11. Көтерілістің жеңілу себептері мен салдары, тарихи маңызы. Таныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойған болатын. Соңғы шайқас қарсаңында өткізілген әскери кеңесте Кенесары ханның серіктері қоршауды бұзып өтіп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бірақ хан ол ұсыныстан біржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзі қашып құтылуды ар санады.
Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары 30-дан астам сұлтанымен және азғана сарбазымен күші басым қарсыласымен ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптарының бас қосқан жиынында қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлім жазасына кесу ұйғарылды. Тұтқындағы хан манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады.
Кенесары мен оның інісі Наурызбай Қасымұлы осылай қаза тапты. Ресей зерттеушісі Л. Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары(Орта жүз қазақтары. - авт.) көмекке келіп жетер деген үмітте болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойьт үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандарымен бірге тұтқынға алынды және азапты ауыр жазаның салдарынан қаза тапты». Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрі де патша үкіметінің наградаларымен марапатталды. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы «Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды.
Әкесі Кенесарының бастаған ісін оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берілген батырлар жалғастырды. Ханның қазасы үшін кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бірнеше рет әскери жорық жасады.
Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі осылайша жеңіліс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдің жақсы қаруланған әрі күшті әзірліктен өткен тұрақты әскеріне қарсы тұра алмады. Оның үстіне, Кенесары бірнеше бағытта - патша үкіметіне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Мұның өзі оның негізгі күштерін едәуір шашыратты. Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбірлік болмады.
Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының патша үкіметіне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бірі болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхар, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды.
Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді.
Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Оған патша үкіметі әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарады, ресейлік ғалымдар Кенесарыны «бүлікшіл сұлтан», «Қырғыз (қазақ. - авт.) даласының Митридаты» деп атап, оның іс-әрекеттеріне жағымды баға берді.
Кенесары Қасымұлының өмірі мен қызметі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Қазақтың жүрек жұтқан батыр перзенттерінің бірнеше ұрпағы мен XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшілері одан үлгі алып өсті. Кенесары Қасымұлының Астана қаласында тамаша ескерткіші, оның есімімен аталатын үлкен көше бар.
Кенесары қазақ халқын бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары көтерілісі табысқа жетпесе де, оның ұлы істері халық есінде мәңгі сақталады.