Темпоралдылық Іс-әрекет мезгілдерінің берілуі және функционалды грамматика
Абдуова Б.С.
Функционалды-семантикалық өріс - белгілі бір тілдің әр деңгейлік (морфологиялық, синтаксистік, сөзжасамдық) ортақ қызметі және белгілі бір семантикалық категория негізінде өзара ықпалдас құралдарының жүйесі. Аспектуалдық, темпоралдық, локативтік және басқа Функционалды-семантикалық өріс тілдік категориялардың түрлері болып есептелінеді. Функционалды-семантикалық өріс құрамына негізгі категориялар санатында грамматикалық бірліктер, кластар, категориялармен бірге олардың қолданыс ортасындағы сол семантикалық категорияға жататын элементтер де кіреді. Функционалды-семантикалық құрылым тілдік фактілерді сипаттауда “мазмұннан формаға қарайғы” бағытты көздей отырып, грамматика құрылымын айқындайтын “формадан мазмұнға қарайғы” бағытпен бірлікте қаралады.
Белгілі зерттеуші А.В.Бондарконың тұжырымындауынша, темпоралдылық – функционалды-семантикалық құрылым, мұнда шақтардың грамматикасына қоса синтаксистік құрылымдардың, лексикалық бірліктердің түрлі деңгейдегі комбинациясы қамтылады.
Қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, И.Е. Маманов, А.Ысқақов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, И.Қ. Ұйықбаев, Ә.Төлеуов, Ә.Қайдар, Н.Оралбай, З.Күзекова сияқты ғалымдардың еңбектерінен темпоралдылықтың түрлі көріністері мен жеке категория ретіндегі ерекшеліктері туралы деректерді кездестіреміз. Алайда бұл зерттеулердің ішінде тек З.С.Күзекованың монографиясында ғана «темпоралды категория» деген термин кездеседі, қалған еңбектерде уақыт пен мезгілге, шақтарға, етістік көріністеріне қатысты талдаулар беріледі.
Темпоралдылық етістіктің шақ категориясымен тығыз байланысты болады. Себебі, етістіктің шақ категориясы темпоралдылықтың негізгі мағыналық ядросын құрайды.
Заттардың, құбылыс іс-әрекеттің мезгілге қатысын тіл арқылы білдіруді біз лингвистикалық аспектіге (темпоралдылыққа) жатқызамыз. Уақыт категориясының лингвистикалық аспектісінің грамматикалық (морфология, синтаксистік), лексикалық, контекстуалдық түрлері болады. Морфологиялық түрі етістіктің шақ категориясы арқылы көрінеді. Іс-әрекет, қимыл қозғалыс үнемі мезгілге қатысты. Сондықтан етістікті өзге сөз таптарынан ерекшелендіретін ең негізгі грамматикалық категориясы да осы – шақ категориясы.