Түсіпбекова Г.Р., Аринов Е.К.
РЕСЕЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ОТАРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУІНІҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ САНА БОЛМЫСЫНА ЖАСАҒАН ЫҚПАЛЫ
Ресей аумағын мекен ететін елдің түгелін орыстандыру жұмысын отаршылдар халықтардың саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани өміріне қатысты ұйымдасқан түрде кезең-кезеңімен, арнайы дайындалған бағдарламаларға сәйкес жүргізді. Ресей империясы отарланушы қазақ елінің жылдамырақ орыстануы үшін барлық шараларды жасауға дайын еді. Бұл үшін олар өздерінің тәжірибесінде бар, яғни шуваш, мордва, коми халықтарын орыстандыруға пайдаланған әдіс-тәсілдерді қолданды. Алдымен қазақ халқының өмір сүру тәсілінің ерекшелігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, тарихы жайлы тыңғылықты зертеулер жүргізді және қазақтың ұлттық болмысын жете білетін, отаршылдықтың идеологиясын бойына сіңірген миссионерлерді дайындады. Осы миссионер ғалымдар алдымен қазақ елінің рухани болмысы мен өткендегі тарихи жолын, психологиясын, мінез-құлқын, салт-сана дәстүрінің ерекшелігін, билеу жүйесін, яғни өздеріне қажет буынды зерттей отырып, миссионерлік саясатының стратегиялық негіздері мен әдістерін, мақсаттарын анықтап отырды.
Ресей империясының орыс емес халықтарды күшпен орыстандыру жолында ұстанып келген саясатының өзекті желісі қайда жатқанын РСЖДП-ның Х съезінің қарарында: «... Бұл халықтар жөніндегі патша өкіметінің саясаты, помещиктер мен буржуазияның саясаты олардың арасында қандай да болса мемлекет рухын жою, олардың мәдениетін бүлдіру, тіліне қысым келтіру, оларды надандықта ұстау және ақырында оларды мүмкіндігінше орыстандыру саясаты болды» [1, 37 б.] – деп көрсетілді.
1869 жылы Мәскеуде миссионерлік қоғам ұйымдастырылды. Орыстандыру идеясын жүзеге асыру міндеті осы қоғамға жүктелді. «Ресей империясына қарасты түркі тілді халықтардың арасында сан жағынан басымы да, жер көлемі жағынан үлкені де қазақтар болып келуімен отаршылдар мен миссионерлер санаспай тұра алмады. Бұл кең-байтақ өлкені экономикалық және идеологиялық жағынан тезірек меңгеріп алудың мәні барлығын олар жақсы түсінді. Мәселен, өте құпия деген грифпен белгі соғылған Ақмола генерал-губернаторы жазған ресми қатынасында: «... Киргизы хотя и называют себя мусульманами, но в своей частной жизни, как религиозном, так гражданском и нравственном отношении они не руководствуются ни кораном, ни шариатом и никакими другими постановлениями магометанской религии, а своими народными обычаями... Будучи незнакомы с магометанским учением киргизы чужды фанатизма, легко уживаются русскими» деп ұсыныс жасауында көп нәрсенің астарлы сыры жатыр» [2, 14 б.]. В.В. Григорьев, В.В. Вельяминов-Зернов, Н.Ф. Костылецкий, И.К. Березин, Н.И. Ильминский, А.Е. Алекторов, В.Н. Витебский, Н.П. Остроумов, А.В. Васильев, П.М. Мелиоранский, А.П. Харузин, В.А. Колпаковский, Н.И. Гродеков, Н.Ф. Катанов, Я.Я. Лютш, Г.Н. Потанин, В.В. Радлов сияқты т.б. ғалым-миссионерлер қазақ халқын танып-білуге ұмтылды, көрген-білгендерін басшылыққа жеткізіп отырды. Олардың көксегені отар елдің бірлігін, елдігін бұзу, тәуелсіздігін аңсаған рухани дәстүр жалғастығын үзу, ортақ мақсатқа ұйытпау, шетінен біртіндеп шетке шығарып, ақыры мүлдем ұмыттыру еді.
Миссионер-ғалымдардың Қазақ елін Ресей патшалығының отарлауына қосқан үлестері шексіз. Халықтың санасын өзгертуде тілдің, оқу-ағартудың алатын орны ерекше. Бөгде сана – елдік санаға қарсы сана, оны қиратушы сана. Бөгде сана бөгде жұрттың тілімен және ағартушылық арқылы келеді. Орыстың миссионерлері болса осы істі, яғни қазақтың жерінде орыстың тілін таратуда және қазақ халқына бойында Ресейдің отарлық санасын арқалаған білімдерін беруде шешуші қызмет атқарды. «Бұратана жұрттың әдеби үлгілерін жиып, оны іріктеп, бастыруға үлкен үлес қосқан Қазақ халқының «ең сенімді досы», Ы. Алтынсариннің миссионер-ұстазы Н.И. Ильминский өзінің мақсатын ешқандай қысылып-қымтырылмастан 1891 жылы 27 желтоқсан күні В.Н. Витебскийге: «Бұратаналарға білім беру жүйесінің түпкі мақсаты – бұратаналарды орыстандыру және дінін де, тілін де мүлдем ұмыттырып, бүтіндей орысқа сіңіріп жіберу. Міне, соған ұмтылуымыз керек», – деп ашық жазды [3, 55 б.].
Қазақ жерінде мектептердің ашылып, халыққа зайырлы білім беруінің астарында орыстандыру саясаты жатқандығы көрінеді. Бұратаналарға білім беру мәселесі мемлекеттік тұрғыда қойылып отырған. Н.П. Остроумов Түркістан мұғалімдер семинариясының жиырма бес жылдық мерекесінде жасаған баяндамасында: «Русско-государственные задачи и стремления нашего отечества по отношению к инородцом состоят, в обрусении... еще другая задача – способствовать слиянию киргиз с русскими в один целый политическо-государственный организм» [4, 25 б.] – деп тайға таңба басқандай айтып берді. Отарланған халықтарды орыстандырудың шешуші кілті – аралас мектеп немесе әртүрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға орай ашылып отырған мектептер мен кейбір кәсіптік оқу орындары болды. Ағарту министрлігі мен миссионерлердің шет аймақтағы бұратана халықтар арасында ашылатын, бірақ негізінен орыстандыру саясатын көздеген аралас мектептерге ерекше мән берілді. Қазақ халқы үшін мектептер ашудың түбінде оларды сауаттандырып, ғылым-білімге тарту емес, керісінше өздерінің күнделікті саяси-әлеуметтік мұқтажына қызмет етер төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау мақсаты жатыр. «Мектеп атаулының бәрі де миссионерлік мақсатты мықтап ұстағанын өте құпия деген белгі соғылған Ағарту министрлігінің арнаулы инструкциясында да аталып өткен. Онда: «...народное образование на окраинах русской державы есть своего рода духовная война, воющие стороны никогда не разглашают своих планов» деп жазылып, өздері ерте бастан алдын ала ойластырылған әрі өте сақтықпен жүргізіліп келген миссионерлік саясатын шама келгенше бұратана халықтардың алдыңғы қатарлы өкілдеріне сездірмеуге тырысқан» [2, 20 б.]. Отарлық біліммен сусындаған қазақ балаларының алған білімдерін халықтың пайдасына жұмсамай, ұлықтарға қосылып алып, халқын талауға жәрдемші болып жүргендерін көрген Абай сияқты көзі ашық, көкірегі ояу қазақ ұлдарының миссионерлердің бұл ойын түсінбеуі мүмкін еместін. Білмесе Абай: «Баламды медресеге біл деп бердім. Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», «Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой. Иә тілмаш, иә адвокат, болсам деген бәрінде ой» деп шәкірттерді сақтандырмас еді. Мұның барлығы даланы отарлауға қызмет ететін кәсіп екенін Абай өте терең түсінген.
Ұлықтардың сойылын соғып жүргендерді Абай: «Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес» [5, 400 б.] – деп сынайды, алған білімін елдің мұң-мұқтажы үшін жұмсауды міндет етеді.
Патшалық Ресейдің халыққа білім берудегі отарлық саясатын Абайдың жиырма бесінші қара сөзімен түсініп көрелік. Абай бұл қара сөзінде «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?» [5, 399 б.] – дейді. Абай балаға білім берудің қажеттілігін ашып көрсетеді. Бала бала болсын десең қатын әпермесең де, енші бермесең де оған білім үйрет. Жай білім емес, орыстың білімін үйрет. Бұл сөзден соң Абай орысшыл болған, орыстың отарлық саясатын қолдаған деген жалған пікірлер тумауы қажет. Орыс білімін, ғылымын меңгерудің астарында отарлыққа болысушылық емес, қайта одан сақтану жатыр. «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек... Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» [5, 399 б.]. Тілін, оқуын, ғылымын меңгерсең олардың әрекеттерінің қазақ үшін пайдалы тұсын және зиянды тұсын аңғарасың, олардың пиғылың түсінесің. Аңғарып қана қоймай, көкірек көзін ашылса, бірдейлік дағуасына кіресің. Күштінің қаруын меңгермей күшіңді теңестіре алмайсың. Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, «Дүнияда ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ» [6, 214 б.]. Орыстың қаруы оның ғылымында, білімінде, егер оның ғылымын меңгерсең, «аса арсыздана жалынбайсың». Онымен тең тұрасың, халқыңды басыбайлықтан құтқару үшін күресесің, қорлығына көнбейсің.
«Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды» [5, 399 б.]. Дүниенің тілін білген орыста хикмет те, мал да, ғылым да зор. Ғылымды, өнерді меңгерген дүниедегі халық тек орыс емес, басқа да халықтар бар, орыстар да сол халықтардан ғылым үйренген. Бірақ қазаққа қарағанда «бұлар» орыста «зор», дүниенің тұтқасын ұстап тұрған жалғыз ұлт орыс емес, олар тек қазақтан гөрі ілгері. «Орыстың білімі мен ғылымы рухани және ұлттық тәуелсіздікке жетудің бір жолы. Қазақ дамудың басқа сатысында тұрған ағылшын, француз, неміс мемлекеттерінің отары болғанда, онда рухани тәуелсіздік жолындағы күрес «дағуасы» өзге арнамен дамыр еді. Абай онда: «ағылшында, француздарда немесе немістерде бәрі зор, солардың дағуасына аралас» дер еді» [7, 60 б.].
Қазақтарға орысша оқу керек, бірақ алдымен «құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады» [5, 399 б.]. Абай бірден орыс ғылымын меңгер демейді, алдымен түркі танырлық сауатыңды аш, өз халқынның мәдениетін, тарихын, дәстүрін, дінін біл. Одан кейін «араб, парсы керек» [5, 399 б.]. Араб пен парсы мәдениетінің қазақпен рухани байланысы, ортақ тарихы мен ортақ діни мүддесі бар. Өз жұртынның дүниетанымы бойынша негіз қалыптастыр, сосын барып орыс мәдениетін меңгеруге кіріс. Қазақтарға өз тілінде ғылыми мағлұматтарды көп бермеу керектігін миссионерлер жақсы білген. Бұған дәлел ретінде В.В. Бартольдтің мына пікірін келтіруге болады: «Түземдіктерге олардың өз тілінде ғылыми мағлұматтарды тым көп бермеу керек, сондай-ақ сол арқылы олардың әдебиеті мен мәдениетін орнықтыра дамытуға жағдай жасамау қажет, мұның барлығы олардың орыстануына кесірін тигізеді». Қазақтың өз тілінде сауатын ашуы орыстануға кедергі келтіреді. Бала кезінде өз жұртының тілінде білім алған адамның бойында іргетас қалыптасады, іргетас қалыптасқаннан кейін қандай тілде білім алса да, ол адам жат жұрттық тіл арқылы келген білімді бойына сіңіре алмайды, оны тек сырттай пайдаланады. Миссионер-ғалымдардың қазақ жерінде орыс тілінде ағартушылық қызмет жасауының негізінде осы мәселелер жатыр. Яғни, миссионерлер қазақ жерінде білім таратуды 1870 жылы Ағарту министрлігі қабылдаған «Ресейде тұратын жатжұрттықтарды сауаттандыру шаралары» атты құжат бойынша жүргізді. Осы құжатта көрсетілгендей орыс емес халықтарға білім берудің үш түрлі бағыты анықталды. Бірінші бағыт – сабақ сол ұлттың тілінде, бірақ міндетті түрде орыс әліпбиімен оқытылсын. Мысалы, Ы.Алтынсарин ашқан мектептер осы категорияның ішіне кіреді. Екінші бағыт – сабақ таза орыс тілінде оқытылсын, түсінбеген жағдайда басқа тілді пайдалануға рұқсат. Үшінші бағыт – сабақ тек орыс тілінде жүргізілсін.
Отаршылдардың қазаққа білім беріп, мектеп ашуларының астарында орыстандыру саясаты жатыр. Бұл Абайдың білім алу, ғылым меңгеру туралы ойларына мүлдем кереғар саясат. Абай жұрт ісін түзейтін оқу-тәрбие жұмысы екендігін жақсы түсінген. Бірақ бұл іс өз тілінде, халықтық тәрбиеде жүргізілсе құба-құп. Және оқығанда да, «қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» [5, 400 б.]. Абай ұсынған оқудың мақсаты осы. Орыс ғылымын «соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен» деп емес, қазаққа күзетші болайын деп оқы, халық қатарына қосылудың қамын же. Бұл орыс миссионерлерінің ағарту жүйесіне мүлдем қарсы мақсат еді. Олардың көздегені ұлттық тілін, мәдениетін, дәстүрін ұмытқан, отаршылдардың сойылын соғатын адамдар жасап шығару еді. Бұл мақсат үшін отаршылдар түрлі-түрлі әдістерді ойлап тапты және орыстандыру ісіне қазақтан шыққан оқыған азаматтарды тартқысы келді. Н.И. Ильминский 1869 жылы Ағарту министріне жазған хатында: «Ыбырай Алтынсарин қазақтардың ортасына өзі мектеп ашса, орыс әліпбиін сонда қолданса, оны орыстар істетіп отыр дегізбей атқарса,... ең әуелі идея Алтынсариндікі болса...» – деп пікір қосады [8, 1-2 б.б.].
1876 жылы патша ағзам қазақтардың арабша әліпбиін жойып, орыс жазуына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Патша үкіметі жалпы отарланған бұратана халықтарды, оның ішінде елін біртіндеп, асықпай сақтықпен шоқындыру арқылы орыстандыру жолындағы ең басты тәсілдерінің бірі – қазақ халқының ғасырлар бойы қолданып келе жатқан араб графикасы негізіндегі жазуын қолданудан шығару еді. «Күнделікті тұрмыста ғасырлар бойы қолданып келе жатқан арабша жазуын кириллицамен алмастыруда – бүкіл халықтың келер ұрпағын ата-баба салтынан, ұғым-нанымынан, тарихи естегі дәстүрлік жалғастығынан үзіп, рухани жағынан қалай илесең солай қарай жығыла беретін көнбіс құлға айналдыру мақсаты жатты» [2, 20б.].
Орыс жазуына көшіру оқиғасы жайында Ы.Алтынсарин: «1876 жылы граф Толстой Орынбор қаласына келіп әуелі қазақ арасына орысша хат таныту жайлы және бұл іске орыс әліпбиін қолданудың жолын мәселе етіп көтерді. Бұл бастама Орынбор өлкесінің бұрынғы генерал-губернаторы Крижановский, Орынбор оқу попечителі Лавровский, Қазан қаласындағы оқытушылар семинариясының директоры Ильминский және Торғай, Орал облыстары тарапынан қолдау тапты», –деп жазды [9, 133 б.].
Қазақ жерінде орыс әліпбиімен оқытатын аралас мектептер ашылды. Ағарту министрлігі және оқытушылар семинариялары қазақ балаларының тек осы мектептерде білім алуын қадағалап отырды, қазақтарға балаларын өз бетінше оқытуға тыйым салынды. Ө. Әбдірахмановтың дерегіне сүйенсек, «балаларын өз бетінше оқытқан қазақтарға бірінші жолы 10 сом, екінші жолы 30 сом айып салып, бұл тәртіпті үшінші рет бұзғандарға 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алынып, одан әрі балаларын мұсылман мектептерінде оқытуға тыйым салынған» [10, 11 б.]. Тіпті, қазақ қыздарына арналған мектептердің де ашылуының орыстандыру астары болды. «... Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау – ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орысқа бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз және орыс оқуын ғана оқытамыз» [11].
Орыс отаршыларының мұндай әрекетіне қазақ оқығандары наразылық танытып жатты. Мәселен, А. Байтұрсынұлы: «...қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отыр. Школдар қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Сол үшін балалар орыс әрпімен оқысын дейді... Хүкметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» [6, 268 б.] – деп орыс әрпімен оқуға қарсылығын көрсетті.
«Қазақтарды һәм түркітектес халықтарды орыстандыру, олардың әліпбиін өзгерту ісі патшалық Ресей кезінде де, кейін саяси күшке айналған декабристер қозғалысы тұсында да, 1917 жылы жеңіске жеткен қазан төңкерісінен кейін де күн тәртібінен түскен жоқ. Бір мақсат, бір мүддені көздеді. Қалай да қазақты орыстандырып, мәңгүртке айналдыру қажет деп тапты» [12, 38б.].
Патшалық Ресей құлап, Кеңес Одағы құрылғаннан кейін де «Ресей құрамындағы барлық халық орыс халқына айналуы керек» сөзінің мағынасы бастапқы мағынасын жоғалтқан жоқ. Идеологияның басында отырған М.И. Суслов КПСС ОК-нің хатшысы есебінде халықтардың, олардың тілі мен мәдениетінің кірігуіне күш салғанын Политбюроның мүшесі Шелест: «... он очень настаивал на быстрейшем слиянии наций, их языков и культур» [13, 5-6 б.б.] – деп көрсетті. Осы миссионерлік идеяны жүзеге асыруды Сталин орыс жазуын бірден алу түркі тілді халықтардың қарсылығына ұшырауы мүмкін деп уақытша латын жазуын ендіре тұру керек деген кеңеске құлақ асып, 1926 жылы латын жазуын қабылдатты. Ал 1940 жылы латын жазуының орнына халықтың қалауы бойынша деген жасанды сылтаумен орыс жазуы кириллицаға көшірілді. Бұған қарсылық болмады, себебі қазақ жерінде болған ашаршылық, одан кейінгі 1937 жылғы қазақтың оқыған, білімді азаматтарын репрессиялау халықтың қарсылығын туғызбады. Философия ғылымдарының докторы Г.Батыгин Кеңес Одағының бұл әрекетінің әсерін: «Сталинские репрессии обрели такой масштаб, что во многих регионах была истреблена национальная интеллигенция, которая является носительницей исторический памяти народа.
В Азердбайджане, Казахстане, Молдавии традиционный алфавит был заменен кириллицей. Корни культуры, державшейся на многовековой традиции, были подрезаны» [14, 25 б.] – деп сипаттады.
Әлемдегі әр халықтың өзінің дүниеге деген өзіндік көзқарасы болатыны белгілі. Қандай да болмасын халықтың өзіндік ойлау жүйесі, дүниені бейнелеу тәсілі бар. Қазақты қазақ қылатын оның өзінің ұлттық дүниетанымы. Оның төл санасы. Төл сана тілге байланысты. Тіл арқылы ұлт өз болмысын, өмір тіршілігін, дүниеге көзқарасын бейнелейді. Тіл арқылы қазақ халқы бірлік, тұтастық идеясын жасады. Осы идея арқылы қазақ халқы тәуелсіз ел болып өмір сүрді. Қазақ жеріне келген отаршылық өзінің санасымен келді, елдік, бірлік, тұтастық идеясын бұза келді. Себебі бөгде сана – елдік санаға қарсы сана, оны қиратушы сана. Қазаққа бөгде сана бөгде жұрттың тілімен және солар әкелген біліммен келді. Ұзаққа созылған қазақтың төл санасы мен бөгде сананың күресі Кеңестік дәуірде аяқталды. Бөгде сана төл сананы осы дәуірде толықтай жеңіп болды.
Достарыңызбен бөлісу: |