ӨСӨЖ 7-апта Тақырыбы:Қ. Жұбанов және қазақ тілі синтаксисі Орындаған



бет2/3
Дата04.04.2023
өлшемі19,98 Kb.
#79389
1   2   3
Байланысты:
Қ.Жұбанов және қазақ тілі синтаксисі

Синтаксис саласы.
Профессор Қ. Жұбанов грамматика жайындағы ілімін сөз қылғанымызда, ең алдымен оның осы мәселедегі көзқарасын, түсінігін айқындап алу міндеті тұрады. Бұған оның өз еңбектері жауап береді. Ғалымның түсіндіруінше, тіліміздегі қарым-қатынасқа түскен сөздердің мағыналық көрінісін танып қою жеткіліксіз, сол мағына қалайша туындап тұр, қандай формалардың әсері болды, қысқасы, мағына мен форманың аралық тығыз қарым-қатынасын ескеріп отыру қажеттігіне ол барынша назар аударттырады. Бұл жайт әсіресе автордың «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» атты еңбегінде жақсы тұжырымдалған. Осында ғалым грамматиканың алдына қойған мақсатын былайша айқындайды: «Грамматиканың мақсаты жалғыз-ақ сөздің қандай мағыналары болатындығын баяндау ғана емес, қандай формаларға қандай мағыналар сәйкес келетінін баяндап, дұрысы, қандай мағына шығу үшін сөзді қалайша құрастыру керек екендігін баяндау. Сондықтан құрастыру, құрылыс жағын елемейтін грамматика грамматика болмақ емес» .
Проф. Қ. Жұбанов грамматиканың мәнін осылайша аша отырып, оның бір үлкен саласы синтаксисті «құрастыру, құрылыс» деп түсіндіреді. Осы жағына айрықша көңіл бөледі.
Қазақ тіл білімінде 50 жылдары сөз тіркесі синтаксисі өз алдына жеке ғылым болып қалыптасты.
Бұған проф. М.Балақаев зерттеулерінің әсері болды. Міне, осы маңызды мәселе де 30 жылдары проф. Қ. Жұбановтың назарынан тыс қалған жоқ. Ол осыған арнап «О формах сочетания слов в казахском языке» атты мақала жазса, сондай-ақ оқулық ретіндегі «Қазақ тілінің грамматикасында» (1936) да бұған арнайы тарау беріп («сөз қиыны»), тоқтала кетеді. Автордың «сөз қиыны деп отырғаны – біздіңше, қазіргі ұғымымыздағы сөз т іркесі. Бұл жайында ғалым былай деп жазады: «Сөйлемде бір сөз болмай, бірнеше сөз болса, бұл сөздер бір-бірімен қиындасып тұруы керек. Қиынын келтірмей құрастырған сөйлем не тіпті сөз болмай шығады да, немесе айтайын деген сөзің болмай, басқа бірдеме болып шығады». Сөз қиыны дұрыс болу үшін екі шартты атайды: «...бір сөзді екінші сөзге байлап беретін жалғаулар бар; соны дұрыс жалғау керек» .
Сөз тіркесіне байланысты тағы бір мәселе – автордың айтатынындай, «жетек сөз бен жетекші сөз». Бұл – тілімізде қазіргі баяндалып жүрген меңгерілуші сөз бен меңгеруші сөз. Бұларды ғалым былайша түсіндіреді: «Сөйлем ішінде сөздер бірін-бірі ерте де, біріне-бірі ере де байланысады. Еруші сөзді жетек сөз, ертуші сөзді жетекші сөз дейміз». Осылайша сөздердің бір-біріне бағына байланысудағы заңдылығы ашылады. Мұның бәрі, жоғарыдағыдай, автор өзі айтқан синтаксистің «құрастыру, құрылыс» табиғатымен тығыз байланысып жатады. .
Проф. Қ. Жұбановтың қатты көңіл бөлген мәселелерінің бірі – күрделі сөздер мен атаулардың синтаксисі. Бұлар әсіресе автордың «Из истории порядка слов в казахском предложении» атты еңбегінде кеңінен сөз болады.
Сөйтіп, проф. Қ. Жұбановтың сөз тіркесі, күрделі сөздерге байланысты жазғандары кейіннен оның жалпы сөйлем синтаксисіне арналған талдамаларында нақтылана түседі. Бұл оның жоғарыда аталған «Қазақ тілінің грамматикасында» айқын көрініс тапқан. Ғалым жалпы «сөйлем» деген ұғымды өте кең дәрежеде, тіпті синтаксистік ұғыммен пара-пара қарастырады. Сөйлемнің жеке түрлері мен бөлшектері болатындығын айта отырып, оларды қарастыратын арнайы бөлімді «сөйлем жүйесі немесе синтаксис» деп атайды..
Ғалымның өзіндік айрықша ілімі, әсіресе оның сөйлем мүшелері жайындағы ілімінен анық байқалады. Сөйлемнің бастауышын ол бас мүше деп те атайды. Ал бастауыш пен баяндауышты негізгі мүшелер деп қарастырады. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін айқындауыш деп жіктейді. Осы жерден келіп автор іліміндегі ерекшелік айқын байқалады. Ол тұрлаусыз мүшелерді өзара саралауда жоғарыда сөз болған мағына мен формалардың өзіндік қызметін басшылыққа алған. Осы ретпен тұрлаусыз мүшелер әуелі мағыналық белгісі жағынан айқындауыш деп аталады. Мұны автор былайша дәлелдейді: «Сөйлемде баяндауыш қызметін атқарып тұрғанына қарай баяндауыш деп атағанымыз сияқты, басқа мүшелерді айқындап тұрғанына қарай айқындауыш деп атау дұрыс болады». Енді осы айқындауыш мүшелер формасына қарай екі түрге сараланады. Жалғаусыз түрі анықтауыш болып аталады да, жалғаулы түрі толықтауыш делінеді. Байқайсыз ба, анықтауыш, толықтауыш мүшелер, бұрынғыдай, сұрау арқылы емес, тек формалық жағынан ажыратылады. Бұл турасында автордың өзі талдаған сөйлемін келтіре кетуді жөн көрдік:
Жақып ұзақ сөйледі. Дәуіттің, Қасымның жаман жағын түгел ашып берді (Бейімбет), дегенде ұзақ, жаман, түгел деген сөздер – анықтауыш. Дәуіттің, Қасымның, жағын деген үшеуі – толықтауыш» .
Проф. Қ. Жұбанов іліміндегі көңіл бөлерлік енді бір мәселе – ол сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібіндегі заңдылық. Сөйлем мүшелерінің орналасуындағы қалыптасқан тұрақты заңдылықтарды айта отырып (баяндауыш көбінесе сөйлем аяғында, бастауыш одан бұрын, анықтауыш анықтайтын сөзінің, толықтауыш толықтайтын сөзінің алдында тұрады), кейде олардың тіл құбылысында әрдайым да сақтала бермейтіндігін орынды ескертеді. Мәселен, өз табиғатына байланысты сөйлем соңында қолданылатын баяндауыштың орын тәртібінің кейде өзгеретін заңдылықтарын да көрсетеді. Мұндай заңдылықтар сөйлем құрылысының сипатына орай баяндауыш сөзін сөйлемнің басына, не болмаса ортасына шығаратын болады. Осы ретте мұның өзі, автордың көрсететініндей, үш түрлі сөйлем құрылысынан орын алады: ұранды сөйлемдер, төл сөзді сөйлемдер, өлеңді сөйлемдер.
Мысалы: Жасасын Кеңес үкіметі! Бітсін байлар! – Құжырайған шал ғой, не хабар біледі дейсің, - дейді бір келіншек (Бейімбет). Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман (Абай) .
Проф. Қ. Жұбановтың ілімі құрмалас сөйлем синтаксисінен де орын алған. Әрине, бұл жайында оның арнайы жүргізген зерттеу жұмыстары жоқ, осы турасындағы кейбір ой-пікірлері жекелеген еңбектерінде («О построении речи на казахском языке», «Жанғазыға хат», «Қазақ тілінің програмы») көрініс тапқан.
Проф. Қ. Жұбановтың құрмалас сөйлем жайындағы толық көзқарасы оның өзі құрастырған, орта мектептің V – VII сыныптарына арналған «Қазақ тілінің програмы» (1936) құралында айқын тұжырымдалған. Бұл программа – қазақ тілі материалдарының ғылымға негізделген алғашқы жүйелі программасы ретінде танылады. Себебі мәселе мынада еді. Отызыншы жылдардың бас кезінде жарияланған кейбір программалар мен түрліше құралдар әр тектес мектептерге (қазақ жастары фабрика-завод мектептерінің оқу жоспары мен програмы, бастауыш политехникалы үлкендер мектебі, т.б.) арналған еді. Сондықтан да оларда қазақ тілінен жүйелі түрде білім беру мақсаты көзделмеген, осыған орай бұлар орта мектеп оқушылары мен оқытушыларының қажетіне сай келмейді. Ал Жұбановтың программа осы жағын ескеріп, қазақ тілі грамматикасына қатысты мәселелерді әр класс бойынша ғылыми-методикалық негізде алғаш дұрыс жүйелей білген. Құрмалас сөйлем синтаксисінің (32 сағат) осы ретпен жай сөйлемнен кейін VII сыныпта өтуі көзделген. Автор, басқа грамматикалық мәселелер тәріздес, құрмалас сөйлем тақырыптарының кейбіреуіне де жол-жөнекей түсініктеме беріп, мазмұнын аша кетеді. Бұдан оның сол кездерде қазақ тіліне арналған жүйелі түрдегі оқулықтың жоқтығын ескеріп, әдейі осылай талдама-түсіндіру әдісін де қолданғандығын аңғарамыз (Осы 1936 жылы өзі құрастырған программаға сәйкес орта мектептің V сыныбына арнап «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығын жазды. Аяқталмай қалған) .


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет