2. «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының мөлшерін және оны беру тәртібін белгілей отырып, оны беруге арналған конкурсты өткізу тәртібі
6. Конкурсқа қатысуға мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) барлық түрлеріне рұқсат беріледі.
7. Конкурс екі кезеңде өткізіледі:
1) I кезең – аудандық (қалалық), жыл сайын сәуір айында өткізіледі, онда екінші кезеңге қатысуға ұсынылатын Конкурсқа қатысушылар анықталады;
2) II кезең – облыстық, Астана және Алматы қалалары, жыл сайын мамыр айында өткізіледі, онда Конкурстың жеңімпазы анықталады.
8. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу мақсатында білім саласындағы жергілікті атқарушы органдар әрбір деңгейде, облыс (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), аудан (қала) әкімінің шешімімен облыс (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), аудан (қала) әкімінің білім саласына жетекшілік ететін орынбасарының төрағалығымен конкурстық комиссия құрылады.
9. I және II кезеңдердің конкурстық комиссияларының құрамына облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), аудандық (қалалық) білім саласы органдарының мамандары, тәжірибелі педагогтар, әдіскерлер, психологтар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, ғылым қайраткерлері, білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері кіреді.
10. Конкурсты өткізу туралы хабарландыруды білім саласындағы жергілікті атқарушы органдар мерзімді баспасөз басылымдарында конкурстың басталуына кемінде 1 ай қалғанда жариялайды және:
1) Конкурс өткізілетін күнін, уақытын, орнын және тәртібін;
2) құжаттар қабылдау орнын және мерзімін қамтуы тиіс.
11. Қазақстандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және жоғары рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізу үшін конкурстық комиссия Конкурсқа қатысушыларды іріктеуді төмендегідей өлшемдер бойынша жүзеге асырады:
1) оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізу (қазіргі заманғы білім беру технологияларын тиімді қолдану; 1 компьютерге шаққанда келетін оқушы саны; Интернетке қосылу; жаңа модификациядағы пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілу үлесі);
2) сапалы білім беруді қамтамасыз ету (жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алған түлектер үлесі; жалпы орта білім туралы үздік аттестатын алған оқушылар үлесі; қосымша білім берумен қамтылған оқушылар үлесі);
3) білім беру процесін кадрлармен қамтамасыз ету (5 жылда 1 рет педагогтардың біліктілік арттыру курсынан өтуі, деңгейлік бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткен педагогтардың үлесі; жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын педагогтардың үлесі; ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану және ағымдағы жылы білім беру ұйымына жұмыс істеуге жаңадан келген жас мамандар үлесінің серпіні; жоғары және бірінші санаттағы педагогтардың үлесі; аудандық (қалалық), облыстық, республикалық, халықаралық конференцияларға, семинарларға, форумдарға, көрмелерге, байқауларға, педагогикалық оқуларға қатысушы педагогтардың үлесі; эксперименттік, зерттеу, қолданбалы жұмыстарға, ғылыми жобаларға, бағдарламаларға, оқу және әдістемелік басылымдарға сараптама жасауға қатысуы, авторлық оқу құралдарының, бағдарламаларының, ғылыми әзірлемелерінің, басылымдарының бар болуы, озық педагогикалық тәжірибе енгізу, оқушылардың кәсіби бағдарын диагностикалау қабілетін қамтамасыз ету);
4) материалдық-техникалық қамтамасыз ету, білім беру ұйымын жарақтандыру және жабдықтау (қаржыландырудың тиімділігі және нәтижелілігі, қаражатты бөлудің ұтымдылығы және тепе-теңдігі);
5) білім алушылардың денсаулығын сақтау үшін жағдай жасау, оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбегін қорғауға жағдай жасау (білім беру ұйымдарында білім алушыларды спорт секцияларының қызметімен қамту; тұрмыс жағдайы нашар отбасынан шыққан балаларды ыстық дәруменді тегін тамақпен қамтамасыз ету; балалар ауруларының динамикасы, оқыту жағдайының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігі; мектеп инспекторы, психологтар мен әлеуметтік педагог лауазымының штатта, турникеттер мен бейнебақылау камераларының болуы, мектепішілік және жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның есебінде тұратын оқушылар санының үлесі));
6) педагогтар мен басшылардың кәсіптік және жеке өзін-өзі көтеруі үшін жағдай жасау (білім беру ұйымында ақпараттық-әдістемелік кеңістіктің бар болуы, педагогтарды ақпараттық-коммуникациялық технологиямен қамтамасыз ету, мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі сапалы өзгерістерді зерттеу мониторингісінің);
7) инклюзивтік білім алуға жағдай жасау (білім беру ұйымына бекітілген шағын ауданда тұратын жалпы бала санынан инклюзивтік білім берумен қамтылған, ерекше қажеттілікті талап ететін бала үлесі);
8) соңғы үш жыл ішіндегі оқушылардың оқу рейтингтік жоғары көрсеткіштері, орта білім беретін ұйымның ерекше миссиясы (жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын табысты меңгерген оқушылар үлесінің серпіні);
9) білім беру сапасын басқару (оқушылар мен ата-аналар қажеттілігінің білім беру мониторингісінің нәтижесі негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау, білім беру ұйымының қамқоршылық кеңесі қызметінің нәтижелілігі);
10) білім сапасын ішкі және сыртқы бағалаудың нәтижелері (оқу жетістіктерін сыртқы бағалау, Ұлттық Бірыңғай тестілеу және халықаралық зерттеулер рәсімдерінің нәтижесі; оқушылардың функционалдық сауаттылығын, математикалық, жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылығын дамыту және қалыптастыру критерийлері, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жарыстарының жүлдегер оқушыларының үлесі);
11) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру (халықаралық
ұйымдармен жасалған шарттар саны; халықаралық жобаларға қатысқан оқушылар мен педагогтар үлесі).
12. Конкурстың I кезеңінің қорытындысы бойынша конкурстық комиссия облыстық (Астана және Алматы қалаларының) деңгейдегі конкурстық комиссияның қарауына материалдарды, сондай-ақ мектеп атауларын көрсете отырып, аудандық (қалалық) конкурстық комиссия отырысының хаттамасынан үзінді көшірме жолдайды.
13. Грант беру жөніндегі конкурстық комиссиялардың отырыстары егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады.
14. Дауыс беру нәтижесі комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен анықталады. Комиссия мүшелерінің дауысы тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші дауыс болып табылады.
15. Білім беру ұйымдары Конкурсқа қатысу үшін конкурстық комиссияға мынадай құжаттарды:
1) Конкурсқа қатысуға өтінімді;
2) осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген өлшемдерге сәйкес тиісті материалдарды тапсырады.
Өтінімдер нысанын жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
16. Конкурстық комиссияның қарауына қабылдаудың белгіленген мерзімінде тапсырылған құжаттар «Гранттар конкурсы» деген белгі қойылған конвертте қабылданады.
17. Құжаттарын, құжаттар қабылдаудың белгіленген мерзімінен кеш ұсынған білім беру ұйымдары Конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
18. Тиісті деңгейдің конкурстық комиссиясы ұсынылған құжаттар негізінде конкурсқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді.
19. Конкурстық комиссия ұсынылған материалдарды қарау негізінде жеңімпазды анықтайды және грант беру туралы шешім қабылдайды.
20. Әр деңгейдегі конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, дауыс беруге қатысқан комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшы және мүшелері қол қояды.
21. Конкурс жеңімпаздары «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсының лауреаты» атты арнайы құрмет дипломымен және грант алғаны туралы сертификатпен марапатталады.
Диплом мен сертификаттың нысандарын жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
22. Грантты төлеу конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
23. Грант мөлшері республикалық бюджет қаражаты есебінен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі жалақының сегіз жүз еселенген мөлшерін құрайды.
24. Конкурстық негізде «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын алған мемлекеттік орта білім беру мекемелері Грантты білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартуға және білім беру процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге жұмсайды.