ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»


Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар



бет74/79
Дата20.04.2022
өлшемі1,31 Mb.
#31662
1   ...   71   72   73   74   75   76   77   78   79
Байланысты:
6 Лекция Кыпшактану

Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:

1. Татар әдеби тілінің қалыптасу жолдары?

2. Татар этнонимі туралы не білесің?

3. Татар әдеби тілінің негізін салушылардың еңбектері

4. Татар тілінің ғылыми тұрғыда зерттелуі.

5. Татар тілінің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы


Башқұрт әдеби тілі
Башқұрт тілі – башқұрттардың ана тілі. Түркі тілдерінің қыпшақ тобына, оның ішінде қыпшақ-бұлғар тобына жатады. Әлемде 1,2 млн башқұрт тілінде сөйлейтін халық бар. 2010 жылғы Бүкілресейлік санақ бойынша 1152404 адам башқұрт тілін біледі. Оның ішінде 977484 башқұрт, 131950 татар, 20258 орыс, 6276 чуваш, 3211 марий, 1935 қазақ, 1630 удмурт, 1279 өзбек және 8367 басқа ұлт өкілдері бар.

Башқұрт ұлтының тілі мен мәдениетінің, этногенезінің қалыптасуына VІІ-Х ғасырлардағы әр алуан түркі тайпалары, ішінара финно-угор тайпалары, әсіресе ХІ ғасырдағы қыпшақ тайпасының ықпалы шешуші рөл атқарды. Тарихқа бойласақ, башқұрттар ата қонысын ғасырлар бойы сыртқы жаудан қорғап келген жауынгер халық. Дегенмен, 1229 жылдан монғол шапқыншылығы басталып, екі ғасыр күйзеліске ұшырады.

1555-1557 жылдардан орыс мемлекеті башқұрт жерін отарлауға кірісті. Орыс миссионерлері башқұрт халықын шоқындыруды, орыстандыруды мықтап қолға алды. Орыс отарлаушыларына қарсы талай қанды соғыстар, көтерілістер болды. Тағдыр талайын көрген батыр халық тілі мен әдебиетін, ұлттық өнерін, рухани мәдениетін жалау қылып, ХХІ ғасырға да жетіп отыр. Қазақ ғалымы С.Бизақовтың айтуынша, «Тілі мен мәдениеті, қоршаған ортасы татарға жақын болғанмен, башқұрт ағайындардың ұлттық психологиясында, наным-сенімі мен тұрмыс тіршілігінде қазаққа ұқсастығы басым.... Біздің мың жылдан астам уақыт бойы келе жатқан ортақ тіліміз бен дініміз, салт-ғұрпымыз бен тарихымыз, өнеріміз мен мәдениетіміз бар».

Башқұрттардың көп жанрлы ауыз әдебиеті қазақ, татар фольклорымен сабақтас. Сәсендер (жыршы) орындайтын «Салауат», «Азамат», «Орал» тәрізді тарихи жырлары ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған. Түркі халқының бір тармағы бүгінгі башқұрттар бай ана тілімен мақтанады. Бірақ соңғы ғасырлар бойы болып өткен саяси қырғындар, кеңес үкіметінің әміршілдік-әкімшілік жүйесі, бірыңғай орыстандыру саясаты өз ана тілін білмейтін ұрпақтардың біршама тобын қалыптастырды.

ХХ ғасыр аяғында Башқұрт елінде рухани сілкіністер болды. Өз тамырын іздеп, тегін түгендей бастаған зиялы қауым башқұрт тілін үйретуді қолға алды. 1989 жылғы санақта башқұрттардың 72,2 пайызы өз ұлтының тілін ана тілім деп таныған. Бұл цифр қазіргі таңда бұдан да өскені анық.

Башқұрттар бай өнері мен керемет әдебиетімен даңқты. Ал сол әдебиет пен өнердің тірегі, бастысы қашанда әдеби тіл. Башқұрт әдеби тілінің дамуы және қалыптасу тарихы мәселесі бойынша ғалымдардың арасында ортақ көзқарас жоққа тән. «Қысқаша әдеби энциклопедияда» Қазан төңкерісіне дейінгі башқұрттардың әдеби тілі туралы қарама-қайшылықты мәліметтер беріледі. Кейбір ғалымдар Қазан төңкерісіне дейін өзіндік жазу дәстүрі болмаған, жазуы кенже дамыған тілдердің қатарына қосады. Енді бір ғалымдар жалпыхалықтық башқұрт әдеби тілі Қазан төңкерісіне дейін ауызша поэзиялық шығармаларда көрініс тапты деп тұжырымдайды. Олар Орал-Еділ бойы түркілерінің тілін тек ресми жазба тіл, кеңсе тілі, іскери қағаз, жылнамалар тілі деп танып, жазба әдеби тіл талаптарына толық жауап бере алмайды дейді. Бір топ зерттеушілер «ХV-ХVІ ғасырлардан бастап башқұрт қоғамында екі тіл өмір сүрді: бірі ресми жазба әдеби тіл, кеңсе тілі, екіншісі сөз шеберлері шешендер тудырған жалпы халықтық башқұрт әдеби тілі»,–деп санайды. Дегенмен, бір шоғыр ғалымдар ұлттық кезеңге дейін башқұрт әдеби тілінің қызмет еткенін мойындайды. Мәселен, А.И.Харисовтың пікірінше, башқұрттарда дамуы жағынан жеткіліксіз болса да, өзіндік әдебиеті болды, бірақ ол жалпыхалықтық башқұрт тілінде емес «түркі» кітаби тілінде (феодализм дәуірі) және татар тілінде (татар буржуазиялық ұлтының қалыптасып, Орал-Еділ бойы қоғамдық аренасына шығуымен байланысты) болды. «Түркі» кітаби тілінде мұсылмандық сипатта болды да, араб тілі элементтері өте көп қолданылып, тірі ауызекі тілден ажырап кетті. Ал жазба әдеби тілдің қызметін атқарушы татар тілі башқұрттар үшін демократияға ұмтылудың негізгі көзі ретінде кең түрде дами бастады.

Г.Б.Хусаинов «К истории литературного языка тюрки Урало-Поволжья» атты мақаласында Орал-Еділ бойы түркі тілдерінің эволюциясы негізінде ғасырлар қойнауынан тамыр алған башқұрт әдеби тілінің дәстүрлі сабақтастығын нақты деректермен көрсетті. Ұлттық кезеңге дейінгі башқұрттардың әдеби тілінің қызметі шектеулі болды. Тұрғындардың сауатты тобы ғана қолданған бұл тіл қоғамның барлық қажеттілігін өтей алмады. Бұл башқұрттар мен татарлардың арасында тең дәрежеде тараған қарахандық-ұйғырлық (ХІ-ХІІ ғғ), хорезм-түркілік (немесе алтынордалық; ХІІІ-ХІVғғ) және шағатайлық (ХV-ХVІІІ ғғ) жазба дәстүрлерге негізделген Орал-Еділ бойы түркілерінің жазба әдеби тілі еді.

Орал-Еділ бойы түркілерінің тілінің көп ғасырлық тарихы тамырын тереңнен алады. Белгілі ғалым Э.Р.Тенишев ұлттық кезеңге дейінгі түркі әдеби тілдерінің дамуын бірнеше кезеңге жіктеп қарастырады: руникалық әдеби тіл (VІІ-ХІІ ғғ.) – көне ұйғыр әдеби тілі (ХІ-ХІІғғ) - хорезм-түркі әдеби тілі (ХІІІ-ХІV ғғ) – шағатай әдеби тілі (ХV-ХVІІІғғ) – бірнеше варианттағы «түркі» әдеби тілі: орта азиялық, орал-еділ бойы, арал-каспий, солтүстік-кавказ (ХІХ-ХХ ғ. басы). Тілдің басқа да локальды варианттары өмір сүрді: селжүк әдеби тілі (ХІІІ-ХІV ғғ), мәмлүктік және армян-қыпшақтық әдеби тілі (ХІІІ-ХVІІ ғғ) және еділ бойы-бұлғар әдеби тілі (эпитафиялық жазбалар ХІІІ-ХІVғғ).

Башқұрт әдеби тілінің тарихы көне түркі және көне ұйғыр кезеңдерінің заңды жалғасы және Еділ бойындағы Бұлғар мемлекеті дәуірімен (ХІ-ХІІІ) тығыз байланысты. Бұлғар дәуірінде Башқұртстаннның территориясының бір бөлігі шығыс шекаралары Ақ және Жайық өзендеріне жетіп жатқан Бұлғар мемлекетінің құрамында болды. Бұлғар мемлекеті дәуіріндегі Орал-Еділ бойы түркі тайпалары мен халықтарының территориялық және тілдік жақындығы, әр түрлі этникалық топтардың көп түрлі, тұрақты байланысы аймақтық әдеби жүйенің қалыптасуына алып келді. Осы кезеңдегі ең мәшһүр әдеби ескерткіш 1212 жылы жазылған Құл Әлидің «Қысса-и Йусуф» поэмасы болып табылады. Оғыздық-ұйғыр жазба дәстүр мен «жаңа» қыпшақтық тілдік элементтердің ішкі қарама-қайшылықтары көрініс тапқан бұл поэманың тілі түптеп келгенде туысқан татар және башқұрт тілдерінің тарихы үшін бастау көз деп бола алады.

Башқұрттардың әдеби тілі тарихында ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын Орда мемлекеті тұсындағы жазба ескерткіштердің маңызы зор. Алтын Ордада пайда болған ескерткіштер екі түрлі аралас тілдің бірінде: не қыпшақ-оғыз аралас тілінде, не оғыз-қыпшақ аралас тілінде жазылған. Алтын Орда құрамындағы түркі тайпаларының бәрі де жазба мұраларға өз үлесін қосып отырған. Сондықтан да әр түрлі тілдік элементтердің жарыса қолданылуы заңды құбылыс.

ХVІ ғасырдың ортасында башқұрттар Орыс мемлекетінің құрамына енді. Башқұрттар қолданатын Орал –Еділ бойы аймағындағы «түркі» жазба әдеби тілін патша үкіметі ресми жазба тіл деп таныды. Осы тілде башқұрт шежіресі, көрші халықтармен келісім шарттар, хаттар жазылып, көркем шығармалар туындаған. Г.Б.Хусаиновтың пікірінше, башқұрттардың ұлттық әдебиетінің жіктелуі, даралануы ХVІ ғасырда, Орыс мемлекетіне қосылғаннан кейін басталады.

ХVІ-ХVІІ ғасырлардығы Орал-Еділ бойы жазба ескерткіштері тілінде башқұрт, татар тілдеріне ортақ байлықты көрсететін дәстүрлі және жаңа элементтер фонетикада да, морфологияда да жиі қолданылады: барыс септігі (дательно-направительный падеж) -а/-ә және -ға/-гә, табыс септігі (винителный падеж) -ы/-и және -ны/-ни, шығыс септігі -дын/-дин және -дан/дән, есімше -мыш/-меш, -дук, және -ған/-гән, -ғучы және -учы , көсемше -йу/-йү және -уб/-үб және т.б. Жазба ескерткіштердің лексикалық қоры негізінен жергілікті тілдік бірліктерден қалыптасқан. Башқұрттардың тарихи жазба ескерткіштерінде с~с, х, п~ б, ч~с дауыссыз дыбыс сәйкестіктері көрініс табады, бұнда екінші кезектегі дыбыстар башқұрт халықтық-ауызекі тілінің сипатын білдіреді.

Башқұрт әдеби тілінің тарихында ХІХ және ХХ ғасыр басындағы кезең өте күрделі және шешуші мерзім еді. Ол екі үлкен дәуірді байланыстырады (ұлтқа дейінгі және ұлттық) да, өзі іштей үш белеске бөлінеді: а) ХІХ ғасырдың бірінші жартысы, б) ХІХ ғасырдың екінші жартысы және в) ХХ ғасыр басы (1920 жылдарға дейін).

ХІХ ғасырдың аяғында және ХХ ғасырдың басында башқұрт халқының баспа өнімдері Орал-Еділ бойы «түркі» тілі дәстүрінен түгел ажырай қоймаған және башқұрт тілінің әсеріне ұшыраған татар тілінде басылып тұрды. Башқұрт әдеби тілі ұлттың қалыптасу тұсында тірі халықтық-ауызекі тілдің және ауыз әдебиетінің (устно-поэтической реч) әсерінен дамудың жаңа сатысына көтеріледі: диалектілер негізінде түгел жаңару болып, тілдік тұлғалар тұрақтана бастайды. Ескі жүйелер жаңа жүйелермен ауыстырылып қана қоймайды, олар өз кезегінде логикалық дамудың тамыры да болып қызмет атқарады. Бұл тұрғыда қазіргі башқұрт әдеби тілі және оның құрылымы тарихи дамудың нәтижесі. Қорыта айтқанда, башқұрт әдеби тілі өз бойына Орал-Еділ бойы түркі жазба әдеби тілін, башқұрт халықтық-ауызекі тілін (диалектілер мен говорлар) және башқұрт фольклорының тілін сіңірген жаңа сипаттағы түркілік әдеби тілдердің бірі.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдеби тілдің дамуы сол тұстағы саяси-әлеуметтік үдерістермен тығыз байланысты. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында башқұрт қоғамында патриархалдық рулық қоғам үстемдік еткенмен, буржуазиялық қатынастар да дами бастады. Жартылай көшпенді тұрмыстан отырықшылыққа өту үдерісі жанданды. Орыс патша үкіметінің отарлау саясаты күннен-күнге күшейді. Дегенмен, өлкеде орыс білім ошақтары ашылуының жақсы тұстары да болды. Башқұрттардың Ресейдің орталық қалаларында оқуы ел ішінде ағартушылық идеяны өрістетті. Ұлттық интелегенция қалыптаса бастады. Осы кезеңдегі тілдік жағдаяттың да өзіндік сыры бар. Біріншіден, тілдік жағдаят дегеніміз тілдік қоғам мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасқа түсетін тілінің тілдік құрылымдары мен тұлғаларының өмір сүруі. Тілдік қоғам болса тілдік тұтастықта өмір сүреді. Ал башқұрттар өзара тілдік қарым-қатынаста мынадай тілдік құрылымдарды қолданды: 1) көптеген говорлар мен диалектілерді бойына сақтаған башқұрт халықтық-ауызекі тілі (мамандар башқұрт тілінде үш диалектіні көретеді: оңтүстік, шығыс және батыс немесе солтүстік-батыс);2) жоғарыда көрсетілген диалектілердің негізгі белгілерін бойына сіңіре отырып, тілдің диалекті үсті варианты ретінде көрініс тапқан башқұрт фольклорының тілі және 3) Орал-Еділ бойы түркі жазба әдеби тілі. Сонымен қатар, сауатты башқұрттардың арасында араб-парсы және орыс тілін жетік білетін адамдар болды. Мұсылман медреселерінде діни білім араб тілінде, ал кейбір пәндер түрік және парсы тілінде болды. «Түркі» тілі ауызекі сөйлесу құралы болып қызмет атқармады. Негізінен кітаби әдеби тіл, кеңсе жазба тілі, ресми іс қағаздар тілі болғанымен, оның қолданылу аясы шектеулі еді.

Башқұрт әдеби тілі тарихында ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы кезеңнің сипатына қарасақ, бір жағынан бұрынғы тамырлармен тығыз байланыста болып, екінші жағынан халықтық негіздегі әдеби тілге жақындай түскенін байқаймыз. Орал-Еділ бойы дәстүрлі әдеби түркі тілі алғашқы да ескі грамматикалық құрылымдарға, араб-парсы элементтеріне толы болды. Егер ерте кезеңдерде жазба әдеби тілдің, халықтық ауызекі және ауызша әдеби тілдің араласуы, синтезделуі әлсіз болса, ал ХІХ ғасырда нормалану үдерісі басталып, әдеби тілдің демократиялануы белең алды. Өйткені Орал-Еділ бойы түркі жазба әдеби тілінің мазмұны мен тұлғасы қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келмеді. Әдеби тілді тірі ауызекі тілмен және фольклор тілімен жақындастыру Башқұртстандағы ағартушылық қозғалыспен тығыз байланыста өрбіді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби тілдің дамуы саяси жағдайлармен тығыз байланысты өрбіді. ХІХ ғасырдың 50 жылдарының соңында Ресейдің феодальдық-крепостнойлық құрылысы терең әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшырады. Ел төңкеріс жағдайында болғандықтан, патша үкіметі 1861 жылы крепостнойлық заңды жойды, 1865 жылы әкімшілік-территориялық шектеу (кантондық жүйе) жойылып, башқұрттар барлық Ресей халықтарымен тең дәрежеде еркін cело тұрғындары ретінде құқық алды. Ресейдегі крепостнойлық правоның және әскери-феодалдық басқарудың жойылуы башқұрт халқына көп жеңілдік әкеле қоймады. Дегенмен өзіндік әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ықпалымен прогрессивті мәні болды. Башқұрт мәдениетінің дамуында демократиялық қозғалыстар туды. Алдыңғы қатарлы башқұрт және татар интелегенциясы мектептерге реформа жасауға және сауда, өндіріс, ағарту саласына заманауи кадр дайындауға мүдделі болды. Олардың күшімен діни-схоластикалық медреселерге қарсы жаңа әдістерге негізделген мұсылман мектептерінің жүйесі ашыла бастады.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде бір-біріне қарсы қоғамдық екі ағым пайда болды: жадидизм (джадид. араб.- жаңа) және қадимизм (қадим. араб. - ескі). Орал-Еділ бойы жағдайында жадидизм демократиялық ниеттегі күштердің қадимизмге қарсы бірігуі еді. Олар діни фанатизмге және патриархальдық-феодальдық сарқындыларға қарсы болды. 1905-1907 жылдардағы буржуазиялық-демократиялық революцияға дейін жадидизм Башкирия мен Татариядағы прогрессивті қозғалыс болып қала берді. Жадидизм бағытындағы мектептерінде башқұрттар мен татарларға түсінікті түркі тілінде жазылған оқу құралдары енгізілді, діни пәндермен қатар математика, тарих, география, астрономия, жаратылыстану, орыс тілі т.б. пәндер оқытыла бастады. Башқұрт, татар және басқа да Ресей халықтарының арасында жадидизм бағытындағы Уфа қаласындағы «Гусмания», «Ғалия», Орынбордағы «Хусаиния», Троицкідегі «Расулия» медреселерінің беделі зор болды. Бұл медреселер ағартушылық идея таратуда рөлі зор болғанымен, бұл медреселер шын мәніндегі дүнияуи (светский) білім ошағы бола алмады.

ХІХ ғасырдың 70 жылдарының басында Уфа губерниясында 74, ал Орынбор губерниясында 9 медіресе болды. Орыс-башқұрт мектептері көбейді, мектеп, медіреселерде орыс сыныптары ашыла бастады. 1897 жылғы Ресей империясының халық санағының нәтижесі бойынша башқұрттардың 17,5 пайызы түркі тілінде және 0,58, пайызы орыс тілінде сауатты болды.

Алдыңғы қатарлы орыс мәдениеті, сол арқылы әлемдік мәдениетке жақындау екі бағытта жүрді. Біріншіден, башқұрттардың өздері алдыңғы қатарлы мәдениет пен білімге құштарлық танытты. Башқұрт ағартушыларының барлығы орыс білім ошақтары мен жадидизм бағытындағы мектептерде терең білім алды. Олардың ішінде ең көрнектілері Мухаметсалим Уметбаев (1841-1907) және Мифтахетдин Ақмулла (1831-1895). М.Уметбаев орыс ағартушылық және ғылыми ойларын бойына сіңіріп, орыс мәдениетіне сүйене отырып, өз ұлтына қызмет етті. Ал М.Ақмулла «орыс әсерін жанама түрде сіңірсе де», башқұрттың көрнекті ақыны, ағартушысы болды. Ақын өз шығармаларын башқұрт, татар, қазақ тілдерінде жазғанын, үш халыққа ортақ тұлға екенін мақтана айта аламыз. Екіншіден, башқұрт халқының әдеби, мәдени дәстүрін, тарихын, тілін, тұрмысын, психологиясын зерттеуде алдыңғы қатарлы орыс интелегенциясы, ғалым-өлкетанушылар көп еңбек сіңірді (Р.Г.Игнатьев, В.С. Юматов, М.В.Лоссиевский, С.Г.Рыбаков және т.б.).

ХІХ ғасырдың екінші жартысында башқұрттардың тілдік қарым-қатынасында мынадай дербес тілдік құрылымдар қызмет етеді: 1) жалпыхалықтық башқұрт ауызекі тілі (аймақтық диалектілерімен және говорларымен); 2) башқұрт ауызша әдеби тілі; 3) Орал-Еділ бойы «түркі» тілі. «Түркі» тілінде медресе және мектептерде дәріс оқылды, ресми іс қағаздары жүргізілді, көркем шығармалар, тарихи, географиялық, діни және дүнияуи трактаттар жазылды. Сонымен қатар араб, парсы және татар тілдері оқытылды. Бірақ медіреседе башқұрт тілі оқытылмады.

Дәстүрлі кітаби тілдік құралдардан бой тарту және башқұрт, татар халықтық-ауызекі тілінің элементтерін қолдану негізінде башқұрт ағартушылық әдебиетіндегі түркі жазба әдеби тілі қайта қалыптасты. Оның бойында екі басты үрдіс, яғни дәстүрлі әдеби және халықтық фольклор тоғысты. Осы кезеңде татар, оған қоса башқұрт интелегенциясының «түркі» тілінен гөрі башқұрттарға түсінікті татар жазба әдеби тілінің (араб жазуына негізделген) қазіргі заманғы түрін қалыптастыруға ұмтылысы күшейді.

Қазан төңкерісіне дейінгі башқұрттардың әдеби тілін демократизациялау Мифтахетдин Ақмолланың шығармаларынан көрінді. Башқұрт халқының ХІХ ғасырдағы ағартушы ақыны, шешенінің шығармашылығында халықтық ауызша және жазба дәстүр араласып жаңаша сипат алды. А.Х.Вильдановтың

айтуынша, «поэзия Мифтахетдина Акмуллы, своеобразного поэта-просветителя второй половины ХІХ в. Выросла на благотворной почве богатых устно-поэтических традиций башкирского и казахского народов». М.Ақмолла тамаша ұлттық-әдеби шығармалар тудырды.

Осы кезеңдегі башқұрттың көрнекті ағартушы, көсемсөзші, жазушысы, аудармашысы, ғалым, қоғам қайраткері М.Уметбаев шығармашылығында М.Ақмолла дәстүрі жалғасын тапты. Оның еңбектерінде туған халқының ауыз әдебиеті мен шығыс және түркі халықтарының классикалық әдебиеті, алдыңғы қатарлы орыс және батыс еуропа мәдениеті сабақтастырылды. М.Уметбаев шығармашылығы башқұрт әдеби тілі тарихындағы маңызды кезең. Оның шығармашылық еңбегінің арқасында башқұрт халықтық-ауызекі сөйлеу тілі мен фольклор тілі негізінде фунционалдық стилдердің (публицистика, көркем әдеби және ғылыми) салалары айқындала бастады.

Сонымен ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы башқұрт ағартушылық әдебиетінің дамуы башқұрт әдеби тілі тарихындағы шешуші кезең болды. Бұл құбылыс тек көркем әдебиет қана емес, басқа да жанрларда айқын байқалды. Бұл кезеңде жазба әдеби тіл көптеген көне элементтерден арылды, кітаби тілдік элементтермен араласа келіп, башқұрт және татар тілі төркініне сүйенілген халықтық негізі бекітілді. Біртұтас әдеби тіл шеңберінде көптеген фунционалдық стилдер (публицистикалық, көркем әдеби, ғылыми) қалыптасты.

ХХ ғасыр басындағы әдеби тілдің дамуына жаңа мүмкіндіктер туындады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында патшалық Ресей империализм дәуіріне аяқ басты. Башкирия экономикалық даму үдерісінде Ресейдің жартылай отар елі жағдайында болды. Башқұрттардың жерін заңсыз иемдену орыстар тарапынан жалғасып жатты. Осы ғасырдың басында башқұрт елді-мекендерінде ұсақ-буржуазия қалыптасып, капиталистік қатынастар дами бастаған еді. Қазан социалистік төңкерісі тұсында башқұрттар буржуазиялық ұлт ретінде қалыптасып қалған болатын.

ХІХ аяғы - ХХ ғасыр басында мешіттер мен мұсылман мектептері кең етек жайды. 1914 жылғы мәлімет бойынша Уфа губерниясында 1579, Оренбургте 436 мектеп болған. Башқұртстандағы мектептер мен медіресе тек діни қызметкерлер ғана емес, дунияуи білімді кадрлар дайындады. Мәселен, «Ғалия» медресесін башқұрт пен татардың көптеген жазушылары мен журналистері бітірді. Олар: М.Ғафури, Г.Ибрагимов, Ш.Бабич, З.Ермеки, И.Башмаков, Х.Туфан, Б.Ишемгулов, Х.Карим. т.б.

ХХ ғасыр басында башқұрт тілі отбасы мен қоғамдағы қарым-қатынас үшін халықтық-ауызекі тіл ретінде өмір сүрді. Оның тілдік құрамында көптеген говорлармен қатар, үш негізгі диалект болды: қазіргі таңда Башқұртстанның шығыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс аймағын, Челябинск және Курган облыстарын қамтитын шығыс диалектісі (немесе: таулы, кувакандық); оңтүстік және орталық башқұрттардың халықтық ауызекі тіліне неізделген оңтүстік диалектісі (немесе: қырлық, далалық, юрматиндік), татар тілінің говорларымен, сондай-ақ фин-угор тілдерімен үнемі тығыз қарым-қатынаста тұрған Башқұртстанның батыс және солтүстік-батыс аудандарына таралған солтүстік-батыс диалектісі. Шығыс және оңтүстік диалектілері қазіргі башқұрт ұлттық әдеби тілінің қалыптасуына негіз болды.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында аударма діни әдебиетте, оқулықтар мен оқу құралдарында башқұрттың халықтық ауызекі тілі (әсіресе шығыс және оңтүстік диалектілердің говорлары) белсенді қолданыла бастады. В.В.Катаринскийдің бірінші «Башқұртша-орысша сөздігі» (Оренбург,1899) башқұрт тілі лексикасының ұлттық негізін қалауда зор рөл атқарды. Башқұрт поэтикалық фольклорының тілі халықтық ауызша тіл ретінде өмір сүрді және диалектіаралық сипатта болды. Оның тілдік құралы дәстүрлі сипатта өрбіді, яғни қалыпты стандарттар және жалпы формулалар, моделдер, тұрақты эпитеттер мен теңеулер, фразеологизмдер, стилистикалық фигуралар және т.б. көркемдегіш құралдарға толы болды. Бірақ ауызекі тұрмыстық формада қалып, стилистикалық дараланбағандықтан ол әдеби тіл қызметін атқара алмады, бірақ әдеби тілдің қалыптасуы мен дамуының бір қайнар көзі болды. Осы кезеңде қазіргі башқұрт тілінің жазуын қалыптастыруға алғашқы әрекеттер жасала бастайды және оның фонематикаалық құрылысын орыс графикасына және қолданыстағы араб жазуына икемдеу де қолға алынады. Башқұрт ақын, жазушыларының бір тобы өз шығармаларын араб жазуы негізіндегі башқұрт тілінде жариялай бастайды. Олар: С.Якшыгулов, Х.Габитов, З.Уммати, М.Сагди, Бахтияр Бахтигарейулы, Г.Киикбаев, Ш.Аминев, Ш.Бабич және т.б.

ХХ ғасыр басында әдеби тіл ретінде башқұрттанған Орал-Еділ бойы «түрки» тілі қолданыла бастады, бірақ баспаның ресми тілі ретінде татар әдеби тілі қызмет етті. «Түркі» тілінің ерекшелігі башқұрт шежірелерінде, ресми құжаттарда, мунаджаттар мен кейбір бәйттерде, жеке хаттарда көрініс тапты. Көптеген башқұрт ақын, жазушылары өз шығармаларын «түркі» тілінде шығарды, бірақ башқұрт тілінің ықпалынан алыс кетпеген татар тілінде бастырды. Татар жазба тілі «түркі» сияқты башқұрт тілінің фонтикалық ерекшелігін толық бермесе де, ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында башқұрт интелегенциясының ортасына кедергісіз кірді. Сол кезеңдегі суфизм жазушыларының арабтанған «түркі» тілінен гөрі татар әдеби тілі құрылымы жағынан башқұрт тіліне жақын болатын. Башқұртстан жағдайында ол башқұрт халықтық ауызекі тіл мен фольклор тілінің ықпалына ұшырады.

Башқұрт жазба әдебиеті ХХ ғасыр басында тақырыптық және проблематика жағынан ұлттық сипатта болды. Әдебиетте ұлттың болашақтағы тағдыры өзекті мәселе етіліп қойылды, экономикалық жағдай, жерден айырылу зардаптары сөз болды. Башқұрт жазушылары тарапынан ақиқатты суреттеу орын алған ХХ ғасыр басында башқұрт прозасы мен драматургиясы қалыптаса бастады. Олардың бойынан шығыстың бай дәстүрі, орыс және татар әдебиетінің, сонымен қатар башқұрт фольклорының әсері айқын көрінді.

Башқұрт жазуы өзінің тарихында үш графиканы пайдаланды. Көне түркілер заманындағы руна жазуын айтпағаның өзінде, ХІІІ ғасырдан ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейін араб графикасын, ал 1930 жылдан 1940 жылға дейін латын жазуын, ал 1941 жылдан кириллицаны қолданып келді. Араб-башқұрт жазуының орнына орыс әліпбиін қолдану ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орыс ғалымдары мен башқұрттың ұлттық интелегенциясы тарапынан ұсынылған еді. Р.Г.Игнатьев (1829-1886), В.В.Катаринский (1846-1902), А.Г.Бессонов (1848-1918), М.В.Лоссиевский (1850-1884), С.Г. Рыбаков (1867-1926), М.А.Кулаев (1873-1958) сияқты ғалымдар башқұрт халық шығармашылығының үлгілерін жинаған кездерінде орыс графикасын пайдаланған болатын. Осы уақытта олардың башқұрт халықтық ауызекі тіліне қызығушылықтары артады. Орыс жазуы негізінде башқұрт әліпбиін жасау қажеттілігі туды. Башқұрттар үшін бірінші әліпби кітабы 1892 жылы Орынборда басылды (авторы көрсетілмеген). Оның екінші басылымы 1898 жылы жарық көрді, үшінші басылымы 1908 жылы жарыққа шықты[22,9;22,214]. Профессорлар Н.К.Дмитриев және Дж.Г.Киекбаев бірінші әліпбидің авторы башқұрт лексикографиясының пионері В.В.Катаринский жазған деп тұжырымдайды. Бұл пікірді ғылыми қауым бір ауыздан қолдады. 1907 жылы Қазанда екінші әліпби «Буквар для башкир» басылды, оның авторы А.Г.Бессонов (1848-1918). Ол башқұрт әліпбиі үшін 41 орыс графикасын қолданды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында башқұрт диалектілерін зерттеумен Қазан университетінің профессоры Н.Ф.Катанов (1862-1922) айналысты. Ол Уфа губерниясының Белебеевский және Мензелинский уездерінде екі рет диалектикалық экспедицияға қатысты. Оның «Азбука для башкирского языка» оқу құралы өте маңызды. Онда башқұрт әліпбиі 33 орыс графикасымен берілген. Башқұрт тілінің өзіндік дыбыстарын белгілеу үшін әріп үсті нүктелер қойылған.

Көп ұлтты Ресейде ХІХ ғасырдың екінші жартысында тіл мәселесі ең өткір проблеманың бірі болса да, ХХ ғасыр басына дейін аз ұлттардың ана тілдерінің мәртебесі заңнамалық негізде де немесе басқа да мемлекеттік құжаттармен бекітілген емес. 1903 жылы Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының ІІ сьезінде «Ресейдегі аз ұлттар мен ұлыстардың ана тілін барлық қоғамдық және мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік орыс тілімен тең дәрежеде қолдану» туралы бағдарлама қабылдады. Дегенмен Қазан төңкерісінен кейін Ресей халықтарының ана тілін дамытуға жағдай туындайды. Кеңес үкіметінің алғашқы құжаты «Ресей халықтарының құқық Декларациясы» болды. Бұл құжатта ұлттық-діни басымдықтар мен шектеулердің алынып тасталу мәселесі көтерілді.

Башқұрт тілінің мәртебесі бірінші рет Орынбор қаласында 1917 жылы 8-20 желтоқсанда өткен ІІІ Бүкілбашқұрттық құрылтайда (Всебашкирском учредительном курултае) қаралды.

Башқұрт тілі 1918 жылы қаңтарда Кіші Башкирияны автономды басқару туралы ереже және Кіші Башкирияның автономиялылығы туралы ереженің жобаларында ресми тіл болып жарияланды. Осы құжаттарға сәйкес мемлекеттік билік пен басқару органдарында башқұрт тілін қолдану қарастырылды. Кеңес үкіметінің құрылуымен аймақта башқұрт тілінің мәртебесі туралы мәселе бірнеше рет қарастырылды және Бүкіл Башкирияның территориясына башқұрт тілін мемлекеттік тіл ретінде енгізудің жалпы ережесінің жобасы жасалды. 1921 жылы 1- 4 маусымдағы ІІ Кеңестердің Бүкілбашқұрттық ІІ сьезі башқұрт тілін мемлекетік тіл деп жариялады және Башқұртстанның территориясында барлық оқу орындарында міндетті түрде оқыту енгізілді.

КСРО ыдырағанға дейін аз халықтардың тілі жөніндегі саясат өзгермелі болды, шындығында ұлттық тілдер ұлы орыс тілінің көлеңкесінде қалды. ХХ ғасырдың 90 жылдары Кеңес үкіметінің іргесі шайқалды, демократиялық қозғалыстар жанданды, Ресей халықтарының тілдерінің дамуы мен оқытылу мәселесі жаңаша қарау қажеттілігі туындады.

Аймақтың көп этносты сипатын ескере отырып, «РСФСР халықтарының тілі туралы» (1991 жыл, 25 қыркүйек) заң мен Башқұрт Республикасының тәуелсіздігі туралы Декларация негізінде 1999 жылы 15 ақпанда «Башқұртсан Республикасы халықтарының тілдері туралы» заң қабылданды. Осы заң бойынша Башқұртсан Республикасында екі мемлекеттік тіл: орыс және башқұрт тілі болып саналады. Бұл тілдердің мәртебесі Республика Конституциясымен бекітілген. Мемлекеттік тілдермен қатар кейбір ұлттардың жиі қоныстанған елді-мекендерде татар, чуваш, марий, удмурт, мордва, украин, белорус, латыш және т.б. тілдер қолданылады.

«Башқұртстан Республикасы халықтарының тілдері туралы» заңның орындалуы үшін 1999 жылы 31 желтоқсанда Башқұртстан Республикасы Министрлер кабинетінің Қарарымен (постановление) «2000-2005 жылдарда Башқұрстан Республикасы халықтары тілдерін сақтау, зерттеу және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама» бекітілді. Кейінгі уақыттарда бұл аса маңызды бағдарлама екі мәрте 2006-2010 жылдарға және 2012-2016 жылдарға қайта бекітілді.

Башқұртстанның тарихында бұл өлкені көптеген тілде сөйлейтін ұлт пен ұлыстар қоныстанды. Қазіргі таңда Башқұртсан Ресей Федерациясының құрамындағы көп ұлтты мемлекет. Негізінен түркі тілдестер, башқұрттар, татарлар, чуваштар көп қоныстанған. Славян тілді ұлттардан орыстар, украиндар, белорустар бар. Ал фин-угор тілдік ортаны марийлер, удмурттар, және мордвалар құрайды. Сонымен қатар Башқұртстанда латын және неміс тілінің өкілдері де тұрады. Қазіргі таңда Башқұртстанда мемлекеттік орыс, башқұрт тілдерінен бөлек, татар, марий, чуваш, удмурт тілдері оқытылады. Бұларда басқа 8 тіл, мордва, украин, белорус, латыш, неміс тілдері дәстүрлі мектептерде пән ретінде оқытылса, ал армян, еврей, және поляк тілдері жексенбілік мектептерде оқытылады. Барлығы Республикада 14 тіл оқу тілі болып саналады. Ресей Федеациясының президенті В.В.Путин жұмыс бабымен келген бір спарында былай деді: «В Башкортостане, как в капле воды, отражается вся Россия с ёё многообразием культур, религий и национальностей». Дегенмен башқұрттардың ана тілін сақтау, оны дамыту ең өзекті мәселенің бірі юолып қалып отыр. 2009 жылы ЮНЕСКО тарпынан жарияланған «Атлас языков мира, находящихся в опасности» атты кітапқа башқұрт тілі еніп, «уязвимый»(осал, әлсіз) мәртебесін алды.

2010 жылы Башқұртстан мұғалімдерінің Х сьезінде Республиканың экс-президенті Муртаза Рахимов Башқұртстандағы білім беру ісінің дамуы мен бүгінгі жәй күйін айта келіп, ана тіл мәселесіне де тоқталды: «Не жағдай болса да біздің білім беру жүйесінің 14 ана тілі оқытылып жүрген өзіндік ерекшелігін сақтауымыз керек. Мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі орыс емес ұлт өкілдері ретінде ана тілін оқиды. Қалалалар мен аудан орталықтарында ұлттық гимназиялар мен лицейлерді сақтауымыз қажет және ана тілде сабақ беретін мұғалімдерді дайындау жүйесін жетілдіруіміз және дамытуымыз керек. Ана тілі-рухани құндылықтармен, өркениет, мәдениетпен, ата-баба жерімен адамдарды байланыстыратын ғажайып құбылыс. Тілдің құруымен түгел этностардың құрып кеткенін біз тарихтан жақсы білеміз. Ана тілі баланың сәби кезінен, бала бақшадан, одан кейін бастауыш сыныптардан міндетті оқытуды енгізуіміз керек. Балалар осындай жастарында тез үйренеді және ана тілі арқылы өз халқының дәстүрін, мінезін, жанын, әлемнің бейнесін оңай таниды, тез сіңіреді». Ана тіл –ұлттың негізгі белгісі. Карим Ишбаевтың «Башқұрт әдеби тілінің қоғамдық қызметін одан әрі дамытудың міндеттері» атты мақаласында башқұрт әдеби тілінің қазіргі жағдайы терең талданады. Автордың пікірінше, башқұрт тілінің қоғамдық қызметін жандандыру «Башқұртстан Республикасының халықтарының тілдерін дамыту және оқыту, сақтау туралы» Мемлекеттік бағдарламаны және «Башқұртстан Республикасы халықтарының тілдері туралы» заңды жүзеге асыру арқылы ғана жүзеге асады. Башқұртстан Республикасының Конституциясына және «Башқұртстан Республикасы халықтарының тілдері туралы» заңға сәйкес башқұрт тілі мектептерде міндетті түрде оқытлуы тиіс. Бұл заңның толық орындалуына көптеген кедергілер туындауда.

Башқұртстандағы тілдік жағдайға этномәдени, этносаяси факторлар әсер етіп отырғаны анық. Толерантты этносаралық байланыс титулды этностың, яғни башқұрттардың татар тілін және Ресей Федерациясының мемлекеттік тілін, орыс тілін жақсы игеруінен байқалады. Сонымен қатар башқұрт тілінің ресми салаларда шет қақпай қалуы да жоқ емес.

Орыс тілі мемлекеттік тіл және ана тіл ретінде Башқұртстанда әлеуметтік өмірдің барлық саласында нық тұр. Оны әрбір тұрғын жақсы біледі. Ал екінші мемлекеттік тілдің – башқұрт тілінің жағдайы мектептер мен басқа да оқу орындарында оқытқанына қарамастан, кісі қуанатын жағдайда емес. Дегенмен башқұрт тілінің мемлекеттік мәртебесі оны білу қажеттілігін білдіреді. Соңғы кезде Республикада орыс тілді мектептер үшін башқұрт тілінің оқу құралдары, оқулықтары, оқу-әдістемелік құралдары шығып жатыр.

Республикада башқұрт тілін мектептерде оқыту мәселесі соңғы кездері дау-дамайдың көзі болып отыр. Сонымен 2013-2014 оқу жылы башқұрт тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық төртінші-оныншы сыныптарда аптасына бір, екі сағат көлемінде оқытылады. Ал екінші, үшінші, оныншы және он бірінші сыныптарда оқушылар мен ата-анадардың пікірін ескере отырып, мектептің таңдауы бойынша оқытылады»,–деп Білім Министрлігі түйіндеді.

Сонымен қатар Башқұрт Республикасындағы түйткілді мәселе татар тілді башқұрттар болып отырғаны шындық. Бұлардың башқұрт тілін, ана тілін оқуға деген құлқы байқалмайды. Батыс башқұрттарының Құрылтайы Башқұртстан орыстары Соборының башқұрт тілін ерікті оқыту керек деген ұсынысын қолдайды.

Қоғамдық ұйым «Башқұртстан Қоғамдық палатасы» да башқұрт тілін және басқа да ана тілдерді оқыту мәселесіне өз пікірін білдірді. БҚП төрағасы Рамиль Бигнов: «Республикада келісімге келу үшін мемлекеттік органдарды қоса отырып, барлық мүдделі жақтардың қатысуымен тіл мәселесін ашық талдауымыз керек. Басқа тілді адамдардың құқығына еш нұқсан келтірместен, әркім өз ана тілін қорғауға міндетті. Бұл әмбебап ереже. Сонымен қатар республикада екі мемлекеттік тіл, орыс және башқұрт тілі екені даусыз. Қай тілді қолдану немесе қолданбау қажеттіліктен туындайды. Ал ана тілді сақтау бірінші кезекте отбасына тиесілі. Жауапкершіліктің бәрін мемлекетке аудару дұрыс емес»,– деп пікірін білдірді.

Қазіргі Башқұртстан зиялы қауымын ортақ бірлікке шақырған қоғамдық пікірлер де бар. Мәселен: «Тілдік орта» деген түсінік бар. Егер сіз тұрғындардың 90 пайызы бір тілде сөйлейтін жерде тұрсаңыз онда сол тілді игеруге мәжбүрсіз. «Тілді игеруге қажеттілік» деген түсінік тұрғысынан келетін болсақ, интернет тілі, халықарлық тіл ағылшын тілін үйренеміз. «Мемлекеттік тілдерді игеру қажеттілігі» деген түсінік бар. Бірақ ол адамның өз таңдауынан туындауы керек. Әсіресе мемлекеттік органдарда жұмыс жасап, әр түрлі деңгейдегі депутат болғысы келетін адамдар сол териториядағы тұрғындардың тілінде сөйлеп, қызметтік міндетін атқаруы қажет. Әр түрлі тілдердің өмір сүруі мен дамуына әмбебап принцептер мен ережелер бар. Башқұртстан тұрғындары тілдер мәртебесі туралы аяқсыз пікірталастарды тоқтатып, мемлекеттің дамуы үшін ортақ мәмілеге келуі қажет».

Қорыта айтқанда, түркі тілдерінңң асыл бір бұтағы башқұрт тілі тағдырдың тар жол тайғақ кешулерінен аман өтіп, керемет әдеби тіл болып қалыптасты. Әлем әдебиетіне небір жауһар дүниелер қосты. Мемлекеттік мәртебесі де бекітілді. Бірақ башқұрт тілі үшін, ана тілі үшін күрес әлі аяқталған жоқ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   71   72   73   74   75   76   77   78   79




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет