Қарулы күштердің құрылуы.Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жүзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды. Кенесары құралайды көзге ататын мерген- дерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды. Орыс армиясының үлгісі бойынша хан өз әскерлеріне ерекше айырымбелгілерін енгізді.
Хан сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Көтерілісшілерді әскери өнерге үйретумен орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары айналысты.
Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.
Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдаланды. Олар көтеріліс басшысына патша әскерлерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жемшөппен қамтамасыз етті.
Патша үкіметінің жазалау әрекеттері. Отаршылдыққа қарсы күреске қазақтардың үш жүзінің бәрі бірдей белсене қатысуы патша үкіметінің зәресін ұшырды. Сондықтан да ол көтерілісшілерге қарсы неғұрлым батыл әрекеттер ұйымдастыруға көшті.
Ресей императоры Кенесары бастаған көтерілісті басу мәселесін ұдайы ерекше бақылауда ұстады. Ол қазақ ханына қарсы жорық ұйымдастыру жөнінде жарлық шығарды. Ханның басына 3 мың сом мөлшерінде сыйлық жарияланды. Көтерілісшілерге қарсы старшина Лебедев басқарған жазалаушы отряд жіберілді. 1843 жылдың тамыз айында сұлтандар А. Жантөреұлы мен Б. Айшуақұлы бастаған екінші әскер жабдықталды. Онымен бір мезгілде Омбыдан, Петропавлдан, Қарқаралыдан да әскерлер шықты. Патша үкіметінің әскерлері жергілікті жер жағдайын нашар білді. Оның үстіне, дала сарбаздарына қарсы ұрыс жүргізудің ерекше әдісі қажет еді. Мұның бәрі де патша үкіметі жазалаушы әскерінің сілесін қатырды.
Туған өлкенің жер жағдайын жақсы білетін Кенесары жауға қарсы шабуылды одан әрі үдетті. 1844 жылы шілденің 20-сынан 21-іне қараған түні Кенесары хан Тобыл өзенінің жоғарғы ағысында Жантөре сұлтанның әскеріне күйрете соққы берді. Кескілескен шайқаста сұлтанның 44 адамы қаза тапты. Бұл кезде Дуниковскийдің әскери тобы таяу маңда болған еді. Бірақ оның ұрысқа араласып, А. Жантөре сұлтанды құтқарып қалуға батылы жетпеді.
Кенесарының жеңіс жігерлендірген негізгі күштері 1844 жылдың тамызында Екатерина станицасына шабуыл жасады. Бекіністің маңындағы елді мекенді өртеп жіберді, 40 адамды тұтқынға алды, қыруар малды айдап әкетті. Сонымен қатар мылтық, пистолет, қылыш, найза сияқты көптеген қару-жарақ түрлерін олжалады. Арнайы жіберілген жазалаушы отряд Кенесарының ауылына жете алған жоқ. Үкімет басындағыларды абыржушылық пен үрей биледі.