Оқу құралы Шымкент -2022
МОЛДАБЕК Қ дентология
Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру ісіне ақын-жыраулардың өнегелілік-тағылымдық қырлары көп. Жыраулар поэзиясының өріс алған кезеңі XV-XVIII ғасырлар болды. Олар әлеуметтік мәні зор ел тағдырын шешер ірі оқиғалар мен аса мәнді көкейкесті мәселелер жайында толғаған. Халық өзгелерден гөрі қайғырғанда демеп, қуанта қанат бітіріп, ақыл қосатын асыл сөз иесі жырауларды қатты қадірлеген. Сан ғасыр сынынан өтіп, халық көкірегінде жатталып, жыраудан жыршыға ұласып, біздің дәуірімізге жеткен сұңғыла сөз зергерлері Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар, Шал сияқты ақын жыраулар болды. Жырау шығармалары, әдетте, нақыл қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар түрінде келеді. Толғауларды жырау өзінің өмір жолынан түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды. Олар ізгілік пен инабаттылықты дәріптеген. Этика хақында да өшпес елеулі еңбектер қалдырған. Ал бұл еңбектерінің бүгінгі таңдағы маңыздылығы соншалықты әрбір азаматтың өзін-өзі жақсы, ұнамды жағынан көрсетуіне инабатты болуына, жақсылыққа, адамгершіліктің асыл қасиеттеріне баули білуіне қосар үлесі мол. Яғни, біздің этикамыз дамымай, моральды тұрғыдан жоғарыламай, біздің мәдениетіміздің өркендеуі, ұлттық дүниетанымымыздың қалыптасуы, жоғары сатыға көтерілуі мүмкін емес. Ш. Уәлиханов «көшпенділер философы» атаған Асан Қайғының есімі қазақ елінің қай түкпірінде болмасын мәлім. Асан айтқан нақыл сөз, толғау жырлар өте көп болған. Асан атымен айтылып, халық арасына тараған нақыл сөздер мен толғау-жырлар қазақ халқының рухани тілегімен байланысты. Оған мына өлең жолдары айғақ: Мінезі жаман адамға, Енді қайтіп жуыспа. Тәуір көрер кісіңмен Жалған айтып суыспа, – деп адамды бойындағы қасиетіне қарай бағалай, құрметтей біл, ал жаманнан іргеңді ала қаш, - дегендей пікірлер айтады. Ауылдағы жамандар, Ел қадірін не білсін. Көшіп-қонып көрмеген Жер қадірін не білсін, Көшсе, қона білмеген, Қонса, көше білмеген, Ақылына көнбеген Жұрт қадірін не білсін! – осы сияқты нақыл сөздері кейінгіге үлгі-өнеге болғандығы ақын-жыраулардың, шешен-билердің бізге жеткен рухани мұраларынан айқын аңғарылады. Асан Қайғының айтқандарының барлығы да халық игілігіне айналған, қазақтың келер ұрпақтары үшін тағылымдық-тәлімдік маңызы айрықша болған үлгілік-өнегелік сөздер, қазақтың ұлттық ар іліміне арқау боларлықтай этикалық ұғымдар, қағидалар жүйесі. Асан Қайғымен тұстас жыр алыбы – Шалкиіздің өткір толғауларынан көне заман таңбасы түз тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады. Оның «Шағырмақ бұлт жай тастар» деп басталатын толғауы негізінен моральдық, этикалық сипаттағы ғибрат сөздер. Онда Шалкиіз жұртты әділдік пен жақсылыққа үндеп, барша жамандықтан аулақ болуды нақыл сөздермен термелейді: Шағырмақ бұлт жай тастар, Ағытқан қойды жол бастар, Ақ желкенді жел бастар, Әділ төре ел бастар, Батыр жігіт қол бастар, Шешен адам сөз бастар - деген өлең жолдары бастан-аяқ өнегелі ақыл, өсиет, ғибрат сөздерден тұрады. Имандылық, адамгершілік, жақсы-жаман, сараңдық, мырзалық, достық-қастық туралы этикалық сипаттағы нақыл өсиеттер Шалкиіз шығармаларының өзегі десе болады. Жыраудың пайымдауынша, адамның адамдық қасиеті оның ата тегінде, қоғамдағы орнында емес, жеке басының жақсылы, жаманды сипатында. Жырау туғызған нақыл сөздердің талайы мақал-мәтелге айналып, Шалкиіз сөзі ретінде емес, ата-баба мұрасы – халық мақалы ретінде жұртшылық санасына сіңісті болып кетті. Әркімге таныс «ақылсыз достан ақылды дұшпан артық», «жаманнан туған жақсы бар, адам айтса нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар, бір аяқ асқа алғысыз», «жақсылардың өзі өлсе де сөзі өлмейді» сияқты мақалдар алғашқыда Шалкиіз аузынан тараған еді. Шалкиіз шығармалары өзінен соңғы ұрпақ санасында елеулі әсер қалдырды. Төрт ғасыр бойына ақын-жыраулар оның афоризмдерін азық етті де, өлең өлшемін үлгі ретінде ұстады. Әрі жырау, әрі қолбасшы батыр – Ақтамберді шығармалары негізінен нақыл, жыр-толғауларға толы келеді. Ақтамберді жырлары көшпенді қазақтардың ой арманына, мақсат-мүддесінен елес береді. Жыраудың кейбір толғауларынан халқымыздың мінез-құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарасы айқын аңғарылады. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі қадірлеуінен, әсіресе, баланың әке-шешеге ерекше құрметпен қарауынан көрінеді. Осындай ұлағатты моральді ойға қазық, тілге тиек ете отырып, көпті көрген көне жырау: Меккені іздеп нетесің, Меккеге қашан жетесің. Әзір Мекке алдыңда, Пейіліңмен сыйласаң Атаң менен анаңды! – деп ата-анаға көрсеткен сый-құрметінің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ой қорытады. Қарт ата-ана мен әке-шешені сыйлау қай халықтың болмасын ежелгі тарихи дәстүрі болған. Ғасырлар бойы халық қастерлеп келген осы жаңа дәстүрді Ақтамбердінің қошамет тұтып, көтере жыр етуінің тәрбиелік мәні бүгін де жойылған жоқ. «Жақсыда жаттық жоқ», «Жақсының ісі көпке ортақ» деп ұққан жырау: Білімді қуған жақсылар Аз да болса көппен тең Жақсысы кеткен ауылдың Артынан жақсы шықпаса Өртеніп кеткен шөппен тең, - деп философиялық ой-топшылауын жасайды. Ақтамберді адам бойындағы асыл, жақсы қасиеттерді өлеңдерінің өзегі еткен. Ақын нақылдарының ішінде талай адамгершілік ақылдар, өмірдің өзінен ойып алған бейнелі өсиеттер, ұзақ өмір тәжірибесінен қорытқан тұспалдар көп. XVIII ғ. әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға – Бұқар жырау. Жыраудың толғаулары негізінен этикалық нақыл-өсиеттен құралған. Мысалы: Екі жақсы бас қосса, Санат емей немене, Қамшылатып жүгірген Шабан емей немене, Сұрағанда бермеген Сараң емей немене – деп толғайды Бұқар. Жырау толғауларының басым көпшілігін құрайтын насихат түріндегі толғауларында адамгершілік мәселелері – адамды ізгілікке, бауырмалдыққа, адалдыққа, әділдікке бағдар жасауына мүмкіндік туғызады. Келесі ақындар поэзиясының ең көрнекті өкілі – Шал ақын. Шал біршама діндар адам болған. Алайда Шал этикасында тәңірінің, діннің алатын орны шамалы-ақ. Ақынның түсінігіндегі жақсылық пен жамандық, рахым мен зұлымдық құдай атымен байланыса бермейді. Шал ақын моралі діни мораль емес, адамгершілік моралі. Жақсыны алыс, жаманды жақын деме Жақсы атансаң біреудің хақын жеме, Жақсымын деп момынның малын жесе, Жаман адам сол болар, мақұл деме. Бұл жерде зұлымдыққа жол бермеу, жамандықты бетке айту әр адамның парызы дейді ақын. Бәрі адамға байланысты деп ұғады Шал ақын. Сондықтан ол өз шығармаларында жақсылық қайдан шығады, жақсы адам дегеніміз кімдер, жамандық неден туады, жаман адамдар қандай деген мәселенің төңірегінде біраз сөз қозғайды. Уағыз түрінде жазылған өлеңдер, таза ақыл беру, үлгі айту тұрғысынан келетін шумақтар ақын шығармашылығында баршылық. Осылай Шал ақын жақсының шапағатын, жаманның кесапатын зерделеп, кейінгіге өнеге боларлық өсиет сөз қалдырған. Бабалар өлең өсиеттері арқылы дүние бөліктерін философиялық мәселе деңгейіне көтеріп, оған психологиялық түсінік береді. Олар дүние құбылыстарын тек түсіндіріп қана қоймай, сол процестердің адам өміріне тікелей байланысын ашады. Осы байланыстарды заң дәрежесіне көтеріп, оны этикалық салауатқа, мінез-құлық нормасына айналдырып отырады. Жалпы халықтық педагогика құралдарын, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, ақын-жыраулардың, ғұлама-ғалымдардың тағылымды мұраларын зерттеу олардың болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастырудағы мүмкіндіктерінің мол екендігіне қол жеткіздік. Қорыта айтқанда, XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген ақындар этика, мораль мәселелерін жоғары бағалай білген. Халықтың дүниетанымын, адамның мінез-құлық, табиғи ерекшеліктерін, моральдық қағидаларын бейнелейтін ақын-жырау туындылары аз сөзге көп мағына сыйғызған нақты ой тереңдігімен ойға қалдырады. Адам бойындағы асыл қасиеттердің барлығы жыраулар өлеңдерінің өзекті арқауы болған. Олардың этикалық нақыл-өсиет сөздері болашақ мұғалімдерді әдептілік, парыздылық, адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуге тигізетін әсері мол. Ұлттық қасиеттерімізді болашақ мұғалім бойына сіңіру қоғам игілігі үшін де маңызды. Халықтық педагогика – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ал ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді. Бірақ ол өндіріс және экономика сияқты «ғаламдастыруға» келмейді, өркениеттілікпен дамып, қалыптасады. «Адамға өткен дәуір бәрі – сабақ» дегендей, бабалар тәжірибесінен сұрыпталған ой-пікірлер кейінгі ұрпаққа аса қымбат. Олар болашақ мұғалімді қызмет барысында ізгі ұстанымдарға жүгінуге, өзін-өзі басқара білуге, өзін-өзі жетілдіре беруге т.б. кәсіби шеберлікке қажетті қасиеттерге жетелеуге бағытталған. Педагог тұлғасының сипаттамасы бірнеше сапалық қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Бұл сапалық белгілер тұрақты түрде дәлелденуі тиіс. Біз, өз пайымдауымызша, болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын халықтық педагогика құралдары арқылы тәрбиелеудің мүмкіндіктерін мынадай ретпен ашып көрсетуге тырыстық: жүктеу/скачать 182,05 Kb. Достарыңызбен бөлісу: |