Оқу әдістемелік кешен



бет24/42
Дата09.02.2023
өлшемі0,55 Mb.
#66417
түріБағдарламасы
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   42
7.4. Ортағасырлық философия
1. Ортағасырлық батыс философиясының қалыптасуы және патристика кезеңі.
2. Схоластика кезеңі және оның негізгі өкілдері.

Құлиеленушілік қоғам күйреп, оның орнына Батыс Еуропа елдерінің қай-қайсысында да феодалдық қоғамдық қатынастар қалыптасып, христиан дінінің кең етек алыптарауына орай, «шіркеу әкейлері» мен «пұтқа табынушылар» философиясының арасындағы мәмлеге келмес күрестің өрбу деңгейіне байланысты, ортағасырлық философияны негзгі үш кезеңге бөліп қарастырады. Біздің заманымыздың II ғасырынан бастап, алғашқы христиандық ойшылдардың ілімдерін жинақтап, кейін апологетика (қорғау) деп аталып кеткен діни-философиялық бағыт пайда болады. Негізгі өкілдері: Юстин Мученик (100-167 жж.), Тациан (II ғ. екінші жартысы), Тертуллиан Квинт Септимий Флоренс (160-222 жж.) т.б. Олар өз ілімдерінде христиан діні ежелгі грек философиясы сияқты жалпы адамзат алдында тұрған маңызды да күрделі мәселелерді көтеріп, оларға ежелгі грек философтарынан гөрі тереңірек, ауқымды және ұтымдырақ жауап береді, сондықтан да оларды христиан дініне сенбейтін билеушілер мен ғалымдардың сынауы негізсіз деген пікірді басшылыққа ала отырып, жаңа грек философиясының орнын басатын христиандық діни философия жасауға бар күштерін салды. Барлық нақтылықтың денесі бар. Құдай – нақтылық. Демек, құдайдың да денесі бар. Жалпы нақтылықтың уақыттық бастамасы жоқ (Тертуллиан). Осы тұрғыдан апологеттер платоншылар мен гностиктердің тән және жан туралы ілімдерін сынға да алады. Апологеттердің христиан дінінің өнегелік қағидаларының артықшылығын ескере отырып, оны мемлекеттік дінге айналдыру қажет деген идеясы, құдайдың мәні мен табиғаты, әлемнің жаратылуы, адам табиғаты және өмір сүру мақсаты туралы көтерген мәселелері ортағасырлық философиясының келесі сатысы – патристика, схоластика кезеңдерінде өз көріністерін тапты.


Патристика деп шіркеу әкейлерінің діни философиялық ілімдерін айтады (III – VI ғғ.). Негізгі өкілдері: Климент Александрийский, Амворсий, Майландский (340-397 жж.), Августин Блаженный (III –VI ғғ.) т.б. III – IV ғасырларда жүйеленген бұл діни ілімде алғашқыда Христостың табиғаты туралы пікірлер (құдайлық немесе адамдықтабиғат туралы), ал 323 ж. Император Ұлы Константин христиандықты мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін, саяси-шіркеулік мәселелер – алдыңғы шепке шығып, шіркеу әкейлерінің көзқарастарында өз көріністерін тапты. Мысалы, Августиннің көтерген басты мәселесі христиан дінінің артықшылығын дәлелдеу арқылы шіркеудің жанды билеуге құқықтығы және «ол – аспан мен жер арасын байланыстырушы» деген сияқты идеяларды дәлелдеу үшін, манихеялық, скептицизмдік және неоплатонизм қағидаларын басшылыққа алды. Оны осы ілімдердің кейбір элементтерін сақтай отырып, христиан дінінің жаңа бағытын қалыптастырғаны үшін, кейін августинизм деп аталып кеткен ағымның негізін қалаушы деп мойындайды. Негізгі еңбектері: «Тәубеге келу», «Құдай қаласы туралы», т.б.
Августиннің ілімі бойынша, адам дүниеге келмей тұрып, т.б. оның іс-әрекеттері, қылықтары құдайдың ерік-жігерімен белгіленіп қойылған. Ол белгі игілікке (адам оған лайықты болмаса да) немесе азаптарға (жазықсыз болса да) бағытталған болуы мүмкін. Құдай әлемді жаратқанда, барлық заттардың түрлерінің бастамасын енгізіп, әрі қарай өздері дамитындай мүмкіндік береді. Адамзат тарихы да осы заңдылыққа бағынады. Тарихтың даму негізінде адам санасының өзіне сенімділігі (бұл сенімнің негізі құдай) мен құдайға деген сүйіспеншіліктің танымдық күші жатыр. Осы түсінікті басшылыққа ала отырып, Августин адамзат тарихы бір-біріне қарсы екі патшалықтың күресінің нәтижесі деп тұжырымдайды. Олар: құдайға қарсы, күнделікті өмірдің қызығын күйттейтіндер мен құдайдың патшалығы арасындағы күрес. Августин құдай патшалығы дегенде, жердегі оның өкілі Рим шіркеуін айтады. Шіркеу құдай патшалығы атынан сөйлейтін болғандықтан, оған жердегі пенделердің де бағынулары керек.
Августинизм теологиялық-философиялық бағыт ретінде Батыс Еуропа елдерінде XII ғасырға дейін үстемдік етті, кейін христиандық аристотелизмнің негізін қалаушы ұлы Альберт пен Фома Аквинский ілімдерімен ығыстырылды.
Ортағасырлық философияның схоластика деп аталған кезеңі Еуропа тарихында Рим империясының күйреуінен бастап, Қайта өрлеу дәуіріне дейінгі 600-700 жылдай уақытты қамтиды. Бұл кезеңде егемендік алған көптеген Еуропа елдерінде (Италия, Франция, Англия, Германия, т.б.) феодалдық қарым-қатынастар қалыптасып, христиан діні қоғамдық өмірдің барлық салаларында өктемдік көрсетіп, шіркеудің сауаттылық, қолжазбалар сақтау ісінің ошағына айналған мезгілі болатын. Осындай мемлекеттік билік қолдаған қатал діни үстемдік жағдайында философия өзінің бар ақыл-ой күшін христиан догматтарын негіздеуге жұмсап, дін ілімінің күңіне айналған-ды. Осы кезеңдегі философиялық ілім»схоластика» (мектептік ілім) деген атаққа ие болып, негізгі үш кезеңнен өтті:
1. Балауса схоластика (IX-XII ғғ.). Ғылым, философия, теология (дін ілімі) әлі бір-бірімен біте қайнасып, ажырамаған, бірақ ақыл-ой әрекетінің жемісі мен құндылығын түсінуді, универсалилерге (жалпылық) байланысты пікірталас негізінде ақыл-ойға діни сенімнің үстемдігін жүргізуді және сол үстемдіктің «заңдылығын» дәлелдеуді (Аристотельдің формалдық логикасы тұрғысынан) өзіне мақсат қойған схоластикалық тәсіл қалыптасты. Негізгі өкілдері: Ансельм Кентерберийский, Иоанн Росцелин, Пьер Абеляр, Августин Аврелий, т.б.
2. Кемеліне жеткен схоластика (XIII ғ.). Аристотельдің еңбектері латын тілінде болса да, көпшілік арасына тарап, ғылым мен философияның теологиядан бөлініп (әл-Фараби менибн-Рушдтың «екіұдай ақиқат» теориясы негізінде), философиялық-теологиялықілімінің қалыптасып, кең етек алған кезең болды. Негізгі өкілдері: ұлы Альберт, Фома Аквинский, Дунс Скотт, т.б.
3. Құлдырау кезеңі (XIV-XV). Шынайы ғылыми және философиялық тез қарқында дамуының арқасында теологияның тек бедел мен атаққа табынған, тәжірибеден, өмірден алшақ, керенаулық сарыны басым мистикалық ілімге айналуына байланысты схоластика мүлде нәтижесіз тіл безеген ғылымсымақ ретінде қалыптасты. Негізгі өкілдері: Уильям Оккам, Жан Буридан, т.б.
Схоластикалық тәсілдің негізін қалаушы және қорғаушы француз теолог-схоласты, философ Пьеяр Абеляр (1079-1142 жж.) болды. Негізгі еңбегі –«Бар және жоқ».
Абелярдың пікірінше, шынайы өмір сүретін – жалқылар, бірақ олардың өзара ортақ қасиеттері болғандықтан, осы негізде әмбебап жалпы ұғымдар қалыптасады. Әмбебап жалпылар (универсалилер) шын өмір сүреді, себебі ол құдайдың ақыл-ойында бар. Сонымен қосаол өзі жаратқан заттардың үлгісі болып табылады. Олай болса, жалқыларды зерттеп алған білім де, жалпылардың шын өмір сүретіндігіне деген сенім де бір-біріне қайшы келмеулері керек. Адамға ең керекті нәрсе – оның іс-әрекеті емес, құдайға деген сенімі.
Христиандық діни ілімді Аристотельдің философиясымен байланыстырған, шіркеудің алғашқы схоластикалық ұстазы, ал 1879 жылдан бастап католик шіркеуінің шешімімен осы шіркеудің ресми теолог-философы деп жарияланған Фома Аквинский 1225-26 жылы туып, 1274 жылы қайтыс болды. Негізгі еңбегі – «Теологияның жиынтығы» т.б.
Ол Аристотельдің іліміне сүйене отырып, белсенді форма (реттілік принципі) мен тұрақсыз және қалыптаспаған материяның (болмыстың әлсіз түрі) арасындағы байланысты түсіндіру арқылы Иисус Христостың бойындағы құдайлық (идеялық) және адамдық (материалдық) қасиеттерін теориялық жолмен негіздеуге тырысады. Құдайдың арқасында қосылған алғашқы бастамалар – форма мен материя жеке заттар әлемін тудырады.
Адамның өзі де жан (түр қалыптастыратын принцип) мен дененің қосындысынан пайда болған. Жан «таза форма» ретінде күйреуі, жоғалуы мүмкін емес. Бірақ ол жерде тіршілік пайда болғанға дейін жеке өмір сүрмеген, оны құдай жаратқан.
Рух пен материяның табиғаты туралы пікірталас жалқылар мен жалпылардың (универсалилер) табиғаты жөніндегі тартысқа айналды. Фома Аквинский Аристотельдің жалпы ұғымдар жалқылардың түр қалыптастыратын принципі ретінде жеке өмір сүреді деген іліміне сүйене отырып, универсалилер ақыл-ойдың жемісі болғанымен, санадан тыс, құдайдың ойында орын алғандықтан, өз алдына жеке-дара тіршілік етеді дей келіп, Ибн Сина сияқты универсалилердің үш түрлі өмір сүретіндігін көрсетеді. Олар: 1. Зат пайда болғанға дейін – құдайдың ойында. 2. Заттардың өзінде – олардың мәні ретінде. 3. Заттардан кейін адамдардың ақыл-ойында – сол заттардың ұғымы, абстракциялық ойдың нәтижесі ретінде.
Заттардың мәні олардың түпнегізі – құдайдың бойындағы жалпы идеялар болғандықтан, адамдардың мақсаты – соларды діни сенім арқылы білуге ұмтылу. Ал философия болса, ол да діни догмалардың дұрыстығын, ақиқаттығын өзіне тиесілі бар беделімен дәлелдеуі керек.
Ортағасырлық философияның көптеген идеяларымен келіспей, өзіндік пікір айтып, таным процесінде тәжірибенің беделін көтерген ойшылдардың бірі Роджер Бэкон болды (1214-1249жж.). Ол философияны, табиғаттану ғылымдарын теологиядан бөлу керектігін уағыздап, ғылымдар ғимаратының іргетасы – тәжірибе, эксперимент және математика деп есептеді. Ол өз кезеңіндегі ғұламаларды схоластикалық беделдің алдында бас июден гөрі тәжірибеге жүгінуге, бос пікірталастықтан – экспериментке, керегі жоқ кітаптардан – табиғатты зерттеуге шақырады. Осы салада өзі де үлкен жетістіктерге жетті.
Білімнің қайнар көзі және негізгі құралы – тәжірибе, логикалық пікір және ғылыми бедел. Бірақ осы аталғандардың ішіндегі адамдарды ақиқатқа жеткізетін ғылыми құралдардың ең бастысы – тәжірибе. Себебі тәжірибе тәжірибе болғандықтан құндылыққа ие. Ал қалғандары осы тәжірибе арқылы дәлелденуі керек. Ал кей жағдайда тәжірибе де ақиқаттыққа жеткізе алмайды, мұндай жағдайда оған философия мен дін көмектеседі. Осыдан келіп, ол философияның міндеті дінді қорғау деген тұжырым жасайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет