ОРТА СЫНЫПТАРДА ГЕОМЕТРИЯНЫ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІСТЕРІН ҚОЛДАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ 1 Базарбекова Д.А. 1Базарбекова Динара Ағманқызы Suleyman Demirel University Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар факультеті «7М01501» Математика мамандығының 2-курс магистранты dbazarbekova22@gmail.com
1Bazarbekova Dinara Agmanovna Suleyman Demirel University Faculty of Pedagogical and Humanities 2 year undergraduate in Mathematics "7M01501 " dbazarbekova22@gmail.com
ТҮЙІНДЕМЕ Бұл мақалада геометрия пәнін білім беру саласында оқытудың ғылыми тұжырымдары мен зерттеулерінің маңызы талданып, пәнді оқытудың тиімді әдістердің қолдану мүмкіндіктері теориялық тұрғыда жіктелген.
Кілттік сөздер:геометрия, математика-жаратылыстану, орта білім беру, әдіс-тәсіл, ақпараттық-технология
АННОТАЦИЯ В данной статье проанализирована значимость научных выводов и исследований преподавания геометрии в области среднего образования, теоретически классифицированы возможности применения эффективных методов преподавания дисциплины.
Ключевые слова: геометрия, математика-естествознание, среднее образование, методология, информационно-технология
SUMMARY This article analyzes the significance of scientific conclusions and studies of geometry teaching in the field of secondary education, theoretically classifies the possibilities of using effective methods of teaching the discipline.
Keywords: geometry, mathematics-natural science, secondary education, methodology, information technology
Білім беретін орта мектепте оқушыларға математикалық білім беруде геометрия курсы ерекше орын алады. Мектепте оқытылатын бүкіл математика курсының едәуір бөлігі геометрияны оқытуға жұмсалады. Геометрия – денелердің формасы (пішіні) мен кеңістіктегі қатынастарды оқытатын математиканың ежелден келе жатқан саласы.
Әртүрлі кезеңде геометрияны оқыту және мектепте білім беру жүйесіндегі оның орны бойынша түрліше пікірлер айтылды. Біздің ойымызша, мектептегі геометрия тек негізгі математикалық пән ғана емес, сонымен бірге жалпы адамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігінің бірі. Мектепте математика курсында геометрияны оқып үйренуге айтарлықтай орын берілген. Қазіргі қолданылып жүрген оқу бағдарламасы мектепте оқытылатын дәстүрлі геометриялық білім мазмұнында да, оны оқыту жүйесінде де үлкен өзгерістер енгізді. Геометрияны игеру - ойлауға тәрбиелейтін мектептегі пән ретінде геометриялық курстың уақыт шегінен шығып, мектептен кейін де жалғасуы қажет.
Геометриялық бейнелер алғашқы жылдардан бастап адамның бүкіл өмірі бойы өмірлік практикасында қолданылады. Алғашқы геометриялық мәліметтер адамдар оны формалды-логикалық түрде ұғынуға қабілетті болғанға дейін пайда болады. Баланың әлемі бай және жан-жақты болған сайын, мектептегі оқу басталғанға дейін оның мұндай бастапқы білім деңгейі артады. Көптеген мұғалімдер мен психолог мамандардың байқауы бойынша, оқыту сапасына қарай геометриялық бейнелерді пайдалану және геометриялық білімді синтездеу қабілеті болашақта дамып қана қоймай, әлсіреуі де мүмкін. Сондықтан, геометрияны оқытудың басты міндеттерінің бірі геометриялық, бейнелік ойлауды жоспарлы, жүйелі дамыту. Геометрияны тек мектептегі пән ретінде ғана емес, сонымен бірге адамзат мәдениетінің феномені ретінде де қабылдау қажет.
Геометриялық білім беру оқушының мектептегі алғашқы қадамынан – еңбек, жаратылыстану, бейнелеу сабақтарында, ал орта сыныптарда – география және сызу сабақтарында басталуы тиіс. Ертерек, XX ғасырдың бірінші жартысында деп айтайық, геометриялық дағдыларға үйде де тәрбиелейтін еді, әсіресе ауылды жердегі балалар ата-аналарының жұмысын күнделікті бақылап, қолдарынан келгенше көмектесетін және ауқымды эмпирикалық геометриялық материал алатын еді. [1].
Геометрияны оқытудың басты мақсаты – геометрия ғылымының негіздерін меңгеру және оларды практикада қолдану дағдыларына үйрету. Оқушылардың кеңістіктік түсінігі мен кеңістікті елестетуін, логикалық пайымдау, өз тұжырымын дәлелдеу іс-әрекеттерін жүзеге асыру біліктерін қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ, ойды дәл және анық жеткізе алуы, қоршаған ортаны геометриялық тұрғыдан көре білуі, т.б. мәселелер геометрияны оқытудың маңызды міндеттері болып табылады. Осындай мақсат пен міндетті жүзеге асыру үшін мектепте геометрия пәні үш кезеңмен оқытылады. Оның екеуі алдын-ала дайындық кезеңі деп аталады.