Оқу құралы Шымкент -2022



бет37/43
Дата27.01.2023
өлшемі182,05 Kb.
#63378
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   43
Байланысты:
МОЛДАБЕК Қ дентология

Халық шығармашылығының таңдаулы үлгілері болашақ мұғалім-ұстазды тәрбиелеудің басты құралына, әдіс-тәсіліне айналды, олар болашақ мамандардың ақыл-ойын, тілін ұштап, дүниетанымын, ұлттық сезімін, еңбекке дұрыс көзқарасын, көркемдік-эстетикалық талғамын қалыптастырып жетілдіреді, әсемдік әлемінің сырын ұқтырады.
Ата-бабаларымыз сөзге, оның мағынасына терең мән берген. Сондықтан қазақ халқының ауызекі поэтикалық шығармашылығы – мол қазына, тәлімдік-тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, көп буын қолданып келе жатқан даңғыл жол. Олардың қайсысының болсын педагог тұлғасын қалыптастыру ісіне берері мол. Оның ішінде мақал-мәтел, өсиет сөздер, айтыс өнері, шешендік сөздер.
Ауыз әдебиетінің бір саласы мақал-мәтелді тілге тиек етер болсақ, оның мұғалімнің жеке тұлғасын қалыптастырудағы тәлім-тәрбиелік мәні ерекше. Мақал-мәтел халықтың өмір заңдылығын, тұрмыс-тіршілік қалпын баяндайтын көркем шежіре іспеттес. Олар қоғам өміріндегі әлеуметтік құбылыстарды, адамның мінез-құлқын таныта отырып, терең ғибрат, үлгі-өнеге ұсынады. Әсіресе, ұстаздың адамгершілік мен ары турасында айтылған інжу-маржан сөздері жеткілікті, тарихы талай ғасырға тереңдейтін асыл мұра болашақ мұғалімді оқу-білімге шақырып, оларды адамгершілікке, кішіпейілділікке, парыздылыққа баулып, адалдыққа уағыздайды. Мысалы: «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай көп сөйлесең, көрсетер бір өнер», «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар», «Айқайлы күшіңмен емес, тындырымды ісіңмен таныл», «Адамдықтың нұры бол, адалдықтың құлы бол», «Жаным – арымның садағасы», «Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте…», «Ұлық болсаң, кішік бол», «Азамат туы ар болар, әділдік соған нәр болар», «Ана алдында аласа бол, ар алдында биік бол», «Ар-намыс – адамның ішкі сезімі және абыройды қорғайтын құралы», «Ережеден өнеге артық» т.б.
Көлемі қысқа, мазмұны нұсқа, мағынасы терең, тілі көркем философиялық мәні бар осынау даналық пайымдаулардың кез-келгені мұғалімдерді ұлағатты тәрбиеге, ізгі жолға жетелеп, адамгершілікке, төзімділікке, парасаттылыққа баулитыны күмәнсіз. «Елдің келешегі ұстаздың қолында», «Ұлылардың бәрі де ұстаз» т.б. мысалға алынған мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің мол қазынасының бір шетінен шертіп алғанымыз ғана. Айтар ойы мен мазмұны жоғарыдағыдай қанатты сөздер халқымыздың рухани мұрасында шексіз десек қателеспейміз. Солардың барлығы дерлік, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей педагогикалық деонтологияға талаптарына сай келеді. Мақал-мәтелдер – ұлы адамдардың ұраны, тәрбие қағидасы, атаның артында ізбасарларына қалдырған өнегелі өсиеті, олар халқымыздың бүкіл тыныс-тіршілігінің барлық жақтарын қамти отырып, адамгершілік, имандылық, еңбек, дене, ақыл-ой,
эстетикалық тәрбиелердің мазмұнын, тәрбие мақсатын, әдіс-тәсілдерін, амал-жолдарын ашып көрсете алған.
Айтыс – халық фольклорында кең тараған жанрдың бірі. «Айтыс» - сөз айтысу сөз жарысы деген пікірді білдіреді. Қашанда шешендігімен, суырып салма ақындығымен ерекшеленген қазақ халқында айтыс өнері барынша дамып, көркемдіктің шыңына жеткен деуге болады. Айтыс жанры бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтсақ: әдет-ғұрып айтысы, жұмбақ айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы т.б. Айтыстың қай түрін алып қарасақ та, одан халқымыздың музыкалық дарындылығы, қиыннан қиыстырар шеберлігі, тапқырлығы, ой-арманы, мақсат-мүддесі, туған жерге, халқына, оның өнеріне деген сүйіспеншілік сезімі айқын танылады. Айтыс өнері болашақ мұғалім-маманның білімін, ой-өрісін шыңдап, тілін ұштайды, сөйлеу тілінің мәдениеттілігін, сапалық көрсеткіштері мен техникасын арттырады. Айтыс өнері болашақ мұғалім тұлғасының деонтологиялық дайындығының барлық талаптарына қатысты. өйткені ол оның қызмет барысында ұтқыр сөз тауып, қисынды ой айтуға жетелейді. Болашақ мұғалімнің сөйлеу мәнері кәсіби шеберлігінің, педагогикалық іс-әрекетінің өте маңызды құралына айналуына жағдай жасайды.
Ғылымда сөзді ретімен айтып, оны өзгелерге таныта білген, суырып салма ақыл-ой кемеңгерлерін «шешен», ал олардың өнерін «шешендік» деп атаған. Тарихта Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би, Жиренше есімдері шешендік өнерімен белгілі. Олардың бәріне тән қасиет – жағдайды дұрыс түсініп, асықпай кішкене нәрсеге де мән бере қарау, көңілге қонымды сөздерді таңдап алып, өзгелерге ықпал ету, білім беру. «Кімде-кім өзінің сөзімен тыңдаушыларына әрі білім берсе, әрі көңілін көтерсе, әрі оларға жағымды әсер етсе, жақсы шешен – сол. Білім беру – шешеннің міндеті», - деп жазды М.В. Ломоносов. Шешендік өнердің тағылымдық мүмкіндіктерін жиып-теріп оны мұғалім тәрбиесінде пайдалану болашақ маманның рухани-мәдени қуатын арттырып, байыта түседі деп ой түйеміз.
«Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаны қайсы!» демекші, заманалар тәжірибесінен сұрыпталған тұжырымдар кейінгі ұрпаққа көздің қарашығындай аса қымбат болғаны да, болатыны да осыдан.
Қазақ фольклорының маман-ұстаз тәрбиесінде тәлімдік-тағылымдық зор маңызға ие көркемде құнды саласының бірі – эпостық шығармалар. Халық өмірінің тарихи даму кезеңдерінде түрлі оқиғалар мен жағдайларға байланысты туындап отырған эпостық шығармалар сан алуан тақырыпты қамтиды. Мәселен, қазақ эпосының бірі ел қорғау, отаншылдық сарынға құрылып, ерлікті, батырлықты дәріптесе, енді бірі феодалдық дәуірдегі әйел теңсіздігін арқау етіп, сүйіспеншілік сезімін жырлайды, өмірде болған нақты тарихи оқиғаларды баяндайды. Еңбекті сүю, ата-ананы қадірлеу, адамгершілік, батылдық, мейірбандылық, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсету, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік т.б. эпостық шығармалардың идеясы саналады. Мысалы: Саққұлақ би өсиет сөздері - соның айғағы:
Адамның басшысы - ақыл.
Жолдасы – кәсіп.
Білім – таусылмайтын кен.
Қорғаны – сабыр.
Қорғаушысы – мінез.
Жетекшісі – талап.
Шолғыншысы – ой.
Эпостық жырларда суреттелген түрлі оқиғалар, адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынастар, халықтың игі салт-дәстүрлері болашақ мұғалімдерді өз халқының өткен тұрмыс-тіршілігімен таныстырып қана қоймай, сөз қадірін білуге үйретеді, философиялық, данышпандық ой мен өткір сөздің мән-мағынасын сезініп, терең ойлауға, дер кезінде дұрыс шешім қабылдауға құлшындырады, ой қисындарын кеңейтіп, шыншылдыққа, елін сүйіп еңбек етуге үйретеді.
Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің түрлері де ұрпақ тәрбиесінің жетекші құралы болды. Қолданбалы өнерге тән ерекшеліктер – айналадағы ортамен, өнермен, еңбекпен тығыз байланыста болуы. Қолданбалы өнердің әлеуметтік-тәрбиелік ролі тек оның туындыларының өзіндік көркемдік, эстетикалық құндылығымен ғана бағаланбайды, сонымен қатар адамдардың өз заманына сай талғамын білдіруінен, өткендегі мәдениетпен, ұлттық дәстүрлермен сабақтастығын көрсетеді. Халық өнерінің туындылары, дәстүрлі бейнелеу өнерінің түрлері болашақ мұғалімнің көркемдік-эстетикалық сезімінің қалыптасуына, көркем өнерге деген түсінігі мен талғамның дамуына мүмкіндік туғызады.
Халық білімді, қолөнер саласын жетік меңгерген, эстетикалық талғамы жоғары, «өнеріне қарай - өрнегі» байқалып тұратын шебер адамды «бармағынан бал тамған» деп жоғары бағалаған. Оларды өздерінің ұл, қыздарына үлгі-өнеге етіп, мұндай жетістікке адам тек қолөнер кәсібінің құпиясын, қыр-сырын меңгергенде ғана жететінін ескерткен. Міне, сондықтан да сәндік-қолданбалы өнердің эстетикалық мәнін түсінуді, оның көркемдік қызметін бағалай білуді үйретудің болашақ педагог мамандарды мәдениетке, еңбекке, іскерлікке, адамдармен қарам-қатынас жасай білуге бағдарлау мүмкіндігі зор.
Атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақ халқының музыкалық шығармашылығы да болашақ мұғалімнің парыздылық сана-сезімін қалыптастырудың құралы бола алады. Ғасырлар сынынан талмай өтіп, бүгінгі күнге жеткен асыл мұрамыздың бірі халқымыздың ән-күйлері. Халқымыз жақсы ән мен тәтті күйді жан азығы ретінде ерекше ардақтаған. Көрнекті музыка зерттеушісі Б.В. Асафьев халқымыздың музыка шығармашылығына үлкен құрметпен қарап, «Қазақтың аса бай ән-күйі шындықты көркем бейнелеуде шынайы нәзік сипатымен, саф алтындай тазалығымен, өмірге құштар көтеріңкі лебімен және тіршілікпен қатар жататын шынайылығымен ерекшеленеді. Халық жаратылысын ерекше асқақ адамгершілікпен толғаған, терең философиялық синтезге толы бұл шығармалар адамды ерекше әсерге бөлейді», - деп баға берген болатын
Музыка – қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы. Ол болашақ мұғалімнің эстетикалық талғамын, эстетикалық идеалын қалыптастырады, болмыстағы құбылыстар мен өнер туындыларындағы әсемдікті саналы түрде қабылдай білуге үйретеді және өзіндік шығарымпаздық қабілеттерін дамытады, халық ән-күйлерінің қайсысы болмасын болашақ ұстаз тәрбиесіне үлкен маңызға ие, олар адамның көңіл-күйіне, сезіміне әсер етіп, әдептілікке, ынтымақ-бірлікке, достыққа, төзімділікке, табандылыққа, үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқор болуға жағдай туғызады. Сол сияқты, қоршаған орта, адамдардың іс-әрекеттері, мінез-бітімі, көңіл күйі, батырдың ерлігі, шешеннің тапқырлығы, тарихи уақиғалар арқау болған күйлер де болашақ ұстаздарға халқымыздың өткен тарихынан мол мағлұматтар берерлік шежіре іспеттес.
Халық педагогикасы құралдарының басым бөлігін құрайтын саланың бірі – салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар. Бұл ұғымдарға философиялық сөздікте: «Әдет-ғұрып – белгілі бір жағдайларға байланысты қайталанып отыратын үйреншікті мінез-құлықты іс-қимылдары. Әдет-ғұрыптарға көпшілікке ортақ еңбек ету әдістері, тұрмысқа және отбасына байланысты адамдар арақатынасының сол қоғамда кең тараған түрлері, дипломатиялық және діни салттар, тайпа, тап, халық өмірінің ерекшеліктерін бейнелейтін және түрліше қайталанып отыратын іс-әрекеттер жатады» ал, «Дәстүр – тарих барысында қалыптасып атадан-балаға жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік, мінез-құлық қалыптары және т.б., қоғамдық, ұлттық немесе жекелеген әлеуметтік-мәдени мұра элементтері» деп анықтама берілген. Демек, салт-дәстүр әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Ол ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесінде рухани байлық, тағылым өнеге тәжірибесін құраған. Салтқа жататындар: бесікке салу, қырқынан шығару, құрсақ шашу, босаға майлау, бастаңғы, әмеңгерлік, қалау, көрімдік, келін түсіру, айт, жарапазан, қазаншегелеу, жиенқұрық, ерулік, айырылысар көже, құйрық-бауыр, қызойнақ, енші т.б.
Дәстүр – рухани іс-әрекет көрінісі, бұған жататындар: шек беру, ас беру, құран оқу, топырақ салу, киім беру, жаназа, көрісу, жоқтау, естірту, ілу, жұмалық, айттық, қымызмұрындық, қол ұшын беру, наурызкөже, төркіндеу, сыбаға, сәлемдеме, сәлем беру, сарқыт, саумалық, қонақасы, кәде, жылу, жыртыс, аманат, ат тергеу, үй көрсету, киіт, селт еткізер, асату, базарлық, сірге жияр, байғазы, қалжа т.б. Осы салт-дәстүрлердің кейбіріне тоқтала кетсек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет