың дара дарыны туралы ойымыздың жоғарыдағы пікірлермен шектеліп қалмайтынын айтқымыз келеді. Халқымыздың біртуар ұлының шетелде танылуы, жоғалған жазбаларының тағдыры бөлек бір әңгіме арқауы. Ол туралы алда баян етпекпіз.
Достарыңызбен бөлісу: |