“Айқап” журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтар айынан бастап шыға бастаған. Оның шығарушысы, редакторы – демократ ақын, жазушы М.Сералин еді. Ол журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пай жинап жүріп шығарады. Ақыры оның еңбегі ақталып, біраз уақыттан соң оған жәрдем берушілер табылды, көп ұзамай-ақ журнал өз қаржысымен шыға бастады. Солай бола тұра қаржының тапшылығынан ол алғашқы жылы айына бір рет, шағын көлеммен жарық көрді.
Жәрдем берушілер көбейіп және өзі де қор жинаған соң, яғни 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен 12-24 бет көлемінде жарияланды.
“Айқап” әр материалдың мазмұны мен тақырыбына жете көңіл бөліп отырды. Бірінші бетіне елдің ішкі өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде “Ашық хат” деген айдармен оқырмандар хаттарын жариялаған. Жер, сьезд, сайлау т.б. мәселелер көтерген мақалалар журналдың ортаңғы беттерінде орналасқан. Ал “фельетон”, “хабарлар” айдарымен берілген материалдар, көңіл айтулар, жаңа кітаптар туралы рецензияларды журналдың соңғы беттерінен оқуға болатын.
“Айқаптың”, “Ашық хат”, “Басқармадан жауап” деп аталған тұрақты айдарларының болуы оның жұмысындағы ұқыптылықты, жүйелілікті танытады. Журналдың безендіру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
“Айқап” өз кезі үшін үздік журнал болды. Оның әр санын жұрттар асыға күтті.
“Айқап” және оның редакторы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселенің ең бастысы – жер мәселесі екенін жақсы түсінген. Осы мәселеге қатысты көптеген материалдар жарияланған. Елге отырықшылық өмірге көшу, ауыл, қала салу, егіншілікпен айналысу жөнінде пайдалы кеңестер беріп отырған. (Ж.Нұсқабайұлы, Қ.Аллаберген. “Көне басылымдар. Құнды деректер Аяулы есімдер”, А., 1997, 21-24 б.б.)
Тапсырмалар:
1. Мәтін бойынша жоспар құрыңыз
2. Мәтіннен мамандығыңызға қатысты терминдерді табыңыз.
3. Мәтіннің мазмұнын баяндаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |