2. ИоганнГотлиб Фихте (1762 – 1814 жж.) – философиялық ілімдер ғылымдар теориясы (ғылымдар туралы ғылым) ретінде қандай да болмасын білімнің негізін көрсетулері керек деген пікірді өз ілімінің басты қағидасы етіп алған ойшыл. Негізгі еңбектері: «Ғылым туралы ілім» (1794), «Адамның міндеті» (1800), т.б.
Фихте «өзіндік затты» танып-білуге болмайды деген пікірді мойындамайды және оны сынға алады. Оның пікірінше, алғашқы бастама барлығын қамтитын, анықтаушы нақтылық – абсолюттік «Мен». «Мен» өзінің дамып отыратын іс-әрекетінің арқасында өзінің алғашқы бастама кезеңіндегі (сана – субъект) ақыл-ойдың нақтылығына қарама-қарсы жағдай – «басқа Менге» (табиғат-объект), одан кейін өз дамуының үшінші сатысы – екеуінің өзара қарым-қатынасына айналады. Бұл жердегі «Мен» - рух, жігер, әдептілік, сенім ұғымдары, «басқа Мен» - табиғат және материя ұғымдары болса, олардың өзара қатынастары синтез – бұрмалаушылыққа қарсы күресіп жатқан адамның жігерін көрсететін ұғым. «Басқа Мен» (табиғат – объект) нақты өмір сүріп қана қоймай, «Менге» әсер етіп, кейбір жағдайларда оның іс-әрекетін айқындайды. «Басқа Меннің» (табиғаттың, объектінің) әсерімен болған іс-әрекетті біз танып-біле алмаймыз, бірақ бұл «әсерді» тікелей сезінеміз. Сөйтіп, теориялық іс-әрекеттің негізінде бейсаналық іс-әрекеттің жатқандығын көреміз. Ал «Меннің» іс-әрекеті деп Фихте субъектінің «әдептілік мінез-құлқын» айтады. Демек, адамның іс-әрекетінің мақсаты - әдептілік заңдары мен парызыңды орындау. Бұл мақсатты жүзеге асыруда қоршаған ортамен тығыз байланысты адамның тән табиғатынан туындайтын оның табиғи қабілеттері қарсы болады. «Менге» қарсы тұрып, оны іс-әрекетке итермелейтін «басқа Мен» дегеніміз, айналып келгенде, осы.
Фридрих Вильгельм Шеллинг (1775-1854 жж.). Канттың, Спинозаның, Фихтенің ілімдерінің кейбір идеяларын дамыта отырып, өзінің табиғи күштер иерархиясының спекулятивтік натурфилософиясы ілімін қалыптастырды. Негізгі еңбектері: «Трансценденталдық идеализмнің жүйесі», «Адам бостандығының мәні туралы» т.б.
Шеллингтің пікірінше, материя дегеніміз – рухани зат. Бірақ санасы жоқ табиғат адам санасының пайда болуынан бұрын өмір сүрген. Санасы жоқ табиғаттан саналы адамға айналу процесі көптеген бірінен бірі жоғары даму сатыларынан өтеді. Табиғаттың даму себептерін оның өзіндегі, шындығында да өмір сүретін, қарама-қайшылықтарды табу арқылы түсініп, зерттеп білуге болады. Шеллинг табиғат дамуын кейбір жағдайда диалектикалық тұрғыдан қарастырғанына қарамастан, оларды шын мәнінде механикалық қозғалыс немесе механикалық даму деп есептеген. Өзінің осы натурфилософиялық ілімін Шеллинг трансценденталдық философия ілімімен толықтырады. Бұл ілім бойынша, субъективтілік – алғашқы бастама, қайнар көз, абсолют ретінде барлық мәнділіктің, нақтылықтың жалғыз ғана негізі. Бірақ әңгіме сезінудің, немесе ақыл-ойдың субъективтілігі туралы емес, керісінше, танымның ерекше құралы – ақыл-ойдың заттарды тікелей бақылауы туралы болып отыр. Шеллинг өзінің осы таным тәсілін «Интеллектуалды интуиция» деп атаған.
Философия әлемінде өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырған ғұлама-ойшыл, неміс кл. Философиясының ең биік шыңы – Георг Вилгельм Фридрих Гегель1770 жылы Штутгарт қаласында туып, 1831 жылы Берлинде қайтыс болған. Негізгі еңбектері: «Рух феноменологиясы», «Логика – ғылым», «Құқық философиясы», «Дін философиясы», «Философия ғылымының энциклопедиясы», т.б.
Гегель өз философиясының бастамасы етіп абсолют идеясын алды. Абсолют – Құдай барлық заттарда бар, бірақ тек таза ақыл-ойда ғана өзіне-өзі тең болады. Абсолюттік идея – нағыз шындық, болмыс және барлық материалдық денелердің түпнегізі және мәні. Оның негізгі атрибуттарының бірі - әмбебап жалпылық. Ол тұрақты және мәңгі. Абсолюттік идеяға әрекетшілдік тән, себебі ол – таза ақыл-ой, ақыл-ой әрекетшіл болмаса, өмір сүре алмайды. Осы қасиетінің арқасында ол жай ақыл-ой болып қалмайды, материалдық денелерге айналады. Бұл процесс төменде көрсетілгендей жүзеге асады: рух өзінен табиғат туралы таза ойын босатып, заттандырады және сол заттандырылған табиғаттың өзінде өзінің басқа болмысы ретінде сақталады. Сөйтіп, ол өзінің диалектикалық мәнін көрсетеді. Таза ақыл-ой дамуының диалектикасы табиғаттың, қоғамның, адамның ойлау қабілетінің жалпы заңы болып табылады. Осыдан келіп, Гегель табиғаттың, қоғамның, адам ақыл-ойының әртүрлі даму кезеңі абсолюттік идеяның әртүрлі даму сатысына саяды деген тұжырым жасайды. Даму процесі, Гегельдің пікірінше, белгілі біркестемен жүзеге асады: тезис (нақтылану), антитезис (нақтылануды теріске шығару) және синтез (терістеуді терістеу). Айталық, материалдық денелердің пайда болуы тезис болса, олардың күйреуі – антитезис, ал күйреп бара жатқан денелердің өзінің кейбір элементтерін сақтай отырып, басқа бір материалдық денелерге айналуы синтез болады. Табиғат пен қоғам дамуының қайнар көзі – абсолюттік идеяның өзіндік дамуы.
Дамудың белгілі сатысына жеткенде, өзін өзі заттандырған абсолюттік идея ұйқыдан оянып, табиғаттағы өзін философия, ғылымдар арқылы танып-білуге бел байлайды. Бұл процесс абсолюттік идеяның мақсаттылыққа құштарлығын көрсетеді. Өйткені абсолюттік идеяның әуел бастан-ақ негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, ал ақиқаттың өзі абсолюттік идеяның өзі болғандықтан, бұл мақсатын жалпы дүниежүзілік тарихтың даму процесіндегі адамдардың іс-әрекеті негізінде жүзеге асырады. Демек, таным процесі дегеніміз антропологиялық адамдарға «таза ақыл-ой санасының енуі» (феноменология дегеніміз осы) арқасында адамдар танып-білуші рух та, танылуға тиісті рух та өзгереді: бір жағынан, танылған заңдылықтар, қасиеттер объектіні абсолюттік идеяның бұрынғы, «өзінде болған» кезінен басқаша қылып өзгертсе, екінші жағынан, танымның өзі байып, жаңа сатыға көтеріледі.
Адамзат тарихы, оның заңдылықтары дегеніміз – қоғамның ілгері қарай дамуы негізінде жеке тұлғалардың ең жоғары принципі – бостандық идеясына үздіксіз ұмтылуы. Олай болса, дүниежүзілік тарихтың даму бағытын айқындап, оны жетелейтін ұлы жеке тұлғалар емес, бостандық идеясы. Гегельдің бұл концепциясы бойынша, бостандық сәулесі бозарып келе жатқанда тарих басталады. Ол алғаш рет Шығыста көрінді, бірақ бұл әлі де болса бостандық сәулесі емес еді, ол тек оның бастамасы, оны сезіну ғана. Себебі азияттық деспотияда бір адамның (деспоттың) ғана бостандығы болатын, ал қалған адамдардың ерік-жігерлері, бостандықтары сол деспоттың ерік-жігеріне, бостандығына бағынышты еді. Бұл – бостандық идеясының бірінші сатысы.
Гегельдің пікірінше, бостандыққа ие болу да, қаналу да әр адамның, халықтың ерік-жігеріне байланысты. Егер олар бостандық үшін күреске шығып, өз құқығын қорғауға ұмтылса – ол өз еріктері. Жалпы алғанда, философ тек әлемдік Рухтың ішкі логикасының қозғалысын ғана танып-білуге тырысады, ол ешқандай да тығырықтан шығу жолын көрсетпейді.