ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ – БАЛА БОЛАШАҒЫ
Қарағанды облысы білім басқармасының Теміртау қаласы білім бөлімінің «№2 жалпы білім беретін мектебі» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі: Мухамедияр Айым
Өскелең ұрпаққа тәрбие беруде ең бірінші қазақ елінің ұлттық құндылықтарын құрметтеуге, дінін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, елін, Отанын сүюге, үлкенге үлгі, кішіге ізет көрсетуі керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді болуға тәрбиелеуде отбасы тәрбиесі шешуші роль атқарады. Отбасы шағын қоғам. Сол шағын қоғамнан алған тәрбиесін бала өз өмірінде пайдаланады. Бүгінгі өмірді жалғастырушы ұрпақ отбасынан, қоғамнан өзінің келешегіне не ала алады деген сұраққа жалпы қауым болып жауап іздестіруде. Бүгінгі таңда бірінші міндет-баланың отбасындағы тәрбиесі негізінде қоғамдағы адами құндылықтардың қалыптасуына әкеледі. Ол дүние жүзі елдерінде жастарды бейбітшілік рухта ынтымақтастыққа, руханилыққа тәрбиелеу. Екіншіден, жастардың бойындағы адами құндылықтарды: қайырымдылықты, сүйіспеншілікті дамыту, сөйтіп тәрбиелей отырып оқыту.
Үшіншіден, отбасы құндылықтарын сақтай отырып, жеке тұлғаның рухани – адамгершілік тұрғысынан кемелденуіне аудару.
Қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ақиқат. Еліміз дамыған сайын тәрбие құндылықтарының орны ойсырап тұр.
Басқа ұлт өкілдеріне еліктеп, еліміздің ұлттық құндылығы бұрынғы ата-бабамыздың қанымен берілген тәрбиені жоғалтып алудамыз. Бұл тәрбиесі отбасынан бастау алуы керек. Қазіргі заманауи тәрбие құндылықтарының өзекті мәселелерінің ең бастысы отбасы құндылығы сонымен қатар ана тілімізді құрметтеу болып табылады. Отбасындағы тәрбиенің біздің қоғамымыз үшін қаншалықты маңыздылығын көрсетсе керек. Әр елдің ұлттық құндылықтары мен тәрбиелерінің бір ізгілікті болуына, дұрыс жолда дамуына, ұлттық тәрбиелерінің бұзылуының алдын алу үшін қоғамдық деңгейде көтерген бастамалары мен мемлекеттік бағдарламалары бар. Бұл шаралардың басым бөлігі отбасыларға кәсіби деңгейде психологиялық кеңес беріп, көмек көрсете алатын орталықтардың санын көбейтіп, сапасын көтеруге бағытталған. Сондықтан біздің болашақ ұрпақтарымыздың ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, отбасы тәрбиесін бір арнада тоғыстырып, қазақ еліміздің өсіп-өркендеуіне ат салысу маңызды.
Ендеше, жеке тұлғаның адамды адам ете түсетін қасиетін ашып көрсету, яғни руханилығын дамыту- заман талабы. Егер адам руханилығынан айрылса, онда ол эмоция мен сезімнен де айрылады. Сөйтіп, материалдық табысты негізгі мақсатқа айналдырған қоғамдық даму адамзатты рухани жұтаңдыққа душар етіп, құндылық бағдарын өзгертіп жіберуі мүмкін. Жалпы адамзаттық құндылықтар жеке тұлғаның бойында өмірге келген сәтінен бастап, бірге дамиды, жасы ұлғайған сайын қоршаған ортасына сәйкес бірге қалыптасады.
Жұмабаевтың: «...Бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті. Тегінде берік ұғыну керек, адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол жан. Жанды дұрыс тәрбие қылу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс қылу керек. Жанды ешкім көрмесе де жанның барлығына дауа жоқ»,- деген болатын. Оның «адамның қымбат та, жұмбақ та нәрсесі» деп отырғаны – жеке тұлғаның ішкі рухани дүниесі екен. Осы рухани дүниені байыту және дамыту оның жеке тұлға ретінде жан-жақты жетілуінің алғы шарты болып табылады.
Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге, мәдениетке тәрбиелеуде тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген. «Жақсымен жолдас болсаң - жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң - қаларсың ұятқа...», «Жаман дос, жолдасын қалдырар жауға» - деген мақалдардан көруге болады. Үлкенді сыйлау адамгершіліктің бір негізі. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінде ертегінің рөлі жоғары. Себебі халық ауыз әдебиетін құрылымы жағынан алғанда қарапайым, ал рухани құндылығы жағынан алғанда баға жетпес аса қымбат, көркем туынды болып есептеледі. Ертегі рухани тәрбиелік мәні зор деп есептелетін, сөз байлығының баға жетпес інжу-маржаны, балаға рухани ләззат беріп, қиялына қанат бітіретін, жас баланың өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық. Осы азықты бала отбасынан алып өссе, болашақта тәрбиелі, білімді тұлға болып қалыптасады.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ. Сондықтан әр отбасы бала тәрбиесіне баса мән беріп, кішкентайынан тәрбиелей білейік. Балаға тәрбие беру үшін алдымен ата-ана өзін тәрбиелеу маңызды. Ата-ана не жасаса бала соны қайталайды. Сондықтан ата-ана баланың айнасы.
«Ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей отбасы тәрбиесі баланың болашақта адам болып қалыптасуына үлгі болады. Өсіріп отырған балаларымыз тәрбиелі, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, қазақ елінің болашақ негізін қалайтын тұлға қалыптастыра білейік! Ұлтымыздың болашағы – отбасынан бастау алады. Отбасы, ошақ қасымыз аман болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |