Әдебиеттік оқу
Пән – бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды, яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие,рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді.
Пәннің мақсаты – дұрыс, мәнерлеп және шапшаң оқуды меңгерту, оқушыны шығарма авторының көзқарасын түсінуге жетелеу және мәтінді қабылдаушы оқырман ретінде тәрбиелеу, көркем-шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, сөз өнеріне деген қызығушылығы мен эстетикалық талғамын қалыптастыру, сөйлеу әрекетінің барлық түрін жетілдіру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық пен рухани-адамгершілік тәрбие беру.
Пәннің міндеттері:
оқу сапасын (дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп) жетілдіру;
ауыз әдебиетінің жанрларымен, отандық және әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерімен таныстыру;
ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармаларының басты тақырыбын, басты кейіпкерлерін және негізгі мазмұнын айқындау;
талданып отырған мәтіннің жанрлық сипатын анықтау;
әдеби-теориялық білім негіздерін қалыптастыру;
адамгершілік және эстетикалық құндылықтар жүйесі негіздерін қалыптастыру;
оқылған шығарма сюжеті ізімен немесе еркін тақырыпта әртүрлі әдеби шығармашылық жұмыс түрлерін (өлең, әңгіме құрастыру, мәтінді сахналау, мәтін бойынша сурет салу, мақала жазу, шағын үзіндіге сценарий жазу т.б.) орындауға машықтандыру;
әдеби функционалдық сауаттылыққа баулу және әдеби тілде еркін сөйлеуді меңгерту;
тұлғалық оқырмандық мәдениетін қалыптастыруда ана тілінде ауызша және жазбаша дұрыс сөйлеу, өз ойын анық (тіл байлығын арттыра отырып), нақты баяндау білігі мен дағдысын қалыптастыру;
кітапжәне анықтамалықтармен, библиографиялық әдебиеттер және сөздіктермен жұмыс істей білуге дағдыландыру.
Әр тоқсан бойынша екі үлкен тараудан топтастырылған материалдарды оқыту көзделген. Әр бөлімге бөлінген сағаттар санында ауызша және жазбаша тіл дамыту, қайталау сабақтары қоса есептеледі.
Пәнді оқыту ерекшелігі . «Әдебиеттік оқу» пәні мазмұныны ауыз, жазба, балалар әдебиеті үлгілерін, жазушылар өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қысқаша мәліметтерді, ғылыми-танымдық шығармаларды оқытып үйретеді. Мақала, естелік, өмірбаян туралы түсінік қалыптастырады. Әдеби-теориялық білімдерді игертеді. Монолог, диалог құруға дағдыландырады. Мәтінмен жұмыста шығарма атауын, оның мазмұны мен басты идеясымен байланысын түсінуге үйретіледі.
Пән баланың көркем сөзді түсінуінде «сезімдік» саналарын пайдалану, яғни «сезімге әсер еткен шығарма ғана түсінікті болады» идеясы басшылыққа алынып, мәтінді түсінуде музыка, көркемөнер, сурет туындыларының мүмкіндіктерін пайдалану алдыңғы орынға қойылды.
2-сыныптағы оқытудың басты міндеті - баланы оқуға төселдіру үшін оның жанына жақын, танымына сай ұлттық құндылықтардарды үйрету.
Қазіргі кезде барлық ақпарат құралдарында адамгершілік құндылықтар азайып, қатігездік белең алып отырғаны жаппай жазылып та, айтылып жатқаны белгілі. Әсіресе сондай жат қылықтардың бірегейі - қазақ отбасындағы балалардың ата-анасына деген мейірімділігі азайып, қарттар үйіндегі қазақ аталары мен апаларының санының артуы - дұрыс шешімін табуы тиісті әлеуметтік маңызды мәселе. Осындай күрделі істе оқулықтың, соның ішінде көркем сөздің құдіретін пайдалануға мүмкіндік беретін «Әдебиеттік оқу» пәніндегі көркем шығармалардың мәні өте күшті тәрбие құралы екендігін ескерілген. «Адам болам десеңіз» жалпы бөлімнен басқа жастайынан балалардың бойына ата-анасына, үлкендерге мейірімділік, қамқорлық көрсету мақсатында арнайы «Қадірлі әкелерім, мейірімді аналарым» атты бөлім қосылды.
2-3-сыныпта маусымдық-тақырыптық ұстаным басшылыққа алынатыны себепті маусымдық материалдардың дер кезінде оқылуы, мәтіндегі оқиғалардың оқушының көз алдында өтіп жатуы тиістігі ескеріліп, оқу күз айында басталатынына орай «Білім керек бәріне», қыс мезгілінің материалдары «Қыста талай қызық бар», көктем, жаз айлары келбеттері «Туған өлке табиғатын қастерлейік» деген атаулармен берілді.
«Әдебиеттік оқу» пәні 4-сыныпта оқушыны жоғарғы сыныптардағы «Әдебиеттің» жүйелі курсын меңгеруге дайындауға, әдеби сауаттандыруға, сөз өнері құралдары арқылы мәдени дамытуға баса көңіл бөлінеді. Бұл материалдарды оқытуда 4-сыныпта жанрлық-хронологиялық ұстаным басшылыққа алынып, қазақ балалар әдебиеті тұтас бітімінің қысқа нұсқасы ұсынылады.
Әр тоқсан бойынша екі үлкен тараудан топтастырылған материалдарды оқыту көзделген. Әр бөлімге бөлінген сағаттар санында ауызша және жазбаша тіл дамыту, қайталау сабақтары қоса есептеледі.
Бастауыш сыныпта оқушысының дайындық деңгейіне келесі талаптар қойылады:
2-сыныпта көлемі 150-200 сөзден тұратын мәтін мазмұнын толық, қысқаша және жоспар бойынша таңдау мен әңгімелеуді; халық ауыз әдебиет үлгілерін және 2-3 өтірік өлеңді, 10-15 мақал-мәтел мен жұмбақ, жаңылтпашты жатқа айтуды; 2-3 өлеңді жатқа айтуды. 25-30 сөзден тұратын мазмұндама мен шығарма жазуды; 2-сыныптың бірінші жарты жылдығында минутына сөздер мен тыныс белгілерін қоса есептегенде 40-45 сөз, екінші жарты жылдықта – 50-55 сөз оқуы қажет.
3-сыныпта көлемі 200-250 сөзден тұратын мәтін мазмұнын толық, қысқаша және жоспар бойынша таңдау және әңгімелеуді; халық ауыз әдебиет үлгілерін және 3-4 өтірік өлеңді, 4–5 өлеңді жатқа айтуды; 15-20 мақал-мәтел мен жұмбақ, жаңылтпашты жатқа айтуды; 30-35 сөзден тұратын мазмұндама мен шығарма жазуды; 3-сыныптың бірінші жарты жылдығында минутына сөздер мен тыныс белгілерін қоса есептегенде 55-60 сөз, екінші жарты жылдықта – 60-65 сөз оқуды қажет.
4-сыныпта көркем шығармадан алған әсерін 8-10 сөйлеммен жазбаша түрде орындауды; 40-45 сөзден тұратын мазмұндама мен шығарма жазуды;
4-сыныптың бірінші жарты жылдығында минутына сөздер мен тыныс белгілерін қоса есептегенде 65-70 сөз, екінші жарты жылдықта – 70-80 сөз оқуықажет.
«Әдебиеттік оқу» пәні 2-4-сыныптарда аптасына 4 сағаттан оқытылып, оқу жылы көлемінде әр сыныпта 136 сағатты құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |