5. Мәтінді оқыңыз.
Орта ғасырдағы Шығыстың данышпан ғалымы Ибн-Сина 980 жылы 16 тамызда Бұхараға жақын жердегі Абшан ауылында туған.
Х ғасырда Бұхара Мауераннахрдың саяси орталығы болып саналған. Барлық шығыс елдерінен қайраткерлер келетіндіктен, бұл қалада ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер кеңінен дамыған.
Ибн-Синаның әкесі қаладағы атақты адамдардың бірі болған. Оның екі ұлы бар еді: Хусейн (Ибн-Сина) және Махмуд. 968 жылы Бұқараға көшкеннен кейін Хусейнді оқуға береді. Бұл кезде есейе түскен ол математиканы игере бастайды. Хусейннің қабілетін байқаған ұстаздары әкесінен ұлыңыз оқудан қол үзбесін деп өтінеді. 15-16 жасар Ибн-Сина сол уақыттағы барлық ғылым негіздерін меңгереді. Оның философиялық көзқарасының қалыптасуына Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері әсер етеді. Жаратылыстану ғылымын, логиканы, математиканы және философия мен теологияны жете түсінген Ибн-Сина медицинаны да оқып-біліп, іс жүзінде айналыса бастайды.
17-18 жасында-ақ Ибн-Сина кемеліне келген ғалым ретінде қалыптасады. Жас та болса өзін толық танытқан талант математикадан басқа ғылымдар жөнінде “Китаб ал-Ман Әжму” немесе “Әл-Арузия” деген еңбектер жазады. Артынша этика туралы “Ал-бир уа-л исм” және философияға қатысты “Әл-Хасил уа -л Махсул” деген еңбек жазады. Ибн-Сина Хорезмнің астанасы Гурганжда тұрғанда “Мамуни Академиясы” ғалымдарының небір саңлақтары оны өз тобына қосып, құшақ жая қарсы алады. Гурганжда оның “Дәрігерлік ғылым қағидалары”, “Логика кітабы”, “Аралау мен оралу”, “Жалпы бақылау кітаптары” деген еңбектері жазылады.
Исфахан дәуірі (1023-1037) Ибн-Синаның өмірінде елеулі орын алады. Мұнда ол “Сауығу” және “Дәрігерлік ғылым қағидалары” еңбектерін аяқтайды. Астрономия саласына да баса назар аударады. Сондай-ақ логика, математика, физика, поэтика, музыка мәселелерімен де айналысады. Оның жан-жақты білімдарлығы ғылымның барлық саласын қамтып жатты.
Исфаханда Ибн-Синаның Ала-ад-Даулге арналған “Даниш-Намэ” деген философиялық энциклопедиясы дүниеге келеді. Мұны өзінің ұлттық тәжік тілінде жазады.
Ибн-Сина бүкіл адамзатқа үлкен байлық қалдырды. Оның 456 шығармасының ішінде 18 томдық “Нұсқау мен ереже” деген соңғы еңбегі шығыс философиясына қатысты болса керек. 40-қа жуық жұмыстары медицинаға арналған. Әсіресе “Дәрігерлік ғылым қағидалары”, “Жүрек дауасы”, “Тамыр ұстау” сияқты құнды дүниелерінің маңызы зор.
(А.Асқаров)
Достарыңызбен бөлісу: |