Маңдай бөлігіндегі ортаңғы иірім орталық үйлестіруші болып табылады, емін-еркін қозғалыстардың реттеушісі. Осы иірімдегі қыртыстың тереңдігі пирамидалық жолдың бастамасы болып, осы арқылы импульстердің қалыптасуы және берілуі жүреді. Оның жоғарғы артқы аймағында қимыл-қозғалыс орталығы орналасқан. Осы орталық еркін қозғалыстың жүзеге асырылуына, бұлшықет тонусын және дене тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.
Жұлын омыртқалардың бүйірлік өсінділерінен түзілген омыртқа жотасының өзегінде, яғни жұлын каналында орналасқан және ол үш түрлі: жұмсақ, торлы және қатты қабықшалармен қапталған. Жұлын ми діңінің жалғасы болғанмен, оның құрылысында өзіне тән ерекшеліктері бар. Ол ұзындығы 40-45см, диаметрі 1,5 см-ге жуық ақ түсті жуан жіп тәрізді болады. Жұлынның алдыңғы және артқы жақтарында оны ұзына бойы оң және сол бөліктерге бөлетін жүлгелер орналасқан. Жұлынның құрылысындағы ерекшелік-сегменттелген болуы. Сегменттердің саны-31.Әрбір сегменттен бір жұп қозғалтқыш (алдыңғы) және бір жұп сезімтал (артқы) түбірлер шығады. Олай болса, мойын бөлімінің сегменттерінен 8 жұп, кеудеден 12 жұп, белден 5 жұп, сегізкөзден 5 жұп және құйымшақтан 1 жұп қозғалтқыш және сезімтал жұлын түбірлер түзіледі. Қозғалтқыш және сезімтал түбірлер жұлыннан шығып омыртқааралық тесіктерге бағытталады, осы жерде артқы сезімтал түбірлерден жұлын түйіндері түзіледі. Алдыңғы және артқы түбірлер қосылып, барлығы 31 жұп аралас жұлын жүйкелерін құрайды. Олар омыртқааралық тесіктерден шығаберісте мойын, иық, белсегізкөз өрімдерін түзеді, олардан басталатын шеткі жүйкелер қаңқа бұлшықеттеріне таралады. Мойын иық өрімінен шығатын шынтақ, кәрі жілік, орталық жүйкелер қол бұлшықеттерінің іс-әректтерін басқарады. Жұлынның бойлық кесіндісіне назар аударып, оның ішкі құрылысымен танысуға болады жұлын ақ және сұр заттан тұрады. Сұр зат ортасында орналасқан, ол латын Н әріпіне немесе қанатын жайған көбелекке ұқсайды. Сұр заттың ортасынан ұзына бой жұлын өзегі өтеді, онда жұлын сұйықтығы болады. Жұлын өзегі миға жеткенде кеңейіп ми қарыншаларын түзеді. Сұр заттың алдыңғы жағындағы жуандау, қысқа өсінділері алдыңғы мүйіздер артқы ұзындау өсінділері артқы мүйіздер деп аталады. Ал бүйірлі өсінділері бүйірлік мүйізділерді құрайды. Артқы мүйізге артқы сезімтал түбірлер енеді, алдыңғы мүйізден бұлшықеттерге бағытталатын алдыңғы қозғалтқыш түбірлер шығады. Бүйірлік мүйіздерде вегатативті жүйке жүйесінің ядролары орналасқан.