Байласымдылығы Әр түрлі формальды байланыс ретінде когезия (лат. cohaesus, cohesion – байланысты, тіркесті) және мәтінді басқа мәтіндерден тұтастық ретінде бөліп тұратын тұтастықтың мағыналық ұйымы ретінде когеренттілікті (лат. coraerens, coherence – байланыста тұрған) бөледі.
Л. М. Лосева формальды байланыс құралдарына сипаттама береді. Ол күрделі фразалық тұтастықта байланыстың жанаспалы, аралық және тізбелі түрлерін және грамматикалық байланыс құралдарын:
а) құрмалас сөйлемнің бөліктерін біріктіру, сол сияқты дербес сөйлемдер үшін ортақ (жалғаулық, демеулік, қыстырма-модаль сөздер, етістік-бастауыштың шақ түрі, есімдікпен және оны синониммен алмастыру және т.б.);
ә) дербес сөйлемдерді біріктіру үшін ғана қолданылатын фразааралық байланыс құралдарының өзін (сөйлем шегінде өзінің семантикасын ашпайтын сөздер мен сөз тіркестері, лексикалық қайталау, екі құрамды жай сөйлем формасындағы кейбір айтылымдар, жекелеген сұраулы және лепті сөйлемдер, атаулы көріністер);
б) бір-бірінен алшақ мәтіндік байланыстың қашықтық құралдарын (мысалы, көсемшелік орам) бөледі.
Мәтіннің мағыналық тұтастығы оның тақырыбының біртұтастығымен анықталып, мәтіннің мағыналық ұясы, мәтіннің жинақталған мазмұны түсінігін береді.
Күрделі фразалық тұтастық пен тұтас мәтіннің құрамына кіретін сөйлемдер тек тақырыптың ортақтығымен және коммуникативтік прогрессия қатынастарымен ғана емес, олардың бір бүтіннің бөлшектері екенін, өз жиынтығында құрылымдық бірлік құрайтынын көрсететін әр алуан сыртқы сигналдармен де байланысты.
Мәтіннің құрылымдық тұтастығы оның мағыналық және тұтастығының сыртқы көрінісі. Сондықтан күрделі фразалық тұтастық ішіндегі, тұтас мәтін ішіндегі тақырыптық, коммуникативтік және құрылымдық тұтастықты сипаттағанда әр қырынан көрінетін сол бір құбылысты ұшыратамыз. Оқшауланған сөйлемдерді қарастырғанда бұл құбылыстарға жеткілікті түсініктеме табыла қоймайды, олардың функциясы тек күрделі фразалық тұтастық пен тұтас мәтін шеңберінде ашылады, алайда олар күрделі фразалық тұтастықты, сондай-ақ тұтас мәтінді құрайтын сөйлемдер арасындағы сол жақты және оң жақты байланыстарды анықтауға белсене қатысып, мәтін түзуші функциясын атқарады.
Сондай-ақ сөйлемдер арасындағы және сөйлем ішіндегі бөліктері арасындағы анафоралық және катафоралық байланыстар байланыс құралдары болып табылады.
Анафоралық байланыстар (бір айтылымның мағынасы алдындағысына сілтеме болып келетін айтылымдар арасындағы қатынастар) күрделі фразалық тұтастық пен мәтінде ортаңғы және соңғы позициядағы сөйлемдердің мағыналық және құрылымдық дербессіздігін көрсетеді, яғни сол жақты байланыс қызметін атқарады. Мысалы: Сіз оқулық сұрадыңыз ба? Менде ол жоқ.
Катафоралық қатынас (анафоралыққа керісінше) оң жақты, келесі байланыстың сигналы ретінде катафора мәтінде ортаңғы және алғашқы позициядағы сөйлемдердің құрылымдық және мағыналық дербессіздігін көрсетеді. Мысалы: Анық бір нәрсе – менің кетуім керек